ҰЛЫ ДАЛА ЖӘНЕ ҚЫТАЙ ПОЭЗИЯСЫ

  • 17.05.2018
  • 698 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Бердалы ОСПАН,
мәдениеттанушы

Сақ-скифтер, ғұндар, байырғы түркі­лер… Ұлы Дала…
Грек лексикографы Стефан Византийский (V-VI ғғ.) өзінің «Этника немесе Тайпаларды сипаттау» атты еңбегінде: «Скифтерді қару жараққа байланысты Сақ (қалқан) деп атайды; себебі, олар сақты-қалқанды ойлап тапқан» деп жазған. «Сақ» сөзі қазақтарда бүгінде де қолданыста, мысалы «сақ; сақшы; сақта; сақтайды; сақтан; сақтану; сақтау; сақтандыру; т.б.». Гректер сақтарды скиф деп атаған. Тарих атасы атанып кеткен Геродоттың сақтарды Гераклдың ұлы Скифтен таратады. «Сақ» және «скиф» сөздерінде «С» и «К» әріптері жақын тұрғаны менің осы болжамымды растайды. Меніңше гректердің «скиф» дегені сақтардың өздерінен естіген «сақ» сөзінен грекше «скифке» айналған түрі.
Ғалым С.И.Руденко «Ғұндар мәдениеті және Ноинулиндік қорғандар» кітабында: «біздің дәуірімізге дейінгі соңғы жүзжыл­дықтарда саясат алаңына орталық азиялық тайпалардың арасынан ғұндар бірінші орынға шықты» деп жазды. Ғалым қытай шежірешілері жазып кеткен ғұн ақсақалдарының сөздерін келтірген: «Ат үстінде соғысу біздің басымдылығымыз: сондықтан, біз басқа халықтардың зәрі-құтын қашырамыз. Айбынды жауынгерлерге кенде емеспіз. Біздің ұрпақтарымыз басқа халықтардан биік тұратын болады. Қытай қанша үлкен болса да ғұн жерін толығымен басып ала алмайды». Ғұн әскерінде мыңбасы, жүзбасы және онбасылар болды. Ғұндар мен қазақтардың әскери лауазымдары сәйкес, олар: түменбасы – он мың әскердің басшысы, мыңбасы, жүзбасы, онбасы. Көптеген археологиялық табылымдар да қазақтардың ғұндардың ұрпағы екенін бұлтартпастан дәлелдеді.
Түркі тектестер, олардың қатарында қазақтардың да бабалары өркениеттің ең биік сатысы төл жазуы бар халық болған. Ақын, ғалым Олжас Сүлейменов «Байырғы түркі өркениеті: Жазба ескерткіштер» халықаралық ғылыми-теориялық конференциясына қатынасушылар алдында сөйлеген сөзінде: «Байырғы түркі алфавитінің пайда болған мезгілі… латын жазуы, классикалық грек алфавиттерінен бұрын. Библия мен Торадан да бұрын». Тасқа қашалып жазылған көптеген түркі жазулары Ұлы даланы мекендеушілердің ұлы мәдениет иелері болғандығын және әлем өркениетінде өзінің қайталанбас із қалдырғанын дәлел­дейді. Байырғы көшпелілердің өрке­ние­тінің шекарасы ұлан-ғайыр. Бұл өркениет басқа өркениеттерге толерантты бола білді, соның арқасында басқа да мәдени аймақтармен тең түрде жақын қарым-қатынас жасай жүріп әсер ете білді. Осының бәрі ғасырлар бойы іске асты. Ғылымның Тур Хейердалдай ұлы тұлғасы жоғарыда аталған ғылыми-теориялық конференцияға қатынасушыларға жолдаған жеделхатында: «Мен байырғы түркі өрке­ниетінің маңызын толық сезінемін, әрі олардың ықпалының қазіргі кезде белгілі өркениеттер арасындағы ең ұлысы екенін және Еуропаның басқа шетіндегі менің елім Норвегияға да күшті әсер еткенін мойындаймын» деп жазды.
Көп жылғы көршілік қытай поэзиясында өзіндік көрінісін тапты. Ұлы дала иелері мен қытайлардың мәдениетінің тығыз байланысы болғаны туралы атақты ақын Ли Боның (701-762) тегі түркі екені айғақтайды. Қытай жазушысы Цзян Жунның «Қасқырдың киесі» атты кітабында қызғылықты мәлімет келтіреді: «Ли Боның бойында түркі қаны бар еді, бұл оның балаларының есімдерімен дәлелденеді. Оның ұлының По Ли есімінің мағынасын қытай тілі көмегімен түсіндіру мүмкін емес, түркі тілінде «қасқыр» дегенді білдіреді. Қасқыр – түркілердің киетегі – киелі жануары. Қызының аты Мин-юэ. Қазір көп қыздардың есімі Айнұр, аспандағы Ай және жарық – Нұр деген сөздерден құралған». Айнұр бүгінде де қазақ қыздарына жиі берілетін есімдердің бірі.
1957 жылы «Художественная литература» баспасы орыс тілінде «Антология Китайской поэзии» атты 4 томдық жинақ шығарды. Осы «…үш мың жыл бұрын өлең мәтіндерін жазу басталғаннан бері» деп жазылған шығарылымда қытай поэзиясы кеңінен қамтылды. Қытай ақындарының шығармаларында Ұлы дала туралы көптеген қызықты мағлұматтар сақталыпты. Бұл туралы жинақтың сілтемелерінде анық жазылған.
1984 жылы бір кітаптан тұратын «Китайская классическая поэзия» атты басылым жарық көрді. Кітап есімдері белгісіз ақындардан қалған «Он екі көне өлеңмен» басталады. Шамамен І ғасырға дейін өмір сүрген ақынның өлеңінде мынадай жыр жолдары бар:
Жолда, жолда,
және тағы да жолда, тағы да…
Осылайша біз, мырзам, айырылыстық,
кеудеде барда жанымыз…
Ху даласының арғымағы
солтүстіктің желімен зымырайды
жарысып.
Осы өлеңнің сілтемесінде былай деп жазылған: «Ху – Қытайдың солтүстігіндегі халықтардың ортақ атауы. Шамасы бұл жерде сюннулер туралы айтылған болуы керек». Түрколог Лев Гумилевтің жазуы бойынша дала көшпенділері ху деп аталған. Ал, сюнну деп қытай шежірелері ғұндарды атағаны белгілі.
Төмендегі өлеңдер 4 томдық «Қытай поэ­­зиясының антологиясында» жариялан­ған інжу-маржандар.

