С. Әшімбаев шығармашылығындағы «азаматтық формула»

  • 27.06.2018
  • 53 рет оқылды
  • 0

Оразбек НҰСҚАБАЕВ,
социология ғылымдарының докторы,
профессор

Ұлттың ұлттық санасының түлеп, жаңғыруына айтарлықтай үлес қосты

Ұлттық сана ұлтты ұлттық мүддесін бағалата алатын ұлттық намысын қамшылатып, өзі тәріздес өзге, бірақ өркениеттіліктің жоғары деңгейде өмірленіп келе жатқан ұлттармен иық тірестіруге талаптандыратын энергиялық күш-қуатты жалындата тасыттыратын күш, жаратушының өзі ұлттың әрбір тұлғасының кеудесіне қондырып берген, Елбасы айтқандай, «ұлттық код» болып есептеледі. Ұлттық сана белгілі бір ұлттың өмір­лік ортасының өнегелік, сондай-ақ, тәрбиелік пәрменінің ықпалымен қалыптасып отыратын феномен. Оның қалыптасуына ықпал ететін болмыстық және идеялық қайнарлардың қатарында ұлттық қарекет үлгілері, бірегейлік, тарихи жады, дәстүр, әдет-ғұрып, жөн-жоралғы, өткеннен қалған терең дүниетанымдық және философиялық ой-сана жемістері, шығармашылық /ауызша және жазбаша/ мұра, шешендік өнер үлгілері, мәдениет жетістіктері, т.с.с. аталады.
Жоғарыда аталған құндылықтардың ұлттық сананы қалыптастырудағы орны мен рөлін таразылаған ұлт зиялыларының алдыңғы қатарында әдебиет сыншысы С.Әшімбаев та орынды аталады. Өйткені, бұл сыншы пікірінің өтімділігі шығарманың жетістігі мен кемшілігін атамалап, мазмұнын эстетикалық-көркемдік талап тұрғысынан таразылауымен ғана бағаланбайды. Сонымен қатар, шығарманың өмірлік шындықты суреттеудегі, тұрмыстық тіршілік иірімдерін, ұлттық болмысты, мінез-құлықты, мәдениетті, іскерлік машықты, прагматистік көзқарасты, бәсекеге қабілеттілікті, идеялық және құндылықтық бағыт-бағдарлық ұста­нымдарды оқырманның санасына сіңдіре білетін ұтқырлығын бағымдай білуімен де ерекшеленеді. Осынысымен С.Әшімбаев өзінің әдеби сыни жазбаларында, жалпы, әдебиеттің, сондай-ақ, белгілі бір көркем шығарманың құрылыс бітімін, мазмұны мен түрін, тіл ерекшеліктерін ашып көрсетуде, ғылыми топшылаулар жасауда ой бейнелігі мен сезімталдық танытып, жазушының өмір шындығын танып-білу, сезіну қабілетін, бейнелеу шебер­лігін, өзіндік суреткерлік тұлға бітімін танытатын даралық өзгешелігін, жазу мәнерін, өзіндік қайталанбас қолтаңбасын бағамдауда терең философиялық мәні бар ойлар түйіндеді. Кез-келген көркемшығармадан өмір шындығын, болмыс мәнін, сұлулықтың эстетикалық астарын, шындық елесін іздеді. Философиялық категориялық ұғым-түсініктерді, ой түйіндеу амалдарын кеңінен пайдалана отырып, әдеби сынды жаңа қырынан танытты. Дей тұрғанмен, С.Әшімбаевтың көзі тірісінде оның философиялық-әлеуметтанулық сарындағы ой толғауларының әдеби сынды нәрлендіре түскендігін әріптестері барлай алмады. Олардың қайсы біреулері С.Әшімбаевтың сыни мақалаларында шығарманың көркемдік мәнін талдаулардан гөрі, философиялық-әлеуметтанулық ой толғауларға және түйіндеулерге баса назар аударылатындығын сынап мақалалар жазды. Ал, бұл шақ С.Әшімбаевтың дүниетанымы толысып, терең әлеуметтанулық мәні бар «азаматтық формуласы» терминін өзінің әдеби сыни жазбаларында кеңінен қолдана бастаған кезі болатын.
