ҰЛТ БОЛАШАҒЫН ОЙЛАҒАН ҚАЙРАТКЕР-ҒАЛЫМ

  • 27.06.2018
  • 212 рет оқылды
  • Пікір жоқ

(Академик  Көпжасар  Нәрібаев  80  жаста)

Есімі елімізге кеңінен танымал көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, жоғары мектептің білікті ұйымдастырушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, экономика ғылымының докторы, профессор, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі Көпжасар Нәрібайұлы Нәрібаев 80 жасқа толып отыр.
«Ғылым таппай мақтанба, орын таппай баптанба, құмарланып шаттанба, ойнап босқа күлуге» деп ұлы Абай айтқандай, кемеңгер ақын өсиетін жастайынан көкейіне түйіп, оқу-білім, ғылымға ұмтылған Көпжасар Нәрібайұлы есейе келе өмірден өз орнын тауып, бүкіл саналы ғұмырын білім-ғылым саласына, жоғары мектеп пен мемлекет ісіне арнаған, сөйтіп қайраткерлік дәрежеге көтерілген бірегей тұлға. Оның өмірі мен атқарған ісі жас буынға да, тіпті, өзінен кейінгі қатарласа қызмет етіп келе жатқан біздерге де үлкен үлгі-өнеге.
Өмірбаянына зер салсақ, Көпжасар ағамыз Жамбыл облысының Жамбыл ауданына қарасты Бектөбе ауылында қарапайым отбасы Нәрібай атамыз бен Бүбікүл апамыздың құтты шаңырағында 1938 жылдың 3 маусымында дүниеге келіпті. Ол кісінің балалық шағы Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарына тұспа-тұс келді. Ол кезде ауылдың жағдайы ауыр. Ер-азаматтарын қан майданға аттандырып, көздерін жас, көңілдерін сағыныш меңдеген асыл аналар күн-түн демей еңбек етті. Майданға азық-түлік жөнелте жүріп, балаларын да өсіріп тәрбиеледі. Осы қиын-қыстау алапат соғыс жылдарының қатал көріністерін, ел басына түскен ауыртпалықтарды Көбекең де көріп, көкейіне түйіп өсті. Сол жылдарда өздері аш құрсақ болып жүріп, Украина, Белоруссия, Кавказ, Ресейден көшірілген отбасыларға бір тілім нанын бөліп берген өз халқының қайырымды да жомарт болмысына ол жастайынан-ақ қанық болды.
Туған халқының қанымен біткен адамгершілік қасиеті оның жүрегіне жылылықтың, адалдық пен азаматтықтың, кішілік пен кісіліктің сәулесін құйды. Ана сүтімен сүйегіне сіңген қайырымдылық пен мейірімділік, сабырлылық пен сергектік оның ғұмыр бойғы кісілік танымына, табиғи болмыс-бітіміне, адами игі қасиетіне айналды. Оның мектептегі жылдары – соғыстан соңғы тұралаған шаруашылықты қалпына келтіру науқаны қызу жүргізіліп, қоғамдық тәртіптің күшейген жылдарына сәйкес келді. Ол 1952 жылы Жамбыл облысы, Жамбыл ауданының Қызыл шарық ауылындағы жетіжылдық мектепті, одан соң, 1955 жылы Жамбыл қаласындағы (қазіргі Тараз) №38 орта мектепті тәмамдады.
Қалдығыз әжесінің «Көпжасар» деп азан шақырып атын қойғызғаны да «көп жасасын», «өмірі ұзақ болсын» деген игі ниеттен туған болса керек. Алайда, бала кезінен ата-ана, туған-туыс, бүкіл ауыл-аймақ оны тууы туралы құжатпен атамай «Көбей» деп атап кетті. Бастауыш, жетіжылдық, онжылдық мектептерді де «Көбей» болып бітірді. Тек, осы, Алматыға оқуға түскен соң ғана құжат бойынша атала бастаған. Тіпті, ат жалын тартып, қызметке араласа бастағаннан кейін ғана бастапқы есімі орныға бастады десе де болғандай. Тараз өңірінің өзі құралпылас азаматтары, жақын-жуықтары әлі күнге дейін Көбей деп атайтынын бертін келе білгеніміз бар. Содан, 1955 жылы 17 жасында жас талапкер Көбекең сол кезде С.М.Кировтың атымен аталатын Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түседі. (Осыдан дәл 36 жыл өткен соң, өзі оқыған университетке ректор болып келіп, оған әл-Фараби бабамыздың атын алып беретіні, ұжымның атақ-абыройын асқақтатып, әлемге әйгілі ететіні ол уақытта оның ойына да келмеген шығар.) Бұл Сталиндік қатал талаптың тарап, елдің ішкі қоғамдық-саяси өміріне жылы сәуле түсіп, адамның жеке басына аз да болса азаттық орнаған жылымық кезең еді. Мұнда алыс ауылдан келген ұяң жастың ұғымы ұлғайып, бірте-бірте рухани болмысы байып, ой-өрісі, таным-түйсігі, пайым-түсінігі тереңдей түседі. Ол кездерде университетте аттары бүкіл Кеңестер Одағына әйгілі С.Б.Бәйішев, И.М.Бровер, С.А.Нейштадт сияқты ірі экономист ғалымдар дәріс беретін. Сонымен қатар, кезінде ел экономикасының ірі-ірі салаларын басқарған Т.Ш.Шәукенбаев, М.Е.Бутин, Т.Т.Төлебаев, М.М.Розманов сияқты профессорлар және т.б. көрнекті қайраткерлер қызмет істейтін. Болашақ экономистердің нағыз жанашыры Ф.А.Жеребятьев, факультет деканы Ш.Г.Надиров, сол кездегі жас мұғалімдер, кейін еліміздің ірі ғалымдары болған Я.А.Әубәкіров пен Д.К.Қабдиевтің дәрістері мен ақыл-өсиеттерін тыңдап өсті. Сөйтіп ол 1960 жылы экономика факультетін ойдағыдай бітіріп шықты.
