МАҒЖАННЫҢ ӘДЕБИ ЭСТЕТИКАСЫ

  • 19.04.2018
  • 392 рет оқылды
  • 0

Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ,
филология ғылымдарының докторы, профессор

Қазақ поэзиясы философиялық биікке XIX ғасырдың соңына қарай Абай арқылы көтерілсе, XX ғасырдың басында ұлттық әдебиетіміздегі осы Абай шыңына Мағжан да иықтаса қатар қонды. Ақылдың ақыны Абай мен сезімнің жыршысы Мағжан қазақ поэзиясының көгінде қос жұлдыз болып жарқырады. Бұл екеуі жиырмасыншы ғасырда да, одан кейінгі кездерде де ұлттық сөз өнерінің даму бағдарын бағыттап тұратын мәңгілік шамшыраққа айналды. Қазіргі қазақ поэзиясының алысқа ұзай алмай жүруінің бір себебі, осы Абай-Мағжан нұсқаған даңғылмен жүрмей, кезінде отаршылдар бұрған жолға түсіп, сол саяси таптаурыннан шыға алмай келгендігі болса керек.
Адасқанның айыбы жоқ, қайтып өз жолын тапса. Бүгінгі қазақ поэзиясы ұзақ жылдардан кейін ой-шұқыры беймәлімдеу болып қалған ұлттық қара жолға енді түсіп, енді еңсесін көтере бастағандай…
Ал, қазақ әдебиетіндегі Абай салған, Мағжан жүрген қаңдай жол еді? Бұл жол ұлттық даму даңғылы болатын. Ұлыларымыз қандай да бір әдебиет болмасын, басқа халықтардан үйрене отырып, ұлттық үрдістің бағытында ғана жемісті дами алатындығын өлең үлгілерімен де, айтқан пікірлерімен де ұғындырып кеткен-тұғын.
Әдебиетке келген әрбір қаламгердің оған дейінгі жасалынған әдеби мұраға зер салатыны анық. Оларға сын көзімен қарап, жақсысынан үйреніп, нашарынан бойын аулақ салып дегендей, өзіне керегін алады; сөйтіп әдебиет әлеміндегі тарам-тарам жолдардың өзі қалағанына түсіп, шығармашылық өнерін бастайды. М.Жұмабаев та өзінің қысқа ғұмырындағы тынымсыз іздену, үйрену барысында әлем әдебиетінің көркемдік жетістіктерін еркін меңгеріп, сусындағанына қарамастан, шығармашылығының негізгі нәрі мен қуатын қазақ топырағынан алды. Мағжан поэзиясы тамырын ұлттық топыраққа терең жібергендіктен де, қаншама замана сұрапылдары соққан дәуірлерді өткізсе де, жапырақтары солғын тартпай, жайқалып тұр. Керісінше, уақыттар өткен сайын, ақынның сұлу сөздерден сәндеп салған ұлттық өрнектеріндегі ой-армаңдары жарқырай түсуде
М. Жұмабаев – әлемдік деңгейге көтерілген күшті ақын. Оны мұндай биік­ке көтерген – негізінен қазақтың ұлттық поэзиясының нәрлі құнары Ол – өзіне дейінгі қазақ поэзиясын жақсы білген, керегін алған, үздіктерінен үй­реніп, оларды әрі карай дамытқан жаңашыл ақын.
Мағжан өткендегі қазақ ақындарының ішінен, әсіресе, Мұрат, Махамбет, Базар жырау, Шортанбай, Ақан сері, Абайды жоғары бағалаған. Бұларды «Қазақ өмірінің түрлі өзгерісі, өрі, қыры, қайғысы, қуанышы, ойы, қиялы әдебиетіне түсіп отырғаны үшін» қадір тұтады. Ақын қазақ әдебиетін арнайы зерттемесе де, оның кейбір өкілдері жайлы мақалалар жазып, пікірлерін білдіріп отырған. Ақынның «Ақанның өмірі», «Ақан сері сөздері» атты екі бөлімнен тұратын «Ақан сері» атты көлемді мақаласынан, сондай-ақ Базар жырау, Әбубәкір Дибаев, Б.Күлеев, А.Құнанбаев хақында білдірген ой-пікірлерінен оның жалпы әдебиет, әдеби мұра жайлы көзқарастары анық көрінді.
«Ұшы-қиыры жоқ, сары дариядай Сарыарқаның ортасында аралдай көгерген Көкшетау, Абылайдың ордасы құрылған, Кенесары, Наурызбайға отан болған Көкшетау алаштың ақындығының да ордасындай жер еді» (Мағжан Жұмабаев. Шығармалары. А., 1989, 318-бет) – деген жолдармен басталған «Ақан сері» мақаласының бастауынан-ақ Мағжанның ақындық, азаматтық бет-бағдары айқын. Осы бір ғана сөйлемге автор қаншама мағына сыйғызып жіберген. Автордың шеберлігі, сол бір ғана сөйлеммен қазақ даласының, оның ішінде Көкшетау өңірінің көркем көрінісін, тарихын көз алдыңызға мөлдіретіп алып келеді. «Көкшетау алаш ақындығының да ордасындай жер еді» дегенде, «Кең сабаның қорындай, Бертағының баласы Орынбай, екі аяқты адамның ділмәрі, улы тілді соқыр Шөже, Тойлыбай бидің ұлы Арыстан, үні зарлы Атығай, соқыр Тоқжан, терең ойлы Атығай шал, аспанға өрлеп ән шырқайтын Біржан сал, өмірі ертегідей әдемі Ақан сері» есімдері аталады. Әр ақынға берілген шағын ғана анықтауыштар қысқа да нұсқа, әрі бейнелілікті мақсат тұтатын хас шеберліктің белгісін аңғартады. Содан кейін барып, автор «күңіренген Көкше» ақындарының ішінен Ақан серіні бөліп алады. Ақан серінің ақын назарын өзіне аударатын себебі: «Сөзінің сұлулығы, тереңдігімен демейміз, өмірінің сұлу­лығымен. Ақанның өмірі – ертегі өмір. Судай сұлу, желдей екпінді, жалпақ жұртқа жат, жұмбақ өмір» (сонда). Сондықтан да, Мағжан Ақан өмірінің жұмбағына қызығып, оған үңіле түседі.
«Ақанның өмірі» ақынның өмір жолымен таныстырады. Таныстырады дегеніміз болмаса, көркем сөзбен кестелейді. Ақын барлық кезде де – ақын. Мағжан ақын Ақан ақынның «ертегі өмірінің» тұтас бір көрінісін жасайды. Прозалық поэзиямен көмкеріліп түскен көркем кестелер, жалт-жұлт етіп, сәуле шашқан сұлу сөздер сері өмірінен хабар беріп қана қоймайды, бар болмысымен көз алдыңызға елестетеді. Мақаланы оқығанда, көркем әңгіме оқығандай әсерде қаласыз: қазақтың Көкшедей сұлу жерінде серілік құрған Ақанның «сұлу өмірін» автор көтеріңкі романтикалық шабытпен әңгімелеп, сұлу да кестелі сөздерді төгіп-төгіп жібереді.
«Ақан ән шырқаса, би билігін, кемпір өрмегін, сұлу кестесін қойып, аңыра тыңдай қалады.
…Енді Ақанға теңіздей терең ой қалды. Қорғасыннан ауыр, түннен қараңғы қайғы қалды. Удан ащы қасірет қалды.
…Қалың қамысты көл. Қою, қалың. Иесіз қыстау. Ақан. Тілсіз бала. Түн болады. Жел шығады. Қою қамыс зуылдайды, сықыр-сықыр қалың қайың шайқалады. Иесіз үй күңіренеді, үй ішінде Ақан күңіренеді. Сақау балада үн жоқ. Екі көзі жаудырап, Ақанға қарайды да отырады…» (сонда, 319, 322-беттер).
Бұл жолдарды сезімсіз, әсерсіз оқу мүмкін емес. Автор Ақаннның өмірін баяндап емес, көркем бейнелеп тұрғандай.
Бірінші мысалдан асқақтата берілген Ақан өмірінің алғашқы кезеңін көрсек, соңғы екеуінен мұң мен зарға толы кейінгі ауыр кезеңі көз алдымызда тұра қалады.
«Міне, Ақан қырыққа аяқ басқанда, сұлулықтың асығы Ақан жарынан, тұлпарынан, сұңқарынан айрылғанда, өмір айдынында ән салып, жүзіп бара жатқан қу қанатынан қайырылғанда, Ақанның жүйрік жаны ой дариясына шомып, сұлулығы жоқ, былық тұрмыстан безгенде, халық оны ұға алмай, Ақанның жұмбақ өмірін шеше алмай, оны алып барып, періге балайды. Бірақ, халық соқыр сезімімен кешегі ерке серісі – Ақанның сұлу тұрмысына кір жаққысы келмей, жанды затты сұлу періге апарып қосады. Жұмбақ та сұлу: таппаса да, шешпесе де сұлу».
Мағжан аңызға айналған Ақанның өмірбаянымен таныстыруды ғана мақсат етпеген, жұрт түсіне бермейтін «жұмбақ өмірдің» сырын ашуды негізгі бағдарға ұстаған.
Ақан серінің басынан өткерген серілік өмірінің трагедиялық халге ауысу сыр-себептеріне үңіледі. Жантанудан оқулық жазған психолог ақын Ақан өмірін суреттей бермей, енді, оның ішкі жан-дүниесіне ой жүгіртеді. Сөйтіп, Ақан сері­нің шығармашылық сыр-сипатын ашып көрсетуде психологиялық кілт таптырмайтын құрал болып шыққан. Құлагердей тұлпарынан, Қараторғайдай сұңқарынан, Базараладай құмайынан айрылып, серілік құрған «сұлу өмірі» көзден ұшқанда, «талай күйіп күл болған, есін жиған жүрек тағы отқа, махаббатқа, жарға ұмтыла бастайды».
