Елбасы еңбегіндегі халықтың рухани бірлік философиясы

  • 19.04.2018
  • 621 рет оқылды
  • 0

Дәулетбек Раев,
философия ғылымдарының докторы,
профессор, Абылай хан атындағы
халықаралық қатынастар және әлем
тілдері университеті, халықаралық қатынастар факультетінің деканы

Ел Президенті өзінің еңбе­гінің алғы сөзінде 26 жыл ішінде «…біз әлемге және болашақ ұрпаққа тәуелсіз Қазақстан атты жасампаздықтың ұлы жемісін ұсына алдық. …Бұл кезең біз үшін Ұлы дәуір», – деген тұжырым жасайды. Бұның өзі Әлихан Бөкейханның сөзімен айтқанда: «Озғандарға жету керек, жеткендерімізден озу керек», – дейтін ұстанымға негізделген кезең болғаны анық. Алаш қайраткері Райымжан Мәрсекұлының айтқанындай: «Ұмтылатын заман келді. Ерлердің қай­раты, жақсылардың білімі, елдің елдігі, ынтымағы» зор, бірлігі мықты заман болатыны айтылады.
Сондықтан, ширек ғасырдан сәл астам тарихи кезеңнің «Тәуелсіздік дәуірге», «Ұлы дәуірге» теңелуінде терең мән жат­қаны анық. Әдеттегі түсінік бойынша, дәуір ұғымы – адамзат тарихының бірнеше ғасырларды қамтитын ұзақ тарихи мерзім болатыны белгілі. Ал, кітаптың солай аталуы еліміздің ширек ғасырдай уақыттағы екпінді де күрделі тарихында жүріп өткен жолының қилы қиындықтар мен жетістіктерге, күрт шешімдер мен іс-шаралар полифониясының өзі дәуір­лерге пара-пар болуын көрсетсе керек. Оны Президенттің: «Тәуелсіздік дәуір дегеніміз – ұлттың бұрын өтуі мүмкін еместей көрінетін шыңыраудың шетіндегі таудың қатерлі соқпағымен жүргенмен бірдей құбылыс», – деп айт­қанымен дәлелдеуге болады. Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай: «Біздің заманымыз – өткен заманның баласы, келер заманның атасы». Демек, тәуелсіздік дәуірі – қазақ елінің мәңгілік қоз­ғалысының, үздіксіз даму үдерісінің айтулы кезеңі болатыны анық.
Сондықтан, Ел Басшысының «Тәуел­сіз­дік дәуірі» атты еңбегін оқырман, зиялы қауым осы уақыттың парасатты баяны, Қазақстанның тарихи даму шежіресі, дәуір эпосы, дәуір сағасы, отан­танудың әдіснамалық хрестоматиясы, тәуел­сізді­гіміздің энциклопедиясы деген сияқты афоризм аясына сыйғызып жатыр.
Жалпы, еңбекте 260 түрлі тақы­рыпта мәселе көтерілгенін ерекше атап өту керек.
Елбасы: «Біз өз жолымызбен – қазақ­стандық даму жолымен жүреміз» және ІІІ бөлімнің 7-ші тарауында «Біздің ұлттық моделіміз – ынтымақ, келісім және диалог», – деп жазады. Сондықтан, біздің пайымдауымызша, бұл еңбек – ха­лықтың ынтымағы мен бірлігі доктринасы, еліміздің үздіксіз рухани даму философиясы, ұлттық рухтың ақылнама-баяны, елдің ортодоксальды, ментальдық болмыс архитектоникасы, рухани-мәдени эпистема.
Осыған орай, біз аталмыш еңбекке «елдік ынтымақ, қоғамдық келісім – үздіксіз дамудың ұлттық моделі» дейтін тезиске сүйене отырып, Қазақстан хал­қының рухани бірлігі философия­сы тұрғысынан өз көзқарасымызды білдір­гіміз келіп отыр. Өйткені, «елдік ынтымақ», қоғамдық келісім», ха­лық­тық бірлік» ұғымдары сайып келгенде, адамның мінездік көріністері. Шә­кәрім Құдайбердіұлы: «Сөзіңді түзе – әдетіңе айналады, әдетің – мінезіңе айналады, мінезің – сенің тағдырың», – десе, Ахмет Байтұрсынұлы: «Адамның мінезі ойының түрінен, көңілінің күйінен, істеген ісінен көрінеді», – деп айтқан екен. Ал, М.Әуезов: «Нашар жаннан осал мінездер туады», – деген.
