• «Ақиқат» журналы
  • >
  • Ашық әңгіме
  • >
  • М.Әуезов атындағы  Әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан ҚАЛИЖАН: Адам капиталы мықты болғанда ғана ғылым дамиды

М.Әуезов атындағы  Әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан ҚАЛИЖАН: Адам капиталы мықты болғанда ғана ғылым дамиды

  • 17.05.2018
  • 107 рет оқылды
  • 0

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты көне замандардан бүгінгі күнге дейінгі қазақ әдебиеті мен өнері тарихының кешенді мәселелерін зерттеп отырған ғылыми-зерттеу орталығы. Бүгінде институт мамандары еліміздің рухани өміріне белсене араласып, білім мен ғылым, мәдениет, әдебиет, өнер салаларына қатысты мәселелерді кәсіби тұрғыдан сараптап, нақты ұсыныс беруге жан-жақты атсалысып келеді. Төменде ұсынылып отырған сұхбатта институт директоры, филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА-ның мүше-корреспонденті У.Қалижан ғылыми-зерттеу орталығының жұмысына қатысты бірқатар мәселелерді ортаға салды.

– Уәлихан Қали­жанұлы,  жақында институттың өткен жыл­­­ғы жұмыстары қорытындыланып, еліміз­дің белгілі ғалымдары қазақ әдебиеті мен фольклорын, өнерін зерттейтін бас ғылыми мекеменің жұмысын жоғары бағалап жатты. Ал, биылғы жылы қандай ма­ңызды міндеттер жүзеге асырылады?
– Алдағы уақытта атқарылатын міндеттерді атамас бұрын, өткен жылы «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламасын іске асыруға байланысты халықаралық, республикалық конференциялармен қатар, ғылыми семинарлар, дөңгелек үстелдер, ашық дәрістердің жоғары деңгейде өткенін атап кеткен жөн. Оның барысында  ұлттық мәселелермен қатар, институтта қолға алынған көптеген маңызды шаралар қамтылды. Ал, биылғы жылы және таяу келешекте институт мамандарынан үлкен жауапкершілікті, біліктілікті талап ететін ауқымды жобалар жоспарланған. Кез келген ұжымның күші – оның ғылыми потенциалында екені айқын. Сондықтан да, адами капиталы мықты болған жерде ғылыми-зерттеу жұмыстары да мығым болмақ.
Енді, атқарылатын жұмыстарға тоқ­талатын болсақ, 2018-2020 жылдары институтта төрт гранттық жоба, бір нысаналы бағдарлама жүзеге асатын болады. Олардың қатарында әйгілі жырау, дана би, абыз, қазақ ауыз әдеби шығар­машылығының көрнекті өкілі Бұқар Жырау Қалқаманұлының туғанына 350 жыл, ақын Ақан сері (Ақжігіт) Қорамсаұлының туғанына 175 жыл, Шыңжаңдағы қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Ақыт Үлімжіұлының туғанына 150 жыл, Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, Мағжан Жұмабаевтың туғанына 125 жыл, көрнекті ақын, ағартушы, қоғам қайраткері, ойшыл Сұлтанмахмұт Торайғыровтың туғанына 125 жыл толуына орай өтетін және «Абай оқулары», «Әуезов оқулары» сияқты халықаралық конференциялар мен т.б. іс-шаралар бар. Қазіргі кезде осы бағыттағы жұмыстарға байланысты ғылыми-ұйымдастыру шаралары қолға алынуда.
– Осы ғылыми конференциялар барысында ақын-жырауларымыздың, қайраткерлеріміздің өмірі мен шығармашылығына қатысты тың деректер, жаңа ғылыми ізденістер қамтыла ма?
