Парламентке жүктелер міндет те қомақты

  • 08.10.2012
  • 375 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Үстіміздегі жылдың  3 қыркүйек күні  Қазақстан  Республикасы  Парламенті палаталарының  

бірлескен отырысы болып өтті. Оны Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев

ашып, сөз сөйледі

Бірлескен отырыстың жұмысын Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин жүргізіп, күн тәртібінде қаралатын екі мәселені жария етті. Олар екінші сессияның ашылуы және жаңадан сайланған депутаттардың ант беру мәселелері туралы еді. Күн тәртібі бірауыздан бекітілген соң, V сайланған Парламенттің екінші сессиясын ашу үшін Төраға сөзді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа берді.
Қымбатты депутаттар! Баршаңызды Парла­менттің кезекті сес­сиясының ашы­­луымен құттықтаймын, деп бастады бесінші шақы­рылған Қазақстан Республикасы Парламенті екінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Сіздер ала жаздай ел аралап, халықтың тыныс-тіршілігімен танысты­ңыздар. Сондықтан, жаңа сессияның жұмысына тың қарқынмен, белсене кірісетіндеріңізге сенімдімін.
Парламенттің осы сессиясы өзінің жұмысын жаңа әлеуметтік-саяси жағ­дайда бастағалы отыр.
Біріншіден, Қазақстан барынша қар­қынды дамып келеді. Ішкі жалпы өнім­нің өсімі 5,6 пайыз болды. Мемлекеттік бюджеттің түсімі 25 пайызға жуық өсті. Еліміздің халықаралық қоры 15 пайызға артып, 83 миллиард доллардан асты.
«Өнімділік-2020» мемлекеттік бағдар­ламасы белсенді жүзеге асырылып жатыр. Елімізде өңдеу өнеркәсібінің еңбек өнімділігі бір жарым мың долларға артып, 25 мың долларға жетті. Ауыл шаруашы­лығына, оның ішінде орман және балық шаруашылығына құйылған инвестиция 56 пайызға ұлғайды. Қолдағы өндіріс орындарының бірқатарын жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Бүгінге дейін 440-тан астам жаңа индустриялы кәсіпорын іске қосылды. Олар жалпы құны 800 миллиард теңге болатын өнімдер шығарып үлгерді. Бұл кәсіпорындарда 50 мыңнан астам жұмысшы табысты еңбек етіп жатыр. Жалпы алғанда, еліміз жаһанды жайлаған дағдарыстың ең қиын зардаптарын жойып, тұрақты дамудың даңғылына түсті.
Екіншіден, менің әлеуметтік жаңғыру жөніндегі бастамаларым барша қазақстандықтар тарапынан қызу қолдауға ие болуда. Қоғамымыз әлеуметтік дамудың нақты бағдарын айқындап алды. Ол бағдар – Жалпыға Ортақ Еңбек Қо­ғамы. Мен елімізді көздеген мақсатқа жеткізетін 20 міндетті анықтап, құзырлы органдарға тиісті тапсырмалар бердім. Үкімет оны тиімді жүзеге асырып жатыр. Осынау келелі іске халық қалаулылары да белсене атсалысуға кірісті. Осылайша, еліміз бұрынғысынан да жағымды әлеуметтік үрдістерге ие болды.
«Еңбекпен қамту-2020» және «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламалары табысты жүзеге асырылуда. Жұмыссыздықтың деңгейі 5,2 пайызға дейін төмендеді. Өзін өзі қамтыған тұрғындардың үлес салмағы азайып келеді. Бірнеше жылдан бері ол бірінші рет еңбекке жарамды барша қазақстандықтардың үштен біріне азайды. Тек биылғы жылдың өзінде 150 мыңға жуық адам жаңа жұмыс орнына ие болды, олардың үштен бірі – бұрын өзін өзі қамтыған азаматтар. Еңбекпен қамту бағдарламасы бойынша 110 мыңнан астам адам әлеуметтік шарттар жасасты. Осы шарттардың аясында жаңа кәсіпке ие болған 96 мың азаматтың тең жартысы жасы 29-ға жетпеген жастар. Бұл тұрғындардың экономиканың нақты секторына бет бұрғанын көрсетеді.
