Шимай философиясы

  • 17.05.2018
  • 694 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Ғарифолла Есім,
академик, жазушы

 Эссе

Есі толық енбеген бала қолына қарындаш, қалам алса ақ қағаз бетін шимайлай бастайды. Бұл керемет. Алғашқы шығармашылық ізденіс. Өзін өзгеге таныту тәсілі. Сәбидің «мені» қалыптасып келеді. Қолға қалам алу шимайлау сәбидің көңіл шуағы. Ол сол шимайды әке-шешесіне, үлкендерге көрсетеді, қоштау күтеді. Бірте-бірте шимайдан сурет шыға бастайды, ол бөлек әңгіме. Сурет әлемі сырға толы сәбидің дүниеге көзқарасы, сезім тұнығы, мөлдір бұлақ суы десек те жеткіліксіз. Оны сөзбен айтып түсіндіру мүмкін емес, сәби түсінігін түсінгің келсе, бірге отырып сурет сал.

***

Шимайға қайта оралсақ, сәби жазып, сызып, ақ қағазды толтырса, бұл оның әлемге деген жаңалығы. Сірә, да, шимайлай алатын сәбидің есейе келе есі, сезім-санасы дұрыс болса керек. Шимай сол жағдайдың сәбилік деңгейдегі хабаршысы.
Шимай – сәби сезімі, рефлексиясы, тіптен, оның өзі енген әлемге көзқарасы. Оны сақтап қойып, зерттесе, сірә, сол сәбидің мінезі аңғарылмақ деген ой ұсынамын.

***

Ал, енді, әріп танитын, ес-ақылы былайша айтқанда толық дейтіндер, неге ақ қағаз бетін шимайлайды. Сондағы «шимайдың» мән-мағынасы неде?
Әр қилы себеп, мақсат, міндеттерден, мүмкін құрғақ қиялдан, тіптен адасудан туатын «шимайлар» бар және олар өте көп. Менің айтпағым осы «шимайлардың» бірер арнасы туралы болмақ.

***

Шимайдың көкесі кешегі кеңестік социализм заманында болды. «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арыл­масақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес» – деген Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында.
Сірә, шимайлардың көптігіне Елбасының да шыдамы таусылған сыңайлы.
Рас. Қашанғы өтірікпен (оны Шимай дей беріңіз Ғ.Е.) жүре бермекпіз.
Өтірік – шимай адамзатты адастырады. Адамзат адаса беретін болғандықтан, оған Дін келген. Жаратушының сүйікті құлдары пайғамбарға кітаптар түскен. Мұса пайғамбарға – Таурат, Дәуіт пайғамбарға – Забур, Ғайса пайғамбарға – Інжіл, адамзаттың соңғы пайғамбары Мұхаммедке – Құран түскен. Абай хакімнің: «Көп кітап келді Алладан, оның төрті Алланы танытуға сөз айырмас» – дейтіні осы жағдайлар баяны.

***

Мұсылман қауымы Мұхаммедті «соң­ғы пайғамбар» деп мойындаған. Одан бергі­де пайғамбар болған емес. Алайда «пайғамбармын» деушілер болған. Олардан бүгінде аяқ алып жүргісіз. Әулие, білгіштер шегірткедей қаптайды-ау кеп.
Осындай халде, хакім Абай. Адамзат адасады, оны тура жолға бастаушылар: Пайғамбарлар, әулиелер және хакімдер деген.
Мұхаммед соңғы пайғамбар. Осыны жанымен сезінген Сұлтанмахмұт Торайғыров «Заманның Ғайсасы кім?» – деп қалың елге сауал қойған. Пайғамбарлар дәуірі өтті.
Әулиелер болса, олар негізінен пост-индустриялық дәуірге дейін болған тұлғалар. Өзін «әулие» санайтындар жеткілікті, алайда олар шын, анық әулие ме екен?! Үлкен сұрақ?
Енді, қалғаны хакімдер. Олар болмаса дүние ойран болады дейді – Абай. Рас. Әлемді солар ұстап тұр.
Қазіргі заман хакімдер дәуірі. Абай хакімдердің діндері басқа-басқа болуы мүмкін, бірақ, олар болмаса, қайталап айтсақ, дүние ойран болады деген түйін жасаған. Осы шешімге келмеске амал жоқ. Қазіргі заманның Сұлтанмахмұтша айтсақ, Ғайсасы – хакім және хакімдер.
Тағы да бірақ деуге тура келеді. Осы өздерін адамзатты «арманына» жеткізбек болған ілімшілдер легі шықты. Қиялшыл-утописттер, қиянатшыл ілімшілер, өтірікшілер осылардың дені ақ қағаз бетін шимайлауға ден қойды.
Олардың шимайлары том-том кітаптар болып, кітапхана сөрелерін майыстырды. Неше қилы ілімдер шықты, олар: коммунизм және фашизм. Ілімдер – шимайлардың көбі сау ақылға сыйымсыз еді, оны дәуір хакімдері ашып айтып, әшкерелеумен болды. Бірақ, олар хакімдерге өшікті. Ілімшілер қолдарына қалам ғана емес, қару алды. Іс насырға шапты. Әлем дүркін-дүркін қанды қырғынға ұшырады. Мұның бәрі шимайшылар әркетінен болған қасіреттер.

