ҰЛТТЫҚ РУХ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ ИНТЕЛЛИГЕНЦИЯ немесе қазақ зиялылары қандай болуы қажет?

  • 19.04.2018
  • 869 рет оқылды
  • 0

Үмбетқан Сәрсембин,
Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты

Ұлттық рух – ұлттың жетістігін, рухани байлығын (құндылықтарын) бірік­тіріп отыратын, ұрпақтан-ұрпаққа табысталып отыратын рухани қазынаны (ұлттың мүддесін) қорғап отырудағы зиялылардың тұлғалығымен көрінеді. Ұлт болмысындағы «даналық, тектілік, елдік, елдікті нығайтудағы ақыл-парасат, батырлық және тағы басқа рухани қасиет үлгілерінің халықпен жеке адам бойында бірігуін ұлттық рух» дейміз. Қазақ ойшылы Шәкәрім «рух дегеніміз таза ақыл» деген. Ұлттық рух халықтың дүниетанымынан, дүниетанымы өмір сүру тәжірибесімен үндескен, ұлт тарихының дәстүріне ілескен ұрпақтың ой өрісінен шығады. Бойында ұлттық рух болмаса, ұрпақтың ішінен зиялылар қатары қалыптаспайды, қалыптасқанда емес. Ұлттың, жеке адамның рухани қасиеттерін негіздейтін ұлттық сана, тектілік, даналық адам бойындағы қабілет пен білімді ұштастырған тәрбиенің өнімі, бұл қасиеттер адам бойына ұлттық рух арқылы тұрақтамақ. Ұлттық тәрбие негізінде адам бойына даритын, ел болмысының бойында тұрақтап отыратын рух ұрпақты ұлтымен, мемлекетімен, тарихымен біріктіріп отыратын құндылық, рухани қасиеттердің жиынтығы. Ұрпақтың ұлттық рухын қалыптастырып отыратын елдің тарихы, мәдениеті, дәстүрі, тілі, әдебиеті, ата-баба дәстүрімен сақталып келе жатқан ата діні. Осы құндылықтарды жеке адам өз бойында біріктіре алса, қоғамында ұлттық рух сақталып отырады. Ұлттық рух сақталған ортада халықтың ұлттық бірегейлігі мен зиялылардың азаматтық және тұлғалық бірегейлігінің өздігінен күш алары анық. 

Халықтың ұлттық бірегейлігін, аза­маттың еркіндігін сақтап, нығайтып оты­ру­дағы қазақтың тағылымы, жастарды зиялылыққа тәрбиелеудегі өнеге ұлттық рухтың мәнін тереңнен ұғындырады. Ұлт ісіне жұмылуда қазақ зиялыларының арасында байлық, ақша, мал-мүлік, сауда-саттық деген жүрмеген. Атамекеннің қасиетін, батырлардың еңбегін тереңнен ұғындыратын елдік, бірлік, ар-намыс ерікті түрде қазақ жастарын ұлттық мүдде ісіне жұмылдырып отырған. Өзгенің дәулетіне тамсанбай, өзінде бар нәрсені қадірлеген тұлғаларымыз ел болмысының негізінде жатқан, оның болашағына ауадай қажет (қызмет ететін) дүниелерді (жер байлығы, ұлт руханияты) қорғап өткен. Өз заманында елеусіз болса да, кейінгі заманда бағалы болатын елінің төл дүниелерін қадірлей алған. Бойында төл болмысымен, ел тұрмысымен, оның болашағымен ұштасатын қасиеттері мол адам ұлт зиялысы деңгейіне қол жеткізетіндігін қазақ тұлғаларының тарих өрісінде қалған тағылымынан көреміз. Әрине, ұлт зиялысы болу, атақты болу, не атақ алу, мақтан үшін жасалынатын нәрсе емес. Бұл ұғым жеке адамға үлкен жауапкершілікті, міндеттерді жүктеп отырады. Тарихымыздан белгілі, нағыз зиялылар ұлт ісіне жұмылуда, ел мүддесіне қызмет етуде оның игілігін өздері көре алған жоқ. Ел тағдыры үшін әділетсіздікпен күрескені үшін патшаның, одан қалды, кеңес билігінің тарапынан қудаланды, ең соңында саясаттың құр­банына айналды. Бірақ, қашан да нағыз зиялылардың ел үшін атқарған істерін кейінгі ұрпақ көреді, ұрпақ зиялы­лары қалдырған дүниені ел игілігіне пай­даланады. Бұны ұлт зиялыларының өміріне, тағдырына тән ерекшелік деп айтамыз. Ұлт зиялыларының қадір-қасиеті олар шындық пен жалғанды күні бұрын біліп, халыққа, ұрпаққа ажыратып береді.