Биыл Қазақстанда бірінші рет науқасқа донордың жүрегін ауыстырып салу операциясы табысты жүзеге асты, деп жалғады сөзін Президент. Бұл ретте жас отандасымыз Игорь Воротников бүгінде барша қазақстандықтардың аузынан түспей жүрген ізгі қадам жасады. Анасы мезгілсіз қаза болып, қасірет жұтқан ол ең қиын сәтте өзге адамдардың өміріне араша түсе алды. Игорь анасының жүрегі мен бүйрегін донор мүшесіне мұқтаж адамдарға беру туралы шешім қабылдады. Сөйтіп, тағдырлары қыл үстінде тұрған екі адамға – Жәнібек Оспанов пен Евгений Кунцқа жаңа өмір сыйлады. Анасынан айырылған ол қаны бөлек болғанмен, жаны бір бауырлар тапты.
Ойлап қарасақ, орыстың баласы анасының жүрегін қазаққа, бүйрегін неміске тапсырды. Операцияны ұлты кәріс Юрий Пя чех әріптесі Жан Пиркпен бірге жасады. Міне, қазақстандық бірлік деген осы. Бұл – нағыз азаматтың ісі.
Менің халық бірлігі туралы идеям қарапайым өмірде осылай көрініс тапқаны қуандырады. Әрбір отандасымыздың денсаулығы – мемлекет үшін ең басты байлық, ең негізгі құндылық.
Менің тапсырмам бойынша елімізде ұлттық скринингтік бағдарлама қолға алынуда. Онда аса күрделі ауруларды науқастың алғашқы сатысында-ақ анық­тауға мүмкіндік жасалады. Күллі еліміз бойынша жаңа емдеу орындары мен мектептердің құрылысы жалғасын табуда. Осының барлығы менің тапсырмам бойынша Үкіметтің атқарып жатқан жұмыстарының нақты нәтижелері. Осы қарқыннан танбау керек.
Үшіншіден, Қазақстан, Беларусь және Ресей елдерінің Біртұтас экономикалық кеңістік аясында бірігу үрдісі үшжақты келісім-шарттардың күшіне ену кезеңіне сеніммен аяқ басты. Еуразия экономикалық комиссиясы табысты жұмыс істеуде. Оның мәліметтеріне жүгінсек, биыл Қазақстанның Біртұтас экономикалық кеңістіктен тысқары, сыртқа шығарылған экспорттық өнімдерінің көлемі 13,5 пайызға, ал импорты 38 пайызға артқан. Біртұтас экономикалық кеңістіктің ішіндегі өзара сауда-саттық 13 пайызға артты.
Қазақстанның Бүкіләлемдік сауда ұйымына қосылу жолындағы келіссөздері де сөреге жақындап келеді. Бұл біздің экономикамызға көптеген өзекті міндеттер жүктейді. Ондай міндеттердің қатарында заңнамалық базаны жетілдіру мәселесі де бар.
Төртіншіден, біз жаһандық даму үдерістеріндегі қиындықтарды назардан тыс қалдыра алмаймыз. Әлемдік экономика тоқырау мен тұралаудан әлі де арыла алмауда. Тіпті, ең оптимистік сараптамалардың өзі әлемдік жалпы өнім биыл 2,5, ал 2013 жылы 3,2 пайызға ғана өседі деп болжап отыр. Еуропаның дербес қарызының дағдарысы шиеленісе түсу қаупі әлі де сейілген жоқ.
Таяу Шығыстағы саяси дағдарыс, бұдан бұрын да болғанындай, күллі дүние жүзіне өзінің зардабын тигізуі мүмкін. Барлығымызға осындай күрделі жағдайда жұмыс істеп, аса жауапты шешімдер қабылдауға тура келеді.
Құрметті депутаттар! Парламенттің қазіргі үш партиялы моделі өзін жақсы жағынан көрсеткенін атап өткім келеді, деп тақырып ауанын ауыстырған Мемлекет басшысы бірінші сессия кезеңінде 36 заң қабылданғанын көлденең тартты. Олардың барлығы бойынша Үкімет, сондай-ақ барлық партия фракциялары мен депутаттық топтар арасында саяси-құқықтық консенсус табылды. Осы оң іскерлік көңіл күй Парламенттің екінші сессиясының барлық жұмысының ерекшелігі болуы тиіс, деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Енді алдағы кезеңге арналған басты нақты заң шығарушылық туралы айтайық.
Біріншіден. Бюджеттік үдеріс. Сессия барысында жаңа үшжылдық бюджет жасау міндеті тұр. Жаһандық экономикалық жағдай күрделене түскен тұста оны қалыптастыру жолы біреу ғана бола алады. Бұл – үнемшілдік пен бюджеттік шығындардың тиімділігі.
Үкімет, үстіміздегі жылдың бюджетін нақтылау барысында, менің тапсырмам бойынша қазірдің өзінде бюджет шығындарын 57 миллиард теңгеге жуық қысқартты. Бюджеттік қаржыны қысқарту үшін де әлі резервтер бар деп са­наймын. Экономикалық өсім мен тұрғындардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етпейтін шығындар қарастырылуы тиіс емес.
