ҰЛТТЫҚ САНА ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ ИНТЕЛЛИГЕНЦИЯ немесе қазақ зиялыларының қалыптасу ерекшеліктері неде?

  • 17.05.2018
  • 1197 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Үмбетқан Сәрсембин,
Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты

Халық пен зиялыларды біріктіріп отыратын, ел ішінен зиялыларды қоғам алдына шығаратын ұлттық сана. Ұлтымыздың тарихына, тарихи өміріне қарап ұрпақты ұлттық мүддеге қызмет етуге бағыттауда, зиялылыққа тәрбиелеу ісінде ерекше маңызға ие болған ұлттық сананың рухына көз жеткіземіз. Шынымен де қиыншылығы мен сыны қатар жүрген уақыт ішінде елін, жерін, ұлттық рухын қорғайтын ұрпақты тәрбиелеп, қоғам алдына шығаруда халықтың арман тілегінің орындалуына ықпал еткен бір ғана дүние ұлттық сана. Қайткен күнде де атамекеннен, елдің тұтастығынан, тәуелсіздіктен қасиетті, қадірлі нәрсе жоқ деген бабалармызда ортақ түсінік болған. Осының нәтижесінде ұлттың тарихы қалыптасып, қоғам өмірінде тұлғалар дәстүрі жалғасып отырған.
Ұлттық сана жеке адамның, халықтың ұлттық болмысының интеллектуалдық негізі, ұлттық болмыстың әлеуметтік мәдени өрісін қалыптастырып сақтап отыратын қасиеттердің біріктіруші негізі ретінде тарихи уақыттың өзінде ерекше құбылысқа ие болып отырған. Бұлай дейтін себебіміз, әр ұлттың мәдениеті, тарихы, талант иелерінің тарихы ұлттық сананың күшімен қалыптасып отырады. Мәселен, Құрманғазы сынды қазақтың тума талант иелері өнер академиясында оқыған жоқ, бірақ кез келген адамның қолы жете бермейтін өнердегі тәрбиенің, таланттылықтың, даналықтың феноменін тарихта қалдырды. Бұған қарап бойында бар қасиеттің көзін ашуда, оны тұтастай төл мәдениетінің құбылысына айналдырудағы қазақ баласының күш-жігерінің ерекшелігін танимыз. Сол рухты қарапайым қазақ баласының бойынан шығарған ұлттық сана (елге, туған жерге деген ерекше түсінік), қиыншылығы мол өмір, қиыншылықтан қазақ жастарын шығарған ұлттық тәрбие.
Адамның барлық қасиеттері оның санасына байлаулы. Яғни, сана дегеніміз адамның бойындағы барлық рухани қасиеттерін қалыптастырып, реттеп, біріктіріп отыратын феномен. Бірақ, сананың адам бойындағы қасиеттерді қалыптастырып, нығайтып, біріктіріп отыруына ықпал ететін тәрбие. Тәрбие қандай болса, оның санасының өрісі де оған тәуелді. Тарихи сана, ұлттық сана адами сананың өрісі, жеке адамның, ұлттың тұлғалық негізі болып табылады. Себебі, жеке адам ұлттық санамен тарихтан, ұлт мәдениетінен өзіне лайықты орнын иеленіп отырса, халық ұлттық сананың күші арқылы ұлтқа айналады және өзін-өзі сақтап, қорғап отырады. Адамзат баласы өркениет биігіне көтерілген сайын сана, таным, ақыл-парасат, зерде, білім, тәрбие, қабілет, дүниетаным, ұлттық сана, ұлттық рух ұғымдарының қадірі арта түспек. Себебі, адам болмысын ғылым мен технологияның үстемдігінен қорғап, ара­шалап отыратын ұлт руханияты, ұлт мәде­ниетінің құндылықтары.
Ұлттық сана бар жерде мақсат, ұлт мұраты, ұлттық идея қатар өмір сүрмек. Бұлар қатар өмір сүрген қоғамда мемлекеттің мүддесіне жаны ашитын, аянбай қызмет ететін, халыққа дұрыс ақылын айтатын адамдар қатары қалыптасады. Себебі, халықты мемлекетімен біріктіріп отыратын ұлттық сана, ұлттық санасы терең адамдар. Алаш зиялысы Міржақып Дулатов 1911 жылы «Айқап» журналында жазған мақаласында былай деген: «Біздің әрбір ісіміздің негізі бос, өмірі қысқа. Оқығандарымыз бар – қалтасы тесік, байларымыз бар – төбесі тесік. Екеуі бір жерге желімдесе де қосылмайды. Басқа білімді жұрттың жұрттық адамдары майданға бір іс шығармақшы болса (айталық, газет, журнал хақында) әуелі план түзейді».
