АЙБЫНЫ АСҚАН АЗАМАТ

  • 17.05.2018
  • 394 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Азамат ОМАРОВ,
журналист

Қазақстан тарихына жүгінсек батыр бабаларымыз ержүрек, тік сөйлейтін және батырлықпен бірге ақыл-ой парасат­тылығының арқасында, ұлан-байтақ жерді қорғап, елімізге мұра етіп қалдырғаны мәлім. Қазақ даласы әрқашан жаулардың назарында болған. Басқа ұлт өкілдері ата-бабамыздың жалғыз рухынан емес, жүзінен де сескенген.
ХХІ ғасыр да келіп жетті. Өкінішке орай, қазіргі уақытта сол бабаларымыздан қалған кең пейілдік пен парасаттылық азайып бара жатқаны ащы болса да шындық. Бірақ, мүлдем азайды деуге болмайды. Әлі де болса алдымызда алуан сындар бар. Сол сыннан сүрінбей өту үшін, Елбасымыз айтқандай: «Қазақ баласы әр кезеңге дайын болуы керек және де ХХІ ғасырдың талабына сай жастарымыз білімді және бәсекелестік заманда ойшыл болып, дұрыс шешім қабылдай білетін азаматтарымыз болуы керек». Міне, осы бір сөздерге ден қойып, бір күні «Заң» журналын қарап, егжей-тегжейін оқып отырсам, «Бейбіт күннің батыры» деген қызық мақалаға тап болдым. Ол мақала Мәлік Сәбитұлы Кенжалиев туралы жазылған екен.
Мәлік Сәбитұлы 1999 жылдары Маң­ғыстау облысында Кеден басқар­масының бастығы болып қызмет атқарған. Ол кез Қазақстан Республикасы шека­расының әлі дұрыс белгіленбеген кезеңі. Ресми шекара Қытай Республикасымен ғана болған. М.Кенжалиев сол шақта шекара бойында кеден бекет­терін салуға атсалысқан. Қазақстан Респуб­ликасының аумағына Түрікмен Рес­пуб­ликасының шекарашылары 12 километрге дейін кіріп, өз шекара бекеттерін салып тастағанын анықтаған Мәлік Сәбитұлы Үкімет басшыларына, Облыс әкіміне, ҚР Кеден мемлекеттік органына хат жазып, білектің күшімен ата-бабамыз сақтап қалған жерді кеден саласындағы әріптестерімен бірге кері қайтарып алған. Осылайша «бейбіт заманда ата-баба жерін қорғап қалған адамды бейбіт күннің батыры деуге толық негіз бар» деген журналист Әнуар Жәнібек әріптес ағамыздың мақа­ласымен келіспеске амал жоқ.
Содан кейін, ұзамай Мәлік Сәбитұлына хабарласып, мен де мақала жазуға рұқсат сұрадым. Ол кісі қарсылық білдірмей жақсылап бәрін айтып беремін деп келісімін берді. Мәлік ағамыздың бұл қасиеті маған қатты ұнады. Сонымен қатар, бұл мақаланы бірнеше басылымға жазу керек деген ой туындады. Әр қазақтың баласы Мәкеңнен үлгі алатындай дүние болсын деген едім. Осы орайда, Маңғыстау облысына сапарға аттанып, Мәлік Сәбитұлымен бетпе-бет кездесуге бел будым. Сонда Мәкең: «Иә, бұл шын дүние, кезінде ел басқарып отыр­ған басшыларға хат жазып осы мәсе­лені көтергенім рас. Одан кейін, Кеден комитетінің төрағасынан бастап, Астанадан басшылар хабарласып, бұл шын мәнінде тексерілді ме немесе сіздің пікіріңіз бе?» – деген сауалдар пайда болған.
Иә, бұл шын мәнінде тексерілген деген едім», – дейді Мәкең. Жарайды ендеше біз Түрікмен мемлекетінің Сыртқы Істер Министрлігімен хабарласамыз» – дейді бастығы.
