ХАН ДӘУІРІНІҢ СОҢҒЫ БАС ӘСКЕРИ ҚОЛБАСШЫСЫ

  • 27.06.2018
  • 73 рет оқылды
  • 0

Мен – қазақпын, биікпін, байтақ елмін,
Қайта тудым, өмірге қайта келдім.
Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске,
Айта бергім келеді, айта бергім.
(Жұбан Молдағалиев)

Тарихи деректерге сүйенсек, Шұбырт­палы Ағыбай Қасым және оның ұлы Кенесары хандар әскерінің Бас қолбасшысы болған айтулы батыр. Оның есімі көзі тірісінде ұранға айналып, талай қанды шайқаста сарбаздарға рух беріп, Ақжолтай батыр атанған. Ол үшін Қасым, Кенесары, Наурызбай, батыр баһадұрлармен бірге Ағыбай дегенде, жаудың жүрегіне қорқыныш тудыратын тарихи кезеңдерін еске алсақ та аз болмайды.
Ағыбай Қоңырбайұлы 1802 жылы Ұлытау өнірінде Қоңырбай шаңырағында дүние есігін ашқан. Ата тегі Орта жүздің аға баласы Арғын, оның ішіндегі Мейрамсопының ұлы Шұбыртпалы руынан тарайды. Осы орайда, Шұбыртпалы баба туралы бір тарихи деректі айтып өтпей болмайды.
Мейрамсопы баба ержетіп үйленетін болып, қалындығына өзі бармай, қыздың жеңгесі мен кішкентайынан бірге өскен жолдасы Қырқабат деген қыз ауыл жастарымен бірге алып келеді. Той-думан бітіп, жас келіншектің жеңгесі мен Қырқабат ауылына қайтар мезгіл болғанда, «елді жау шауып кетті» деген хабар келіп, олар амалсыздан Мейрамсопының елінде қалып қояды. Келіншектің жеңгесі жүкті екен, уақыты келіп, Қамбар деген бала дүниеге келеді.
Арада айлар, жылдар өтеді. Жан-жаққа ыдырап кеткен төркініне жеңгесі мен досының, енді, қайта алмастарына көзі жеткен Мейрамсопының бәйбішесі, інісі Қамбар жетімдік көрмесін деген оймен, жеңгесін өз күйеуі Мерамсопыға қосылуға көндіреді. Осы некеден Шұбыртпалы өмірге келеді. Арада бірнеше жыл өтеді. Бір күні екі әйел біржақтан келе жатып, әлі де өз ошағын түтпеген Қырқабаттың жайын ойлап, әңгімелесіп, осы елдің бір жібі түзу жігітін тауып, ел қатарына қосуға бел байлап, ауылға жақындағанда, ши ішінен шығып, кетіп бара жатқан Қырқабатты көреді. Осыған байланысты, аңызға бергісіз әңгіме төмендегіше өреді. Оның кіші дәретке отырған жердің қарыстай орылғанын көреді. Мұны көріп, таң қалған екі әйел: «Я, пірім-ай, мына кісі тегін адам емес екен, күндердің күнінде бұл кісіден керемет туар. Қой, басқаға қосқанша, өз қатарымызға алайық», деген шешімге келіп, екеуі үгіттеп, ақыры Қырқабатты көндіріп, Мейрамсопыға қосады. Бұл некеден Болатқожа деген бала дүниеге келеді. Уақыт өте, расында да, Болатқожадан киелі қаздауысты Қазыбек бидің, тарағанын та­рихи шежіреден білеміз. Ал, Мейрамсопы осы үш әйелден алты бала көреді. Бәй­бішеден – Қуандық, Сүйіндік, Бе­ген­дік, Шегендік, жеңгелей алған әйелінен – Шұбыртпалы, Қырқабаттан – Болатқожа. Бұл деректерді 1992 жылы шыққан «Үш пайғамбар» деген кітаптың авторы атақты жазушы Софы Сматайдың еңбегінен де көруге болады. Тағы бір айтып кететін жағдай, Қамбар, Шұбыртпалы, Болатқожаны қазақ даласында үш Қара­кесек деп атап кеткен екен.