***

Шимайшылар адамзатқа қасірет әкелді, солардың бірі атақты шимайшы ілім-жасаған Карл Маркс. Бір сөзбен айтқанда ол меншікке қатысты адамдарды бір-біріне жау, қас, дұшпан етіп, соны ілім ретінде насихаттады. Оның ілімі – қылмыс. Марксизм дегендер миллиондаған адамдарды азаптап, құрбан етті. Коммунизм – шимай ілімі, фашизм нағыз шимай.

***

«Әулие, білгіш айтты деп жазылған талай қате көп» – деп еді Шәкәрім.
Біз әдетте әулие айтты десе, мән беріп, тыңдаймыз. Бір ғалым еңбек жазыпты, ол керемет екен десе, бас алмай оқимыз, пайғамбар айтты десе, оған сенеміз. Ал, сол айтылған, жазылған, ілім болған сөздерде мін, қате бар ма? Оны тексеру үшін, әрине, ғылыми сараптама, сыншылдық қажет. Шәкәрім жазылған, айтылған нәрселердің барлығын бірдей қабылдай бермей, олар туралы өз күдігін қоса айтатын. Күдік деген шындықтың барлаушысы, күдіксіздік үнемі сенімге бастап тұрады. Абайдың: «ақыл сенбей, сенбеңіз» – дегені де осы күдікке орай айтылған ой. Мысалы, біз кезінде Маркс, Лениннің айтқандарынан мін, қате іздеген жоқпыз, олардың айтқандарына күдік келтірмедік, соның нәтижесінде коммунистік идея негізінде сенім қалыптасты. Бұл сенімді ақиқатқа айналдырған нағыз діни дәстүр еді. Шынында, Ленин ілімі «жаңа дін» болды, оның Қызыл алаңдағы мавзолейі кәдімгі «құдайлардың» ғибадатханасына айналды. Миллиондаған адамдар оның есігін күзетіп, оны кәдімгідей зират етті. Бұл адамнан құдай жасау әлегі болатын.
Шынында да, әулие, білгіштердің жазғанынан қатені кім анықтап алмақ? Жазылған кітаптардан, айтылған сөздерден, атқарылған істерден қатені кім таппақ? Бұл сауалға жауапты заман ойшылдары берсін!

