«Шуақты» оқығанда туған ойлар

  • 27.06.2018
  • 49 рет оқылды
  • 0

Мектеп табалдырығында Есейге бағыт-бағдар беріп, әдебиет әлеміне жетелеп, жазған диктант, шығармаларына баға беріп келсем, бұл күнде әдебиет айдынында еркін жүзген шәкіртімнің шығармаларына ақ жол тілеп, оқушымның кітабына талдау жасап, өз пікірімді білдіргім келеді. Соңғы кітабынан мен Есейдің өсіп, толысып, нағыз әдебиет майданының жауынгері болғанын таныдым.
Есей Жеңісұлының «Шуақ» атты кітабын оқып шықтым. Кітап алты бөлімнен тұрады. Ол бірінші бөлімін «Өмір жыры» деп атапты. Өлеңдердің тақырыптық мазмұны да кеңейген. Ақын үшін адам өміріндегі, жер бетіндегі құбылыс пен тіршіліктің ұсақ-түйегі жоқ тәрізді. Ақын бәрін де көре біледі, одан ой түйеді, шебер суреттер жасайды.

Өкпеңді айтып, наз айтып өмірге бұл,
Жылай берме, досым-ау, ебіл-дебіл.
Сенсіз де көп өмірден жасыған қыз,
Сенсіз де көп өмірден жеңілген ұл.
Өмір деген – әлсізге бөтен керуен,
Тіршілікке ешкім жоқ бекер келген.
Өзіңнен көр өрде емес, ойда жүрсең,
Әрбір күнің бос өтсе тепеңдеумен.
Жағдай сұрап тұрмайды, көңіл сұрап,
Сайран емес білгенге, өмір – сынақ.
Жақтан тартып, төбеңнен тас үйсе де,
Көтеруге тырысшы белің шыдап, – дейді Есей.
«Жас досқа» өлеңіне тоқталайық:
Бұл өмірге шын таңырқап келдің сен,
Ренжи көрме, қарааспанды төндірсем.
Ешкімнің де күткеніндей болмайды,
Мынау өмір, мен білсем…
Ақын өлеңдерінде өзі жүріп өткен өмір іздері ап-анық сайрап жатыр. Өзінің өмірден түйгендерін, көргенін ұшқыр қиялымен әрлеп, ой елегінен өткізіп, жанды суретке айналдыра білген. Есей жырлаған өмір суреттері сондай шынайы.
Мен ешкімнен дайламаймын ақымды,
Мен ешқашан дауламаймын ақымды.
Өмір кешем құлақ салып арыма,
Өмір кешем ақылды.
Аяғынан шалмаймын мен ешкімді,
Таңым – арай, болса деймін кеш нұрлы.
Амалсыз-ақ, айласыз-ақ өткерем
Мына жалған бес күнді.
Бұл – өмірдің өз суретінен де әдемі, тапқыр өрнек.
Мөр-таңбалы құжат алған Құдайдан,
Өмір ағай, сіз қызықсыз, шын айтам!
Сізге неге жарасады көлгірлік?
Сізге неге жарасады шырай паң?
Аңдып тұрып, байқап тұрып қатемді,
Аямайсыз, танытасыз әкемді.
Сізді тыңдау – өз антымнан бас тарту,
Сізге сену ажалдан да қатерлі, – деген өлең жолдарын тебіренбей оқу мүмкін емес. Жалт еткен сезім күйі, найзағайдай жарқ еткен көңіл әсері анық танылады.
Інім-ау,
Өсуден, өрлеуден дәмелі,
Өзіңе лайық жол таңдарсың…
Осынша қулықты, бәлені,
Сен қайдан үйреніп алғансың?
Сен кімнен үйреніп алғансың?
Иә, осындай жандар күнде жанымызда-ақ жүр емес пе?! Айқын сөзді қалай-қалай құбылтады! Айтар сөзін сипай қамшылап, майда жеткізеді. Сөз түсінетін адамның жетер жеріне жетеді. Сол сөз тиесіл адамның жүрегін қанжардай тіліп өтері сөзсіз. Өмірді өз бояуымен тану, оның жалпы сәнін бұзбай, дәл осылай суреттеу шебер ақындардың ғана қолынан келмек.
Мына өлең жолдарына назар ауда­райық:
Өмір-ай, мені ұра бермеші,
Сыныңның бәрін көріп бағам ғой.
Жүрегіме бізді сұға бергесін,
Бір күні… кенет… өліп қалам ғой.
Мың саны ұры ойдан айығып алсам,
Өсек пен нала жолдайсың небір.
Менен байқамай айырылып қалсаң,
Сонда кіміңмен ойнайсың, өмір?