Қасиетті Шұбыртпалы бабадан елге танымал белгілі тұлғалар мен батырлар дүниеге көп келген. Соның ішінде, әділ және зор батылдығымен, әскери тәсілдерді терең меңгерген Ақжолтай батыр да бар. Осы орайда, хан әскерінің Бас қолбасшысы Ағыбай Қоңырбайұлына тоқталғанды жөн көріп отырмыз. Ағыбайдың әкесі Қоңырбай батыр болса, қазақ халқының терең тарихи кезендерінде жоңғар, қалмақ, қоқандардың қазақ еліне жасаған басқыншылық шабуылдарына қарсы тұра білген батырларының ірісі және бірі болған атақты Олжабай батырдың ұлы. Өкінішке орай, Қоңырбай батыр өмірден ерте озады. Ал, Қойсана анасы Арғын – Тарақты руыннан шыққан, Абылай ханның туын ұстаушысы, жүректі де білекті Байғозы батырдың қызы. Ол, Ағыбайға екі қабат күнінде, көшіп келе жатқанда алты қарақшы көшіне тиіп, жалғыз Қойсана, олармен тойтарыспен ұрыс қылып, қолындағы бақанмен алтауын кезек-кезек ұрып түсіре берген екен. Жау бір-бірін сүйеп, әйелдің екі қабат екенін көрген соң, «қояйық, бұл әйелдің күші емес, ішіндегі баласы – арыстанның күші ғой», – деп жүріп кетіпті.
Ағыбай батырдың жас кезінде әкесі Қоңырбай батыр қайтыс болады. Оның әке­сінен қалған «Қарабесті» деген атақты атын Шұбыртпалыны басқарып, Қасым­ханға арқа сүйеген, ел жегіш, немерелес туысы Наубай күш көрсетіп, тартып алып, Қасымханға тарту етеді. Осыдан кейін Қойсана: «қой Ағыбай ерегісіп Наубаймен соғысар, ол жас мерт болып кетер, баламның аманында төркініме жетейін», деп ел жаққа, бір түнде жүгін артып көшкен екен. Көшіп келе жатып, бір ауылдың үстінен тап болады. Бұл ауыл Қасым ханның ауылы еді. Ауылға тоқтап, қонған соң, құдыққа суға барса, Наубай тартып әкеткен Қарабесті ат құдық басында шалғында арқандаулы тұр екен. Қойсана ертеңіне хан ордасына барып, есігінен ізет етіп, тізе бүгеді. Қасым шаруасын сұрайды. Сонда, Қойсана: «Баламның жалғыз атын кеше Наубай тартып әкетіп еді, сізге тарту етіп беріп кетіпті, соны сізден сұрай келіп едім» – дейді. Қасымға Наубай атының мақтауын жеткізсе керек. «Атты ерттеп мінгенде, бір кісіге жүгендетіп міндірмейді. Ол үшін мықты екі жігіт керек» десе керек. Осы сөз есінде қалған Қасым әйелдің көңілін аулап «атың ана жерде тұр, атыңды барып жүгендеп ал, ала алмасаң қозғама, солай тұрсын» – дейді. Онысы ат әйелге әл бермейді деген ойы еді. Қасым «өзім көремін» деп үйдің ішінде есікті шалқасынан аштырып, шынтақтап жатып қарап отырыпты. Қойсананың орамалы желмен желп еткенде, асау ат ышқына үркіп, қазығын жұлып кетіпті. Сол кезде Қойсананың қолына қазық тиіп, ол оны тартып тұрып, жіберіп қалғанда, ат шалқасынан түседі де, ол оны жүгендеп алады екен. Асау ат пен әйелдің алысып, әйелдің қайраты асқанын көрген Қасым хан қайран болып: «Мына дүзқарадан туған бала тегін болмас» – деген екен.
