ОТЫРАРҒА АРАША ТҮСКЕН – МҰХТАР ӘУЕЗОВ

  • 22.05.2018
  • 848 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Кеңестік дәуірде өзі абақтыны да, бір топ жазғандары «қамауды» да көрген, бірақ, сағы сынбай, тұлғалық кейпін жоғалт­пағандардың бірі және бірегейі Мұхтар Әуезов десек қателеспейміз. Дін­мұхаммед Қонаев бірде жазушыға «талай мәрте Жоғары Кеңес депутаты болдыңыз, енді, Коммунистік партия қатарына өтіңіз» дегенде ол «Димашжан, мен «Алаш» партиясы қатарында болып абақтыға қамалдым. Енді, еш партияға мүше болмай-ақ қояйын» деп бас тартыпты. Жала жабылып, қырғыздың Манасы да, қазақтың Жамбыл Жабаевы да терістелген шақта араша түсіп, зиялылығын танытқан Мұхтар Әуезов болатын. Ал, жазушының көне Отырарды талқандаудан аман алып қал­ғанын екінің бірі біле бермейді…
Байырғы қала орны ХХ ғасырдың ортасында, дәлірек айтсақ, 1960 жылы техникамен қопарылып, құрып кету қаупі алдында болды. Себебі, Отырар ескерткіштеріне қорған болғандар да біз осылай еттік деп көкіректерін ұрып, ешқайда барған емес-ті. Болған жағдайды біз алдымен сол кезде жап-жас бала болған, Отырартөбені бұзып, қыш ал деген тапсырманы орындау­шы, жұмысшылар бригадирі, Шәуілдір ауы­лының тұрғыны Ибраһим Бронның аузынан тірі кезінде естіген болатынбыз. Бұл кісіні көбіне ауылдастары Фома деп те атайтын, Отырар ауданында біраз уақыт колхоз басқарды, Қызылқұмға Молдавиядан Совет өкіметі күштеп көшіріп әкелгендердің бірі. Фоманың қазаққа сіңісіп кеткені соншалықты өзін дүние салған соң, мұсылманша жерлеуді өсиет еткен екен. Естуімше, сол тілегі қабыл болыпты.
ХХ ғасырдың 60-шы жылдары Арыс совхозының директоры Табитов деген кавказтектес біреу болған. Оның бұдан бұрын да көне ескерткіштерге бай Түрк­менияда қызмет жасап жүрген кезінде құрылыс үшін қажетті кірпішті байырғы ғимараттарды бұзып алып пайдаланған тәжірибесі бар атқамінер екен. Ескі тәсілді пайдаланбақ мақсатында ауданның қарияларынан қай жерден қыш алуға болатынын сұрап, олардан көне Отырар орнын анықтап алған соң, ол Отырартөбе үстіне трактормен қоса, жұмысшылар бригадасын жіберіпті.
Отырартөбенің үстінде қыш алу мақ­сатында ескерткішті тас талқан ету жұ­мыстары басталады. Бұл жағдайды көзбен көріп, бей-жай қала алмаған Қоғам ауылындағы мектептің биология пәні мұғалімі Әкімқұл Әбдірайымов (қазіргі әйгілі «Шаншар» театрының негізін қалаушы Уәлибектің әкесі) «Білім және еңбек» журналына хат жазады. «Отырар төбеде гүрілдеген тракторды, қолдарына күрек ұстап, жұмысқа қызу кіріскен адамдардың жүргенін көрдік. Бұл бұрынғы Отырар қаласының орны еді. Төбеден 70 машинадан астам әдемі күйген кірпіштер шықты. Оның кейбіреуінің бетінде 1219, 1220 деген цифрлар бар. Қазылған жердің тереңдігі 8-9 метрдей… Кірпіш алынған жерлер тереңдеген сайын, күйген ағаш, майда тыйындар, оюлы кеселердің сынықтары, 50 литрлік су құятын құмыралар, ірі жануарлар сүйегі, тағы басқа заттар табылды. Біздің мектеп оқушылары сабақтан тыс уақыттарын осы төбеде өткізеді. Олар тауып алған бір кесек күкірт, жанған ағаш көмірі, арабша жазылған тыйындар, кірпіш шыны сынықтары, темекі тартатын мүштекті редакцияға жолдап отырмыз. Ал, жіберуге болмайтын заттар мектебімізде сақталып тұр», – деп аяқтайды хатын Әбекең.
Ибраһим Бронның айтуынша, Отырарды кірпіш таусылғанша алуды жоспарлаған совхоз директорының бұйрығын Мұхтар Әуезов тоқтатыпты. Қазу жұмысы жүріп жатқанда, ғұлама жазушымыз келіп қалады. Отырартөбедегі сұмдықты көргенде, Мұхаң куәлердің айтуынша, кейіп кетіп, «варварлар» деп, яғни, жабайылар деп ұрсыпты. «Осыдан соң, біз Отырардан қыш алуды тоқтаттық», – дейді Ф.