АҢЫЗ АДАМ (Естелік)

  • 19.04.2018
  • 698 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Ұлжан Сағындық,
Қазақ радиосының ардагері, Халықаралық Жамбыл сыйлығының лауреаты,

телерадио байқауының «Алтын Жұлдыз» иегері

…Оқыған диктор – Әнуарбек Бай­жанбаев.
Ұлылар келеді, ұлылар кетеді. Әнекеңді ұлы десек, әсте асылық бола қоймас. Ондай даусы бар дарын иесі, бәлкім, болар. Өйткені, біз асқан дарындарды көп берген халықпыз. Алайда, шолпан жұлдыздай жарқырап, айналасына жарығын шашып өткен ұл-қыздарымызды елеп-ескере бермейтін сияқтымыз. Бүгінгі Әнуарбек Байжанбаевтың ақуалы осы ойымыздың дәлелі. Жарты ғасырға жуық уақыт бойы қазақ аспанына қайталанбас дауысымен өз атын үнімен жазып кеткен диктор – адамның алдында өтелмеген парыз бар екенін, әйтеуір, ұмытпайық. Әнекеңнің еңбегі мен дақпырты қандай құрметімізге де әбден лайықты емес пе?
Қаншама іштей толғанып, ойымның бәрін бірден жаза салатындай болып қолыма қалам алғанда, сағаттар бойы ақ қағазға ешбір ойымды түсіре алмай шаршаймын. Бәрі қашып кеткендей. Әнағаның өзінен көмек сұрағандай болам. Сонда ол кісі: «Менімен бірге дикторлық мамандықтың творчестволық қуа­нышы мен ауыр жүгін қол ұстасып, бірге көтерген сендер жазбағанда, енді, кім жазады? Кейінгі ұрпақ бағаласа, таспадағы үнім арқылы ғана бағалар, сендердей адами қасиетімді олар қайдан ұқсын. Сендерге сенемін, өзде­ріңе аманат», – деп сонау соғыста аяғынан алған ауыр жарақаттың әсерінен сылти басатын әдетімен бөлмеден шығып, жүре бергендей болады. Әр мамандықтың өзінше қиындығы, қиналысы болады ғой. Алғашқы жылдары, эфирге шығарда оған көзім жаутаңдап, алаңдап, абдырап қорқып отырғанымды қаншалықты білдірмейін десем де, ол аңғарады білем: «Қорықпа, микрафонды қосқан соң, миллиондардың, ауылдағы ата-анаңның тыңдап отырғанын сезініп, не айтайын деп отырғанымды қарапайым, жатық тілмен, сол кісілермен әңгімелесіп отырғандай қалыпта жеткізсең, барлық тірлік бітті дей бер, жүр кеттік эфирге», – дер еді. Әнаға көркем әңгімелер мен поэма, очерктерді тамылжыта, нәшіне келтіріп оқығанда, туған ауылыңыздың бастауынан су ішкендей, мейіріңіз қанып, рахаттанып қалар едіңіз. Өзінің алуан бояуға бай қоңыр даусымен тамылжыта оқығанда, еріксіз көңіліңізді жібітеді. Пендешілік пен рухани тайыздықтан шаршаған жабырқау шақтарда шөл далаға жаңа ғана себелеп өткен жаңбыр тамшылары секілді жаныңызды жадыратып жіберер, Әнуарбек ағаның қоңыр даусы еді-ау!
Асылы, әр адамның парасат пайы­мы, ақыл-ойы мен ішкі мәдениеті дауысынан, сөзінен байқалып тұрмай ма? «Көңілге қонымды, жүрекке жылы тиетін дикторлық дауыс Алла Таға­ланың ерекше мейірімі түсіп берген, әркімде бола бермейтін қабілет пе?!» деп қаласың. Дауыс қасиеті күнделікті күйбең тіршіліктің қатпарына толып қалған көңілдердің қары мен мұзын ерітіп, оның астындағы мейірім, иман, ықылас атаулыны аршып алғандай әсер қалдырады. Құдіретті дауысы бар, жүре­гінде сезімі бар адамда ақындықтың бол­мауы мүмкін емес. Әнағаның әкесі Нығ­метжан ақсақал суырып салма ақын, анасы Патиха Мұхамедиярқызы ауыл-елде әжептәуір әнші болыпты. «Со­ларға тартсам керек, жастайымнан ән салып, өлең жазуға бейім едім», – деп отыратын.
1936 жылы 13 жасында жазған «Ұлы таң» деген өлеңі «Лениншіл жас» газе­тінде жарық көріпті. Отырған жерінде аяқ астынан өлең шығарып, елді күлкіге қарық қылып тастайтын. Мені «қара қыз» деуші еді. 1976 жылы үшінші баламен декретке шығып, радио үйіндегілермен қош айтысып, кетіп бара жатқанмын.
Әнағам: «Әй, қара қыз, кішкене күте тұр» – деп бөлмесіне кіріп кеткен. »Аяқ астынан ақындығы ұстады ма, әлде мені көңілдендірейінші» – деді ме, аздан соң шығып, бетімнен сүйіп, мына өлеңді қо­лыма ұстатты:
Ұлжанға – қараның әдемісі, сөз арнайын,
Жүректен асыл сөзді мен қармайын.
Елімнің солдаттарын көбейте бер,
Құттықтаудан ешқашан мен қалмайын.
Ер ана, ерке ана бізде бүгін,
Көтерген аналықтың ауыр жүгін.
Ұлжан-ау декретке тағы кеттің,
Өткен жыл дикторлардың алмай тілін.

