Мүдделі іске – ұлттық бірегейлік, кәсіби әріптестік, келісімді кепілдік

  • 22.05.2018
  • 720 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Жақан Молдабеков,
философия ғылымдарының докторы,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры

Мемлекет басшысының 2018 жылы Қазақстан халқына арналған Жол­дауының ерекшелігі неде? Жолдау (1) елдік дамудың ұлттық жоспарын, оның басалқы бағдарын айқындауға, (2) мүдделі нақты іске кәсіби әріптестікті, іргелі келісімді қызметті жандандыруға шоғырланған. Осы тұрғыдан еліміздің экономикалық, әлеуметтік-мәдени, халықаралық ауқымда дамуының басты кезеңдері, көріністері, деңгейлері көрсетілген. Дамудың бұл ұлттық жоспары бағдарлы, ауқымды, жүйелі, ұзақ мерзімге арналған. Оның мазмұны, мақсат-міндеттері маңызды және үйлесімді, ал, жобадан күтетін әр сала мен өлкедегі нәтижелер қомақты да сабақтас болады деген уәж алға тартылған.
Дамудың ұлттық жоспары дегенде, «Жүз нақты қадам», өнеркәсіпті индустрияландыру, конституциялық реформа, рухани жаңғыру, «цифрлық Қазақстан» бағдарламаларын тілге тиек етеміз. Ұзақ мерзімді стратегиялық бастау қарқынды бес вектордан тұрады. Осы бес бағыттағы мүдделі іс-шаралардың құрылымы, функционалды қызметі күрделі, қабаттас. Олар елдік, ұлттық дамудың ықпалдас негіздері мен берік кепілдіктерін құрайды. Олай дейтініміз, Жолдауда ілгерілеудің жөн-жобасы, сын-қатерлердің белгілері, жаңа мүмкіндіктің ауқымы ескерілген, іріктелудің басалқы жөн-жобасы тиянақталынған.
Нені ескеруге, немен есептесуге мәжбүрміз? Әр бастау алуан себепті қамтиды, шиеленіскен немесе енжар ортада күтпеген салдарға таяу уақытта ұшырап қалу ықтималы жоққа шығарылмайды. Олай дейтініміз, көзқарастағы ала-құладан, құрылымдық қызметтегі жүйесіздік пен әлсіздіктен, тәлімдегі жетесіздіктен, сыртқы инфор­мациялық-идеологиялық қысымнан арылған жоқпыз. Қақтығыс басылмауда, күрделі де кешенді мәселелердің арқауы мен астары рет-ретімен ашылмай келеді. Оған себеп келеңсіздіктің негіздерін, жетесіз алауыздықтың се­беп­терін тереңірек талдап, түсіндіріп беретін жүйелі теориялық ізденістер, жаңа бастаманың эволюциялық же­тілу заңдылықтарын тиянақтайтын әдістемелі зерттеулер кенже қалуда, тіпті, ұмы­тылып барады. Өткенімізге деген тарихи, әлеуметтік-гуманитарлық, саяси-экономикалық көзқарастар бір-бірінен алшақтауда. Олардың тұжы­рымдамалы ұстанымы бұлыңғыр, бір-біріне үйлесе бермейді. Бұл бағытта айтылып жатқан жалпы сөздерден, жалаң идеялардан, қайталана беретін ойлардан кемтар емеспіз. Нені аңғарамыз? Білім мен ғылымның, тіпті, өнер мен мәдениеттің салаларында проблеманың қолтаңбалы жағына стихиялы талпыныстар үдеріс алуда. Ал, рухани-гуманитарлық құндылықтарды өндіру, сараптау мәселелері – мемлекеттік тараптан тиімді, жүйелі қолдау таба алмауда, жеке шаралар қанағаттыра бермейді. Теріс салдары неде? Интеллектуалды сауаттылық, рухани сабақтастық, әлеуметтік серіктестік жаңа, озық елдердің деңгейіне жете алмауда. Уақыт өткен сайын, техно­логиялық революцияға талпынған сайын, жағымсыз алшақтықтың қатерлі салдарын болжауда, олардан сақтануда анағұрлым қиыншылыққа ұшырай бермек. Ғылым мен мәдениет саласындағы интеллектуалды ресурсты реттеу мен пайдаланудың мемлекеттік арнайы саясаты мен идеологиясы, оған функционалды тұрғыдан жауап беретін орталықтар мен инфрақұрылым жұмыстарын жандандырудың танымдық-прагматикалық маңызы қатар өрбуде. Жаңа қоғамдық сұ­раныс пен стратегиялық бағыт-бағ­дардың талабынан өркениеттік іргелі мүдделердің ғылыми негізін, стратегиялық тұжырымдамасын бір-бірімен ұштастыра мазмұндаудың қажеттілігін кім мойындамайды? Өйткені, бұл қоғамдық-гуманитарлық, кәсіби-азаматтық іргелі, ортақ мүдде.
