АТАУЫМЫЗ МАТАУҒА АЙНАЛДЫ

  • 19.04.2018
  • 653 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Жақсылық Мұратбек,
студент

Шүкір! Ел болып еңсе көтергелі ширек ғасырға жуық уақыт. Осы жылдар аралығында жұрт болып ұйысып, ірге­мізді бекіттік. Жалпақ әлемге ел екенімізді, ер екенімізді танытып, халық разы болатындай қадірлі дүние жасадық. Жетпіс жылдық бұғаудан босап шығып, ірге кеңейттік. Тағдырымыз талқыға түскен сәтте, отанның ұлы болашағы үшін «малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деген аманатқа адал болып, қиянат түбі – қыңыр, жақ­сылық түбі – ғұмыр болатынын елеп, елеулі еңбектер жасадық. Алайда, бұл күн үшін бабаларымыз күндіз – күлкі, түнде – ұйқыдан айырылды. «Дос болғанға құшақ ашық туыспыз, қас болғанға қиып түсер қылышпыз» деген қағидаға болаттай берік сеніммен «өлсек бір шұңқырда, жасасақ бір төбеде» деп, қара қазан, сары бала қамы үшін атқа қонған аяулы ерлер есімі мәңгілік халық жанында алтындай ардақталып, күмістей салмақталып жатуға тиіс. Халқымыздың әлі де бақытты да баяшатты ғұмыр кешуіне тереңнен ықпал ете білуіміз керек.
Иә, тәуелсіздік жылдары халық қазы­насына қанағаттанарлықтай қайырлы істер атқарылды. Алайда, кейбір «әттеген-ай!» деген уақыт­тарымыз да аз болмағаны ақиқат. Соның бірі және бірегейі атауларға қатысты. Күні кешегі жетпіс жылдық бұғауда империя халқымыз қазақты тілінен, дінінен бездіру үшін барын салды. Тағдырымызға қатысты тарихи атауларды санамыздан өшіріп, ел бастаған тұлғаларымызды қудалап, әліпбиімізді үш қайтара өзгертудегі мақсаты – түп тамырынан қол үзсін, мәңгүрттенсін деген сұрқия саясат еді. Ал, бүгінде сол қитұрқы әрекеттердің нәтижесімен күрес жүргізіліп жатыр. Таң қалатыным, бүгінге дейін қазақ екені­мізді, азат екенімізді танып-біліп, санамызға сіңіріп отырсақ та, жан-жағымызға жалтақтап, үрке қараймыз. Неге? Себебі, әлі күнге дейін әлде бір нәрседен тайсақтаймыз. Мүмкін, құлдық сананың жібермей тұрғаны болар. «Ананы істесем, анау бола ма, мынаны істесем, мынау бола ма» деп өзімізге сеніңкіремейміз. Кішігірім ғана мысал, бізде «аға» деген әдемі атау бар, сол атаудың орнына көбіміз орысшалап «брат» не арапшалап, «ахи» деп атаймыз. Бұл сөздің қай жерінде сүйкімділік бар. Біз орыс не, араб ұлтының өкілі емеспіз. Біз нағыз қазақпыз ғой, ағайын! Сол секілді үнемі қолданыста жүрген «аптека», «девушка», «мама», «папа» сөздері ана тілімізді әбден шұбарлап бітті. Осы атаулардың қазаққа қаншалықты қатысы бар. Оның орнына «дәріхана», «қарындас», «әке», «шеше» деген төл атауларымыз жетіп жатыр емес пе?! Әр қазақ бұл қағиданы өзіне парыз деп білуі тиіс.
Менің соңғы кезде қатты байқай­тыным, көбінесе, мейрамхана мен түрлі мекемелердің атаулары ағылшынша, не орысша, қазақша атау­ларды сирек кездестіреміз. Мәселен, «Зи-зи», «Е мае», «Алдавай», «Хага», «Восфор», «Мега», «Ромстор», «Фемели парк», «Магнум», «Мир фантазия», «Глобус» сияқты сауда және ойын-сауық орталықтары бар. Бұлар қазаққа, қазақтың ұғымына қаншалықты қатысты. Әрі-беріден соң, біздің халыққа еш пайдасыз, пайымсыз ұғымдар. Бір айта кететін жайт, қарапайым халық үшін «Алтын Орда», «Көк базар», Барахолкадағы «Кенжехан», «Болашақ», «Алатау» сынды кішігірім сауда орталықтары ана тілімізде ғана айшықталып аталған. Алайда, неге жоғарыда атап өтілген сау­да ор­талықтарының аты өз тілімізде үндеспейді. Мұнан аңғаратынымыз, халқымыздың әлі де құлдық санадан құтыл­мағаны болар. Біз мұндай өрескел олқылықтар мен халық арасындағы белең алып бара жатқан берекесіз атауларға батыл қарсы тұрмасақ, отан алдындағы, ұлт алдындағы құнымыз көк тиын. Керісінше, қоғамдық ойын-сауық орталықтарымен және оған қатысты атауларды имани ой-тұжырымымызбен бірлестіріп, «Ақжол», «Аяла», «Арман», «Аққу» іспеттес атауларға өзгертіп, ұлт тәрбиесін ұлағаттауымыз, осы жолда шыбын жанымыз қалғанща аянбай күрес жүргізуіміз керек.
Бізден басқа халыққа көз салып қараңызшы, қай бір орыстың сөз қолда­нысында нақты атаулар қазақ тілінде кездеседі, не қытайдың, не өзбектің, не түріктің ауызекі, не жазба тілінде бірде-бір сөз қазақ тілінде қолданылмайды. Барлығы өзінің уыз тілінде сайрайды. Мысалы, түріктің, не орыстың сізге «қымыз ішеміз», «қарындасым», «аяулым», «әкем», «анам» деп пікірлес болғанын кездес­тірмейсіз, ондай тым сирек, әуелі жоқтың қасы. Сондықтан, қорыта айтқанда, біз мұндай істерге салғырт қарамай, еңбектегеннен еңкейгенімізге дейін, әрбір қазақ қайда жүріп, қайда тұрсақ та, өз Ар тіліміз – Ана тілімізде өсіп, өркен жаюымыз, һәм тәрбиені тал бесіктен қолға алуға тиістіміз.