С.Әшімбаевтың түсіндіруінше «азамат­тық формуласы» концепциясы өз мазмұнына әлеуметтік тұлға ретінде адамға тән бар­лық жағымды қадір-қасиеттер мен бел­сенді іс-әрекеттерді, жеке-жеке атамалап айтқанда, объективті жағдайларды түрлендіруге, сондай-ақ, өз тұлғасының қалыптасуына ықпал ететін сапалық қасиеттерді, қабілеттілігін арттыратын күш-қайратты /білімділік, дағды, ісмерлік, іскерлік, машықтық, прагматизм, ұмтылыс, мақсат-мұрат, т.с.с./ жинақтаған. Сондықтан, оны әдебиеттануда әлеуметтік өмірді, адамдардың жағымды қадір-қасиеттері мен қаракеттік іс-әрекеттерін және әлеуметтік белсенділіктерін түсіндірудің жаңа парадигмасы ретінде танып, үлгілеуге әбден болады. Өйткені, «азаматтық формуласы» үлгілік нұсқа ретінде тек қоғамдық өмірді философиялық-әлеуметтанулық тұрғыда түсіндірудің ғана емес, әдебиеттануда да шығармашылық суреттеменің әлеуметтік болмысты, адамдарға тән қаракетшілік іс-әрекеттер мен өмірлік белсенділіктерді бейнелеуді дұрыс түсіндіріп, ұғындырудың да тұғырлық ұстыны бола алады. Осыны ұғынған С.Әшімбаев кейінгі сыни мақалаларында осы тұғырнамалық парадигманы ұлттық дүниетаным үлгілерімен байланыстыра саралауларға ден қойды. Мұны С.Әшімбаевтың Абай шығармаларын талдаған мақалаларын оқығанда байқауға болады.
С.Әшімбаевтың әдеби сыни еңбек­терінде жалпы қазақ әдебиетіндегі, соның ішінде, ең алдымен, поэзиялық жанрдағы философиялық ой оралымдарын талдауларға, өлең-жыр мазмұндарындағы идеялық ұста­ным­дарды бағалауларға айырықша назар аударылған. Оның болмыстық, өмірлік көріністері, тіршілік иірімдері, тағдыр тауқыметі жайын толғаған кез-келген өлең-жырға, әсіресе, Абайдың поэ­зиясына байланысты айтқан кесек-кесек пайымды пікірлері мен ой түйіндеулері салмақтығымен ерекшеленеді. Өлең-жырлардағы сыршылдық астарлардың заман ағысымен, күйбең тіршілік иірімдерімен, адам тағдырымен мазмұндық жағынан жымдаса, қиюласа сабақтасып жатқандығы әсерлі термеленіп, сезімді қытықтатады. Асқақ ойларға жетелетеді. Сыншы тарапынан айтылған тұщымды тұжырымдар, негізделген ойлар оның ақын жанын терең түсінетіндігін, ақынның дүниетанымдық сезім иірімдеріне терең бойлай алатындығын сезінтеді. Өлең – жырға өзек болған өмір, дүние, адам тағдыры туралы сюжеттердегі тартыс, қақтығыс, іс-әрекет, ой желістері, көзқарастық қайшылықтар, талас сыншы байқампаздығына азық болып, заман шындығы, әлеуметтік қайшылықтарды тудыратын себеп-салдарлы жағдаяттар айшықтала көріністенеді. Әсіресе, сыншы еңбектерінде А.Құнанбаевтың, Қ.Мыр­залиевтің, М.Мақатаевтың, Ө.Нұр­ғалиевтің, М.Шахановтың өлеңде­ріндегі ұлттың келешегіне, бүгінгісіне және болашағына ой жүгіртілген, өздері өмір сүрген кезеңдердегі тіршілік ағымдарынан өмір шындығын іздеген, ұлттық дәстүрлер мен құндылықтарды қастерлеуге шақырған философиялық ой-толғауларға толы шумақтардың жіліктетіле талдануы мен түсіндірілуі оларды оқырманға оқып түсінуге, жеке басының игілігіне айналдыруға талаптандыра түседі. Сондықтан да болар, С.Әшімбаевтың жоғарыда аттары аталған ақындар өлеңдеріне жасаған талдамалары әдебиеттану ғылымында көркемдік-эстетикалық және идеялық-тағылымдық деңгейі жоғары сыни еңбектер ретінде бағаланады.