Тағы да, Мағжанды тыңдайық: «Жүйрік жүрек бір бастаса, не сүйіп қосылмай, не қосыла алмай күйіп, күлден кебін кимей тоқтай ма…
Жүйрік жел ұшпай тұра ала ма? Жүрек сүю болмаса салқын, бос қуысқа айналмай ма? Жиһанда жалғыз мәңгі нәрсе махаббат емес пе, өлген махаббат екінші түрде, екінші түсте қайта тірілмек емес пе?» (сонда 326-327-беттер). Қа­зақ: Ер жігіт тұлпардың тұяғымен, сұңқардың қияғымен, сылдыр қаққан судың бойымен, алма мойын сұлудың қойнымен жұбанады» дейді екен. Ақан «Махаббат іздеп тағы аласұрып, шарқ ұрады» (сонда, 326-бет).
Мақалада Ақанның Бәтимаға үйленуі, Ұрқияға, Ақтотыға, Жамалға ғашықтық хикаялары, осыған байланысты, жүректің күйін шертіп шығарған әндері егжей-тегжейлі әңгімеленген. Әсіресе, Жамалға деген сүйіспеншілігі, оған деген ғашықтық сезімінің «Үштоты», «Сырымбет» болып құйылып, ән болып қалықтауын баяндаған жолдар қызғылықты.
Бүкіл ғұмыры сұлулыққа табынып, сұлулыққа ұмтылумен өткен Ақанның серілік өміріне Мағжан қызығады. Оны «сұлу өмір» атайды. Ерекше сезіммен әңгімелейді. Сондай, «сұлу өмірдің» аяғы трагедиямен аяқталғанына Мағжан күйінеді. Ақан өмірінің негізгі жұмбағы «сұлулыққа табынудан туған мұң мен зар» дейді. «Сөйтіп аласұрған ұшқыр жан, шарқ ұрған жүрек, жабайы жұртқа ұғымсыз, жат мінезді, ірі жүрек сұлулық іздеп, өмір бойы от болып лаулап жанған жүрек мәңгі мұзға айналды» – деп жазады автор. Бұл жолдарды сезімсіз оқу мүмкін емес.
Мақаланың аяқталуы да өзгеше: «сұлулыққа табынудан туған мұң мен зарға» «жауап табу қиын», Мұндай тілекке жауап іздей бастасақ, елінің заулаған оттай баяғысы, қап-қара түндей кешегісі, жалпылдаған жыңдай бүгінгісі, қара тұман келешегі көз алдына келіп, Ереймен тауының бауырында өлген Құлагердің басын құшақтап, күңіреніп отырған Ақан серінің қасіретіңдей жаныңды терең қасірет билеп алып кетеді…» деген көп ойларға жетелейтін көп нүктелі сөйлеммен аяқтаған. Бір сөйлемге қаншама ойлар сиып кеткен. Мағжан өткен дәуірді қараңғы түнге, өз заманын жалпылдаған жынға теңейді. Социализмнің «салтанатты сарайы» салына бастаған совет өкіметінің ертеңгі күніне де сенбейді. Коммунисттер коғамды «қара тұман келешекке» алып бара жатыр дегенді ашық айтып отыр.
Мағжан да іші мұң мен зарға толы Ақан өмірінен өзіне жақындықты, ұқсастықты көреді. Сұлулықты, адалдықты, адамдықты идеал тұтып, өмір бойы осы бағытынан таймай жырлап өткен Мағжан ақын да келеңсіз кезеңнің әділетсіздіктерін көп көрді. Ұлы ақынның «Сұм өмір абақты ғой саналыға» деуінің сырлары да осындай жағдайларға байланысты болса керек. Сондықтан да, Мағжанның ішкі жан-сезімдері, өмірге көзқарастары мақалада көрінбей қалмаған; Ақанның ақындық тағдырын сөз ете отырып, Мағжан да іште қордаланып жатқан күпті ойларының біразын жайып салған…
Мағжан Ақан серінің «жұмбағын» оның өмірімен байланыста шешуге тырыс­қан. Ақынның жарқырай шыққан өмірін түн қылып, трагедияға айналдырған – оның заманы. Заман болғанда да – отаршылдық. «Ақан сері сөздерінде» автор ақын өмір сүрген дәуірге төмендегіше сипаттама береді. «Адамның бір атаның баласы екені рас болса, белгілі бір заманның баласы екені де даусыз. Ақан – заманның баласы. Ол заман – өткен тоқсан тоғыз, жүзінші жылдар қазақ даласын оңтүстік пен солтүстіктен екі албастының келіп басқан заманы» (сонда, 331-бет). Біріншісі – Бұқардан келген ищандар, қазіреттер, молдалар, халифелер де, екіншісі – «болыстардың знак мөрлеріне, тілмаш, «учительдердің» қақиған картоздарына, сымпиған шалбарларына оралып келген албасты». Мағжан осы жағдайлардың қазақ халқының жалпы тұрмыс-тіршілігіне, өміріне, дамуына, әсіресе, тіліне орны толмас зияндықтар келтіргенін ашына жазады: «ол дәуір – осы екі албастының кесірінен елдің өмірі іріп-шіріп, тілінің тарғылданған дәуірі».
«Ақан серінің сөзінен өмірі сұлу» дегенде, «Ақан қазақ тілінің сол тарғыл­данған дәуірінде өмір сүргеңдіктен де» оның үлкен міні – «тілінің таза еместігін» айтып отыр. «Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болу» (Мағжан Жұмабаев. Шығармалары, 1, 3 том. А., 1996, 289-бет) деп білетін Мағжан тіл мәселесіне келгенде, аса принципшіл. Ақан өлеңдерінің басты кемшілігі «Қазақ ақыны Ақанның ана тіліне араб, фарсы, орыс сөздері көп кіріп кеткен. Оның мағына жағынан, әсіресе, сурет жағынан сұп-сұлу өлеңдерінің тілдері шұп-шұбар (Мағжан Жұмабаев. Шығармалары. А., 1989, 331-бет) екендігін көрсеткен. Ақынның «бұл шұбар жолға өзі қалап» түспегенін, «оны заман қуып түсіргенін» айтады. Соңдықтан да, «қазақ тілінің қуғын көрген дәуірінде өмір сүрген Ақанның тілінің тарғыл екені рас. Бірақ, тарғыл тіл шын Ақанның тілін тұтықтыра алмаған» дей келіп, оның шығармашылығына тоқталады.
Мағжан Ақан серінің өлеңдерін тақырыбына қарай сықақ, ғашықтық, айтыс һәм мақтау, сопылық, қазақ қайғысы туралы деп бес топқа бөліп қарастырған. Осылардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, ақын поэзиясының өзіндік сипаттарын аша түседі. Ақынның өзіне ұнамаған келеңсіз құбылыстарды бетің бар, жүзің бар демей, айтып тастап отыратын қасиетін айта келіп, «сықақ – Ақанның сүйегіне біткен сипаты», оның «тілімен құйылған у талайды талай заман шыбжыңдатса керек» – деп жазады.
Автор Ақанның махаббат тақырыбына жазылған өлеңдерін жоғары бағалаған. Ақынның шын шеберлігі осындай өлең­дерінде көрінеді, «ғашықтық өлең­дерінде Ақанның әрбір сөзінен ақындық иісі аңқып тұрғандай» – деген пікірін нақтылы мысалдармен дәлелдей түседі.
Ақанның қазақ аулының әлеуметтік мәселелеріне арналған өлеңдеріне едәуір тоқталған. «Ақанның қазақ қайғысы туралы өлеңдеріне келсек, оның сері Ақан болуымен бірге, жаралы елдің шын азаматы болғандығы сол өлеңдерінде көрінеді» (сонда, 337-бет). Солай бола тұра, мұндай өлеңдеріндегі көркемдіктің олқылау соғып жататынын да жасырмайды. Есесін «оның ойлы азаматтығы жуып кете аларлық. Ақан бұл өлеңдерінде елдің қайғысын көре білген. Сол қайғының себебін таба білген» (сонда). Ақанның жерінен айрылып, өзі бодан болған халықтың мұң-зарын жырлай білгендігін жоғары бағалайды. Ақын өлендерінің ішінен ұлт-азаттықты аңсаған, отаршылдыққа қарсы жазылған жолдарын дәйекке келтіріп, оқырмандарға ұсынады. Ақанның азатшылдықты жырлауын, оның өлеңдерінің ең құнды жағы санаған.
Мағжанның Ақан сері өлеңдері жайлы ойларының түйіні мынау: ақынның бірсыпыра «өлеңдерінің тілі тұтқыр, барлық өлеңдерінің тілі тарғыл екені рас. Ақанның өз өмірі жалпақ елге жат болғаны, жұмбақ болғаны тағы рас. Бұлардың бәрінің себебі, Ақанның өмір сүрген дәуірінде. Ол дәуір – Нуһтың толқындары арасында қазақтың қайығы қалтылдап бара жатқан дәуір. Ойы – тұман, тілі – тарғыл, жаны да жасыған, тілі де жасыған. Қалың қазақ қайықтың батып бара жатқанын білмейді. Бірақ, Ақан сықылды бірен-саран сезімпаз ұлдары ғана болар-болмас сезген де, көпке алдымен өзінің – сері, жолдасының пері атанғаны осыдан. Тұманды дәуірдің ұлы – Ақанның тілінің таза болмауы тағы осыдан. Ақанның барлық кемшіліктерінің үстіне бір сұлу сипаты – елдің сол дәуірдегі өмірін өлендерімен, әсіресе өзінің өмірімен суреттей білген. Өмірді өлеңмен ғана емес, өзінің өмірімен суреттей білу ірі жанды адамның ғана қолынан келмек» (сонда, 340-бет).