***
Алматының жоғарғы оқу орнында дәріс алып жүрген 18 жасар Әнуарбек 1941 жылдың тамыз айында оқуын үзіп, майданға аттанады. «Семей шаһарынан бірақ шықтық», – деп бастайтын әңгімесін Ән-аға.
Станса басы абыр-сабыр. Эшалон-эшалон болып ағылған әскерлер қару­ларын тиеп алып үздіксіз өтіп жатыр. Бізге кезек келгенде: «Шу стансасы арқылы өтсек қой, ақырғы рет болса да, сонда тұратын ата-анам мен туыс­тарымызды көріп қалар едім деп қуандым. Бірақ, олай болмады, біз Солтүстік темір жолымен кеттік. Неше күндер жүріп, орыс орманынан шыға алмадық. Бір кезде поезымыз тоқтап, «түсіңдер» деген бұйрық келді. Біздің алдымызда ғана неміс самолеттері соғыс даласынан келе жатқан поезд эшалондарын бомбалап кеткен екен. Жалма-жан әлгі өртеніп, жайрап жат­қан вагондарға қарай жүгірдік. Іші тола соғыс аймағынан әкеле жатқан балалар, кәрі-құртаң, қыз-қырқын, әйел халқы. Жаздың күні ұстайтын лыпылары да шамалы, қолымызға тиген жерінен шаштарынан тартып, сүйреп, өлекселерді үйіп тастадық. Өзім сияқты жастардың бірінші кірген соғысымыз осы еді. Сол көріністі әлі күнге көз алдымнан да, көңілімнен де өшіре алмадым, – деп столға басын сүйеп, еңкілдеп жылайтын.

***
Сөйтіп, Воронеж майданынан бір-ақ шығады. Кескілескен шайқастардың бірінде басындағы каскасын оқ тесіп госпитальға түседі. Мидағы жарақатынан контузия алып, ұзақ емделіп, елге 1943 жылы қай­та­ды. «Әйтеуір құлағымда бір шуыл басыл­май-ақ қойғаны», – дейтін еді. Ұлы Отан соғысында елін, жерін, бауырларын қорғап, аяғынан да жарақат алып келген Әнағаң радиоға алғашқы дикторлардың бірі болып қызметке қабылданады. «Жеңіс қуаны­шын Мәскеуден Левитан оқыса, қазақ халқынан жақсылық хабар менің дауы­сыммен таралған», – деп отырушы еді.
1947 жылы қазақ радиосында ре­дак­­торлық қызметте жүрген Ғайни Бейсембайқызы Орынтаева деген жас қызбен отбасын құрады. Радио үйі баспана беріп, ыдыс-аяқтарына дейін түгелдеп, жас отау етіп көмектеседі. Бір қыз, үш ұлдары дүниеге келеді. Тұңғышы Гауһар – Алматы мал шаруашылығы институтын бітіріп, Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінде марапат бөлімін басқарып жүрді. Үш ұлдың ортасындағы жалғыз қызы Гауһарын мақтан тұтып, арқа сүйеп отырушы еді. Папасы ауырғанда, жанына сая бола білген де сол қызы. Жаратылысы әдемі, сүйкімді, бұл өмірде ешкімге қиянаты болмаған, сезімтал қыз еді, Гауһар. Әттең, өмірі қысқа қайырылды. Қырық жасқа толар-толмаста опат болды.