***

Ана тілі туралы әңгімелер де, шимайлар да таусылар емес. Есіме Жұмекен Нәжімеденовтің «Ана тілі» деген өлеңі оралып отыр. Өткен ғасырдың 60-шы жылдары ұлттар бір-бірімен жақындасып, ақыры ұлт тілі жойылады деген «теория сымақты» қазақтан шыққан коммунист ілімшілер мінбелерден де, басылым беттерінде де жариялап жатты.
Тілсіз халық бола ма деген сауалға да жауап даяр, Кеңес империясына қарасты ұлттар экономикалық, әлеуметтік, рухани, мәдени, саяси жағынан жақындасып бір халыққа айналады, оның аты «совет халқы» деген ілім ірге тепкен. Совет халқының ортақ тілі, әрине ол көпшілік тілі – орыс тілі болмақ. Ендеше, ана тіліндегі оқитын мектептерді қысқартып, орыс тілді мектептерге өріс ашу саяси іске, қажеттілікке айналады. Мұндай Бағдарламаның, арнайы құжаттары бекітілген. Осы психология әсіресе партия, кеңес басшыларына (қазақтарды айтамын – Ғ.Е.), ақын, жазушы, ғалымдарға соншама мықты әсер етіп, балаларын, немерелерін жаппай орыс тілді мектептерге оқуға және тәрбиеге бере бастады. Олар балаларының қазақ тілін білмегендерін «өнер» көрді, мақтан тұтты. Сөйтіп қоғамға орыс тілділер кастасы пайда болды, олар билікте және өзге де тұрмысқа қажетті мекемелерге қызметтерге орналаса бастады.
Қазақ тілі ауыл күзетіп қалды. Осы хал туралы Жұмекен айтады:
Көлденеңдеп сөйлейді жұрт! Міне, Сізге ер мұңы:қонақтың да батады екен қорлығы, батады екен есер сөзі мастың да –құлағыма түрпідей боп тиді үні, ал, бәрінен пиғыл қандай, пиғылы! Бәрі­мізге тағдыр – біреу, Бір ырғақ,ана тілін шамамызша жұмырлапкеле­міз ғой, сол тіл үшін егес қып, сен – құрысаң, мен – құрысам емес түк, бірер кітап тумай қалар мықтаса,одан ешкім ұтылмайды – ұтпаса.Егер, егер тіл құрыса?.. Сақта, «Алла»,
тоқ­тығыңа, көптігіңе мақтанба! Тілің құрид дегенді де түбінде Айтты әлгі адам Абай, Мұқтар тілінде! Африкада құлдың өзін тілімен Бірге сатқан – сатқанда. Әттең, оның сөйлегені жанып бір көкірегінің түкпір-исін танытты. Жігіттің ірілігі не керек, Тілі өлсе егер – тірілігі не керек,
ке­ре­гі жоқ маған ондай халықтың! (3т, 104).
Ана тілі үшін күрес бүгінгі күнге де жетті. Ана тілі мемлекеттік тіл атанды. Бірақ, ақын Жұмекен айтқан жайлар, өкінішке орай әлі сақталып отыр.
Тіл саясат емес, ол халықтың өзімен бірге дүние еніп, бірге кететін мәңгілік құндылығы. Саясат құбылмалы. Тіл құндылық ретінде тұрақты. Тіл тірілер арасындағы қарым-қатынас құралы ғана емес. Бұл үстірт түсінік. Тіл ата-бабалармен сұхбат. Бабаларымыз ана тілінде аталы сөздер қалдырды, тіл болмаса оны қалай түсінбекпіз. Ата-баба сөздерін аударма арқылы оқып-білем деу рухани тозғандық. Қазақ: «сөз мәйегі», «сөз ұлағаты дейді» – дейді. Сөз мәйегі дегеніміз ана тіліміздің дәмі, психологиясы, сөз ұлағаты дегеніміз ана тіліміздің мән, мағынасы, семантикасы.
Ана тілі қазақ дүниетанымының, дана­лығының, философиясының негізгі арнасы, олай болса тәрбие негізі. Жұмекен ақынның шырылдап «Ана тілі туралы сөз» деп өлең жазып кеткені, оның азаматтық прозасы, кемеңгерлігі!!!
Тіл туралы бүгінде мән-мағынасыз шимайлар көп.

***

Шимайлар идеологияның жалдамалары. Саясат сөзі көбіне өтірікке құрылады. Тіптен таза өтірік болмаса да алдауға негіз­деледі. Алдау саясат болғанда, оған жамырай қаламгер-жазушылар қызмет еткенде, шимайдың «көкесі» көрінді.
Кеңестік заманда дәл сондай жағдай орын алды. Коммунизмді, социализмді соларға қатысты қоғамдағы нендей сорақы жағдайлардың тігісін жатқызып «жаңалық», «жақсылық» етіп көрсету мақсатында нағыз шимай басталып кетті. Өтірікті шындай етіп шығарма жазбаған елімізде қаламгер қалмады, десек те болғандай, себебі нағыз шыншылдар «халық жауы» болып атылған, сотталған, қуғындалған, азапқа салынған. Тірі қалған қаламгерлерді үрей биледі. Үрей шайтан азығы, әзәзіл тағына әбден мінді. Сананы улау ісі мықтап қолға алынды. Бірінші сыныптан бастап жалған түсініктер санамызға «қағыла» бастады. Өтірік айтып болмас, өріс алды. Сәби болып дүниеге енген миллиондар санасы уланып, лас қоғамда өсіп-өнді. Сол уланудан әлі де шыға алмау­дамыз. Арылу деген аса ауыр іс екен. Күні бүгінге дейін өтірікпен шындықты ажырата алмай қағаз бетін шимайлап жатқандар жеткілікті.

