Әлеуметтік құбылыс ретіндегі террорлық әрекеттердің табиғаты мен оның алдын алу мәселесі туралы

  • 17.05.2018
  • 112 рет оқылды
  • 0

Алма Жүсүпова,
саяси ғылымдарының кандидаты,
«Нархоз» университетінің доценті

Ключевые слова: терроризм, политический экстремизм, глобализация.
Keywords: terrorism, political extremism, globalization.
Аннотация: В статье рассматриваются сущность, причины возникновения и типы терроризма. Раскрыты внутренние и внешние факторы политического экстремизма, особенности современного терроризма, даны рекомендации по предупреждению политического экстремизма в РК.
Annotation: The main idea, causes and types of terrorism had been viewed in this article. There was opened external and internal factors of political terrorism, peculiarity of modern terrorism, had been given recommendations to prevent terrorism in Kazakhstan.

Қоғам өмірінде орын алатын кез-келген құбылысты зерттеу үшін оның ғылыми тұрғыдан мән-мағынасын анықтап, орын алу себептері мен дамуына ықпал ететін факторларды ашып көрсетуіміз қажет. Әлеуметтік құбылыс ретіндегі терроризмнің түп-тамыры мен табиғатын түсіндіру күрделі мәселелердің қатарына жатады. Өйткені, қазіргі таңда терроризм бүкіл әлемді алаңдатып отырған қауіп-қатердің біріне айналып отыр.Террорлық әрекеттерді қарастырғанда, біз, оларды тек қауіп, үрей туғызатын акт ретінде ғана қабылдауымыз керек. Өйткені, бұл әрекеттердің әрқашан саяси астары болады.
Терроризм – белгілі бір саяси мақсатты жүзеге асыруға бағытталған саяси іс-әрекеттің радикалды формасы және ол жекелеген тұлғаға, қоғамға, сол сияқты тұтас саяси, рухани, әлеуметтік-экономикалық құрылымға қарсы бағытталған қауіп немесе күш қолдану болып табылады. Бұл іс-әрекет астыртын, қарулы, диверсиялық жол­дармен жүзеге асырылады.
Саясаттану ғылымында террорлық іс-әрекеттердің төмендегідей типтері атап көрсетілген:
1. Идеологиялық терроризм. Бұл XX ғасырдағы терроризмнің классикалық түріне жатады және ол қоғамның сая­си, әлеуметтік құрылымын түбірінен өзгертуге бағытталған идеологияға сүйенеді. Терроризмнің бұл түріне ға­лымдар революцияшыл марксизмді жатқызады.
2. Саяси терроризм – бұл кең маз­мұнды категория және оның өзі үш түрге бөлінеді:
а) этно-саяси терроризм, яғни, этникалық-саяси топтардың ұлттық тәуелсіздікке қол жеткізуді мақсат етуі (мәселен, Палестина, Күрт халықтарының ұлт-азаттық қозғалыстары);
ә) ұлтшыл терроризм – ұлттың «тазалығын» сақтауды көздеу, сол мақ­сатта мемлекеттің заңын күшей­туге ұмтылыс;
б) мемлекеттің қолдауымен жүзеге асырылатын терроризм. Терроризмнің мұндай түрі өз кезінде Пакистанда, Палестина автономиясы мен Латын Америкасы елдерінде орын алған.
3. Үшінші топқа діни сипаттағы террорлық іс-әрекеттер жатады. Әрине, бұл топқа жататын экстремистік бағыттар дінді, әсіресе, ислам дінінің атын жамылып, өздерінің қанқұйлы мақсаттарына пайдалануда. Шын мәнінде, ислам діні күштеуді, қырып-жоюды, қан төгісті уағыздамайды, керісінше айыптайды.
4. Жеке немесе миссиондық терроризм, бұл діни фанатизмге берілген немесе психикалық ауытқуға ұшырыған адамдардың іс-әрекеттері;
5. Сол сияқты, қазіргі таңда түрлі елдерде сирек кездесетін жануарларды қорғауға, қоршаған ортаның ластануына қарсы, АЭС-на қарсы, глобализация (жаһандану) мен гендік техникаға қарсы бағытталған террорлық іс-әрекеттер де орын алуда.