Ян Цзюн
(650-695)
Чанъаниден басталған
әскери жорық

Шапақтай таңғы – оттар қолын бұл­ғайды,
Жүректер түсті қоршауына қауіптің.
Қолбасшылар қалдырып артта сарайды,
Жамылған сауыт атты әскер Лунченге қарай самғайды.
Тулардың көркем кестелері жамылып қар,
Дауылпаздар дабысы желді әрең жарады.
Бірақ – отан үшін шайқасқа бар,
Бұндай сәтте кітаппен кім қалады.
Сілтемеде: «Лунчэн – Қытай жауласқан ғұндардың қаласы» деп жазылған.

Ли Бо
(701-762)
Су У

Он жыл болды ол жаулардың
Тұтқынында қатыгез,
Сақтай алды сонда да
Патшасына сенімін.
Аппақ қаз талай ұшты мәз
Келді деп көктем жасап наз.
Бірақ хат жоқ қанатында –
Қауырсынның арасында.
Жылдар бойы қой жайды – Су У –
Туған жер мен жат жердің арасында.
Тау даланы кезіп жүріп сағынды,
Жете алмай туған жердің ауасына.
Қар да жеді, қарғап-сілеп
Аштық пенен тағдырын,
Шұңқырлардың суын ішті,
Жаз аптабы шөлдетсе.
Босанғанда тұтқыннан –
Жолға шықты қуанып,
Солтүстікке жүзін бұрды –
Есіне түсіп қар, суық,
Дастарханы жұпыны,
Досының жан жарасы,
Екеуі де жылады –
Қанға айналып көздерінің парасы.
Бір оқығанда өлең бір адамның мұңды тағдырынан сыр шерткендей. Шын­ды­ғында, бұл император У-дидің көрші елге жіберілген елшісі Су У туралы. Сюн­нулердің көсемі-шанью оны отанына опа­сыздық жасауға көндірмек болады. Бірақ, бұл мақсатына жете алмаған соң елдің солтүстігін қой бағуға жер аударады. Су У қаздың сирағына хат байлап жібереді. Бағына орай бұл қазды императордың мергені атып алады. Осылайша, Су У азаттық алады. Сілтемеде осылай айтылады. Ли Боның бұл өлеңді шығару себебі өзінің түркілік тегін білетін ақынның алыстағы отанында не болып жатқанына бейжай қарамағандығы деп білемін.