– Әрине. Институт аясында жасал­ған кез келген ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесі тарихымыздың әлі де ашылмай, көмескіленген тұстарын ашып, бүгінгі ұрпаққа паш ету. Өткен жылы Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай өткен «Абай ілімі және рухани жаңғыру» халықаралық ғылыми-теориялық конференциясы да осы игі істің айғағындай. Оған еліміздің және шетелдің жетекші ғалымдары қатысқан болатын. Өзбекстан Республикасындағы Халықаралық Тұран академиясының академигі Қ.Сейданов, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, ф.ғ.д., профессор Е.З.Қажыбек, ҚР ҰҒА академиктері Х.М.Әбжанов, О.Сәбден т.б. баяндама жасап, өз ойларын ортаға салды. Кон­ференцияға Абайдың ұрпағы мен туыстары Кәсира Исрайылқызы (Абайдың шөбересі, Ақылбайдың немересі) жұбайымен, Еркежан Қизатоллақызы (Құнан­байұлының ұрпағы), Нұргүл Әлішерқызы (Кәкітай Ысқақұлы Құнан­баевтың ұрпағы) арнайы қонақ ретінде шықырылды.
Сондай-ақ, өткен жылы Алматы қаласы әкімдігі, ҚР Ұлттық ғылым академиясы, Абайдың мемлекеттік-тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайымен М.О.Әуезовтің 120 жылдығына орай бірлесіп өткізген «М.О.Әуезов және ұлттық рухани жаңғыру» халықаралық ғылыми симпозиум барысында Ұлыбритания, Нидерланды, Түркия, Беларусь, Ресей, Татарстан, Өзбекстан, Қырғызстаннан келген ғалымдар мен отандық әдебиеттанушы-ғалымдар ойы ортада тоғысты. Симпозиум аясында мектеп оқушылары арасында өтетін дәстүрлі «Менің Әуезовім» шығармашылық конкурсының нәтижелері жарияланып, жеңімпаздар салтанатты түрде марапатталды.
– Бүгінде деректер институт пен Орталық ғылыми кітапхананың қор­ларында бір миллионға жуық әдеби мәтіндер сақталғандығын растайды. Күні бүгінге жеткен осынау рухани мол қазыналарымызды жарыққа шығару мәселесі қаншалықты жүзеге асып келеді?
– 2015-2017 жылдары институт аясында 26 гранттық жоба жүзеге асқаны белгілі. Оның барысында 48 кітап: 24 ұжымдық монография, тоғыз авторлық монография, бір оқу құралы, энциклопедия, төрт ғылыми жинақ, бір аударма еңбек, екі антология (қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде), бір электрондық альбом, «Электрондық жинақ» (Қазақ қолжазбалары. 40-42- том) жарық көрді. Мұның өзі институт маман­дарының еселі еңбегінің нәтижесінде жазылған құнды басылымдар. Таяу уақытта әлі де көптеген маңызды деректерді жарыққа шығару жоспарда бар.
– Шет елдерде тұрып жатқан қандас­тарымыздың рухани мұрасын бір ортаға топтастырып, қағазға түсіру, сонымен бірге Қазақстанда тұрып жатқан ұлттар мен ұлыс өкілдерінің мұраларын жинау мәселесі қаншалықты жолға қойылған?
– Алыс-жақын шет елдерге, республика аймақтарына ғылыми іс-сапар­ларға шығу институт мамандары жұмы­сының ажырамас бөлігі. Өткен жылы Ұлыбритания, Түркия, Ресей, Украина, Беларусь, Башқұртстан, Грузия, Әзер­байжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Венгрия, Оңтүстік Корея сияқты елдердің ірі мәдени орталықтарына сапар шекті. Осы қызметтік сапарлар барысында ғылыми-зерттеу жұмыстарына қажетті материалдар, архив деректері жинақталды. Ғылыми конференцияларда баяндамалар жасалып, кітаптар жарыққа шықты. Дәрістер оқылып, шеберлік сағаттары өтті. Ынтымақтастық жөнінде келісімшарттар жасалды.
Бүгінде әдебиет пен өнер саласы бойынша Нидерланды, Чехия, Молдова, Беларусь, Украина, Ресей, Грузия, Татарстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан елдерінің 23 шетелдік ұйымымен ынты­мақтастықта жұмыс істейміз. Өткен жылы Алтай мемлекеттік мәдениет институты (Барнаул, РФ), Гиресун университеті (Түркия), Б.Б.Городовиков атындағы Қал­мақ мемлекеттік университеті (Элиста, РФ) ғылыми ынтымақтастық жөніндегі келісімшарт жасалды. АҚШ, Франция, Германия, Болгария, Румыния, Молдова, Литва, Словакия, Үндістан, Түркия, Қытай сынды алыс-жақын шет елдердің жекелеген ғалымдарымен бірлесе ұжымдық монография, ғылыми жинақ және антология жарық көрді. Институт мамандары ұйымдастырған халықаралық конференция­лар мен симпозиумдарға шетелдік серіктес мекемелерден 12 ғалым шақырылды.