Ағыбайдың ең сүйікті қаруы тоғыз буынды, жез сақиналы жуан қайын найза. Атқа мінгенде, құлан терісінен бұзау тіс етіп өрлеген қайыспен қанжығасына байлап алады. Ал, жәй жүргенде, қолына ұстайды. Бұл найзаны Ағыбайдың жақсы көретіні соншалық, ол күндіз қолынан бір түсірмейді, түнде басына жастанып жатады екен. Батырдың денелігі соншалық, биіктігі кішігірім түйедей, атақты тұлпары Ақылағына мінгенде, тізесі атының қолтық тұсын соғып тұратын көрінеді. Ағыбайдың түсі суық, шүнет көздері оттай жанады. Қандай жүректі жан болса да, Ағыбайды алғаш көргенінде алпамсадай ызбарлы түрінен сескенбей қалған емес екен. Ал, әлдеқалай түнде кездескенде, адам ерте­гінің дәуін көргендей, жүрегі жарылып кете жаздайтын болған. Оның есінде батыр түн ұйқысынан шошып оятар бір құбыжық секілді өмірбақи қалады.
Ағыбай атқа жас кезінен бастап мін­ген. Ал, алғашқы рет, 1822 жылдары 18-20 жасында Кенесары сұлтанмен жек­пе-жекке шығып, даңқы қазақ даласына тарай бастаған. Кенесары хан өте батыр­лығымен көзге түсе бастаған Наурызбайды тек Ағыбай батырға сеніп маңызды тапсырмаларға және аса қауіпті жорықтарға жіберетін болған. І. Есенберлин «Көш­пенділер» трилогиясында былай деп жазады: «Қасында ақылшы Ағыбай жоқ Наурызбай, бұл жолы қателесіп еді. «Наурызбай да көзсіз ер екен, бес жүз адаммен бес мың қолға шапты» – деген жұрт таң қалар сөзге ілігу ниеті де жоқ емес еді. Ерлікті мақсат, атақты арман ете бастаған Наурызбайға айқас жеңіл тимейді, жауынан құтылса да, келесі жылға дейін аттанысқа шығуға жарамай, төсек тартып жатып алды…». Соңғы қырғыз соғысында да Наурызбай Ағыбай батырмен бірге болып, қырғыздар Наурызбайдың астындағы атақты Ақауыз атын атып жығып, қамап ұстаймыз деп тұрғанда, Ағыбай батыр өзінің сенімді жігіттерімен көп ерлік көрсетіп, Наурызбайды бұзып-жарып қор­шаудан аман-есен шығарып алған екен.
1822 жылы Қасымханның тоқалы ұл туып, ол Көкшетауда ұлан асыр той жасап, үш жүздің атақты билері, ру басылары, батырлары жиналған көрінеді. Жиналған ел баланың атын Наурыз айында туған соң ырым қылып, атын Наурызбай деп қояды. Осы кезде баяғыда Абылай заманында ерлік көрсеткен қарт батырлар айтқан екен: «Ей, Қасым хан, нәрестең бізді бір қуантса, бір ұлың өзінің батырлық тұлғасымен көзге түсіп отыр. Осы жерде қазір үш жүздің ең мықты, бетке ұстайтын, намыс жібермейтін жас батырлары жиналған екен. Баяғыдағыдай Бурабай көлінің жағасында Абылай алаңында батырлар сайысын өткізіп, Кенесарыны сыннан өткізбейміз бе? Кезінде ұлы бабаң бізге, яғни, бес қарулы ер жігітке он талап қоюшы еді олар «күресте жеңу, аударыспақта басым түсу, садақ тартқанда құралай көзіне тигізу, құрықпен, шоқпармен өнер көрсету, асау атты үйрету, бүркітпен түлкі алу, атжарыста мәреге алғаш жету, қылыштасуда көзге түсу, найзалауда жауын қанбақша ұшыру, найза атуда нысанаға дөп тигізу» – депті. Содан Қасымхан оны құптап, Абылай алаңында Ұлы, Орта және Кіші жүзден саңлақтары іріктеліп, ең жаужүрек, найзагер батырлар топтанады. Бірінші болған атжарыста жиырма жасар Кенесарының аты бірінші келіп, Қасымханның мерейі үстем болады.