Үздік оқу, ғылыми-зерттеу жұмысына бейімділік, қоғамдық өмірге белсене араласу университет түлегінің болашақ бағдарын белгілегендей еді. Ол ҚазМУ-ды бітірісімен университеттің халық шаруашылығын жоспарлау және есептеу кафедрасының ұсынысымен Мәскеу қаржы институтының аспирантурасына түседі. Осылайша, К.Нәрібаевтың жас ғалым, қоғам қайраткері ретіндегі қалыптасу кезеңі осы «жылымық» жылдарда қоғамдық өмір қайнаған КСРО астанасында өтті. Одақтағы ең жетекші оқу орнының аспирантурасында оқу болашақ ғалымға бай мағлұмат беріп, пайдасын тигізді. Бұл институтта аттары әлемге әйгілі ғылым тарландары жұмыс істейтін. Экономика теориясы бойынша аспиранттарға арнаулы лекциялар курсын атақты М.С.Атлас, А.Л.Рэуель, А.Ф.Яковлев сияқты профессорлар оқыды. Есеп пен экономикалық талдау пәндері бойынша осы саланың ірі мамандары А.С.Маргулис, С.К.Татур, А.А.Додоновтармен араласып, олардан оқып-үйренудің сәті түсті. Ал, кандидаттық диссертациясының та­қырыбы бойынша есептеу жұмыстарын механикаландыру және автоматтандыру мәселелерін ғылыми тұрғыдан зерттеу ісінде белгілі мамандар В.И.Исаков, В.С.Рожанов, С.И.Волков, М.А.Королев сияқ­ты профессорлардың көп көмегі тиді.
К.Нәрібаев бір институттың аума­ғында қалып қоймай, Мәскеудегі басқа да белгілі оқу орындарында, атап айтқанда, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде, Г.В.Плеханов атындағы халық шаруашылығы институтында, С.Орд­жоникидзе атындағы экономика-инженерлік институтында, Мәскеу экономикалық-статистикалық институтында қызмет істейтін әріптестерімен тығыз ғылыми байланыста болды. Сол ұжымдарда өтетін ғылыми конференция, семинар, симпозиумдарға белсенді түрде қатынасып, өз ой-пікірлерін баяндап отырды. Мұның жас аспиранттың ғалым болып қалыптасуына, ғылым әлемінде кеңірек танылуына ерекше әсері болды. Ол аспирантураны ойдағыдай аяқтап, 1964 жылдың басында «Механизациялау жағдайында есептеудің қазіргі формаларын дамыту» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шықты да, алғашқы ұстаздық қызметін Қазақ мемлекеттік университетінен енші алып, бөлініп шыққан Алматы халық шаруашылығы иститутында бастады. Онда аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, факультет деканы, ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор қызметтерін атқарды.
Өмір жолының жаңа парақтарын бастаған Көбекең өзінің барлық саналы ғұмырында жоғары білім беру жүйесін жетілдіру ісімен айналысып, министрдің орынбасары, министр деңгейіне дейін көтерілді. Оған қоса шет елдердің озық тәжірибесін терең зерттеп, біздің өмірімізге енгізді. Сондықтан да, ғалымның еліміздегі білім беру ісінің болашақ даму бағыттары мен ғылыми негіздерін қалыптастыруға байланысты айтары аз емес деп ойлаймыз. «Білімсіз бен білімдінің арасы жер мен көктей. Ал, білімді болудың мақсаты мансап емес, қоғам мен халқыңа қызмет ету», – дейді ол. Рас сөз. Көпжасар Нәрібайұлы өзінің барлық ақыл-ойын, күш-қайратын, іс-тәжірибесін, бүкіл ғұмырын осы ұстанымға бағындырған жан.
Институтта қызмет істеген кездерінде Көпжасар Нәрібаев өзін оқу жүйесі мен ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұтымды ұйымдастырушы, жоғары дәрежелі ұстаз-тәрбиеші ретінде таныта білді. Өндірістегі тәжірибе мен теорияны тиімді ұштастырып, ғылыми дәрежесі мен ұстаздық шеберлігін үнемі дамытып отырды. Жоғары деңгейде сапалы сабақ өткізетін ғалымның дәрістері мен семинарлық сабақтары студенттерді қызықтырып қана қоймай, олардың оқу-білімге, ғылымға деген ынта-ықыласын арттыра түсті. Ол басқарудың автоматтандырылған жүйелері, бухгалтерлік есеп және есепті механикаландыру курстары бойынша оқулық пен әдістемелік оқу құралдарын жазды. Өндірістегі есептеу мен қадағалауға, басқару мәселелеріне байланысты терең танымды зерттеулер жүргізіп, көптеген ғылыми еңбектерін жарыққа шығарды.
Алғаш бухгалтерлік есеп және басқару ісі бойынша ана тілімізде ғылыми еңбек жазған ғалымдардың бірі де осы Көбекең болды. Оның еңбектерінде есептеу теориясы, есептеу мен басқаруды механикаландыру және автоматтандырудың ұстанымдары, бақылау мен тексерудің негіздері және басқа да көптеген экономикалық мәселелерді ұйымдастыру жағдайы тұңғыш рет қазақ тілінде сөйледі. Ол ана тілімізде 8 кітап, 3 кітапша және 70-тен аса мақалалар жариялады. Сонымен бірге, Көпжасар Нәрібайұлы қоғамдық-саяси өмірге де белсене араласты. 1975 жылы Алматы қаласының Калинин аудандық «Білім» қоғамының төрағасы, аудандық кеңестің депутаты болып сайланды.
Осы жерде ғалым өміріндегі мына тарихты айтпай кетуге болмайды. …1973 жыл болатын. Көбекең Америкаға тағылымдамадан өтуге аттану үшін ауылда қатты ауырып жатқан әкесінің алдынан өтіп, ақылдасады. Нәрібай ата қарсы болмай, қайта керісінше қолдап-қуаттап рұқсат етеді. «…Қолыңды жай балам, саған бата берейін», – дейді де:
Жортқанда, балам жолың болсын,
Сапарың мынау оң болсын.
Бір Алла өзі жебесін,
Әруақтар демесін.
Ғайып ерен, қырық Шілтен,
Тигізіп жүрсін себесін.
Жат жерменен танысқын,
Жақсылармен жарысқын,
Аман-есен оралып,
Отбасымен табысқын. Әумин!»,­– деп баласына сәт-сапар тілейді.