***

Қазіргі қазақ әдебиеті әлі оңы мен солын танымай тұр. Қазақстан Жазушылар одағының кейбір басшыларын әлі социализмді аза тұтып, іштей өксіп жоқтауда. «Социализм – деген қасиетті сезім» дейтіндер болғанына таң-тамаша қаласың. Бұл кешегі сана, ХХ ғасыр. Бүгін тәуелсіз қазақ елі. Тәуелсіздік социализмді маңсұқ еткен сана, саясат емес пе? Ендеше, неге тұлыпқа мөңіреу таусылмайды деген ойға келесің.
Шимай – шындық бұл социалистік қоғам, коммунистік режимнің бет пернесі. Олай болса, қазақ әдебиетін екі дәуірге бөлу қажет.
Бірі – қазақ советтік әдебиет.
Екіншісі – қазақ әдебиеті.
Қазақ әдебиетіне Абай, Шәкәрім, Мағжан және т.б. айтсақ, қазақ совет әдебиетіне Сәбит Мұқанов бастаған шимайшылар. Тәуелсіз қазақтарға қазақ әдебиеті қажет. Осы әлі сараланып, әдеби орта санасы жаңғырмай тұрғаны өкінішті.

***

Кей ақындардың том-том өлеңдер жина­ғынан ауызға ілігерлік бір өлең таппайсың, сонда бұл не шимай демесіне амалың жоқ. Жұмекен Нәжімеденовтің бір өлеңі жоқ ақын дейтіні осындайдан емес пе?
Абайымыз, Мағжандарымыз, Мұқағали­ларымыз бола тұра кім көрінгеннің өлең жазып далбаса халге түсуі ненің белгісі? Ақындық деген адамның өзімен бірге дүниеге енетін керемет құбылыс. Жазып жаттығу, ақылмен құрастыру поэзия емес. Өлең сөздің патшасы, ол кімнің қолынан келмек. Сөз патшасы деген биік ұғым. Абай өлеңнің қандай болатынын әбден түсінікті етіп айтып өткен. Сол түсінікті түсіну, түйсінуде осал іс еместігіне күнде куә болып жүрміз. Ұйқас деген поэзияға жол емес, әсіресе, қазіргі дәуір поэзиясына көр-жерді өлеңге айналдыру – бейшаралық. Өлең деген өзегіңді өртеп шығатын – өнер. Ақындық деген қосалқы мамандық емес, ақынның өмір сүру тәртібі. Ақын тек ақын болып қана ғұмыр кешеді. Ол басқа адам бола алмайды. Ақындық әлемнің символы. Ол әлем үні. Ол үн әркімге тиесілі емес. Әлем үнімен сөз айтушыны ақын дегеніміз абзал. Поэзия ой өрнегі. Поэзия болмағанда ойшылдық жоқ. Ойшылдық қуаты – метафора, ол метафора болса поэзия тілі. Құран тілі – поэзия. Ол өзіне тән әуенді, әуезді қажет етеді. Оны майталман Құран оқушыларды тыңдағанда көзіңіз жетеді. Өлең ерекше әуезді талап етпесе, ол поэзия емес, әншейін шимай. Әуез сөздердің табиғи ырғағынан аңғарылады. Орынсыз келген сөз, тек сөз арасын ғана былғап қоймайды, әуез үнін бұзады. Абайдың бөтен сөзбен былғанса сөз арасы деп қайғы тұтқаны, поэзия тазалығы хақындағы ой еді.
Бөтен сөзбен былғанбаса әуезді үннен әділеттілік туады. Әділеттілік деген таза сөз, мағынасы терең ой. Қалай болса, солай қолданылған сөздерден тек әділетсіздік, қиянат туындайды. Сөздің мағынасын бұзу – қылмыс. Ақынмын деген жұрттың бір парасы осы әділетсіздік өрісінде деуге негіз бар. Сәбиге таза сөзді сіңдіру тәрбие басы. Сәби сезіміне былғанған сөздерді ұсыну – қылмыс. Тәрбиеші тілі өте таза болуы шарт. Ата-ана сөздері тау бұлағындай мөлдір болу табиғи жағдай. Олай болмағанда әділетсіздік сәби санасына егіле бермек. Бұл «балалар жазушы» деген қауымға, «тәрбиешілер» деген жұртқа қойылатын ең басты талап.
Жиі айтатын «Рух» деген сөзден тәр­бие­ден бастау алады. Сәбидің алғашқы сөзі ана (оны «мама» – дейміз), әке (оны «папа» – дейміз), үлкендерге болса ата, әже. Міне, сәбидің алғашқы ұстаздары. Ана деген – рух, әке деген – рух, ата деген – рух, әже деген – рух. Сәби бұл сөздерді рухтанып айтады. Себебі, бұл ең алғашқы таза, мөлдір, мағыналы сөздер. Осы сөздермен сәби әлемге ене бастайды, оны қазақ «баланың тілі шыға бастайды» – дейді. Рас. Шындық. Сәбидің тілі шыға бастады. Бұл ана тілі. Рух деген – ана тілі. Ендігі жерде сәбидің рух әлемін кеңейтетін – поэзия. Балаға керегі поэзия, оны «тақпақ» дейміз. Тақпақтың әр сөзі баланы рухтандыруы қажет. Сөздің қысқасы өлеңмен дүниеге енесің, өлеңмен көрге кіресің, басқа жол жоқ. Сөздің соңынан оқылатын Құран дұғасының тілі поэзия. Түйіндеп айтқанда поэзия деген жақсы сөз.
Жақсы сөз – жарым ырыс.