Қарт батырлар кеңесінен кейін, әр жүзден бір-бір батыр Кенесарымен сайысқа түсуге шығады. Бірінші күні Кенесары «Абылайлап» Ұлы жүздің батырымен найзаласып жеңіп, Қасымханның қуанышына бөленеді. Екінші күні топты жарып шыққан Кіші жүздің батырымен сайысқа түскенде, Кенесары Абылайдың аруағын шақырып, жеңіске жетеді. Үшінші күні Орта жүз­ден қарт Бө­генбайдың, Қабанбайдың, Олжабайдың, Малайсарының, Шақшақ Жәні­бектің, Қаз дауысты Қазыбектің, батыр Баянның, Байғозы, Жарылғап батырлардың ұр­пақтары шығады!» – дегенді естігеннен кейін, халық есепсіз көп жиналып: «Ой, тоба», – деп күтіседі. Сайыс өтетін уақыт келеді. Кенесары мазаланып, қарама-қарсы беттегі топтанып тұрған батырларға қарай береді. Бірақ, бір себептермен батырлар сайысқа шыға қоймайды. Біраз уақыт өткеннен кейін Кенесары қараса, астында бір шұбар аты бар, аяғы салақтап жерге дейін жеткен, ал, қолында найзаның орнына құрығы бар бір жігіт ортаға шығады. Осыны көрген Кенесары мырс етіп күліп, әкесінің алдына барып: «Әкежан, алдымда тұрған жын ба, пері ме, не дулығасы жоқ, не найзасы жоқ, аты да тым қораш екен, соны батыр деп қалай сайысқа түсем» – деген екен. Сонда, Қасым: «Ей, балам, ердің кебін ішінен таны» деген, не болса да оны жайпап кел» – деп сайысқа жібереді.
Кенесары «Абылай, Абылай» деп ұран салып, қарсыласына ұмтылады. Абылай алаңына жиналған ел «Абылай, Абылай» деп қоштап, шыққан дауыстары Оқ­жетпестің қиясында отырған құстарды дүрліктіреді. Бұл кезде Кенесарының қарсыласы да желіп келе жатады. Қызыққан ел «Ұраны қандай екен» – деп құлағын салуда. Бір кезде ол да «Ақжол, Ақжол» деп ұран салады. Бұл Арғынның ұраны болатын. Батырдың «Ақжол» деп шақырған аруағынан Бурабайдың толқыны шымырлап кетіпті. Қарап отырған Қасымхан бармағын шайнап жіберіп: «Әттеген-ай, Кенесары құлады ғой, құлады ғой» – дей беріпті. Қасында отырған бәйбішесі: «Тәйт, бұл не дегенің» – дегенде Қасымхан: «Кенекем Абылай деп ұран шақырса, анау бейтаныс жігіт біздің Абылай бабамыздың «Ақжол» деген аруағын ұранға қосты ғой» – деген екен. Қасымхан болжағандай бейтаныс батыр жақындағанда, Кенесарыдан құрығын бұрын жұмсап, оны аттан төңкеріп кетеді. Осымен сайыс бітеді.
Қасымхан бейтаныс батырды ша­қырып, жөнін сұраған екен. Сонда, батыр: «Менің атым Ағыбай, Арғын – оның ішіндегі Шұбыртпалы руынан боламын», – дейді. Қасымхан отырып, «Кенесарыға жолдас болатын ер екенсің, не тілеуің бар?» – деп сұрайды. Ағыбай: «Біз алпыс үй шұбыртпалылар ағайынның ала-көздігінен жәбір көріп Арқаны тас­тап Сыр бойын паналап жүрміз» – депті. Сонда, Қасымхан: «Осындай ер туғызған шұбыртпалы руына» деп, қо­ныс әперуге әмір беріпті. Осыдан бас­тап, халық Ағыбайдың батырлығын, ақылын, тапқырлығын, көрегендігін, сапарда, жорықтарда жолы болғыштық және тындырымдылығын жоғары бағалап «Ақжолтай» деп атап кеткен. Ағыбай халық көтерілісінің басынан аяғына дейін қатысқан. Басында Кенесарының ағалары Есенгелді мен Саржанның жорықтарына, елшіліктеріне қатысып, ол өмірдің қатал талқысынан өтіп, пісіп, мол тәжірибе жинаған болатын.
