Абайдың ұлылығы

  • 17.05.2018
  • 528 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Досым Омаров,
абайтанушы

Абай мұрасының ішкі мәні жердің астында көмулі жатқан қазына тәрізді. Сол мәнді тауып, асыл қазынаны керегімізге жарата алсақ, Абайды әлемдік ұлы ғұламалар деңгейінде көруге болады. Бұл үміт жүрегімізді ашып, көңілімізге шабыт беріп, рухани жаңғырудың соны белесіне көтерілуге мүмкіндік береді. Абайдың әндері құлақтан кіріп бойды алады, қара сөздерінде терең философиялық ойлар жатыр. Ол «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» деп халықтың тарихын да жазды, ал, насихат сөздерінде үлкен тәрбиелік мән бар. Сондықтан, Абайдың ұлылығын әркім әртүрлі қабылдайды. Оны ұлы ақын, философ, тарихшы-этнограф, ағартушы, композитор дейміз. Бірақ, бұлардың қайсысы болса да Абай ұлылығының ішкі мәні емес. Бұлар оның ұлылығының тек қана сыртқы көрінісі, сымбаты ғана. «Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат» деп Абайдың өзі айтпақшы, әр құбылыстың сыртқы сымбаты мен ішкі сыры бар. Оларды айыра білу керек. Біз үшін Абай мұрасының сыртқы сымбаты емес, оның ішкі мәні маңызды. Оның ұлылығы да осы ішкі мәнде жатыр. Ішкі мәні – болмыстың түпкі сырын ашуында. Оның айтып-жазғандарының барлығы, сайып келгенде, болмыстың осы түпкі мәнін түсіндіруге арналған. Абайды қарапайым өмірден жоғары қойып, оған жаңаша көзқараспен кең ауқымда қабылдайтын болсақ, бұған көзіміз жетеді. Сонда ғана оның ұлылығының ішкі мәні ашылады. Оның хакімдігі де осында жатыр.
Абай ұлылығын түсіну үшін оның шығармаларын жүйелеп қарастыруымыз керек. Сонда оның терең ой-танымдары моншақ тастарының өздерінің жібінің бойында тізілгендей, әрқайсысы тиісті орындарын табады, асыл мұраның бүкіл адамзат құндылықтарын қамтитын кең мағынасы ашылады. Кейде «Ұлылық тек қана Аллаға ғана лайық, сондықтан, адамға бай­ланысты Ұлы деген сөзді қолдануға болмайды» деген ойлар айтылады. Бірақ, біз мына мәселеге көңіл бөлуіміз керек. Алла тағала тәуелсіз және біздің түсінігімізден жоғары жатыр. Ол ешбір мадақты қажет етпейді. Адам ақылы қандай жетілген болса да, Алла тағаланы толық түсіне алмайды. Абай сөзімен айтқанда «Алла тағала – өлшеусіз, біздің ақылымыз – өлшеулі. Өлшеулімен өлшеусізді білуге болмайды». Адамзат сөзі фәни әлемді ғана сипаттауға арналғандықтан, бақи (мәңгі) әлемдегі Алла тағаланы сипаттауға дәрменсіз. Біз Алла тағаланың шексіз қасиеттерін салыстырмалы түрде ғана өрнектей аламыз. Соның өзінде де олар Оның сипатының көлеңкесі ғана, ал, шын мәні біздің түсінігімізден жоғары жатыр. Біздің «Алла – ұлы» деген сөзіміз оған ешбір лайық емес. «Ұлы» деген сөз шексіз Алла тағалағаның сипатын толық бере алмайды. Бірақ, адамның жоғары қасиеттерін сипаттай алады, сондықтан, бұл сөз адамзаттың жоғары жетілген тұлғалары үшін барлық тілде де кеңінен қолданылады. Біз де Абай бабамызды «Ұлы Абай» деп атаймыз. Бізге бұл сөз көңілімізге қонымды, жүрегімізге жылы тиеді. Осы арада айта кететін маңызды бір мәселе бар. «Алла деген сөз жеңіл» деп Абайдың өзі айтқандай, қасиетті сөздерді әулие де, қарапайым адам да айтуы мүмкін. Сөз айту жеңіл. Бірақ, әрбір айтылған сөздің салмағы әртүрлі. Қарапайым адам біреудің айтқанын қайталап, не болмаса оқығанын айтып ақпаратты ғана жеткізеді. Бұл оның өзінікі емес, тек қана сырттан алған ақпарат. Оның айтқан сөзі жүрегінен шыққан ақиқат емес, жеңіл сөз. Ал, данышпандардың айтқандары өздерінің ішкі дүниесінен шыққан, сезініп-түйсінген өте салмақты сөздер. Сондықтан, олардың сөзі басқалардың сөзімен салыстыруға келмейтін салмақты, әрі терең мағыналы. Абай сөздерін де осындай дәрежеде қабылдап, мән-мағынасын дұрыс түсіне білуіміз керек.
Абайдың сөздері сондай терең мағыналы, тіпті, көпшілігі мақал-мәтел, афоризм ретінде жиі қолданылады. Мысал үшін солардың біразын келтірейік.