Сонымен, Мағжанның Ақан сері туралы мақаласында айтпақ болған, көтерген негізгі мәселелері төмендегіше болған. Қазақтың Көкшетаудай көрікті өңірінде өмірге келіп, «басында – бұлғақтаған үкі, қолында – домбыра, аузында – ән» Ақан сері Сарыарқаны әнге бөлеп, күйге көміп, серілік құрған. Осындай ертегі сияқты сұлу да, бақытты шақты сырттан келген «албастылар» бұзып, ақын өмірінің соңғы кезеңі трагедиялы, «жұмбаққа» айналады. Өмірдің әділетсіздіктерін көп көрген ақынның көкірегі мұң-зарға толады. Асау жүрек жұбанышты махаббаттан іздейді, ғашықтық туралы тамаша әндер өмірге келеді. Отаршылдық озбырлығынан қан жұтып, көз жасы көл болған елдің қайғысын жырлады. Ақын саяси әлеуметтік мәселелерді өлең қылғанда, «Жаралы елдің шын азаматы» дәрежесіне көтерілді. Осылай бола тұра, Ақан өлеңдерінің тілі таза емес; араб, парсы, орыс сөздерімен шұбарланған. Бұл бодандықта бұлқынып жатқан елдің тілін де қыспаққа алып, шұбарлап жатқан заманның қалдырған іздері болатын. Осыған қарамастан, өз кезіндегі ел өмірін өз өмірімен, өз өлеңдерімен өрнектей білуімен де Ақан сері бізге қымбат.
Мақалада Мағжанның аса маңызды әдеби, саяси мәселелерді көтергеніне көзіміз жетеді. Біріншіден, орыс отаршылдығының қазақтың ұлттық тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін бұзып, орны толмас олқылықтар әкелгенін Ақан серінің әншілік, серілік тағдырын айта отырып, оған қарсылық білдіреді. Екіншіден, қазақ тілінің сырттан келген жат сездермен былғанбауын көтеріп, тіл тазалығын әдебиеттегі көкейкесті мәселе ретінде алға қояды. Үшіншіден, әдебиеттің қоғам өміріндегі маңызды орнына назар аударып, Ақан сері өлеңдерінің кейінгі ұрпақ үшін де қажеттігін айтқан.
Көкшетау қазақ үшін қандай қасиетті мекен болса, сол жерде туып-өсіп, серілік құрған Ақанның кейінгі ұрпаққа қалдырған сөз мұрасы да – сондай қымбат қазына. Сондықтан да, Мағжан Ақан сері поэзиясы бізге несімен құнды екенін көрсетіп, бүгінгі ұрпақтың кәдесіне жарату, «балапан әдебиетімізге де қабыстыру» жағын мақсат тұтқан. Өкінішке орай, Ақан өлеңдерінің қолға түгел түспегендігін ескерте кетіп, оны жинап, бастыру қажеттігін алға тартады.
Мақаланың жарық көргеніне сексен жылдай уақыт өтсе де, күні бүгін жазылғандай өзінің зәрулігін жоймаған. «Ақан серіде» заман, әдебиет жайлы терең ойлар сұлу сөзбен көмкеріліп ерекше бір көркем бүтіндік тапқан. Сарыарқаны сазға бөлеп, ертегідей салтанатты ғұмыр кешкен Ақанның серілік өмірін суреттеуге келгенде, Мағжан сұлу сөздерді төгіп-төгіп жібереді. Көкшенің көгілдір келбеті, Сарыарқаның сары белдерінде аққу әнін аспандата шырқап бара жатқан Ақан серінің ақындық, серілік бейнесі көз алдыңызға келгендей күй кешесіз. Мұңы бір, зары бір екі ақын сырласқандай, ұғынысқандай, тіл табысқандай әсер етеді. Эссе түрінде жазылған мақалада көркем әңгімедегідей, Ақан серінің адамдық, ақындық болмысы жан-жақты жарқырап көрініс тапқан.
«Базар жырауда» да Мағжан рухани өмірдің аса бір маңызды мәселесін көтереді. Ол – әдеби мұраны игеру. Мақала жазылған кез (1923) совет өкіметінің бұрындары жасалынған мәдени мұраның барлығының бүгінгі совет адамдары үшін керегі жоқ: өйткені, олар феодализм, байлар заманында жасалғандықтан да, ескішіл үстем таптың мүддесін қорғайды; еңбекші бұқараның әдебиетін пролетариаттың өзі жасауы керек деп, «пролетарлық мәдениет» бағытын күштеп жүргізіп жатқан уақыт болатын. Осындай солақай саясаттың салдарынан қазақ әдебиетінің бай қазынасы түгелге дерлік ескішіл, кертартпа, жаңа заман үшін зиянды деп жарияланды. Міне, осы кезде Мағжан былай деп жазады:
«Өткен дәуірдегі теңіздей тұңғиық әдебиетіміздің бізге бұл күнде адасқан ұшқындары, тентіреген тамшылары ғана жетіп отыр. Көбі, көбі болғанда, ең сұлулары ұмытылған, желдей ескен жыраулармен бірге топыраққа айналған. Баяғыда отыз күн, отыз түн айтылатын Қобыландылардың ауызда адасып, азғантайы ғана қалған. Талай түндерге созылған ертегілердің басы қайырылып, аяғына жетіп, шоп-шолақ қалған» (сонда, 340-бет). Ол аз десеңіз, «Талай жүйріктердің тұңғиық таза толғаулары араб, парсы, сарт-сауанның сөздері араласып, балдыр-батпаққа айналған…» деп, әдеби тілдің тазалығы мәселесін де қоса көтереді.
1917 жылғы төңкерістен кейін, қазақ әдебиеті енді қандай бағытта дамып, кімнен үлгі алуы керек деген сауалдар төңірегінде қызу пікірталастар болып өтті. Пролеткультшылдар бұрынғы ақындарының барлығы да ауыз әдебиетінің өкілдері, ал, ауыз әдебиетін, дамудың төменгі сатысындағы әдебиет санап, үлгіні «озық» орыс әдебиетінен алуды ұсынды. Олар қазақ әдебиеті өзінен өзі үлгі алатын дәрежеге жеткен жоқ деп соқты. Бұл солақай пікірге әдебиет, мәдениеттің маңайында жүрген қазақтың ұлтжанды зиялы азаматтарының көпшілігі қарсы шықты. Солардың бірі болған Мағжан бұл мәселеге арнайы араласпағанымен де, осы мақаласында өз ойларын ашық білдіреді: «Бірақ, талайлар ұмытылып қалды деп қанша өкінгенмен, әлде болса да, ауызда аман қалған әдебиетіміз талай елдердің ауыз әдебиетінен бай. Әлде болса да, ауыз әдебиетіміз бір елдің жазба әдебиетіне негіз болуға жарарлық. Өзінің ауыз әдебиетін негіз қылмай, ешбір елдің жазба әдебиеті өркеңдемек емес. Біздің де жазба әдебиетіміз ауыз әдебиетін негіз қылуға міндетті. Алдымен, сабақты шеттен емес, өзінен алуға міңдетті. Жазба әдебиетіміз негізді, берік өз еліміздің әдебиеті болам десе, өзіміздің ауыз әдебиетімізге қайтуға міндетті» (сонда, 340-341-беттер). Әттең, Мағжанның осындай өрелі де өміршең ойлары кешегі кеңестік кездің социалистік солақай саясатының табанында тапталып, ескерілсе де, мойындалмай келгені өкінтеді. Әйтпесе, ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеті бір-біріне қарсы қойылар ма еді. М. Әуезовтің «Абай жолындай» бітімі бөлек кесек туындысын аңызға құрылған, ауыз әдебиетінің негізінде жазылған деп, айыптар ма едік.
Мағжан Абайдан арғы әдебиет тарихының зерттелінбей, танылмай жатқандығына қынжылыс білдіреді. Оларды «білсе де, білгісі келмейді. Ақын­дардың қатарына қосқысы келмейді. Ауызға алынбайтын олардың жазығы не?» – деп, мәселені төтесінен қояды. Мағжан «Шынында, сол өткен ақындардың көбінен жаңа ақыңдар әлі озып кете алды ма?» – деген сауалды алға көлденең тартады. «…Шайхысламұлы Жүсіпбектің «Қыз Жібегіндей» кім не нәрсе жазды?» – деген сұрақ қойып, «ойланатын әңгіме» екенін ескертеді.
Есімі ескерусіз келе жатқан ақындардың бірі ретінде Базар жыраудың өнерпаздық қырларымен таныстыруды мақсат тұтқан мақала осылайша басталып, өзекті ойла­рымен бірден баурап алады. Мағ­жанның қолына Базар жыраудың 4-5-ақ өлеңі түскен. Автор осы аз ғана деректерге сүйене отырып, ақынның шығармашылығы жайлы толық пікір айтудың қиын екеңдігін ескертеді. Солай бола тұра, осының өзі-ақ «Базардың сөзге жүйрік, ойлы ақын екендігін» сезінуге жеткілікті болған.
Мағжан Базардың «қазақы сөзге шеберлігін» оның қолда бар өлендерін мысалға келтіре отырып дәлелдеген. Автордың ойынша, шын ақындар барлық уақытта да халықтың жағында: «қазақтың шын ақыны ешбір уақытта аты мықтыны мақтаған емес. «Байтаққа пана болған» мықтыны мақтаған» (сонда, 342-бет).
