СОЗАҚТЫҢ СЫРЫ ДА, ЖЫРЫ ДА, ЖОЛЫ ДА ҰЗАҚ

  • 22.05.2018
  • 1582 рет оқылды
  • 1

(жол жазба)

Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де, жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды.
Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу-шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ,
Қазақстан Республикасының Президенті

Сапар беті – сырға да, жырға да толы, қабырғалы Қаратауының әр тасын түртіп қалсаң, сөйлей жөнелетін, тарихқа да, шежіреге де бай Созақ сақарасы болды. «Әзіреті Қаратау, Әулиелердің кені еді» дегенді де ішке бір түйіп қойғанбыз. Жүректі көптен байраған бауырмал мекен исі қазақтың құныға құнт қойған құтты қонысы, кәусар кіндігі. Қасиетті қоныста Қазақ хандығының алғашқы уығы қаланған. Тәуекел хан Созақта кеңес өткізеді. Абылай хан Созақта болады. Төрткүл әлемді қатал­дығымен тітіренткен Әмір Темірдің, кешегі Кенесары ханның ізі қалған аймақ бұл.
Созақ десек, Қазақ деген сөз еске түседі. Егіз ұғым жөнінде танымал тарих­шы Қой­шығара Салғараұлы «Қа­зақ­тың қилы тарихы» атты еңбе­гінде тарата толғайды. Тереңнен тебіренеді. Ал, шежіре-аңызда Созақ пен Қазақтың арғы тегін саралай отырып, Алаштан Сейілхан мен Жайылхан атты егіз ұлды таратады. Сейілханнан сегіз арыс түрікпен тарайды деседі. Көр­шілес қазақ рулары түрікпендерді кейде «Сейілхандар» деп атайтыны осыдан болса керек. Ал, Жайылханнан түгел сөздің түп атасы Майқы би туа­ды. Майқыдан-Сабиан, Сабианнан Айырқалпақ, Айырқалпақтан-Қазақ, Созақ, Ұзақ туады. Қазақтан-Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс тарайды. Созақтан қарақалпақ, Ұзақтан қырғыз бен хакас ағайындар бөлінді дейді тарихи шежіре. Мәшһүр Жүсіп Көпеев «Едіге сонау Қарақалпақ елінде туған» деп батырдың қай тектен шыққанын көрсетеді. Созақ­тан қарақалпақ тарағанда, Теріскей Едігенің туған жері емес пе? Едіге батырдың атасы Баба Түкті Шашты Әзиздің кесенесі Құмкент жерінде. Осында «Едігенің майлы жұрты» деген жер бар. «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Қамбар батыр», «Шора батыр» жырларының шығу тарихы Созақпен тікелей байланысты. «Кер құла атты Кендебай» атты эпостық жырды оқып көріңіз. «Қаратаудың ойында, Қарасуан бойында» деп басталады жыр. Қарасуан осы аудандағы жер аты. Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов: «Сәл бұрынғы шежіресін еске алсақ, бұл Қаратаудың басынан исі қазақ баласына мәлім сонада көшкен бір көш келетін. Содан бері қарай Қаратаудың теріскейі мен түстігі аңыз-әңгіме, дастан-хикаяға толы дерсіз. Шаян мен Созақтағы ескі тұрғын әңгімешілер аңызы бойынша Созақтан қазақтың үш жүзі тараған» деуі тегіннен тегін емес. Грек тарихшысы Страбонн еңбек­терінде «Су сақтары» деген сөзді айта келіп, «осыдан Сусак шыққан» деп тұжырымдайды. Ал, Сусакты қазақы тілге ыңғайластырғанда, Созақ болып шықпай ма?
Иә, басынан талай ел көшкен Қаратау­дың теріскей бетінен Созақ жері басталады. Үш Көкшенің аяғы Мойынқұмға жалғасып, одан әрі Бетбақтың қиан даласы ұласады. Ұзақ шөлдің ақыры өзегі талып барып Сарыарқаға тіреледі. Соншама жерді аралап шыққанша, қырық құбылған ауа райын, қадам басқан сайын кербез келіншектей түсін сан түрлі бояуға малындырған жа­­зиралы даланы көріп, ішкі толқыныс- тебі­реністеріңіз де алма-кезек ауысып отырады.