***
Дикторлық мамандықтың өзіне тән арпалысы бар. Оқып отырған дүниелерді өзің түсініп, халыққа да түсінікті етіп жеткізе білу оқыған шығармаңа әр береді. Тыңдарманыңды үніңмен аялап, жүрек жылуыңды сырлы сөздеріңмен жұртшылықтың санасына сіңіре білу, әсемдік әлеміне жетелеу, міне, бұл мамандықтың құдіреті!
Алайда, мұндай әсерді әр диктор өз деңгейінде жеткізіп жатады. Сарапшы – халық, тыңдарман. Әр адамның дауысы оның куәлігі, бөлінбейтін бөлшегі. Өйткені, дауыс-үн әрқашан да онымен бірге, өзгермейді, уақыт өзгерте алмайды. Диктор кісіден сана­лы журналист шығуы мүмкін, ал, жор­нал­шыдан нағыз диктор шыға ма? Бұл мамандық та өнер, өнер болғанда да қыры-сыры көп күрделі өнер.

***
Мінезі өте жұмсақ, кімге де болса »қалқам» деп қана сөйлейтін. Радиода Әнекеңмен он жеті (17) жыл қызметтес болдым. Сол жылдар ішінде біреумен жүз шайысып, ғайбаттасып жатқаны есімде жоқ. Қайта дауыс көтеріліп, бір ыңғайсыздау жағдай болып жатса, жайлап үн-түнсіз шығып кетер еді. Достары жолығып, көңілденіп келсе, бізді баласындай, мән-жайды түсіндіріп, ақтала бастайтын. Ондай кезде батыл әзілдер айтысып, көңілденіп қалушы едік. Анадай құдіретті даусы бар, ақын жанды адамның жүрегінде сезім болмауы мүмкін емес. Хабарды оқып отырып та, ағыл-тегіл көз жасын сүртіп отыратын.
80-ші жылдардың басында ғой деймін қазақ радиосына іс-сапар­мен Мәскеудің атақты дикторы Левитан келді. Біздерге, радио-теле дикторларына сабақ өткізді. Сол кісінің: «Байжамбаевтың үні сезімге құрылғандай, түрлі-түсті бояумен әрленгендей, ал, менің даусым құрғақ та жарғақ. Қазақтың тілі қандай сәнді, дыбысталуы әсем, бейне дикторлар ән салып отырғандай», – деп таңданғаны есімде. Бұл – қанқұйлы Гитлердің «Мәскеуді алған бойда бірінші осының көмейіне балқытылған қорғасын құярмын» деп өшіккен Левитаны. Ол кісінің Әнекеңе осылайша берген бағасын естіп, қатты қуандық.

***
Бір қызығы туған күн, мерекелерде бас қосқанда, отырысымызды тек аға басқаратын. Ешкім сайлап жатпаса да, ол бір отбасындағы бұлжымайтын тәртіп сияқты. Алдынғы аға-апаларымыздың бір-біріне деген сыйласым ниеттері ерекше еді. Мәмбет Сержанов аға, Мырзабек Қуатбеков, Омархан Қалмырзаев сынды өкшесін басып келе жатқан інілері ол кісіге ерекше құрметпен қарайтын. Мина Сеитова, Жаңыл Біржанова, Сара Омарходжаева, Жәнел Асқарова сынды апайлар бірін-бірі еркелетіп, қимас көңілмен «Әнеш, Мәке, Сәке» деп қана сөйлейтін.

