«ЖҰМАҚ ӘУЕНІ» СЫЙЛАҒАН СЫР

  • 19.04.2018
  • 520 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Зубайда Сахиқызы,
«Жұлдыз» журналының қызметкері

Жаңа шыққан кітапты қалт жібермей, іздеп жүріп оқитыным бар. Сол қасие­тіммен қолыма жазушы Ерболат Баяттың «Жұмақ әуені» прозалық жинағы тап келді. Алдымен, көңілімді елең еткізген кітаптың атауы болды. Жұмақ деп, оның әуені деп автор нені айтпақ болды? Дереу қолыма алып, парақтай бастадым. Әңгімелері мен новеллаларының тақырыптары тым тартымды екен. Енді, сол алған әсерім мен өз пікірімді ортаға салмақпын.
Кітап «Жат келін» деген әңгімеден басталған. Қарашаның қара суығын нанымды суреттеуден бастаған жазушы оқырманын оқиға иіріміне бірден тарта жөнеледі. Сонау нәубет жылдардың тарихтан өшпес трагедиясы осы қарашаның қара суығына байланғандай сенімді бейнеленген. Жаламен жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған ұлт қаймақтарының бірі Ахмет Байтұрсыновтың есімі аталады. Оның әйелі Бадрисафа басты кейіпкер бейнесінде көрінген бұл әңгімеде алауыздық кірген ағайын арасы, бір-біріне қол ұшын беруге дәрменсіз қазақ баласының күйінішті тірлігі де автор назарынан тыс қалмаған. Міне, сол себептен де әңгіме тарихи шындықпен өріліп, көркемдік тұрғыда жетілген. Халық жауы деген жаламен атылған Алаш арысы Ахаңның әйелінің де ит тірлік кешкен ақиқатын бір ғана шағын әңгіменің өнбойына сыйғызып бере білгені – жазушының суреткерлік шеберлігі.
Қазақ әйелінің жан-дүниесін тұтас бір қоғам тағдырымен егіздете алып, барынша шынайы, анық түрде көрсете білген жазушы Ерболаттың «Әйел жаны» әңгімесі де психологиялық терең соқпақтарымен сиқырлы көрінеді. Басты кейіпкер Бәтіш әке-шешесінің өзара ұрсысқанын мүлде көрмей өседі, оны автор отанасының байсалды, кешірімшіл менізімен түсіндіреді. Қазақ әйелінің биік бейнесі автордың бір ауыз сөзімен жарқырап бейнелене түседі. Әңгімеде Ұлы Отан соғысы кезеңінің шындығы астарланған. Бір шаңырақтың отын өшірмеген Қадиша ананың образын сол тауқымет заманда тарланның жүгін тартқан күллі қазақ әйелдерінің жиынтық бейнесі десе, асып айтқандық болмас.
Қазақ үшін ең киелі ұғым Ана атауынан басталған жалпы жинақтың өн-бойы қазақы бояуға өте бай. Қазақтың көнерген сөздері мен тарихи сөздерін қапысын тауып, шебер қиюластыра берген жазушының шеберлігінде аса орынды қолданылған. «Баяғыда» деген әңгімесінен үзінді-суреттеу тыңдайық: «Салт аттының басында сырып тіккен жалбағай. Ықшам киінген. Қанжығада аз-маз бөктергісі және жанынан өмірі тастамайтын қырық құлаш қайыс арқаны бар». Шағын бейнелеуімен оқырманның көз алдына тірі сурет орната қояды. Әңгімедегі сапы, құрым киіз, таутекенің терісі тәрізді қазір тұрмысымызға тән болудан қалып бара жатқан заттардың атауы оның қазақылық иісін аңқытып тұр. Сол бір тарих қойнауына осы көнерген сөздердің көмегімен сапар шегуге шақыратын автор өз мақсатына жеткендей. Жазушы тілімен салынған көркем суреттер ойлы оқырманын терең пәлсапаға жетелейді. Әңгіме тақырыбының бір-екі сөзден артық болмай, тым қысқа келуі де суреткердің өзгеше қарымын байқатады.
