ІЗГІЛІКТІ ПІР ТҰТҚАН азамат Төрежан Жүнісов жайлы мөлтек сыр

  • 17.05.2018
  • 384 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Зәкір АСАБАЕВ,
жазушы, «Сарыағаш»
ауданының Құрметті азаматы

Жер бетіндегі адамзат баласына тән тіршілік-тыныс бағзы замандардан бері тек қана пиғыл-ниеті таза, жан-дүниесі бай, кешірімді, кеңпейіл, қоғам, халық қамын жоғары қойып, ар-ұжданды кірлетпейтін, пенделік ұсақтықтан биік тұратын, ізгілікті пір тұтатын адамдар арқылы алға басады, дамиды, түлейді, ұрпақ жалғасады. Бұл біз емес, қасиетті Құран-Кәрімнен бастау алып, арғы-бергіде өткен ғұламалардан қалған ой-түйін, ғибрат, өсиет десе болғандай. Және мұны екінің бірі тұшынып, сезінеді деу екіталай. Әйтпесе, ұлы Абай айтқан алауыздық, іштарлық, күншілдік, сараңдық, арамдық, қулық, пасықтықпен көсеге көгермесі анық. Прогресске жол ашық. Табиғи жаратылыс – жақсы жандар көкірек қағып, өздерін дәріптемейді, алабөтен адыраң қағу қаперлеріне кірмейді. Қайда да құдайлық сөздерін айтып, ақырын жүріп, анық басады, қолда барын бөлісіп, қайырымдылыққа құмбыл. Қашанда! Әрдайым!