Жалпы, кеңестік кеңістіктегі әдебиет сынында ұзақ уақыттарға дейін кез-келген шығармашылық туындының мазмұны сараланып, талданғанда, негізінен оның жетістігі мен кемшілігін, көркемдік-эстетикалық тұрқын анықтауларға, идеялық бағыт-бағдарын, моральдық-этикалық астарын барлауларға баса назар аударылды. Осыдан барып, шығармашылық туындының мазмұнында көріністенетін философиялық сарындағы толғауларға, тыныс-тіршілікті сипаттаған әлеуметтанулық ұғым-түсінік­тердің мән-мағыналарын зерделеулерге анау айтқандай құлықтылық танытыла қоймады.
Тек өткен ғасырдың 70-ші жылдары кеңестік кеңістікке жаңадан туындай бастаған жылымықтың ықпалымен советтік өмір көріністерін социологиялық әдістемелерді, категориялық ұғым-түсініктерді пайдалана отырып, зерделеулерге ден қойыла бастады. Осы дүрмектің алғашқы легінде қазақстандық әдебиет сыншысы С.Әшімбаев та көрінді. Ол өзінің «Биік мұрат тұрғысынан» атты сын мақаласында әріптестерін белгілі бір шығарма туралы пікір білдіргенде, әдебиет таныту ғылымында бұрыннан қалыптасып, сіресе қатып қалған догматикалық қасаң және жалаң түйіндеулерден арылуға шақырды. Себебі, көркем шындық өмірлік шындықты бейнелейді. Демек, сыншы белгілі бір шығарманы саралағанда, оның құрылым-бітімі, мазмұны мен түрі, тіл ерекшеліктері, көркемдік деңгейі туралы ғана пікір білдіріп қоя салмауы тиіс. Сонымен бірге, ол шығарма мазмұнының қоғамдық, ұлттық мақсат-мұратпен ұштасып жатқан астарлы мәніне де ой жүгірте білуі керек. Ол үшін сыншының өз саралауында кешенді ойлау амалдары жүйеленген философия, социология, мәдениеттану сияқты ғылымдардың процедуралық аппаратын, категориялық ұғым-түсініктерін пайдалана білгендігі орынды. Сонда ғана шығарманың тартымдылығы жан-жақты көріністеніп, көркемдік шындықтың нақты өмір шындығын бейнелегендігі білінеді. Суреттемелері айшықтала көріністенеді. Көркемдігі бағаланады. Осылай ой қозғай келіп, С.Әшімбаев жазушыларды тақырыптық сюжеттерді қисындыра мазмұндап, өмірлік шындықты, іс-әрекеттік, қарым-қатынастық, мінез-құлықтық көрініс­терді жан сезімін қытықтата нәрлен­діруге шақырды. Кейіпкерлердің іс-әрекеттерін жанды етіп суреттеумен қатар, олардың тұлғалық келбетін аша түсетін ішкі толғаулық монологтарын барынша жандыра түсуге итермеледі. Осылай еткенде ғана, деді ол, кейіпкердің ішкі итермелік сезімі мен әрекеті үйлесіп, белгілі бір ортаға тән әлеуметтік және моральдық-адамгершілік қатынастардың жиынтық көрінісі ретінде өзінен басқалардың бойынан байқалмайтын әлеуметтік-психологиялық бітім-болмысы, көр­кемдік типі көріністенеді.
Шынында да, қандай да белгілі бір іс-әрекеттің жемістілігі, мейлі, ол жазушылық өнер, немесе басқалай бір іс-әрекет болмасын, сыншыл көзқарас тұрғысынан қаралып, бағаланбайынша, нәтижелі болмақ емес. Жалпы, кез-келген біткен істің нәтижесін басқа бір сондай істің нәтижесімен салыстыра отырып, бағаламайынша, жаңаға итермелеушілік ой табу қиын. Ой құдіретінің де, сыншыл ақиқатты көзқарастың да күші, құдіреті, міне, осында. Істеген ісінің нәтижесін сыншыл ақиқатты көзқарас тұрғысынан бағалай білмейінше рухани тұрғыдан даму да, толысу да жоқ. Ой топтастығы, тоқырау, рухани құлдырау осы жерден басталады. Сын және өзара сында, пікір таласында, ой әрқилылығында ғана қоғамдық ой дамиды, әлеуметтік өзгерістерге жөн сілтейді, бағыт көрсетеді.