– Нақты айтқанда осы сапарлар барысынан қандай маңызды деректерді, тың мәліметтерді атап өтуге болады?
– Еуропа елдерімен де, туысқан түркі халықтарымен де, бұрынғы КСРО құра­мында болған республикалармен де мәдени-әдеби байланыстардың маңызы өте зор. Біздің олардан үйренеріміз де көп, олардың біздің мәдениетімізден алары да аз емес деп ойлаймын. Мысалы, институт қызметкерлері Т.Әлібеков пен Ю.Пилтан Тәжікстан жұртына барған бір ғылыми іс-сапары кезінде сондағы сирек қорларда сақалған А.Ясауидың, Софы Аллаярдың, Қожамқұли-бек Балхидың т.б. түркі ғұламаларының шығармаларын тауып, көп қиындықпен көшірмелерін елге алып келді. Олардың көпшілігі бұрын жарияланбағандықтан, ғылыми айналымға беймәлім болып келген еді. Ғалымдар Қожамқұли-бек Балхидың тек қолжазба күйінде ғана сақталып келген 1026 беттен тұратын «Тарих-и Қыпшақи» атты еңбегін тікелей парсы тілінен аударып, өткен жылы алғаш рет жарыққа шығарды. Енді, А.Ясауи хикметтерінің зерттеушілерге белгісіз (998 беттік) бір нұсқасын аударып, таяу уақытта жариялау ойымызда бар. Бұл – әлі де атқарылатын ұшан-теңіз жұмыстардың бір парасы ғана.
– Институт қабырғасында қолжазба қоры талапқа сай сақталып, жүйелеу жұмыстары қалыпты жүргізіліп отырғанымен де, еліміздегі сирек кітаптар мен қолжазбаларды жи­нау, зерттеу, жариялаудың және мәтінтанудың өзекті мәселелері туралы жиі айтылады. Әрі мәтінтанудың жағ­дайы Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Грузия, Әзірбайжан, т.б. елдерде бізден көш ілгері екен…
– Иә. Институт қорындағы 500 000 астам қолжазба мәтіндерді әлі де толық­тыру, жүйелеу, сақтау жұмыстары үздік­сіз жалғасын тауып келеді. Бұл ретте қиын­дықтар да аз кездеспейді. Институт құра­мындағы «Қолжазба және текстология» ғылыми-инновация бөлімінде ұзақ жылдар қызмет атқарған жетекші ғалымдар да, жас зерттеушілердің де көпшілігі еліміздің жоғарғы оқу орындарында араб, парсы тілдерінде білім алған мамандар. Бұл мамандар Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы Пушкин үйінің қолжазбалар қорында тәжірибеден өтіп, біліктілігін арттырды. Сондай-ақ институт Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы Елшілігі мәдени орталығымен байланыс орнатып, қолжазба сақтау, қолжазбатану мәселелері бойынша біраз іс-шаралар атқарды. Алдағы уақыттарда солардың көмегімен мамандарымызды Иран еліне жіберіп, біліктілігін арттыру жоспарымызда бар. Қолжазбаларды зерттеуге қолайлы ету әрі түпнұсқаларын (мәтіндерін) келешек ұрпаққа бүгінгі қалпында жеткізу мақсатында электронды сақтағышқа енгізіп, көшірмелерін жазумен қатар, қордағы әр мәтінді заманауи «РАБИС k каталогизаторы» бағдарламасына енгізіп, кез келген оқырманның пайдалануына қолайлы мүмкіндіктер жасау жұмыстары жүргізілуде.