ӘЗІРЕТІ ҚАРАТАУ…

Құнарлы қоныс, қымбат та қасиетті мекен ынтық көңілді асықтыра түсті. Тас­көмірсайдан өте, даланың жұқалтаң қарын суырып, алакүшіктеніп жатқан өкпек жел көңілге мұң артқанымен, киелі мекенге табан тиісімен жанымыз жадырады.
Міне, алдымыздан мұнартып жартысын қылышпен қақ бөліп тастағандай тау шоқысы көрінді. Одан әрі ассаңыз, Бабаата, Жартытөбе, Аққолтық атты үш елді мекен біріктірілген ауыл алдыңыздан жарқырап шығады. Жартытөбе шыңында ҚР мәдениет қайраткері, қазақ этнодизайнерінің негізін салушы, музей экспозициясының шебері, белгілі мүсінші, дизайнер Аманжол Най­манбаевтың қолынан шыққан бүркіт бей­несі сонадайдан менмұндалайды. Аудан орталығына кіре берістегі «Жастар аллеясындағы» Керей мен Жәнібек хан ескерткішінің авторы да Аманжол аға болатын.
Жартытөбеде жыр алыбы Жамбыл Жабаев­тың өзі пір тұтып, бас ұрған Құлын­шақ Кемелұлы 1840 жылы дүниеге келген. Ал, 1918 жылы белгілі жазушы Тәкен Әлімқұлов осы жерде туылды. Қазақтың ха­лық жазушысы Сәуірбек Бақбергенов те осы ауылдың тумасы. Ол 1920 жылы дүние есігін ашыпты.
Қ.А. Ясауиге арғы ата болып келетін ірі тұлға Ысқақ баб осы топырақта мәң­гі тыныстап жатыр. «Оңтүстіктегі от қала» – Бабаата шаһарының орны бүгінде мем­лекет қорғауында. Осындағы мешіт-медресе қалыпқа келтірілген.
1960 жылы Созаққа арнайы іс-сапармен келіп, «Өскен өңір» романына материал жинап жүріп, ұлы жазушы Мұхтар Әуезов Ысқақ баб кесенесіне соғып, әулие әруа­ғына Құран оқытқанын кәрі құлақ ақса­қалдар айтып отырушы еді. Ілгеріде осы жерде Үміт атты қыз өткен. Сол қыздың талайлы тағдыры романда жан-жақты суреттеледі. Қаламгердің Үмітті Алуа деп алғаны болмаса, тарихи оқиға қаз-қалпында баяндалған.
Жартытөбе ауылынан көп ұзамай, жол екі айырылады. Бірі – Шолаққорғанға, екін­шісі – Құмкентке бастайды. Біз күн­нің шығысына қарай бет алдық. Өйт­кені, бүкіл түркі әлеміне танымал, ислам дінін уағыздаушы әрі қазақ еліне алғаш ендірушілердің бірі Баба Түкті Шашты Әзиз Жылыбұлақ жағасында жатыр. Бай­бөрі мен Аналықтың бір перзентке зар болып, әулиеден әулие қыдырып, етектерін шеңгел сыдырып келіп түнейтін, әрі бір перзент тілейтін жері осы. Түстерінде баба аян беріп, «ұлыңның атың – Алпамыс, қы­зың­ның атын – Қарлығаш қой» демейтін бе еді.
VІ-VІІ ғасырларда Шығыс-Батыс түрік қағанаты құрылады.Құмкент шаһары батыс түріктің Жібек жолы бойындағы сау­да қаласы болыпты. Шежіре бойынша, көне кент 1218 жылы Шыңғыс ханның жорығында қиратылады. Екінші рет 1723-1735 жылдар аралығында жоңғар шап­қын­шылығында бұзылады. Әмір Темір заманында қаланы Құттықия басқарыпты деген де дерек бар. Көк Орданы билеп тұрған Шөжетай хан өлген соң, орнына баласы Ұрыс отырады. Оның аты затына сай, ұрысқұмар болса керек. Осы зұлым хан Құмкентті үшінші рет қиратады. Құттықия қаза болып, оның ұлы Едігені қолына кісен салып, Ұрыс ханның алдына алып келеді. Осы кезде Едігені Есе би арашалап алып қалады. «Баба Түкті Шашты Әзиз әулиенің немересі» дегеннен соң, Ұрыс хан оған қол көтере алмаған. Құмкентті Ұрыс хан шапқан кезде, Құттықияның інісі Балташық Ұлытауға қайын жұртына кеткен екен. Сұм Ұрыс хан батырдың алдынан адамдар жіберіп, қошеметтеп қарсы алады. Қымызға у қосып беріп, Балташық ұйықтап қалғанда, қол-аяғын байлап тастайды. Ұрыс хан кезекті жорығында қолы кісендеулі Балташықты да бірге ала кетеді. Құба жақ құланиектеніп ата бергенде, Ұрыс хан­ның өңешіне жақындап қалған сұр жыланды Балташық байқап қалады. Қолы кісендеулі батыр жыланды тісімен екіге қақ бөледі. Осы кезде шошып оянған хан Балташықтың ерлігіне таң қалып, оны өзіне кеңесші етіп тағайындайды. Тарқата берсек, көне кенттің тарихы тереңде.
Жолаушыдан түсіп қалған жалғыз моншақтай мөлдіреп жататын Қызылкөлдің шертер сыры мол. Кезінде көл жағалауын Кенесары хан мекендеген. Қонақтардан жағасы босамайтын көлдің ішке бүккен құпиясы да жеткілікті. Кенесарының ұрпақтарының бірі Мәлік Баймендеұлы батыр, палуан, әрі ақын болған. Оның Зейін және Шарбан қыздармен айтысы ел аузында сақталған. Сондай-ақ, «Еңбек» колхозының бастығы, ақын Зейне Темірбековамен айтысын жазып алғандар бар. Мәліктің Дәмеқыз Салқынқызымен қақтығысы да өз алдына бөлек әңгіме. Осы Мәлік палуан Ұлытауға барған сапарында Сәкен Сей­фуллиннің әкесі Сейфолламен кездесіп, оның үш-төрт күйін үйреніп келеді. Демек, Мәліктің керемет домбырашы да болғаны ғой.
– Сейфолланың күйі. Мұны Мәлік Ұлытауға барғанда, Сейфолланың өзінен үйреніп келген. Мәліктен мен үйрендім, – деп отырушы еді дәулескер күйші Файзолла Үрмізов. Файзолла ағайдың «Арғы атам хан Абылай, төре затым» деп басталатын өлеңі есімде қалыпты.
Мәліктің күш атасы Қажымұқанмен белдескенін Кенжеғұл Берденов атамыз айтып отырушы еді. Кенжеғұл ата дегеннен шығады, сол алпысыншы жылдары ауылға кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов келеді. Мұхаң түскен үйге Кенжекең кештеу келсе керек. Әңгіменің бір ығыты келгенде, Кенжекең «Мұндай қожа күнде келе бермес, балаларыңды сүндетке жатқызып алыңдар» депті. Бұған Мұхаң риза болып, Кенжекеңнің қолын алыпты дегенді Құмкенттің ақсақалдары бүгінге дейін айтады.
Құмкент ауылында 1855 жылы дүниеге келіп, 1933 жылы Сырдария облысы Қаратөбе ауылында дүниеден өткен Шәді Жәңгірұлы да қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар айтулы тұлға. Оның «Сияр Шәріп», «Төрт дәруіш», «Хиқаят Қамар заман», «Орқа Күлше», «Тарихнама», «Хикаят Халима Һарун-ар Рашид» сынды хисса-дастандары кең тараған. Ақынның кітаптары Ташкент, Қазан баспаларынан жарық көрген. 1980 жылдары ақын Ердеш Кенжебаев Шәді Жәңгірұлының бір кітабын аудандық партия комитеті үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі Дулат Тұрантегіне тарту еткенінің куәсі болғаным бар.
Халық ақыны Құлжабай Төлеуов те Қызылкөлдің бел баласы. Соңында бір­неше дастан, хикаят қал­дырған Құлжабай ақын шы­ғармашылығы да зерттеуді қажет етеді.
Шәмшінің әкесі Қалдаяқ Шәдіден ескі­ше білім алады. Сөйтіп жүріп, зер­герлік өнердің де қыры мен сырын жете меңгеріп, шеберлігін ұштай түседі.Әнепия-Қалдаяқтың сауықшыл ортада айтысқа түсетін де өнері болған. Бірде ол Шәдінің інілері болып келетін Бұқар­байдың қызы Сақыпжамалмен айтысады. Көрікті де ақылды Сақыпжамал Қалдаяққа ұнап қалады. Өздерін ақсүйекпіз деп санайтын төрелер қараға қыздарын қайдан берсін. Алайда, айтыста Қалдаяқ жеңіп, Сақыпжамал оған серт бойынша ұзатылады.
…1985 жылдың күзінде Шәмші Қалдаяқов пен ақын Сабырхан Асанов Созақ аудандық партия комитетінің бірін­ші хатшысы Досыбай Шерімқұловтың шақыртуымен Шолаққорғанға келді. Аудан шаруашылықтарын түгел аралап шыққан екеуі «Теріскей» атты әннің дүниеге келгенін айтып, жергілікті жұртшылықтан сүйінші сұрады. Сол жолы Шәмші «Құм­кент» кеңшарына арнайы соғып, Баба Түкті Шаш­ты Әзиз кесенесіне барып, әулие баба­сына зиярат етті.
– Әкем Қалдаяқ Құмкент ауылындағы ақын, зергер, әрі молда Шәді атамызға шәкірт болып жүріп, қарындасы Сақып­жамалмен танысады. Екеуі бір сауық кешін­де айтысады. Әкей жеңіп, екеуі сөз байласады. 1927 жылы әкей Арыс өзенінің Сырдарияға құятын жеріндегі Сарыкөл деген елді мекенге келіп қоныстанады. Аң аулап, балық ұстап, тіршілік етеді. Сол кезде анамыздың аяғы ауыр екен. Бір күні әкей аңға шығар алдында қаруын тазалап отырғанда, мылтығы тосыннан тарс етіп атылып кетеді. Шешем оқыс дауыстан талып қалады. Содан бастап шешемнің құрсағындағы шақалақтың өсуі тоқтайды.Шарана қимылсыз қалады. Әкем мен шешем өзара ақылдасып, Баба Түкті Шашты Әзиз бабаның басына зиярат ету үшін аттаныпты. Осында олар үш күн түнейді. Үшінші күні іштегі шарана қимылдай бастайды. Әкем мен шешем әулие шапағатына дән риза болып, елге қуанып қайтады. Сол шарана мен едім. Сондықтан мен өзімді Теріскейдің төл перзенті санаймын. Әкем де теріскейлік. Шешем де теріскейлік. Мен де теріскейлікпін. Туған елге тағзым, әрі тарту ретінде бір тамаша ән шығаруды парызым деп жүруші едім. Сол борышымды өтедім-ау деп ойлаймын, – деп Шәмші аға сыр шертіп еді.
Үшбас өзенінің Қызылкөлге құйы­лар жерін Тасбастау деп атайды. Міне, осы маңда Қыз Назымның ауылы қоныс­таныпты. Қамбар батыр Арыстанды-Қарабас қыратының Үсіктас аңғарында туып, өскен. Демек, ол қазіргі Бәйдібек ауданына қарасты Үсіктас ауылының жігіті. Үсіктастың аңғарында «Қамбар сайы» деген сай бар. Жігіт пен қыздың ауылдарының арасында асу болғаны жырда былай айтылады:
Әзімбайдың ауылына,
Асатын тура жол еді.
Асудан арман түскенде,
Айдын шалқар көл еді.
Сол айдын шалқарыңыз біз сөз етіп отырған Қызылкөл. Демек, «Қамбар батыр» жырындағы оқиғаның өткен жері осы маң.
Құмкент ауылының маңайында тарихи орындар көп-ақ. Мәселен, Мойынқұмның Құмкент ауылына жал­ғасып жатқан жиегінде Сарыбас, Батырбай, Қо­быланды, Байқошқар деген тарихи атаулар бар. Батырбай осы елге белгілі би болыпты. Қобыланды эпостық жырдағы өзімізге жақсы таныс Қобыланды деседі көнекөз қариялар. Ол Қараспан тауын мекен етіп, Мойынқұмды қыстаса керек. «Қобы­лан­дының қобысы» деген жер содан қалған.
Сарыбас Баба Түкті Шашты Әзизбен замандас, мерген болған адам екен. Байқошқар да тегін адам болмаса керек.
Құмкенттен шыққан Жоламан, Жанай батырлар әлі күнге дейін ел аузында. Жола­ман бай, батыр, әрі сақы кісі екен. Керуен жолдың бойында отырған ол әрі өткен, бері өткен жолаушыларды күтіп алып, сыйлап жібереді екен. Керуен басшылары «Жоламан жолға қонар, құнан қойын сояр, ашыққан қарын тояр. Жете қону үшін түйенің мойнын соза тартыңдыр» дейді екен серіктеріне.
Жанай батыр қоқандықтардың езгісіне қарсы күрескен адам. Ол түнделетіп жалғыз аяқ жолмен жауға аттанатын көрінеді. Сондықтан, Жанай батыр жүрген жалғыз аяқ жолды кейінгі ұрпақ «Жанайдың жалғыз аяқ жолы» деп атап кетеді.
Өткен ғасырдың жетпісінші, сексенінші жылдарына дейін Құмкент ауылының маңайында қырыққа жуық көл болды. Ақжар, Исабай, Досан, Теспе, Үйреккөл, Қопакөл, Домалақкөл, Бүйреккөл, Егізкөл, Қоржынкөл деген көл орындары әлі де бар. Көл жағасындағы қамыс-құрақ арасында ілгеріде жолбарыс, арыстан жорытқан деседі. Ал, беріде қабандар үйір-үйірімен жүруші еді. Олар кеңшардың жүгерісіне өш болатын. Әкелеріміз бен шешелеріміз «жүгері арасына кірмеңдер, қабан жарып кетеді» деп сақтандырып отыратындары естен шыққан жоқ. Көлдердің балықтары таудай тулап жататын.
Баба Түкті Шашты Әзиз кесенесі басына қазақтың біртуар азаматтары – Қажымұқан, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Тәкен Әлімқұлов, Сайын Мұратбеков, Асанәлі Әшімов, тағы басқа да айтулы тұлғалардың келіп, тәу етіп кеткені белгілі.
Әзіреті Қаратаудың ел аузына алғаш болып алынатын әулиелері Баба Түкті Шашты Әзиз бен Ысқақ баб бабалардың басына барып, зиярат еткен соң, біз аудан орталығына бет алдық.