Бір қызығы, сол кезеңде ел басқарған басшылар «Мәкеңе байқаңыз, мәліметіңіз шындыққа жараспай шықса, жұмыстан қатаң жазамен кетесіз» – деген екен. Бірақ, Мәлік Сәбитұлы өз іс-әрекеті мен сөзіне жүз пайыз сенімді болған және де екі мемлекеттің комиссия мүшелеріне дәлелдеп, 12 километр жерді елге қайтаруға белсене араласқан, әрі атсалысты. Сонымен қатар, ел игілігіне қызмет атқару барысында басшымын деп шалқаймай, адамгершілік пен имандылықты жоғары ұстап, Маңғыс­тау облысының Кеден басқармасы сала­сындағы әріптестерімен бірге «Жаңа­өзен-Түрікменстан» тас жолының бойын­дағы қараусыз қалған «Темір-баба» әулиенің «Өзен­мұнайгаз» кәсіпорны кесе­несін салған уақытта, әулие атаның меші­ті мен түнек үйін, ата бұлағының айналасын тазалатқызып және басқа да жөндеу жұмыстарына барынша атсалысып, елге қызмет атқарып, өз үлесін қосқан ер-азаматтардың бірі. Бұл азаматтықтың куә­герлері – сол кездегі облыс әкімі болған Л.Қиынов және облыс әкімінің бірінші орынбасары С.Керелбаев тәрізді ел ағалары және өзімен бірге атсалысқан жұмыстас әріптестері.
Ең бірінші болып, Түрікменстан Республикасы жерінің шекарасына Кеден бекетін салып, Үкімет арқылы сол жерге «Темір-баба» әулие атаның атын бергізген де Мәлік Сәбитұлы. Бүгінгі күні бұл шекара бекеті қазіргі заманға сай, халықаралық «Темір-баба» әулие атындағы кеден бекеті болып қалыптасып өз жұмысын жасауда.
Әңгіме барысында «өз өмірбаяныңыз туралы айтып беріңізші» дедім. Сонда Мәкең: «Мен Орал облысы, Чапаев ауданы, Еңбек селосында 1960 жылдың қазан айының 24-жұлдызында көп балалы отба­сының ортасында дүниеге келгенмін. Әкеміз де, анамыз да қарапайым ауыл еңбеккерлері. Ауылдың орта мектебін 1977 жылы бітіріп, ауыл жұмыстарына араласып, әр-түрлі қызметтер атқарып, содан соң, сол жылдардағы жағдай бойынша әскери борышымды Украина Республикасында өткізіп, арнайы әзірліктен өткеннен кейін, десантшылар тобында, сол кездегі Үкіметтің тапсыр­масымен 1979 жылдың желтоқсан айының 26-жұлдызынан бастап, 1981 жылдың мамыр айлары аралығында басқа елде өз міндетімді атқарып, іс-сапарда болдым. Содан 1981-1986 жылдар аралығында Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын бітіріп, «Зооинженер» мамандығын алып, Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығында мамандығым бойынша жұмыстарын абыроймен атқарып, Москва қаласының П.Лумумба атындағы Халықтар Достығы университетінің аспирантурасын 1990-1993 жылдар аралығында күндізгі бөлімде оқып бітіріп, «Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты» ғылыми ата­ғын Ресей Федерациясындағы «ВАК»-тың бекітуімен алдым. Кейін 1995-1996 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Президентінің Жоғарғы мемлекеттік басқару мектебінде оқып, осы «мемлекеттік басқару» мамандығымен аяқтап, қызметімді құқық қорғау саласына ауыстырдым.