Әкесінің ақ тілегін арқалаған Көбекең содан мұхиттың арғы жағына аттанып кетіп, келесі 1974 жылдың маусым айында елге оралады. Сонда Америка Құрама Штаттарынан мол тәжірибе жинақтайды. Ондағы белгілі ғылыми орталықтар мен Принстон, Флорида, Нью-Йорк уни­вер­си­теттерінде болып, бухгалтерлік есептеу мен басқару қызметтерін авто­мат­тандыру мен ұйымдастыруды жетілдіру саласындағы американдықтардың тәжі­рибесімен терең танысады. Сонымен қатар, осы ғылыми іссапары кезінде көптеген америкалық университеттерде Қазақстанның эконо­микасы, білімі мен ғылымы жөнінде дәрістер оқып, елімізді шетелдіктерге кеңінен таныстырады. АҚШ-тың біраз ғылыми басылымдарында еліміздегі білім беру мен кадрлар дайындау мәселелері туралы ағылшын тілінде мақалалар жариялайды. Елге оралысымен Көбекең есептеу мен басқару жүйесіндегі және мамандар дайындау, білім беру салаларындағы шет елдердің озық тәжірибесін кеңінен насихаттауға кіріседі. Осы жетістіктері мен ғалым-ұстаздың басқа да қабілет-қарымын ескере отырып, басшылық 1976 жылы К.Нәрібаевты Қазақ КСР-ның Жоғары және арнаулы орта білім министрінің орынбасары қызметіне шақырады. Бұл жауапты қызметте тың серпін, үлкен қажыр-қайрат, күшті ерік-жігер қажет екені белгілі еді. Осы ретте ағамыз өзін байсалды басшы, талантты ұйымдастырушы ретінде көрсете білді.
Білім жүйесімен жақсы таныс бол­ған­­дықтан, Көпжасар Нәрібайұлы жаңа қызметті тез игеріп алып кетті. Ол қара­мағындағы жоғары және арнаулы орта білім беретін оқу орындарымен жете танысып, олардың хал-жағдайын қатаң бақылап отырды. Әсіресе, министрдің жаңа орынбасары ретінде өз құзырындағы ғылыми-педагогикалық кадрлар даярлау ісіне өте үлкен жауапкершілікпен қарады. Өйткені, ол тұста жаңадан ашылып жатқан институттарда ғылым докторлары мен ғылым кандидаттары тапшы болатын. Осы кемістіктерді жоюға жаңа басшы белсене кірісті. Ең алдымен, Одақтық министрлікке дәлелдей отырып, Қазақстан Үкіметінің шешімін шығартып, аспирантура мен докторантураға талапкерлер қабылдау жоспарын едәуір ұлғайтуға қол жеткізді. Сонымен қатар, Мәскеу, Ленинград, Киев, Новосібір, Томск қалаларының атақты университеттеріне аспиранттар мен докторанттарды көптеп жібере бастады.
Қазақстан Жоғары мектебі мен шет елдердің әйгілі университеттерінің арақа­тынасын, ынтымақтастық байланысын дамытты. Бұл ретте республикамызда шет елдерге мамандар жіберетін арнайы комиссия құрылып, оның төрағасы болып өзі бекітілді. Аталған комиссия Қазақстан және бүкіл Орталық Азия елдерінің жоғары оқу орындарының мамандарын шет елдерге ғылыми іссапарға, тағылымдамаларға, тағы басқа біліктілікті көтеру бағытындағы шараларға жіберумен белсенді түрде айналысты.
Министрлікте қандай мәселемен айна­лысса да, Көбекең оны тыңғылықты түрде аяғына жеткізуге тырысты. Ол өзінің әкім­шілік-басшылық қызметін үнемі ғылыми жұмыспен тығыз байланыстырып отырды да, 1980 жылы Мәскеу қаржы институтының мамандандырылған ғылыми кеңесінде «Есеп жұмысын есептеу техникасын қолдану арқылы ұйымдастыруды жетілдіру (КСРО мен АҚШ тәжірибесі)» деген тақырыпта докторлық диссертациясын қорғады.
1981 жылы 6 ақпанда КСРО-ның Жоғары аттестациялық комиссиясы оған экономика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін, 1982 жылдың 10 желтоқсанында профессор ғылыми атағын берді. Ал, 1983 жылы республикамыздың Жоғары және арнаулы орта білім министрі болып тағайындалды. Мұнда профессор К.Н.Нәрібаевтың министр ретінде тамаша ұйымдастырушылық талантының жаңа қырлары ашылды. Ол Қазақстанның білім беру жүйесін кеңейтіп, ғылыми әлеуетін дамыту жолында елеулі еңбек жасады. Бұл жылдар республика жоғары және арнаулы орта оқу орындарын материалдық-техникалық тұрғыда жаңаша жабдықтау, білім беру сапасы мен мазмұнын жақсарту, жоғары және арнаулы білім саласындағы мамандар даярлау мен бұл жұмыстарды түбегейлі түрде жаңа сатыға, жаңа белеске көтеру ісінің кең қанат жайған тұсы болатын. Сол жылдардағы қалыптасқан жоғары оқу орындарының материалдық базаларын нығайту мен өркендетудің, ғылыми ізденістерді жетілдірудің басты бағыттарының бірі – тұтынушылармен, яғни, ірі өндірістік аймақтармен, іргелі өнеркәсіп салаларымен, үлкен өндіріс орындарымен тығыз іскерлік қарым-қатынас орнату еді. Көпжасар Нәрібайұлының басшылық қызметтегі білгірлігі мен көрегендігі, міне, осы бағыттағы үздіксіз ізденістері мен іскерлік қасиеттерінен байқалды. Бұл жұмыстағы жасалып жатқан игілікті істерді үнемі қадағалап, басқару тетігін қолдан шығармай, осы мәселеге қатысты жайттарға жоғары оқу орындары ректорлары күнделікті мұқият көңіл бөліп отыруын министр маңызды міндет етіп қоя білді. Тынымсыз еңбек, үлкен ақыл-ой, биік парасаттылық, өмірлік бай тәжірибе-тәлім, адамдармен іскерлік қарым-қатынас, өзінің атқарар міндетіне деген адалдықтың арқасында Көбекең республикадағы абыройлы, беделді басшылардың бірі болғанын бәріміз білеміз. Айталық, ЮНЕСКО-ның 1985 жылы өткізілген халықаралық симпозиумында сөйлеу үшін Мәскеуде барлық одақтас республикалар ішінен таңдау Көпжасар Нәрібайұлына түскені әлі жадымызда.