ҰРАСОҒАННАН ҰЗАҒАНДА

Шолаққорғанға кіре берістегі қақпа әрі өткен, бері өткен жолаушыларға түрлі ой салары анық. Мәселе – селоның Шолақ­қорған атануында. Кезінде көне жұртта үш қақпалы қала болған. Соның бірі қазіргі жазғы стадион орналасқан жерде 1970 жылдарға дейін сақталып тұрды. Алайда, көнені көксемейтін коммунистер «ескінің қалдығы» деп жалғыз тұрған қақпаны да жермен жексен етіп сүргізіп тастайды. «Қақпаны сақтап қалайық. Ертеңгі ұрпаққа көрсету үшін таптырмайтын жәдігер емес пе?» деген жанайқайыма аудан басшылары құлақ аспады. Қақпаны сақтап қала алмағаныма әлі де өкінемін» деуші еді жазушы, ақын һәм тарихшы Дулат Тұрантегі ағамыз. Қария­лардың айтуынша, қамал-қорғанның қалыңдығы 3-4 метрге, биіктігі 15-20 метрге жететін болған. Қақ­паның дарбазасы оюланған, әрі мықты болыпты. Қорғанның үстіңгі қабаты тіс-тіс, кертік күйінде сақталыпты.Білетіндер кезінде қақпа үшеу болған деседі. Қорғанның үшінші беткейі батпақты болған соң бұл тұстан жау келе алмайды деп қамал салынбаған сияқты. Сондықтан, саудагерлер «Шолақ қала», «Шолақ қорған» деп атап кетсе керек.
Ақын Нұралы Нысан­байұлының «Сауда Ишан» дастанында:
Тұрмысың аман-есен Шолақ қала,
Мұңлыға біз секілді қарап қана, – деген жолдар бар.
Дегенмен, Шолақ­қор­ғанның ежелгі атауы Ұрасоған екенін ұмыт­пауымыз керек. 1946 жылы Ә. Марғұлан басқарған археологиялық экспедициясы, 1947 жылы А.Н.Бернштам басқарған археологиялық экспедициясы зерттеген көрінеді. Олардың пайымдауынша, қала ХІІІ-ХV ғасырларда өмір сүрген. Жаугершілік замандарда қала күлтөбеге айналған. Қазіргі стадион тұрған тұста екі күмбез бар. Жергілікті халық оларды Ысқақ баб әулиенің қыздары – Бибі Мария мен Бибі Гауһардікі дейді. Кезінде осы жерде Бибі Мариям мешіті де бар екен. 1930 жылдары мешітті бұзып, кірпішін құрылыс қажеттілігіне пайдаланған деген де әңгіме айтылып қалады. Әйткенмен, беріде зиялы қауым өкілдерінің қолдауымен Бибі Мариям мешіті қалпына келтірілген.Осы жерге зиярат етіп келушілер әлі де үзілген емес.
Шолаққорғанға келіп тұрып, «Созақ-қария, Созақ-мінез, Созақ-өнер» деп туып, өскен жерін соңғы демі қалғанша сүйіп өткен аса дарынды жазушы, драматург, біртуар азамат Асқар Сүлейменовті еске алмау мүмкін емес. Бір ауыз сөзіне Созақ­тың тұтас тарихын сыйдырған қаламгер жайында кезінде замандас, қатарлас достары Дулат Тұрантегі, Өміртай Исаев, Әуесхан Қарауылов таңды таңға жалғап, тамаша әңгімелер айтар еді.
Ұрасоғанда, сондай-ақ, белгі­лі дра­матург, халықаралық кинофес­тиваль­дардың бірнеше дүркін лауреаты, жазушы Сатыбалды Нарым­бетов, дәулескер күй­шілер Жаппас Қаламбаев, Генерал Асқа­ров, қара сөзде ешкімге дес бермеген шешен Есіркеп Өмірбеков, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Марат Омаров, тағы басқалары дүниеге келген.
Есімізге аудан орталығы 1934 жылы Созақтан Шолаққорғанға көшірілгені түскен. Бір замандарда Екатерина екінші патшайым Пугачев көтерілісі болған аймақты, суларды соттапты деседі. Сол секілді Кеңес үкіметі Созақты жазалап, аудан орталығын осында көшірген. «Осы елден басшылыққа ешкім қойылмасын» деген құпия қаулы да шығарылған. 1930 жылдан 2000 жылға дейін осы қаулы күшін жойған жоқ. Созақ ауданын алғашқы басқару бақыты Созақбай Әбдіқұловтың маңдайына жазылды.
Әңгіме арқауы Созақ тарихына ойыс­қанда, Созақ ауданының әкімі Салы­хан Полатов пен орынбасары Бағдат Айдарбеков қосыла лекіте күлді. Созақ топы­­рағынан Абақ, Құлжан, Есім, Кәрі­бай, Жаманқара сынды батырлар, Ердес, Құлтас, Үсембай, Текей, Мырзабай сынды датқалар, Жүсіп, Шілмембет, Шойынбет сынды билер шыққаны еске түскен. Ал, әңгіме шаруашылық жағына ауысқанда, Бөрғазы Әлібеков, Көштен Бөрғазиев, Бұрқан Әметшеев, Жотабай Әділбеков, Төлепберген Тұяқбаев, Әбілда Жанысбеков, Үббі Тастанов, Жұ­бай Дәуітбаев, Қодас Арқабаев сынды Социалистік Еңбек Ерлері шыққандарын еске алдық.
Ұрасоғаннан ұзағанша, есімізге нелер ойлар келіп, кетпеді десеңізші. Шолақ­қорғаннан шыға бүйірлі қардың бауыры сөгілді. Қардың кей тұстары пышақтың қы­рындай жұқаланып, жер құйқасы көріне бастады. Сол жағымызда Келіншектау көлбеңдей жарысып, алыстан қол бұлғайды.