Ақын жаны нәзік те сезімтал. Сол өмірді қиындатып жүрген адамдардың өзі емес пе? Адамды тану, оны қоғаммен, Өмірмен байланыстыру өте сәтті шыққан. Адам – табиғаттың, қоғамның өз баласы. Өмір шындығын қорыта, түйе білетін ойшылдығы – Есей Жеңісұлының қазақ өлеңінің өз баласына айналғанының айғағы.
Екінші бөлім – «Дәуір жырында» да адамды туған заманымен қоса өрімдеп, іштей байланыстыра, қатар бейнелейді. Күрделі өмірден күрделі сыр шертеді. «Ұрпақ үні» өлеңін оқып көрелік:
Қиясынан өтіп алуан тағдырдың,
Баба,
маған құшақ жетпес даланы,
өзендерді салалы,
төбелерді молалы,
аманат қып қалдырдың.
Алтайға ұшсам, Алатауым қол бұлғап,
Атырауға қанатымды талдырдым, – дейді ақын үлкен тебіреніспен. Рухани ойға бай, мәнді қорытынды жасайды. Ақкөңіл қазақтың аңқылдақтығымен қоса, тым бейқамдығы мен сенгіштігі де Есей өлеңдерінің өзегінде жүр:
Бір сөз айтсам Алашыма уәлі,
Бола алам ба жарасына дәрі?
Бөтен келіп, «бауырыңмын» десе,
Соған сеніп қаласың-ау әлі…
Елім… елім…
Көсемсініп, дос ақылын алмай,
Дүрмекке ду қосатының оңай.
Қойындағы тасты көріп тұрып,
Маңдайыңды тосатының қалай?
Елім… елім…
Бұдан артық еліне не айта алсын, ақын?!
Бұл кітапта асыл жырлар теңіз толқы­нындай сапырылысып жатыр. Есейдің барлық жыры ақаусыз болмас, бірақ, тылсым, тың ойлар бәрінен де табылады. Ақын жырларының ішкі байланысы құйып қойғандай жарасымды да ажарлы, үйлесімді, тосын да әсерлі кесек оймен келісім тауып жатады.
Көрсем де мыңын азаптың,
Бұл күнде – биік – ұшқаным.
Аборигенмін, қазақпын,
Отаным – Қазақстаным!
Ақын тереңнен толғанады, айқын азаматтық дауысын танытады.
Есейдің сыншыл өлеңдері де оқыр­манын бей-жай қалдырмайды.
Күн үшін бет арын бес төгіп,
Боп алдық бәріміз саудагер.
Арманы, үміті еш болып,
Еңкейіп барады қайран ел…
Даңғырлақ, даурықпа бос кеуде,
Өзін зор көреді өзгеден.
Қос езу көпіріп, бөскенде,
Сарайлар соғамыз сөзбенен.
Атадан өнеге көрген кім?
Жармаса саламыз жағаға.
Ел үшін еңіреген ерлердің
Ізінен кетейік садаға.
Ақын идеалы айқын. Ол тазалықты, адалдықты мұрат тұтады. Адалдық атына кір келтіріп жүргендерге кектенеді. Бүгінгі күн шындығын тануда Есей жырларының маңызы ерекше.
Алаштың ұрпағы едік бөрі текті,
Бәрінің дұшпаны көп, бәрі кекті.
«Ешкім де қара үзіп кетпесін» деп,
Аңдиды айналаны, төңіректі.
Баяғы өзімізге таныс қазақ бейнесі.Өлеңімен осып түседі, Есей.
Есейдің ақындық стилі оның поэзиясының өмірмен өктем араласуынан, шындықпен бетпе-бет келіп тілдесуінен туады. Сондықтан, ол өлеңді қарапайым сөйлеу тіліне жақындатып, ойындағысын еркін айтуға негіздейді. Ақын өлеңдерінен ешбір бүкпесі мен қалтарысы жоқ адамның ағынан жарыла айтылған сыры, ішкі сезімінің арпалысы танылады.
Көрсетіп жүргенмін ер кейпін,
Өмірді өзімше таныдым.
Арымен бетпе-бет келмейтін,
Адамнан қорқамын, жарығым, – деген өлең жолдарынан ақын идеясы анық танылады.
Үшінші бөлім – «Бақыт жырында» ауыл мен қала өмірі, ұрпақ сабақтастығы сөз болады.
Ауылдың кеші….
Аспан да мұндакеңірек,
Ымыртқа ұйып,
жым-жырт боп жатты төңірек.