Үкімет мемлекеттік бағдарламаларды сараптауын жалғастыруы қажет. Егер қайтарым болмаса, қаржыны басқа салалар мен бағыттарға қайта бөлу керек. Қаржылық тәртіпті нығайту қажет. 2011 жылы тәртіп бұзушылықтармен жұмсалған қаржының жалпы көлемі 300 миллиард теңгеге жуықтады. 6 саяси және 130-дан астам әкімшілік мемлекеттік қызметші жауапкершілікке тартылды.
Көлеңкелі экономика мен бюджеттік қаржыны «көлеңкеге» шығаруға ұмтылыс үшін заңнамалық кедергілер құру – маңызды міндет. Сондай-ақ, сыртқы және ішкі қарыздарға бақылауды күшейту қажет.
Екінші. Экономикалық өсімнің құқықтық базасын жақсарту. Бұл орайда орталық мәселе – БЭК шеңберіндегі және алдағы БСҰ-ға өту аясындағы интеграциялық үдерістер жағдайында Қазақстанды тиімді экономикалық қатынастармен қамтамасыз ету.
Осылай дей келіп, Президент Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке БСҰ-ға өту кезінде қабылданатын міндеттемелерді ратификациялау жөніндегі заң жобаларының арнайы пакетін қалыптастыруды тапсыратынын мәлімдеді. Біздің саясатымыз – өңірлік рыноктар сағат сайынғы сараптаулар мен ұзақ мерзімді болжамдарға арқаулануы тиіс, деді Елбасы.
Қазір қазақстандық мазмұнды қолдаудың барлық жүйесін, әсіресе өңдеуші өнеркәсіпте, аграрлық кешенде, бәсекелестік аз салаларда қайта қарау маңызды. Әлемнің барлық елдері өзінің өндірісшілерін қолдайды. Бұл тәжірибе біз үшін де маңызды.
Үкіметке «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, әлемдік тәжірибені сараптаудан өткізуді және қазақстандық тауар өндірушілерді қолдаудың өз моделін жасауды тапсырамын, деп жалғады сөзін Мемлекет басшысы. Аграрлық, индустриялық-инновациялық және қаржылық секторлар үшін жаңа заңнамалық нормалар енгізу маңызды.
Елбасы келесі кезекте заң шығарушы жұмысының маңызды қыры – қайталама энергетика мен экологиялық таза технологияларға негізделген «жасыл экономикаға» өту үшін құқықтық жағдай жасау болып табылатынын атап көрсетті. Біздің «Жасыл көпір» жаһандық бастамамыздың мәні, міне, осында, деді Президент. Сондықтан энерго- және су үнемдеумен, «жасыл технологияларды» пайдаланумен, экологиялық туризмді дамытумен байланысты заңнамалық ынталандыруды кеңейту қажет.
Үшінші. Таяудағы жылдарға арналған заң шығарушылықтың шешуші бағыты – әлеуметтік жаңғырту. Өзімнің «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» мақаламда мен, кем дегенде, толықтырулар мен өзгерістер енгізілуі қажет қолданыстағы 10 заңнамалық актіні атадым. Сондай-ақ, алдымызда әлеуметтік жұ­мыс орындары, кәсіби біліктілік жүйесі мен тағы басқалар туралы жаңа заңдар қабылдау міндеті тұр. Парламентарийлер өмірге қарапайым адамның көзімен қарауы тиіс.
Қарапайым қазақстандықтар нақты өмірмен күн сайын бетпе-бет келеді, оны үйлердің кіреберісінде, көшеде, ауруханада, мектепте, дүкенде, автобуста көреді. Адамдарды өздеріне қалай қызмет көрсетілетіні, пәтерлердің жылылығы, шатырдан судың ақпауы толғандырады. Әркім өздерін қоғамдық орындарда қауіпсіз сезіне ала ма? Қарапайым қазақстандықтарды толғандыратын басты мәселелер, міне, осылар.
Заң мәселелерді кешенді шешуі, қоғамдық қатынастарды толыққанды реттеуі тиіс, деп сабақтады сөзін Нұрсұлтан Әбішұлы. Қазақстан заңдары азаматтардың өмірін жайлырақ етуі, әрбір заң сыйлайтын азамат үшін түсінікті болуы шарт. Күн сайын біз түрлі келеңсіздіктерді: қоғамдық көлікте балағат сөздерді естіп, көргенсіздіктерді, жол қозғалысы ережелерін бұзуды, көшелер мен саябақтарда мастарды көреміз. Адамдар бұл жөнсіздіктерге көп жағдайда жүрдім-бардым қарайды.
