Әлеуметтік сана – қоғамды жаңғыртып дамытудың басты қозғаушы күші

  • 17.05.2018
  • 388 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Тыныштық Қалдыбаева,
социология ғылымдарының
докторы, профессор

Адамның барлық табиғи жаратылыстанбасты айырмашылығы мен ерекшелігі – оның санасы, жоғары сана, оған әлеу­меттік сананың тиістілігі, тиісті болуы керек екендігі. Ол қоғамда, әлеуметтік ортада өмір сүреді. Қоғамдық сана көп қырлы: дұрысы мен бұрысы,жасампаздығымен керітартпалығы қатар кездесіп тұрады.Әртүрлі жағдайларға байланысты көп­теген адамдардың әлеуметтік санасы жетіспей, тиісінше дамымай қалады.Ондайлар қоғамның алға басқан аяғын кері кетіруге қызмет етеді. Қоғамдық сана,оның ішінде әлеуметтік сана ең күрделі және маңызды әлемдік мәселе.Себебі – әлемдік қоғамдар құрайды, әлемнің әлеуметі жеке қоғамдардың әлеуметінен құралады. Сол себепті қоғамдық және әлемдік әлеуметтік сана социология ғылымының басты зерт­теу предметі және обьектісі болып табылады.
Қазіргі әлем іштей өте қарама-қай­шылықта. Оған себеп, миллиондаған адамдарға тек білімнің, экономикалық мүм­кіндіктердің жеткіліксіздігі емес, ең алдымен адамдарға жоғары сананың, әлеуметтік сана мен мәдениеттің жетіс­пеуінде:
жарты миллиардқа жақын адам мүлдем сауатсыз, оның басымы қыздар мен әйелдер;
миллиондаған жастар мен балалар және ересектер өмірді теологиялық түсіну мен теологиялық ойлаудың тұңғиығына батып алған;
Африка, Араб елдерінде т.б; білім, ғы­лым барынша төмен дамыған;
экономикасы дамыған елдердің әлеуметі ортасында орын алған адам таби­ғатына қарсы, жат, анайы және қатыгездік іс-әрекеттермен мінез-қылықтар эгоистік және қылмыстық бизнес көмегімен жер шарының көптеген елдеріне таратылып, ол елдердің қоғамдық мәдениетіне зор нұқсат келтіруде;
экономикалық және рухани кедейшілік әлем әлеуметінің басым көпшілігінің үлесінде болып келді. Сол себепті, қоғам­дардың рухани жаңғыруы, жаңалануы әлемдік проблема болып табылады. Оны реттеудің басты факторы – әлеуметтік сана! (алайда, оның өзі де проблемасыз емес). Оны Қазақстан Республикасы Прези­денті Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевтың Қазақстан қоғамын рухани жаң­ғырту туралы стратегиялық қойылымы анық байқатып отыр. Бұл мәселе бүкіл әлем әлеуметіне бірдей қатынасты. Өз ке­зінде қазақ даласы ойшылдары, оның ең алдыңғы санатында тұрған Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев, Ахмет Байтұрсынов дәл осы мәселеге өз назарын салған, әлеуметтік сана оянбай, қазақ қоға­мының озық өркениетке қол жеткізе алмайтынын баса айтты, жазды.
Қазіргі Қазақстан қоғам үшін де әлеуметтік сана ең өзекті мәселе. Әрине, бүгінгі Қазақстан халқы сауатты, XIX ғасырдың аяғындағыдай қараңғы емес. XXI ғасырға қазақ ұлты, Қазақстан халқы білімді халық болып енді. Сонымен қатар, Кеңес Одағы тараған 90-ыншы жылдары, транзиттік қоғам жағдайында елеулі жайсыздықтарды бастан өткізді. Оған себеп:
– халықтың кешегі саяси-әлеуметтік ұстанымының, құндылықтарының күрт өзгеруі;
– экономикалық қатынастардың, оны дамыту негіздерінің өзгеріп, жаңа нарық­тық қатынастарға өтудің қиын­дықтары;
– елде діни сенім еркіндігіне есік ашыл­­ған сәттен алыс шетелдерден әр­түрлі сипаттағы, әркелкі ниеттегі діни ағымдармен бағдарлардың әлеумет ара­сына ентелеп, жоғары қарқынмен еніп алуы.Сол негізде, жастар мен ересектер арасында психологияландыру толқыны тундады. Біздің халыққа «аңқау елге-арамызда молданың» кері келді. Оның салдарынан әлі арыла алмай отырмыз.