1986 жылы қаңтар айында Мәскеуде, Кремльде жоғары білім жүйесін жетілдіру жөнінде СОКП Орталық Комитеті Саяси бюросы мүшелерінің қатысуымен өткен жиында да бүкіл республикалар атынан сөз сөйлеу мәртебесі біздің министр К.Нәрібаевқа бұйырды. Көбекең сондағы өзінің өрелі ой-пікірлерімен, тың ұсыныстарымен тыңдаушыларды да, Одақтық басшыларды да дән риза етті. Министріміздің Одақтағы биік абыройы елімізге көп пайдасын тигізді. Нәтижеде біраз өзекті мәселелердің орынды және өз уақытында шешілуіне мүмкіндік туды. Айталық, республикаға ауадай қажет болған зәру мамандықтар мен жаңа оқу орындарын ашуға Көбекеңнің өзі тікелей жетекшілік жасап, Алматы мемлекеттік театр және көркемөнер институты, Рудный индустриалды институты, Қостанай ауылшаруашылығы институты, Семей ет және сүт өнімдері технологиялық институты секілді ондаған жоғары және арнаулы орта оқу орындары, техникумдар мен училищелер жаңадан ашылған еді. К.Нәрібаев Қазақстан жоғары білім жүйесінің теориялық және әдіснамалық мәселелерінің зерделі зерт­теушісі де. Бұл салада оның 160-тан аса ғылыми жұмыстары жарық көрген. Ғалым­ның докторлық диссертациясының бірсыпыра бөлігі елімізде экономика мамандарын дайындауды жақсарту, олардың оқу жоспарларын жетілдіру мәселелеріне арналған. Осы аталған жайттар бойынша ғалымның негізгі ұсыныстары кезінде КСРО Жоғары және арнаулы орта білім министрлігінен қолдау тауып, барлық экономикалық жоғары оқу орындарына пайдалануға ұсынылды.
Көбекең жайлы әңгіме қозғағанда, 1986 жылғы әйгілі Желтоқсан көтерілісін айтпай кетуге болмайды. Ол оқиға халқымыздың басына түскен ауыртпалық, үлкен нәубет болғанын бүкіл әлем біледі. К.Н.Нәрібаев «ұлтшыл» деп айыпталып, министр қызметінен босатылды. Негізгі тағылған айып – министр қызметін асыра пайдаланып, жоғары оқу орындарында қазақ жастарын шектен тыс көбірек оқытып, басқа ұлттардың өкілдеріне, әсіресе, орыс халқының мүддесіне орасан зор зиян келтірді дегенге сайды. Ал, шын мәнінде, Қазақстан жоғары мектебінде ешқандай ұлтшылдықтың иісі де, ұшығы да жоқ болатын. Бұл ешқандай ақылға сыймайтын әңгіме еді. Алайда, оны министр К.Н.Нәрібаев дәлелдеп те берді. Жалпы, студенттер арасында қазақ жастарының үлесін халықтың барлық санымен емес, оқу жасындағы жастар санымен салыстыру қажеттігін, бұл статистика ғылымының ашық та айқын заңдылығы екенін К.Н.Нәрібаев нақтылап, бұлтартпас дәлелдермен орын-орнына қойып берді. Сонда да, оған құлақ аспаған жоғарыдағылар министр ағамызға «өз еркімен кетуге» өтініш жазғызды. Сол кезде, ұлт болашағын ойлаған азаматын қадірлемеген өзіміздің арамыздағы жандайшаптарды да көріп, өз ішіміздегі алаауыздықтың куәсі болдық. Дегенмен, уақыт деген Ұлы Таразы бүгінгі күнде бар нәрсені өз орнына қойды. Осы ретте біз ағамыздың тұла бойынан кешегі ұлтын сүйгендігі үшін «ұлтшыл» деген жаламен бастарын бәйгеге тіккен алып тұлғалар Ахмет Байтұрсыновтың, Міржақып Дулатовтың, Мағжан Жұмабаев пен Жүсіпбек Аймауытовтардың өршіл де өрелі, тұңғиық та терең тылсым жан дүниесін көргендей боламыз. «Ел – бүгіншіл, менікі – ертеңгі үшін» деп, Ахаң (Байтұрсынов) айтқандай, кешегі «шаш ал десе, бас алатын» жағымпаз желөкпе басшысымақтар өткен күнге қызмет етсе, ал, ағамыз болашақ үшін – бүгінгі егемен еліміздің келешегі үшін өлшеусіз қызмет еткен біртуар үлкен тұлға екенін өмір дәлелдеді. Сондықтан да, ел басына сын сағаты туған сәтте бүкіл ұлтына түскен нәубетке қаймықпай қарсы тұра білген азаматқа болашақ ұрпақтың айтар алғысы шексіз деп ойлаймыз. Бұндай азаматқа артық мақтаудан гөрі, бас иіп, құрмет көрсеткен абзал.
Министрлік қызметінен босағаннан кейін, К.Нәрібаев 1987-1990 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының Экономика институтында алғаш жетекші ғылыми қызметкер, кейінірек Халық шаруашылығын басқару мәселелері бөлімінің меңгерушісі болып еңбек етті. Ал, 1990 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің жанындағы Экономикалық реформа жөніндегі мемлекеттік комиссия төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында ҚазМУ-ге лайықты басшы таңдау міндеті тұрды. Ректорлық қызметке тәжірибелі ұстаз, ұйымдастырушылық қабілеті мол, жоғары білімнің жағдайын жетік білетін, ғылым әлемінде өз биігі мен беделі бар, үлкен парасаттың, жоғары мәдениеттің адамы қажет болды. Бұл талапқа қай қырынан алғанда да сай келетін Көпжасар Нәрібайұлына университетті басқарудың үлкен жауапкершілігі жүктелді. Университет ішінде басқару мен ұйымдастырудың айрықша әдістерін, тосын шешімдерді талап ететін мәселелерді ерекше назарға алған Көбекең ректор ретінде өз қызметінің түбегейлі мұратын, ағымдағы мақсаттары мен әдіс-тәсілдерін жаңа арналарға бағыттап, дұрыс жолға қойды. Соның нәтижесінде басты мақсат ойдағыдай орындалды: барды ұқсатып, бұрыннан жалғасып келе жатқан озық дәстүрлер мен ірі табыстарды байытып қана қоймай, студенттер мен қызметкерлердің, оқытушылардың мазмұнды да мағыналы шығармашылық еңбегін жандандыратын, басқару және ұйымдастыру тетіктерін жаңартуға жол ашатын баянды да салиқалы өмір салты орнықты.
