ҚҰМАР ОЙЫНЫ – ҚҰРДЫМ

  • 19.04.2018
  • 1293 рет оқылды
  • 20

Дана РУСЛАНҚЫЗЫ,
студент

Құмар ойын – адамның біліктілігіне қарағанда, сәттілік арқылы жүзеге асатын, жеңіл жолмен байлыққа кенелудің бір түрі. Алайда, бұл оңайлықпен келетін нәрсе емес. Себебі, құмар ойындардың заңдылығы да осында. Әуелі ұйымдастырылған сәттілікпен жеңіске жеткен ойыншы, қанағатсыздық танытып, олжасын еселегісі келеді. Әйткенмен, стратегия бойынша, адам ақыры соңында қалай болмасын жеңіліске ұшырауы шарт. Барынан айырылғанымен қоймай, келесі жолы айым оңынан туады деген соқыр үміттің арбауында қалып, тоқтаусыз келе беретіндер де аз емес.
Құмар ойындардың тарихы ежелден бастау алады. Бүкіл әлемдегідей, көне Үндістанда да ертеде сүйек ойыны белгілі болған. Ол жайында «Бхавишья-пурана», «Махабхарата» қолжазбаларында деректер сақталған. Мәселен, осы кітаптардың бірінде сүйек ойынына берілген ханзаданың мал-мүлкінен, билігінен, тіпті, әйелінен айырылғандығы хақында жазылған. Грек-рим тарихы да құмар ойындардың болғанын дәлелдеді.Ал, немістерде жеңіліс тапқан ойыншы өз азаттығынан да айырылып, ортаға тігер ешнәрсесі қалмағанда, құл болып кетуге де барған деседі. Қытайда құмар ойындардың арқасында бүкіл бір армия қаржыландырылып отырған екен. 1700-1709 жылдары оның арқасында британ колонияларын тамақтандырған. Бірнеше жыл артқа салып, америкалықтар лотареяны білім беру жүйесіне пайдаланған. Бастапқыда тек сүйек лақтыру арқылы ғана ойналатын ойын 1423 жылдары картаға көшкен. Қазір де оның бірнеше түрі танымал. Құмар ойындардың дамуы кез-келген адамның ойнау құқығы бар ғимараттардың іске қосылуынан басталды.
Оның кең етек жайғандығы соншалық, құмар ойындар турасында әдебиет пен өнер де құр алақан емес. Мысалы, Пушкиннің «Пиковая дама», Гогольдің «Ойыншылар», Лермонтовтың «Маскоде», «Шотоссе», Достоевскийдің «Ойыншы», Ман­дельштамның «Казино» сынды туындылары адам өмірінде құмарлықтың алатын орны жайынан сыр шертеді. Онымен қоймай, ХVІ ғасырдағы Виллем Дейстер, Жорж де Латур, Караваджолардың құмарлықтың тағдырға әсері хақындағы танымал картиналары да дүниеге келген. Ал, бүгінде, даму қарқыны жоғары болып отырған құмар ойындар ойнауға болатын арнайы қалалар да бар. Олар: Лас-Вегас, Монте-Карло.
Лас-Вегас – АҚШ-тың Невада штатында орналасқан. Ол әлемде ең үлкен ойын бизнесінің орталығы болып табылады. 80-ге тарта казино мен 1000-ға жуық ойын павильондары, күн сайын болатын шоу бағдарламалар мен ұтыстар қалаға ағылған туристер санын арттыруда. Моннако кінәздігінің қаласы Монте-Карлода дәл осындай жағдай орын алған. Әйткенмен, бұдан бөлек әлемнің кез-келген нүктесінде отырып ойнауға еркіндік берілген ғаламтор арқылы жүзеге асатын онлайн құмар ойындарын қолданатындардың саны тіптен көп. Олар 28 миллионды құрады. 1994 жылы Microgaming компаниясы ойлап тапқан платформаның арқасында онлайн түрінде құмар ойындарды еркін ойнауға болады. Ол әзірге дәстүрлі казинолармен теңеспесе де, қолданушыларға көп мүмкіндік туғызып отыр екен. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2015-2016 жылдар аралығында құмар ойындарының дәл осы түрінен 4,23 млрд фунт пайда тапса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 4,46-ға өскен. Құмар ойындардың интернет арқылы жүзеге асатынынан бөлек бірнеше түрі ажыратылады. Олар: ойын афтоматтары, букмекер орталықтары, лотерея, викториналар мен ұтыс ойындары, тотализатор, карта және казино.
