Ұрпақ тәрбиесінде «обал, сауап болады» деген ұғымның өзі жеткілікті

  • 17.05.2018
  • 613 рет оқылды
  • Пікір жоқ
Серікбай қажы ОРАЗ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти

Серікбай қажы ОРАЗ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы,
Бас мүфти

Серікбай қажы Ораз хазіреттің Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти болып сайланғанына да санаулы ғана айлар өтті. Осыған орай, хазіретті жоғары лауазымды қызметімен шын жүректен құттықтап, бүгінгі қолға алып жатқан ауқымды да игі істеріне сәттілік тілей отырып, көкейіміздегі бірқатар сауалдарымызды қойдық.

– Таулардың алдында үнсіз тұра­тынымыз бар, даланың мұңын үнсіз сезінетініміз бар, теңіздің тілін үнсіз ұға­тынымыз бар. Осы үнсіздіктердің бәрін қариялардың алдындағы үнсіздікте үйренген секілдіміз және де бұл тек қазаққа тән әдептілік.Сәті түсті, сөз сұрадық. Сөз басында, қадірлі Бас мүфти, еліміздегі діни ахуалға тоқтала кетсеңіз деген өтінішім бар.
– Аллаға шүкір, біз, Исламның асыл құндылықтарын бойына сіңір­ген ұлтпыз. Ұрпағын иман­дылық пен ізгілікке тәрбие­леген елміз. Тәуел­сіз­дігіміздің арқа­сында 2,5 мың­нан астам мешіт салынды. 9 медресе, ді­ни кадр даярлайтын «Нұр Мүбә­рак» университеті, Республикалық имамдардың білімін жетілдіру институты, 2 қарилар орта­лы­ғы ашылды. Осының бәрі мем­ле­кеттің асыл дінімізге деген жа­на­шырлығы мен қамқорлығының нәтижесінде жү­зеге асып отыр. Көпұлтты, көп­кон­­фессиялы елімізде құлшылық жа­сауға барлық жағ­дай жасалған. Түр­лі ұлт пен ұлыс, этнос, дін өкілдерінің бір шаңы­рақ астында тату-тәтті өмір сүруі – Елба­сы­ның ел басқа­рудағы дана ше­шімі және қазақ халқының қонақжайлығы кең пе­йілі деп біле­мін. Бірлігіне сызат түс­кен елдердің қандай күйде өмір сү­ріп жатқанын жақсы білеміз. Бү­гінгі таңда бізге керек басты құнды­лық­тың бірі – бірлік пен өзара тү­сі­ніс­тік.
Біз көп ұлттың басын біріктірген зайырлы мемлекетте өмір сүріп отыр­ғанымызды ұмытпауымыз ке­рек. Ата заңымыз бойынша әркімнің діни сенім еркіндігіне толық құқы бар. Дегенмен, қазақ елі ғасырлар бойы исламның бесігінде тербеліп келе жатқаны ескеріліп, ата дінімізге кеңінен қолдау білідіріліп келеді. Мұның да қадіріне жету керек. Әсіредін­шіл­діктің соңы жарға жы­ғатынын да көріп жүрміз. Әр заманның өтпелі кезеңі мен сын­дарлы сәті болады. Сындарлы сәт адам баласын одан сайын шы­нық­тыра түседі. Осыны ұмытпаған лә­зім. Алланың қалауымен мың өліп, мың тірілген халқымыз талай зұл­матты заманды бастан кешіп, осы күн­ге дейін иманын сақтап, дәстүрін жал­ғастырып келеді емес пе?
– Қазіргі жаһандану дәуірінде «бәле қайда? Бассаң аяқ астында» дегендей, бізді сақтануға шақыратын мәселелер бар. Мысалы, қазір  басқа діннің шылауында кетіп жатқан қара көздеріміз жетіп артылады. Теріс діни ағымның жетегінде жүргендер де баршылық. Осы ретте Қазақстан мұсыл­мандары діни басқармасы қан­дай іс-шаралар атқаруда? Әсіресе, еліміздің батыс өңі­рінде, оның ішінде Атырау облысында не істелінді?Сұрақ кездейсоқ емес. Ақпарат көздеріне сүйенсек, қазіргі таңда еліміздің батыс өңірлерінде сәләфизм идеологиясының артуы байқалуда. Кезінде тек Атырау өңірінде бұл идеологияның ықпалына 13-30 жас арасындағы бес мың тұрғын өткен екен. Қазір мұнда жағдай қалай?