Ректор Нәрібаев білім жүйесі қоғам деңгейінің айнадағыдай көрінісі екенін, әлеуметтік өзгерістер кезінде университеттік білім жүйесін түбірінен қайта құру қажет екенін жете түсінді. Реформа жасау қажеттігін, қазақ қоғамындағы өзгеріп жатқан әлеуметтік-экономикалық жағдай мен жаңа талаптарға білім беру ісін сәйкестендіруді ойластырды. Сөйтіп, университетте білім реформасын қарқынды, жүйелі, сатылы түрде жүргізу міндеті қойылды. Университеттік білім реформасының түбірлі кезеңдерін ректор үштаған түрінде белгіледі: мәселен, тыныстау-өзгерту-өркендету идеялары білім жүйесіндегі қуатты қозғаушы күшке айналатынын ол кезде ешкім де болжай алмаған еді. Бірақ, Көпжасар Нәрібайұлы ректор ретінде де, білім саласындағы ірі маман ретінде де Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық құрылымындағы өзгерістер білім беру жүйесіне қойылатын міндеттердің түбегейлі жаңаруына алып келетініне, ал, оны бәрібір қабылдауға тура келетініне университет ұжымын ұйыта білді.
К.Нәрібаевтың табандылығы мен талап етуінің арқасында 1991 жылы қазан айында Қазақстан Үкіметінің арнайы қаулысымен университетке шығыстың әйгілі ғұламасы, «Әлемнің екінші ұстазы» атанған энциклопедист-ғалым әл-Фарабидің аты берілді. Бұл үлкен абырой және сонымен қатар, шексіз ауыр жауапкершілік болатын. 1993 жылы 9 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қаулысымен әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне автономиялық мәртебе берілуі университеттік білімді реформалауға қуатты серпін берді. Өз алдына дербес оқу орны болу құқығы мен мәртебесін университет басшылығы нарықтық экономика мен халықаралық интеграция жағдайындағы нақты мүмкіндіктер мен қажеттіліктерді ескере отырып, оны университеттік білімнің ең тиімді үлгі-моделін қалыптастыру мақсатына дұрыс жұмсай білді және бұл қадам соңынан өзін-өзі ақтап шықты.
ҚазМУ-дың тек өзіне ғана тән арнайы мүддесі, өз парызы, өзінің ерекше міндеті мен қызметі бар екенін есепке ала отырып, университеттің ғылыми кеңесі «Университеттік білімді дамыту тұжырымдамасын» бекітті. Онда өзара ішкі тығыз байланыстағы тұғырлы міндеттер белгіленді. Сол тұстағы еш талас тудырмайтын жетістіктің бірі – университеттік білімі бар маман даярлаудағы басымдықтардың елеулі өзгеріске ұшырауы еді. Дәлірек айтқанда, мұнда университеттің интеллектуалдық қызметі мүлде жаңа белеске көтерілді. Жаңашыл ректор оқу ісінің мазмұны мен маңыздылығына, қазіргі технология мен басқарудың автоматтандырылған жүйесі саласындағы жаңалықтарды өз іс-тәжірибесінде кеңінен қолданып, өндіріске енгізуге үлкен мән берді. Жоғары білім берудің сыннан өткен әлемдік стандарттары бұл ретте басты бағдарға айналды. Ректор мен бүкіл ұжымның реформаторлық іс-қимылы нәтижесінде университеттің оқу және ғылыми-зерттеу құрылымдары өзара тығыз байланыстағы, табиғи біртұтас бірлікте қызмет атқаратын тұтас кешенге айналды. Бұрын бас-басына жеке отау тігіп, бір-бірінен алшақ жеке-дара қызмет атқарып келген зертханалар 8 ғылыми-зерттеу институтына және 9 ғылыми орталық құрамына шоғырланды. Ғылым мен білімнің ұштасуы осылайша, К.Нәрібайұлының ректорлық қызметіндегі басымдықтардың біріне айналды. Уақыт талабына сәйкес жаңа мамандықтар ашылды, мұның өзі университетте бұрыннан келе жатқан кейбір кафедраларды қайта құруға, жаңа кафедралардың ашылуына алып келді. Университет мемлекет қажеттілігі мен сұранысына тікелей бет бұрды. Сөйтіп, халықаралық қатынас, менеджмент, маркетинг, мемлекеттік реттеу және экономикалық басқару, іскерліктегі ақпараттық жүйе, экология, туризм, ме­ди­­циналық биология және басқа жаңа салаларда білікті мамандар даярлау ісі екі сатылы жүйе – бакалавриат пен магистратура бойынша жүргізілетін болды. Университет ректорының бастамасымен және қолдауымен ҚазМУ әлемнің көптеген елдерінің оқу орындарымен ғылыми және іскерлік қарым-қатынастарын кеңейтіп, нығайтуға қол жеткізді. Қазақ ұлттық университеті – Халықаралық университеттер ассоциациясы (МАУ) мен Еуразия университеттері ассоциациясының (ЕАУ) мүшелігіне қабылданған Қазақстандағы тұңғыш және бірден-бір жоғары оқу орны болды. 1995 жылдың маусым айында ҚазМУ Орталық Азия және Еуропа университеттерінің халықаралық байланыс жүйесін жасауды ұсынушы және құрылтайшысы болып бастама көтеріп, оны Рим қаласында өткен конференцияда іске асырды.