Базар жырау да – осы топтан көрінген шын ақын. Осы жерде автор: «Өткеннің бәрін өртеп жібереміз дей бермей, мұны біз де ұмытпауымыз керек» – деп, сол кездегі ресми биліктің әдебиет жайлы саясатын сынап та өтеді.
Базардың өмір сүрген дәуірі «қа­зақтың құдай ұрғандарының шенді шекпенге қарқ болып, жалпақ елдің «аузы түкті гәуір, жеті басты ауыр» деп, қан жылап жүрген кезі ғой. Сол кезде кешегі көкжал Кененің ер ұлы Сыздық «елім» деп жортып жүріп, шөмекей ішіне барса керек. Сонда Сыздық бастаса, гәуірден құтыламыз деп, жалпақ елмен бірге Базар жырау да қуанғанға ұқсайды» (сонда, 343-бет) – деген жолдардан автордың ақынға не үшін іш тартып отырғанының себебі айқын көрінеді.
Мақалада жыраудың Сыздық төре туралы отаршылдыққа қарсы отан­шылдық көтеріңкі рухпен жазылған өлеңінің мәтінін толық келтіре отырып, «шерлі елдің шын баласы ғой Базар» деген ой түйеді. Тағы да ақынның:
«Дүние, бір толқыттың, бір
қор­қыттың,
Айырылып аждаһадай ақыр жұттың», – деген жолдармен баста­латын өлең шумағын оқып, Базардың «терең ақын екендігі» туралы қоры­тынды жасаған.
Автордың Базар жыраудың жырла­рын­дағы отаршылдыққа қарсылық сарынын жоғары бағалап, материалдарының жетімсіздігіне қарамастан, осы мақаланы жазғандығы байқалады.
«Елге еңбегін сіңірген ер қымбат. Ердің елге бағасы қаны бір болуда емес, жаны бір болуда: қуаныш-қайғысы ортақ болуда. Ердің бағасы елге еткен еңбегінің зор, яки кішілігінде емес, ел деген жүрегінің таза болуында; тілегінің елмен ортақ болуында; ер өмірінің өрі мен көрі ел өмірінің өрі-көрімен бір болуында» (сонда, 345-бет). Мағжанның «Әбубәкір ақсақал Диваев» атты мақаласы осылайша басталған. Қаны башқұрт Ә. Дибаевты жаны қазақ болғандығы, қазақ халқына сіңірген еңбегі үшін аса қадірлеп «Әбубәкір ақсақал» деп құрметтеген. Отаршылдар қазақтың «азат басын ноқтаға кіргізу» үшін зерттесе, Әбубәкір ақсақал “жақсы жақтан таныстыру үшін, қазақ-қырғыз еліне тұмсығымен су тасыған қарлығаш болу үшін» еңбек етті.
Ә. Диваевтың қазақ әдебиеті үлгілерін орыс тіліне аударып, газет-журналдарда жариялап отырғанын айта келіп, «ол күндерде қазақ-қырғыз елін аузын арандай ашып жұтып жатқан патша үкіметі қазақ-қырғыз елінің жақсы жағымен, терең жанымен, сұлу сөзімен Әбубәкір бастырған әдебиет арқылы танысқан» (соңда, 346-бет) – деп жазады.
«Қарлығаштың қымбаттығы тасыған суының молдығында емес, жүрегінің адалдығыңда. Әбубәкір ақсақалдың да қазақ-қырғызға қымбаттығы еткен еңбе­гінің ұшан теңіздігінде емес, адал ойлы қамқор болуында» – деп аса жоғары баға­лайды. Сөйтіп, Мағжан Ә. Диваевтың қазақ халқының рухани мұрасын жинауға сіңірген еңбегіне алғаш рет жоғары баға берді. Ал, кейінгі ұрпақтар ол жинақтаған қазақ әдебиетінің асыл үлгілерін кітап қы­лып бастырып шығарып, ұлттық рухани игілігіне жаратып келеді.
Мақалада Ә. Диваевтың атқарған істері санамаланып тізілмейді. Қысқа да нұсқа жазылғанымен, Әбубәкірдің қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегі сол күйінде көз алдыңызға тұра қалады. Бұл еңбектің несімен құнды, маңызды екендігіне оқырман назарын аударады. Қысқа мақаланың кенересін қалың ойлар кернеп тұр. «Бағалаудың қымбаты – алдына айдап мал салу емес, шын көңілден разылық білдіріп, елдің оны «сен – менің ұлым деуі», «елге ер қымбат, елге елдің адал жүрегі қымбат».
М. Жұмабаев қазақтың аса дарынды ақыны Б. Күлеев жиырма жасында қыршынынан үзілгенде, қазанама-мақала жазды. Бернияздың өмірімен шағын таныстырудан кейін, оның ақын­дық болмысына қысқаша сипат­тама береді. Мағжанның пікірінше, «Бернияз – төңкеріс заманында туған ақын, бірақ, төңкеріспен дүниеге келген шағы бір келгені болмаса, төңкеріс туғызған ақын емес еді» (сонда, 348-бет). Болашағы үлкен ақынның мұндай жағдайға душар болғанына қоғамды кінәлаған: «…жас жанның мұндай жолға түсуіне өзінен бетер әлеумет айыпты. Түзу жолға сала білмеген, дұрыс тәрбие бере білмеген әлеумет». Азамат аман жүру үшін әлеуметтік орта дұрыс болуы керек. Қоғам өмірге сай болса, адам да бақытты. Осы тұрғыдан келіп, Мағ­жан сол кездегі аласапыран заманды талант­тарын сақтай алмағандығы үшін айыптап отыр.
Б. Күлеев Мағжанның жақсы көретін рухтас інісі болған. Болашағынан үлкен үміт күттірген аса дарынды ақын мерт болғанда, Мағжан оған арнап өлең де жазған. Ақын өлімі ақынды дүр сілкіндіріп, өмір жайлы кейбір ауыр ойларын ортаға салған. Өлең:
«Өмір – дала, ақын – бала қаңғырған,
Жан сусынын көз жасымен қандырған.
Ақын – бөбек, өмір – көбік, тылсым-ды,
Ойнап, арбап, бөбекті естен тан­дырған» – деген шумақпен басталып, аяқталған. Осы бір ғана шумаққа ақын өмірінің өзгеше тағдыры туралы қаншама терең ойларды сыйғызып жіберген десеңізші.
М. Жұмабаевтың Абайға да арнап өлең жазғаны белгілі. Бұл өлеңнен Мағжанның қазақ ақындарының ішінде ұлы Абайдың ұлылығын алғаш танығандардың бірі болғандығын көреміз. Ұлыны ұлы қапысыз бірден тани алған. Өлең тақырыбының «Алтын хакім Абайға» аталуының өзін­де көп мағына жатыр. Мағжан ақын ретінде Абайдың ақындығын аса жоғары бағалайды:
«Шын хакім, сөзің асыл – баға жетпес,
Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес.
Қарадан хакім болған сендей жанның,
Әлемнің құлағынан әні кетпес!»
Мағжан осындай ұлы адамның жұрт­шылық тарапынан онша түсінілмей келе жатқанына реніш білдіреді. Бірақ, мұның бәрі сауатсыздықтан, ойсыздықтан туындап жатқан уақытынша нәрсе, «көз ашып, жұртың ояу болған сайын, хакім ата… қадірің артар» деп, болашаққа үлкен сеніммен қарайды.
М. Жұмабаевтың жиырмасыншы ғасыр басындағы қазақ зиялыларының бірсыпырасына эпиграмма жазғаны белгілі. Солардың ішінде М. Дулатов, А. Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, М. Әуезов те бар. Бұларында олардың шығар­машылықтарынан гөрі, сол кездегі жалпы жағдайларына назар аударыңқыраған. Мысалы, А. Байтұрсыновқа:
– Ақаң, Ақаң,
Тілек батаң аққа жақ.
«Я, жаппар хақ,
Мен шын нахақ»,
Де де жат, – деген бір ғана шумақ ар­напты.
Ақын бір эпиграммасын өзіне де арнаған. Эпиграмманың екі түрлі нұсқасы бар. Бұлай деп отырғанымыз, екеуінің мазмұнының да, айтар ойының да бірдейлігінен. Сонымен, Мағжан сын көзімен қарай отырып, өзінің портретін былайша бейнелейді.
– Қайда Мағжан?
Мағжан мынау:
Самолюб.
Очень ленив, упрямый паренок:
Көрсе әйел,
Көзі жоқ ол көбелек (сонда, 215-бет).
Қазақша. орысшасы аралас бесік жыры үлгісінде жазылған эпиграммадан Мағжанның адамшылық болмысын көреміз.
М. Жұмабаевтың әдеби-танымдық ой-пікірлері ол жазған “Алқа» ұйымының бағдарламасында айқын көрінеді. Өмірге келмей жатып, қолжазба күйінде тұншыққан бұл аса маңызды құжатты НКВД-ның «қазынасынан» тауып алып, Дихан Қамзабекұлы алғаш рет жариялады («Өркен», 13.ҮІ, 1992).
«Алқаның» платформасы арқылы Мағжан сол кезде қуғындала бастаған «алашорда» ақын-жазушыларының әдеби-эстетикалық бағытын да білдірген еді.