Іргелі мүдде, бір жағы, кешенді, қарқынды дамудың заңдылығын, бір жағы, ұлттық жоспардың теліп отырған жауапты міндеттерін білдіреді. Ол дегеніміз айқын да бұлың­ғыр өрістің, оның салиқалы өлшемдерінің жиі өзгеретінін аңғар­тады. Содан жаңа идеяға, жасампаз инициативаға, мотивациялы жүйеге сұраныс артуда.
Жолдауда көшбасшылыққа лайықты өріс пен өлшемнің он түрлері-міндеттері арнайы ата­лын­ған. Міндеттер барлық өңірге, бар­лық салаға, барлық ұжымға бірдей қатысты. Олар әлеуметтік күштің, әр ел-жұрттың жұдырықтай жұмылуын, жұмыстағы әркімнің азаматтық парызы мен кәсіби дағдысын өзара үйлестіруін қажет етеді.
Ұлттың стратегиялық жоспарын орындауға тиянақты негіз қаланған. Яғни, ұзақ мерзімді мақсаттарымыз өзгеріссіз қалады, нарықтық экономика моделі қалыптасты, азаматтық бейбітшілік, ұлтаралық және конфессияаралық келісім ықпалын арттыра беру көзделінген.
Оңтайлы өзгерістер Қазақстанды үшінші модернизациялаудың басалқы факторларының, елімізді төртінші өнеркәсіптік революцияға көтермелеудің көп сатылы, салааралық басты векторларының тоғысында өрістемек. Кең өріс – көп векторлардың жүйе­сінде, ал, өлшемді жұмылдыру – алуан факторлардың түйінді платформасында қарқындамақ, өнімін жаймақ. Ал, тиянақталынған бастамалар өңірде, өндірісте, өнерде сапалық деңгейге жетудің демеушілігін арттырмақ, түсінікті тың мәселені шешуге жақындатпақ.
Жолдауда жаңғырудың негіздері, әлеуметтік бағыттары, басалқы жүйесі жоғары талап тұрғысынан белгіленген. Әзірге жаңа талап пен сұранысқа лайықты кәсіби айлалы әрекет, практикалық тәжірибе, жүйелі білім, азаматтық ұстаным жетіспей, іс-шара аяқсыз қалуда. Содан жасандылық аракідік қинауда.
Дамудың ұлттық жобасы қоғамдық назарды неге меңзейді, қай бағытта жұмылу жөні сабақталған? Мүддеге жұмылдырмақ бастама мен сабақтастық алдымен қоғамның бірлігі мен ынтымағы үшін, ұлттық қауіпсіздікті нығайту үшін, өзіміздің әл-ауқатымызды жақсарту үшін қажет. Стратегиялық курстің ұтымдылығы осында. Нысандар басқарушы мен орындаушыға, үлкен-кішіге бірдей қатысты ортақ жауап­кершілік жүктейді. Елдік даму­дың стратегиялық ұстанымдары анықталғанда, жаһандық тұрақсыздық төндіріп тұрған қауіп ескерілген.