МҰЗАРТ ӨРКЕШ МЫҢЖЫЛҚЫ

Кербез Келіншектаудың көркем келбеті кісі қиялын көкке көтеріп, көпке дейін сол әсерден арыла алмай келе жаттық. Келін­шектау мен мұзарт өркеш Мыңжылқы аңызы көпке мәлім деп ойлаймыз. Сон­дық­тан, оларға терең тоқталғанды хош көрмедік. Алдымызда кәдуілгі Созақ жатты. Біз мінген жүйрік сауырын сипатпай жүйіткіп келеді. Сайын дала шыр айналып дөңгеленіп қалып барады. Сөзге шешен, ұшқыр ойлы Асқар аға бір кездері «Созақ» сөзі «суы ұзақтан» шыққанын айтып еді. Бұл аймақтың суы да, сыры да, жолы да ұзақ. Ал, ұзақ жолда әңгіме жол қысқартады.
Өркеш-өркеш тауларға талмаусырап қарағыштай бердік. Ана бір қырқада тауға қарай бір аттылы кетіп бара жатты. Менің есіме Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» деген әні түсті. Заманында Сәкен сері тау ішін күңірентіп, ақбоз жорғасын сылаңдатып, осы тұстан талай өткені белгілі. Ардағын аңсап күткен ару әсем әнді қазір де ояу тыңдап жатқан тәрізді.
Темір тұлпардың қанатына тиген тентек жел бірқалыпты сусыл шығарады. Сәкен серінің сұлу әні алыстан талып жеткендей. Айналама елеңдей қарадым.
Шыңғыс ханды таққа отырғызып, хан көтерген әскери қайраткерлердің бірі Саңғыл би Қозмолдақта жатыр. Шертпе күйдің шебері Төлеген Момбековтің мәң­гілік ты­ныс­таған мекені де осында. Төле­геннің арғы атасы Қожамжар шешен, әрі би болыпты.Саңғыл ұрпағының Ағысай ата­сынан тарайды. Момбектің әкесі Назар би.
Бірде Қожамжардың үйіне Теріскей өңірінің белгілі адамдарының бірі Оспан түседі. Ол биден «Не жаман?» деп сұрапты. Сонда Қожамжар:
Есерсоқ туған ұл жаман,
Парақор болса би жаман.
Шер тарқатпаған күй жаман,
Сөз асылын ұқпаған ми жаман, – деп жауап беріпті.
Төлегеннің «Салтанат», «Қаратау шерт­песі», «Қосбасар», «Қат-қабат», «Мың­жылқы», «Бозінгеннің бүлкілі», тағы басқа күйлері шер тарқатары сөзсіз. Қайран баба ұрпағының атақты күйші боларын сезді ме екен?
Сызған ауылынан академик Ісмет Кеңес­баев, абайтанушы, профессор Керімбек Сыздықов, Чехословакия аспанында жау ұшағын қақ бөліп түсіріп, ерлікпен қаза тапқан ұшқыш Құрал Рүстемов дүниеге келгені әңгіме арқауына айналды.