Қоғамдық oй-сана, пікірдің аса жүйелі жинақталған бір көрінісі – әдебиет. Әдебиет туралы сөз, қалай дегенмен де, уақыт туралы сөз. Әдебиет қоғамдық oй-сананы танытушы ғана емес, белгілі бір деңгейде қалыптастырушы да. Әдебиеттің кез-келген адамның бойында адамгершілік қадір-қасиеттердің қалыптасуына тигізетін ықпалы да мол.
Әр уақыттың өзіндік толғақты проблемалары, әр қоғамның үлкенді-кішілі өзіндік кеселдері болады. Бұл проблемалар әдебиетте де көрініс табады. Көркем әдебиеттің адамтанушылық, өміртанушылық міндетінен әдеби сынның қоғамтанушылық, қоғамдық дамуды зерделеу міндеті туындайды. Көркем сын кезеңдік те, мәңгілік те проблемаларды көркем шығарманың мазмұнын талдай отырып, айта алады. Демек, сынның шығармаға қояр талабы жоғары болған сайын, әдебиетке де, халыққа да тигізер пайдасы зор. Сондықтан да, сыншы тек көркем шығарма, сындағы образ, кейіпкер, формалық ізденістер төңірегіндегі пайымдаулармен шектеліп қала алмайды. «…Нағыз сыншы көркемдік көкжиегінен көз алмайтын эстет қана емес, сонымен бірге, ол қоғамдық ой мен сананың дамуына мұрындық болып келе жатқан биік ой иесі, адамгершілік қасиеттердің рухани бастионы…» «Мұндай туынды иесінің өзіндік азаматтық позициясы бар. Ол оның шығармашылық тұлғасынан, жазушылық шеберлігінен, жазу мәнерінен, өзіндік қолтаңбасынан көрінеді».
Жеке адамның, соның ішінде, дара тұлғаның, туынды иесінің бойына біткен азаматтық позиция, С.Әшімбаевтың түсін­діруінше, әлеуметтік позиция, гума­нистік мұраттарды қорғау мен қолдау, шындық пен әділдіктің салтанат құруына белсене кызмет ету, адалдық пен адамгершілкті құрметтеу, адамға деген сүйіспеншілік көзқарас, адамшылдықты паш ету, ақиқатқа шырылдап ара түсу, шындықты қорғау, парасатқа тағзым ету, ізгілікті дәріптеу, әділдік пен адалдықтың сойылын соғу, жалғандықты жағадан алу, жамандықты батыл әшкерелеу, жақсының шырағының өшпеуіне қорған бола білу, жақсылықтың отына май кұю, зұлымдықтың түп-тамырына балта шабу, қысқасы, осының баршасына, биік азаматтық ұстаным тұрғысынан карау, жазу-сызу. Ал, азаматтық позицияға жете мән бермеу, оны жетілдірмеу, оған ат үсті жеңіл карау, оның қалыптасуы мен дамуы үшін өзіңді өзің аяу, өзіңмен аяусыз жұмыс істемеудің ақыры, сөз жоқ, ой дағдарысына әкеліп тірейді. Азаматтық позицияны жетілдіру дегеніміз ойлау механизмін жетілдіру, оны жетік меңгеру деген сөз. Бұлай болмайынша, өзіңді өкшелеген ой дағдарысынан қарыс қадам жер қашып құтыла алмайсың. Онсыз шын мәніндегі шығарманың тууы да неғайбыл. Шынайы көркем творчество өнердің көркемдік идеясына сәйкес логикалық ойлау механизмінің интеллектуалдық ой орбитасындағы мүлтіксіз жұмыс істеуі мен ойлау психологиясы шарттарының толық сақталуының нәтижесі, яғни, ол ой кеңістігіндегі интеллектуалдық конструкция болып табылады.