«Алқаның» бағдарламасы 1924-26 жылдары дайындалып, қолжазба күйінде тараған. Ә.Бөкейханов, А. Байтұрсынов, Ж. Аймауытов, Ж Тілеулин, С. Дөнентаев, М. Әуезов, С. Сәдуақасов, Е.Омаров, С. Қожанұлы, Е. Алдоңғарұлы, Ж. Сәрсенбіұлы сияқты алаш азаматтары платформамен танысып, қолдаған (Қараңыз: Д.Қамзабекұлы. «Алқа» туралы ақиқат. «Өркен», 20.ҮІІ. 1992). Баспа бетін көрмеуіне сол кезде ұлтшыл азаматтарды, оның ішінде, Мағжанды да саяси жағынан қудалаудың күшейе түсуі себеп болды.
Алашшыл әдебиет өкілдерін қудалау С. Мұқановтың «Еңбекші қазақта» 1923 жылы жарияланған «Қара тақтаға жазылып қалмаңдар, шешендср» атты атышулы мақаласынан кейін басталды да. Голощекин Қазақстанға басшы болып келгеннен кейін, тіпті, ушығып кетті. Алғашында әдебиеттің болашақ дамуы қандай болмақ екендігі жайлы басталған пікір алысудың аяғы ұлттық атаулыға карсы саяси науқанға ұласты. Пролеткульт саясаты күшпен жүргізіліп, қазақ халқының сан ғасырлық әдеби мұрасына «ескішіл», «байшыл»деген айыптар тағылып, жоққа шығарылды, Абайдың өзі «феодал ақыны» аталып, сол кездегі ұлттық әдебиетіміздің қаймақтары әдеби өмірден шеттетіле бастады. Бір ғана М. Жұмабаевтың үстінен екі рет «әдеби сот» (Омбыда, Мәскеуде) ұйымдастырылып, шығармалары халыққа зиянды, оқылудан алынсын деген қаулы қабылданды. Міне, осындай саяси қуғындау кезінде қазақ жазушыларының басым көпшілігінің басын біріктіретін «Алқа» ұйымын құруға әрекет жасалынып, оның бағдарламасы жазылды.
«Қазақ әдебиеті тоғыз жолдың торабында тұр. Артында бір жол, алдында мың жол» деген сөйлемдермен басталған айқыңдаманың кіріспесінде сол кездегі қазақ әдебиетінің даму бағытына тікелей әсерін тигізіп отырған саяси-мәдени жағдай шолынады. Қазақ әдебиетін мың жолдың тарауына әкеліп тұрған – тұрмыс. Тұрмыс болғанда, «дүние астан-кестен болған заманда», «қазақ әдебиетінің орыс әдебиетінің екпініне, орыс әдебиеті арқылы Еуропа әдебиетінің екпініне кез келуі тас пен жапалақтың жапалағы өлмек, әрине, қазақ тұрмысы қирамақ, әрине, қазақ әдебиеті еліктемек». Қазір қаламгерлер алдына әрі іскерлік, әрі ақындық міндетті қоса атқару қойылып отыр. Айғаймен кетсе, ақындық қалады, ақындықпен кетсе, әскерлік қалады. Осылай болғандықтан да, «біздің жазушыларымыз не әскерлік, не азаматтық міндетін ұмытып, құр ақындыққа қамалып қалуға мүмкін, әсіресе, ақындық міндетін біле алмай, жалпы айғайдың екпінімен кетуге мүмкін». Мағжан «әдебиетті айқай ғана деп, ақындықты үгіт-насихат қана деп ұғуға» қарсы. Сондықтан да, «тоғыз ойланып, тоқсан толғанып, төмендегі пікірлерді ортаға салуды өзіміздін. борышымыз деп білдік» дейді автор.
Айқындаманы «сегіз қанат боз орда, алты қанат отау емес, абылайша» атаған. Өйткені, «майдан, ойран, жорық дәуірінде дағарадай орда, айдай ақ отау құрып отыруға болмайды. Аттан дәуіріне абылайша керек». Бұл жолдардан Мағжанның сол дәуірге деген көзқарасы да айқын керінеді. Большевиктер жаңа дәуір басталды, енді, теңдік, бақыт орнайды деп ұрандатып жатқанда, ақын бұған сенімсіздікпен қарап, «майдан, ойран, жорық дәуірі» деп, сипаттаған.
«Әдебиетіміз» аталған айқын­дама­ның бірінші бөлімінде қазақ әдебиетінің өзіндік сипатына, тарихына көз жіберген. Мағжан әңгімені бірден сол кезде белең алып тұрған әдебиеттің деңгейі қоғамның дамуымен тікелей байланысты, яғни, феодалдық дәуірде өмір сүрген қазақ халқының әдебиеті капиталистік елдердің әдебиетінен төмен деген сыңаржақ теорияны жоққа шығарудан бастайды. «Әдебиеттің өзінше дәуірлеуі техника мәдениетінің дәуірлеуіне байланбайды» деген К. Маркстің сөзін келтіре отырып, бұл пікірдің терістігін дәлелдейді. Техника дамымаған заманның өзінде-ақ Гомердей, Шекспирдей әдебиет алыптары болғанын тілге тиек етеді. Сол сияқты қазақтың «техника мәдениеті тіпті төмен болғанымен», «өзінше терең әдебиеті болған һәм бар». Қазақ әдебиетінің тарихы зерттелінбей жатыр. Ал, арыға бармай-ақ, «кешегі Мұрат, Махамбет, Базар, Шортанбай, Ақан сері сықылды ақындардың елдің мұңын, зарын, ой-қиялын жырлай білген шын жыраулар екені анық. Бұлар – қазақ даласына бет алған Еуропаның, орыстың қара жүз отаршылдығының қарасын көріп, бірінші уланған ерлер».
Отаршылдыққа ашық қарсы шыққан ақындардың аталуының өзі-ақ Мағжанның азаматтық бет-бағдарын анық байкатады. Орыс отаршылдығын «қара жүз» атап, бұл ақындарды отаршылдық уымен «бірінші уланған ерлерге» жатқызған. Осы аталғандардың ішіндегі Базар жырау мен Ақан сері туралы Мағжанның арнайы мақала жазғандығы белгілі.
Қазақтың ұлы ақыны А. Құнан­баевтың ұлылығын алғаш­қылардың бірі болып таныған Мағжан «Алтын хакім Абайға» деп, өлең арнаса, «Ал­қаның» айқындамасында да оған жоғары баға берді. Абай – феодал ақыны, ескіні жырлаған деп, тарихтың тастандысына айналдырғалы жат­қан­да, Мағжандар оған «қазақ әдебиетінің алыбы» деген баға берді: «Қазақ әдебиетінің алыбы Абай – қазақ даласына кеулеп кіріп келе жатқан капитализмге, отаршылдыққа халықтың қанды жас төгіп, еріксіз шалған бірінші құрбаны. Ел билеп, елге ақыл айтудан бастап, өмірден үміт үзуге, тұңғиық ойға барып тірелген Абайдың өмірінің, ақындығының трагедиясы да тереңдігі осындай. Абайдың алыптығы – қыл көпірдің үстінде тұрғандығы, екі қоғаммен, екі үмітпен алысқандығы, сондықтан, қазақ әдебиетінің ескі мағынасын, бұрынғы бағытын терендеткендігі, әдебиетке жаңа түр кіргізгендігі».
Патша өкіметінің қанауы күшейе түсті. «Ел езіле береді». Баспасөздің жоқтығынан Абайдың жан-айқайы елге жетпей жатты. Отаршылдықтың салдарынан «әдебиет «ғизятлу, оқұр­метлу», «бісмілдә» деп басталатын сөздің басы сықылды былдыр-батпаққа айналды» – деп жазылған бағдарламада.
Қуа берсе, қорқақ та батыр болады дегендей, орыс отаршылдығының салдарынан қазақ халқының ұлттық сана-сезімі оянып, есін жия бастады. Әсіресе, 1905 жылғы саяси оқиғалар елдің көзін аша түсті. «Жаралы жанның есін жия бастағанда, бірінші үні ыңырсып күрсінуі, күңіренуі болмақ. 1905 жылдан соңғы әдебиетіміз, «Оян, қазақ!», «Қырық мысал» сықылды елім, жұртым деген әдебиетіміз сол күңірену, сол зәреде күңіренген жаралы жанның көзіне ілгені ғана – қылышынан қан тамып, майданда ойнап жүргені елестемек. Ояна бастаған ел кешегі ел болған күнін есіне түсірмек. Әдебиетіміз де мынау «Оян!» деген зармен бірге елдің өткен күнін есіне сала бастап еді. Өткен тағы болып жүрген дәуірді қайта орнату үшін емес, жасыған елдің жанына үміт салу үшін өткенді жырлай бастап еді» – деп жазады Мағжан. Қысқа да нұсқа көркем кестеленген бұл жолдарда терең ойлар жатыр, яғни, сол кезде қуғындалып жатқан қазақ әдебиетіндегі ұлт-азаттық бағытты ақтау, оның отаршылдықтың өзі туғызған занды құбылыс екенін көзге шұқып көрсету бар. Осы бағытты әдебиетіміз «жырлап үлгерген жоқ еді, жырлай бастап еді. Әдебиет осы күйінде тұрғанда үстіміздегі зор төңкеріске кіріп кеттік» – деп, сол кездегі қазақ әдебиетінің өзіндік сипатын дәл көрсетеді.