… Алланың өзі де рас, сөзі де рас. Да­ныш­пан осылай атеистік көзқарасты жоққа шығарып, адам санасын рухани жаңа деңгейге көтереді.
… Жақсылық ұзақ тұрмайды, Жаман­дық әр кез тозбайды. Бұл сөзбен фәни әлем­нің сипаты беріліп отыр. Фәни әлемнің негізгі қасиеттері надандық пен тұрақсыздық, қайғы-қасірет. Бұлар жамандықты үнемі түрлендіріп, күш алдырып, жақсылықты ығыстырып отырады. Жақсылықты ұзақ ұстау үшін үлкен күш-қайрат керек. Өмір дегеніміз – зұлымдық пен әділеттің үздіксіз күресі.
…Бір қайғыны ойласаң, Жүз қайғыны қозғайды. Адамның психологиясын ашады. Өткен өмір қателіктер мен қасіретке толы. Қайғылы ой өзіне ұқсас ойды тартып, жүректі мұңға бөлейді. Ондай өмірді Абай «Алдың жалын, артың мұз» деп сипаттайды. Ойлы адамға өткен күндер жүректі мұздататын қызықсыз суық, ал, алдың тұрағы жоқ, құбылмалы жалын тәрізді. Өмірің дұрыс болсын десең – өткенге қайғырма, келешекті көп ойламай, көңіліңді бүгінгі күнге бөл. Өткен өмір – өлі, келешек – әлі туған жоқ, нағыз өмір – бүгінгі күнің.
…Сабыр түбі – сары алтын. Сабырлы болсаң дұрыс ойлап, дұрыс әрекет етуге мүм­кіндік туады. Өмірдің қандай шырғалаңы болса да оңай шығасың. Сабырлылық алтындай қымбат қасиет.
…Бейнет көрмей, дәулет жоқ. Әрбір істе қайрат-жігер қажет. Қайрат-жігер қиын­шылықта шыңдалып, арты дәулетке айналады. Бұл табиғи заңдылық.
…Еңбек етсең ерінбей – тояды қарның тіленбей. Табиғаттың «Не ексең – соны орасың» деген заңдылығын көрсетеді. Адамның бақыты өз қолында.
…Тамағы тоқтық, Жұмысы жоқтық, Аздырар адам баласын. Бұл заңдылық жеке адамдар ғана емес, ұлы империялардың құлдырап, іріп-шіру себебін көрсетеді. Күш-қайратты жұмсамағанда адам әлсіреп, рухани азу жолына түседі. Ішкі тірегінен айырылған мұндайларды сыртқы жау оңай жеңіп, өзіне бағындыра алады. Осылай көптеген «өркениетті» деген мемлекеттер «жабайылардың» құрбаны болған. Бұған Рим империясы, Шыңғысхан дәуіріндегі қуатты Орта Азия, Қытай, Бабур заманындағы Индия тәрізді тағы басқа да көптеген мемлекеттердің құлдырауы жақсы дәлел. Адамның тамағы тоқ, жұмысы жоқ болғанда оның ой-өрісі тарылып, ең соңында өзінің қара басы қамынан аспай, ұйқы басып, болбырап, не болмаса ойын-сауыққа беріледі. Осылай құлдырау жолына түседі. Абайдың бұл данышпандық ойы жеке адамдардың және бүкіл қоғамның құлдырау заңдылығын ашады.
…Арамдықтан жамандық көрмей қалмас, Мың күн сынбас, бір күні сынар шөлмек. Өмірдің негізгі заңдарының бірі – қарымта заңы «не ексең – соны орасың». Бұл табиғаттың бұлжымайтын әділет заңдылығы. Әділеттілік болмаса үйлесімділік бұзылады. Кездейсоқ ештеңе жоқ. «Адамның тағдыры өз қолында» деген қағида осы заңдылыққа сүйенеді. Арамдық сепсең, бір күні болмаса да, екінші күні оның салдары – жамандық және керісінше. Бүгінгі көретін қайғымыз өткенде жасаған келеңсіз істеріміздің салдары.
…Көңілсіз құлақ – ойға олақ. Психо­логиялық заңдылықты көрсетеді. Адам толық көңіл бөліп қабылдамаған ақпарат санаға терең бойламайды. Ондай білім тез ұмытылып, пайдасыз болады. Ондай білімсіз адам, түйсігі таяз болғандықтан, ойға олақ келеді.
…Ғашықтың тілі – тілсіз тіл, Көзбен көр де, ішпен біл. «Махаббатпен жаратқан адамзатты» дейді Абай. Жаратқанның қуаты Махаббат – таза рухани күш. Оны сөзбен жеткізіп, сипаттауға болмайды. Ғашықтар рухани деңгейде біртұтас болып бірігіп, тілсіз тілдесіп, түсініседі. Махаббатқа бөленгендер бұл әлемде емес, рухани әлемге өткендер. Олардың сыртқы көрінісін көзбен көріп, ғашықтығын ішпен біл. Ғашықтық – адамға тағдыр беретін ең үлкен сый.
