Жеке тұлғаның адамгершілік қасиет сапаларын қалыптастыруда «өзін-өзі тану» пәнінің ерекшелігі

  • 17.05.2018
  • 772 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Б.Әлмұхамбетов,
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Педагогика және психология институтының
директоры, п.ғ.д., профессор

Қазақстандық білім беру жүйесінің әлемдік білім кеңістігіндегі жаңартулармен ұштасуы жоғары оқу орындарында білім алушы студент жастардың заманауи озық технологияларды меңгеріп, индустриялық дамудың ақпараттық өр­кен­деуiне белсендi араласатын, білгір де білікті, ең бастысы адам деген ардақты атқа лайық, кісілік келбеті келіскен, адами болмысы жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтармен үйлескен, өзін-өзі дамытып, өзін-өзі жетілдіре алатын, жан-жақты дамыған интеллектуалды тұл­ға тәрбиелеумен өзектендіріледі. Сол себепті, қазіргі инновациялық қоғамда қызмет етуге дайын функционалды мамандарды дайындауда болашақ маман­ның құндылықты бағдары, адам­гершілік сапалары, шығармашылық интел­лектісі, жаңалықтарға ашықтығы Елбасы Н.Ә.Назар­баевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» Жолдауында ай­тылған идеялар­мен сабақтастықта қарас­тырылады [1].
«Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» Жолдауында қамтылған ба­ғыттардың бірі – қазіргі жастарға ру­хани-адамгершілік тәрбие беру болса, ол тәрбие студенттердің ой-өрісін кеңейтетін, ақыл-ой мәдениетін дамытатын, шығармашылық сындарлы ойлау қабілетін арттыратын жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтардың білім мазмұнында көрініс табуымен жүзеге асады. Осы бағыттағы жаңа ізденістің негізіне білімнің құндылықтық бағдарын күшейту мәселесі алынады. Сондықтан, студенттерге берілетін білім мазмұнының өзегін рухани құндылықтар құрауына, ал, практикалық дағдыларды қалыптастыру бағытында жаңа заман­ның бәсекеге қабілетті маманына қажет­ті қатысымдық, ақпараттық және өздігінен шешім жасау құзіреттіліктерін меңгерту көзделеді.
Қазақстан Республикасының қазіргі қоғамдық дамуында студент жастардың білімі мен тәрбиесі жалпыадамзаттық, ұлттық, этномәдени және тұлғалық құндылықтардың үйлесімді жинақталуына бағдарланған. Бұл құндылықтар олардың өзін толық іске асыруына, өмірдегі өз рөлі мен өмірлік мұратының мәнін ұғы­нуына, қоғамға қызмет етуіне мүмкіндік беретіндей дәрежеде болуы керек. Өйткені, өзін-өзі тану студент жастардың рухани-адамгершілік тұрғысынан дамуында түйінді рөл атқарады. «Өзін-өзі тану» білімнің құндылық тұрғысындағы мәнін күшейте түсіп, жеке тұлғаның риясыз сүюін, өзіне және өз күшіне сенуін, жақ­сылық жасауын, өзін және өмірді бар мүмкіндігінше тануын, өзін-өзі жетілдіруі мен физикалық, психикалық, рухани, әлеуметтік, шығармашылық өсуі тұрғысынан үйлесімділікке қол жеткізу қабілеттерін ашады және дамытады. Осы ретте, студент жастарға кәсіби білім берумен қатар, олардың болашақ маман ретінде қалыптасуына ықпал ететін «Өзін-өзі тану» пәнінің алатын орны ерекше.