Мағжанның ойынша, «Үстіміздегі төңкеріс – бізге өз тарихымыз тудырған, өз тарихымыздың қатынасы болған таныс төңкеріс емес, Еуропа тудырған жат төңкеріс». Өзінің табиғи, тарихи жолымен дамып келе жатқан қазақ әдебиеті үшін де бұл төңкеріс тосын құбылыс болды. Сондықтан да, әдебиетіміз төңкеріс тақырыбын игеріп кете алмады. «Төңкеріс туралы тез үндей қоймадық» деп, өзеурей бермей, «не себепті үндемегенін ұғуға міндеттіміз». Қазақ әдебиетінде төңкерістің жырланбауын, жырланған» топас тәжірибелердің теріс жағынан түсуінің тағы бір себебі: төңкерістің өзінің қазақ даласына күнгей бетінен емес, теріскей бетінен, оңынан емес, солынан кіруінен» көрінеді. Бұл «алақандағы нәрсе ғой, мұны бүркеп қоюға болмас» – деп тағы да өз пікірін дәлелдеу үшін Маркске жүгінеді. Аққан су жазық жерде жайылып, таулы-тасты жерде буырқанып, көбіктеніп ағады. Өмір де, әдебиет те солай. Жаңа заманда әдебиетіміз қалай ағуы, яғни, дамуы керек? Автор бұған «Төңкеріс һәм әдебиетіміз» атты бөлімде жауап береді.
М.Жұмабаев Қазан төңкерісін «адам­заттың тарихында тең жоқ төңкеріс» санаған. Өйткені, ол «адамзат тарихының ең соңғы албастысы – отаршылдықты, капитализмді жойып, тарихты жаңа арнамен ағызуға бет алған төңкеріс» деп сенген. Сондықтан да, қазақ елі бұл төңкерісті қолдайды. Солай бола тұра мынадай маңызды мәселе ескерілуі тиіс: «Бір-ақ бағытта, негізде бірлікті мінезде бірлік деп ұғу – қата. Зор төңкеріске пролетариат зеңбірек, пулемет, машина қайыс қамзолымен кірсе, қазақ қамшы, сойыл, балпаң етік, малма тұмағымен жолдан қосылып отыр». Яғни, орыстарға қойылатын талаптарды қазақтарға да қоюға болмайды. Қазаққа төңкерістің сырттан келгендігі, таңылғандығы ескерілуі керек. Сондықтан да, қазақ әдебиетіндегі төңкерісті жырлау «өзінше – қазақша, азияша болуға мүмкін». Өйткені, «қазақ иісіміз шықпауға мүмкін емес. Ойымызда, қиялымызда, әдебиетімізде Азия иісі аңқымау мүмкін емес. Бағыттың бір екені даусыз болғанымен, пролетариаттың өз тарихының, машинасының қайыс қамзолының иісі шықпауға, қазақтың мың жылдық тарихының, елтірі тұмағының иісі шықпауға мүмкін емес».
Мағжанның бұл жерде «қазақтың иісі» деп отырғаны қазақ әдебиетінің ұлттық сипаты, ұлттык, рухы екендігі анық. Ұлтшыл ақын ұлттық әдебиетіміздің ұлттық болмысын барынша қорғайды» …қазақ ақыны кедей қазақтың күңгірт тұрмысын, пролетариатпен ортақ мақсұтын жырлаумен бірге, кедей қазақтың өзінің ойын, өзінің сезімін, өзінің қиялын, өзінің ұғымын жырлауға ұмтылуға міндетті. Болмаса, қазақ әдебиеті деген әдебиет тумақ емес. Бағытта емес, рухта басқалық болмай, құр сыртында, мысалы, сөзде ғана басқалық болса, әдебиет шеттен аударылған аударма, тәржіме ғана болып қалмақ. Негізде бірлікті мінезде бірлік деп ұғу – адасқандық».
«Төңкерістің мақсаты өткенді қирату емес, жер бетіндегі адамдарды бақытты қылатын жаңа қоғам, тұрмыс орнату» деп білген Мағжанның сол кездегі солақай саясатшылардың өткенде жасалғандардың барлығын ескі, ұлттық атаулыны ұлт­шылдық санап, жаңа заманның мәдениетін жаңадан жасаймыз деген әсіре қызыл бағытына қарсылығы болатын бұл.
«Алқа» бағдарламасының аса маңызды жағы – мұнда «Сөз енері дегеніміз не?» деген сауалға жауап берілуі. «Әдебиет не нәрсе? Әдебиеттің жалпы заңы» түгелдей осы мәселеге арналған. Әдебиетке түсініктер бергенде, Мағжан өзінің тек ақын ғана емес, сонымен бірге әлемдік әдебиеттің теориясын, тарихын жетік білетін білімдар ретінде де танытады. Мәскеудегі Брюсов атындағы Әдебиет институтында оқып, сол кездегі орыстың маңдайалды әдебиетші-ғалымдарынан дәріс тыңдаған, ақын-жазушыларымен аралас-құралас жүрген М. Жұмабаевтың шығармашылық таланты толысып, дүниетанымы кемеліне келген кез болатын бұл айқындаманы жазғанда.
Мағжан әдебиетті өнерге, оның бес тарауының біреуіне жатқызады. Өнерге «адамзаттың сұлулық сезімінен, сезім арқылы жаратылысты, өмірді ұғуға ұмтылуы» деген анықтама береді. Осыдан кейін барып «сұлулық», «өнер» ұғымдарына ғылыми тұрғыдан тоқталған. Бұл ретте әлемдік ілім алыптары Канттың, Маркстің, Плехановтың, Ортодокстің, Луначарскийдің, Гетенің, т.б. осы мәселе турасында айтқан пікірлеріне жүгінген. Осыларға сүйене отырып, сұлулық сезі­мінің, сұлулықтан ләззат алудың тек адамдарға ғана тән құбылыс екенін, соны­мен бірге, әр халықтың тұрмыс жағдайына, кәсібіне, өмір сүру ортасына орай, сұлулық туралы ұғымның түрліше болатындығы, өзгеріп отыратындығы түсіндіріледі. Сұлулық туралы түсініктің «тұрмыс түріне, еңбек түріне байлаулы» екендігінде дау жоқ делінген айқындамада. Осы сұлулық сезімінен туындайтын өнердің адам қоғамында алатын орнына, атқаратын қызметіне тоқталған. Білім-ғылым сияқты өнер де адамдардың жақсы өмір сүруіне септігін тигізеді. «Бірақ ескүстба тұрмысқа қолма-қол пайда тигізбейді, тигізе алмайды; арада талай қол арқылы алыстан ұрын барып тиетін пайда» дегенде, жан азығы – өнердің адам өміріндегі алатын орны дәл анықталған. Содан кейін барып өз ойын «ескүстбаның негізі – сезім құралы, сезімнен туған сурет, мақсұты – білім беру емес, сезім ояту» – деп түйіндейді. Сондықтан да, өнерге жататын әдебиеттің де басты міндеті – сезімді ояту: «… ақынды өлшейтін кез мынау болады: сұлу терең суреттер арқылы қандай болса, ондай болсын, әйтеуір, терең сезім оята алса, ол – ақын. Оята алмаса, ақын емес». Ақындықтың тамаша үлгілері дегенде, Еуропа әдебиетінен Гомер мен Байронды атайды. Қазақ әдебиетінде «Тарғынды» жырлаған Марабай, «Жібек Қызды» жыр қылған Жүсіпбекқожа, қыл көпірді, мақшарды, жұмақ, тамұқты суреттей біліп, тыңдаушыны еңіреткендей дін қысасын шығара білген біреу қайткенде ақын қырық парызды сынайтын Орынбай қырық парызына келгеңде ақын емес, уақытында «ақын» да, басылған «қазағым, өнерлеріңе мектеп аш, қала бол, егін сал» деген сықылды ақылды өлеңдер қайткенде ақындыққа жатпайды. Ақындық бағытта емес, ақындық ақындықта». Бұл жерде Мағжан өлең мен өлең еместің ара жігін дәл ашып берген. Құрғақ ақыл, жалаң пәлсафа өнер туындысына, яки поэзияға жатпайды. Поэзия болу үшін адам сезіміне әсер ететін сөзден салынған сиқырлы сурет, жанды бейне болуы керек. Уағыз айту әдебиет емес, сезімді оятып, жүректі қозғай білсе ғана шын өнер туындысына жатады. «Ақынның міндеті – білім беру емес, терең сезім, асқар пікір ояту».
Ақын ақындығымен өлшенеді. Сонымен бірге, ол белгілі «бір елдің, бір таптың», «өлімді емес, өмірді, жауыздықты емес, ізгілікті нысана қылған жалпы адамзаттың мүшесі» болғандықтан да, олардың «ізгі, дұрыс сезімін, өмір сезімін оятуға ұмтылуы – азаматтық борышы». Сондықтан да, әрбір ақын ақындығымен қоғамға қызмет етуі керек. Қоғамға, халқына қызмет ету – ақынға ақындықпен қоса қойылатын екінші парыз «Тұрмыстың мүшесі болған соң, ақын азамат та болуға міндетті». Ақындық азаматтықпен ұштасуы керек. Әр азамат, соның ішінде, ақын да халқына еткен еңбегімен бағаланады. Ақын өмірді жырлағанда тұрмыстың, тіршіліктің құлы болып кетпей, азаматтық бағытынан таймауы тиіс. Өмірді жырлағанда, оның фотографиясын жасау міндет емес, өйткені, «фотография ақыңдық емес». «Тұрмыс пен жаратылыс – ақынға тек тиянақ. Осы тиянаққа таянып, басып, осыны құрал қылып, көптің көргенін, көптің сезгенін жинап, бір топ қылып, сол топқа ақын өзінше түс беруге міндетті». Мағжанның айтуынша, «ақындық ауданында ақын – ақын, тұрмыс ауданында – әрі ақын, әрі азамат».
