Біз қалай жаңғырамыз?

  • 19.04.2018
  • 396 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Айнұр Төлеу,
журналист

Аспан денелері мен ғарышқа деген құштарлық әдебиеттегі фантастика жанрының пайда болуына себепші болды. Шынайы өмірде тіршілік кешуі мүмкін емес кейіп­керлердің жазушы қиялының арқасында әрқайсымыздың сана түкпірінен орын алып жататыны бар. Бүгінгі әдебиеттану ғылымы фантастиканың төркіні – мистика, фольклордағы мифтік образдар екенін жоққа шығармайды. Біз үшін фантастика тұтас бір жанр болса, көркем әдеби процесі фантастикалық өнім беруді жолға қойып алған ұлттардың әдебиетінде бірнеше кіші жанрлар бар. Осыған қарап, жанрлары көбейе (поджанр) алатын елдің әдебиеті ғана өміршең, әрі озық деген гипотеза ұсынғым келеді.
Мәселен, ғылыми фантастика, сөзсіз ғылымы дамыған елдердің көркем әде­биетінің, нақтырақ айтсақ, поэтикалық ойлауының жемісі. Ғылым пен поэтика. Бір қарасаң, екеуі мүлдем қабыспайтын сөздер секілді. Ал, екеуіне ортақ дүние – қиял. Шексіз қиял бар жерде фантастика да бар. Азаматтарының қиялдау еркіндігіне нұқсан келмеген елдің ғылымы да озық. Осыған орай, біз «ғылымның озық болуына білімнің ғана қатысы бар» деп ойлаймыз. Сонымен, фантастика кеше ғана пайда болған жанр емес. Мамандар ежелгі дәуір әдебиетінен бірнеше мысал тауып, аталмыш жанрдың бағзыдан ғұмыр кешіп, бүгінгі әдебиетте «күшіктеп» үлгергендігін жоққа шығармайды.
Көркем фантастика мен шытырман оқиғалы детектив жанрының бүгінгі қазақ прозасындағы ахуалы туралы сөз қозғалғанда, қос жанрдың даму процесінің кешеуілдеп жатқандығын көлденең тартатындар көп. Мен мұны қалыпты құбылыс деп есептер едім. Шығармалары әлемдік классикалар жауһарына енген Рюноскэ Акутагаваның «Тозақ азабы» деп аталатын әңгімесі бар. Бұл шығармадан мифтік деталь, адамзаттың тозақ пен дін туралы танымдары, өнер жолындағы құрбандық мәселесін табуға болады. Ал, сөз орайы келгенде, осы шығармадағы кулминация­ны мысалға келтіре отырып, көрмеген, түйсінбеген дүниені өнерге айналдыру мүмкін еместігін жеткізбекпін. Түсінікті болуы үшін шығарманың фабуласына тоқталайық.
Кеңістік – Нидзе сарайы. Онда Ұлы мәртебелі патша тұрады. Бұл сарайдағы ең құнды дүние «Тозақ азабы» деп аталатын сурет. Ол суретті Есихидэ деп аталатын суретші салған. Қарапайым адамдар уақыт өте келе осы құнды суретті салған өнерпазды ұмытып кеткен. Бірақ, әлгі суретті көрген адам өзгеше, нағыз тозақ отын көз алдына алып келіп көрсетіп қойғандай күй кешеді. Енді, сұрақ! Тозақты көрмеген адамның оны сала алуы мүмкін бе? Суретші тозақта болуы мүмкін жыланның адамға шабуын салады. Оны салу үшін жылан ұстап алып келіп, шәкірттерінің бірін шақырып алып, бақылап, қарап тұрады. Жапалақтың адамға ұмтылғаны туралы тозақтық тәмсілді де ол өз көзімен көріп, суретке түсіреді. Бар­лық халықтардың нанымында кездесетін тозақтағы от және өртеніп жатқан адамның денесін түсіретін кез келеді. Ол патшаға осы идеяны жүзеге асыру үшін көмек сұрап келеді.