Зиялылардың қызметі тәуелсіздіктің тұсында да мемлекетке, қоғамға ауадай қажет. Мемлекеттің стратегиялық саясатын жүзеге асыруда, халыққа түсін­діруде, жергілікті жерлерде ұлттық идео­логияның дұрыс жүргізілуіне зиялылар жұмыла кірісіп отырса, халыққа зиялылар тарапынан дұрыс бағдар берілсе, қоғамда бірлік, ұлттық бірегейлік нығая түседі. Тарихтағы қазақ зиялыларының ерекшеліктері, мемлекет билігі қазақтың қолынан кеткен уақытта олардың өздері халқына ие болып қалды. Олар патшаның, одан кейінгі кеңес өкіметінің билігіне халықты айдап салмаған, керісінше халықтың амандығын ойлап жастарға тоқтау айтып отырған. Ұлтына, халыққа жасалып жатқан қиянатпен өздері күрескен. Бұл да қазақ зиялыларының ел, халық алдындағы азаматтығының бір көрінісі. Алаш зиялысы Міржақып Дулатов 1917 жылы «Қазақ» газетінде жазған «Тарихи жыл» атты мақаласында қазақ халқына былай деген: «Енді жалғыз ақ келешегімізді ойлау ғана қалды. Өткен жыл бізге ұмытпастай сабақ берді. Сырымызды ашты. Бұл күйде тұра берсек, мұнан кейінгі заманда тағы да осындай оқиғалар болмасына ешкім кепіл емес. Сондай заманға даярланып, тағы да осындай надандықтан бүліншілікке ұшырамас жағымызды ойлап, көрінгенге жем болмасымызға қам қылу қалды… Ендігі істейтін іс – «ізденуші», «құтқарушыларға» мұнан кейін күніміз түспейтін күйге жету үшін былайғы жасты оқыту. Өткен жылдың уақиғасы оқудың керектігін енді еске түсірмесе, қазақ халқы жұрттықтан кеткені. Бұрын «біл, оқы» деген сөздер құрғақ насихат болып желге кетуші еді. Қазақ баласы енді оянбасаң мәңгіге шейін ұйқың ашылмай, қараңғыда құлдықта, тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетесің». Алаш зиялылары халықты білімімен қорғаған, халықтың тағдырына ара түсті, ендігі жерде қазақтың бірлікті сақтап, жастарға дұрыс бағыт берумен ғана қиындықты жеңетіндігін ескерткен. Ескертіп қана қоймай халықтың саяси сауатты, жастардың білімді болуына қызмет еткен. Шынымен де (тарихымыздың, бүгінгі уақыттың шындығы анық көрсетіп отырғандай) қашанда қоғам алдында тұратын мәселе біреу. Ол ұлттық бірегейліктің сақталуы, тәуелсіздікті біліммен қорғау, заман ағымына елді білім, ғылым, өнер құндылықтарын игеру арқылы ілестіру, уақыттың озық дүниелеріне қол жеткізу, жаңаны өзіңе бағындыру ұлттық интеллигенция өкіл­дерінің зерделеген, насихаттайтын дүниелерінің бірі болуы керек. Ха­лық­ты айдап салатын адамдар ұлт зиялыларының қатарына жатпайды. Бұндай адамдар белгілі бір күштердің, топтардың ыңғайында жүруі мүмкін. Ал, ұлттық интеллигенция өкілдерінің табиғатына тән мінез, рухани қасиет үлгілері тек қана шындықты, әділдікті жақтайды, мемлекеттің тұтастығын, ұлттың бірлігін ғана ойлайды, билікке де, халыққа да елге игілік әкелетін ортақ, дұрыс нәрселерді ғана көрсетіп, айтып отырады. Сондықтанда, ұлт зиялыларының болмысына тән ортақ жалғыз ғана қасиет тәуелсіз кемел парасат, терең білім ғана олардың деңгейін сақтап, беделін арттырып отырмақ.