Чан Сяо-сан
(1150 ж. шамасы)
Чанхуай бекеті

Таса болды көзімнен,
Қоп-қою шаң
Шапшып жатыр өрілген,
Жабайы шөп алқапта
Теп-тегіс боп момақан,
Шекарадан алыстап,
Дыбыс мұңды озаған.
Уайымның шеңгелі
Қысуы үдеп барады,
Тізіліп қаздай
Естелік,
Ел басына күн туды
Кімде кінә қалады,
Бәрі аспанның еркінде
Бәріде анық болады.
Сол аймақта сауықшыл
Бейбітшіл халық тұрады,
Чжу мен Сы өзендерін
Сазды әуен баурап барады
Иісі лезде жетеді
Қойдың майлы етінің.
Қара малы молынан
Сол киіздер елінің,
Барлық жерде –
Бүкіл елде, алқапта –
Қарауылдар мұналары
Бойы биік, тұр сапта;
Ханзадалық түнгі аңшылық
Дыбысын тұяқ жеткізер,
Оттықтардың көптігінен
Өртеніп өзен кеткендей.
Тыңдай түскен елшінің
Уайымы көп, сормаңдай,
Семсер үнсіз
Жебелерді жеп күйе,
О, туған ел
Қалай түстің бұл күйге!
Елік деп жаным
Жанды ма бекер.
Жылдардан жылдар,
Қалқан биі биленер –
Қауырсынмен билеген –
Қонақтың шықты көңілінен.
Мерекелі астана,
Бейбітшілік бар жерде,
Белгі берген алаулар
Үнсіз бәрі күйленер.
Соғыс оты өшті енді,
Шымылдықтар түрілді
Шапқан дала төсімен
Шықты елшілер алдынан;
Қолдан енді не келер,
Көздерімді тігемін
Көрмегенім бұрынды
Біз білмеген бұл жағдай.
Лауазым биік иесі
Осы жерде бұрынғы
Қауырсынды қолшатыр
Тулармен бізді басқарды;
Оларға біз бағынамыз
Қолымызды қусырып,
Елшіні олар
Астанаға шақырады.
Бақылаймын,
Не болса да осында,
Отан деп соққан жүректе
Сабырсыздық үдейді;
Қарасам – көзден
Ағады ащы жас,
Көзімдерімнен
Құлдырайды мөлдір тас.
Чан Сяо-санның бұл өлеңінен Қытай мен Ұлы дала иелерінің тығыз қатынаста бол­ғанын білуге болады. Түсініктемеде анық айтылады: «Иісі лезде жетеді, Қойдың майлы етінің – бұл сөздер қойдың етін басты қорек ретінде пайдаланатын көшпенділер тұратын жерлер туралы баяндайды». Келесі мысал жоғарыда айтылған мәліметті айғақтай түседі: «Сол киіздер елінің – киіз үйлерде тұратын көшпенділер елі». Одан соң былай деп жазылған: «Қалқан биі биленер, Қауырсынмен билеген – Қонақтың шықты көңілінен. – Бұл жерде әңгіме байыр­ғы жауынгерлік билер туралы… Көш­пелілердің өкілдері қонаққа келгенде олардың құрметіне ұйымдастырылған сал­танат кезінде алдына түрлі дәм тартып, көңілін көтеретін болған». Қытай бас­шылығы тарапы дайындаған бұл билер мен дәмдер Ұлы дала иелерінің беделі өте биік болғанын көрсетеді. Сондықтан, Қы­тай билігі басындағылар олардың көңі­лін ауламақ болғаны түсінікті. Бұны келесі сіл­теме қостайды: «Шапқан дала төсімен – көшпелілердің көңілін аулау үшін алдынан шығу»; «Қолдан енді не келер, Көздерімді тігемін – Қытайдың көшпелілер алдында соншама иілуіне күйіне қарау».

Гао Жу-мин
(1700 ж. шамасы)
Ұлы қорғанның ар жағында

Аттыларды жұтты тұман айдахар,
Арбаларды тұңғиыққа құм тартып.
Көрініп көктей сілем алыстан.
Жел әніне қар балқып…
Жауынгерлер – бір жүрек.
Бұйрық қатты, қорықпайды жауынгер
Тек отанын ойлайды екен нағыз ер –
Лоулань елі жеңілмеді сондықтан,
Жолдар әлі қауіпті!
Бұл өлеңнің сілтемесінде Қытай көп уақыт толасссыз соғысқан көшпелі тайпа туралы жазылған.

