Елбасы Жолдауы және білім саясаты

  • 19.03.2018
  • 866 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Бақтияр СМАНОВ,
ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің кафедра меңгерушісі, профессор

Ұлт Көшбасшысы, Президент Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған әр жылғы Жолдауы өзіндік тосын жаңалықтарымен, ордалы ойларымен, тәуелсіз мемлекетіміздің бүгінгі және болашақтағы даму бағыттары мен алда тұрған іргелі міндеттерді белгілеуімен және оларды шешу жолдарын көрсетуімен ерекшеленеді.
Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы да жаңа 2018 жылдың саяси-тарихи мәні зор ерекше оқиғасы, елімізді мекендейтін барша жұртты бір мақсатқа жұмылдыратын негізгі бағдарламалық құжат болып тұр деп нық сеніммен айта аламыз. Өткен жылғы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында Елбасы жаңа басталған әлемдік Төртінші өнеркәсіптік революция аясында тәуелсіз Қазақстанның Үшінші жаңғыру дәуіріне қадам басқанын жариялаған болатын.
Онда Президент Н.Назарбаев Қа­зақстанның дамуының кешенді мәселелеріне тоқталып, нақтылы мін­деттер жүктеген еді. Жалпы, Елбасының әр жылғы Жолдауы бір-бірімен іштей өзара мазмұндық бай­ланысқан тұтас жүйелі құрылым іспетті. Оны Ұлт Көш­басшысының өзі де өткен жылы атап өткен еді. Айталық, еліміздің Бірінші жаңғыруы алғашқы жылдары қысқа мерзім ішінде нарықтық экономикалық қатынастарға негізделген мүлдем жаңа тұрпаттағы мемлекет құрғанымыз болса, Екінші жаңғыру ­– «Қазақстан – 2030» стратегиясын жүзеге асырғанымыз, жедел қарқынмен дами отырып, әлем­нің аса табысты 50 елінің қатарына қосылғанымыз, Елордамыз асқақ та айбынды Астанамызды салғанымыз болғанын дәлелдеп айтты. Сонымен, енді, Үшінші жаңғыруды бастап отырмыз.
Бажайлап қарасаңыз, шындығында да ширек ғасырлық мерзім ішінде ғажайып ұлы жетістіктерімен Қазақстан мемлекеті, қазақ халқы бүкіл әлемге танылды. Қазақ елі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының мүшесі болумен қатар, оған төрағалық етіп, Астанада оның саммитін абыроймен өткізді, одан соң Ислам ынтымақтастығы ұйымына да төрағалық етті. ЭКСПО – 2017 халықаралық көрмесін ұйымдастырды, Түркия мен Ресей арасындағы келіспеушілікке ара ағайындық етіп, татуластыру, Сириядағы жанжалға байланысты бітімгершілік жасау сынды әлемдік деңгейдегі шаралар өткізіп келеді. Бұған қоса БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне мүше ел ретінде төрден орын алдық. Олай дейтініміз, биыл жылдың басынан Қазақстанның төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің алғашқы мәжілісін Елбасымыздың мемлекеттік тіліміз – қазақ тілінде бастауы, сол жолғы Президенттің АҚШ-қа сапары, Америка басшысы Дональд Трамппен кездесуі жоғары дәрежеде, өте нәтижелі өткені де біз үшін үлкен абырой, биік мәртебе болды. Шынын айту керек, бұл сапардың, ресми қабылдаудың барысын тікелей эфирден көргенде, төбеміз көкке жеткендей қуанып, мерейленіп отырдық. Міне, мұның бәрі тек айтуға ғана оңай іс-шаралар. Бұларды баз біреулер осылай болуы тиіс деп ойлауы да ғажап емес. Қалай дегенде де, аталған игілікті жұмыстар, негізінде, қыруар қажыр-қайратты, жан-жақты тынымсыз еңбек пен асқан табандылықты қажет ететін өте маңызды қадамдар. Бұл еліміздің, Елбасымыздың ішкі және сыртқы саясаттағы алған бағытының ­– Қазақстан жолының дұрыстығы мен бірегейлігін дәлелдей түсетін ақиқат. Қазақша айтқанда, дұрысты – «дұрыс» деген жөн.