КҮЙ КҮМБІРІ. ТАРИХ КҮҢГІРІ.ҚАСІРЕТ ҮҢГІРІ

Орта Азияда діннің орнығуына елеулі ықпал еткен, түркі тектес халықтардың көрнекті тұлғасы, мемлекет қайраткері Қарабура әулиенің кесенесі – Созақта. Қожа Ахметтің жаназасын қара бурамен келген осы әулие шығарыпты деседі. Осындай әулие басына Құран бағыштап өту парыз.
Созақ көтерілісі хақында Мұха­меджан Рүстемовтен бастап, Дулат Тұ­ран­тегі, Өтеш Қырғызбаев, Жарыл­қасын Боранбаев, Сүлеймен Тәбірізұлы, тағы басқа да қаламгерлер жеріне жеткізе жазды. Мем­лекеттің тізеге салған зорлықшыл саясаты халықтың ашу-ызаға толы қарсылығын туғызады емес пе? Қатал режимге қар­сы бой көтерушілер қатары көбейе түс­ті. Созақтықтарды №7 ауылының стар­­шыны Сұлтанбек Шонақов бастап шықты. Ынтымақ ауылында жасы елулерге келген Сұлтанбекті ақ киізге көтеріп, хан сайлайды. Оған Сапарқожа ақ батасын береді. Кеңес әскері көтерілісшілерді басқаннан соң, Сұлтанбекке бата бергені, елді жаңа үкіметке қарсы үгіттегені үшін Сапарқожаны атып тастайды. Көтерілістің діни жұмыстарын Асатулла деген тәуіп басқарады. Оны ағылшын барлаушысы болған деген де әңгіме бар. Қарағұр жеріндегі Алтынтау, Күмісті, Мыңщұңқыр секілді қазба байлығы бар кен орындарын зерттеу үшін ол арнайы келген көрінеді.
Сұлтанбектің өмірінің соңы құпия. Оны жақтастары Қытай асырып жіберген деген дерек кездеседі. Бұған көтеріліске қатысушылардың бірі Мұса Әліұлының сөзі куә. Мұсаның ұлы Атыхан: «Әкем өлер алдында Сұлтанбек ханның Қытайға өтіп кетуіне көмектестім дейтін еді» деуінде үлкен гәп жатыр.1963 жылы Келес ауданына Қытайдан қазақтар, ұйғыр­лар көшіп келеді. Мақталы елді меке­ніндегі Жүсіпбек деген кісінің аузынан Бәйтен Жалмұхаметовтің жазып алған әңгімелеріне қарағанда, Сұлтанбек пен Жүсіпбек Қытайда көрші отырыпты. Жүсіпбек ұйғыр азаматы екен. Сұлтанбектің ұйғырлармен бірге отыруында терең сыр жатса керек. Өзін оқшау ұстап, ешкімге сырын ашпай отырғанына қарап, расында Сұлтанбек хан беріге дейін өмір сүрген-ау деп жорамалдауға негіз бар.
Мұхтар Әуезов шаңырағында болып, өнеріне тәнті қылған шертпе күйдің шебері Сүгір Әліұлы да Созақ топырағында жатыр. Қарабура әулиенің кесенесінен таяқ тастам жерде. Сүгір жас кезінде Ықы­­лас Дүкенұлымен кездесіп, оның «Қамбар», «Кертолғау», «Аққу», «Ерден», «Қасқырдың ұлуы» күйлерін үйреніп, домбырамен тартады. Кейіннен өзі де күй шығара бастайды. Тұңғыш күйі– «Телқоңыр». «Жолаушылап кеткен әке­сін ойлағанда, Сүгір шертіп отырған дом­бырасынан жаңылып қалды. Әкесінің кіржіңдейтін тұсы күйдің осы жері еді. Сүгір «Сірә, күйім дүмбілез білем?!» деп домбырасын керегеге сүйеп қойды» деп басталатын қазақ әдебиеті классиктерінің бірі Тәкен Әлімқұловтың «Телқоңыр» атты әңгімесі осы күйдің туу тарихын тамаша таратады. Жазушының бірқатар әңгімесі Сүгір шығармашылығына арнал­ған. Ал, ақын Бәтима Батырбекова «Күйші Сүгір» атты поэма, Бөрғазының Өскені «Сүгір күйші қызғаншақ болды ма екен?» деген дастан арнады.
Сүгір мен Мафруза қыздың күй тартысы жөнінде кезінде күйші Ергентай Борсабаевтың айтқаны бар. Күй тартыста Мафруза қыз жеңіледі. Әйткенмен, ол өте зерек күйші болған. Бір иірімде ғана ол Сүгір тартқан күйден сүрініпті. Сол күйдің аты – «Қосбасар». Осыдан соң, Мафруза Сүгірге арнап «Толғау» күйін тартады. Осыған жауап ретінде Сүгір «Керітолғау» күйін шертеді. Күйдің қайырма бунағы «дари-дари-дау» деп безек қағып, дірілдеп тұрып алғанда, жүрек шымырлатады, шыдам шідерін үзіп жібере жаздайды. Діңкеңді құртады, титықтатып, өкпеңді суырып ала жаздайды. Осыдан кейін күйші қыз «Телі емген қозыдай бірге болайық» деген ниетпен «Телқоңыр» күйін тартады. Күйдің өзек суырар шымыр ырғақтарына көңілі шалқыған Сүгір «Шалқыма» күйін табан астында шығарады. Қоштасарда Мафруза қонақтарына ақ жол тілеп, «Жолаушының жолды қоңырын» тартады. Кей зерттеушілер Сүгірдің «Тоғыз тарау» күйін екі ортадағы жолға байланысты шығарғанын жазды. Қалай дегенде де, Сүгір күйші Мафрузамен байланысқан серттің бұзылғанына өкініп өткен екен.
Созақта Ықылас, Сүгірден де бұрын өмір сүрген домбырашылар көп. Тоқа, Әлшекер, Бапыш, Оңдыбай, Рай, Дайрабай, Жұмабай, Есемберді, Иса, Ілияс деген күйшілер өткенін шежіреші Есіркеп Өмірбеков айтып отырушы еді. Созақта екі Дайрабай өмір сүрген. Дайрабайдың күйі «Дайрабай» дегенді жиі естуші едік. Дайрабайдың ақындығы да бар екен. Бетбақдала мен Сарыарқаның арасында Жетіқоңыр деген құм бар. Осы құмның Жиделі аталатын жерінде Құршу болысының болысы болған Оңдыбай Қожақұлы әкесіне арнап ас береді. Оған ақын, жыршылар, домбырашылар қатысады. Домбырашылардың ішінде Сүгір Әліұлының алдына түсер жан та­был­майды. Десек те, Шубай, Асан, Өскенбай, Қошқарбай сияқты жас дом­бырашылар ауызға ілігеді. Олардың қатары Ақтай, Жайыл, Кәрібоз, Бапыш, Рәсіл, Қилыбектермен толыға түседі.
Кемеңгер Мұхтар Әуезовтің «Созаққа барсаң күйшімін деме» деуі осыдан да шығар-ау.
Бүгінде Созақ жерінде тұрып жатқан Жүзбаевтар әулеті республикамызға кеңі­нен танымал. Отағасы Әлімхан шебер күйші. Осы Әлімхан Жүзбаевтың Жанғали, Ерғали, Дәулетқали, Сәрсенғали, Дәулет атты ұлдары бар. Жанғали әуелі Жезқазған музыка училищесін, кейіннен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын бітірді. Қазір Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде шәкірт тәрбиелеп жүр. Сәрсенғали да Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының түлегі. Бүгінде Т.Жүргенов атындағы Өнер акаде­миясында дәріс береді. Сәрсенғали да күйші. Еркеғали Созақ ауданындағы А.Жұбанов атындағы музыка мектебінде ұстаздық етеді. Әлімханның қызы Айгүл де домбыраны ағаларынан қалыспай тартады. Ал, Жұпардың бойына домбырашылықпен қатар ақындық қонған.