Ойын автоматы ең алғаш 1887 жылы Англияда ойлап табылған. Өз жұмысын ойыншы қаржысын апаратқа салғаннан кейін ғана бастайды. Адамды қызықтыратын ең тартымды тұсы өміріңде жеңіп ала алмайтын, бос сандырақ «джекпот» екен. Букмекер орталықтары – ақша тігу арқылы жүзеге асады. Әсіресе, спорт, саясат тұрғысынан жасалатын бәстердің негізінде пайда болған. Тотализатор – әсіресе, жануарлар қатысатын бәйгелерге бәс тігу арқылы жүзеге асады. Викторина, лотерея және ұтыс ойындарын – құмар ойын деп ойламауымыз да мүмкін. Десек те, күнделікті жеңіл жолмен ұтысқа кенелу әркімнің қалайтын дүниесі. Алайда, бұның да дерті бар. Құмар ойындардың бұл түрін 6 ғасыр бойы ойналуда. Карта – құмар ойындардың ең қорқынышты түрі. Соның ішінде покер деп аталатын түрі ойынханаларда үлкен сұранысқа ие. Аталған ойын түрінен күллі әлем танитын профессионалдар бар. Профессионал ойыншылар ойынхананы бизнес көзіне айналдырып, көлемді қаражат тауып отыр. Казино – Еуропада 1638 жылдан бастап ойналып келеді. Бертін келе Венецияда, 1765 жылдан Францияда кең етек жайған. Бұл құмар ойындарының барлығының жиынтығы, топтық құмарлық болып саналады.
Жоғарыда айтылған құмар ойындардың әрбір түрінің айтарлықтай қаупі бар. Психологиялық тұрғыдан қараған мамандар, бұл дертке «лудомания» деген ат қойған. Оған көбінесе жастар ұшырайды. Лудомания – жасөспірімдердің психологиясына, рухани дамуына, сапалы білім алуына кері әсерін тигізеді. Осы ойындарға құмар болған адам түрлі қылмысқа барып, сол ойындарды ойнау үшін қарызға да кіріп жатады. Бала түгілі, қазіргі уақытта, үлкен адам да тәуелді болып жатыр. Әйелдер арасында да жиған-тергендерін ойынға құйып жіберетіндер көптеп кездеседі. Олар өздері қалай тәуелді болып қалғанын білмей қалады. Бұл олардың мінез-құлқына кері әсер тигізеді. Адамды құмар ойынға жетелейтін бірнеше факторлар бар. Біріншіден, өз-өзіне деген сенімсіздік, төмен бағалау. Шынайы өмірден гөрі, виртуалды өмірге жақын болу, эмоцияны басқара алмау. Екіншіден, өз-өзіне көңілі толмаушылық, жалғыздық, ешбір еңбексіз бірден байып кету тілегі, психикалық ауруға деген бейімділігі және басқа да тәуелділіктер. Жапон ғалымдары соңғы зерттеулерінде ойынға тәуелділік «бақыт гармонының» жетіспеуінен де болатынын дәлелдеп отыр.Тәуелді адамның ішкі проблемасына, жасырын комплекстеріне, конфликтілік ситуацияларына, сенімге және адамның терең, ішкі балалық шақтағы психологиялық жарақаттарын емдеумен қатар жүреді. Сонымен қатар, әлеуметтік қолдау да маңызды орын алады. Яғни, достары мен жақын туыстарының қолдауы, эмоционалдық жылы қарым-қатынас, сүйікті ісімен айналысу, еңбекке және спортқа бейімдеу, ең негізгісі – өзінің емделуге деген жоғары мотивациясы мен сенімділігі. Бұл дертке шалдыққан адамдардың өз еркімен емделуге келетіндері бірен-саран ғана. Алайда, бар екен. Дегенмен, оларға бірден айығып кету қиындық тудыратын болуы керек. Ресейде ойын автоматтарына тәуелділіктен құтылуға келген 96 адамға жүргізілген зерттеу нәтижесінде, өзіне-өзі қол жұмсауға оқталып жүрген 15 жағдай, психологиялық ауытқуға түскен 36 жағдай анықталған. Яғни, бұл адамға материалдық жағынан ғана емес, моральдық жағынан да кері әсерін тигізеді.
Бұл ойын Қазақстанға қалай келді? 1917 жылға дейін елімізде құмар ойындардың карталық түрі жеке клубтар мен орталықтарда ғана ойналып жүрді. Қалталылар мен профессионалдардың заңсыз ойындары әсте қадағаланбаған болатын. 1989 жылдан бастап, КСРО аумағына ойын автоматтары таратыла бастады. Оның ішінде Қазақстанға да бұл дерттің басы жетті. Ал, 1993 жылдары казинолар ашылып, 2000 жылға қарай Қазақстанның ірі қалалары ойынханалар желісіне айналып, тәжірибесіз азаматтарды өзіне тарта бастады.