Кітаптың ІІІ бөлімінің «Біздің ұлттық мо­деліміз – ынтымақ, келісім және диалог» деп аталатын 7-ші тарауында Президент: «…Біздің, ең алдымен ойлағанымыз – ынтымақ-бірлік пен аза­маттық және қоғамдық келісім болды», – деп атап өтеді. Шындығында, жас тәуелсіз Қазақстан үшін бүкіл елдің күш-жігерін біріктіру керек еді. Бірлік – қай дәуірде болмасын, қай халықта болмасын, басты феномен болғаны адамзат тарихынан белгілі. Мәселен, Алаш қайраткері Ах­мет Байтұрсынұлы: «Басқадан кем болмас үшін білімді һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға – оқу керек. Күшті болуға – бірлік керек», – десе, Әлихан Бөкейханов: «Бізде бірлік болып, іс қыла білетін шебер табылса, Алаштың баласы – бақыт жолына түсті дей бер. Бірліктен айрылған ел қаңғып қалады», – деп айтқан екен. Міне, осыдан-ақ бірлік феноменінің қаншалықты құдіретті екенін аңғаруға болады. Осы ойды жалғай келе, Президент: «Жай ғана бірігу емес, мақсат бірлігі, іс-қимыл бірлігі, ақыл-ой, тілек бірлігі керек еді», – деп толғайды. Тәуелсіздік жыл­дардағы жалпыұлттық бірлікті нығайту басты факторға айналғанын жасырмайды Елбасы. «Осыдан бастап әр адамның, әр отбасының болашағы бірінші кезекте тұтастай елдің табысына байланысты болады», – дейді.
Аталмыш кітапта қол жеткізген алғашқы табысты жылдар – жаңғырудың алғашқы кезеңі ретінде белгіленеді. Оны ТМД елдері арасындағы аласапыран тартыстар мен экономикалық дағ­дарыс жайлаған драматизм заманымен те­ңес­тіреді. Қазақстанның ішкі және сыртқы жанжалдарға ұшырамай, табыс­тарға жетуіміздің басты себебін Елбасы ел бірлігінің мықты болуынан көреді. Мә­селен: «Біз… қоғамдағы этностық және діни келісімді нық орнықтырып, әлемді мойындаттық», – дейді Ел Басшысы.
Екінші жаңғыру 90-шы жылдың үшінші ширегінен басталып, 2010 жылдың орта тұсында аяқталды.
«Адам капиталына арқа сүйеу» ха­лық­­тың қоғамдық ынтымағының – кіл­ті болғанына меңзейді. «Адам капиталына арқа сүйеу» мемлекеттің прогрессивті көзқарасын ғана емес, оның аза­мат­тарының рухани жауапкершілігін де кө­терді деген идеяны алға тартады. Сұл­танмахмұт Торайғыр бірлік мәсе­лесінде: «Мемлекетке бек зор үміт – шәкірт хал­қы», – деп халыққа үміт артқанының мәнісі сонда болар. Мысалы, Елбасы: «Ұлт­аралық бейбітшілік пен келісім – біздің ортақ жетістігіміз және …елдегі қо­ғамдық өмір мен оның жаңа тарихының барысын айқындайтын ұлы құндылық. …Қазір біз­дің елімізде 140 ұлт пен 17 конфессия өкілдері бейбіт өмір сүріп жатыр. Бәріміз бірге – біртұтас халықпыз», – деп жазады.
Бірлікті сақтау тетіктері. Қазақ­стандық бірегейлік пен қазақстандық патриотизм, азаматтардың заң алдындағы теңдігі – біздің азаматтық бірлігіміздің негізі деп санайды
«Мемлекет – жанды ағза. Қазақстандық үлгі – сол ағзаны қалыптастыратын, …оның әр элементінің толық дамуын қамтамасыз ететін және сенімді өмір сүруіне кепілдік беретін базалық матрица», – дейді.
Президент тәуелсіздіктің бірінші кезе­ңінде елдегі алғашқы халықтық рухани бір­ліктің нәтижесін Қазақстандағы тұң­ғыш бүкілхалықтық президент сайлауында болғанын мойындайды. Сай­лау­дың нәтижесі бойынша, «98,8 пайыз дауыс алған сәтте мен …тіл жетпейтін тұтастықты сезіндім», – дейді. Осы сайлау – қазақстандық этностардың бауырластық қоғамдастығының қалыптасуының басы болғандығын атап өтеді.
