ТАРИХТЫ ТҰЛҒАЛАР ЖАСАЙДЫ

  • 27.06.2018
  • 515 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Алмас Жұмаділов,
Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық
университеті Тарих және Құқық институты, Саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер кафедрасының «Мәдениеттану» мамандығының 2-курс магистрі

Ел тағдырын өз тағдырынан биік қойған, жұртының амандығын, жерінің бүтіндігін мұрат еткен қазақ тарихының тұлғалары ұлт тарихының әр белесінде тұлғалық деңгейге көтеріліп отырған. Тұлға дегеніміз кім? Осы биік азаматтық мәртебеге, халықтық бағаға кімдер қандай істер арқылы лайық болған? Ең алдымен, тұлға деген ұғым – тарихи өлшем. Яғни, тарихи тұрғыдан ел, халық үшін орасан зор, тарихи мәні терең іс-әрекетке барған немесе аса жауапты тарихи сәттерде халық тағдырында айрықша орны болған адамға халықтың өзі осындай бағаны беріп отырған. Міне, қазақ тарихының белесінде осындай орасан зор халықтық мәні бар тарихи оқиғаларға араласқан немесе осы тарихи оқиғаларды басқарған, ұйымдастырушы болған, әйтпесе, асқан ерлік көрсеткен азаматтар халықтың тұғырлы тұлғасына айналып отырған. Қазақ ұлтының бағына, тағдырына орай, Тарих-ана әр ғасырда жаужүрек, батыр тарихи тұлғалы ұлдары мен қыздарын мол жаратқан. Қазақ жерінің бір сүйемі де осылардың арқасында жаудың қолында кетпей, намысты қолдан бермей келген. Тарихи тұлғаларымызды жік-жігімен бөліп қарайтын болсақ, сонау Тоныкөк, Күлтегін, Білге қаған, Қорқыт, Қайыр хан, Кетбұға, Бейбарыс Сұлтан, Асанқайғы Сәбитұлы, т.б дана тұлғаларымызбен жалғаса келе, ұлы хандарымыз Жошы хан, Тәуке хан, Керей хан, Жәнібек хан, Қасым хан, Әбілхайыр хан, Абылай хан сияқты тарихтың таразысынан ойып тұрып орын алатын тарихи тұлғаларымыз бен Әлихан Бөкейханов, Мұхамеджан Тынышбаев, Тұрар Рысқұлов, Мұстафа Шоқай, Темірбек Жүргенов, Дінмұхаммед Қонаев сияқты қоғам қайраткерлері, Әбу Насыр әл-Фараби, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынов сынды ағартушыларымыз, Абай Құнанбайұлы, Жамбыл Жабаев, Шәкәрім Кұдайбердіұлы, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов, т.б ақын-жазушыларымызбен қатар, Сегіз Сері, Біржан сал Қожағұлұлы, Ақан сері Қорамсаұлы, Жаяу Мұса, т.б сал-серілерімен қатар, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбайдай батырларымыз, Исатай Тайманұлы, Махамбет Өтемісұлы, одан беріде Амангелді Иманов, Бауыржан Момышұлы, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова сияқты батыр тұлғаларымыз қазақ тарихының өшпес қайнар көзі. Ел тарихын әйгілі тұлғалар арқылы зерделеу – қазақтың дәстүрлі таным-түсінігінде ертеден қалыптасқан үрдіс. Қазақтың шежірелік зердесінде тарих ұдайы жеке тұлғалардың өмір дерегі арқылы танылып отырады. Қоғамның саяси-әлеуметтік, мәдени-рухани ахуалы ұдайы жеке тұлғалар болмысы арқылы көрініс табады. Содан да болу керек, қазақтың дәстүрлі философиялық пайымдауында өмірді өзгертуден бұрын, ең алдымен, адам санасын шыңдауға көбірек мән беріледі. Дәл осы сияқты шежірелік дәстүрде де қоғам дамуының жалпы ахуалынан бұрын, алдымен, адам туралы мағұлмат беру басты нысана болып отырады. «Жалпы қазақтың шежірелік зердесінде адам – тарихтың негізгі тұлғасы, адам сапасы – тарихтың қозғаушы күші. Әрбір адам әкесі мен шешесінің ғана перзенті емес, сонымен бірге тарихтың да бір бөлшегі». Яғни, шежірелік зердеде этнос тарихы жеке адамнан тыс қарастырылмайды, керісінше, адам әулетінің өмірбаяны ретінде қарастырылады. Бәлкім, осы дәстүр «тарихи антропология» деп аталатын соны ізденістермен үндес екені айқын. Міне, осыдан келе, тарихи тұлға дегеніміз – жағдайға байланысты және жеке басының сапасына орай танылғандар деп келетін анықтаманы айтсақ болады. Орыстың жазушы-философының сөзімен айтқанда, «халық шашырап жатқан ұлы тобыр. Ал, оның күш-қуаты шоғырланып, өзін-өзі халық ретінде айғақтауы үшін тұтастануы қажет, құқық еркі мен мемлекеттік рух белгілі бір тарихи тұлғалар арқылы көрініс табу керек» деген екен. Халық та бір нөсер жауынды аңсаған шөл дала сияқты, дана-көсемге қашан да зәру. Платон айтқандай, дана тұлға патша немесе патша дана тұлға болғанда дүние шырайнала түспек.
Қазақ халқының ұзақ тарихы небір қым-қуыт оқиғаларға толы. Сол қым-қуыт оқиғалардың басында болмыс-бітімі алуан түрлі тұлғалар болғаны аян. Тарих толқыны дарындылар мен дарынсыздарға, данышпандар мен ақылсыздарға, табандылар мен тайғанақтарға кенде болмаған. Тағдырдың жазуы мен мемлекеттің, әскердің, халықтық қозғалыстың, саяси партияның тізгінін қолға алған тұлғалар өздерінің қабілет-қарымына орай, тарихи ахуалға кейде жағымды, кейде жағымсыз әсер етуі мүмкін. Тарих жүзінде әрі жағымды, әрі жағымсыз із калдырған тұлғалар да аз емес. Сондықтан да, саяси және мемлекеттік билік кімнің қолында болатыны қоғам үшін аса мәнді. Дегенмен де, тарихи дамуға халық болмысы негіз болады. Жеке тұлғаның өзі халық арасынан шығады. «Антейдің күші» қара жермен байланысып жатса, әйгілі тұлғалардың да барша болмысы халық өмірімен кіндіктес. Қандай бір айбынды әмірші болса да, халық деп аталатын құдірет айдынының бетіндегі қалтқы сияқты, сол халықпен бірге көтеріліп, сол халықпен бірге төмендейді. Қазақтың дуалы ауыз ақыны Әбубәкір Кердері де: «Жігітке бақыт та оңай, дәулет те оңай, болса егер, қабырғалы халқы оның» деген. Яғни, ақынның айтпағы тарихи тұлға қаншалықты данышпан болса да, оның барша болмысы қоғамдық өмір жиынтығымен шендесіп жатады. Ия, қазақ халқының шашасына шаң жұқпаған шешені де, тілінен бал тамған, қылышынан қан тамған ақындары мен батырларының болғанына халқымыздың өткені мен тарихы куә.

Алдыңғы «
Келесі »