Көпжасар Нәрібайұлының кезінде университеттің халықаралық қатынастар қызметі де жан-жақты дами бастады. Көптеген халықаралық білім және ғылыми орталықтармен біріккен жұмыс басталды, шетелдерде кадр даярлау мәселелерінің өрісі кеңейді. Әлемнің әйгілі университеттеріне студенттер мен мұғалімдер көптеп жіберіле бастады және олармен бірігіп маңызды тақырыптарда ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді, ғылыми конференциялар, семинарлар мен симпозиумдар өткізілді. Мұнда 30 университетпен келісім-шарт жасалып, тұрақты байланыстар орнады. Түркияның Анкара университеті, Иранның Тегеран, Қытайдың Ланьчжоу және Жень-минь университеттері, Египеттің аль-Миния университеті, Кореяның Кенгги және Чоннам университеттері біздің студенттерді бір жылға тегін қабылдап, оқытып беріп отырды.
ҚазМУ-дың факультеттері мен кафедра­лары шетелдердің 45 елшілігімен, ғылыми және мәдени орталықтарымен тұрақты байланыс орнатып, олармен бірге көптеген іс-шаралар атқарды. Елшілер мен елшіліктердің қызметкерлері университет студенттерімен және мұғалімдермен кездесуді жақсы дәстүрге айналдырды. Айталық, халық­аралық қатынастар факультетінде «Елшілер сағаты» деген дәстүр қалыптасып, көптеген елдердің өкілетті елшілері дәрістер өткізіп, баяндамалар жасап тұрды. Бұдан да басқа көптеген шаралар халықаралық деңгейде өткізіліп, университеттің де және оның басшысының да абырой-атағы әлемдік деңгейде көріне бастады. Солайша, ҚазМУ халықаралық білім кеңістігіндегі беделді білім ордасына айналды, ал, оның ректоры «Халықаралық жыл адамы» атанды.
ҚазМУ-де ректорлық қызмет еткен кезеңдері Көпжасар Нәрібайұлының өмір жолындағы ең бір жемісті жылдары, айрықша аталатын кезеңдер еді. Ол жөнінде бірде әл-Фараби университетінде өткен жиында баяндама жасаған университеттің қазіргі ректоры, академик Ғ.Мұтанов ол жылдарды қыруар жаңалықтардың, соны серпілістердің «алтын кезеңі» деп жоғары бағалады. Мұны жиынға жиналған жұрт, сөйлеушілер шынайы ризашылықпен, үлкен алғыспен қабылдады.
Қазақта «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» деген ұлағатты сөздің барлығы мәлім. Сол себептен, ағамыздың күнде айтыла бермейтін қандай қырына тоқталсақ та, артықтық етпес. Құрметті ғалым-ұстаздың оқу-білім мен ғылымдағы, педагогикалық-ұйымдастырушылық қызметтегі ерен еңбектерін, оның жақсы нәтижелерін таңды-таңға асырып баяндауға, құлаш-құлаш мақала, зерттеу еңбектер жазуға болатындай. Ол жалпы жұртқа жақсы таныс. Бізде «Қамшының сабындай қысқа ғұмырда» адами игі қасиеттер – адалдық, адамгершілік, кісілік, кішілік, қарапайымдылық пен қайырымдылық сынды сапалық белгілердің орны ерекше екені белгілі. Сондықтан, жақсы қызмет, жоғары амал, үлкен жұмыс, биік мәнсап – бәрі өткінші; бүгін – бар, ертең – жоқ дүниелер. Ал бізге керегі, кейінгі ұрпаққа өнеге боларлық – адамгершілік, қайырымдылық, адами қасиет, кісілік келбет, имани бітім-болмыс. Ол адамның өзімен бірге мәңгі жүретін асыл белгілер. Осыны ойлай отырып, аталған асыл қасиеттер мен одан ғалым ағамыздың алатын орны жайына тоқталсақ. Өйткені, қызмет бабындағы атқарылған шаруалардың баршасы Көбекеңнің көпшілік байқап, көріп, куәсі болып жүрген елге белгілі қырлары. Ал, біздің айтайын дегеніміз – ол кісінің адами келбеті. Сондықтан, енді қалың жұрт біле бермейтін, осы күнге дейін құпия болып келген қыры, елден жасырып жүрген сыры жөніне ауысалық. Мұны біз бертін келе байқадық. Көпшілігіміз сондай халде болдық деп ойлаймын.
Ол не құпия сыр еді? Бұл қандай жасырын жайт болатын? Жалпы, ғалым ағамыздың екінші әлемі – рухани дүниесі бай екені сырттай сезілетін. Алайда, Көбекеңнің жарты ғасырдан астам (60 жылға тарта) уақыттағы оңашадағы сырлары – ол қағазға түскен жырлары екенін, басқаны қайдам, бірге қызметте жүрген біздің өзіміздің білгенімізге де көп уақыт бола қойған жоқ. Сөйтсек, К.Нәрібайұлының ақындық өнермен де байланысы бар екен. Мұны да 2013 жылы Көбей Нарбайұлы деген атпен, «Жасырын жатқан жырларым» деп аталатын өлеңдер жинағы «Ұлағат» баспасынан шыққанда ғана аңғардық. Тарихы сонау 1956 жылдардан – автордың жастық шағынан бастау алатын жыр жинағын оқи отырып, өзіміздің де жастық шағымыз, бала күндеріміз еске түскендей болды.
Автор оқырманға арнауында:
Әрине, маржан емес мұның бәрі,
Болса да жүрегіме менің дәрі.
Керегін, оқырманым, өзің таңда,
Болса егер сөздің мәні, ойдың нәрі, – дейді. Өте орынды орам, парасатты пайым, байыпты байлам. Әрине, бәріміз де жас болдық, сол жастық шақтың қызық кезеңдері өмірі естен кетпестей. Бүгінде ол заман, өткен дәурен туралы айтылар ой, ақтарылар сыр әрқайсымызда жетерлік.