2000 жылы Қарағанды ішкі істер минис­трлігі заң институтында оқып, заңгер маман­дығын алып, сол институттың аспирантурасын бітіріп, «заң ғылымдарының кандидаты» атағын алдым. Құқық қорғау саласына ауысқаннан кейін, Кеден коми­тетінде аналитикалық бөлімнің бас инс­пекторы, Кеден бақылау комитетінің күзет басқармасының бастығы, Маңғыстау облысы Кеден басқармасының бастығы, «Достық» Кеден бақылауының басқарма бастығы секілді үлкен лауазымды қыз­меттерді абыроймен атқарып, «Кеден саласының полковнигі» арнайы шенін алдым. Содан кейін, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес (қаржы полициясы) Батыс өңірі қаржы полициясының басқарма бастығы, Орталық аумақ қаржы полициясының басқарма бастығы, Қазақстан Республикасы жемқорлыққа қарсы күрес (қаржы полициясы) Агенттігінің арнайы бөлім бастығы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес (қаржы полициясы) Маңғыстау облысы бойынша Департаменті бастығының бірінші орынбасары қызметтерін атқардым. Ал, 2000 жылы «Қаржы полициясының полковнигі» атағын алдым. Сол кездегі арнайы Үкіметтің тапсырмасымен 1979 жылдың желтоқсан айының 26-жұлдызынан бастап 1981 жылдың мамыр айлары аралығында басқа елде әскери қызметте болған кезде лайықты бағамды алып, әр-түрлі медаль, ордендермен марапатталғанмын. Одан кейін 2005 жылдың желтоқсан айының 26-жұлдызында Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының судьялығынан бастап, 45 жасымда қазылық жолға түсіп, әртүрлі салада жұмыс істеп, үлкен өмірлік тәжірибе жинадым. Ал, судьялық қызметтегі жұмысымда, сот төрелігін жүзеге асырудағы табыстарым бойынша, «судьялар қауымдастығындағы қоғамдық істерге қатысқаны және Маңғыстау облысы бойынша 2011 жылғы «Үздік судья» атағымен бірге, ҚР судьялар одағының Құрмет грамотасын және «II-дәрежелі Сот үздігі» сияқты басқа да марапаттар алып, 5 жылдай қатардағы судьялық қызмет атқарған соң, 2010 жылдың ақпан айында Елбасы Жарлығымен Жаңаөзен қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының төрағы болып тағайындалдым. 2012 жылдың шілде айының 3-жұлдызынан бастап, 2016 жылдың қараша айының 3-жұлдызына дейін Түпқараған аудандық сотының төрағасы болсам, қазір Ақтау қалалық сотының төрағасы қызметін атқарып келемін.
Ақтау қалалық сотын басқарып жүргеніме 1-жылдан асты. Осы мерзімде сот көрсеткіштері де алдыңғы жылмен салыстырғанда әлдеқайда жақсарып, 2017 жылдың қорытындысы бойынша, Маң­ғыстау облысының соттары арасында бірінші орынды иелендік. Қазіргі уақытта 2018 жылдың I-тоқсанның қорытындысы бойынша көрсеткіштеріміз алдыңғы орында» – деп, осы әңгімені паш етіп берді.
Бір ғажабы, М.Кенжалиев біріне-бірі жанаспайтын екі ғылым саласының кандидаты атағын алған Маңғыстау облысындағы жалғыз заңгер. Тағы бір айтып кететін жағдай, Мәлік Сәбитұлы – Ауған соғысының ардагері. Сонау Ауғанстандағы Қандағар соғысына арнайы әзірленген десантшылар қатарында бірінші кірген ержүрек азаматтардың бірі. Мәлік Сәбитұлының өмірдегі бұл тәжірибесі осы күнге дейін керек болғандығы шындық.
2011 жылдың желтоқсан айында Жаңа­өзендегі болған жағдай бәрімізге мәлім. Сол күні болған жағдай елді дүр сілкіндірді. Құдай халқымызды жамандықтан сақ­тасын. Мәлік Сәбитұлы 17 желтоқсан күні Соттың ғимаратында болуға тиіс еді. Өйткені, төтенше жағдайға байланысты, үкіметтің қаулысы шыққан болатын. 17:45 уақыттың шамасында сот ғимаратына шабуыл жасалған. Сол уақытта 40 шақты тонаушылар сот ғимаратын өртегісі келіп және ғимаратты талқандап, құртып жіберуге даяр болғандары байқалды. Ғимаратта Мәкеңмен бірге екі күзетші офицер болған еді. Оның біреуі жедел көмек шақыруға жүгіріп шығып кетеді де, жалғыз қалған офицерді Мәлік Сәбитұлы жігерлендіріп, қолдарына күрек ұстап, тонаушыларға қарсы шығып, тойтарыс бергені шындық. Тонаушылар сескенгені болар, әрі қарай бара алмады. Алла жарылқап сот ғимаратын және ішіндегі мүліктерді, Мәлік Сәбитұлы мен жас офицер жігіт аман алып қалды. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, 12 жылдан астам қазылық міндетін адал атқарып келе жатқан М. Сәбитұлын халық айбыны немесе қаһарманы десе де жарасар еді.

Алдыңғы «
Келесі »