– Әрине, еліміздің батыс өңірлерінде теріс ағымның жетегінде кеткендер басқа аймақтармен салыстырғанда көбірек екені рас. Алайда, Діни басқарма өзінің құзіреті шегінде бар мүмкіндігін сарқа пайдаланып, жат ағымның арбауына түсіп қалғандарды қайтадан өз ортамызға қосуға әрекет етіп жатырмыз. Мысалы, Ақтөбе облысында былтыр деструктивті ағым жетегінде жүрген 400-ге жуық адам «дәстүрлі дінге» оралды деп мәлімдеді облыстық дін істері басқармасының басшысы Жолдас Қалмағанбатов. Ол 15 теолог пен психологтан құралған сарапшылар кеңесі облыстағы діни ахуалға ай сайын талдау жасайтынын, облысқа белсенді теологтардың әлі де тартылып жатқанын айтты. Міне, сол мамандардың дені діни басқарманың қызметкерлері.
Жалпы, ҚМДБ әр өңірде діни жағдайды саралап, үнемі бақылауда ұстап облыс басшыларымен кездесуді әдетке айналдырып келемін. Жуырда Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев мырзамен кездесіп, аймақтағы қазіргі діни ахуалды талқыладық. Нұрлан Асқарұлы деструктивті діни ағым өкілдері арасында түсіндіру, ағарту жұмыстары тұрақты түрде жүзеге асып жатқанын мәлімдеді.  Кездесу барысында жастарды отанды сүюге тәрбиелеу, өңірдегі имамдардың кәсіби біліктілігін арттыру, халыққа дін мен дəстүр сабақтастығын дәріптеу, отбасы құндылығын насихаттау, өскелең ұрпақты жаман əдеттерден сақтандыру, т.б. мәселелер төңірегінде пікір алыстық.  Басқосу соңында əкімдік ұжымы мен дін қызметкерлері осы бағытта ынтымақтаса отырып жұмыс істеуге уағдаласты.
Қазір Атырауда біздің білімді теологтарымыз бен тəжірибелі имамдарымыз қызмет етуде. Облыстың бас имамы Батыржан қажы Берденұлы Phd докторы, діни басқарма жанындағы республикалық ғұламалар кеңесінің белді мүшесі, діни салада тәжірибесі мол білікті маман. Жалпы алғанда еліміз бойынша қала, аудандарды білімді имамдармен қамтамасыз етуге күш салудамыз.
Маңғыстау облысына жасаған сапарымда Жаңаөзен қаласына арнайы бардым. Жамағатпен жүздестім. Сұрақтарына жауап бердім. Байқағаным, жамағат арасында ауызбіршілік бар. Діни жағдай тұрақты деуге болады. Дүрбелең салуға негіз жоқ. Жүйелі түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде радикалды діни райынан қайтқандардың қатары күн санап артып келеді.
– ҚР Парламенті Мәжілісінде талқыланып жатқан дінге қатысты заң нормаларында экстремизмнің алдын алуға бағытталған бірқатар ұтымды тетіктер қарастырылған. Сонымен қатар, заңнаманың кейбір тұстары мұсылман жұртын алаңдатып отыр. Мәселен, мешітке 16-ға толмаған баламен бірге ата-анасы немесе басқа бір жауапты адам еріп баруы шарт делінген. Олай болмаған жағдайда, мешітке сауат ашуға барған бала да, оған дәріс берген имам да жауапқа тартылады. Діни экстремизммен күрес – дінді ұстанушылармен күрес емес қой. Бұл жағдайға байланысты не айтар едіңіз?
– Елбасының өзі бір сөзінде экстре­мизмнің алдын аламыз деп Исламмен күресіп қалмайық деп ескерткен-ді. Пре­зидентіміздің осы айтқанын қараңғыда жол көрсетер темірқазық ретінде ұстансақ, қателесе қоймаспыз. 16-ға толмаған баламен мешітке ата-анасының бірі баруы қауіпсіздіктен туған мәселе деп ойлаймын. Дегенмен, әсіредіншілдікпен мұны шатастыруға болмайды. Әрине, әсіредіншілдіктің зардабы өз ал­дына бір мәселе. Сол секілді мұ­сыл­м­аншылықтан бейхабар болудың да өзіндік келеңсіз тұсы бар. Әке ба­лаға ұстаздық етуі тиіс. Олай емес екен, онда баланың «ұстазы» кө­бейіп, көрінгенді үлгі тұтатын бола­ды. Қазіргі ата-ана дінге ден қойған ба­ласының артынан ілеспей, алдына өтіп жол бастауы қажет-ақ. Сонда, біз сөз етіп отырған діни көзқарастар қай­шылығы орын алмас еді.