Қазақ зиялысы Мұстафа Шоқай рухани саладағы ұлт өкілдерінің өз жұр­тының ортасынан өгейленіп қалуының себептері жөнінде жазған. Тарихи уақыттарда өткінші жалған нәрселер, халыққа теріс бағыт беретін дүниелер өмір сүруі мүмкін, бұндай сарындағы идеология көп жағдайда адамдарды алдап соғады. Қоғамға сырттан енетін идеологияның ықпалымен тәрбиеленетін адам ұлттық болмысынан, ел жағдайынан рухани жағынан қашықтап кетеді. Осының салдарынан қоғамда өгейлену, жаттану, ұрпақты жаңылыстыру жағдайлары орын алады. Мұстафа Шоқай жазып кеткендей, «зиялылар қауымы өздерінің тарихи міндетінің мүддесінен шығуы үшін не істеу керек? Әлбетте, тек жүктелген міндеттерді атқарумен ғана шұғылдану жеткіліксіз. Зиялылар өз халқына қызмет етудің, халықпен ортақ тіл табыса білудің неғұрлым тиімді жолдарын таба білулері тиіс». Тәрбиесі, тарихи санасы күшті болса, дәстүрі өскен ортасында сақталса, діні таза болса, ұлт жойылмайды. Ұлттың ұстазы зиялылар тарих тағылымын насихаттау, сақтау, халықтың ұлттық санасын көтеру арқылы ұлттың ұстазына айналады. Сондықтан да, ұлт зиялыларының негізгі міндеті ұлтынан ажырамау, ұлтын тарихынан, мемлекетінен, мәдениетінен ажыратып алмау, елдің басын біріктіретін, оған бағыт беретін, ұлттың рухын көтеретін, елді көркейтетін істермен шұғылдану зиялылардың алдында тұратын міндет.
Оқыған, білімді адамдардың елдің болмысынан ажырап, қашықтап кетуінің бір себебі тәкәппарлықта. Байлығымен мақтану, байлықты негізгі дәреже деп есептеу адамды қоғамынан қашықтатады. Ұлттың мәдениеті сақталған ортада байлардың ортасы деген болмайды. Адам білімді, ауқатты болғанымен, оның рухани өмірі халықтың өмірімен тығыз байланысты. Сондықтан да, кез келген адам білімді, ауқатты болғаны дұрыс, бірақ, адам жаңа заман білімі­нің, байлықтың психологиясына салын­бауы қажет. Заманауи білімді құрал, дәулетті ырыс деп түсінетін адам оны ұлт игілігіне бағыттайды. Ұрпақтың тұлғалығын негіздейтін ұлттық рухтың тарихи әлеуметтік көрі­ніс­терінің бірі осында жатыр. Бұған қатысты Жүсіпбек Аймауытов «Ұлтты сүю» деген мақаласында мынадай мысал келтірген: «Ұлтын шын сүйіп, аянбай қызмет қылған азаматы көп жұрт күшті, өнерлі, білімді жұрт болып, күресте тең түсіп, басқаларға өзін елетіп отыр. Ұлты үшін құрмет қылмай, бас қамын ойлап жүрген азаматтардың елі артта қалып отыр. Ұлтшыл жұрттар, әне, Германия, Япония, Англия, Түркиялар, олардың баласы жасынан «ұлтым» деп өседі. Есейген соң, бар білімін, күшін өз жұртының күшеюіне жұмсайды. Олардың әр адамы – мемлекеттің керегі, қызметкері.
Көршіміз орысты алайық. Бұлардың қара халқы надан болды. Оқығаны ұлт қамын ойлаған жоқ, қызыққа, шенге, дәрежеге салынып, бас пайдасынан өзгені ескерген жоқ. Шенеунігі өзі қожа, өзі төре болып, қара халықты менсінбеді, жан есебінде көрмеді…. Қара халқы мен оқығанының арасында жақындық болмады, бірін-бірі жек көрді. Ақсүйек, дворяндар қара халықпен сүйкесуді бойына қорлық, намыс көрді. Екінші жағынан орыс патшасын Құдайдан жаман әспеттеп, көкке көтерді. Имен­ді, қорықты, патшадан күшті әмір иесі бар деп ойлаған жоқ. Патшаны шырға­лаған өңкей ақсүйек, шенеуніктер пат­шаны қара халықтан алыстатпаса, жақындатуға себепші болған жоқ». Шынымен де, алаш зиялылары айтып кеткендей, тәкәппарлық, қоғамда ақсүйектер ортасының, байлардың өз құндылықтарының қалыптасуы халықты мемлекеттен бөліп жібереді, өздері қоғамынан қашықтап кетеді. Әрине, ұлт, ұлт өкілдері бай болуы қа­жет. Қазақ қоғамында байлардың да дәрежесі жоғары болды, бірақ қазақтың байлары, еліне, жеріне, руына жауапты, олардың басын біріктіріп, қорғап отыратын адамдар болған. Қазақ байларының санасының түбінде ұлттың меншігі, қазынасы, елдің тәуелсіздігі деген түсінік терең болды. Осы себептен тәкәппарлық, елден оқшаулану, қара халықтан қашық жүру қазақ үшін жат әдепке теңелген. Бірақ, өкінішке орай, хандық билік жойылып, қазақ қоғамындағы тұлғалар институты ыдыратылғаннан кейін, патша өкіме­тінің саясаты қазақ қоғамына да кіре бастады. Елдің болмысына жат дүниелердің жастардың санасына кері әсер етіп, ең соңында жасанды интел­лигенцияның қалыптасуына ықпал ететіндігін алаш зиялылары мәселе етіп көтерген, бұл дағдарысқа сол кездегі қазақ зиялылары қарсы тұрды.