***

Ойшыл болу бір мәселе. Ал, сыншылдық болса ойшылдық қуатын одан әрі терең­детпек. Сыншыл адамды айламен теріс жолға түсіру қиын. Сондықтан, Шәкәрімнің социалистік қоғамды, оны құрушы большевиктер әрекетін қабылдамағаны түсінікті. Ол осы ілімдердің терістігін, қателігін жанымен сезді, содан бұл саясатқа іштей қарсы болды. Шәкәрімнің баласы Ахат жазған өмірбаянынан белгілі болған жай, ол большевиктер саясатын қабылдамаған адам. Осы жағдайды түсінген большевизмнің өкілдері Шәкәрімді жау деп атаған. Өйткені, большевиктер саясаты адамның болмысына, табиғатына кереғар еді. Осы ілімде қателік бар ма, жоқ па дегенге Шәкәрім тура жауап берді, ол «Ғылым деп у-ды жегізген» – дейді. Яғни, бұл ғылым емес – у. Бұл у болғанда тәнді емес, сананы улайтын мәселе. Сананы улағаннан кейін сен басқа адамға айналасың. Басқа табиғатқа кетесің. Сөйтіп адасасың. Сана уланғанын, жұрттың адасқанын Шәкәрім өзі өмір сүрген кезде толық білмеген де шығар, оның тұсында социализмнің нышандары ғана белгілі бола бастаған еді, нағыз бет-бейнесін біздер білдік, санамыз уланып өмір сүрдік. Біз сана, сезім уланған заманды басымыздан өткердік. Шәкәрімнің сол кезде айтып отырған сөзі көрегендік еді, оны әлеуметтік тәжірибеде дәлелденгеніне куә болдық.
«Улама ондай у-ды жеп,
Шатаққа сатпа шыныңды» –
(Шәкәрім. Шығармалары. Алматы «Жазушы», 1988. 345 б.) дейді ақын. Осы мәселеге орай бізде теріс қалыптасқан бір түсінік туралы айтсам, оның мәнісі маркстік-лениндік ілім, большевизм Қазақстанға ене бастағанда түсініп, оны сыншылдық көзақараспен ақ-қарасын теріп алатын бізде зиялы қауым болған жоқ деу. Соның нәтижесінде ел лап етіп, социалистік қоғам құруға белсенді түрде араласып кетті деушілер болған. Бұл теріс түсінік. Міне көріп отырсыз, мәселенің ақ-қарасын Шәкәрімнің өзі-ақ ашып беріп отыр. Шәкәрім өлеңдерін түсінетін адамдар болды, тіпті аз болған жоқ, бірақ олар осындай түсініктері үшін большевизм тарапынан қатаң жазаланды. Жаппай жазалаудан сөз мәнісін анық түсінетін аман қалған азын-аулақ қана зиялы қауым болды. Мылтықтың күшімен, зорлықпен енген социализм, маркстік идеология ғұмыры ұзаққа бармады, ақыры құрыды. Оны Шәкәрім көрген жоқ, біз көрдік, басымыздан кештік.
Өтіріктің өрісі қысқа, ол ғасырға жетпей қирады. 1991 жылы қазақ елінде Тәуелсіздік орнады, егеменді ел атанды. Ойлаймын, Тәуелсіздіктің басталуы әулие-білгіштердің айтқан қателігін анықтаудың саяси жеңісі, бірақ мұның бәрін Шәкәрім көрген жоқ.
Тәуелсіздік деген: Шындық, Ақиқат. Тәуелсіздік таза сана. Тұнық су. Бұлтсыз ашық күн, сәулелі түн. Тәуелсіздік саясат деп тану мәселенің бер жағы, тәуелсіздік – қазақ халқының асыл қасиеті, құндылығы ол шимай тақырыбы емес.
Тәуелсіздік халқымыздың мәдени мұрасы, байлығы, баяны. Қалыпты тұрмыс салты. Бабалардың орындаған арманы. Ол келешекке сенім кепілі. Өмір, өнер сансыз ұрпақтың тарихи-мәдени өрісі. Қазақ атанудың – субстанциясы. Тәуелсіздік ел құты. Елдің құтын қашырмау әр ұрпақтың, әр азаматтың борышы.