Жазушы сомдаған ұлы қазақ әйел­дерінің галереясы әйгілі Балуан Шолақтың сүйгені Ғалия бейнесімен толыққан. «Ғалия» әңгімесінде басты кейіпкер Ғалия жастық шақтың сайран күндерін ересек өмірдің қайғылы күндеріне ауыстырған. Кезіндегі сүйікті болған сұлу күндері артта қалып, күйеуі Бержаннан тек жәбір мен жапа ғана көрген, қорлыққа батқан төменшік қорғансыз мұңлық. Сондағы бар айыбы – құрсақ көтермегені. Әйел жаны қанша қаласа да, ана атана алмады. Бұған Бержанның азамат ретінде көрсеткен «қолдауы» – таяқ пен намысына тиген қорлық сөздер. Балуан Шо­лаққа ән салдырған Ғалияны білмейтін қазақ кемде-кем. Алайда, сол сұлудың мұңды тағдырын білетіндер саусақпен санарлықтай. Жазушы Ерболат бұл ретте деректілік пен көркемдікті астастырып, оқырманына сый етіп ұсынды.
Автордың тамсандырған тағы бір әңгімесі «Жеріну» деп аталады. Мұнда да қазақ әйелі Айсараның болмысы ұлы Шоқан бейнесімен бірге шынайы өрілген. Сырқаты меңдеген Шоқанның жары Айсараға бар ризашылығын көзқарасымен-ақ жеткізгенін жазушы шебер бере білген. Жанарымен ғана бір-бірін қалтқысыз түсінген қайран ғашықтар! Ал, Шоқанды бұл дүниеден түңілдірген сырқаты емес, сол заманы екенін жазушы астарлы сипатта жеткізген. Әңгімедегі өзі­нің офи­цер­лік ки­теліне қарап, мырсылдай күлген Шоқан образы көп жайға қанықтырмай ма? Шағын кө­лемді әңгі­меде бірсыпыра жайтты көркем, әрі дәйек­ті жеткізу қаламгердің бірегей болмысын дәлелдейді.
Қазақ ұлыларының қайталанбас дара тағдырлары мен олар сүйген сұлулардың өмір жолдары қаламгердің әдеби зерттеу нысаны десе болар. Ол бүгінде әлемдік шыңға қол созып, әлем әдебиетінің озық өкілдерінің өмір, өнер жолдарын шынайы деректермен ізденуге көшкен. Соның бір дәлелі – «Әжімсіз жүрек» әңгімесі. Әңгіме немістің ұлы ақыны Гете мен оның қартайғанда кездестірген шынайы махаббаты жайлы. Қарт ақын Гете өзін шау тарттым деп поэзиядан шет қалғандай сезінеді. Ал, жас қыздың махаббаты оны бір-ақ күнде өмірге қайта әкеліп, ұлы туындысын жазуына түрткі болады. Қарт ақынды мәңгілік ақын еткен әжімсіз жүрегі деп қорытындылаған автор қалың оқырманына махаббат күшінің өмірлік құдіретін түйсіндіреді. Әжімсіз жүрек философиясы барлық бедерімен оқырман көңіліне барып қонақтайды.