Тақсыр тарихқа сөз берелік. 1755 жылы Италия монахы Рубон осы өлке арқылы Қарақорымға сапар шегеді. ХІІІ ғасырдың ортасында армян патшасы Гетумның моңғолдың ұлы ханы Мөңкемен кездесу үшін жасаған сапарында арнайы күнделік жүргізген. Елшілік моңғол астанасы Қарақорымнан қайтқан сапарында Созақ, Сауран, Отырар қалаларын хатқа түсірген. Соның ішінде Құмкент, Қарашық, Ясы, Зернук, Сугулкент қалалары да аталады.
1465-1469 жылдар аралығында Керей мен Жәнібектің ордалары Созақ қаласында тігілгенін сөз басында айтып өттік. Әбілқайыр ханның өлімінен соң басталған билік үшін таласта хан ордасы Созақ қаласынан көшіріледі.
Созақ қаласы маңайында тағы бір шаһар болған. Ол Тарсатөбе аталыпты. Мұны Әлкей Марғұлан жазбалары мақұлдайды. Созақ – Қаратаудың теріскейінде Деш­ті Қыпшақ даласынан Түркістан мен Отырарға, Сауран мен Сайрамға, батыс жақтағы Аралдың маңайындағы қала­ларға, Шу мен Таластағы ірі сауда орта­лық­тарына апаратын жолдың түйісер тұсына орналасқандығымен маңызды. Керуен басшылары Аралға Суындық, Ақбикеш асулары арқылы өткен. Жоңғар шапқыншылығында Созақ ірі бекіністердің біріне айналады. Қоқан билігі кезінде де қала жойылып кетпей, өз тіршілігін жалғастырған. Созақтағы «Хан мазары» деген киелі жерде Әбілқайыр мен Ер Жәнібек секілді хандардың сүйектері жатыр.
1618 жылы Тәуекел хан Созақта кеңес өткізеді. 1778 жылы Абылай хан Созақта болды деген дерек бар.
Қаратаудың батыс сілемдері түгесілер тұста биік жотаның басында Ақбикеш мұнарасы алыстан менмұндалап, өзіне шақырады. Шараф әд-Дин әл Жүздінің «Зафар-намасында» («Жеңіс кітабы») Әмір Темірдің 1389-90 жылдарындағы Тоқтамысқа қарсы жорықтарын сипатта­ғанда, Дешті Қыпшақ даласын бақылап отыру үшін қарауыл мұнарасы ретінде салынғаны айтылады. Ал, жергілікті аңызда Қаратаудың солтүстік беткейін мекен еткен кіші жүз құрамындағы Байұлы тайпасының Алшын руынан шыққан көріпкел, ер­жүрек, батыр қыз. Оны Бұқара, Қашқар уәлаяттарына, Құба қалмақ жорықтарына қатысқан деседі. Ақбикеш қиядағыны қалт жібермей, көре қоятын қырағы қыз екен. Сыртқы елдің басқыншылары қанды жорық жасап, елді шапқанда, Ақбикеш ер-азаматтармен қатар, бостандық соғысына қатысып, ерлік көрсетіп, жау қолынан мерт болады. Халық бостандық үшін оққа ұшқан ару қызды ардақтап, оған Қаратаудың биік жотасынан мұнара тұрғызады.
Міне, осы ауылда 1894 жылы мем­лекет және қоғам қайраткері Сұлтан­бек Қожанов дүниеге келді. Ташкент мұғалімдер семи­нариясы мен Мәскеу БК (б) П Орталық Комитетінің марксизм-ленинизм курсын бітірген ардақты азаматтың өмір жолы оқырманға жақсы таныс болғандықтан, сөзді көп созбалық. Ерекше бір атап өтер­лігі, ол 1917 жылы көктемде Ташкентте Мұстафа Шоқаймен, қазақтың басқа да зиялы адамдарымен бірге «Бірлік» газетін шығарады. Кейін «Ақ жол» газетін ұйымдастырып, оның алғашқы редакторы болады.
Сұлтанбек Қожановтың қайрат­керлігі жөнінде қысқаша тоқталғанда, БК (б) П Қазақ өлкелік комитетінің екінші хатшысы кезінде оның тікелей ұсынысымен Кеңес­тердің бірінші сьезі шақырылып, патшалық тұсында бұрмаланып, қалыптасып кеткен «киргиз» деген атты «қазақ» деген төл атауына қайтаруын ерекше атап өткеніміз жөн. Сондай-ақ, астаналық қала атын Қызылорда деп өзгертуі де үлкен ерлігі еді. 1918 жылдың қараша айынан бастап, Түркістан, Жаңақорған, Созақ, Қызылқұм, Шиелі өңірлері жерінде ашыққан адамдарды тамақтандыратын арнайы орындар ашуды ұйымдастырғаны белгілі.
«Айғақ» телеарнасының бас дирек­торы, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәс­лиха­тының депутаты Дулат Әбіштің жетекшілігімен Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларына арнайы экспедиция ұйымдастырылып, осы құрамда аталған шаһарларда болудың сәті түсті. Сонда Мәскеудегі Коммунарка зиратында Сұлтанбек Қожанов, Тұрар Рысқұлов және Нәзір Төреқұловтың жерленгенін білдік. Үш арыстың басына Дулат Назарбекұлы арнайы тақталар қойдырған екен. Осы тақта маңына гүл шоқтарын қойып, әруақтарға Құран бағыштадық. Бұл жер Мәскеу ішкі істер комиссары Ягоданың көп саяжайларының бірі болған. 1999 жылға дейін «Лоза» деген құпия атпен аталып келген зиратта 6,5 мың адамның сүйегі жатыр. Солардың 4327-сінің ғана аты-жөндері белгілі. 1938 жылы 10 ақпанда Сұлтанбек пен Тұрар Рысқұлов бірге атылады. Иә, күй күмбірі тарих күңгірін тебірентті. Қасірет үңгірінен шыққандай тұла бойымыз қалтырады.
Созақта жер бедерінің түрленуіне сәйкес, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі ерекшелене түседі. Жазиралы жазығында жусан, күйреуік, баялыш, бетеге, арпабоз, селеу, қоңырбас, саған, саздауытты жерлерінде бидайық, қияқ, сортаңды тұстарында көкпек, бұйырғын, барқын шөптері кездеседі. Шағыр жусан, қара сора, алабота, балықкөз, торғайоты да ұшы­раса­ды. Көкшеқұмда сексеуіл, жыңғыл, жүзген, түйесіңір, құсқонбас, изен, селеу, қызыл жусан, жаңтақ, теріскен, түйетікен өседі. Өзен бойларында қамыс, қоға, қара өлең, ажырық, ақбас, тағы басқа өсімдіктерді көре аламыз. Ерте көктемде жауқазын, ешкішайыр, қырықбуын шығады.
Құм қойнауындағы ауылдарға жақын­даған сайын, кәріқұлақ қариялардың әңгімелері санамызда қайта жаңғырып келе жатты. Соның бірі Өлке сақы жайлы әңгіме. Бірде оның үйіне Қуандық деген кісі жүз адамымен түседі. Сонда Өлке қонақкәдесін жасап, жүз кісіге бір түсті ыдыспен тамақ береді. Екінші тамақ келгенде басқа түсті бірыңғай ыдыспен тамақ әкелген екен. Сонда, Қуандық разы болып: «Атыңды Өлке деп келте қойған екен» деп ризашылығын білдіреді. Тағы бірде Өтжан деген кісі жүз жігітпен келіп түседі. Өлкені сынамақ болған ол жігіттеріне «шылбыр, дорба, тұсау жіп алмай шығыңдар» дейді. Мұның мәнісін сұрағандарға: «Өлке ет пен қымызға саспайды. Бір састырса сендер алмай шыққан бұйымдар састырады», – депті. Өтжан бір қонып аттанады. Кетерінде «жігіттер асығып жүріп, шылбыр, дорба, тұсау жіп алмай шығыпты» дейді. Сонда Өлке саспастан, үш дорба алып шығып, «мынадан керектілеріңді ала беріңдер» депті. Жолда Өтжан разы болып: «Өлкені Өлке демей өзен десе де болады» деген екен.