***

Студентпін. Философия пәнінің оқыту­шысы Ленинград, Москвада оқып, білім алып, сол жақта ғылым кандидаты болып елге оралған азамат. Философияны аңызға, әрі тым саясаттандырып дәріс оқитын. Бұл жағдайға қарамастан, одан әрі мардымды ақпарат жоқ, тіптен сабақтарын да толық жүргізбей, бізді қоя беретін. Философияға ынталы болып, өз бетіммен философия туралы талай кітаптарды оқыдым. Бұл пәнге ынта арта берді. Мені таңдандырған схоластика, әсіресе софистер болды. Күдікшілер (скептицизм) де жеткілікті екен. Содан бері (1967 жылдан) философиямен айналысуды өмірімнің мәнісіне айналдырдым. 1970 жылы филология факультетін үздік аяқтап, Семей педагогикалық институтының философия кафедрасына оқытушылық қызметке орналастым. Сол кезде Алматыда диалектикалық ойлау жүйесін қалыптастырған топ болды. Біздің философтарды орталық Москва тани бастады. Философия кеңес заманында элитарлық білімге айналды. Философияны коммунистік партия мейлінше қолдады. Мен кейде өзіме неге философияны коммунисттер соншама бағалауда деп қоямын. Осы түйіннің бір шеті Аққу селосында әкемнің отбасында ашылғандай болды.
Әкем дінге берік, намаз, оразасын қаза қылмаған тақуа. Інісі де екінші дүниежүзілік соғыстан мүгедек болып қайтқан, бірақ, ол кісіге Құраннан басқа құндылық жоқ, тым тақуа. Ол кісі қуыршақ дегенді балтамен шабатын, қабырғаға сурет ілінсе қирататын, орысша, қазақша кітаптарды отқа жағатын. Біз, ол кісіден әбден қаймығып қалғанбыз.
Философия пәнінің оқытушысымын, жазғы каникулда үйге келсем, әкем әлгі айтқан «тақуа» інісімен шәй ішіп әңгіме-дүкен құруда. Сәлемдескеннен кейін, әңгіме маған ауды.
– Ағасы деді әкемнің інісі кекесін үнмен, мына балаңызды мақтайсыз, деп мені нұсқап, білесіз бе, бұның қандай қызмет атқарып жүргенін? Әкем мен туралы жағымды сөз бола ма деген ниетпен:
– Иә, айтшы қандай қызмет атқаруда. Әкемнің інісі келтесінен кетті.
– Бұ, бұл ма, нағыз кәпір. Оның фәлсафасы (дәл осылай деді) Құдайға, Құранға қарсы, сіздің ұстаған оразаңыз, оқыған намазыңыз – харам деді, мені жеп қоярдай жалғыз сау көзімен оқтай атып.
Әкем де тура кетті.
– Кет ит, шық үйден менің оразам мен намазымның харам болатынын айтатын сен бе, бәрін бір Алла тағала біледі – деді булығып. Інісі шойнаңдап (ақсақ еді) шығып кетті.
Әкем мейірімді жан еді, ашуы тез тарап, әңгіме өзге арнаға ауып, оқиға ұмыт болғандай болды.
Кейінірек аңғардым «тосын оқиға» әкем үшін де, мен үшін де ұмыт болмапты.
Көп кейін әкем:
– Балам, анау ағаңның сен туралы айтқаны рас па – деді.
Мен мәселені ұзақ түсіндірген болдым, байқаймын әкем толық қанаға­т­танбағандай сыңайлы.
Өзім ше? Өзім не ойда болдым. Философия Жаратушы, яғни, Құдай дегенді мойындамайтын зайырлы білім. Философия, әсіресе біздер айтып жүрген диалектикалық және тарихи материализмде Жаратушыға орын жоқ. Бәрі-бәрі өздігінен болған, мұнда әкемнің жиі айтатын «Алла әмірі» деген түсінік жоқ.
Осы күдік санама ұялай берді. Бүгінде зерделесем, философияның қарабайыр, тұрпайы түрін «кәсіп» қылып ұзақ жүріп қалыппын. Карл Маркс, Фридрих Энгельс, Владимир Ленин теориялық негіз деп алған «Неміс классикалық философиясы» мұсылманға жат ойлау жүйесі екен. Бұл философиялық жүйенің шимай екенін енді түсініп, ілгеріде «Ебелек философия» деген көлемді мақала жазып, сонда өз дәлелдерімді келтірдім.
Айтылған мақалаға қоса айтарым, Абсолютке қатысты сөз. Мұсылман теологиясында (Мұсылманда философия жоқ – Ғ.Е.) Алла тағала дегенде «Тағала» абсолют деген ұғымды білдіреді. Сонда абсолют – Алла. Ол тумаған, туылмаған, мәңгі – абсолют. Оның көркем есімдері бар. Сол есімдері арқылы біз Абсолютты тануға ынталымыз және мүмкіндік ашамыз. Абсолют есімдері, оны танудағы мүмкіндік. Абсолюттің (Қасиетті Есімнің) бірінші – Алла, одан кейін көптеген көркем есімдері бар.
Гегельдің жаңалығы сол, ол ислам теологиясынан Алла тағаланы алып, оны Абсолюттік идея деп ұсынған. Кеңестік заманда араб философиясы, ислам теологиясы дегендерді оқу болмады, бола қалғанда теріс дәрістелді. Философиялық шимайлар болды. Коммунистердің философияны дәріптеуі, бұл білім олардың қате құрған социалистік қоғамын «ғажап қоғам», әлемдегі «әділетті қоғам» деп дәлелдеулері үшін қажет болды. Оны Ленин бір сөзбен «диалектика Марксизмнің жаны» – деді. Рас. Диалектикасыз Маркстік-лениндік бағыттағы философия болуы мүмкін емес-ті.