Посткеңестік елдердің ішкі саяси жағдайына талдау жасай отырып, біз терроризмнің түрі ретіндегі саяси экстремизмнің орын алуына әсер ететін факторларды қарастырайық. Бұл жерде біз террорлық әрекеттердің орын алуына ықпал ететін кең тараған және барынша ортақ сипатқа ие факторларды қарастыруды жөн көрдік. Біріншіден, посткеңестік қоғамдардағы XX-ғасырдың 90-жылдарында орын алған рухани және идеологиялық дағдарыс белгілі бір дәрежеде экстремистік идеялардың орын алуына әкелді. Екіншіден, 90-жылдардың басында ел экономикасында қалыптасқан дағдарысты жағдай (ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптің құлдырауы, гиперинфляция, нарықтық экономика негізінің болмауы) халықтың әл-ауқатының күрт төмендеуіне әкеліп, соның нәтижесінде қоғамда әлеуметтік қақтығыстардың орын алғандығы белгілі. Халықтың көпшілік бөлігінің кедейленуі және жұмыссыздық радикалды және агрессивтік идеялардың таралуына және олардың жүзеге асырылуына өз ықпалын тигізбей қоймады; Үшіншіден, өтпелі қоғам жағдайында саяси биліктің бір орталыққа шоғырлануы және оппозицияға жол бермеу – саяси дағдарысты туғызып, соның салдарынан қоғамда астыртын радикалды саяси топтардың пайда болуына әкелді; Төртіншіден, мемлекет территориясында бақылаудың өз дәрежесінде болмауы аймақтық сепаратизмге жол беруде.
Біз жоғарыда «саяси экстремизм мен терроризмнің орын алуына елдің нақты әлеуметтік-экономикалық даму дәрежесі әсер етеді» дедік. Яғни, халықтың көп бөлігінің мұқтаждықта өмір сүруі, материалдық ресурстарды бөлуде үлкен алшақтықтың болуы, сол сияқты әлеуметтік, ұлттық, конфессионалдық қайшы­лықтардың орын алуы бұл құбы­лыстың таралуына ықпал етеді деген тұжырым. Алайда, терроризм тек әр елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына байланысты деу – артық айтылған болар еді. Өйткені, дамыған Батыс елдерінің тарихына жүгінсек, саяси дамудың барлық кезеңдерінде бұл елдерде детеррорлық іс-әрекеттердің орын алғандығына көз жеткізуге болады және мұндай әрекеттер белгілі бір саяси бағдарларды өзгертуге бағытталған. Бұл аталған елдерде, көп жағдайларда, мемлекеттік төңкерістер мен саяси қастандық әрекеттерді контрэлита өз мақсаттарын жүзеге асыру үшін қолданғандығын көреміз.
Қазіргі экстремизм де өз әрекеттерін мемлекеттік билікке, оның басшыларына бағыттауда. Алайда, оның өзгешелігі –жойқын, бейбіт халықты шығынға ұшырату болып табылады. Егер, белгілі бір елдің саяси құрылымына қарсы экстремизм орын алса, оны тудыратын негіз бар деп түсіну қажет. Экстремизмді мүлде жою мүмкін емес. Ол туберкулез таяқшасы сияқты мемлекеттік организмде орын алып, қолайлы жағдай туған кезде дамып кетеді.
Францияның бұрынғы ішкі істер министрі Христиан Боннэнің пікірінше, терроризм жаңа тарихи құбылыс емес. Қазіргі терроризмнің өзгешелігі – оның интеллектуалдық логикаға, күштеу философиясына сүйенуі. Ғаламдық деңгейде ақпараттық кеңістіктің пайда болуы, электрондық бұқаралық ақпарат құрал­дарының дамуы – экстремизмге жаңа өмір беруде. Сонымен қатар, қоғамдағы рухани-идеологиялық дағдарыс та саяси экстремизмнің орын алуына барынша әсер етеді. Идеялық вакуум экстремистік идеялардың орын алуына әкеледі. XX ғасырдың 60-70 жылдарында Батыс Еуропада терроризмнің барынша өршуі орын алды. Соның бір көрінісі ретінде Италиядағы «Красные бригады» деген ұйымның іс-әрекетін алуға болады. Бұл ұйым Италияда сол кездегі саяси тәртіпті өзгертуге бағытталған студенттердің қозғалысын ұйымдастырған. Олар Италияда социалистік мемлекет орнатуды көздеген. Бірқатар терролог-эксперттердің пікірлері бойынша қазіргі кезде терроризм экспорт үшін қызмет ететін индустрияға ұқсас. Яғни, террорлық топтар мемлекет аралық салада әскери дайындық, материалдық-техникалық қолдау, бірлесіп террорлық акцияларды жүзеге асыру сияқты іс-әрекеттерді ұйымдастырады. Сөзіміз дәлелді болуы үшін мына фактілерді келтіре кетейік:
Палестина террористері мен Жапонияның «Қызыл армиясының» арасындағы байланыстардың болуы;
Күрт жұмысшы партиясының қарулы топтары Сирия мен Ливандағы Палестина партизандарының лагерь­лерінде дайындықтан өткендігі туралы фактілер бар.
Соңғы кезде ТМД елдері территориясында да бірқатар қауіп туғызатын топтар байқалады. Мәселен, Ресейдегі оңшыл радикалдық, неонацистік, профашистік топтар – «Русское национальное единство», Белоруссиядағы – «Новый порядок» ұйымдарының қызметтері осының дәлелі болып табылады. Өкінішке орай, мұндай топтарда негізінен жастардың белгілі бір тобы белсенділік көрсетуде.
Қазіргі қалыптасқан жағдайда ешбір ел өзін террорлық іс-әрекеттен қауіпсізбіз дей алмайды. Саяси экстремизмді тек күш қолдану арқылы жоюға болады деу қателік болар еді. Сондықтан, бұл құбылыстың алдын алу үшін: біріншіден, елдің саяси-экономикалық жағдайын тұрақтандыруға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыру қажет; екіншіден, қоғам­дық-саяси өмірде демократиялық принциптердің нығаюын қамтамасыз етуге байланысты істер атқарылуы тиісті; үшіншіден, экстремизмнің әлеуметтік базасын шектеудің бірден-бір жолы – азаматтық қоғамды барынша дамыту; төртіншіден, елде демократиялық саяси жүйенің, демократиялық дәстүрлердің, саяси және идеологиялық плюрализмнің, саяси және әлеуметтік топтар арасында өзара келісімнің орын алуына қолайлы жағдай жасалуы қажет; бесіншіден, жас­тар арасындағы жұмыссыздықты азайтуға және жастардың әлеуметтік-экономикалық проблемаларын шешуге бағытталған жастар саясатын жүзеге асыру қажет. Сонымен қатар, шекараны нығайту, қарулы күштердің әскери дайындығын арттыру шаралары ел қауіпсіздігін сақтаудың бас­ты кепілі екендігін естен шығармауымыз қажет.
2016 жылдың 1-2 сәуірінде АҚШ-тың Вашингтон қаласында өткен Ядролық қауіпсіздікке арналған Саммитте сөйлеген сөзінде Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі таңда терроршылардың жаппай қырып-жою қаруын пайдалануы мүмкін жағдайға айналып отырғанын, сондықтан әлем елдері көшбасшыларынан нақты іс-қимыл талап етілетінін айта келе: «БҰҰ аясында барлық елдердің қатысуымен терроризмге қарсы күрестің жаһандық желісін құру қажеттілігі пісіп-жетілді. Бұл жарияланбаған соғыста тек осылай жеңіске жете аламыз», – деді. Олай болса, терроризмге қарсы тұтас әлем көлемінде бірлесе отырып күресудің қажеттілігі туып отыр деген сөз.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Современный терроризм. Учебное пособие для высшей школы/ Под общей редакцией проф. Горлача Н.И.-М.: 2006
2. Сатпаев Д.А. Внутренние и внешние факторы политического экстремизма// Казахстан-Спектр.-2001.-№1.-С.32-39
http://www.akorda.kz

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.