Әлемдік экономикалық дағдарыс сырттан, іштен қысымын үдетуде. Күрделі кезде ілгерілеудің міндеттерін ашық ұсыну – сенімге негізделген батылдық, елдің ресурсына есептелінген нақтылық. Стратегиялық бағдар мен ұстанымға деген сенім – жинақы әрекетпен, жасампаздыққа жеңілдік, серіктестікке – еркіндік пен көрегендік, әріптестерге – теңдік пен бәсекелестік нысанын айқындамақ, ерік-жігерді басты мәселеге шоғырландырмақ.Батылдықтың тұрмыстағы осындай прақтикалық маңызын түсіну, сол қоғамдық сұранысты өтеу жолдарын іздеу қажеті – интеллектуал, арқалы азаматтар арасында қарқын алуда. Мемлекет тарапынан қолдау өрістеуде. Екі жақтама бастаудың тетігі мен тәсілі, жүйесі мен жаңғыруы бірін-бірі баяу толықтыруда, жалтақтық пен ала-құлалық басымдау. Себебі, қоғам мен мемлекеттің ресурстық әлеуетін дұрыс пайдалану мүмкіндіктерін әрмен жетілдіру, жұмыс күшін еңбекпен қамту саясатын алдын-ала тиянақтау, білім беру мен кәсіби мамандықты жетілдірудің пилоттық жаңа жобаларын жасау – күн тәртібіндегі өткір мәселелер. Айтпағымыз, көкті де, көпті көретін, тәсіл мен тетікке тәнтілікпен төнетін, орнықты мен озықты тапқырлықпен өретін, төбедегі мен төңіректегіні түгендейтін, жақсы мен жетістікке жұтынатын кез келді. Бір жағы, тұғырық пен тұтқылды қысатын, шашылғандық пен қараусыздықты тергейтін кезеңге ұшырадық. Бұл көштен қалмаудың, үлестен қағылмаудың шарты.
Иә, іргелі істің бастауы жалқы, жалаң емес. Ол алуан факторлар мен шарттардан тәуелді. Стратегиялық бағдардан тәуелділіктің жаңа жүйесін, құбылмалы орбитасын ескеретін, сонымен нақты есептесетін кезеңге тап болдық. Жаңа кезеңнің ерекшелігі тұлғаны рухани-адамгершілік тұғырында тәрбиелеудің және кәсіби тұрғыдан жетілдірудің тәжірибесін бір-бірімен үйлестіруден білінеді, жаңғырудағы тәуелділіктің себеп-салдарын дер кезінде болжай білуге мәжбүрлейді.
Сонда, неге мәжбүрміз? Бейбітшілік пен бірлік арқауы – қоғамдағы салалық, ұлтаралық қарым-қатынасты нығайтуға алдымен мәжбүрлейді. Осы сарында кәсіби ұмтылыстарды дер кезінде жүзеге асыруға, әлеммен тиімді қарым-қатынас жасауға қабілетті креативті тұлғаны тәрбиелеуге мұқтажбыз. Ұлттың озық мәдениеті мен жаһандық көзқарасты меңгерген кәсіби мамандарға арқа сүйеуге, солардың озық тәжірибесін пайдалануға мұқтажбыз. Жүйеге лайықты тиімді тәсілдердің түрлерін тиянақтауға, оларды пайдаланудың танымдық ұстанымдарын, тәжірибелік деңгейлерін, практикалық басалқы бағыттарын бір-бірімен үйлестіруге мәжбүрміз. Жаңалықтардың нәтижелерін ұлттық болмысқа ендіруге, кәсіпкерлік бағдарға қанықтыратын, соған ұйытқы болатын сараптама-болжамдар жасайтын ғылыми-зерттеу орталықтарының нақты кеңесіне мұқтажбыз. Тізе берсек, тиімділік жолдары жетерлік.
Құлақ түре, көзді ашсақ, мұқтаждық алаңдағанға ой тастайды, енжарды ойландырып, қолжетім мүмкіндікті айналымға ендіруге талпындырады.Ұтымды іс-шараны бетке тұтқызып, жұмыс басында иелікті сайландырмақ. Десек те, мемлекеттік саясатта тиімділік стилі белгіленсе де, әзірге оған лайықты амалды әрекеттер, методтар жүйесі өз арнасын тапқан жоқ. Не жетіспейді, не істеу керек? Іргелі стратегиялық бастаманың жүйесі мен методтарының үйлестігін орнықтырмай, жаңа идеяларды жүзеге асыру мүмкіндіктері өрісін кеңейтпейтіні күмән тудырмайды. Әзір тамыр жайған делдалдық айырбастан арылу, жүйесіз де шашыранды қимылдан сақтану, құлқынсыздықты доғарып, құлшынысқа талпыну қажет. Санасуға тұратын шындық.