«ЕЛ БОЛАМЫН ДЕСЕҢ – ЭКРАНЫҢДЫ ТҮЗЕ»

Бүгінгі жаһандық кезеңде, қарқынды ақпарат уақытында, әлеуметтік желілердің халқымызға берген пайдасы да, зияны да орасан. Пайдасы дейтінім, кез келген уақытта, кез-келген жерде телефоныңыз арқылы немесе басқа да әлеуметтік құралдармен айналаңыздағы адамдар мен жанашыр жақындарыңызбен емін-еркін ой бөлісіп, түрлі ақпарат көздерінен хабардар боласыз. Әрі жылдам, әрі тез. Ал, зияны дейтінім, әсіресе, бүгінде балапандарға тәрбиені тал бесіктен шыңдамасаңыз, әлеуметтік желінің пайда, не зиянын айы­рып түсіндірмесеңіз, бала оған бір бой үйретіп алса, одан оңай құтылмағы қиынға түседі. Бастысы, тәрбиені көгілдір экран мен түрлі керағар ақпарат көздеріне табыстамауға тырысыңыз. Марқұм Ақ­селеу ағамыздың «ел боламын десең – экраныңды түзе» дегені ақиқи шындық. Бұл жайдан-жай айтыла салған сөз емес. Мұнда үлкен мән-мағына жатыр.
Ой жүгіртіп қараңыздаршы, бүгін­де кез-келген телеарнаны қосып қалсаңыз, насихаттайтыны екі иығын жұлып жеген жеңіл әуендер мен арзан деңгейдегі галивудтық фильмдер. Анау қазақтың қазынасына түк қатысы жоқ үндінің «Келін», түріктің «Дениз», кәрістің «F4» сынды тағы да басқа телесериялдары халық санасын жаулап, улап бітті. Неге екені белгісіз, біздің отандық телеарналар, әсіресе, осындай фильмдермен ұлттық тәрбиемізге кереғар дүниелерді көгілдір экраннан халық назарына ұсынуға құштар. Мысалға, «NTK» мен «31» телеарнаны әрдайым қосып қалсаңыз, үгіттейтіні баланың ойыны, бақсының жыны. Осындай дүниелерді көріп өскен жас буын күні ертең мейірімсіз, қайы­рымсыз, опасыз ұлт баласы болып өспеуіне кім кепіл. Оның үстіне, бүгінгі жаһандық нарықтың ұлы нөпірінде ұлтқа араша түсудің тың тетіктерін ертерек қолға алмасақ, күні ертең орны толмас өкініште қаламыз. Және айта кетерлік бір жайт, бізге халқымыздың рухани ұлы сұранысына негіздеп, тың-тың тарихи фильмдерді, атап айтқанда, «Жаужүрек мың бала», «Құнанбай», «Алдаркөсе», «Көшпенділер», бүгінде түсірілу үстіндегі «Қазақ елі», сонымен қатар, «Қара шаңырақ», «Айман-Шолпан», «Ағайындылар», «Қыз Жібек», «Менің атым Қожа», «Ұстаз», «Ана жүрегі», т.б. фильмдерді ұдайы экран бетінен үзбей, шама-шарқымыздың келісінше халық назарына ұсынуға тиістіміз. Һәм балаларға арналған картон (мультик) фильмдерін де рухани, имани, тарихи көзқарастарға негіздеу керек. Көңілге жұбаныш һәм қуаныш болатыны, мерейі үстем болғыр «Қа­зақстан» ұлттық телеарнасы, «Жетісу», «Мәдениет пен Білім», «Балапан», «Асыл арна» қатарлы ақпарат көз­дері еліміздің рухани игілігіне жұмыс жасап, өз үлестерін қосып келеді.
Бүгінде баспа беті аз оқылатын адуынды кезеңде өткеннің озығы мен тозығын екшелеп, қазіргі дәуірге сәйкесті құнды мәліметтер мен жақсы дүниелер ұдайы халық назарымен өлшеніп отыруға тиіс. Әлеуметтік желілерде жалпы оқырманды жарқын болашаққа жетелеп, ел игілігіне еңселі еңбек сіңіріп келе жатқан «Massaget.kz», «Abai.kz», «Әдебиет порталы», «Namys.kz», «Muslim.kz» сынды сайттар ұлтымыздың рухани игілігіне қызмет етіп отырған бірден-бір ақпарат салалары. Біз осы тараптан қарағанда, азаматтық арлы ұғымымызбен бірлестіріп, осындай желілер мен ақпарат көздеріне жоғарыда атап өткен халық сүйетін қазыналы арналарға көп болып қолдау білдіруіміз керек. Өкінішке орай, жабылғанына біраз жылдар болған халқымыздың «Ел арна» телеарнасы экран бетінен көрінбей қалғаны жанымызды қынжылтады. Ұлттың рухани ұлы дүниелерін қозғап, жүрек қылын шерткен мазмұны бай, талғамы терең бірден-бір халық арнасы еді. Мүмкін болса, осындай арналарды халық назарына ұсынуды тездетіп қолға алуымыз, әрі бұл ғасыр жалғайтын тәуелсіздігімізге терең ықпалды екенін ескеруге тиістіміз.

Алдыңғы «
Келесі »