Бұл пән болашақ маманды өзінің тұлғалық дамуындағы мақсаты мен мұ­рат­тарын анықтауға, шығар­машылық қабілеттері мен бейімділіктерін ашуға, түрлі мәселелерді адамгершілік қағида­ларға сәйкес шешуге, қоғамдағы өз орнын табуға, өзі мен өзгелерді, сонымен қатар, өзін қоршаған әлемді бағалай білуге үйретуді көздейді. Өзін-өзі тану нәтижесінде болашақ мамандар өз ойы, сөзі және іс-әрекеттерінде шынайы болуға, азаматтық және елжандылық танытуға және ізгілік әлеміндегі игі істердің басында тұруға дағдыланады. Сонымен қатар, өзін-өзі тану адамның шығармашылық белсенділікке ұмтылуын, жан-жақты дамуын қамтамасыз ететін үдеріс ретінде тұлғаның интеллектуалдық әлеуетін қалыптастыруға да негіз болады. Қазақстан Республикасының ұлттық педагогикалық білім беретін жоғары оқу орындарында білім алушыларды еліміздің болашағы, интеллектуалды ресурсы және қоғамның басты құндылығы ретінде оқытып тәрбиелеу үшін жоғары білім беру бағдарламасының «Білім беру» мамандықтары тобы бойынша базалық пәндер циклына «Өзін-өзі тану» пәні енгізілген. Аталған пән тек педагогикалық қана емес, сонымен қатар құқықтану және экономика қаржы мамандықтарында білім алушылардың да рухани мүмкіншіліктерін, мәдениет, әлеуметтік және кәсіби шығармашылық субъектісі ретіндегі мәнін дамытуды көздейді. Бұл пән әр студенттің бойында жалпыадамзаттық мұраттар және жалпыұлттық қазақстандық идеямен үйлесетін және өзінің қайталанбас даралығымен сәйкес келетін құндылықтардың жүйесін қалыптастыруға жағдай жасап, мүмкіндіктер тудырады.
Қазіргі қоғамның тізгінін ұстайтын студент жастардың білімділігімен, қатар олардың адамгершілік қасиеттерін жетілдіруге де баса назар аударылады. Адамды жоғары биіктен көрсететін белгі оның адами қасиеті, кісілік келбеті. Сол себепті, студент жастардың адамгершілік-рухани қалыптасуы мемлекеттік тұрғыдағы келелі міндеттердің қатарынан орын тауып, аталған мәселе төңірегінде туындаған ой-пікірлерді Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында «жаңа жағдайларға сай біздің бәрімізді алаңдататын мәселе – білімді, кәсіби даярлығы бар адамды тәрбиелеу ғана емес, қоғамдық өмірдің барлық саласында ұлттық және дүниежүзілік құндылықтарды қабылдауға қабілетті, рухани адамгершілік мүмкіндігі мол тұлғаны қалыптастыру болып табылады»,– [2] деп айтылуы бекіте түседі. Адам тәрбиесі, жаңа қалыптағы адам ресурстарын дамыту мәселесі рухани және адамгершілік құндылықтар жүйесінің мүмкіндігін анықтайды. Қазіргі таңдағы жоғарғы оқу орындарындағы гуманитарлық білімнің мазмұны рухани мәдениеттің жаңа жетістіктерінің негізінде анықталып, жүйеленеді. Ол жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарға сүйене отырып, жас мамандардың болашақта сапалы өмір сүруінің кепілі боларлық қабілеттерді дамытуға қажетті пәндік және кәсіби құзіреттіліктерді қалыптастыруға бағыт­талады. Жоғарғы оқу орнында оқитын студенттерге аз ғана уақыттың ішінде бүкіл адамзаттың даму тарихында туып қалыптасқан көптеген материалдық және рухани құндылықтармен танысуға тура келеді.