Кенесары ханның әскерінің Бас қол­басшысы Ағыбай батыр болса, сол Шұ­быртпалы руынан Ағыбайдың жақын туысы Ханаби Серкеұлы ханның Бас биі болған. Одан басқа Ағыбайдың туыстары «Шұбыртпалының жеті бөрісі» – деп халық атап кеткен Таңабай, Көлебе, Мендібай, Дулат, Жәуке, Толыбай, Шыңбай. Олар Кене­сарының мыңбасылары ретінде, он жыл орыс отаршыларымен аяусыз соғысқанда қазақтың жері мен бостандығы үшін «Ағыбайлап» кіріскен есіл ерлер болған. Алғашқы уақытта Кенесары әскері «Абылайлап» шабады. Бір күні орыс әскерімен қырғын соғыс болып, бірінші жауға «Абылайлап» кірген төрелер, екінші топ жаумен «Бөгенбайлап», «Қабанбайлап» сабаласқан қазақ әскері шегінуге мәжбүр болады. Осы кезде жаудың ортасында жүрген Ағыбай батыр «А, Құдайлап», оған ерген әскерлері «Ағыбайлап» жауды екі бөліп қуып жеңген екен. Соғыс біткен соң, Кенесары хан: «Осыдан кейін Қазақ хандығының әскері жауға екі ұранмен, бірінші қатары «Абылайлап», екінші легі «Ағыбайлап» шабатын болсын» – деп бұйрық берген көрінеді. Сонымен, Ағыбай батырдың аты, өзі көзі тірісінде қазақ хандығының әскеріне ұран болып қалған.
Атағы аңызға айналған Наурызбай батыр, жас кезінен осы Ағыбай батырдың тәрбиесінде болып, сырлас болған екен. Наурызбай өз сырын тек Ағыбайға ғана айтып, оның ақыл-кеңесіне құлақ асқан. Кенесары хан Наурызбайды тек Ағыбай батырға сеніп, жорықтарға бірге аттандырған. Наурызбай қанша өте батырлығымен, қатыгездігімен аты шықса да, Ағыбайды атымен атамай «Ағке» деп кеткен. Сол Наурызбай бір күні: «Ағке, Кіші жүздің Алшын елінде жігіт сынайтын қария бар дейді, мені соған апарып сынат» – дейді. Бұл Абыз деген көп жасаған дана адам екен. Ағыбай мен Нау­рызбай барса, Абыз қария мамық төсекте жатқан көрінеді. Бұлар сәлемдескен соң бүркеніп жатып қалады. Жағын торғынмен таңып қойыпты. Өйтпесе, иегі төмен түсіп кетіп, сөйлей алмайды екен. Бұлар қонып шығады, ертеңінде түске дейін, одан соң, бесінге дейін қария тұрмайды. Ағыбай батыр: «Науанжан, бұл кісі сені сынамайтын болды, қайтайық» – дейді. Бірақ, Наурызбай: «Жоқ, бұл кісі ажалың ертең кешке десе де, сынатпай кетпеймін» – деп, отырып алады. Бұл сөзді естіп жатқан қария басын көтеріп: «Жол болсын, балалар» – дейді. Сонда, Ағыбай тұрып: «Қария, мына бала Қасымның кенжесі Кене ханның інісі Наурызбай деген, сізге көрінемін деп келіп еді, балаға не айтасыз? Ал, мен Ағыбай деген баламын, шаруа осы» – дейді. Сол кезде Абыз: «Я, Ағыбайым, сенің атың ұран болып артыңда қалады, өз ұраныңды өзің естірсің. Бағыңның табы желкеңде екен. Ал, Наурызбай, менің жасым 120-ға келіп отыр, осы жастың ішінде сенен артық ер көрмедім. Үш нәрсенің сырттаны бар: иттің, қасқырдың, жігіттің. Сен жігіттің сырттаны екенсің. Бірақ, адам баласына мейірімің жоқ екен, бағың маңдайыңда ғана екен, ғұмырың қысқа 20-25-тен аспассың, дүниеден арманда қалма!» – дейді. Осы сөзден кейін, Наурызбайдың көңілі түсіп