Жинақтағы жырлар оқырманына ой саларлық, қиялына қанат бітірерлік өскелең өршіл, өрісті, өміршең өлеңдер. Онда табиғат көріністері, көктем суреттері, адамның сыршыл сезімдері, ұнату, ғашықтық, махаббат, сүйіспеншілік, құрбы-құрдас, жора-жолдас, достық қарым-қатынас мәселесі, дағыстандық авар халқының көрнекті ақын қызы Фазу Әлиева өлеңдерінің аудармалары секілді шығармалар көрініс тапқан.
Сексеннің сеңгіріне шыққан ғұлама ғалым ағамыздың кей өлең жолдарына қарап отырып, езуімізге еріксіз күлкі, жүрегімізге жылу ұялайды. Жастықтың жалын тартып мінген қайран жастық шақтағы махаббат, қызығы мол жылдарға еріксіз елітесің. Әрі қарай, қадірлі оқырман, өздеріңіздің патша көңілдеріңіздің назарына ұсынып, жұмбақ жылдардағы жасырын жатқан жырларды, тылсым сырларды оқып шығуға кеңес берер едік. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» демекші, ағамыздың ақжарма ақындық сырларына, өміршең жырларына қанығып, ол жырлардан автордың өзін танимыз. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, ол кісінің адами тұлғасын, рухани бітім-болмысын байқаймыз. Сол арқылы жақсы әсер, лайықты ләззат аламыз. Өйткені, бұлар – жүрек сырлары, өмірге деген іңкәрлік, жақсылыққа деген құштарлық жырлары.
Жалпы, Көбекеңнің сөз өнеріне, әдебиет пен мәдениетке жақындығын, ол қасиеттің тегін еместігін баяғыда КазГУ-ге ректорлыққа тағайындалғанда, 1991 жылы 4 сәуірде байқағанбыз. Онда ағамыз жаңа тағайындалған ректор ретінде Білім министрлігінің алқа мәжілісінде сөз сөйледі. Сонда бұл кісіні алғаш көруім. Қайраткер ағамыз қазақ тілінде де, орысша да ағып тұрды. Шашасына шаң жұқтырмайтын нағыз тарпаң жорғаның өзі екен. Өте шешен сөйледі. Ойын тереңнен толғады. Сөзі сабырлы да салмақты, байыпты да байсалды. Біраз өзекті, әрі тосын мәселелерді біліп айтты, кей жерінде төтелеп кеп тіліп айтты. Тыңдаушысына үлкен ой салып, мәжілісте отырғандардың барлығының жанын жадыратып, көңілдерін қанаттандырды. Экономист емес, дәп бір тіл-әдебиет маманы секілді өз ана тілінде де, қайын жұртының тілінде де (орыс тілінде) ойын дәлелмен аса сауатты, өте әдемі жеткізді. Бұл да бізге ­– өзінен кейінгілерге үлгі ететін өнеге боларлық әдиса. Кейіннен 1992 жылы Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов өзінің 70 жылдық мерейтойын ҚазМУ-де дүркіретіп атап өтіп, сол мәжілісте жасаған ректор К.Нәрібаевтың терең мазмұнды баяндамасына байланысты: «Қазақтың үлкенді-кішілі зиялылары тегіс ана тілін, ана тілінің әдебиетін мамандығы экономист Көпжасар бауырымдай білсе, ұлтымыздың мұртын балта шаппас еді-ау!», – деп таңғалғаны әлі есімізде. Сонда, біз ардақты азаматтың әдебиетке жақындығының сыры, қасиетті сөз өнерінің парқы мен нарқын жете меңгергендігінің түп-төркіні – әуелі, ең алдымен, сонау Жамбылдағы шағын ауыл Бектөбедегі Қалдығыз әже мен Нәрібай ата, Бүбігүл апаның отбасындағы тәлім-тәрбие, тілек-батасының тағылымы, екіншіден – одан кейінгі қаладағы №38 орта мектептегі сынып жетекшісі болған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, көрнекті фольклорист-ғалым, шешендік өнердің атақты зерттеушісі Балтабай Адамбаев берген білім-білік, үлгі-өнегесі және үшіншіден ­– оның сыныптас-парталас достары, қазақтың айтулы ақындары Жарылқасын Аманов, Әбдірахман Асылбеков, институттағы курстас, қанаттас-қабаттас келе жатқан құрбы-құрдастары, белгілі ақын Нәзікен Алпамысқызы, әйгілі экономист-ғалымдар, академиктер Кенжеғали Сағадиев, Сағындық Сатыбалдин сынды есімдері елге кеңінен танымал тұлғалардың игі ықпалы, әдепті әсері жатқанын аңғарғандай болдық. Көпжасар ағамыз 2008 жылдан бері Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті ректорының Кеңесшісі қызметін абыроймен атқарып жүр. Ол өзінің көп жылдар бойы жинаған бай тәжірибесін және бойындағы бар күш-қуатын жастарды тәрбиелеуге, оларға заман талабына сай білім-тәрбие беруге жұмсап келеді. Студенттер мен магистранттарға дәріс берумен қатар, жас мұғалімдерге, кафедра, факультет, университет жетекшілеріне ақыл-кеңес, ойын айтып, өз білгенін ортаға салып, өнеге танытуда. Академик К.Нәрібаевтың тікелей қатысуымен «Ұлттық тәрбие» пәнінің оқу бағдарламасы жасалып, бірнеше оқу құралдары жазылып, басылып шықты. Атап айтқанда, «Отбасындағы ұрпақ тәрбиесі», «Салауатты өмір салтын қалыптастыру», «Ұлттық тәрбиенің патриоттық мазмұны» және басқа да оқулықтар мен оқу құралдары осы күнге дейін студенттердің қолынан түспейтін кітаптар.