Аталған жағдайларға қарамастан Қазақстан Тәуелсіздігі жылдарында ел тағдырын шешетін іс-шаралар іске асырылды:
– елдің іргесі бекітілді;
– мемлекеттің болашаққа бағдары – «Қазақ­стан Стратегиясы-2030» бадар­ламасы қабылданды;
– мемлекеттік Тәуелсіздік идеясы әлеу­меттің басты құндылығына айналды;
– мемлекеттілік негіздері нығайтылып, оның заң жүйесі жасалды;
– Қазақстан халқының ішкі бірлігі нығайтылып, ынтымағы бекіді;
– нарықтық экономиканың басты субьек­тісі – отандық бизнес негіз­делді, дамыды;
– Қазақстан халықаралық қатынастарда өзінің орнын тапты, өзін бейбіт сүйгіш мемлекет ретінде танытты;
– елге тартылған шетелдік инвестиция құл­дыраған экономиканы аяғына тұрғызды және әрі қарай қарқынды дамуға негіз салды.
Ендігі жерде, қазақстандық қоғам­ның дамуын жаңа сапалық кезеңге көтеру бағдарламалары қабылданды. Кешегіге, бүгінгіге, мемлекет бағдарлап отырған ертеңгіге көз жүгірте отырып, алдағы қоғамдық санаға, әлеуметтік сана-сезімге қатынасты мына құнды­лықтарды атап өткіміз келеді:
1. Демократия жолында елдегі сая­си жіктелуіне жол берілмеуі, барлық саяси-мәдени жүйелердің Қазақстанның мемлекеттілігі, тәуелсіздігі, жарқын бола­шағы төңірегінде топтасуы;
2. Қазақстан мемлекеті заңының өрке­ниеттілігі, адамгершілік бағдарлануы және елдегі әлеуметтік қатынастарды реттеудегі оның басымдылығы;
3. Қазақстан халқының бірлігі нығайып, ұлт аралық өзара қатынастардың озық өркениетінің берік негізіне айналуы;
4. Отандық іскерліктің, бизнес субьек­тілерінің әлеуметтік жауапкер­шілігі, жоғары әлеуметтік саяси мәде­ниеттің қалып­таса бастауы және мемлекет пен біріккен әлеуметтік әріптестікке даяр­лығының артуы, бизнестің өзінің әлеуметтік мәніне қызмет ете бастауы;
5. Білім жүйесінің адамгершілігі, озық ойлылығы және жаңашылдығының артуы;
6. Жастардың, ересектердің мемле­кеттің зайырлылығына құрметпен қарауы, құқықтық мәдениеттің артуы;
7. Отбасы институтының нығайып, өзіндік әлеуметтік функцияларын дәйекті іске асыруға бет бұрысы;
8. Қоғамдық санада балаларды, жастарды әлем елдерінде орын алып отырған зорлық-зомбылықтан, психологиялық,жыныстық, мәдени ауытқушылықтардан қорғау менталитетінің қалыптасуы;
9. Ақпараттық қоғамға енуге байланысты ақпараттану мәдениетінің, талғамының жоғарлануы;
10 . Ұлттық интеллигенцияның өзінің ел тағдыры алдындағы жауаптылығын жете түсуге ұмтылысы, қоғамдық сананың жаңғыруы мен дамуында өз орнын таба бастауы.