***
Өмірінің соңына дейін қызметтен қол үзген жоқ. Соғыс салған жара­қат­тан емделуге тура келді. Суық ха­бар есітіп, ағадан айырылған күн де есімде. 1989-дың көктемі. 66 жасында. Қазір Әнағаң Кенсайдың еңселі бір қыратында мәңгілік ұйқыда жатыр. Қазақ радиосының берген еншісі – биік қара құлпытас. Құлпытастың бетіндегі бедерде бір анадан егіз туған­дай болып микрофоны тұр. Бейне сондағы ағайындарына қазіргі еліміздегі қуаныш пен күйінішті жеткізіп жатқан сияқты.

***
Аға қайтқан соң, Ғайни апайға сәлем беріп, көрісіп қайтуға үйіне бардым. Әнағаның қасиетті табалдырығын аттап кіргенімде: «Айналайын-ай, құдды мына балалардың атасының жанынан келгендей болдың ғой», – деп апай қатты қуанып қалды. Шіркін, көңіл-ай десеңші, өмірлік серігі болған, ұрпағын өсірген апайымыз Әнекесі әлі де қызметте жүргендей, қазір келіп қалатындай алаңдайды екен-ау! «Үміт жібі» деген осы. Жарықтықтың тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылғандағы қуанышын айтты. Екеуміздің әңгімеміздің желісі жалғаса берді. Еске түсетін сәттер көп. Ғайни апам тағы да көзіне жас алды. «Әнаға таңқаларлықтай қарапайым кісі еді ғой», – дедім көңілін кішкене де болса сергітейін деп. Жалтыраған орден-медальдарын, тіпті, мейрам күндері де тақпайтын. Бір жолы: «Аға, жұлдызыңызды ел сияқты неге жарқыратып жүрмейсіз?» дегенімде, «Қойшы, тәйірі, мен кімнен артықпын, бөлектенудің қажеті не?» – деген еді сыпайы ғана.

***
Радио таңғы 6 сағат 30 минөтте ауа райын оқумен ашылады. Сол күні Әне­кеңнің кезегі екен. Ол кісі кешіккен соң, кезекші оператор маған телефон соғып, он минөттей ғана уақыттың қалғанын, ағаның келмегенін айтты. Оқылмай қалса, басшылар тарапынан әжептәуір шу болатынын білем. Үй жақын, дұрыстап киінуге уақыт жоқ. Жалма-жан ішкөйлектің сыртынан балон плашты сақырлатып жамыла сала, аяққа ілінген бір сүйретпемен жүгірдім ай келіп. Радио-үйіне Әнағаң екеуміз бірдей жеттік арсылдап. Ауа райы оқылып, есімізді жиып, көңіліміз жайланған соң, жаңағы мүшкіл халімді ұмытып, енді, киген киімімізге қарап, мәз болып күлкіге қарық болып, жатырмыз. Үйінде жарық өшіп қалып, ол кісі де асығып-аптығып, қолына іліккенін кисе керек.
Тағы бір қайталанбас қасиеті сәбидей пәктігі мен өзін өзгеден жоғарылатып, дардай атын бетке ұстамайтындығы еді. Әйтпесе, қалай еркелеймін десе де орны бар, жарасымы бар еді ғой. Әнекең осынысымен де биік болатын.
Бірде жарты сағаттық хабарды оқуға студияға кірдік. Әнағадан кейін мен оқи бастағанда, ол кісінің көзі ілініп кеткендей болып көрінді. Жүрегім тас төбеме шықты. Өйткені, ол кісі сергімесе, барлық хабарды менің оқуыма тура келіп тұр. Жоқ, мың болғыр ағам-ай, көзді ашып алып, түк болмағандай оқи ала жөнелді. Менің де жүрегім орнына түсті-ау, әйтеуір. Осылайша қас-қағымда да дем алып алатын әдеті бар екенін өмір жолы, қызмет жолы көрсетті.