Зиялылардың қоғам алдындағы міндеті халықты біріктіріп, ортақ ел игілігіне жастарды бастап отыратын ұлттық сананы қалыптастыру. Ұлттық сана зия­лылардың тарих, ұлттық идея, ұлт руханияты бағытындағы ізденістері (қызметтері) негізінде қалыптасып отырады. Міржақып Дулатов жазғандай зиялылар ұлттық идеяның жүзеге асуына тікелей ықпал етіп отыратын (қызмет ететін) адамдар. Ұлттық идея ел мүддесіне негізделген тәжірибелерден, идеялардан, стратегиялық мақсаттардан құралған, барлық ұлттық құндылықтарды бойына жинақтаған, оның ұрпақтың игілігіне айналуын негіздейтін дүние. Сондықтан да, бұл жүзеге асу үшін мемлекет пен халықтың бірлігі қажет. Мемлекет пен халықты ұлттық идеяға біріктіріп отыратын ұлттық идеология. Әр ғасырдың өз ерекшелігі бар. Ол ерекшелік ғасырдың ғылымдағы, экономикадағы жаңа дүниелерімен де көрінеді. Мемлекеттің стратегиясы ел игілігіне бағытталып отыратындықтан ұлт жоспарының алдында жаңа дүниелерді бағындыру міндеті ең бірінші тұрады. Сондықтан да, алаш зиялылары ұлттық мүддеге қызмет етуде әрбір жеке адам үшін ұлттық сананың ерекше құндылық екендігін атап көрсеткен.
Қоғамдық ортада адамның маманды­ғынан бұрын адамгершілігі басым жүретін болса, түрлі әлеуметтік мәселелердің уақытылы өзінің дұрыс шешімін табары даусыз. Қазіргі өркениетті елдердің өткен тәжірибелеріне көз жүгіртер болсақ, олар қоғамындағы қиыншылықты жеңуде ұлттық сана мәселесіне ерекше көңіл бөлген. Қоғамда бірлік, адамгершілік, ел мүддесіне адалдық, әр адам өз ісіне жауапты болған жағдайда ұлт мұратына, мемлекет мақсатына жетеді деген халықтық рухтағы түсінік қоғамында идеяға айнал­ған. Осының нәтижесінде мемлекетке қызмет ететін өнер, ғылым, кәсіп иелерін шығаруды қоғам өз міндетіне алып отырған. Дәулетті өнер, білімге жұмсау, жастардың өмірге дұрыс бағыт алуын қадағалау, отан сүйгіштікке тәрбиелеу өркениетті елдерде мемлекет пен халықтың, соның ішінде әрбір отбасының мақсатын, ой-өрісін біріктіріп отырған ұлттық сана тұғыры болып табылады. Өркениетті елдердің жетістігімен өлшейтін болсақ ұлттық сана дегеніміз кемел түсінік, кемел ақыл парасат, кемел білім, мәдениеттілік, адамгершілік деңгейінде көрінетін қасиет үлгісі. Бұндай қоғамда жемқорлық, ұрлық, сыбайластық деген нәрселер мемлекетке жасалынатын адамның қиянаты болып есептеледі. Ұлттық санасы бар адам, ұлттық санасы биік қоғам кез келген мәселеге тереңнен, ұлттық мүдде тұрғысынан қа­райды. Пайдакүнемдік, жағымпаздық, парақорлық, мансапқорлық қоғам болмысына жат мінез болып есептеледі. Ұлттық санасы биік қоғам үшін мемлекет халықтың, ұрпақтың өмір сүретін ортақ үйі. Яғни, қоғамын өз үйіндей сезініп, оған қызмет ету мәдениеттілік болып табылады. Алаш тұлғасы Әлихан Бөкейханов айтып кеткендей, «Жалпақ жұрттың көкірегінде жақсылық болмаса, жұрт жұрт болып тіршілік қылып жүрмек емес. Жұрт пайдасына таза жолмен тура бастайтын ер табылса, қазақ халқы соның соңынан ерер еді…
Әділдік жоқ жұртта, береке бірлік болмайды. Байлықты өнермен, шаруамен, қызметпен іздемей, жұртты тонап, момынды жылатып іздеген мырзалар қысты күні үңгірде жатып өз аяғын сорған аю мысалында ғой, қанша қомағайланса да, сорғаны өз аяғы». Қай уақытта да қоғамның интеллектуалдық өрісін қалыптастырып, нығайтып және сақтап отыруды зиялылар өз міндетіне алып отырады. Ұлт зиялыларының болмысына тән ерекшеліктер қоғамның мәдениетіне айналатын жауапкершіліктері арқылы көрінеді.
