СОПЫ ДАНЫШПАН ТӨБЕСІНЕН ТАБЫЛҒАН ШЫРАҒДАН

  • 27.06.2018
  • 323 рет оқылды
  • Пікір жоқ
Үлкен құмыралар мен қола шырағданның табылу сәті.

Мұхтар ҚОЖА,
тарих ғылымының докторы,
Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық
қазақ-түрік университетінің Археология ғылыми-зерттеу орталығының жетекші ғылыми қызметкері

Отырар ауданындағы киелі орындардың бірі Қоғам елді мекенінен солтүстікке қарай 700 м жерде, Арыстанбаб пен Отырартөбе қалашығы арасындағы тас жолдың бойында орналасқан Сопы Данышпан атты төбешік. Жергілікті тұрғындар төбешікті осылай атайды. Онда көзге көрініп тұрған байырғы ғимарат қалдықтары байқалмайды.
2017 жылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Түркия тарапынан бөлінген қаражатпен «Отырардағы Сопы Данышпан төбесі» атты ғылыми-зерттеу жобасы бойынша археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді.
Сопы Данышпан кім? Сопы Данышпан деген атпен деректердегі Отырарға жіберілген Қожа Ахмет Ясауидің алдыңғы қатарлы шәкірті Суфи Мұхаммед Данишменд Зарнуқи болуы мүмкін. Сафи ад-дин Орын Қойлақының «Насаб-нама» атты шежіресінде: «…Суфи Мухаммад Данышманд Зарнуқи келді. Қожа Ахмад Йасауиның хизматларында 40 йыл хилуат қылды. Анда кедін шайх Ахмад Йасауи Суфи Мухаммад Данышмандга ижазат берді: «Барғыл Отрарда суфра туткил», – деб айтды. Суфи Мухаммад Данышманд Отрарда 40 йыл суфра тутди», – делінген.
Сопы Данышпан Қожа Ахмет Ясауидің айтқандарын жинақтап, қағазға түсіріп, «Көңілдің айнасы» (Мират-ул қулуб) атты рисала қалдырды. Осы еңбектің бір нұсқасы Швецияның Упсала қаласындағы университет кітапханасының ескі жазбалар қорында сақтаулы тұрғанын профессор Досай Кенжетай жазады. «Көңілдің айнасы» 2000 жылы Түркияда қазіргі қазақ тіліне алғаш рет аударылып басылды. Досай Кенжетай өз зерттеуінде Алим Шейхтың Исламабад-Лахорда басылған 1986 жылғы еңбегіндегі мәліметтерге сүйене отырып, Сопы Данышпанның қабірі Отырарда деп жазады.

Отырардағы Сопы  Данышпан төбесінен табылған тиындар. Қытай  тиыны VІІІ ғ. жатады.

Отырардағы Сопы
Данышпан төбесінен табылған тиындар. Қытай
тиыны VІІІ ғ. жатады.

«Ортағасырлық Отырар. Аңыздар, деректер, зерттеулер» атты кітабымызда Отырардан оңтүстікке қарай 3-4 шақырым жерде Сопы Данышпан атты шағын төбешіктің бар екенін, осы орында Сопы Данышпан жерленген деп болжам жасаған болатынбыз. Осымен қатар, шығыстанушылар енгізген еңбектерге сүйене отырып, Сопы Данышпан төбешігі деректердегі Суфиханаға сай келеді деген жорамал айттық. ХІІІ ғ. екінші жартысында өмір сүрген парсы тарихшысы Ала ад-дин Ата Мәлік Жувейни (1225-1283 жж.) «Тарих-и джахангуша» деген еңбегінің монғол әскерінің Отырарды басып алуын баяндаған бөлігінде Отырар қаласының Сопыхана (Суфихана) қақпасын атайды. «Ежелгі Отырар» кітабының авторлары – Кемел Ақышев, Карл Байпақов, Лев Ерзаковичтердің пікірінше, Сопыхана қақпасы Отырардың батыс жағындағы Арыстанбаб кесенесіне қараған қақпа орнына сәйкес келеді. «Насаб-наманың» кейбір үлгілерінде Софы Мұхаммад Данышмандтың Сопыхана ішінде жерленгені айтылады. Яғни, Сопы Данышпан жерленген орын Сопыхана болса, онда қазір Сопы Данышпан әулие деп жүрген орын Сопыхананың орны деп жорамалдауға болады.
Университеттің Археология ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми қызметкерлері бір ай көлемінде төбешіктің солтүстік-батыс бөлігін қазып, аталған бөліктен шамамен ХІІ-ХІІІ ғасырларда тіршілік болғанын анықтады. 1,7 м тереңдіктен ошақтарға, от жаққан бірнеше орындарға тап болды. Қазба барысында табылған керамика әртүрлі үлгіде. Сырлы және сырсыз ыдыс аяқпен қатар, су құбыры бөліктері, күйдірген кірпіштер, мыс теңгелер (олардың ішінде қытайлық ортасы ойық тиын да бар) кезікті.