Міне, ешкімге салмақ артпай, өзімен-өзі жүріп, бір ауыз ұлағатты сөз айтумен-ақ есте қалатын қарапайым, байсалды, кісілікті пенделерді біз де көргенбіз, білгенбіз. Көріп те жүрміз, олар аз емес. Ара-тұра ойлаймыз ғой, бойға дарыған аз-кем жақсы үлгілер болса, солардан ауысқан шығар-ау. Әкеміз төрт жыл алғы шепте болған Отан соғысы кезінде алақандай колхозды ауылда жасы асып кеткендіктен майданға бармай қалған төрт-бес шал болды. Шал дегенмен, кейін білгеніміздей, сол шақтарда олардың жасы елудің о жақ, бұ жағында екен. Жарықтықтардың бір-екеуінен өзгесі екі-үш жыл төңірегінде бақиға озып, бала-шағалары жетімдіктің зарын шегіп өсті. Ақ сақалы төсін жапқан Қасымбай бабамыз небәрі елу бес жасында өмірден өтіпті. Өз басым жүріс-тұрыс, жұртқа жасайтын жақсылықтарынан біраз үлгі-өнеге алған, түр-түсі еміс-еміс есте қалған Пірән, ұстарамен балалардың шашын алып беретін Құрал, пайғамбар жасында қаза болған Тұралы бабаларымды ұмытпаймын, жадымда жүреді. Олардан ұзақтау жасап, немере, шөбере көру бақыты бұйырған Сабыр бабам, әкемнің туған інісі Әтембай жәкем жөнінде де солай. Осылардай тумысы бөлек, дегдар жандар көрші колхоздарда да болатын. Біз тұратын «Ынталы» колхозымен іргелес «Коминтерн» колхоздарындағы – кейін өз әкеммен етене жақын дос, жолдас болған – Ақай Ештаев, Елемес, Анарбай, өзге де азаматтар күні бүгінгідей көз алдымда. Бұлардың аттарын атап, еске алып отырғанымның себебі, төменде кеңірек әңгіме еткелі отырған бір ғазиз жан да осындай ортада өсіп, ізгілікке қанығып ержетіпті. Аты-жөні – Төрежан Жүнісов, жасы кішілеу, менен соңғы туған ініммен аудан орталығындағы орта мектепте бір класта оқып, өле-өлгендерінше қимас дос болыпты. 1957 жылы Ташкентте пединститут бітіріп, бір жылдан соң қиял жетегінде Алматыға барып, біржола орнығып қалған мен оны жыға білмегенмен, ол мені жақсы біледі екен. Бұлар арадан жылдар өткенде мәлім болды. Енді, осыларға кеңірек тоқталайық. Қайталап айтайын, жаның жәннатта болғыр Төрежанмен өз басым жиі аралас-құралас болмасам да, сиректеу көрісіп-біліскеннің өзінде кім екенін қапысыз ұғып, көзім жеткен-ді. Есесіне, екі бірдей туған інім, марқұм Шәкір мен профессор Чапайды бауырына тартып, риясыз сыйласқандарына куәмін. Рухы шат болсын.
Бұл ертеректе болған жай. Бір жолы Шымкентке жолым түсіп, сондағы жеке меншік заң институтында оқитын (марқұм) Мұсырман інімнің баласына тиын-тебен бере кету үшін қанша іздесем де таба алмай, аталмыш оқу орнының ректоры Нұрақметтің қабылдау бөлмесіне бардым. Ол орнында болмай, хатшы қыз көп ұзамай келеді деген соң, сыртқа шығып күтіп тұрдым. Көп өтпей Нұрақмет келіп, мән-жайды айта бастағанымда анадай жерден киімі олпы-солпылау, аса қарапайым (маған солай көрінді) әлдекім бізге қарай елпең қаға жақындай берді. Мен де, (марқұм) Нұрақмет те асығыс болғандықтан, қасымызға тақала берген әлгі адамға: «Әй, жігіт, сәл сабыр ет, менің бір-екі ауыз сөзім бар, қазір бітеміз», – дегеніме орай Нұрақмет: «Зәке, бұл сізге амандасуға келе жатыр ғой», – десін. Бейтаныс жігіт ештеңеге қарамай жаныма таяп келді де, атымды атап, «біліп тұрмын, мені таныған жоқсыз» деп, аман-саулық сұраса бастады. «Атым Төрежан, фамилиям Жүнісов, есіңізде бар ма, жоқ па, мен «Жетітөбе» колхозынанмын ғой. «Жетітөбені» білетін шығарсыз», – деді.
– Білемін, білгенде қандай. Біздің ауылдан төрт-бес шақырым жерде еді ғой, – дедім.
Шыны да солай-тын. «Қоңыртөбе» жетіжылдық мектебінде сол ауылдың біраз балаларымен бірге оқығанбыз. Төрежанға соны айттым.
– Е, бәсе, әрине, мені білесіз, қайсыбір жылы Алматыға барғанда қызмет орныңызға әдейілеп кіріп сәлем бергенмін. Сіз үйіңізге шақырып, бір күн қонып шыққанмын. Бірақ, мұны ұмытқаныңыз көрініп тұр,– деді қолымды қайта-қайта қысып.
Қолма-қол кешірім сұрадым… «Солай, солай, айып етпе, асығыстау болған соң…» деп.
– Ештеңе етпейді. Ендігі кезек біздікі. Бүгін үйде қонақ боласыз…
Жаны жарқын, мінезі ашық. Сөзіне әзіл-қалжың араластырып сөйлейді екен.
– Алматыда жүре бересіз бе? Елге жақындамайсыз ба?
– Тұра тұр. «Жетітөбеде» кімнің баласысың? Ағайындарың кім? Бәлкім, мен білетіндер бар шығар.
– Олар туралы үйіңізде болғанда айтып ем ғой. Біз сол колхоздағы жалғыз үй қожа едік деп… Е…е… оқасы жоқ, қайтып көріспегелі көп болды ғой. Қазір шымкенттікпіз. Мақтанды демеңіз, құдайдың қалауы шығар, осындағы екі институт, бір университеттің қожасымыз. Мынау Нұрақмет Ташкендегі ініңіз Чапайдың Мәскеуде бірге оқыған досы ғой. Қазір менің қарауымдағы Заң институтында ректор. Ал, не тұрыс, кеттік үйге. Қалған шаруа біте жатады. Асықпаңыз!..
– Жо-жоқ, – дедім үш сағаттан соң самолетке шығатын билетті көрсетіп. Жанымда мені жеңіл машинамен алып жүрген облыстық мекеменің бірінің бастығы Артықбаев бар еді, ол да «бұл кісіні біз де қалдыра алмай тұрмыз» деп менің сөзімді қостай сөйледі.
– Қап, болмады, – деді Төрежан өзіміз өскен ауыл мақамына салып. – Несі бар, билетті өткізе салыңыз, ертеңге басқасын аламыз.
Мен бүгін кетпесем болмайтынын айттым.
– Қап, – деді Төрежан тағы да. – Онда әлгі сөзім – сөз. Шымкентке көшіп келіңіз. Үш бөлмелі үй менен, кілтін бірден қолыңызға ұстайсыз. Келістік пе?
– Алматы үйренген жер ғой. Әзірге ондай ой жоқ. Ниетіңе рахмет, – дедім.
Ал, оның ниет-пейілі әзіл-қалжың­нан ада, адал көңілден айтылған бүкпе-бүрмесіз шынайы, таза еді. Солай екені айдан анық көрініп тұрды. Алматыға келгенде үйде бір күн жатып, қонақ болғаны мүлде есімде жоқ-тын. Бұл Төрежандай – таза жаратылыс иесімен екінші рет жүздесіп, арқа-жарқа әңгімелескен шақ еді. Жақсы шақ еді.
– Бағана біздің президент беремін деген үш бөлмелі үйден бекер бас тарттыңыз. Кейін көре жатар едіңіз ғой, мақұл дей салмадыңыз ба? – деді сол күні мені аэропорттан шығарып салуға келген Нұрақмет пен Артықбаев інілерім.
– Менде ондай нәрсе қанда жоқ қой, жігіттер!
Осыдан соң онсыз да сирек келетін Шымкентке жол түскенде Төрежанмен бірде көрісіп, бірде көрісе алмай, уақыт өте берді. Арадан жылдар өткенде Тәшкеннен Шымкентке қоныс аударған Чапай інім бір-екі рет ертіп барып, аз-кем әңгіме-дүкен құрған кездеріміз болды. Чапай Төрежанның қарауындағы жоғарғы оқу орнында әлі күнге шекті дәріс береді. Профессор, көп оқып, көп тоқиды. Зейнетке шыққан соң ол да Тәшкеннен келіп Шымкентке тұрған Шәкір інім де Төрежанның қарамағында біраз жыл бұйырған жұмыс істеп, нәпақа айырып жүрді.
Чапайдың демеуімен Төрежанның үйіндегі келіннің жазған мақала­ларының өзім жұмыстанатын журналда жарық көруіне сеп жасадым. Әйелі қайтыс болғанда арнайы барып көңіл айттым. Шәкір інім қайтыс болғанда ол да қырқы, жылдық асында бірге болды. Қайран есіл ер Төрежанмен аралас-құраластығымыздың кей парасы осылар іспеттес. Кейін көрісудің сәті түспеді. Қайтыс болғанын естігенде өзекті өкініш өртеді…
Жаның пейіште болсын, бауырым!

Алдыңғы «
Келесі »