Жұмысқа тың қарқын ендіру үшін Жолдауды жүзеге асырудың нақты механизмін әзірлеу, мүдделі іске қатысты көпжақты келісімдерді орнықтыру, оларды үйреншікті ережеге айналдыру шарт. Әріптестердің бітімгер де тиімді жолдары ұтымды шешім қабылдайтын жәйттерде, келісімде.
Басты шарт – әр қызметке қожалық ететін иелікті қалыптастыру, жетілдіру мүмкіндіктерін кеңейтуде, оларды сауаттылықпен жүзеге асыруда. Өз жұмысына иелікті тың серпінге тартар үш бірдей бастау – ынта-ықылас, кәсіби-азаматтық пен қоғамдық қозғалыс тоғысы тұлғалық, кәсіби құлшынысты ширатпақ. Келісімді де киелі әрекет – нысаналы қызмет ұжымдық іс-қимылға қуат бермек, кеңес барысында алауыздықты икемдемек, жетекші күштегі өзара сенімділік пен ерік-жігерді алар тергеп.
Нысаналы қызмет әріптестің тәуелсіздігін аяқ асты етпей, әркімнің өз ісіне деген төрағалықты сақтауды, арақатынастағы бітімгер бірлікті нығайтуды ұстаным етеді. Бәрі де іскерлікке, кәсіптікке, азаматтыққа бағыт­тайтын бастаулар.
Сынақтың жаңа түрі күшіне енуде. Байырғы жалаңдық пен тұйықтықта, құлықсыздық пен бей-жайда, таршылық пен тапшылықта елдік дамудың жаңа сапасын қалыптастыру екіталай. Уәж айқындалуда. Теңгерім мен үйлесім, жасампаздық пен жетекшілік тиімділіктің қайнар көзі екенін ұғынушылық артуда. Қажеттікті қауымдасып, дер кезінде ұқпаған, мақсат-мүддені уәждеп берік тұтпаған, керітартпа қысымға ыққан, жеңілдікті сұрыптап, өмір шындығын мойындайтындар қатары көбеюде. Жаңа негіздің тұғырын тұрғызу, тарату керек дегеніміз осындай тоқтамға меңзейді.
Тың қадамдар мен прагматикалық ұстанымдар жүйе мен методтар үйлестігін тәжірибеден елеп, сыннан өткізудің, келең кем-кетіктен сақ­танудың, жаңа мүмкіндікті ашудың, тың идея мен талапты ұсынудың, сенімді табысқа қол жеткізудің кепілдігін арттырмақ. Мұндай тұрақтандырушы факторлардың өтімділігі үлкен-кішіде, алыс-жақында, сірә, дүдәмал тудырмас. Осыған орай, Жолдауда сапалы деңгейге бейімдеу және жаңа жетістікке жету жолын табу үшін не істеу керектігі айқындалынды. Кейбірін атап өтелік: өңірлік өндіріс пен мәдениет салаларында нарықтық экономика моделін қалыптастыру, пилоттық жобаны іске асыру, технологиялардың трансфертін ынталандыру арқылы инновациялық сипатқа ие болу; инновациялық шешім­дерді әзірлеудің жүйесін дамыту керек; білімдер жүйесін игеру, арнайы кәсіби дайындықты жетілдіру; өзара тиімді серіктестікті орнықтыру қажет-ақ. Тың қажеттілік серпінді сауаттылық пен құштарлыққа, салауатты басқару бағдарына, келісілген саясатты алдын-ала тиянақтау, жаңа индустрияландыру талаптарына бейімдеу жұмыстарына сұранысты күшейтуде. Тілге тиек еткен іргелі мәселелерді түйіндесек, бәрі де азамат, кәсіпкер маманның капиталын өндіріс пен өнердегі, білім мен тәрбиедегі, бәсекелестік қабілетті орындау мен басқарудағы айналымға кеңінен ендіруге арналған, әлемдегі өзгерістен қалыспау талабына тірелтеді. Содан шаруа иесі, өндіріс жетекшісі, мәдениет