Мамандарды дайындау жүйесіндегі гуманитарлық білімді «Өзін-өзі тану» пәнімен толықтыру мәселесі студенттің кәсіби қызметке қатысты құндылықтары мен адамдық болмысына тән құндылықтары арасындағы қайшылықтарды болдырмау мақсатынан туындап отыр. Кез-келген мамандық бойынша белгілі бір қызмет түрінің аясында, шешімін табуы тиіс кәсіби міндеттердің ауқымында жеке тұлғаның дамуын шектейтін мәселелер болмай тұрмайды. Сонымен қатар, әрбір маман болашақта тек өзінің кәсіби қызметін орындап қана қоймайды, оның өмірінде адами мәселелермен бетпе-бет кездесетін жайлармен де ұшырасары сөзсіз. Маманның адами болмысы әлеуметтік қасаң ережелермен шешуге көнбейтін проблемалық-қақтығысты жағдаяттарда жеке тұлға ретінде әрекет етуге мәжбүр болатын, өзіндік жеке шешім жасауды талап ететін кездерде айқын көрінеді.
Жоғарғы оқу орындарында «Өзін-өзі тану» пәнін оқытуда, оның пәндік ерекшелігінен туындайтын өзіндік біршама өзгешеліктері бар. Бұл, әсіресе, өзін-өзі тануда тек субъективтік шындық түрінде жүзеге асырылатын мәселелердің меңге­рілуіне байланысты болып келеді. Өзін-өзі тануға қажетті бірінші нәрсе – субъектінің кез келген өмір жағдаятындағы адамның мәні мен оның тіршілік әрекетінің ерекшеліктерін айыра білуі. Студенттер өзінің де, өзгелердің де бойындағы «сыртқы» (адам мінез-құлығы мен әрекет нәтижелеріндегі көзге ұрып тұратын жайтттарды) мен «ішкі» қасиеттерді танып, ажырата алуына бағыт береді. «Өзін-өзі тану» пәні студентті өзін болашағы бар шығармашылық тұлға ретінде сезініп, келешек жолында өзін-өзі дамытудың қандай бағытын таңдайтынын бағамдауға үйретуге көзделеді.
«Өзін-өзі тану» жаңа ұғым емес, оның сан ғасырлық даму тарихы бар. Адамзат баласы тіршілік ете бастаған алғашқы қоғамнан бастап, адам өзін-өзі тануға, өзін-өзі жетілдіруге, дамытуға және өзін-өзі іске асыруға үйрене бастаған. Адамды мұндай әрекетке өмір сүруге бейімделудің шарты әкелді. «Өзін-өзі тану» пәнінің оқыту мақсаты адам тәрбиелеу, әр баланың бойына адамгершілік нұрын себу. Осы тұрғыда Абай, Шәкәрім шығармалары адам табиғатының күрделі болмысын сараптап, сонымен қатар адамның ішкі мазмұнының дұрыстығына назар аудара отырып, адамның ішкі болмысының мазмұндылығы «адам болу» идеясының негізін құрайды.
Абай мен Шәкәрімнің дүниетанымдық, әлеуметтік-этикалық көзқарастарында адам бейнесінің жақсы қасиеттерге толы сапалы жақтарымен қоса, жағымсыз іс-әрекеттер туындататын сапасыз белгілері де қатар қарастырылады. Абайдың «Толық адам», Шәкәрімнің «Ар ілімін» жастарға таныс­тыру, оның тиімді жақтарын, бүгінгі күн талабына сәйкес келетін тұстарын насихаттап қазіргі заманның жан-жақты жетілген адамын тәрбиелеуге кеңінен пайдаланудың теориялық та, тәжірибелік те маңызы бар.
Осы орайда, Абай өлеңдерінде адам­ның дамуына негіз болатын тұлғаның өз бойындағы рухани-адамгершілік құндылығы, жеке басының негізгі мінез ерекшеліктері мен адами қасиеттері әсер ететіндігі:
Ақыл, қайрат жол табар,
Қашқанға да қуғанға.
Әділет, шапқат кімде бар,
Сол жарасар туғанға.
Бастапқы екеуі соңғысыз,
Біте қалса қазаққа
Алдың – жалын, артың – мұз
Барар едің қай жаққа?