– «Егер бір жылдық өміріңді ойласаң арпа ек, он жылдық өміріңді ойласаң, тал отырғыз, ал, ғасырлық өміріңді ойласаң, бала тәрбиеле» деген сөз бар. Өскелең ұрпақтың адамгершілік рухани тәрбиесінде отбасының атқаратын рөлі үлкен.Бала шыр етіп жарық дүниеге келген күннен имандылықты бойына сіңіруде отбасының алар орны ерекше екендігі сөзсіз. Ендеше, ҚМДБ мен отбасы арасында белгілі бір байланыс орнату үшін нақты бір тетіктер қажет секілді. Сіз қалай ойлайсыз?
– Негізі ҚМДБ құрылғалы бері отбасы мәселесі біздің назарымыздан тыс қалған кезі болған емес. Имамдардың күнделікті қызметінің өзі тікелей ел-жұртпен, халықпен тығыз байланысты. Мысалы мешіттерде жастардың некесін қию, садақаларда насихат айту, көмекке мұқтаж жандарға жәрдем көрсету, жас­тарды тура жолға бағыттау, араздасқан жұбайларды татуластыру, т.б. сан-салалы қызметтер тікелей отбасы мүшелерімен жүргізіледі емес пе? Бұдан өзге қандай тетіктер болуы мүмкін?
Өткенде, Елордада менің төраға­лығыммен өткен кезекті хаттамалық жи­налыста биылғы жылды Қазақстан мұсыл­мандары діни басқармасы өз қызметі аясында «Ислам және отбасы» жылы деп атау туралы ұсыныс бірауыздан қабылданды. Жыл басында мұндай ұсынысты Ғұламалар кеңесі, мүфтият қызметкерлері мен облыстың Бас имамдары да жолдаған болатын. Айта кетейік, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2013-2015 жылдар аралығын «Дін мен дәстүр сабақтастығы» жылы деп жариялап, осы мерзім ішінде салт-дәстүріміз бен асыл дініміз кеңінен насихатталды. Ал, 2016 – «Дін және тарих тағылымы» жылы деп жарияланып, тағылымға толы тарихымыз туралы бірнеше зерттеу мақалалар жарияланып, кітаптар жарық көрді, конференциялар мен «дөңгелек үстелдер» ұйымдастырылды.
2018 – «Ислам және отбасы жылы» аясында «Неке және отбасы», «Отбасы жарасымы», «Ер мен әйелдің міндеттері», «Талақ айтудың әдебі», «Азаматтық некенің зардабы», «Қызтекелік – жаман қасиет», «Өзін-өзі өлтіру – тығырықтан шығар жол емес», «Қазақтың таным-түсінігі бойынша отбасы құндылықтары», «Әкенің рөлі», «Бала тәрбиесіндегі ананың рөлі», «Ойнастық жасау – отпен ойнау», «Бала тәрбиесінің мұсылмандық бастаулары», т.б. тақырыптар бойынша арнайы іс-шараларды бастап кеттік. Отбасы мәселелеріне арналған арнайы тренингтер мен семинарлар ұйымдастырылуда. Облыстық мешіттер жанынан «Отбасы мәселелері бойынша кеңес беру орталығы» ашылып жатыр. Мұндай орталықтар бірнеше аймақтарда ашылып та үлгерді. Сайып келгенде, осының бәрі отбасы құндылығын арттыратын игі жобалар. Біздің ұлтымыз өскелең ұрпақтың жадына «обал болады» немесе «сауап болады» деген ұғымды сіңірген. «Обал болады» мен «сауап болады»-ның түпкі мәні тереңде. Нан қиқымын шашу – обал болады. Біреудің ала жібін аттау – обал болады. Өзгенің хақысын жеу – обал болады. Қарияға құрмет – сауап болады. Жабырқаған жанның жүрегіне үміт сыйлау – сауап болады. Міне, қарап отырсаңыз осының бәрі отбасыдан басталатын тәрбие негіздері. Отбасыдан дұрыс тәрбие алмаған бала ертең қоғамнан өз орнын тауып кете алмасы анық. Сондықтан, бала болашағына баршамыз атсалысуымыз лазым.