Президент: «Одақ ыдыраған …кезеңде Қазақстан өзінің ішкі саясатының – бей­бітшілік, келісім және бірлік – деген негізгі үш принципін қалыптастырды. Біздің жас мемлекетіміз әртүрлі ұлт өкілдерінің берекелі ортақ шаңырағына, туған Отанына айналды», – деп жазады.
«1992 жылы жасалған тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуы мен даму стратегиясы қа­зақ ұлтының бауырмалдық ниетінсіз, бірік­тірушілік қабілетінсіз жүзеге аспайтын, тұрақты азаматтық татулық пен ұлтаралық келісім идеяларын бекітті. …Елдің барлық тұрғындары ортақ шаңырақ астына біртұтас халық болып ұйыса алды», – дейді Президент.
Халықтар достығы мен бірлігі – басты құндылық, оны қастерлей білуіміз керек деп есептейді. 1993 жылы 11 мамырда «Қоғамның идеялық бірлігі – Қа­зақ­стандағы прогрестің алғышарты» атты бағдарламалық баяндама жасал­ғанын айтады. Сонымен бірге, «…ел үшін ұлтаралық келісімді қамтамасыз етіп ше­шуші саяси міндет болып табылады», – дегенді алға тартады Елбасы.
«Нақты тәуелсіздікке және идеялық бірлікке қол жеткізу тек қоғамда тұрақ­тылық, рухани келісім болғанда ғана жүзеге аспақ», – дейді. Қоғамның по­лиэт­никалық сипаты – елдің басты бірік­тіруші факторы болуы тиіс дейді.
Қазақстан халықтары Ассамблеясы (1995 ж.) – мемлекеттік этностық саясатты жүзеге асырудың маңызды институты, – деп көрсетеді. Ол – ұлтаралық бейбітшілік пен келісімнің іскер формуласы болды. Азаматтық келісім – жалпыұлттық бір­ліктің тірегі. ҚХА – қоғамды ұйытып, этностарды жақындастырып, елдің рухани бірлігін қамтамасыз ету тетігіне айналады, – деген тұжырымға келеді, Елбасы.
Н.Ә.Назарбаев: «Қазақстан 1996 жыл­­­­­дан бастап бірінші рет 1 мамырды Қа­зақстан халқының бірлігі мерекесі ретінде атап өте бастады», – деп жазады. Сонымен бірге, Елбасы: «Келісім саясатының ма­ңызын ерекшелеу мақсатында 1997 жыл жалпыұлттық келісім және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы болып жарияланды», – дейді.
Сондай-ақ, кітапта Қазақстан дамуы­ның 2030 жылға дейінгі стратегиясында ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету мен қоғамды біріктірудің негізгі бағыт­тарының айқындалғандығы айтылады. Олар: 1) біртұтас азаматтықты дамыту кепілдігі; 2) барлық этностардың тең құ­қылығын сақтау; 3) қоғамның бірігуіне жағдай жасау; 4) конфессиялар арасындағы өзара сыйластықты, төзімділік пен сенімді күшейту.
Н.Ә.Назарбаев: «Қазақстандық үлгі «Әралуандықтан – бірлікке» ұйыстыру қағи­датына негізделген», – дейді. Қазақ­стан халқы Ассамблеясына қоғамды біріктіру мен ұлтаралық келісімге келтіру, ұлтаралық қарым-қатынастың қазақ­стан­дық үлгісін жүзеге асыру сияқты міндет жүктелгенін де айтып өтеді.
Президент 2005 жылы ҚХА-ның он­жыл­дығына арналған жиында: «Бірлік жасампаздыққа бастайды» деген ұран тас­тайды.
«Бәсекеге қабілетті ұлт – ынты­мақ­шыл ұлт», – деген ұстанымды алға тартады. Бұл үшін 3 принципті көрсетеді: па­триотизм, жауапкершілік және то­ле­ранттық. Мен бұны «2003 жылдың желтоқсанында ҚХА-ның Х сессиясында …этносаралық келісімнің қазақстандық үлгісі есебінде атап көрсеттім», – дейді.
2008 жылы ұлттық саясатқа негіз болатын 5 қағидатты атайды: 1) этностық, конфессиялық, мәдени, тілдік әркелкілік біздің басты байлығымыз; 2) мемлекет Қазақстандағы мәдениеттер мен тілдердің дамуына қажетті барлық жағдайларды жасайды; 3) ең маңызды құндылық – толеранттық пен жауапкершілік; 4) қо­ғамдағы ұйыстырушы рөл қазақтарға тиесілі; 5) қазақ халқының бірлігі.