Кітаптың атауын алған «Жұмақ әуені» әңгімесін де қызыға оқыдым. Мұнда негізгі кейіпкер поляктың атақты сазгері Шопеннің Парижге бара жатқан сапары мен Парижден туған жеріне өлі денесінен жұдырықтай жүрегі ғана оралуымен оқиға қоса қабаттасады. Оқиғаның басталуы мен аяқталу шенінде өзара байланыс бар. Терең пәлсапа жүректі тербейді. Ұлы талант иесінің әлемге танымал сазгер болып, Парижді мекен еткенімен, оның жұмақ мекені туған өлкесі болып қала беруімен де әңгіме мазмұны ашылады. Жұмақ әуені кез келген жан үшін оның Атамекені деген ойға оралады оқырман. Ал, әңгіменің соңы Агнешка келіншектің Шопеннің «Жұмақ әуенін» кездейсоқ орындауымен тәмамдалады. Бұл оқиғаны күздің тұнжырап тұрған көрінісі айшықтай түседі. Жұмақ ұғымын суреткер Отан, туған жер ұғымымен қастерлейді. Бұл биік ұғымның әр адам үшін қастерлі болып қала беретіні, сол себептен де, адамның ғажап адами тұлғаға ие болатыны дау тудырмасы анық.
Жазушы оқырманын тылсым әлеміне жетелеуден еш жалықпайды. «Құланның ақыры» әңгімесі оқиға желісінің өзгеше құрылысымен, суреттеу сонылығымен өзіне шақырады. Әңгіме бас кейіпкерді суреттеуден басталады. Тар қапаста азап шеккен тұтқынның атын атамай, оқырманын қызықтыра түседі. Тұтқынның көз алдына лирикалық шегініс арқылы өткен өмірдің елестерін тірілтеді. Иманжүсіп есімі түс арқылы көрініс береді. Бұл қазақтың «Үш бәйтерек» атанған ардақтыларының бірі, сталиндік репрессияның құрбаны болған атақты Сәкен Сейфуллин еді. Қаламгер кейіпкерін оқырманының өзі танып-білуіне қалдырғандай, оның есімін тек шығарма соңында ғана атайды. Өмірінің соңғы сәтін сүріп тұрғанын сезген сұңғыла ақынның бүкіл жан әлемін автор «Тек көз алдында ноқта-жүгенсіз құла құлан құйғытқан ақ селеулі, боз жусанды Сарыарқа ғана көсіліп бара жатқан еді», деп терең бейнелейді. Ноқта-жүгенсіз құлан Сәкен образдылығын арттырып, әңгіменің тұтас табиғатын ашып тұр.
Арда тұлғалардың тағдырларынан жүйелі көрініс беретін әңгімелерін жеке бір топтама деуге болады. Бұл автордың жете іздене, зерттей келіп жазған салмақты дүниелері екені сөзсіз. Ал, «Мә саған кәпитәлизм» әңгімесі қаламгердің бөлекше болмысын танытқандай. Шағын көлемді әңгімеде автор улы кекесін, сарказмға бой алдырады. Кісі ақысын жеуді әңгіме кейіпкері Әбдіраш «бұл-кәпитәлизм» деп түсіндіреді. Негізгі кейіпкер Ақанбайға әйелі жыртық тәпішкісін лақтырып, «Мә саған кәпитәлизм» деуімен туынды тәмам болады. Қысқа, бірақ, терең астарлы туындының айтары мол. Оқырманына аз сөзбен байсалды ой салуға шебер жазушы бұл ретте, тіптен, ерекшелене түседі. Капитализм сөзін қазақша бұрмалап, «кәпитәлизм» деп алуының өзі де ерекше әдіс тәрізді. Ал, әйелінің жыртық тәпішкісі бетіне ұрылған Ақанбайдың көз алдында кісі ақысын жеп байыған Әбдіраштың еңселі үйінің бұлдырап көрінуімен оқырман езу тартып, сонымен қатар оралымды ойға шым батары сөзсіз. Жабайы капитализмнің дімкәс қырларын автор қазбалап айтып, құнын түсірмейді. Керісінше астарлы тілмен бейнелеп қана ойтүрткі жасайды. Жазушының бұл да бір айрықша шеберлігі екені даусыз.
«Жұмақ әуендері» жинағымен Ерболат Баят қазақ әдебиетіне саф алтындай үлес қосып, ұлт әдебиетін әлемдік тұғырға көтеретіндей көркем туындылар топтамасын дүниеге әкелді.

Алдыңғы «
Келесі »