– Сіз өткен жылы Ұлттық Ғылыми кеңестің мүшесі болдыңыз. Осы жұмыс барысында қандай ерекше жобалар назарға алынды? Сонымен қатар көптеген маңызды гранттық жобалардың өтпей қалғандығына қатысты бірқатар пікірлер айтылып жатты…
– Жаһандық дағдарыс жағдайында жыл өткен сайын ғылымды қаржыландырудың түйткілді мәселелері көбейіп барады. Мұны соңғы үш жылда баршамыз да айқын сезіндік. Ендігі уақытта бізге мемлекеттік қаржыландырудан бөлек қаражат көздерін де қарастыру аса қажет. Яғни, бұл – ғылымда бәсекелестік күшейе түседі деген сөз. Әсіресе гуманитарлық сала мамандары экономикалық тұрғыда тиімді, ғылымилығы жағынан сұраныс тудыра алатын бастамаларды қолға алу керек. Бұл, бір жағынан, жеке ғалымның да, тұтастай отандық ғылымның да халықаралық аренаға шығуына септігін тигізеді деп ойлаймын.
– Қазіргі кезде латын әліпбиіне көшудің кешенді жұмыстары жүзеге асуда. Қазақ тілін осы заманғы ақпарат тіліне айналдыру заман талабынан туындап отыр. Осы орайда институтта қандай жұмыстар қолға алынған?
– Латын әліпбиіне көшу – жаһанданудың талабы. Қазақстан бүгінде әлемдік қауым­дастыққа мүше. Озық елдердің қатарына кіру жоспарымызда бар. Бүгінде көптеген жастарымыз шетелдерде білім алуда. Таяу болашақта шетелдерде меншікті тілшілеріміз жұмыс істейтін болады. Яғни, компьютер тіліне келгеннен кейін біз латын әліпбиін қалайда пайдалануға мәжбүр боламыз. Тағы бір ауқымды мәселе, латын әліпбиі бір ғана қазақ халқының әліпбиі емес, Қазақстанды мекендейтін барлық халықтардың әліпбиіне айналуы тиіс. Біздің Ата заңымыз Қазақстанның барлық азаматтарына қандай ортақ болса, латын әліпбиі де сондай ортақ болуы керек. Институтымызда осы бағыттағы іс-шаралар қолға алына бастады. Болашақта мектеп оқулықтарына қай жазушының, қай ғалымның қандай шығармалары енуі керек, міне, соларды іріктеу мәселесімен айналысудамыз. Оларды латынға көшірудің жолдарын қарастырудамыз. Сонымен бірге жас мамандардың тілдік курстан өтуіне аса мән беріліп, ағылшын тілін меңгеру де күн тәртібінде тұр.
– Институттың ғылыми кадрлар даярлаудағы жетістіктері туралы жиі айтылып жүр. Бүгінде институттың ғылыми әлеуеті қандай?
– «Көш жүре түзеледі» деген қанатты сөз бар емес пе?.. Осыдан біраз уақыт бұрын маман мәселесі аса өзекті болса, соңғы уақытта институтымыздың кәсіби біліктілік деңгейі айтарлықтай жоғарылады. 2012-2017 жылдар аралығында 24 жас маман магистратурада білім алып, академиялық біліктілік дәрежелерін жоғарылатты. Ал, 2014-2017 жылдары 15 жас маман PhD докторантураға түсіп, екі маман шетелдік білім грантына ие болды. Бүгінде мамандарымыз Түркия мен Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарында білім алуда. Білім және ғылым интеграциясы аясында PhD докторантурада кәсіби даярлықтан өткен шәкірттердің алғашқы легі оқуларын аяқтап, жуырда 3 докторант диссертациясын сәтті қорғап шықты. Бұл – ғылыми кадр­ларды дайындау бойынша жаңа жүйедегі алғашқы нәтижелеріміз. Институттың 39 жасқа дейінгі 4 жас маманы – ғылыми қызметкерлер мен PhD докторанттар Оңтүстік Корея,Түркия, Венгрия, Грузия сияқты алыс-жақын шет елдердің жетекші оқу орындары мен ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтті.
Өткен жылы Институт ғалымдарының ғылым саласындағы жетістіктері де елеусіз қалған жоқ. Мамандарымыз Президент стипендиясымен қатар, мерейтойлық медальдар, Алғыс хаттармен марапатталды. Он бір жас ғалым баспаналы болды.
– Алдағы атқарылатын істеріңізге сәттілік тілейміз. Әңгімеңізге рақмет.

Эльвира Серікқызы,
журналист

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.