Адамгершілік пен азаматтықтың ара қатынасы жайындағы өзінің толғамды ойларын айта келіп, С.Әшімбаев өмірдегі сорақы құбылыстарды анықтап, айғақтап беру арқылы жамандықтан сақтандырудағы әрі, онымен күресудегі әдебиеттің ролі, тіпті, айрықша екендігін ескертті. Бұл жалпы әдебиет атаулының адам тәрбиелеудегі және адамгершілік қасиеттерді оның бойына сіңдірудегі өткір құралы – этикалық қырымен тікелей байланысты. Қоғамның моральдық тірегі, адамгершілік қадір-қасиеттердің ортаймауының қайнар бастауы, көзі, рухани ұлы күші, түптеп келгенде, әдебиет, және де солай болып та қала береді. Ал, азаматтық позиция дегеніміздің өзі әрбір жеке адамның, ең алдымен, туынды иесінің әлеуметтік-адамгершілік қадір-қасиеттерінің діңгекті ұстыны, ішкі рухани дүниесінің «стратегамасы» (К.Маркс) болып табылатындықтан, оның өзіндік айрықша бір тұлғалық кескінін, даралық өзгешелігін айқындайды.
Творчестволық тұлға туралы салиқалы ойын одан әрі жалғастыра келіп, С.Әшімбаев: «Азаматтық позиция проблемасы шындығында да қайсы біреулеріміз сияқты қасаң ойлап жүргендей қас-қағым сәтте «бөрікпен» ұрып алатын оп-оңай нәрсе емес. Өкінішке орай, оны бір жақты түсінетіндер де, субъективтік ыңғайда түсінушілік те жоқ емес. Оның басты себебі, нағыз әдебиет дегеніміз – азаматтық позицияның көркемдік формаға айналуы екендігін түсінбеуден келіп шығатын сияқты. Соның салдарынан, яғни, «жаза бер­сең жаза баспайсың, қайта жазушы бола бастайсың» деген тоғышарлық пәлсафаға салып, сауаты бардың біразы өзін де, өзгені де алдап жүргендігін білсек те, білмеген бола саламыз. Нағыз әдебиет дегеніміз азаматтық позицияның көркемдік формаға айналуы екендігін олар түсіне білген болса, өзін де, өзгені де әуре етпеген болар ма еді?! Азаматтық позиция, түптеп келгенде, таланттың өзі де тәуелді, тіпті, одан да сирек кездесетін рухани қасиеттің төресі – суреткерлік, айрықша парасаттылық екенін көпшілігіміз толық біле бермейтін сияқтымыз».
Жалпы алғанда, әдебиет туралы ой толғаған кезде, сол әдебиетті туғызып отырған және сол әдебиет өзіне қызу қызмет етіп жатқан қоғам мен оның әлеуметтік-психологиялық атмосферасы жайында айтпай кетудің өзі кімді болмасын пікір қайшылығына ұрындырады. Олай дейтініміз, әдебиет жеке дара қанша жерден мықты болғанымен, өзін дүниеге әкеліп отырған қоғамнан тыс мықты бола алмайды. Яғни, сол қоғамның, анығырақ айтсақ, өз уақытының әлеуметтік-адамгершілік рухани мүдделеріне адал да белсене қызмет етпеген, ондағы рухани және идеялық қажеттіліктерге жауап бермеген әдебиеттің болашағы жоқ. Сонымен, көріп отырғанымыздай, С.Әшімбаевтың өзіндік авторлық концепциясының стержені, шығармашылығының өзекті арқауы дара тұлғаға, қарымды қаламгерге тән, әрі оның ішкі рухани дүниесінің, өзіндік бітім-болмысының, суреткерлік шеберлігінің бастау көзі, ар-намыстық, принципшілдік тұғырының діңгекті ұстыны, темір қазығы – ұстанған азаматтық пози­циясының мықтылығында деген пікір, тұжырымда жатқандығы анық. Сондықтан, азаматтық позицияны нықтау, оны барлық адамдардың бойына сіңдіру – халқымыздың бойында ұлттық сана-сезімді қалыптастырудың алғы шарттарының бірі, тұғырлық негізі болып қала бермек.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.