Көксиырқайтыпкеледі, әне, өрістен,
Азан-қазанғып,өңіреп және мөңіреп…
Ауылөміріқазқалпындакөзалдыңакелеқалады.Жүрек түкпірінен шымырлата сүзіп,шара толы ойнақы, отты өлең жолын мөлдірете ұсынады. Шумақтағы әрбір дыбыс бірін-бірі демей қозғап, жыр табиғатына әдемі әуен, ырғақты үндестік беріп тұр.
Қарсыалыпкүліпатқанбұлатаңын,
Заңғардыңзаңғарыдепқұлатауын,
Ауылға жолым түсіп бара қалсам,
Самаурынқайнатқандыұнатамын…
Адам мен табиғат арасынан желі тартып, жақындастырған ақын шеберлігіне еріксіз сүйсінесің. Кітап ақынның ұлы Ілиясқа арналған. «Ілияс, бұл кітап сенікі» деген Есей арнауы тұр.
Құдайымбергенүшқұлын,
Сендерсің – отым, ыстығым.
Өміргеқырсызболсам да,
Өздеріңүшінкүштімін…
Қабақтаныққан «ер» едім,
Қазірмұзжарғышкемемін.
Таулардықарш-қаршайырып,
Жолдарыңдыашыпкелемін.
Жалқаулықмүлде жат маған,
Жанбайтынжерде… от болам.
Маңдайларыңнанбіриіскеп,
Ұлыерліктергеаттанам, – деген Есей әкенің өлең жолдары тым әсерлі.
Адамның дүниеге босқа келіп, босқа кетпеуі үшін ұрпақ өсіруі, ізгі істер ат­қаруы, қуанышы да, қызығы да мол өмір сүруі, сол ұрпағы арқылы адамзаттың игілікті мақсатын жалғастыруды мұрат тұтуы – Есейдің басты мақсаты. Ет жүректі әр пенденің асыл арманына ой жүгірткен тебіренісі қандай терең, ой көзі қандай өткір!
Төртінші бөлім – «Жүрек жырында» жұмсақ мұң, отты ой, толқымалы сыр…. ақын сыры көрінеді.
Кыс келеді қалаға, қыс келеді,
Қарастында қарағаш тістенеді.
Қап-қара бұлт,қабарып іскен өңі,
Қарашаның бұғауын бұзып шығып,
Қатып тұрған қалаға түскен еді…
Қала, дала,орман,тау – бәрі-бәрі,
Қыста неге қалады ойға батып, – деген өлең жолдарына үңілейікші. Дауыссыз «қ» дыбысының қайталануы (аллитерация) өлеңнің әуезділігін арттырып тұр. Ақын табиғатты бір қалыпта алмай, көбінесе қозғалыста, өзгерісті күйде адам жан дүниесімен тығыз байланыста көрсетеді.
Бесінші бөлім «Желіжыр» депаталады. «Алматы әуені», «Туған жер жырлары», «Сапар жырлары» осы бөлімде топтасқан. Ел мен жерге сүйіспеншілік – Есей поэзиясының жетекші пернесі,Есей лирикасының негізгі лейтмотиві десе де болады. «Қайқы асуы», «Қайыңды» , «Көлсай»,«Қарабұлақ», «Қулықтың қулығы», «Қыземшек» өлеңдері оқыр­манын «мені көріп кет» деп шақырып тұрғандай.
Өр Қайқы, тентек Қайқы, шалт мінезі,
Қытымыр қарт та өзі, мәрттік өзі.
Тарынса ішін тартып,қар ұйытқытып,
Асыққан көліктерді қалт тізеді…
Есей өлеңдерінде, ақындық тілінде бояулар палитрасы өте бай. Ауыстырудың түрлері де мол. «Өр Қайқы», «тентек Қайқы», «шалт мінез» деген эпитеттер, метафораның жай түрі мен ұлғайған түрлері де көп кездеседі. Осы өлеңдегі «Қытымыр қарт та өзі», «Тарынса ішін тартып, қар ұйытқытып» ақын поэзиясына тың әуен, соны бояу әкелген. «Көлсай» өлеңіндегі:
Асқар тау аймаласып ерке күнмен,
Айнала сыбырлайды ертегі үнмен, – деген жолдарға қарайықшы. Табиғаттағы құбылыстарды қиялға келтіріп, жанды бейнеге түсіру үшін кейіптеуді қолданған. Мұндай сөз қолданыстарынан Есей ұтпаса, ұтылмайды. Ал, жанды суреттердің бәрі де шындыққа негізделген.
Есей Жеңісұлының ақындық тілі өзінің байлығымен, алуан түрлі үлгілердің молдығымен оқырманын өзіне тартады. Журналист ретінде спорт тақырыбындағы мақалаларымен танылып жүрген Есей кейінгі кездерде көркем прозаға да ат басын бұрып жүр. Осы кітапта берілген әңгіменің бәрі де – жып-жылы, әсерлі дүниелер. Сезім сырын шертіп, ойға батыратын әңгімелерін бөле-жара айтар едім. Олар – «Жесірлер», «Айсәуле», «Бақытты ит», «Араша» әңгімелері.