пен білім өкілдері өз қызметін жандандыруға ынталы болуы шарт. Бірден қалыптасатын бетбұрыс немесе дағдылы қабілет емес. Өлшем, талап әрқалай болса да, нақты, салмақты, әр мекемеге де, мемлекетке де бірдей маңызды. Өлшем – табиғи ресурс, қоғамдық резерв ауқымына, ал, талап – мемлекеттің инфрақұрылым дайындығына тәуелді. Қос қағиданы ескеру арқылы өсімнің резервін анықтауға, артық шығынды азайтуға, ортадағы экологиялық тазалықты, энергетикалық тиімділікті орнықтыруға жол ашылмақ. Инновациялық экономиканың төрт бірдей тұғырын бір-бірімен үйлестіруде үш бірдей өлшемге – озық білімге, үздік тәжірибеге, ұлттың интеллектуалды мәдениетіне сүйену ауадай қажет. Иә, нақты, кешенді, жауапты міндеттер әр еңбекқорға, кәсіпқорға, жетекші күштерге жүктелінген. Оларды тек ұтымды нәтижелермен, тиімді амал-әре­кетпен, қысқасы, тұлғаның бірегей де бәсекеге лайықты дайындығымен ақтауға болады.
Салмақ кімге, неге түсуде? Алдымен, әлеуметтік-экономикалық дамуды тұрақтатудың іргелі мәселелерін билік тарапынан әрқалай, көбіне жартылай шешкендерге, жаңғыру мен қауіпсіздіктің бірегей тетіктерін нығайту шараларын қолға алмай немесе аяқсыз қалдырғандарға түспек. Би­лік инфрақұрылымында бұрын-соңды проблемалық мәселені сараптайтын беделді медиатор да, салиқалы ұстаным да жетіспейді деген пікірлер жиі айтылып жүр. Тегін емес.
Ендігі мақсат – жоспарды бұрын­ғыдай шығынданып, созып орындау емес, керісінше, табиғат пен басқа да ресурстар әлеуетін үнемдеп, интеллектуалды жүйе арқылы өнімділікті бірнеше есе арттыру, коммуникация мен стандарттау салаларын халықаралық тәжірибеге үйлестіру. Бәрі де күнделікті арақатынаста бірдей талапқа айналуда. Оның үстіне, отандық өнімді халықаралық нарыққа шығарудың стратегиялық жолын табудың қажеті артуда. Қолдап жасыра, асыра салатын жәйттер емес, әр жетістік экономикалық жауапкершіліктен туындайтын заманауи жүйелі талапқа тірелуде. Біліктілікке, бәсекелестікке, бірлікке басалқылық берілуде, осы тұрғыдан жұмыстар сапасы бағалануда. Жаңа заманның осы талаптарын ескі дағдымен жүзеге асыруға болады ма, ол енді кімнің қолынан келмек?
Істегі тиімділікті қамтамасыз ету үшін қоғамды, өндірісті, мәдениетті басқару ісін күшейту, тиімділіктің қолжетімді тәсілдерінің жүйесін құрастыру, рухани және әлеуметтік жаңғырудың жаңа моделін әзірлеу, оларды экономикалық тұрғыдан әділетті қолдай білу – әрбір ұжым мен қауымдастықтың ортақ жауапкершілігіне айналуда. Бұл – әркімнің өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етудің, адамдарды нәтижелі жұмысқа тартудың кепілдігі. Сондықтан, кәсіби стандарттардың талаптарын ескеру, білім берудің жаңа бағдарламаларын әзірлеу, қазіргі білім беру бағдарламаларын жаңарту қажеті бірдей және анағұрлым артуда. Бұл іргелі көрсеткіштер ұрпақты тәрбиелеудің, жұмыс деңгейін бағалаудың, адам мен ұжым ресурсын жүзеге асырудағы көрсеткіштерін нақты тиянақтаудың өлшеміне айналуда.