Брон. «Білім және еңбек» жур­налының 1961 жылғы, 4 санында ауыл мұғалімі Әкімқұл Әбдірайымовтың хатымен қоса, әйгілі археолог, академик Әлкей Марғұланның мақаласы жарияланды. Мақалада Отырарда Мұхтар Әуезовтың болғаны айтылады. Академик «Алыстан көрінетін осы зәулім үйіндінің өзі көпшіліктің көңілін тартып, «осында ашылмай жатқан бір сыр бар-ау!» дегендей, Отырар қаласының тарихи маңызын көзге елестеткендей болады. Сырдария бойына барған адамдардың мұны көрмей кететіні кемде-кем-ақ! Өткен жылы бұл тарихи орынды жазушы Мұхтар Әуезов те барып көріп, «зерттеуге тұратын мүлік екен», – деп кеткен», – деп жазады. Осыған қарағанда, ғұлама жазушы 1960 жылы Отырарда болған. Академик Отырартөбенің бұзылып жатқанын қынжыла жазады: «Бірақ, бұл қымбатты қазынаға Шәуілдір ауда­нының кейбір шаруашылық орындары соңғы 20 жылдың ішінде қол сұғып, оның ғасырлар бойы сыр болып келе жатқан мүлкін бұза бастады. Аудандық мекемелердің кейбіріне кіргенде, оның еденінің осы Отырар қаласынан алынған кірпіштен төселгенін көресіз. Кірпіш іздеу мақсатымен рұқсатсыз қазылған бұл қаланың орнынан қаншама қымбат заттар, оның ішінде, искусство бұйымдары шықты десеңізші! Бірақ, ғылыми әдіс­пен, ретімен қазылмаған соң, олардың барлығы эксковатордың екпінімен тас-талқаны шығып, іске алғысыз болып қалған. Отырар қаласының күрделі жерін рұқсатсыз қазып, одан 70 машина тасып алғанша, Шәуілдір ауданының әкімшілік орындарының үндемей, тыйым салмай қалғанына таң қалуға болады».
Атақты археологтар Кемел Ақышев, Карл Байпақов, Лев Ерзакович бірлесіп жазып, 1972 жылы басылған «Ежелгі Отырар» атты монографияда Отырартөбе сипатталып, ондағы тонаушылықпен жасалған шұңқырлар туралы айта келе, көне қаланың орталық бөлігінде ұзындығы 20 м, ені 3 м, тереңдігі 2 м траншея бары айтылады. Және оны жергілікті тұр­ғын­дардың айтуынша, күйдірген қыш алу мақсатында бульдозермен қазғаны көрсетіледі.
Ибраһим Броннан төбені қазғанда қандай құрылысты бұздыңыздар дегенде, қабырғалары лотос гүлімен өрнектелген еді деп жауап берді. Біздің болжамымызша, бұл атақты Әмір Темір қайтыс болған Отырар билеушісінің Бердібек сарайының көрінісханасы болған. Шараф ад-дин Әли Йаздидің «Зафар-намесі» атты қолжазбасында Темірдің Отырарға келуі былай суреттеледі: «Сейхун жағасынан аттанған Темір сәрсенбі 12 раджаб күні Отырардағы Бердібектің сарайына келіп тоқ­тады. Барлық ханзадалар, әмірлер және Темірге жақын болып саналатындардың әрбірі жеке бөлмелерге орналасты.
…Осы кезде Темірге көптен бері Дешті Қыпшақ даласында бір жерге қаңбақтай тұрақтай алмай жүрген Тоқтамыстың ескі қызметшісі – Қарақожа келді. Сол күні Темір көрінісханаға салтанатты түрде кіріп, биік таққа жайғасты. Оның оң қол жағына Үгедей қағаннан тараған Танзи оғлан, Жошы ханнан тараған Бастемір оғлан мен Шекіре оғлан, сол жағына ханзадалар Ұлықбек, Ибраим сұлтан, Ай­джеля отырды. Тоқтамыс елшісін әмірлер Бердібек, оның ағасы Шайх Нұр ад-дин, Шах Мелик, Қожа Жүсіп алып кірді».
70 машина қыш алынған жерде не болған? Ибраһим Броннан қабырғалары лотос гүлімен өрнектелген деп сипаттаған қыштан өрілген құрылыс Бердібек сарайының көрінісханасы болса керек деп болжаймыз. Бердібек сарайының ең салтанатты бөлігі – көрінісхана өз қалпында жетсе, Отырар қазір туристік Мекке болары анық. Өкінішке орай, қазақ жерінде байырғы билеушілердің сарайы сақталған орын жоқтың қасы.
Мұхтар Әуезовтың тікелей араласуымен Отырартөбенің бұзылуы тоқтап, сарайдың қалған бөліктері, басқа да жәдігерлер аман қалды деуге негіз бар. Кейде ойлаймын, дәл сол заматта Мұхаң келмей қалып, Отырардан қыш алу жалғаса берсе не болар еді? Қазіргі археологтар ғылыми қазба жүргізіп, ашқан жәдігерлер болар ма еді, өзіміздің, не шетелдің туристеріне не көрсетер едік?
Отырарға араша түсуі – Мұхтар Әуезов­тың өз ұлтының, адамзаттың перзенті екенін тағы да паш етті. Мұхтар Әуезовтың 20 жасында жазған мына жолдары өмірлік бағытын көрсетіп тұрғандай: «Адамда екі түрлі қылықтың жолы бар: бірі – тіршілік қамы, бірі – адамшылық қамы. Барша дүниедегі пайда-мақтан әуелі басыма болса немесе туысқаныма, ең болмаса, аталасыма болса деп неғұрлым өзіне қарай тартып, талап қылу, бұл бір ғана тіршілік қамын көздеген хайуани салахият деп айтылады. Екінші, менен жақсылық тарап, адам баласына әлім келгенше пайдамды тигізсем екен деген жол. Бұл инсаният, яғни, адамдық жол».

Мұхтар ҚОЖА,
т.ғ.д., Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Археология ғылыми-зерттеу орталығының жетекші ғылыми қызметкері.
Гүлжанат Байсариева,
Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің ғылыми
қызметкері

Алдыңғы «
Келесі »