Са Тянь-си
(1300 ж. шамасы)
Шанцзинге бару

Астасып тауларменен шексіз дала,
Талпынады биікке құмды қырлар.
Үлкен сарай, үй сұлбасы, қоршаулар
Жайылады сары құм аймақты арбай.
Жаншымасын, баспасын деп ешбір жан,
Шөп өскен жер қоршалған.
Тек айналып өту керек
Жақтаулармен айналған.
Сілтемеде былай деп жазылған: «Шөп өскен жер қоршалған, – Мынадай аңыз сақталған… Құбылай хан ұрпақтары өзде­рінің көшпелі өмірі туралы ұмытып кет­песін деп сарайының алдына дала шөптерін еккізіпті. Хан шөптерді жаншып-таптауға қатаң тыйым салған. Сондықтан, сарайға ену үшін келушілер дала шөптерін қор­шаған шарбақтың бойымен жүруге міндетті болған».
Ақын өлеңін былайша жалғастырады:
Тәу етіп аспанға ұсынады қымызды,
Киелі салтпен далаға тамшы тамызар.
Жел қалаға сәлемін жотадан биік жолдайды,
Дала иісі қалаға жетпей қоймайды.
Солтүстік батысқа айдап ақбоз аттарды
Жол аспанның ақ бұлтына ұқсатып,
Қонақ үшін жасалған зерлі кеселер
Алыстан жеткен ханзадаларға берілер.
Кештің қызыл шапағына шомылған.
Қара мал жүр жайменен, қойлар еркін жайылған,
Шырын қымыз жасалады осында
Жабайы шөп бар әлемді мас қылған.
Киіз үйлер тұнжырап: боран суық!
Шыр айналып жел құмды қардай қуып
Солтүстіктің желі ызалы, ызғарлы
Биіктетіп қара суық барады шабыс туын.
Сілтемеге көңіл бөлейік: «Тәу етіп ас­панға ұсынады қымызды, Киелі салт далаға тамшы тамызар… – Аспанға тәу ету салты барысында дала төсіне қымыз шашатын болған. Бұлай тек қаған ғана жасауы мүмкін еді. Оның қасында тек туыстары ғана болатын».
«Солтүстік батысқа айдап ақбоз аттарды, – осы өлең жолымен тәу ету кезінде кең алқапта атпен айналып жүру ғұрпы жүзеге асырылатыны туралы жазылған».
Са Тянь-сидің өлеңінде тағы мынадай шумақ бар:
Садақтай боп адырнасы түп түзу –
Ұлы дуал атағы жер жарады.
Арғымақтың тұяқтары жел қармай
Сар далаға аң аулауға жас ханзада шабады.
«Ұлы дуал атағы жер жарады» – кітапта мынадай түсініктеме берілген: «Бұл өлең жолы Ұлы дуалдың жанында мекендейтін халықтардың атағы туралы жазылған».
Шындығына келгенде, қытай поэзия­сындағы түркілік із бекерден бекер пай­да болған жоқ. Бұл екі өркениеттің ты­ғыз қарым-қатынасының белгісі. Бұны дәлел­дейтін мәліметтер де бүгінгі күнге жетті. Белгілі түркітанушы Лев Гумилев «Байырғы түркілер» кітабының «Тан импе­риясының пайда болуы» атты ХІІІ тарауында былай деп жазады: «Қытайда шетел­дік ұстанымдарға қызығу орын алды. Қытай-түркі сөздігі құрастырылды, бірақ, сақталмады. Түркі музыкасы император оркестрінің орындауында Тан әулетінің билігінен бұрынғы Бэй-Чжоу заманынан бері орындалатын. Адамдар әрдайым тең араласып тұрған ғой… Салтанатты жиындарда шет ел музыкасы мен бірге «шетел дәмі» де ұсынылатын. Түркі киімі – сол жаққа қарай қымталатын белдікті жағалы жасыл және қоңыр шапан Тан билігі кезінде күнделікті киетін киімге айналды. VII ғасырда өмір сүрген қытай ауқаттылары өз үйлерінен гөрі киіз үйлерді өте ұнататын». Басқа да мәліметтер жеткілікті.
Сонымен, жоғарыда келтірілген өлең­дер мен мәліметтер ұланғайыр Ұлы даланы мекендеген халықтың көрші Қытай­мен қаншалықты тығыз қарым-қатынаста болғанын дәлелдейді. Ұлы дала ұлан­дарының өркениеті Қытай елінің поэзиялық өнерінде осылайша көрініс тапты.

Алдыңғы «
Келесі »