Ендігі іргелі міндеттер ғылым, білім, тәрбие жұмыстарын топ­тас­тыруға, өндіріс, өнер, кәсіби маман­дықты бір-бірімен үйлестіруге, осындай кешенді мәселелерді арнайы, кешен­ді, стратегиялық тұрғыдан зерттейтін ғылыми орталықтарға, олар­дың бір-бірімен байланыстарын нығайтатын инфрақұрылымдар қызметіне тірелуде. Нар өткелдің осындай іргелі мұқтаждықтары біртіндеп басымдық танытуда. Сапалы жұмыс білім мен ғылымға, өнер мен өндіріске, оларды басқару жүйесіне өзіндік сараптама жасай білу қажетін арттыруда. Жұмыстағы қожагерліктің жауапкершілігін күшейту – рухани жаңғыру мен технологиялық революция талабынан, заман сұранысы мен өркендеу қажеттілігінен туындауда. Ал, өзімізді ұғатын, сол талаптарға бейімделетін кезеңнің келгенін қалай мойындаудамыз? Оған дайынбыз ба? Бұл басалқылықтар ескі дерттен тез арылуды, адамның, еңбекқордың өзін-өзі ұстай, ұйымдастыра, үйлестіре алатын қомақты салтқа сұранысты үдетуден білінеді. Өзіміздің жаңа бағытымызды толықтыралық, түрлендірелік. Сұраныс – білімге негізделген жаңа көзқараста, жаңа түсінік пен нақты дайындықта, нәтижелі әрекетте. Межелі уәждеме өндірістегі, өнердегі, білімдегі, бас­қару жүйесіндегі ішкі ресурстарды толығырақ айқындауға, оларды ашық пайдаландыратын талпынысқа ұйытқы болмақ.
Бұл жаңа дәуірдегі интеллектуалды-әлеуметтік қозғалыстың межелі нысандары, дәйекті ішкі уәждемесі. Толымды да болымды қозғалыстардың арнасын интеллектуалды-инновациялық қозғалыс пен инновациялы-технологиялық бетбұрыс құрамақ. Білім мен біліктілік, ұлтжандылық пен азаматтық ұстаным сыналар тұсқа келдік, осы қозғалыстарға үлес қосушыларды арнайы бағалайтын кезді бастан кешудеміз.
Ендігі қосалқы, бұл идеяны жалпы сипаттап қана өзімізді жұбататын кез емес. Сол интеллектуалды-инновациялық немесе инновациялы-технологиялық сұранысқа лайықты кешенді қарқынды дамыту мүмкіндігін, тәжірибенің интеллектуалды жүйесін өзара үйлестіру, біліктілік жиынтығын нақты жағдайға бейімдеу, кәсіби ұмтылыстарды жүзеге асыру өнерін игеру қажеттілігі – күн тәртібінде тұрақты үдемек. Міндет – асығыс, көзжұмбай шикілікке бармауға, тиімсіздіктен арылуға, жаңа әдістерді пайдалануға, нақты да жүйелі нәтижеге қол жеткізуге, әлеммен тиімді қарым-қатынас жасауға қабілетті креативті тұлғаны тәрбиелеуге бағытталған. Дамудағы елдің іргелі де іріктелген міндеттері осылайша мәңгі сипат алмақ. Сол үшін әр ірі де іргелі мекемелерде, білім мен мәдениет ордасында озық білім мен үздік тәжірибені жинақтайтын, тарататын орталықтар керек. Жаңашыл, жасампаз ұжым озат білім мен озық тәжірибе жаңартылған, болмыстағы баламалы энергияның қайнар көзі, үзілмес оңтайлы демеушісі бола бермек. Бұл іргелі талаптар сандық, орташа көрсеткішпен шектелмейді. Бәрі де үнемі жаңғыратын нақты сапалы нәтижеге, ұлттық құндылыққа қызмет етуі керек. Көңілден шығатын өнімді әрекеттер көшбастауға ұйытқы болары хақ.
Тиімділік қағидасы жаңа, жоғары талап қоюда, өзіміздің кәсіби деңгейі­міз бен азаматтық борышымызды жетілдіруге мәжбүр етуде, сондай ке­піл­дікке мұқтаждықты күшейтуде. Ке­мелділік пен кемеңгерлік жолында іске сәт, уәжге берік болайық демекпіз.

 

Алдыңғы «
Келесі »