Мемлекетімізде адам бойында пайда болатын бұл дертке байланысты заң да қалыптасқан. Құмар ойындар жайында қарастырылған арнайы заңнама 17 баптан тұрады. Заңның 15-бап 1-тармағы бойынша, жиырма бір жасқа дейінгі азаматтардың құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуына тыйым салынады. Мемлекетімізде казино, ойын автоматтары залы, букмекер кеңсесі, тотализатор сынды ойын бизнесі саласындағы қызметтің түрлері жүзеге асырылады. Электронды және интернет казино қызметіне, өзге мүлік түріне ұтыс беруге жол берілетін казино қызметін қоспағанда, ақшадан басқа өзге мүлік түріне мөлшерлемелер қабылдауды және ұтыс беруді көздейтін құмар ойындарды, бәс тігуді ұйымдастырып, өткізуге, ойын мекемелерінен тыс жерде бәс тігуге және мөлшерлемелерді қабылдауға тыйым салынады. Казино мен ойын автоматтары залдары Алматы облысы Қапшағай су қоймасының жағалауында және Ақмола облысының Щучье ауданында жергілікті атқарушы органдар айқындайтын аумақтар шегінде орналастырылуы қажет. Аталған аумақтарды қоспағанда, казино мен ойын автоматтары залдарын Қазақстан Республикасы аумағында орналастыруға қатаң түрде тыйым салынған (11-бап). Ойын бизнесі саласындағы қызметті лицензиялау осы Заңға және Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылып, лицензиялық алымның мөлшері, оны есептеу мен төлеудің тәртібі Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сүйене отырып айқындалады. Қазақстан Республикасының ойын бизнесі туралы заңнамасын бұзу ҚР-ның заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
Қазіргі таңда елімізде заңды түрде 16 казино тіркелген. 8 ойын автоматы залы, 37 букмекерлік компания, 2500-ге жуық ставка қабылдау пункті мен бір тотализатор бар. Казиноның жылдық айналымы 810 млн ақыш долларын құраса, букмекер мен тотализаторлардың табысы 162 млн ақыш долларына жеткен. Бұл тіркелген, заңды орталықтардың ғана есебі. Дегенмен, қай қалада болмасын кез-келген дүкеннің алдында, үлкен сауда үйлерінде автоматтар үймелеп тұрады. Күнде көріп, біліп жүргенімен, жанынан мән бермей өте барамыз. Бұларды тексеріп, қарап жатқандар да жоқ. Бірен-сараны ғана құзырлы органдардың көзіне түскені болмаса, айыпталмағандары қаншама. Мәселен, қаржы полициясы 2010 жылы – 34 қылмысты ашса, 2013 жылы ойын бизнесі саласындағы қылмыстар саны 500-ден асқан. 2012-2013 жылдары 78 жасырын казино мен 208 ойын автоматтары қызметінің жолы кесілген, бұл 2011 жылғы көрсеткіштен 5 есеге артық.
Заңсыз бизнестің орталығы – Алматы. Қалада көптеген казинолар мен ойын автоматтары, карта ойындарының үстелдері тәркіленгенімен, әлі де құмар ойындардың негізгі орталығы статусынан айырылмай отыр. Мәселен, қарапайым химиялық киім тазалау орталығының атын жамылып, жасырын казино жұмыс жасаған. Тұрғын үйдің қарамағынан ашылған бұл жерге адамдар ұсыныс арқылы ғана кіріп отырған. Тағы бір жайт, Сейфуллин көшесінің бойындағы үйлердің бірінде жылына 500 мың табыс табатын ойын алаңы табылған. Бағымызға орай, заңсыз әрекетке барған қызметкерлер, құзырлы органдардан жалтара алмады. Қазіргі таңда мемлекет басшысы Алматы қалалық ішкі істер департаментіне ойын бизнесіне тоқтау салуға ерекше назар аударуды тапсырған. Ойын алаңдары дүкендердің бүркеншік аттарымен, компаниялардың есімдерімен жұмыс істеуі мүмкін. Кейбір жағдайларда оны да қажет етпейді. Оларды анықтау қарапайым халықтың арқасында жүзеге асырылуда. Көлеңкелі бизнеспен айналысатын қалалардың екінші орынға соңғы жылы130-ға жуық ойын автоматтары, 50 шақты заңсыз букмекер орталықтары анықталған Қарағанды тұрақтаған. Кейінгі орындарға Ақтау, Ақтөбе, Өскемен келіп жайғасқан. Күнделікті дүкендерде, сауда орталықтарында, тағы да басқа мекемелерде, ойын автоматтарының маңайында үймелеп тұрған адамдарды жиі көреміз. Бұл – біріне бизнес болса, біріне құмарлығын қанағаттандыратын іс болып есептелетіні хақ. Соған қоса, ол қазақ қоғамының тамырын кесетін, қасіретті әрекеттердің бірі. Тек қазақ қоғамы ғана емес, адамзаттың індеті, дерті. Сондықтан, әр адам өз құмарлығы мен нәпсісін тыя білуді үйренсе деймін.