– Ислам дүниесінде қалыптасқан, қазақ халқы да шет қалмаған бір игі дәстүр бар. Қалам ұстаған кез келген сөз зергері әңгімесін Алла атымен бастап, тырнақалды туындысын дін исламның қағидаларын зерттеп-зерделеуге, талдап-түсіндіруге арнаған. Бұл білгенін білмегендермен бөлісу, өзгеге жеткізе отырып, өз білігін жетілдіру мақсаты еді. Қазақта Ыбырай Алтынсариннің «Мұсылманшылық тұтқасы», Абайдың «Қарасөздері», Шәкәрімнің «Мұсылмандық шарты», Мәшһүр Жүсіптің «Қара местегі» жиған – тергендері осы дәстүрдің заңды жалғасы іспетті.Қазаға байланысты, марқұмдардың жетісін, қырқын, жылын беруге арналған Құдайы астарда имамдардың уағыздарын тыңдап жүреміз. Олардың арасынан Құран Кәрімдегі аяттарды өзіміздің ғұламалардың пікірлерімен ұштастыра отыра түсіндіретіндері некен-саяқ. Имамдарды дайындау, олардың білімдерін жетілдіру барысында бұл жәйт ескеріле ме?
– Біздің талдауымыз бойынша, жат ағымда жүргендердің кейбірі дәс­түр, тарих, салт, ұлт деген қастерлі ұғым­дарды қабылдай бермейді. Ұлтқа жаны ашымаған адамның елжандылық сезімі өшеді екен. Біз бір­неше жылдан бері «Дін және тарих тағылымы», «Дін мен дәстүр сабақ­тас­тығы» жобаларын жүзеге асырып келеміз.
Салт-дәстүр, тарих – қуатты күш, кез келген ағымға төтеп беретін құндылық. Салтын сақтай білген қоғамға ешкім іріткі сала алмайды. Бұл тәжірибеде дәлелденген дүние. Мәселен, үлкенге ізет, кішіге құрмет, ата-ананың айтқанын екі етпеу, көрші ақысын беру, ағайынға қарай­ласу, т.б. әдептілік, кішіпейілділік қасиеттер – біздің дәстүрімізде бұрын­нан қалыптасқан үрдіс. Ол ешкімге жаңалық емес. Сондықтан, біз әдет-ғұрпымыздың, тектілікке негізделген тарихымыздың осын­дай игілігін кө­бі­рек пайдалануымыз керек.
Бүгінде барлық медреселеріміздегі шәкірттер халқымызға тән шешендік өнерін меңгеруде. Еліміздің мешіттерінде қызмет етіп жатқан имамдарға уағызды сіз жоғарыда атап көрсеткен асылдарымыздың еңбектерімен тығыз ұштастыра, сабақтастыра майын тамызып, жүрекке жететіндей әсерлі айтуды міндеттедік. Ол үшін билер мен шешендеріміздің ғибратты өмір жолына ден қояры сөзсіз.
– 2015 жылы қасиетті Мекке – Мәдина қалаларында болып, қажылық парызымды өтеуді Алла маған нәсіп етті. Менімен бірге 30-дан астам ауыл имамдары болды. Сол кезде оларға мұндай мүмкіндікті берген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы екендігін біліп дән риза болдым. Бұл өте керемет қолдау. Қазір де жергілікті имамдар қай жағынан болса да көмекке зәру.Әсіресе, алатын айлық жалақылары мүлдем мардымсыз. Осы мәселені түбегейлі шешу үшін ҚМДБ жанынан арнайы айлық – жалақы қорын ашудың мүкіндігін қарастыруға бола ма? Бұл қорға қалталы азаматтарды айтпағанның өзінде Қазақстандағы 15 миллион мұсылман кем дегенде бір теңгеден аударса қаншама қаражат жиналар еді. Осы іс-шараны неге ұйымдастырмасқа?
– Иә, бұл қуанышты бастама Ержан қажы Малғажыұлының кезінде қолға алынған болатын. Сол кезде хазретіміз жаны жайсаң жомарт жандардың қолдауымен еліміздің шалғай ауылдарында қызмет ететін 40 шақты имамды қажылыққа жібергізді. Мақсат – діндарларымызды осылайша қолдап, ынталандыру арқылы қызмет сапасын көтеруге құлшындыра түсу еді.