…Сен де бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та, бар, қалан! Әлемнің біртұтастығын білдіретін өте терең философиялық тұжырым. Бұл әлем артық-кемсіз, бөлінбейтін біртұтас болып жаратылған. Әрбір пенде сол тұтастың бір бөлігі, өзіндік орны бар. Әрбір бөлшек, сонымен бірге әрбір адам өмірде өз орнын тауып, міндетін толық атқаруы керек. Сонда ғана оның өмірі бақытты, ал, адамзат қоғамы үйлесімді болады.
…Қайрат пен ақыл жол табар, Қаш­қанға да, қуғанға. Адамның психологиясын түсіндіреді. Қайрат пен ақыл адамның құралы. Ол құралды әркім әртүрлі пайдаланады. Сондықтан, ақыл мен қайрат қашқан адамға да, қуған адамға да жол табуға мүмкіндік береді, яғни, зұлымдық пен әділеттілікке бірдей қолдануға болады. Зұлым немесе иманды болу ақылға емес, ниетке байланысты. Иманды болу үшін ол құралды дұрыс пайдалана білу керек.
…Ақырын жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес далаға. Эволюция заңдылығы. Асықпай ойлап, байыппен сөйлеп, әрекетін түйсініп, түсініп жасаған адам қателік жібермейді. Ондай адам эволюциялық жолмен жетіліп, рухани жаңғыру жолымен көтеріле береді. Қоғамда сыйлы, өмірі мамыражай бақытты болуға үйренеді.
…Ер ісі – ақылға ермек, бойды жеңбек. Пенде үнемі нәпсінің ықпалында. Тойымсыз нәпсіні жеңу оңай емес. Бұл ердің ісі. Нәпсіні жеңгенде ғана адам ақылға еріп, бойды жеңе алады. Исламдағы «Үлкен жиһад» дегеніміз адамның өзінің нәпсісін жеңіп, өзін-өзі басқара білуді білдіреді. Рухани жаңғырудың негізі де осында жатыр.
…Адасқанның алды жөн – арты соқпақ. Өмірдің түпкі мақсатын білмейтін адамды адасқан адаммен салыстыруға болады. Адасқанын білмеген адам дұрыс жолды іздемейді, осылай ол «өмір жалған» деген ойға өлім жақындағанда ғана келуі мүмкін. Бірақ өте кеш, адасқанын білмей өмірін өткізіп алды, енді ештеңені өзгертуге болмайды. Өзінің адасқанын ертерек білгенде ол адасудан шығу жолын іздер еді. Арты бейнеті көп, тар соқпақ өмір болса да, енді рухани жаңғыру жолына түсу арқылы шапағатты келешекке жол ашып, алды жөн болар еді. Ол үшін өзінің адасқанын біліп, талаппен ізденіске түсуі керек. Іздеген адам – табады. Абай осылай талаптың маңызын көрсетеді.
…Біріңді қазақ, бірің дос, Көрмесең, істің бәрі бос. Бірліктің негізі және маңызы көрсетілген. Достық сезім – адамдарды біріктіретін рухани қасиет. Әсіресе бүгінгі халықаралық саяси ахуал нашарлап, текетірес молайған заманда бір-бірімізбен жақсы болып, дос көріп, ұлттық рухымызды оятып, қазақ халқының бірлігін сақтаудың маңызы арта түсетіні белгілі. Бірлік жоқ болса – келешек те жоқ.
…Сен асыққан екен деп, Алла әмірін өзгертпес. Бұл мысқыл сөздің терең мағынасы бар. Бүкіл әлем өзінің бұлжымас заңдылығымен өмір сүреді. Соны түсініп-біліп, табиғи заңдылықпен үйлесімді өмір сүру әркімнің де міндеті. Ал, бұл үйлесімдікті ескермей, өз мақсатыма жетемін деген әрекет – бос әурешілік. Ондай істің, Абайдың өз сөзімен айтқанда, боғы шығады. Көріп отырғанымыздай, Абайдың сырлы сөздері адам болмысын, қоғам өмірін, тіпті, бүкіл әлемнің терең мағынасын түсіну кілті болып табылады.
Рухани жаңғыру жолына түсу үшін адамға белгілі бір ерекше себептер керек. Осындай себептің бірі – Абайдың рухани мұрасына көңіл бөліп, оны түсіну десек қателеспейміз. Хакім Абайдың сырлы сөздері адамға шабыт беріп, көңілін ашады. Адамның өз өмірін өзгертуіне өмір қиыншылықтары басқа түскен түрлі қайғы-қасіреттер адам өмірін түбірімен өзгертсе, ал, бүкіл елдегі келеңсіз көріністердің молаюы қоғамның рухани жаңғыруына себеп болады. Бүгінгі күндері рухани жаңғыру мәселесін елімізде президентіміз Н.Назарбаев бастап, бүкіл қоғам қолдап отыруы – осындай жаңа серпілістің қажеттілігі. Абай ұлылығы – бұл жолда адастырмайтын шамшырақ.

Алдыңғы «
Келесі »