Алдыңғы «
Келесі »

20 Пікір бар

  1. Оте дурыс айтылган макала, коп жан уялардын ойран болып жатканы да осыдан

  2. Құмар ойын казіргі қоғамдағы қасіреттің бірі.

  3. Өте дұрыс айтылған!құмар ойын шынымен адамды құрдымға кетіреді. Әсіресе жастарды құмар ойыннан тыю керек!

  4. Дана Русланқызы макалаңыз өте орынды”өсип өркендеуіңізге тілектеспін

  5. Дана Русланқызы макалаңыз өте орынды”өсип өркендеуіңізге тілектеспін

  6. Русланқызы Дананың мақаласы өте орынды Дана өрлей бер

  7. Дана макаланды толык окып шыктым.оте орынды жаксы айтылган ой. Жастар окып ойланса деймин. Осындай озекти маселелерди жаза бер

  8. Дана макалан жаксы жазылган. Осындай когамдагы маселелерди козгай бер. Кумар ойынынын сонында жургендер окып ойланар… алдагы уакытта да каламын карыштай берсин!

  9. Дана молодец оте озекти маселе

  10. Жарайсын. Алган бетиннен тайма. Багындырар белестерiн биiк болсын.

  11. Өте жақсы, заманауи тақырып

  12. Оте дурыс жазылган.жарайсын Данажан

  13. Оте жаксы макала, жарайсын Дана!

  14. Оте тамаша жазылган макала,жарайсын каламынын уштаса тусуыне жане оз мамандыгыннын майталманы болуына тилектеспин биыктерден корине бергейсын

  15. Дана молодец! Оте озекти маселени козгапсын. Енди осыны окитын жастар болса. Коп жагдайда жастар соны не болатынын ойланбай, немесе онай жолмен акша табам деп кателесип осындай балеге урынып жатады. Занмен тиым салынбаган сон бари занды деп ойлап кателеседи. Ол деген биреудин бизнеси, жастарды алдап пйда табу керек екенин укпайды. Жастарды калайда осындай паледен аулак болуын ардайым айтып отыруымыз керек жане насихаттап отыруымыз керек шыгар. Талабына нур жаусын.

  16. Дана кызым, оте орынды сындарлы макала. Оркенин оссин айнам! Сен сиякты карындастар коп болсагой! Рахмет, АЛЛА РАЗЫ БОЛСЫН!

  17. Дана 👍

  18. Оте жаксы жазылган макала. Алга басын кадамын.

  19. Дана сіңілім мақалаң өте жақсы жазылған.Биіктерден көрін.

  20. Биікке өсер БАЛАНЫҢ бетінен қақпа,БЕЛІН БУ деген,белбеуің мықты болсын көре біл көріне біл ДАНА

Пікірлерге тыйым салынады.