Былтыр елімізде түрлі әлеуметтік жо­баларға арнайы қолдау көрсететін «Уа­қып» корпоративтік қайы­рымды­лық қоры құрылды. Бұл қордың жанындағы Қамқоршылар кеңесіне Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі, Қаржы министрлігі, Қа­зақстан мұсылмандары діни бас­қармасы, депутаттар, қоғам қай­рат­керлері, т.б. лауазымды тұлғалар мү­ше. Кеңес мүшелері қор қаржы­сы­ның жұмсалуына бақылау жүргізеді.
«Уақып» – коммерциялық емес қайырымдылық ұйымы. Сондықтан, қор есебінен әлеу­меттік әлсіз топтар­ға, мүм­кіндігі шектеулі жандарға көмек көр­сетіледі. Сонымен қатар, кадр­лардың кәсіби біліктілігін арт­тырып, дін қызметкерлерінің әлеу­мет­тік мәселелерін шешумен де шұғылданады. Қорға алғашқы қаражатты Қазақстан Рес­пуб­ликасы Тұң­ғыш Пре­зидентінің қоры аударды. Алла разы болсын!
Елбасының игі бастамасымен ашылған қордың есебінен шалғай ауылдағы өзін-өзі қаражатпен қамта­масыз ете алмайтын 300-ден астам мешіт имамдары мен молдаларына қар­жылай қолдау көрсетіле бастады. Мем­лекет тарапынан жасалып жатқан осындай үлкен қамқорлыққа айрық­ша алғысымызды білдіреміз. Олар­дың рухани жетекшісі, яғни Бас мүф­ти ретінде имамдар мен молдалардың, жалпы дін қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайына алаңдаймын. Ал­лаға шүкір, бұл күрделі мәселе де кезең-ке­зеңі­мен шешіледі деген үміт бар. Бұл бас­таманың өзі қазірге көңілге медеу. Сондай-ақ, құрылтайшысы Діни басқарма болып табылатын «Зекет» қоры 6 облыста 100-ге тарта имамдарға ай сайын материалдық көмек көрсетіп келеді.
– Құрметті хазірет, жақында Сіз­дің Алматы қаласында болып, бір топ шығармашылық азаматтарымен кездесуіңізді ақпарат көздерінен білдік. Онда «Президент және халық» газетінің Бас директор – Бас редакторы Марат Тоқашбаев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын мүфтият, тіпті мүфтилік деп атау қажет деген ұсыныс білдіріпті. Осыған байланысты Сіздің ойыңыз қандай?
– Жақында, Алматыда Марат То­қаш­баев, Нұртөре Жүсіп, Жүсіпбек Қор­ғасбек, Дос Көшім, Айдос Са­рым, Расул Жұмалы секілді қоғам қай­раткерлерімен, Бас редак­торлар­мен сұхбаттастым. Сонда, Марат ағамыз: «Бүгінде ҚМДБ еліміздің 15 миллионнан астам мұсылманының басын біріктіріп отырған үлкен құрылымға айналды. Меніңше, оны баяғы кеңестік діни басқарма түрінде емес, Қазақстан мұсылмандарының мүфтияты түрінде қайта құрған жөн деп ойлаймын. Заман өзгерді, адам өзгерді. ҚМДБ да мүфтият болып өзгергені дұрыс! Тіпті, мүфтилік деуге де болады», – деген пікір айтқан болатын. Бұл пікірді басқосуға жиналған басқа азаматтар да қолдады. Негізі, діни басқарма атауын өзгертуді біз алдын-ала ойластырып жүргенбіз. «Құланның қасуына мылтықтың басуы » дөп келіп отырған жайы бар.
Бұл басқосуда негізгі әңгіме діни ұстанымда шектен шықпау, халықты діни ағарту жайлы өрбіді. Осы пікір алысуда ҚМДБ жанынан қоғамдық негізде сарапшылар кеңесін құру ту­ралы мәселе көтерілді. Сарап­шы­лар бұл бастаманы бірауыздан қол­дап, ортақ мүдде үшін өзара ық­пал­даса отырып, қызмет ету туралы уағ­даластық. Бұл игі баста­ма­ның түпкі мәні – діни қауым мен зайырлы ортаның көзқарасын жа­қындату. Мүфтият осы екі ортаның өзара ортақ көзқарасын қалыптас­тыру­ға ықпал ете беретін болады.

Сұхбатты жүргізген Кенжеболат Жолдыбай,
саясаттанушы

Алдыңғы «
Келесі »