Қазақ тарихындағы тұлғалар өнегесі зиялылардың зердесі тарихпен үндесіп, болашақпен ұштасатындығын көрсетеді. Мағжан Жұмабаев өзінің «Педагогика» деген еңбегінде, Бағалаудың қымбаты – алдына айдап мал салу емес, шын көңілден разылық білдіріп, елдің оны «Сен менің ұлым» деген халықтың тілегінің өзі жетіп жатыр деген. Сол сияқты, нағыз ұлт зия­лылары үшін ұлттың абыройынан, алғысынан, сенімінен артық қадірлі нәрсе жоқ. Зиялылардың тілегі елдің игілігі болуы тиіс. Ұлт игілігі жолында зиялылар бір-бірін қолдап отырады. Зиялылардың бірлігі, ұлт ісіне келгенде, зиялылар бойынан көрінетін жауапкершілік қоғамдағы ұлттық рухты сақтайды.
Ұлттық рухы жоқ адам әлсіздігінен құбылатын, екі жүзді, жағымпаз келмек. Бұндай адам жақсы адам болып көрінуге шебер, икемді келеді. Қоғамда адам болмысына тән, тұлғасына қайшы жасанды әдеттер болмау үшін шынайы зиялылықты танитын, оның ісіне баға беретін алдыменен халықтың өзі болуы тиіс. Ол үшін халықтың да бойында тарихи сана (білім), ұлттық рух болуы керек. Ұлттық рухы жоқ қоғам, бірлігі жоқ орта. Бұндай ортада ненің жақсы, ненің жалған екені, ненің қажет, ненің уақытша нәрсе екендігі толықтай таныл­мауы, зерделенбеуі мүмкін. Зия­лылар халық пен мемлекетті бірік­тіре білмесе, ең соңында бұндай орта ұрпақтың өз тарихын зерделемейтін, ұлтының құндылықтарын мойын­дамайтын күйге түсері анық. Қо­ғамдағы тұрақсыздықтың салдары ұлттық бірегейліктің бұзылуынан, зиялылар қатарының болмауынан, бірлігінің ыдырауынан шығады. Осы себептен алаш зиялылары ұлттық сананы нығайтудан бұрын, тарихи сана мәселесіне көңіл бөлген. Олардың айтуы бойынша, тарихын білетін, тарихы мен дәстүрінің тәжірибелерін білген, иеленген ұрпақ адаспайды.