қайтады. Ауылға келген соң, Кенесары «Я, Ағыбай, Абыз Науанжан қалай деді» – деп сұрайды. Сонда Ағыбай батыр: «Науанжанға жігіттің сырттаны екенсің, осы жасымда сенен артық жігіт көрмедім» – деді деп, басқасын айтпайды. Мұны тыңдап отырған Кенесары «Ағыбай, Абыз білмейді дейсің бе, бірақ, айтпаған ғой, атам Абылайдың түсі есіңде ме!» – дейді. Онысы, бірде Абылай түс көріпті: астында жалын құйрық жирен аты бар, келе жатса, бір жолбарыс қашады, жолбарыс­ты соғып, ішін жарғанда, көкжал қасқыр қашады, қасқырдың ішін жарғанда қызыл алтайы түлкі қашады, түлкінің ішін жарған екен – бақа-шаян аяғынан басына дейін қаптап кетеді. Осыдан соң «Менің артым көптің бірі болып кетеді ғой» – деген екен. Осы түсті есіне алған Кенесары: «Менің Сыздығымнан кейін солай боламыз ғой» – дейді.
«Мен бір түс көрдім – деп Кенесары сөзін жалғайды. Түсімде: «Ағыбай сен екеуміз арқаласайық» қайсымыздың бағымыз жеңер екен, деймін. Әуелі кім арқалайды десем. «Сіз ел ағасы хансыз, Сіз арқалаңыз» дейсің. Мен сені арқаламай алдыңнан көтерем, кезек маған келгенде, мені сен қаптағы тезекше иіріп, арқаңа салып алдың, мен үш жүзге хан болсам да, сенің бағың артында қалады. Сен де батыр адамсың, алдымен сені көтеруіміз, біздің маңдайымызда, артымызда қалатын бақ жоқ. Өзімізбен бірге кетеді, болмаса сені мен де арқама салып алмас па едім» – деген екен.
Кенесарының айтқаны келіп, Ағыбай өз құлағымен естіп, өз көзімен көрді. Бір жорықта он мыңдай әскермен келе жатқанда, бір боз торғай әскерді айналып ұшып жүреді. Мұны көрген Кенесары хан: «Тоқтаңдар, дәулет құсы деген болушы еді, біреумізге қонайын деп жүрген шығар» – дейді. Сонда, торғай ұшып-ұшып келіп, Ағыбай батырдың басына қонады. Кенесары: «Хан болса маған қонбай ма, төре болса Наурызбай саған қонбай ма, Ағыбайға келіп қонды ғой» – деп батасын беріпті.
Ақжолтай Ағыбай батыр өлерінің алдында, туысы Жұман молламен биік жотаның басында отырса, бір кішкентай бозторғай шырылдап ұшып келіп батырдың басына қоныпты, торғайдың төбесінде шошайған екі тал айдары бар екен дейді. Осы кезде, Ағыбай батыр, Кенесарының сөзін есіне алып, «енді, міне, бозторғай тағы басыма қонып отыр, орда бұзатын уақытым өтті, бәлкім дүниеден қош айтысатын уақыт таяп қалған шығар, мына жерде бесін намазымды оқымай, үйге барып оқиын, Аманжолға және басқа да туған-туыстарға хабар беріңдер» деген екен. Айтқандай Ағыбай батыр көп ұзамай қайтыс болады.
Ағыбай батырдың үш баласының аты-жөні: Аманжол, Аманбай және Сопы. Аманжол әкесіне тартып батыр, Аманбай дәулетті бай болады. Ал, Сопы «Әкемнің бір арманы Меккеге қажылыққа бару еді, бірақ, патша өкіметі рұқсат етпей, бара алмады. Мен сол кісінің арманын орындап Меккеге барам» – деп жиналып, кетерінде, «Мен Меккеден қайтпаймын» деп елімен қош айтысып кетіпті. Айтқанындай Меккеге қажылыққа барғанда, қайтыс болыпты.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.