ТАҢБАЛЫ ТАСҚА ТОҚТАҒАНДА

Шу бойынан қайтқанда, Жуантөбе ауылының өкпе тұсында жатқан Таңбалы тасқа арнайы соқтық. Осыдан бірер жыл бұрын да «Айғақ» телеарнасының бас директоры Дулат Әбіштің ұйымдас­ты­руымен құрылған экспедиция Қабақ аталатын осы жерде болғанбыз. Бұл жерді Таңбалы шұбар деп те атайды. Кезінде Мәшһүр Жүсіп Көпеев «Бетпақдалада «Таңбалы шұбар» деген жер бар. Сонда тасқа басылған таңбалар бар. Қазақтың таңбалары талас болса, сол тасқа барып қарасады. Мұнан бұрын сағымнан пайда болған Шыңғыс хан да токсан екі баулы қыпшаққа таңба үлестіріп, ұран қойып берген деседі» деп жазыпты. Таңбалы тасты алғаш зерттеген ресейлік ғалым А.И. Шренк. Оның пікірін­ше, Таңбалы тас тарихы тек Алаша хан заманына ғана емес, одан берідегі Оғыз хан (Уыз хан) заманына қатысты болып шығады. Үш жүздің игі жақсылары, батыр­лары, би-болыстары осы жерде бас қосып, кеңес өткізген. Мұнда мемлекеттік маңызды мәселелерден бастап, қай тайпа қай жерді мекен етуі керек екені де шешіліп отырылған.
Ұзақ жолда түрлі тақырыптар төңірегін­де әңгімелер тарқатыла келіп, Теріскейдің тоқсан жылдығына ойысты. Қазақ АСР Халық Комиссарлар Кеңесінің 1928 жылғы 3 қыркүйектегі қаулысымен Созақ ауданы өз алдына шаңырақ көтереді. Алғашында 46 колхоз ұйымдастырылады. 1935 жылы олардың саны 49-ға жетіпті. 1951-1952 жылдары олар 12 колхозға топтас­тырылады. Кеңес үкіметі тұсында Созақ ауданы бүкілодақтық социалистік жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы атанды. Табиғаты тарпаң, жері сортан, құмы мылқау болып келетін осынау аймақта тұратын әрбір адамға орден бері­луі керектігін Мәскеуден, Алматыдан, Шымкенттен келген өкілдер айтып кетуші еді. Бірақ, олардың көбісінің ас ішіп, аяқ босатып кеткені болмаса, анау айтқандай көмектері тие қойған жоқ…

ТҮЙІН

Иә, Созақтың сыры да, жыры да, жолы да таусылмайды. Талмай жүргенмен, талай бел мен белесті асқанымызбен, жолдың түгесілуі оңайға соқпады. Бір қырынан соң, бір қыры, бір жотасынан соң, бір жотасы алдыңыздан шығып, керіле созылып, жатып алады. Ша­ғылдан соң шағыл шығып, шыдамыңызды да шағып тастағандай шаршаңқы күй кешіп келеміз. Әйткенмен, көкірек күмбезінде көтеріңкі күй ойнайды. Бұл Теріскей тұр­ғын­дарының бүгінгі заманға сай бай тұр­мыстарына деген сүйіспеншіліктен туған күй еді. Тоқсаныншы торқалы тойына дайын­далып жатқан Теріскей тұрғындары Тәуелсіздіктің әрбір ақ таңын тағатсыздана күтеді.
Теріскей, айналайын келбетіңнен,
Сен бізге ақ бесіксің тербетілген.
Машина моторының бірқалыпты дауы­сына ілесіп, біз ән салып келе жаттық. Бұл-Қуаныш, Туған жерге. Атамекенге деген ынтық көңілден туған ықылас еді.
Тарихы терең, еңбеккерлері ерен, қариялары шежіреге кенен, жастарының армандары дөнен Теріскей даласы ерекше түрге еніп, көңіл кептерін көкке әуелетіп әкетті.
Сырлы, сырбаз Созақ – тарихтың айтары әлі түгесілмеген еді…
Біз Созаққа сапарымызда аудан басшысы Салыхан Сабырұлымен жолықтық. Одан ауданның бүгінгі жетістіктерін сұрадық.