Президент: «Қазақстандағы бейбіт­шілік пен келісім – мемлекет, қоғам, бар­лық мемлекеттік органдар, партия­лар, қо­ғамдық бірлестіктер, БАҚ, қа­зақстандық әрбір азамат атқарған …ең­бектің нәтижесі», – дегенді айтады. Осы ретте, Елбасы өзінің еңбегінде ел бірлігінің негіз болған теориялық-идео­логиялық бастысының қа­та­­рына елдегі: демократиялық және ли­бе­ралдық принциптердің жүзеге асуын көрсетеді. Осыдан келіп шыққан елдегі ҮЕҰ-дың қалыптасуы ел бірлін қалып­тастыру тетігі ретінде мойындалады. «2005 жылдың сәуір айында «Үкіметтік емес ұйымдарға арналған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы» заң күшіне енді. 2007 жылы 70 жобаға қолдау көр­сетілді», – дейді Ел Президенті.
Азаматтық қоғам концепциясы. «Аза­маттық қоғам дегеніміз – жемқорлық пен бюрократияға қарсы «азаматтық қорғаныс», – дейді Президент. «Біз – ашық қоғамбыз. Бұл – кез-келген демократиялық мемлекеттің қалыпты талабы. Сондықтан, біздің мақсатымыз – мемлекет пен ҮЕҰ арасында шынайы әріптестікті орнату», – дейді. Осыған байланысты, Президент Қазақстандағы Азаматтық форумдардың (2003, 2005, 2007, 2009, 2011 жж.), ҮЕҰ-дың Азаматтық альянсының, ҮЕҰ Ұлттық ақ­параттық ресурсының рөліне назар аударады.
Елдегі БАҚ-ның рөлі. Рухан бірліктің кепілі ретінде БАҚ мойындалады. Ол үшін билік пен БАҚ-ның жауапкершілік мәселесі көтеріледі. «Алауыздық тудырушы БАҚ қызметі шектелді».
«Интернет саласы ерекше дүмпуді бас­тан кешірді. Жеке интернет – БАҚ пайда болды», – дейді Елбасы. Президент мұның да қиындықтары мен кемшіліктерін атап өтеді. «Көптеген ресурстар тексе­ріл­меген, жалған, алауыздық тудырушы ақпараттарды жариялады. …Түрлі жан­жалдың отына май құятын, әдептілік пен төзімділік талаптарынан алыс арандатушы пікірталастар аз болған жоқ», – деп жазады.
Қазақстанның жаһандық кеңістіктегі медиатұғыры мәселесі. Осы ретте Елбасы 2002 жылдан бері тұрақты өткізіліп келе жатқан Еуразиялық медиафорумның маңыздылығына тоқталады. Билік пен БАҚ арасындағы өркениеттік диалогтың басым орынға шығуын тілге тиек етеді.
Елбасы кітабында елдегі әлеуметтік-психологиялық жағдайға да көңіл бөледі. Ол елдің әлеуметтік-саяси тұрақты­лығы­ның негізі ретінде саналады. «Қазақ­стан халқының қоғамдық келісімі мен бірлігі әлеуметтік көңіл-күйдің жақса­руында маңызды рөл атқарады», – дейді Ел Президенті.
Қорыта айтқанда, бұл еңбек – тәуелсіз Қазақстан эпистемасы. Оны мектептерден бастап ЖОО-на оқулық ретінде енгізу керек, – деген ұсыныстарға қосыламыз. Бұл еңбектің мәні мен мазмұны терең, салмағы зор. Оны Қазақстанның әр азаматы бойына сіңіруі тиіс. Әсіресе, жастарға осы еңбек арқылы тәуелсіздіктің қадір-қасиетін, қысқа мерзім ішінде қаншама қыруар еңбек етілгенін, оған қаншама тер төгілгенін ұғындыру қажет деп есептейміз.
«Бұл кітап біздің Отанымыз – тәуелсіз Қазақстанның алғашқы онжылдықтардағы даңқты тарихын білуге және түсінуге, елімізді мақтан етіп, ел болашағын жасайтын жасампаздар қатарына қосылуға көмектесетініне сенімдімін», – дейді Президент.

 

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.