Әлеуметтік ой-сана мен іс-әрекеттің айқындаушы негізі не? Оның өлшемін қалай табуға болады? Басты айқындағыш, ол – адам өмірінің әлеуметтік мәні! Әлеуметтік мән-әлеуметтік қатынастар мен ара байланыстардың қыр-сырын социологиялық зерттеудің басты мето­дологиялық негізі. Адам табиғи жара­тылыстың ең жоғары саналы құбылысы болғандықтан, оның өмірлік мақсат-мүддесі, демек, тек тамақ, жақсы тұрмыс емес, ең алдымен адами ортада адамша өмір сүру. Қоршаған адами ортадағы ара байланыстарды өмірдің шынайылығы тұрғысынан танып біле, түсіне отырып, өзінің осы ортаның, қоғамның бір жауапты адамы, әлеуметтік ара байла­ныстардың субьектісі екенін түсіну, сол қатынастардың дұрыс, мазмұнды, өзара тиімді болу үшін оңды, мәнді іс-әрекеттер жасауы. Өз елі, халықпен бірге болуы, ортақ мүдделерді бірлесе шешуге атсалысу, ортақ мүдделердің, қоғамның дамуына өзінің жасампаздық үлесін қосуы. Яғни, әлеуметтік мінез-қылығы қалыптасқан адам,ол – еңбекшіл,жасампаз еңбек иесі, адамгершілікті тіршіліктің алып барушысы. Оған тек ізденімпаздығы емес, әрі ерік-жігер мен қайрат, тек өз өмірін ғана емес, басқалардың өмір-тіршілігіне ізгілікті ықпал ету тән қасиет.
Қорыта айтқанда, әлеуметтік сана-ақыл-ой, іскерлік қабілет пен ар-ұяттың үйлесімі. Ар-ұяты оның мінез-қылығына өзі бақылаушы, тексеруші, түзетуші. Мұндай қасиеттер жетіспеген адам кері кетушілік, қылмыстан, ұят­пен үйлеспейтін іс-әрекеттерден арыла алмайды. Әлеуметтік мінез, көзқарас, іс-әрекет балалық жастан қартайғанға дейін барлық адамға тән. Әрине, жас ерек­шеліктерін, білімі мен өмірлік тәжірибесін және алған әлеуметтік тәрбиесін ескере отырып.
Әлеуметтік тәрбие, адамзаттың тәжіри­бесінде бала жастан басталады: отбасында, қоршаған ересектердің ортасында, олардың өмірлік тәжірибесінде. Соңғы ғасырлардың үлкен жеңісі – балалар мен жастар үшін білім жүйесінің қызмет етуі. Әртүрлі отбасында, ортада, баршылық пен жоқшылықта өсіп келе жатқан балалар білім институттарында тең жағдайға қойылады, интеллектуалдық дамиды, бәрі бірдей білімді, ой-өрісі дамыған адам болып шыға алады. Білім мекемелері қоғамның әлеуметтік мәдениетін, азамат­тардың өркениетті ой-санасын тәрбиелеу арқылы әр адамды әлеуметтік тұлғаға айландыра алатын ғажайып институттар. Тек оларда ұйымдастырудың өзі дұрыс, адамгершіліктеі болса.
Адам өмірдегі ең бірінші шешуші кезең, ол – балалық шақ. Әр адамның бүкіл өміріне серпін, қозғалыс беретін ми қабаттары баланың 2-3 жасында құрылымдалса, 3-6 жасында әр адамның тұлғалық қасиеттерінің берік негізі қаланады. Сол себепті, осы жастағы бала­лардың дұрыс дамуы бүкіл қоғамның тағдырын шешетін негізгі фактордын бірі. Әлеуметтік сана тұрғысында жапон­дықтардың мына бір тәжірибесі маңызды:балалар бақшасындағы 3-5 жас арасындағы балалар ұжымдық ұйым­дасқандықпен, жауапкершілікке тәрбиеленіп, тәжірибеленеді. Ортақтасқан еңбек барысында әр бала ондағы өз үлесін сезініп, бағалай алады және басқалардың алдындағы өзінің жауапкершілігін санасына салады.Ұжым мүддесімен санасуға, ортақ тіл табысуға, ортақ мақсат үшін ізденіс жасау дағдысына үйретіледі.
Қоғам дегеніміз – осы қоғам әлеу­метінен құралатын үлкен ұжым.Әр азаматтың онда өзіндік орны мен жауаптылығы бар. Осындай ой-сана, ерік-жігер, талпыныс,ізденіс бол­маған жерде отбасынан да, қоғам­нан да береке кетеді. Еріксіз бірі екін­шісін мәжбүрлеуге тура келеді.Әрине, қалыптасқан моральдық және мемлекеттік заңдылық негізінде. Бірі – айыпталушыға, екіншісі – түзетушіге айналады.