«Мен көзбен көрмегенді еш уақытта бейнелей алмаймын. Бейнелей қалсам, көңілімдегідей болып шықпайтыны сөзсіз… Мен суреттің қақ ортасына биіктен құлап келе жатқан күймені салсам деп едім. …Ал, күйме ішінде от тиген қара шашы жайылып, әсем ақсүйек әйел азаптанып жатса. Түтінге тұншығып, қабағы тыржиып, басы шалқайып кеткен. Қолы жауын тамшыларынша шашыраған от жарықшақтарынан қорғанбақ боп, ши шымылдықты тартқылайды. Оның төбесінде тұмсықтарын сақылдатып, он-жиырма шақты құбыжық құс ұшып, шүйіліп жүр. Міне, осы күймедегі әйелдің суретін сала алмай жүрмін».
Патша суретшінің қалауын орындайды. Алтын күймеге сұлу әйелді отырғызып, оны өртейді. Суретшінің қиялындағыдай көрініс өмірде орын алады. Бірақ… Күймедегі сұлу әйел суретшінің сарайда қызметте жүрген өз қызы еді. Адамның отқа оранып жатқанын көргісі келген ниетіне ашуланған патша оны осылай жазаламақ болды. Суретші әлгі көріністі айнытпай салады. Сурет аяқталған соң, ол асылып өледі. Фабулаға қатысты түрлі сұрақтар туындайды. Оның өнер үшін құрбандыққа барғаны соншалықты, «өртеніп жатқан өз қызы болса да, қарап тұрып, суретін аяқтап болған соң ғана азап кешті» деп топшылауға немесе керісінше, «қызын өртеп жатса да, суретін аяқтауды құп көрген қандай жауыз» еді деп жазғыруға да болады. Әңгіме ғана болса да, оның әлемдік классикаға ене алуының құпиясы осында жатыр. Әр оқырман кейіпкер психологизмін өз деңгейінде түсініп, оны өз мүмкіндігінше ақтап немесе жазғырып отырады. Біз үшін маңыздысы бұл емес. Бізге керегі суретшінің: «Мен көзбен көрмегенді еш уақытта бейнелей алмаймын. Ал, бейнелей қалсам, көңілімдегідей болып шықпайтыны сөзсіз», – деген ұстанымы болатын.
Әдебиеттегі жүзеге асып жататын процестер көзбен көріп, түйсікпен қабылдаудан пайда болады. Шытырман оқиғалы детективтің дамып, өз оқырманын табуы үшін қаламгер сол оқиғалардың бел ортасында жүргені және із кезушілік оқиғалардың әділ түрде жүзеге асырылып жатуын көргені өте маңызды.
Біз қаламгерлердің филология немесе журналистика факультетін тәмамдап барып әдебиетке келу үрдісіне әбден көз үйретіп алғанбыз. Детективті оқиғалар ортасында жүретін адамдардың қалам ұстауы – бізге сондай тосын. Неге дейсіз бе? Бұл қазақ тілінің қолданыс аясының тар, шынайы өмірдегі криминалдық оқиғаларды ашатын мамандардың көркем әдеби тілге деген қабілеті мен қызығушылығының жоқ екендігін білдіреді. Енді, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын немесе журналистика факультетін бітірген, криминалдық оқиғаларды көрмеген қаламгер қалайша шебер түрде детектив жанрында қалам тербей алады? Дәл сол сияқты, ғылыми қиялы еркін, роботтардың сан түрін өндіріп жатқан елдің көркем фантастикалық әдебиеті дамиды. Мысалға келтірген жағдайларды өмірде көзімен көрмеген, адамдардың ол жайында қызу талқылап жатқанына куә болмаған қаламгер өздігінен фантастика мен детектив жанрын жасап шыға алмайды. Расымен де, біз ғылыми өнімдер туралы талқыға бара бермейміз. Есесіне, біз ғұмыр кешіп жатқан кеңістікте Менделеев кестесіндегі элементтер мен мұнай туралы талқы жүріп жатады. Содан соң, әншілердің (жұлдыздардың) өмірі мен тіршілігі хақындағы қызығушылықтар мен сөзталастарға уақыт шығындалады.