***

Тәуелсіздік жеңіске жетті. Социалистік қоғам қирады. Марксизм «архивтік ілімге» айналды. Енді, оның жаны диалектикада өз мән-мағынасын жойды. Жағдайдың осылай түбінде болатынын сезген кеңес философтары Гегель іліміне сүйеніп, «Диалектикалық логика» деген пән ойлап тапқан. Ол схоластика мен софизмнен құрылған қолдан жасалған «философия».
Диалектикалық логиканы жақтаушылар, анығында «философия» деген зайырлы ілімнің тамырына балта шабушылар. Коммунист-философтар ойлап тапқан (Фридрих Энгельс іліміне сүйеніп) диалектикалық материализм және тарихи материализм деген теріс ілімдер бүгінде пән ретінде оқылмайды, олар жойылған. Солармен бірге «архивке» «диалектикалық логикада» кетуі табиғи жағдай еді, бірақ ескіше ойлап, коммунистік санадан шыға алмай (тәуелсіздікті қабылдай алмай) жүрген кеңес заманында философияны ғылым деп танып, сол таптаурынды санадан арыла алмай жүргендер Кант, Гегель т.б. (Европа ұмыта бастаған) философтар ілімінің шашбауын көтеріп, жаңа заманға тың, жаңа философиялық рефлексия қажеттілігін түсінбей жүргендерді адасушылар, яғни, шимай философтар деуден өзге айтарым жоқ.

***

Сәби шимайына қайта оралсақ, ақ қағаздың бетінде көлбеу-көлбеу сызбалар пайда болғанын көреміз. Осы сызбаларды сақтап қою қажет. Ол сызбалар сәбидің келешек тағдырының символдары, әлде басқадай көзқарас бар ма қадірлі оқырман!

Алдыңғы «
Келесі »