ТЕРІСКЕЙ ТАБЫСТАРЫ

Аудан әкімі қызметіне келгеніне бір жыл болмаған Салыхан Полатовтың бастамасымен бірнеше жобалар атқарылыпты. «Тәуелсіздік» саябағы, балабақша, спорт­тық нысандар, асфальт жолдар, қайта жөндеуден өткен орталық саябақ осы сөзі­міздің дәлелі. Созақтықтар Тәкен Әлім­құлов, Асқар Сүлейменов, Төлеген Тоқбергенов, Бәтима Батырбекова сынды алыптардың мерейтойларын абыроймен өткізу қамына кірісіп кетіпті.
Ауданда дамыған негізгі бағыттардың бірі – ауыл шаруашылығы. Мемлекеттік «Алтын асық» бағдарламасы бойынша, 4170 тұсақ алынып, меже 185 пайызға, «Құлан» бағдарламасы бойынша, 630 бие алынып, меже 100 пайызға, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша, ауданға 1608 мүйізді ірі қара малын асылдандыру белгіленсе, есепті мерзімде бұған 1608 мүйізді ірі қара ана­лығы тартылған. Биылғы тапсырманы орындауға толықтай мүмкіндік бар.
Өткен жылы аудан бойынша 12 мың 957 га егістік жер игеру межесі белгіленген, теріскейлік шаруалардың тынымсыз еңбе­гінің нәтижесінде 13 мың 5 га алқапқа егіс егілді. Оның ішінде 5 мың 156 га суармалы жер игерілген.
Суармалы жер көлемін ұлғайту бойынша, 300 гектар алқапты айналымға қосу тапсырмасының 355 гектар алқабы жайы­лымдық жерден суармалы егістік түріне ауыстырылған. 2017 жылы «Ақсүмбе» су тоғанына 122,5 млн. теңге және «Бақырлы» су тоғанына 119,5 млн. теңге, барлығы 232,0 млн. теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ауданда жалпы 26 ауыл шаруашылығы кооперативі ашылды.
Былтыр Жеңістің 72 жылдығы мен Қазақстан Республикасы Қарулы Күш­терінің 25 жылдығында созақтықтар аудан тарихын түгелдеп, орталық саябақтағы Созақ ауданынан Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгерлерге арналған мемориалды тақтаға толықтай жаңарту жұ­мыстарын жүргізді. Нәтижесінде 1941-1945 жылдардағы соғыс даласына аттанған 6000 ардагердің есімімен қатар, ауған соғы­сына қатысқан 32 азаматтың аты-жөні түгелдей жазылды.
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік мерекесіне орай, Шолаққорған ауылында «Тәуелсіздік» саябағы пайдалануға берілді. 2,18 гектар жерді алып жатқан саябақта Тәуелсіздікті айшықтайтын монумент, 30 метрлік тұғырда көк байрақ орнатылған. Серуен жолы, су бұрқақтар, жол айырықтар салынған.
Аудандағы индустриалды аймақта жалпы құны 1 млрд 204 млн. тг құрайтын 5 жоба іске қосылып, жұмыс жүргізілуде. Аудандағы индустриялды аймақтың инфрақұрылымына 290,1 млн теңге жұмсалса, бүгінгі таңда аймақтағы жобалардың салық есебінен индустриялды аймаққа жұмсалған қаржы толықтай бюджетке қайтты. Мәселен, 2017 жылы индустриалды аймақта 917 млн теңгенің өнімі өндіріліп, аудандық бюджетке 99 млн. 300 мың теңге қаржы түсті. 95 жаңа жұмыс орны ашылған.
Шолаққорған ауылының орталығындағы С.Қожанов көшесі бойына, «Айшуақ», «Балауса» балабақшаларына, А.Сүлейменов және А.Байтұрсынов мектебіне баратын көшелеріне аяқ жолдар салынды.
Шолаққорған ауылындағы 7,1 шақырым Түркістан-Созақ автомобиль жолының жұмыстары аяқталды. Аудандық маңызы бар 5 шақырым Қарабұлақ-Балдысу автомобиль жолы биыл пайдалануға беріледі.
Былтырғы жылы 35,2 шақырымды құрайтын 28 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал биылғы жылы жалпы ұзындығы 42,1 шақырымды құрайтын 34 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Өткен жылы екі жекеменшік балабақша, Шолаққорған ауылында 75 орындық «Асыл-Ай» бөбекжай-балабақшасы мен Созақ ауыл округінде «Айдын» бөбекжай-балабақшасы пайдалануға беріліп, 175 бала балабақшамен қамтылған. Биылғы жылы «Балапан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша, 3-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен 90,1 пайыз қамту көзделіп отыр. Оқушылардың білімі мен тәрбиесін одан әрі жақсарту мақсатында 3-ші, 6-шы, 8-ші және 10-шы сыныптар кітаппен 100 пайыз қамтамасыз етілетін болады. Биыл аудан мектептерінен 1400 баланы жазғы сауықтыру орнына жібер­мек. Сонымен қатар, балалар жазғы сауықтыру орталығын ашу мақсатында арнайы жер таңдалып, қазіргі таңда құ­жаттары рәсімделуде. Аталған жоба бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында соғылады.
Былтыр 6 спорт алаңшасы пайдалануға беріліпті. «Инкай» ЖШС-нің демеуші­лігімен Шолаққорған ауылында спорт нысаны, Құмкент ауылында балалар ойын алаңы ел игілігіне берілген. Сонымен қатар, Шолаққорған, Тасты, Таукент, Қаратау ауылдарында спорт алаңшасы ашылған.
2017 жылы созақтық спорт саңлақтары үлкен жетістіктерге жетті. Қобыланды Орынбасаров гір тасын көтеру спортынан жастар арасында әлем чемпионы, Мұрат Серікбаев ардагерлер арасында әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Айдос Құлманбетов ересектер белбеу күресінен әлем чемпионы болды. Дәмен Даурен белбеу күресінен әлем чемпионатында жеңімпаз атанды. Сондай-ақ, Жанділдаев Мақсат әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды. Перизат Кәдірбекова жастар арасында дзюдо күресінен өткен Азия чемпионатында жеңімпаз атанды.
Сондай-ақ, биылғы жылы демеушілер есебінен ауылдық округтерде 10 футбол алаңын және 2 балалар ойын алаңшасын салу жоспарланып отыр. Шолаққорған ауы­лынан Сұлтанбек Қо­жанов мұражайының құрылысы басталады. Балдысу елді меке­ніндегі Ж.Жабаев атындағы орта мек­тебінің, Құмкент ауыл­дық округінен спорт ғимаратының, қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигон құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ, Шолаққорған, Сызған, Қызылкөл ауылының орталық көшелерін жарықтандыру жұмыстары жүргізіледі.
Президенттің бес әлеуметтік бастамасында айтылған бірінші «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бастамасы бойынша, Шолаққорған ауылынан 10 пәтерлі 2 тұрғын үй, Созақ ауылынан 10 пәтерлі 1 тұрғын үй құры­лысының жұмыстары басталады.
Сондай-ақ, Шолаққорған – Жеткеншек бағытында 2 қабатты 14 үйдің құрылысын жүргізуге ЖСҚ дайындалып, мемлекеттік сараптама қортындысын алу жұмыстары жүргізілуде.
– Шолаққорған ауылынан «Ишан бұлақ», «Ақшам» мөлтек ауданындағы демалыс саябақтарының құрылыстары аяқталады. Астананың 20, ауданның 90 жылдығына орай, Қарағұр, Жартытөбе ауылында саябақ салынады.
Аудан елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша, ЖСҚ әзірлеуге, жергілікті бюджеттен 78 млн қаржы қаралған. Қазіргі таңда мемлекеттік сараптама алуға ұсынылды.
Созақ ауданы бойынша, 35 елді мекен­нің 23-не ауыз су құбыры жүргізілген. Оның ішінде, 16-на ауыз су тәулігіне 24 сағат беріледі. Қалған 7 елді мекенде су уа­қытпен берілуде. Биылғы жылы Шаға, Қайнар, Абай, Ақсүмбе, Көктөбе, Раң елді мекендеріне ауыз су құбыры құрылысын жүргізуге облыстық бюджеттен 399 млн. теңге қаржы бөлінді.
Ауданда маусым айында шертпе күйдің шебері, дәулескер күйші Сүгір Әліұлының 135 жылдығына орай, облыстық «Күй құдіреті» байқауы ұйымдастырылса, 15 қыркүйекте Шәмші Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» облыстық ән байқауы өткізілді.
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру, Оңтүстік Қазақстан облысының 85 жылдығына, «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесіне, «Түркістан 2017 жыл – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылына орай, Шымкент қаласында өткен облыстық «Туған жер-алтын бесі­гім» атты облыс бойынша ауданаралық мәдениет күндерінде Созақ ауданы 1-орынды иеленіп, жеңіл автокөлікпен марапатталғанын атап айта кетуіміз керек.
«Ұлт жоспары -100 нақты қадам» 98 бағдарламасын жүзеге асыруға қатысты ұсыныстарға сәйкес, дербес бюджетті мемлекеттік бюджеттің IV деңгейі ретінде халық саны 2000 адамнан асатын кент, ауылдық округтерде 2018 жылдың 1 қаң­тарынан бастап, 2020 жылдан бастап барлық жерде жасақталатын болады.
Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап, 10 әкімшілік бірлікте дербес бюджет енгізіліп отыр.
Бұл өзгерістер жергілікті өзін-өзі бас­қару органдарының салық базасын өсі­рудегі мүддесін арттыруға, қосымша кіріс көздерін айқындауға мүмкіндік береді.
Аудандағы Ұлы Отан соғысының 6 ардагеріне «Нива» автокөлігін алып беру көзделуде.
Созақ ауданының «ДЕМЕУ» мүге­дек­тер қоғамдық бірлестігі құрылды. Қоғамға Созақ ауданы әкімінің қолдауымен Шолақ­қорған ауылынан 2 қабатты ғимарат алы­нып берілді. Бірінші қабатында инватакси тұрады. Олар Шолаққорғанда тұратын I-топтағы мүгедектер мен бала жастағы мүгедектерге тапсырыс бойынша әлеуметтік қызмет көрсетеді. Сондай-ақ аяқ киімдерді жамап, бүтіндейтін шебер жұмыс істейді.
Теріскейліктер тынымсыз тірлігімен 90 жылдық торқалы тойға дайындыққа қызу кіріскен. Биылғы жылы да өңірді көркейтуге байланысты тың бастамалар жалғасын таба бермек.

Алдыңғы «
Келесі »

1 Пікір бар

  1. Тамаша жазылған! Созақты өзгенің көзімен көру!

Пікірлерге тыйым салынады.