Адам өмірі Күн жұлдызының Жерге түсіретін жарығымен өлшенеді. Дұры­сын айтқанда, біз солай өлшеп әдет­теніп алғанбыз. Жер үнемі қозғалыста болған­дықтан, бізге жарық ылғи да түсіп тұрмайды. Уақыт деген ұғымды осы жарық­тың үнемі түсіп тұрмайтын құбылысы туындатқан. Қысқасы, саналы ғұмырдың санаулы уақытқа тәуелденіп қалатыны осыдан ғой. Ендеше, онсыз да санаулы сәттерден тұратын уақытты өнер, ғылым, оқиға жасауға емес, арзан әңгімелерге жұмсап әлекпіз. Галактикалық өлшеммен қарасақ, бізге мәлім де, беймілім алапат әлем бар екенін бағамдаймыз. Бірақ, біз өз бағамызды білеміз бе? Тіршілік үнемі қозғалыста. Ғаламда қозғалысын тоқтатқандар шіриді, ыдырайды, яғни, көзге көрінетін, көрінбейтін бөгделердің жемтігіне айналады деген сөз. Енді, осы заңдылықты қазақтың өміріне мысал ретінде алып келіңізші. Қазақта даму бар ма? Өнерде, білім мен ғылымда қозғалыс бар ма? Әдетте, өнердегі жетістіктер мен жетімдікті өнерпаздар қауымының иығына жүк етіп артуға қиналмаймыз. Әдебиеттің қандай да бір жанры кенже қалып жатса, қаламгерлердің қауқарсыздығы, білікті журналистер эфирге шықпай жатса, бет-әлпетінің ұсқынсыздығы деп топшылай салатын анализаторлар әрқайсымыздың ішімізде өмір сүріп жатыр. Өнер – біз өмір сүріп жатқан кезеңнің айнасы.
Түркі дәуіріндегі балбалдарды кімдер қашады? Ондай өнерпаздар кейін неге жоғалып кетті? Әрине, ислам дінінің тамыр жая бастауына байланысты балбал тасты ешкім қажет етпеді. Ол өнерді жасаушылар мен өнердің өзі ысырылып қалды. Есесіне, біз балбалы бар дәуір мен одан бас тартқан дәуір туралы тұжырым жасай аламыз. Өнердің айна болатыны осыдан. Алып елдердің мәдениеті мен әдебиеті де алып. Қазақстан мен қазақтың имиджін қалыптастыруды қолға алғандар осыны ескеруі тиіс. Рухани жаңғыру мен ұлттық код туралы сансыз мақала жазып, қисапсыз билбордтар ілу – бізді шынайы жаңғырта алмайды. Жаңғырық шығуы үшін алдымен айқайлау керек емес пе?
Мынандай сұрақ қойғым келеді. Рухани жаңғыру деген тіркесті ресми түрде жазып, жариялаған күннен бастап, қазақтың оқырман болуы үлесі артты ма немесе кітап нарығында сең қозғалды ма? Осы екі сұраққа берілген жауап рухани жаңғырғанымыз бен әлгіндегі айтқан айна-өнердің не көрсетіп тұрғандығын айқындап бере алады. Рюноскэ Акутагаваның «Тозақ азабы» әңгімесіндегі суретші сөзін топшысөзге тағы да шегелемекпін. «Мен көзбен көрмегенді еш уақытта бейнелей алмаймын» – біз де рухани ортаны көрмей, жаңғыра алмаймыз.

Алдыңғы «
Келесі »