Бірлесіп атқарған іс өнеді деген түсінік қазақ зиялыларында болған. Олардың ұғымында мақсатсыз, жоспарсыз атқарылған іс өнбейді. Ең бастысы, яғни, зиялыларға, қоғамға жүктелетін міндет тарихтың жағдайында қоғам болмысын зерделеу, жаңа уақыттың жағдайында халықтың болмысы мен елдің тұрмыс қажеттіктерін кеңінен зерттеу болып табылады. Соның нәтижесінде жаңа уақыт талабына сай қоғам алдында тұрған міндеттерді жүзеге асыруға, орындауға жұмылу, халықты жұмылдыру қажет. Міржақып Дулатов жазғандай, «Газет шығару үшін баспахана керек, оған тиісті құрал һәм қызметкерлер керек, соларға лайықтап дәулеті бар ынталылар ақша шығаруға уәде ететін ақша табылса жақсы жазушылар керек, оның үшін бірнеше тәуір оқыған, халықтың жағдайын білетұғын пайдалы кісілер әлгі шығармақшы болған газетке әрдайым сөз жазып тұруға уәде береді. Екі жағы бірдей болған соң, ойлаған істерін жарыққа шығарады. Мұндай істің пайдасы да, өмірі де берік болады. Біз әлі мұндай іске үйренгеніміз жоқ».
Ұлттық интеллигенция болмысы халықтың үлгі алатын мемлекеттің бет бейнесі болып табылады. Зиялықтың өзі үлкен қасиеттен, сол қасиетті халықтың игілігіне бағыттай алған кемел мінезден көрінеді. Рухани қасиеттерін ел игілігіне бағыттауда ұлттық интеллигенция өкілдерінің тарихтан келе жатқан ұлт тұлғаларының жолын негіздеу, насихаттау, жалғастырып отыру принципі ерекше құбылысқа ие. Бұның барлығы бірліктің ұлттық және азаматтық бірегейліктің сақталуы үшінде қажет. Әркім әр жаққа тартып отыратын, ақшаның рухы билеп, қоғамдағы мәселелерді елемейтін, әлсіздіктен өзгеріп тұратын құбылмалы мінез қоғамдық ортада көбейетін болса әрине сенім, ауызбіршілік болмайды. Бірлік болмаған жерде бірегейлік тағы жоқ. Алаш зиялылары айтқандай, зиялылардың міндеті халықтың көзін ашу, қоғам ішінде көзге көрінбей жататын, бірақ күш алып отыратын мәселелерді көтеру, оның уақытылы дұрыс шешілуіне ықпал етіп отыру, қоғамның қай мәселесіне де мемлекет пен халықты қатар жұмылдыратын ұлттық интеллигенцияның зердесе ел болашағы үшін қоғамға ауадай қажет. Сондықтан да, мемлекет алдында тұратын мәселе қоғамның рухани өмірінде интеллигенция қызметін күшейту, ұлттық интеллигенция ортасын қалыптастыру. «Бас адамдарға өкпемді айтып болдым енді олардан халық ісіменен тілегім мынау: қазақ халқына есімдері мәшһүр оқырмандарымыз ғылым тәжірибелерінше халыққа керекті сөздерді, атқа мінген ағалар әрқайсысы өз жұртында не болып жатқанын, не таршылық, не кемшілік бар, нендей ойлаған ғақылдары бар, соларын жазса екен. Сол уақытта күллі қазақ халқының нендей халде екенін алақандағыдай көрініп, біреуінің тапқан ғақылымен басқалары пайдаланып, бір жерде болған зарардан екіншілері алдан сақтанып, журналды алатын оқушылар көбейіп, қазіргі секілді айына бір ғана шығып зарықтырмай, айына екі мәрте хәтта жұмасында бір шығып, шын шаттық сонда болар еді» – деген Міржақып Дулатов. Алаш зиялыларының тарихымыздың бетінде қалған сөздерінен шығатын негізгі түйін, интеллигенция арасында ұлттық мүдде, ұлттық құндылықтар, ұлттық идея, ұлт руханияты, ғылым, білім, өнер, мәдениет, ұлт шаруашылығы, адам мен қоғам тақырыбында диалог болуы қажет. Осы мәселелердің шеңберінде өрбіген интеллигенция өкілдерінің идеялары, шығармашылығы халықтың ұлттық санасы мен