Ел болмысының тұтастығына, қоғам­дағы тұрақтылыққа сызат түсі­ретін, мемлекетке үлкен салмақ түсіретін нәрсе ұлттық құндылықтардың (ұлт болмысының табиғатына жат нәрсе­лердің қоғамға енуінің салдарынан) бұрмалануы, саясилануы. Тарихын, дәстүрін, оның тәжірибелерін толық білмеген адамға бұл қиын соғады. Қоғамынан, төл мәдениетінен жаттанудың бір себебі осында жатыр. Осындай жағдайда ұлттық интеллигенция өкілдерінің қоғамға қажеттігі, қоғам алдында тұрар міндеті ел игілігіне кері әсер ететін жат дүниелерге қарсы тұру, бұны мемлекет пен халыққа күні бұрын ескертіп отыру. Яғни, интеллигенция зердесі әлеуметтік құбылыстардың рухани елегі болуы тиіс және олардың рухани қасиеттері, білімі, ерік-жігері мемлекет мүддесіне бағытталуы қажет. Мемлекет мүддесінің негізінде ұлттық мүдде тұр. Ұлттық мүдде мәселесіне келгенде халық та ненің дұрыс, ненің бұрыс екендігін зерделей білуі тиіс. Тарихта қазақтың ұлттық бірегейлік мәселесіне аса жауап­кершілікпен қарағандығын қоғам алдына шығарған тұлғаларынан көреміз. Тәуелсіздіктен қол үзген уақытта ұлтына қызмет ететін зиялыларды шығарудың өзі ұлттық бірегейліктің нәтижесі. Егер де отбасында ұлттық дәстүр сақталмаса, өсіп келе жатқан бала ұлт руханиятынан тағылым алмаса, ұрпақтың бойында ұлттық рухтың қалыптаспайтындығын бабаларымыз ерте түсінген. Ұлттық құн­дылықтарды дәріптеу, дін, білім, ғылым, өнер құндылықтарын иеленуде олардың рухани өмірдегі тегістей орнын білу, мемлекетті құрметтеу жастарға насихатталған.
Мұстафа Шоқай жазып кеткендей, «Зиялылардың міндеті ұлы да қасиетті болуы себепті өте ауыр. Халықты ұлт деңгейіне көтеру, яғни, жері, суы, қазынасы, тілі мен діні бір болған халық бұқарасын бірлестіріп, олардың санасын біртұтас саяси, әлеуметтік, ұлттық санаға жеткізуде ұлы тарихи міндеттің маңызды бір бөлігі зиялылардың үстіне жүктеледі». Халықтың тарихтан келе жатқан мұраларын, халыққа бағыт-бағдар беру ісін, ұрпаққа өнеге, жол көрсетуді зиялыларға уақыт жүктеп отырады. Халықты ұлт деңгейіне көтеру, атамекенді қорғау, ұлттық бірегейлікті сақтап отыру, тілдің, ұлт руханиятының өрісін кеңейту, дін мен ділді таза ұстау міндетін қазақ зиялыларының тарихта толықтай орындап кеткендігі ақиқат. Ұлт зиялыларының тарихи тұлғасына Мұстафа Шоқайдың жасаған тұжырымымен қарайтын болсақ, ұлттық интеллигенция зердесі қашан да қоғам алдында ұлтқа, келер ұрпаққа жол көрсетіп отыратын идея, рухани құндылық, тарихи білім көзі болып саналмақ. Атамекенін, ұлттық құндылықтарын ел игілігіне қайшы келетін нәрселерден қорғап отыратын, ерік-жігері мол, білімді адам шын мәнінде зиялы адам. Бұндай адамдар мемлекет алдында тұратын, елге ізгілік пайда әкелетін дүниелерді дұрыс насихаттайды.
Алаш тұлғасы Әлихан Бөкейханов айтып кеткендей, «Бостандыққа апарар жол – ұлттық ынтымақ қана». Ұлттық ынтымақтың арғы жағында ұлттық сана, ұлттың тарихы мен дәстүрі жатыр. Яғни, ұлттық ынтымақ ұрпақтың ұлттық және азаматтық бірегейлігімен келеді. Ұлт зиялыларының ерекшелігі олардың бойында осы қасиеттер тегістей көрініс табады. Сондықтан да, Әлихан Бөкейханов, «Елдің тұрмысын, тілін, мінезін білмеген кісі көш басын да алып жүре алмайды» деген. Алаш тұлғасы Әлихан Бөкейхановтың тарих бетінде жазылып қалған сөздерінен шығатын түйін, яғни, тәуелсіздіктің құндылығын, осы ел тәуелсіздігі жолындағы нағыз ұлт зиялыларының ерлігін, адамгершілігін, өсиетін ұғып, оны кейінгі буынға на­сихаттау зиялылар алдында тұратын негізгі міндет. Зиялылар қызметінің та­рихпен үндесіп, ұлт зиялыларына ай­налуына ықпал ететін де осы ұстаным. Та­рихтың атын жамылып, ұлт руханиятына құр пайыммен қарау ұлт ісіне жеткіліксіз нәрсе. Ұлт ісі ұрпақтан шынайылықты, өнімді істі талап етеді. Ол үшін халықтың кө­кірегінде терең ұғым болуы қажет. Терең ұғымды қалыптастыратын зиялылар. Әлихан Бөкейханов «Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық, саясат ісін ұғынбаса тарих жолында тезек теріп қалады» – деген. Сонымен, ұлт зиялылары кімдер дейтін болсақ, оның өлшемін беретін тарих, шындығын айқындайтын уақыт. Қашан да қоғаммен бір жүретін адамның адамшылығына қатысты бір нәрсе бар. Ол ұлтын, халықтың санасын уландырмайтын, елдің басын біріктіретін дүниелерді қорғау, оны өскелең буынның танымына жеткізіп, қоғамның тұтастығын сақтауға ықпал етіп отыру жекелеген адамдардың азаматтық борышы екендігі анық.