Әдебиетте ақындық та, азаматтық та тең түсіп жатуы керек. Осы екеуінің бір жағы кем соқса, әдебиеттің дамуына зиян. Әдебиеттің даму тарихыңда орын алған, тоқыраулардың басты себебі де осы тепе-тендіктің сақталмауынан. Әдебиет «тұрмыс пен асқар пікірді қиюластырып, қоса билеген дәуірлерінде асқарланған, өрлеген». Мағжан төңкеріс әкелген алдағы «ортақшылдық дәуірден» үлкен үміт күтеді. Жаңа дәуірде «терең де екпінді әдебиет тууға тиіс» деп болашаққа сенім артады.
«Алқа» бағдарламасының соңғы бөлімі «Марксшылдық һәм әдебиет. Не жазуға» аталған. Мұнда автор көркем әдебиет жаңа дәуірде, яғни, төңкерістен кейін қалай болуы, қандай бағытта дамуы, нені жазуға тиіс сияқты сол кездің зәру мәселелерін көтереді. Жиырмасыншы жылдары осы төңіректе біраз пікір алысулардың жүріп өткені белгілі. Ресми биліктің қолдауына сүйенген тапшылдар әдебиеттен тек қана пролетариатты, кедей тапты, төңкерісті жырлауды талап етіп, пролеткульттік бағытты күштеп енгізе бастады.
1926 жылдың 4 қазанында қабыл­данған ҚазАПП-тың платфор­масында әдебиетті идеоло­гиялық жұмыстың бір саласы ретінде қарап, оған саяси сипат берілді. «Таптық дәуірде басқа жұмыстар таптан тысқары болмауы сықылды, тап тілегінен тысқары жайлайтұғын әдебиет те болмайды. Тапшыл әдебиет, алдымен, өз табының мақсатымен жалпы адамзаттың бағытын көздейді. Соның үшін озық қазақтың пролетариаты мен қара шаруасының санасы тәрбиелеуге жарайтұғын әдебиетті ғана өркендетуге күш жүмсайды. Жұмыскер мен қара шаруаның жаңа тұрмысқа қарай беттеген беталысына жәрдемдес болмаған әдебиетті керексіз деп табады», – деген жолдар таптық күрес теориясының әдебиетке де сол күйінде көшіріле салуының көрінісі еді. Сонымен бірге, ҚазАПП ұйымы өзінің басты міндетінің бірін «Жұмыскер, қара шаруа әдебиеті байлар әдебиетіне қарсы тұрады. Еңбекшілдік бағыттан теріс әдебиетпен күреседі» деп белгілеп, басты мақсат етті. «Әдебиеттегі байшыл-ұлтшылдыққа қарсы күресті күшейте түсу, ол үшін әдебиет майданында жүріп жатқан айтыстарды қыздырып, байлардың, байшылдардың да таптық сырын айқындай түсу, сөйтіп тап жауына еңбекші таптың өміршенділігін күшейту» (С. Мұқанов. Өмір мектебі, З том, А., 1970,195-бет) деп, жариялады.
Әрине, әдебиетті бұлайша тап күре­сінің құралына айналдыруға қазақ қаламгерлерінің дені қарсы шықты. Осы кезде елде болмағандықтан және осы айтыстарда даудың бір басы өзі болып, соқыр саясатшылдардың солақай сын­дарының соққылары өзіне бағытталып, ес жиғызбай, саяси тұрғыдан қудалау басталып кеткендіктен бе, Мағжан бұл науқанға араласып, пікірін білдіруге мүмкіндігі болмаған-тұғын. Енді, осы мәселеге қатысты ақынның көзқарастары айқындамада айқын көрінеді.
Бағдарламаны оқи отырғанда, Мағ­жанның әдебиет туралы түсінігінде аз да болса, өзгерістің болғанын байқаймыз. Ақын әдебиеттің таптығы принципін мойындауға мәжбүр болғандығы көрінеді. Ол «Адам – әуелі адам, онан соң бір таптың мүшесі ғой. Осы сөздерден әдебиетімізде тап мәселесі келіп шығады», – дей келіп, ары қарай: – «Үстіміздегі төңкеріс тап төңкерісі болғандықтан, адамзатты бақытқа пролетариат жеткізеді деп күмәнсіз сенгенімізден, жердің жүзі екі тапқа бөлінген күнде ғана төңкеріс қанатын кең жаяды деп білгенімізден, сөз жоқ, әдебиетімізде тап сарыны болуға, әрине, мүмкін», – деп, оның себептерін де түсіндіре кетеді. Осылай дейді де, артынша-ақ «бұл сарынның күші қанша болар – мұны тұрмыс жуырда көрсетер» – деп, таптық әдебиеттің болашағына күмән келтіреді де, ары қарай ойларын жалғастырады.
Мағжан жалпы әдебиеттің таптық сипатта болуын мойындағанымен де, оның қазақ әдебиетінде болғандығына, өріс алып кетуіне шүбәланған. Өйткені, қазақ қауымында таптық жіктеліс жоқ, «бай, кедей шаруаларының негізінде айырма жоқ». «Осы шалажансар айырма осы күні-ақ құрып қалды деуге болады. Бай, кедей шаруасы аз жылдың ішінде сан жағынан да қаралас болып қалды деуге болады». Осылайша, қазақ әдебиетінің таптық сипатта дамуына әлеуметтік, саяси негіз жоқ екендігін дәлелдей келіп: «Осы себептерден қазақта тап сезімі тереңдей алмай, өсе алмай, осы күнгі күңгірт күйінше өшіп кетуге мүмкін. Бұлай болса, әдебиетімізге де тап сарыны терең түспеуге мүмкін», – деп оның келешегіне күмәнмен қараған.
Айқындамада «әдебиет басынан бақайына дейін тап туралы ғана болса деп ұғу марксшылдыққа да, әдебиетке де қиянат» – деп, айқын жазылған. «Жұмыскердің жайынан басқа нәрсені жазба деп ақынды қамап қоюдың» дұрыс еместігін айтқан. А. Чужак, Лев Лунц, Л. Троцкий пікірлерін тілге тиек етіп, ойларын нығырлай түседі. Мағжанның ойынша, әдебиеттен таптық принципті талап ету дұрыс емес. Өйткені, таптық елдің, таптық әдебиеттің алды – ор. Тек қана бағытпен, яғни, таптық принциппен әдебиеттің ісі бітпейді. «Әдебиет көзімен қарағаңда, құр бағытпен әдебиет жақсы да, жаман да әдебиет болмайды».
Пролеткультшылдардың таптық прин­ципті әдебиеттің негізгі өлшемі етіп алға­нына қарсы Мағжан әлемдік әдебиеттің тәжірибесінен нақтылы мысалдар келтіріп, өз пікірін дәлелдей түседі. «Байрон – құлап бара жатқан ақсүйектің ақыны. Оның ақындығының негізгі бағыты – қирауға бет алған ақсүйек тұрмысы бағыты. Дін қиссаларын жазған Жүсіпбекқожамыз – діншіл ақын, бірақ бұларды танумен ғана бұлардың ақындық мәселесі шешілмейді. Мұны шешу үшін олардың ақындығын шешу керек», – дей келіп, олардың аза­маттық бағыттары түрліше болғанымен де, әдебиет үшін нағыз ақындар болып қалғандығына назар аударады.
Тағы да Мағжанды тыңдайық: «Дұрысы бір таптың ақыны екінші тапқа жат болуға, шет болуға тиісті, бір тап екінші таптың ақынына жау болуға тиісті. Бірақ, бұл шеттік, бұл таптық, бұл жаулық ақындық жағынан емес, азаматтық жағынан болуға тиісті». Мысалға «ақсүйек ақын Пушкин пролетариатқа азаматтық жағынан шет болса да, ақындық жағынан шет болмақ еместігін» келтірген. «Пролетариатқа аза­маттық жағынан қас, жау екенін біліп ал да ақындық жағынан әдебиеттің алыптарынан сабақ ал», үйрен, дейді Мағжан.
«Алқада» көтерілген маңызды мәселенің бірі – әдебиеттің интернационалдық сипаты. Мағжан шын әдебиетке әлемдік әдебиеттің алыптарын жатқызып, солардан үйренуге шақырады. «Замана толқыны катты долданып соқса да былқ етпей, елең қылмай» келген әдебиетті нағыз әдебиет деп таниды. «Жиһан әдебиетінің алыптарынан әдебиет сабағын алудың тағы бір себебі – шын ақынның тар тапшылықтан қанша дегенмен жоғары болуы белгілі бір тап мүшесі болса шын ақынның тап­шылдыққа қана қамалып қалмай, өз табынан мойны озық жалпы таптың, жалпы адамзаттың жанындағы қайғылы, яки, қуанышты шекті шерте білу» – деген жолдардан Мағ­жанның ұлы ақын екендігін дәлелдей түсетін азаматтық, ақындық бағыт-бағдары айқын көрінеді. Осындай пікірді айтқан Мағжан да тар шеңбердегі тап ақыны емес, ұлттық деңгейдегі халық, ақыны, жалпы адамзаттық мәселелерді көтеріп, жырлаған әлемдік деңгейдегі ақын дәрежесіне дейін көтеріледі.
Мағжан әдебиетті домбыраға те­ңейді: «Әдебиет домбырасында бір ғана ішек емес, көп ішек бар. Көп ішектің бәрі басылуға тиіс». Сол көп ішекті рет-ретімен басқанда, белгілі бір күй шығады. Әдебиет те солай. «Яғни, түрлі нәрсені суреттейтін әдебиет негізгі бағытқа қайшы болмасын. Негізгі бағытымыз – төңкеріс арқылы ортақ шындық». Бұл жерде әдебиеттің бір ғана, яғни, пролетариаттық бағытта болып қоймай, «өзінің ішкі заңына» орай, алдыңғылардан үйрене отырып, жан-жақты дамуы керектігі меңзеліп отыр. «Әсіресе, біздің жас әдебиетіміз жан-жаққа, алға, сыртқа қарануға міндетті» – деп, қазақ қаламгерлерін орыстың пролетариаттық әдебиетінен емес, әлемдік рухани қазынаның озық үлгілерінен үйренуге шақырады. Бұл жерде Мағжанның «жас әдебиетіміз» дегенде, жалпы қазақ әдебиетін емес, сол кездегі жазба әдебиетті айтып отырғанын ескерген жөн.