Әкесінен ерте айырылган Есей жесірлер өміріне кішкентайынан қанығып өсті деуге болады. Өзім де студенттік шақта әкемнен айырылып, жесір әйелдің қызы атанғанмын. «Жесірлер» әңгімесіндегі тағдыр, тіршілік тауқыметін бір өзіне жүктеген Гүлсім, Тәнті, Күлән тағдырлары ешкімді бей-жай қалдырмайды. Таныс өмір галереясы, таныс мұң… Осы бір әңгімесі арқылы-ақ Есей жесірлер мұңын, қоғам жүгін мойныңа арқалатып жібереді.
Бір-біріне ұқсамайтын арқаулармен өрілген келесі әңгіме «Айсәуле» деп аталады. Әңгіме жеңгесі Әселдің күштеуімен қызбен танысуға әзер келіскен отыз төрт жастағы Ғұмыр мен одан он төрт жас кіші Зейнеп арасындагы психологиялық тартыспен өрбиді. Сырт қарағанда, екеуі де бір-біріне тең емес.Жасық, жуас Ғұмырдың бет-әлпеті де келіспеген, Зейнеп қыздың ойынша, қап-қара дүлей, өзінен он бес жас үлкен «шал».
«Қызық болса да елестетіп көрейінші, Ғүмыр екеуміз көшеде қолтықтасып келе жатырмыз дейік. Гүлден алдымыздан қарсы ұшыраса қалсын. Мен аппақпын, Ғұмыр қап-қара. Ғұмыр дәу, мен кіп-кішкентаймын. Гүлден шыдап тұра алмас, шиқылдап күліп, ішін басып құлап түсер», – деген Зейнеп ойына сен де қосылып отырасың. Шығарма кульминациясы осылайша өрбіп келіп, шешіміне жеткен кезде таңғаласың…
Ғұмыр ән айтып отыр, манағы ауыр ойдың бәрінен де арылған.Осы әннің арқа­сы ма, теңіздің сырын тамшыдан таныды ма, ай сәулесі су бетінен көшкен уақытта Ғұмыр мен Зейнеп сөз байласып шығады. Сенесің, жазушышеберлігісендіреді.
«Бақытты ит» әңгімесіне келер болсақ, қала байларының өмірімен тығыз байланыста суреттелген алабай ит туралы әңгіме. Әлемдік әдебиетте жануарлар сим­волдық бейне деңгейінде өрістетіп жа­зылған шығармалар көптеп саналады. Л. Толстойдың «Холстомері» мен «Булькасы», А. Чеховтың «Аққасқа», «Каштанкасы», Джек Лондонның «Ақ азуы», Флобердің «Аюы»жануарлар өмірінің ішкі әлемін баға отырып жазылган дүниелер. Әуезовтың «Көксерегіше»?
Есейдің «Бақытты ит» әңгімесі де әлемдік әдебиеттің жолын қуған шығарма іспеттес. Біресе адам атымен «Асқарик», біресе «Құтжол» атанған алабай ит тағдыры тек иттің ғана тағдыры емес, адам тағдыры деп те айта аламыз. Сол үйді күзететін Марат пен Тамыр есімді жігіттердің өмірінің алабай иттен айырмасы бар ма? Кішкене ғана тар қапаста отырып, күндіз-түні кірпік қақпай үй күзету маңдайына жазылған кейіпкерлерге, тырнақшаның ішіндегі «бақытты итке» жаның ашиды.
Әңгімеден қазіргі қоғам қасіреті көрінеді.
Ал, «Араша» әңгімесінің жазылу стилі мүлде бөлек. Әңгіме бірден өзінің тереңіне тарта жөнеледі. Адамзатқа өлім тек бір Алланың бұйрығымен келуі керек. Кей адам атын жамылып жүрген жауыздардың ажалдан да қатыгез бейнесі ешкімге таң емес заманда Есей әңгімесі оқырманын әр түрлі ойға жетелейді. Аранын алып әлемге ашқан Ажалдың да жылағанына сенгің келеді.
Айтар ойымның аяққы түйіні: кітап оқылып, оқырман өз бағасын бере жатар.
«Шуақ» адам жанына нағыз шуақ сыйлайтын шығармалар топтамасы дер едім. Себебі, Есей шығармалары – тап-таза өмірдің өзі.

Гүлнар Бабажанова,
А.Нүсіпбеков атындағы мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,
ҚР Білім беру ісінің үздігі

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.