Қазіргі әлем көптеген қоғамдарда мәдениет, білім, әлеуметтік тәрбиенің жетіс­пеуінен орасан зиян шегіп отыр. Көп­теген әлем елдері мен қоғамдары саяси, діни және экономикалық жіктеліп алып қараң­ғылық пен жыртқыштық, жабайылық іс-әрекеттерді азайтқанның орнына психо­логиялық азғыру арқылы қақтығыстар мен соғысқа итермелеуде. «Ақылдылар мен қуаттылар» ырқымен салынған өртке ең алдымен білімнен, әлеуметтік тәрбиеден, қалыпты экономикалық тіршіліктен тысқа алған адамдар тартылды. Олардың арасында белгілі бір білім алғандары болғанымен ой-санасы өзін, елін қорғауға жетпейтіндер, әртүрлі айлалы ықпалмен адасқандар қаншама. Әлеуметтік тәрбие мәселесі – адамзаттың ортақ мәселесі. Осы бағытта білім институттарының маңызы арта түсуде. Ең алдымен, бала-бақша мен мектептердің әлеуметтік тәрбиеде атқаратын рөлі ерекше. Орта мектептер дегеніміз – әлеуметтік ара байланыстардың өзара біртұтас жүйе­сі. Әртүрлі отбасыларының әркелкі таптардың, топтардың балалары мектепке жан-жақты білім алып ой-өрісі интеллектуалдық қабілеті өмірге деген, қоғамға көзқарасы қалыптасқан азамат болып, өсіп есейіп шығу үшін келеді. Мектептердің бірінші міндеті – әр баланың білім алу құқығын толық қанды іске асыру. Осы бағытта оқуға құштарлығы қалыптаспаған өзінің және қоғам алдындағы жауаптылығын жеткілікті сезіне алмаған балалардың тәрбиелеу арқылы оқу ісіне, шығармашылық еңбекке жұмылдыру. Екінші міндеті – барлық балаларға жоғары сапалы білім беру.Қоғамдық өмірге,өз болашағына сеніммен аяқ басуына мүмкіндік тудыру және ұйымдастыру. Үшіншіден – жан-жақты әлеуметтік тәрбие бере отырып, қай салада еңбек етпесін, Отан алдындағы, Әлем жұртшылық алдындағы жауаптылығын сезінетін азамат болып, қалыптасып шығуын қамтамасыз ету. Білім жүйесінің басқа институттарының алдындағы міндеттері де дәл осындай.
Қазақстан Республикасының білім жүйесі көптеген орта және үшінші деңгейдегі мемлекеттер үшін өзіндік үлгі бола алады. Әлемдік білім жүйесінен интеграциялану бағытын ұстай отырып, Қазақстан мемлекеті білім берудің озық үлгілеріне барынша ұмтылуда.Бұл Қазақстан Республикасының тек экономикалық емес, әрі мәдени, әрі рухани жаңғырып дамуының басты негізі. Әлеуметтік сана – балалар, жастар, ересектер үшін ортақ мәселе және басты құндылық. Алдыңғы қатарда дамыған мемлекеттердің деңгейіне көтерілу, тек әлеуметтік деңгейде жоғары дамыған халықтың қолынан келеді. Әлеуметтік сана мәселесін зерттеу, халықты осы рухта тәрбиелеу, социология ғылымының аса маңызды және өзекті міндеті.
Әлеуметтік сананың аса маңызды қасиеті, ол – адамгершілік. Таптық қоғам­да таптар арақатынасы мәдениеті, барлық азаматтардың мемлекеттік заңды қадірлеуі, ұлттар арабайысы мен діни сана мәдениеті, отбасы мен еңбек ұжымдары адамгершілігі, қоғамды іштен ірітетін жем­қорлық пен адамға қастандық жасау әдетінен арылу, жастарды психологиялық-әлеуметтік қорғаудың халықтық мента­литетінің қалыптасуы, адам үшін тек пайдалы білім мен ғылымға ұмтылыс, қазақ халқының, қазақстандық халықтардың озық рухани дәстүрін жаңа талаптарға сай дамыту, осының бәрі Қазақстан қоғамын адамгершілікті әлеуметтік қоғам етіп нығайтып орнықтырудың басты алғышарттары.

Алдыңғы «
Келесі »