Үлкен құмыралар мен қола шырағданның табылу сәті.

Үлкен құмыралар мен қола шырағданның табылу сәті.

Бәрінен бұрын, үш заттың байырғы орнында табылуы қызық болды. Екі үлкен, биіктігі 80 см асатын, бүйірлерінің диаметрі 60 см құмыралар бір-біріне жақын жатыр. Олар ауыздары бір бағытта шығысқа қаратылып, құлап жатқан күйде табылды. Осы алып құмыралар ортасында қоладан құйылған, тот басып, көк түске айналған шырағдан орналасқан. Шырағдан да тік тұрмай, батысқа қарай құлаған күйде жатты. Шырағданның жануардың тұяғы іспетті жасалған аяқтары бар төменгі тұғыры және діңгегі – ортаңғы бөлігі бір-бірімен ажырамай жатыр екен. Ал, шырағданның үстіңгі бөлігі – шырақ қоятын тарелкасы үлкен құмыраның ішінен шықты. Ісмер ұстаның қолынан шыққан шырағдан мен үлкен құмыралардың ХІІ ғасыр мен ХІІІ ғасырдың басы аралығына жататынын анықтадық. Мұндай қола шырағдандар бай адамдардың мүлкі болған. Қола ол кезде қазына іспетті болып келген. Тиындар қола мен мыстан жасалған. Осындай қола шырағдандарды теңгеханаға апарған жағдайда ол кездің өлшемімен жүздеген ақша жасап беретін болған.

Отырардағы Сопы  Данышпан төбесінен табылған қола шырағдан.  ХІІ ғасыр.

Отырардағы Сопы
Данышпан төбесінен табылған қола шырағдан.
ХІІ ғасыр.

Аталған бұйымдардың орналасуына қарап, біз байырғы заманда, яғни, ХІІІ ғасырдың басында бұл табылған заттың үшеуі де тегіс жерде тік тұрған деп санаймыз. Бір кездері жер асты дүмпулері салдарынан тік тұрған үлкен құмыралар және жарты метрдей биіктігі бар шырағдан бір-біріне қарсы құлаған деп топшылауға негіз бар. Құлап бара жатып, шырағданның үстіңгі бөлігі құмыра ауызы арқылы оның ішіне еніп кеткен деп жорамалдап отырмыз.
Қоладан құйылған осындай шырағданның күні бүгінге дейін Отырарда және Қазақстан аумағында бүтіндей, барлық элементтерімен тұтас табылмағанын ескерсек, бұл керемет олжа. Үлкен құмыраның бірінде түрлі сызбалар да байқалады. Арасында араб әріптерінің таңбаларын ажыратуға болады. Бұл құмыралар киелі жерге жасалған сыйлықтар болуы да мүмкін. Өкінішке қарай, қазба барысында Сопы Данышпан төбешігіне таяудағы каналдан су асып, екі мәрте су басуы зерттеумізді ойдағыдай жүргізуге кері әсерін тигізді. Аз ғана уақытта жүргізілген зерттеуіміздің барысында өте қызықты археологиялық дүниелер берген Сопы Данышпан төбешігінің қазылмаған бөлігінде қандай құнды жәдігерлер жатыр екен десеңізші? Алдағы уақытта зерттеулеріміз жалғасын тауып жатса, бұл сұрағымызға да жауап табылар деген ойдамыз.

Алдыңғы «
Келесі »