***
Сексенінші, тоқсаныншы жылдары астанамыз Алматының өзінде жоқшылық болған жоқ па? Қайда барсаң да дүкен сөрелері қаңырап бос тұрады. Кісіге анау керек, мынау керек. Ақыры Әнағаға жалынамыз, жұмсаймыз. «Оппошымай» деген сөзінің мәтелі болатын. Меселімізді қайтарғысы келмей: «Оппошымай жү­рің­дерші, кеттік» дер еді. Радио үйі маңындағы кез келген дүкенге кіре, зор даусымен «Алматыдан сөйлеп тұрмыз» дейді ғой. Сатушы қыздар таңқала, жапыр­лап амандасып жатады. Көп азық-түлікке ие болып біз де ризамыз.

***
Ел-халыққа шыға қалсаң, жұртшылық алдымен, Байжанбаевты сұрайды. Ол кісінің радиода ең үлкен бастық екенін айтады. Бұрын әр ауылда, тіпті, көшеде радио сөйлеп тұратын. Жайлауда жүрген қойшы, егіндіктегі егінші бәрі де транзистор арқылы, бар жаңалықты, ән-күйді тыңдап отырады. Сол арқылы Әнекеңді біледі. Алматыға келсе ба­ламды оқуға түсіріп берші деп іздеп келеді. Дауыс арқылы, туысына кел­гендей келеді немесе емтихан тапсыра алмаған студент қауымының Әнекеңнен көмектесуін сұрағанын ылғи да көре­тінбіз. Солардың бәріне де қолынан келген жақсылығын жасап, көңілін қалдырмайтын. Танымаса да кіреді ғой. Достары көп еді. Атышулы жазушылар, сазгерлер радиоға келсе, әдейілеп Әнекеңе сәлем беруге кіретін. Өз кездерінде Шәкен Айманов, Ермек Серкебаев, Мұқағали Мақатаев ағалар радионың дикторлары болған екен. Осы кісілердің келіп, хал-жағдай сұрасып тұрғанын талай рет көрдім.

***
Бірде Әнаға: «Алматыда аздаған көшпелі бұлт шығып, жауын-шашын болмайды, ауаның температурасы 12-18 градус жылы болады» – дейді ғой. Айтқаны келмей, түстен кейін жаңбыр үсті-үстіне құйып береді. Бөлмесіндегі телефон шылдырлайды. Аға тұтқаны көтергенде арғы жақтан ашулы әйел: «Байжанбаев керек дейді. «Иә, мен тыңдап тұрмын», – дейді. Әйел желпіне сөйлеп: «Байжанбаев жолдас, сіз таңертең жауын болмайды» деп хабарлаған соң, қолшатырымды тастап кетіп едім. Ха­барды дұрыстап неге оқымайсыздар» дейді ғой ашу шақырып. «Айналайын кешір, өзім де жауынның басылуын күтіп, үйге бара алмай отырмын» деген ғой, Әнағам! Осыдан кейін бәріміз де: «синоптиктердің бізге хабарлағанындай деп, мәтінді өзгертіп оқи бастадық.
Тағы бірде Әнекең эфирден таңғы 6-30-дағы ауа райын оқуға кешігетін болған соң таксиге мінеді. Жолкіресін төлеп, студияға алқынып жүгіріп жеткен аға аптығын басқан болып, эфирден «Алматы уақыты 6 сом 30 тиын» деген ғой. Сол бірауыз қатесі үшін «Халық әртісі» деген атағы бола тұра жарты жылға қызметтен шеттетіліп, операторларға көмекші боп жұмыс істеді.

***
Қазақ деген аңқау да қамсыз халықтың арда ұлы, елінің мақтанышы атанған Әнаға тірі болса, биыл 95 жасқа толып, елінде ұлан-асыр той болар еді. Әлденеше ұрпақты үнімен тәрбиелеген азамат атаусыз қалмайтынына, оған зиялы қауым мұрындық болуға жарайды деп сенеміз. Ең бастысы, өзі жүріп өткен сүйікті қала­сының бір көшесінің атауы бұйырып, еленсе екен. Сондықтан, есімін есте қалдыру шараларын қарастырғанымыз жөн.

Алдыңғы «
Келесі »