Қазақ елі үшін қашанда тәуел­сіздіктен қымбат дүние жоқ. Тәуел­сіздіктен қол үзген уақытта да ата-бабамыздың тілегі бір болды, ойы бір жерден шықты. Осының нәтижесінде ұлттың абыройын үнемі арқалайтын тарих қалыптасты. Алаш зиялылары қашанда халыққа, өскелең ұрпаққа қоғамына ізгілік, пайда әкелетін нәрсе бірлік, білім, адал еңбек пен кәсіп екендігін түсіндіреді. Бүгінде бұл мәселе ескерілуі қажет. Жоғарыда айтып өткеніміздей, мемлекет пен халықты біріктіре алған зиялылар өздеріне жүктелген міндетті атқара алатындығы ақиқат. Сондықтан да, Мағ­жан Жұмабаев айтып кеткендей, ұлт зиялысы дегеніміз, «елдің қайғысын көре білген, Сол қайғының себебін таба білген адам».
Ұлттық рух жеке адамның ғана емес, ұлттың, мемлекеттің, халықтың, ұрпақтың жетістігімен өлшенетін, сол арқылы көрінетін дүние. Бірлігі күшті, заманының өткінші, құбылмалы нәрселеріне килікпей, одан бойын аулақ ұстайтын, уақыттың талабына ақылы, білімі, мінезі арқылы шыңдала білетін, тәрбиесі, білімі, қабілеті арқылы уақытының талабына икемделген елдің деңгейі ұлттық рухпен өлшенбек. Ұлттық рух ұлт пен оның тарихы, тарихты жасайтын тұлғалары қалыптасқан уақытта пайда болған. Зиялылардың міндеті осы құндылықты ұрпаққа жеткізу, өз дәуірінде халықтың бойынан шығарып отыру. Бұны тарихта қазақ зиялылары жасаған. Билердің, батырлардың, жыраулардың, ақындардың тағылымы, олардың рухани дүниелерінің мәдени феноменге айналуы осының куәсі. Дәстүрі мен дінін, мәдениеті мен ана тілін, өнері мен білімін рухани өмірде қатар иеленіп, ел игілігіне жарата алған орта ұлттық рухты иеленген қоғам. Сондықтанда, ұрпаққа жүктелетін міндет ұлттық рухты иелену болып табылады.
Әр халықтың, әр аймақтың өз ерекшелігі болады. Сол сияқты қазақ зиялыларының да ұлт тарихының мәдени құбылысына айналған өз ерекшелігі бар. Бұл неден көрінеді? Тектілігіміз, халықтың бірлігін жоймаған дәстүріміз, қоғамда рухани тереңдікті сақтап отырған асыл дініміз, ана тіліміз қазақ тұлғаларының қалыптасу ерекшеліктерін негіздейтін ұлттық рухымыздың тұтқасы болып табылады.
Қазақтың ұрпақты тұлғалыққа тәрбиелеудегі тәжірибесінің бір ғана сыры бар. Ол халықтың басын біріктіретін, ұлттық рухты көтеретін, жастарды елге жақын тәрбиелейтін ортақ ұлттық сананың болуы. Осының нәтижесінде тарих сынынан халқымыз сүрінбей өткен. Бүгінгі ұрпақ осыны ескеруі қажет. Тарихтағы қазақ зиялыларының бейнесі шынайы, таза, әділ, ақиқатқа табанды, төзімді, ақылды, қабілетті, тектілігі мол, ер жүрек, ауыз біршілікті, елді қадірлеген, ұлт ісін қасиетті санаған, білімді, өзін ел мүддесіне жауапты санаған деңгейде ұлтының жадында мәңгі сақталып қала бермек. Бұл қашан да қазақ зиялыларының қалыптасу ерекшеліктерін негіздейтін рухани түп қазық болып қала бермек.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.