ұлттық рухын нығайтып отырады. Алаш зиялыларының ұлттық мүдде бағытындағы қоғамдық-саяси қызметтері осы бағытта қалыптасқан. Халыққа бағыт көрсету, тарих өрісінде жатқан құндылықтарын көрсету, заман ағымына бейімделуді жастарға үйрету олардың өздеріне жүктеп алған ұлттық мәселелердің бірі болған. Тарих пен болашақты біріктіретін үлкен міндеттерді орындауда алаш зиялыларының қоғамдық-саяси қызметтері, шығармашылығы, ғылыми мұралары әлем жұртшылығына да үлгі болды. Сол замандағы қазақ зиялыларына тән басты ерекшеліктің бірі өз заманындағы жаңалықты, өзгерістерді зерделей отырып, ел болмысына, қоғамының тарихи жолына бағынатын ұлттық бағдарламаны қалыптастырып кетуінде. Олар нағыз қазақ зиялыларына тән қасиетті жоғалтпаған, керісінше білімі, саяси мәдениеті арқылы оның өрісін кеңейтіп отырған. Соның нәтижесінде халық олардың соңына ерген. Уақыттың қиыншылығына қарамастан аз уақыттың ішінде алаш зиялыларының халыққа пайдалы, қоғамға бағыт беретін дүниелерді шығарып кетуінің өзі олар­дың қалыптасуының ерекшеліктерін айқындайды.
Ұлттық интеллигенция өкілдерінің ұлттық санасының нәтижесінде қоғамда халықтың ұлттық ойлауы қалыптасады. Ұлттық ойлаудың тұлғалық көріністері ел, мемлекет, атамекен, тәуелсіздік, ұлттық мүдде тұрғысындағы халықтың біртұтас ортақ түсінігінің болуы және соның нәтижесінде қалыптасатын зиялылық, зиялылар институты, атап айтсақ қазақ қоғамындағы батырлардың, билердің, жыраулардың қызметі ұлттық сана негізінде қалыптасып отырған ұлттық ойлаудың өнімі болып табылады. Тарихтан да белгілі (бұған дейін де айтып өткеніміздей) ұлттық сананың ұясы елдің тарихы болып табылады. Сонымен қатар, жоғарыда айтып өткеніміздей, қашанда қоғамдағы адами капиталдың бір тамыры отбасы құндылықтарында жатыр. Жеке адамнан бастап мемлекеттің, ұлттың болашағын айқындайтын нәрсе ұрпақтың бойында ұлттық сананың болуы.
Ұлттық сана халықтың, оның ішінде жастардың рухани болмысын айқындап, негіздеп отыратын қасиет. Келер ұрпақ үшін ұлттық сана мәдени құбылыс болып есептеледі. Ұлттық сананың мәдени құбылысқа айналу себебі, тарихи кеңістіктегі халық пен зиялылардың рухани қасиеттерін, құндылықтарды бойына жинақтап, ұлттық идея арқылы кейінгі буынға жеткізіп отыруында. Мәселен ұлт ісіне келгенде қазақтың тарихтағы әрбір отбасының ұрпақты тәрбиелеу ісінде еңбегі зор. Бұл да сол кездегі халқымыздың ұлттық санасының мәдени құбылысқа айналу себебін негіздейді.
Ұлттық сана қоғам өмірінде тегістей орнықпайынша қоғамда оның болашағына қайшы келетін жат дүниелер жойылмайды. Сондықтан да, қоғам мен интеллигенция өкілдерінің алдында тұратын міндет халықтың ұлттық санасын көтеруге қызмет қылу, тарихтың идеясын, тағылымын, ұлттың дәстүрі мен мәдениетіндегі рухани құндылықтарын кеңінен насихаттау, халықтың зердесіне жеткізу. Осы жолда жүрген адам ақын, жазушы, тарихшы, әдебиетші, ғалым, ұстаз, ата-ана болсын өзінің қоғам, ел тарих алдындағы міндетін орындаған болып есептелмек. Бұны интеллигенцияның тарих өрісіне енетін негізгі парызы деп айтамыз. Қазақ зиялылары тарихта осы парызды орындаған адамдар. Олардың осы бағыттағы қызметтері қалыптасу ерекшеліктерімен қатар, қазақ қоғамының құндылықтарын, ұлттың бірегейлігін, ұлттық бірегейліктің рухын бейнелейді.

Алдыңғы «
Келесі »