Ақыл мен қайратқа ғана ие адамды әдетте «жарты адам» дейді. Себебі, ол «суық ақылдың» ғана өкілі. Бойына осы ақылға қоса әділет пен шапағат біткен адам ғана «толық адам», яғни ол нұрлы ақылдың өкілі деп танылады [4], яғни, адамгершіліктің негізгі тұтқасы адамның өз бойындағы ерекшеліктері екендігін дәлелдеді. Мұны «өзін-өзі тану» пәнін оқытудың жаңа әдістемелік жаңа бағыттарындағы «сыртқы білім» және «ішкі білім» ұғымдарынан да байқауына бағдарлайды.
«Өзін-өзі тану» пәнінің құрылы­мындағы рухани қажеттіліктер – әрбір адамның жан дүниесінің тереңінде жатқан, оны түрлі әрекеттерге ұмтылдыратын өмірдің идеалды формасы түрінде көрініс береді. Бұл өмірге, сұлу­лыққа іңкәрліктен, тұрмыс қуанышынан, адамдар ара­сындағы қайырымдылық пен өзара түсіністіктің мәнін және өзінің өзгелерге керектігін сезінуден туындайды. Олар сана-сезімнің формалық жағы­нан кеңеюімен, мазмұны жағынан тереңдеуімен байланысты туады. Бұл социумда болып жатқан түрлі құбылыстардың табиғатын, себептерін, мәнін тануға деген ішкі мүдделіліктен басталады. Мұндай танымға жүрек пен ақыл, сол құбылыстың жалпы мәнін түсінуге ұмтылған абстрактылы-жинақтаушы ойлау мен нақты эмоционалдық күй тең дәрежеде қатысады.
Рухани қажеттіліктер адамның интеллектуалдық және эмоционалдық сапалық ерекшеліктерін жетілдіруге ықпал етеді. Сол себепті, адамның ішкі жан әлемінің тазалығы, сұлулығы руханилығы жан мен тәннің үйлесімінен көрінеді. Адам сапа жағынан екі құрамда ажыратылып қабылданады, оның бірі – сыртқы, түр-тұрпат сұлулығы, яғни субъективтік сұлулық, екіншісі – рухани, ішкі, яғни, объективтік сұлулық деп аталады. Адам анадан сырт бейнесі, пішіні сұлу болып туылуы мүмкін, ал, ішкі жан сұлулығы, өзінің мінез-құлқы, қылығы, ісі, басқа адамдарға қарым-қатынасының т.б. жиынтығы ретінде қоғамда калыптасады. Ал, жүректегі данышпандық, кемелділік, қайырымдылық, ұлықтық бұлардың бәрі ақылдың ықпалымен адамның жан-дүниесінде пайда болатын қасиеттер. Сондықтан, бұлар өзара үйлесімде болғанда ғана адамның рухы биік, жан әлемі де таза болады.


Абай: «Тәннен жан артық еді, тәнді жанға бас ұрғызса керек еді», – десе, Шәкәрім «адам баласында екі ұмтылыс болады, біреуі тән ұмтылысы, екіншісі – жан ұмтылысы» – деген. Бұл нақыл сөздердің мағынасы адамның қадір-қасиеті оның сыртқы тұлғасында емес, керісінше, оның жан дүниесінде екенін білдіруі ішкі жан-дүниенің эстетикалық аспектісіне негізделеді.Әр адамды сипаттайтын тән, жан және рух, ақыл-ой барлық уақытта үйлесімділікте бола бермейді және бірегей ұмтылыстарға бағына бермейді. Олардың арасындағы үйлесімділікке «Мен қандаймын?» деген сұраққа жауапты өзінің ішкі жан әлемінен, өзіндік даралығынан тапқанда ғана қол жеткізуге болады. Осы философиялық идеялардың негізінде, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті, Педагогика және психология институтының, мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика кафедрасында 5В012300 – «Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану» мамандығы бойынша, мамандар даярлануда. Соңғы он жыл ішінде өз түлектерін ұядан ұшырып, аз уақыттың ішінде түлеп шыққан мамандарының жемісін көрсете алып отыр.