Сонымен бірге, академик К.Нәрібаевтың тікелей ұсынысымен 2010 жылы уни­вер­ситетте «Тұлғатану» орталығы құрылды. Бұл орталық ұлттық тәрбиені іске асырудың ең тиімді түрі ретінде ойдағыдай қызмет атқарып келеді. Соның нәтижесінде студент-жастар халқымыздың көптеген ірі тұлғаларымен танысты. Мұнда шәкірттер қазақтың көрнекті ғалымдары, ақын-жазушылары, атақты билері мен батырлары, талантты өнер қайраткерлері туралы дәрістер тыңдап, қызықты мәліметтермен қанықты. Сөйтіп, жастарымыз ұлтымыздың ірі тұлғаларға бай, тарихы терең, мәдениеті жоғары халық екенін танып, сол тұлғалардың өмірі, ұлтын сүюі, елі үшін жасаған ерліктері өздеріне үлгі болатынына көздерін жеткізді. Сонымен қатар, ол айтулы тарихи тұлғалар, көрнекті қайраткерлер, ғұлама ұстаздар туралы «Тұлғаларға тағзым» («Ұлағат» баспасы, 2012 жыл, 26,5 баспа табақ) атты іргелі еңбек жазып шығарды. Бұл кітап тұлғатану саласына академик К.Нәрібаевтың қосқан елеулі үлесі деп айтуға толық негіз бар.
Академик К.Нәрібаевтың соңғы жыл­дары атқарып жүрген қоғамдық істері де атап өтуге тұрарлық. Соның бірі – ҚР Ұлт­тық Ғылым академиясының Қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бөлімшесі төрағасының орынбасары қызметінде ғалым-ұстаз Ұлттық академияның, оның аталған бөлімшесінің өркендеп дамуына, нығаюына барынша үлесін қосып келеді. Ғылыми зерттеу жұмыстарын жандандыру және үйлестіру мақсатында Бөлімше әлеуметтік саладағы өзекті мәселелерді анықтап, «Қоғамдық және гуманитарлық ғылымдардың басым бағыттары» атты ғылыми бағдарлама жасалды. Бұл бағдарлама барлық ғылыми зерттеу институттарына және қоғамдық пәндер кафедраларына таратылды. Ол қоғамдық ғылымдардың барлық салалары бойынша 500-ге жуық өзекті тақырыптарды қамтыды. Ендігі жерде Бөлімше ғалымдары осы бағдарламаның ойдағыдай орындалуын қолға алып отыр. Академик К.Нәрібаев «ҚР ҰҒА Хабарлары. Известия НАН РК. Қоғамдық ғылымдар сериясы» журналы Бас редакторының орынбасары.
Академик К.Нәрібаев 2015 жылдан бастап «Бауыржан Момышұлы мұрасы» атты Қоғамдық Қордың Президенті қызметін атқарып келеді. Қордың негізгі мақсаты – халқымыздың қаһарман ұлы, даңқты қолбасшы, көрнекті жазушы, Кеңес Одағының Батыры, аты аңызға айналған соғыс ардагері Б.Момышұлының бай рухани мұрасын және алып тұлғасын жан-жақты зерттеп, жастар арасында кеңінен дәріптеу. Батырдың жүз жылдық мерейтойына арнап «Аты аңызға айналған» атты көлемді естеліктер жинағын, 105 жылдығына арнап «Өнегелі өмір» сериясы бойынша «Бауыржан Момышұлы» кітабын құрастырып, «Қазақ университеті» баспасынан шығарды.
Бауыржан Момышұлының өмірі мен шығармашылығына арналған конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер, кездесулер, Бауыржантану оқуларын өткізуді дәстүрге айналдырды. Баукеңнің көпшілік біле бермейтін қырлары мен сырларын ашатын, сонымен қатар, баланың әкесін құрметтеу эталоны саналатын Бақытжан Момышұлының «Сыновья великого волка» атты кітабын бастырып шығарып, кітапханаларға таратып берді. Облыстар мен аудандардан, қалалар мен ауылдардан бар мәліметтерді жинап, «Батырдың аты берілген нысандар» деген жинақ кітап шығарды. Мұнда Б.Момышұлының атымен аталатын ауылдар, мектептер, көшелер, кітапханалар, спорт кешендері, мүсіні қойылған мекемелер, ескерткіші орнатылған мекен-жайлар толық көрсетілген. Қысқасы, қандай қызметте болсын, К.Н.Нәрібаев білікті басшы, талантты жетекші, тәжірибелі ұстаз, дарынды ғалым, қарымды қайраткер, үлкен тұлға ретінде елге ежелден танылған. Бұл кісі өзіне және айналасындағыларға қоятын талабы жоғары, қарамағындағыларға жанашырлықпен, түсіністікпен қарайтын, ұйымдастырушылық қабілеті ерекше, бойына қамқорлық, адалдық, әділдік сияқты тамаша адамгершілік қасиеттерді молынан жинақтаған абзал азамат.
Көпжасар Нәрібайұлы «Парасат», «Құрмет белгісі» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін», «Астана», «Еңбегі сіңген зиялы» медальдарымен (Моңғолия) марапатталған. «Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері», Кембридж халықаралық орталығының «Халықаралық жыл адамы – 2000 ж.» (Ұлыбритания) құрметті атақтарын алған. Көбей ағамыз Құдай бұйыртса, әлі алдағы уақытта да талай-талай абыройлы атақтарға ие болады деген үміттеміз.
К.Нәрібайұлы үлкен әулеттің бас­шысы, орнықты отбасының иесі. Бауыр­ларының асқар таудай ақылшы ағасы, қамқор жанашыры. Құдай қосқан қосағы – Валентина Павелқызы Нәрібаева жеңгеміз ағамыздың өмірлік сенімді се­рігі, кемел де кеңпейілді көмекшісі. Ұлы Марат – экономика ғылымының докторы, профессор, Халықаралық университеттің ұлағатты ұстазы. Үлкен қызы Эльвира – модельер-дизайнер, техника ғылымдарының кандидаты, доцент. Кіші қызы – Надежда – заң ғылымының кандидаты. Олардан көрген жеті немеренің үлкені – Елжан ер жетіп, қызметке араласып жүр. Халық арасында: «80 жас – аға жас, дана жас, 90 жас – ата жас, 100 жас – баба жас», деген қанатты сөз бар. Ендеше, қадірменді Көпжасар Нәрі­байұлына, аға жас – дана жасыңыз құтты болсын, деніңіз сау, отбасыңыз аман болып, баба жасыңызға жетіңіз, ұрпақтарыңыз бен шәкірттеріңіздің қызығын, жемісін көре беріңіз деген ақжарма тілек айтамыз.

Бақтияр СМАНОВ,
ҚР Ұлттық Ғылым академиясының
академигі, Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі

Алдыңғы «
Келесі »