Бірақ кез келген өркениетті елде бұл құқықтық мемлекет азаматы мәртебесімен еш қабыспайтын құқықтық тәртіпті өрескел бұзу болып табылады. Сондықтан құқықтық шектеу тетіктері бірінші кезекте азаматтарды тәрбиелеуі керек.
Менің тапсырмам бойынша, деді ары қарай Президент, өткен жылы, Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай әр қала мен ауыл жайлылық пен қолайлылықтың үлгісі болуы тиіс еді. Бұл – біздің жалғастыруды қажет ететін, оны өмірдің нөмірі бірінші ережесі жасайтын ортақ жұмысымыз.
Түрлі қалаларда балконнан лақтырылған темекінің тұқылы қаншама рет өртке ұрын­дырды десеңізші! Жақында ғана біз Алматыда метро аштық. Бүкіл еліміздегі жалғыз метро! Кейбір вагондарда қазірдің өзінде орындықтар бүлдірілген, бояумен жазылған жазулар бар. Бұл – балалық пен ұсақ бұзақылық емес, мемлекеттік меншікке қарсы қылмыс.
Кінәнің еңбекпен өтелуін құқық бұзылған жерде өткізуді ойластырған жөн. Кіреберісте қоқыс қалдырдың ба – сот орындаушының бақылауымен бір ай бойы баспалдақтарды жинап, жу. Саябақта шамдарды сындырдың ба – залалдың орнын толтырып қана қоймай, сонымен қатар, айталық, екі апта бойы аллеяларды жинап, сыпыр, деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев осы орайда, мәселен, Америкада киножұлдыздар мен белгілі саясаткерлердің ұсақ бұзақылықтары үшін заңды жаза ретінде көшелерді сыпыратыны жақсы мәлім екенін орынды келтіріп өтті. Бізге қоғамдық тәртіпті, қоғамдық орындарда адамдардың тәртібін реттейтін қарапайым да түсінікті заңдар қажет, деді көтерген мәселесіне байланысты Елбасы. Парламент депутаттарына, парламенттік партияларға нақ осындай заңдар қабылдау бойынша бастама көтеру қажет.
Төртінші. Мемлекеттік басқару мен мемлекеттік қызмет жүйелерін жаңғырту қадамдарын тәжірибелік ыңғайға көшіретін уақыт жетті.
Құрметті қазақстандықтар, депутаттар, деді сөзінің соңында Президент. Біздің бүгінгі табыстарымыз өздігінен келе салған жоқ. Бұл – барша халқымыздың 20 жылдық қажырлы еңбегінің нәтижесі. Әрбір қазақстандықтың жоғары деңгейдегі құқықтық мәдениетін тірек еткенде ғана біз 21-ғасырда елімізді өркендету мақса­тына қол жеткізе аламыз. Жоғары деңгейдегі құқықтық мәдениетсіз тиімді экономика да, ел игілігіне жұмыс істейтін заңдар да, алға қарышты қадам басу да болмайды.
Өркениетті экономика мен құқықтық мемлекетті тек заңға сөзсіз бағынатын, елінің заңын сыйлайтын азаматтар ғана дамыта алады. Қоғам мен мемлекет бірлесе, қол қоса қимылдай отырып, біз көздеген құқықтық мемлекет қамалының әрбір кірпішін қалауы, ақырында оны түгелдей салып шығуы керек. Күллі ел болып жұмыла кіріссек қана көздеген мақсатқа жете аламыз.
Баршаңызға жемісті еңбек тілеймін.
Іске сәт!
Бірінші мәселе аяқталған соң Парламент депутаттығына жаңадан сайланған Оңалсын Жұмабеков пен Сергей Кулагин Қазақстан халқына ант берді. Антты Президент Нұрсұлтан Назарбаев қабылдады.
Бірлескен отырыс аяқталарда Нұрлан Нығматулин алдағы жұмыстардың басым міндеттерін белгілеп бергені үшін депутаттардың атынан Елбасына рахметін айтты.
Бірлескен отырыстың жұмысына республика Премьер-Министрі, Мемлекеттік хатшы, Президент Әкімшілігінің Басшысы, Конституциялық Кеңес, Жоғарғы Сот, Орталық сайлау комиссиясының төрағалары, Үкімет мүшелері, республика Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың және Үкімет құрамына енбейтін агенттіктердің, БАҚ-тардың басшылары қатысты.

Алдыңғы «
Келесі »