ӘБДЕШ ҚАЛМЫРЗАЕВ

  • 08.11.2012
  • 357 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Қазақ мәдениеті мен рухани әлемі ауыр қазаға душар болды. 73 жасқа қараған шағында белгілі қоғам қайраткері, профессор, философия ғылымдарының докторы, «Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері» Әбдеш Сәрсенұлы Қалмырзаев дүние салды.
Әбдеш Сәрсенұлы 1939 жылы Жамбыл облысы, Сарысу ауданында дүниеге келген. 1961 жылы С.Киров атындағы (қазіргі әл-Фараби) Қазақ мемлекеттік университетінде оқыды. Кейін СОКП Орталық комитеті жанындағы Қоғамдық Ғылымдар академиясында білім алып, 1981 жылы оның аспирантурасын аяқтады.
Еңбек жолын «Социалистік Қазақстанда» (қазіргі «Егемен Қазақстан») әдеби қызметкерден бастады. Алматы Политология және Басқару академиясында ректор болды. Баспасөзде проблемалық мақалалар жазып, саясатта партиялық ұстанымын көрсетті. Ол көптеген монографиялық, ғылыми публицистикалық кітаптардың авторы еді. Атап айтқанда, «Абай шығармашылығындағы эстетика» (1979 ж.), «Ұлт және қоғамдық сана» (1984 ж.), «Біз қазақ ежелден еркіндік аңсаған», «Қазақстандық патриотизм», «Заман және біз», «Ұлттық идея», «Уақыт және адамдар» (2009 ж.), т.б. еңбектері елге белгілі.
Әбекең Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінде нұсқаушы, сектор меңгерушісі, үгіт және насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқарды. Әсіресе, 1969-1978 жылдар аралығында белсенді қызметін жалғастырды.
1985-1991 жылдары Көкшетау облысында обком хатшысы болған Әбекең идеология саласында өзінің біліктілігін көрсетті. Сондай-ақ, кейін бір-екі жыл Алматы Жоғары Партия мектебінде басшылық қызмет атқарды.
1994-2005 жылдар аралығында республикалық «Мысль» журналында басшылық еткен кездерінде басылымда тәуелсіздікке байланысты өте құнды, мазмұнды дүниелер жарияланды. Республикадағы әлеуметтік-экономикалық және саяси мәселелерге қатысты тың ойлар мен жаңашылдық көзқарас бұл басылымда жиі көрінді. 2003 жылы журнал Қазақстан Журналистика Академиясының «Алтын жұлдыз» белгісімен марапатталды. 2005 жылы «Іскерлік репутация» медалін алды. Бұл Қазақстан-Швейцария Бизнес Клубының марапаты еді.
Осы басылымның бас редакторы болған Әбдеш Сәрсенұлы саяси қырағылық пен шығармашылық іскерлікті үйлестіре білген қаламгер ретінде тұлғалық қасиетін көрсетті.
Тәуелсіздікті қалыптастыруға байланысты, қаламгер орыс және қазақ тілдерінде ұлттық рухқа, дін мен тілге, экономикалық саясатқа қатысты проблемалық, сараптамалық мақалаларды жиі жазды. Қоғамдық өзгерістер мен саяси таным-түйсіктер жөнінде аянбай қалам тартты.
«Қазақстан – 2030» Президенттік стратегиялық жоспар аясында саясат пен экономикадағы үрдістер жөнінде Әбекең кеңінен толғанып, көсемсөздің құдіретін сездірген қаламгер еді. Сондықтан, оның қаламгерлік тегеуріні өзгелерге ой салатын.
Қасиетті Құрбан айт қарсанында өмірден өткен «Құрмет белгісі» және «Достық» ордендерінің иегері Әбекеңнің еңбегі ұмытылуға тиіс емес.
Аяулы аға, қарымды қаламгер Әбекеңнің пейіште нұры шалқысын, алды жарық, иманы салауат болсын!

Алдыңғы «
Келесі »