Сонымен қатар, мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика кафедрасында 2010 жылдан бері Рес­публикалық деңгейде «МЕЙІРІМ» және «ЛИДЕР» клубтары жұмыс жасап келеді. Аз уақыт аясында «Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану» мамандығы бойынша болашақ кадрлардың кәсіби қызметінің аясында, халықты әлеуметтік қорғау жүйесіне бағытталған, студент-еріктілербіршама жұмыс атқарып келеді. Алматы облысындағы №1 балалар үйімен тығыз байланыста жұмыс жасай отырып, студенттер балаларға әлеуметтік-педагогикалық сүйемелдеу және қолдау көрсетіп келеді.
«Өзін-өзі тану» интегративті пән ретін­де студент жастардың білім алуына түйін­ді рөл атқара отырып, гуманистік дү­ние таным негіздерін қалайды. Табиғи болмыс адамшылдықпен, материалдық руханилықпен, макрокосмостық микрокос­мостықпен, жалпыадамзаттық тұлғалықпен үздіксіз байланыста болатын барлық басқа білім беру салалары тұтас гуманитарлық білімнің бөлігі болып табылады. Осы бағыт адамның сөзсіз құндылық екендігін, оның жоғары деңгейдегі өзіндік санасын, өз абыройын, өзін-өзі құрметтеуге, пікір дербестігін сезінуге, өзін-өзі жетілдіру қабілеттеріне, рухани әлемдегі және қоршаған өмірдегі жағдаяттарда бағдарлай алу іскерлігін, өз бетінше шешім қабылдай алуға және өз әрекеттері үшін жауапты болуға тәрбиелеуді көздейді.
Жастар өзін-өзі танудың нәтижесінде адамзаттық құндылықтар мен адамгершілік идеалдарына тартылады, адам өміріне қажетті рухани қажеттіліктердің мәнін ұғынып, қоршаған ортамен үйлесімді қарым-қатынастқа үйренеді. Олай болса, студент жастардың тұлғалық әлеуметтенуіне аса қажет құндылықтарды меңгертуге негіз болатын «Өзін-өзі тану» адамгершілік – рухани білім мазмұнын жоғары оқу орындарындағы оқу-тәрбие үдерісінде пайда­ланудың маңызы, орны ерекше деп тұжырымдауға әбден болады.
Шәкәрімнің «Істің басы өзіңді тану», – деген нақыл сөзі бүгінгі таңда әр болашақ маманның тұлғалық әлеуметтенуіне тірек болатын руханилық қағидасы негіз болады.
Адамның өзін-өзі тануы сана, рух, жан, ақиқат, өмір, жақсылық, даналық, қабілет, денсаулық, сұлулық, сенім, арман, үміт, еңбек, достық, махаббат, және басқа да құндылықтарды өз бойына жинақтап, оларды өзін өзі тануда шығармашылықпен орынды пайдалана алғанда ғана жүзеге асып, бұл құндылықтар жүйесі адамның инттеллектуалдық әлеуетін қалыптастыруға негіз болады.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Назарбаев Н. Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру // Егемен Қазақстан. 12.04.2017.
2. Қазақстан Республикасының Білім турaлы Зaңы. Зaң aктілерінің жиынтығы. – Aлмaты: Юрист, 2007. – 192 б
3. Өзін-өзі тану. «Білім беру» тобы­ның мамандықтары үшін типтік оқу бағдар­ламасы. Жоғары кәсіби білім беру. Алматы-2010.
4. Құнaнбaев A. Екі томдық шығaрмaлaр жинaғы. – Aлмaты, 1986. – 312 б.
5. Құдайбердіұлы Ш. Үш анық. – Алматы: «Қазақстан» және «Ғақлия» ғылыми-әдеби орталығы, 1991. – 80 б.

Алдыңғы «
Келесі »