Қазақ әдебиетінің жай-күйін Еуропа әдебиетімен салыстыра отырып, өзіндік ұлттық ерекшеліктерін қолға ұстатқандай айқындап береді. Еуропа жазба әдебиеті ертелеу дамып, халық өмірінің қыр-сырларын әдебиет айдынында бейнелеп көрсетуге едәуір тәжірибе жинақтаған. Ал, қазақтың профессионал жазба әдебиеті жайлы мұны айта алмаймыз. Біздің бұл жолға түскенімізге 15-20-ақ жыл болды. «Жаңа әдебиеттің тартылса, ағұзысы ғана тартылады». Әдеби дамуда алдыңғы лек жүріп өткен жолға біз енді түсіп, үлкен істерге енді қамданып жатырмыз деген ойды білдіреді.
Қазіргі қаламгерлер қандай тақы­рыптарда қалам тербеуі, нені жазуы ке­рек дегенде: «Өміріміздің күнді һәм күңгірт дәуірлері болған һәм бар. Қазақтың өзінің жаратылысқа, өмірге, тұрмысқа көзқарасы, өзінше философиясы терең сезімі болған һәм бар. Осылардың бірі туралы әлі айтарлық қалам тартылған жоқ. Өзінше елді қоғамдаған хан, қоғамды қорғаған батыр, өзінше қоғамның қорғаны болған би, хан заманындағы құл, төре заманындағы төлеңгіт, бай заманындағы кедей, жауынгерге жолдас болған әйел, өткен ертегі күніміз, ертегідей күніміз, кешегі капитализмге уһілеп кірген дәуірдегі азғындық, мұң, зар, бүгінгі кедейшілік, бүгіншілік, сонымен бірге, жаңа өмірге бет алу… – қысқасы, қазақтың күні, ертегідей күні, кешесі, бүгүнгісі бәрі де айтарлықтай суретке түскен. Осылар түспей, әдебиет өз әдебиетіміз бола алмақ емес. Сондықтан, жас әдебиетіміздің осы күнгі мойнындағы жауапты міңдеті қай жаққа болса да, бір езу болмау»деп, нақтылай түседі.
Бұл пікірдің сол кездегі ресми биліктегі солақай саясатшылдық бағыттағы өткенді жазғандардың барлығы ескішіл, ескіні аңсаушылық, жаңа дәуірдің әдебиеті тек жаңа өмірді, төңкерісті, кедей тапты жырлаған жаңаша болуы керек деген талаптарына мүлдем қарама-қарсы екендігі көзге ұрып тұр. Тіпті, тек пролетарлық бағытпен кетуді «бір езулік» атап, одан сақтандырады. Совет өкіметінің қас жаулары болған тарихи қайраткерлерді «елді қоғамдаған хан, қоғамды қорғаған батыр, өзінше қоғамның қорғаны болған би, ескі заманды «өткен ертегі күніміз, ертегідей күніміз» деп, көкке көтере марапаттаса, бүгінгі күңді «кедейлік» деп сипаттағанынан-ақ Мағжанның кеңес өкіметіне бүйрегі онша бұрып тұрмағаны байқалады. Мағжанның «саясатшыл азаматтың алдында бүгінгі мәселе, бүгінгі тұрмыс мәселесі тұратын болса, ақынның алдында өткен, бүгін, келешек – үшеуі де тұруға тиісті. Ақын осы үшеуінің арасына көпір салуға міндетті» – дегеніне де бірден қол қоясыз. Әдебиет пен саясатты араластыруға болмайды, әдебиетке саясат кіріп кетсе, онда ол өзінің көркемдік, бейнелілік сипатын жоғалтып, биліктің үгіт, насихат құралына айналып кетеді дегенді ескертіп отыр.
Мағжанның бұл күдігінің тегін емес екендігін кейінгі уақыттар көрсетіп берді. Таптық принципке негізделген социалистік реализм әдебиеті салтанат құрған ке­ңес­тік кезеңде өнер атаулымен бірге, әдебиет те идеологиялық жұмыстың аса маңызды бір саласы саналып, коммунизм құрылысшыларын тәрбиелеудің тиім­ді құралына айналды, әдебиеттің көр­кемдігінен гөрі, идеялық жағына көбірек мән беріліп, ол дәуір үні саналатын публицистикалық деңгейге дейін түсіп кеткені – бүгінгі күні айдай анық тарихи шыңдық.
Әр елдің қоғамдық дамуында әлеуметтік, мәдени ерекшеліктері болады. Осылар жиналып келіп, әрбір халықтың ұлттық ерекшеліктерін құрайды. Бұл, әсіресе, әдебиетте айқын көрінеді. Сондықтан да, орыс әдебиеті мен қазақ әдебиетін салыстыруға келетін де, келмейтін де жерлері баршылық. Осы жағы ескерілмей келеді. «Қазақ ақыны мен пролетариат ақынының арасындағы бірталай айырма бар. Пролетариат ақыны төңкерісті өзі жасаған, өзі қиратып, өзі құрап жатқан, төңкерістің өзінің тарихы тудырған, Еуропа тарихының машина дәуірі тудырған ойы, сезімі зауыт-фабрикке байланған таптың ақыны. Қазақ ақыны әлгіден тарихы бөлек, тұрмысы бөлек, рухы бөлек, төңкеріске жолдан қосылған жабайы тұрмысты елдің ақыны. Сондықтан, екеуінің ақындығының мінезі бір болуға мүмкін емес». Мағжан пролетариат әдебиетіне қойылатын талаптарды сол күйінде түгелдей қазақ әдебиетіне де көшіре салуға қарсылық білдіріп отыр.
«Алқада» біз пролетариат, яғни, орыс әдебиетімен негізгі «ортақшылдық» бағытта бір болайық, бірақ та, өмірді өзімізше – қазақша жырлайық, бәріміз баратын жерге әрқайсымыз өз жолымызбен барайық деген басты ой ұсынылады. Бағдарлама «Домбырада бірі қоңыр, бірі ащы үн беретін екі ішек бар. Бір ішек екі түрлі үн шығарып тұрса да, бір-ақ күй тартылмақ» – деген көп ойларға жетелейтін бейнелі сөздермен аяқталған. Ең соңында қазақ қаламгерлерін «Алқаға» мүше болуға шақырған.
Мағжан әдебиеттің мәселелерін сөз еткенде, батыстың теориясын қазақ әдебиетіне көшіре салмайды. Оларға сын көзімен қарап, өнердің барлық уақытта да ұлттық сыпатта болатындығын ескере отырып, әңгімелейді. Бір сөзбен айтқанда, Мағжан ұлттық әдебиетіміздің ұлттық ерекшеліктерін теориялық тұрғыдан түсіндіргендердің қарлығашы болды. Қаңдай мәселе болмасын, әдебиетіміздің ұлттық сипатынан туындатып әңгіме­ленетіні – бағдарламаның аса құнды жақтарының бірі. Искусствоны ескүстба, Еуропаны Ауропа, Гомерді Ғамер, Шекспирді Шекіспір, гректі гірек, Марксты Маркыс, Кантты Каныт, Дарвинді Даруин, Плехановты Плеқанып, Троцкийді Тротіски, Луначарскийді Лунашарский, Чужакты Шужақ деп, қазақ тілінің заңдылықтарына сай жазғанынан-ақ ұлтжанды ақынның бағытынан көп нәрсені аңғаруға болады. Осы мәселенің күні бүгінге дейін түпкілікті шешімін таппай келе жатқандығы көңілге кірбің келтіреді.
«Алқаның» айқындамасын оқып шыққанда, оның авторының әдеби-тео­риялық дайындығының аса жоғары екендігі сол кездегі әдебиеттің зәру мәсе­лелері жайлы толғаған әрбір сөйлемінен, ойынан көрініп отырады. Әдебиеттің өнер ретіндегі өзіндік ерекшеліктері, оның қоғамдық-мәдени өмірімен тікелей байланыстылығы, ұлттық сыпатта болатын­дығы жайлы айтқан пікірлері күні бүгінге дейін өзінің маңызын жойған жоқ. М. Жұмабаев жазған «Алқа» ұйымының бағдарламасы А.Байтұрсыновтың «Әде­биет­танытқышымен» (1926) бірге қазақ әдебиеттану ғылымының өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының өзінде-ақ әлемдік эстетикалық ой-пікірдің деңгейіне жетіп қалғандығына айқын дәлел. Кезінде коммунистік идеологияның күшімен аяққа тапталған Мағжандардың ұлтымыз үшін аса құнды әдеби-эстетикалық ой-пікірлері ұлттық әдебиетіміздің даңғыл жолда дамуына, оның өзіндік сыр-сипатын зерттеп тануда темірқазықтай жарқырап бағыт-бағдар беріп тұратын болады.
Ұлылар – қашан да ұлы. Ұлы ақын М. Жұмабаев өзінің әдеби ой-пікірлерінде де ұлылық танытады. Ақындық пен ойшылдық бірін-бірі толықтыра келіп, ұлы Мағжанның тұлғасын биіктете түседі.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.