Өткен жылғы Жолдау еліміздің эконо­микалық дамуының инновациялық өзегіне айналып, бәсекелестік қабілетін арттыруға бағытталды. Мұнда цифрлық технологияны жүзеге асыру, жаңа ин­дустриялық өндірісті өркендету, агро­өнеркәсіптік кешенді, көлік және логистикалық инфрақұрылым мен тұрғын-үй құрылысын дамыту, сонымен қатар, білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау мәселелері еліміздің технологиялық жаңғыруының шешуші бағыттары ретінде сипатталды. Ал, енді, Президентіміздің биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа міндеттері» атты Жолдауы біздің елімізді әлемдік технологиялық дамудың ұлы көшінен қалып қалмауға, соған ілесе отырып, мемлекетімізді жедел түрде технологиялық, экономикалық, әлеуметтік-тұрмыстық тұрғыда нығайтуға, сол арқылы қазіргі заманғы сын-қатерлерге толық жауап беруге бағыттауға арналды. Жолдауда мемлекетіміздің Үшінші жаңғыруының аясында жүзеге асырылатын 10 негізгі міндет санамалап аталды. Олар – елімізде индустрияға жаңа технологияларды енгізу, ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту, «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіптік кешенін қарқынды дамыту, көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру, құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу, қаржы секторын қайта жаңғырту, адами капиталды жаңа сапаға көтеру, жаңғырту, тиімді мемлекеттік басқару, жемқорлықпен күрес және заңның үстемдік құруы сынды келелі мәселелер.
Айтылған міндеттердің қай-қайсысы да өзекті екені әрі еліміздің өсіп-өркендеуінде маңызды орын алатыны рас. Алайда, адами капиталдың жөні бөлек. Бүгінде адами капитал және оны жаңа сапада даярлау ісі кезек күттірмес міндет екені баршаға аян. Өйткені, адами капитал ең алдымен – елдің тірегі. Оның жоғары сапалық деңгейде болуы біздің тәуелсіз мемлекетіміздің алтын арқауы, берік те бекем іргетасы, халқымыздың жарқын болашағы деп ұғамыз.
«Оқу ­– білім бұлағы, білім ­­– өмір шырағы» деп дана халқымыз тектен-текке айтпаған болса керек. Бұл жерде ел білімінің, оның функционалдық сауаттылығының орны орасан. Білімсіз елдегі адами капиталды көзге елестету еш мүмкін емес. Ал, білім бар жерде ғылым міндетті түрде дамиды. Сол себепті, ел Президентінің өз Жолдауында аталған екі мәселеге қатар назар аударуы көңілге қуаныш ұялатады. Айталық, білім беру жүйесі мен ғылымды, ден­саулық сақтау саласын осы заманғы озық жетістіктерге сай өркендету, халықтың әлеу­меттік-тұрмыстық жағдайын жақсарту, еліміздегі тұрақтылық пен келісімнің, береке-бірліктің, ынтымақ пен татулықтың бәрі, сайып келгенде, тұрақты қоғамдық-саяси, рухани, экономикалық қарқынды дамудың негізі болып саналады. Сондықтан да, Елбасы бұл жайттарды биылғы Жолдауында шегелеп айтты.
Жаңа Жолдауда білім берудің жаңа сапасына көшу, ол үшін барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісіндегі өзімізге тән озық жүйемізді құру, білім бағдарламаларындағы негізгі басымдықты өмірдегі өзгерістерге үнемі бейім болуға бағыттау және білім алушылардың жаңа білімді меңгеру қабілетін арттыру секілді шараларды іске асыру ескертілді. Мектепке дейінгі білім беру мен орта білім жүйесі жаңартылған білім мазмұнына сай бағдарламалармен тәрбиелеп-оқытуға көшетіні, педагогтардың білімі мен біліктілігін арттыру мәселесі, университеттердегі педагогикалық кафедралар мен факультеттерді дамыту, білім берудің барлық буындарында математика және жаратылыстану пәндерін оқыту сапасын күшейту жайы – жас буынды жаңа технологиялық қалыпқа даярлаудың маңызды шарты ретінде айрықша атап көрсетілді.
Жалпы, білім беретін орта мектептегі, әсіресе, бастауыш сыныптардағы, шәкірттердің оқу жүктемесінің шектен тыс көптігі, оқу бағдарламаларының ауырлығы мен күрделілігі халықты көптен мазалап жүрген мәселе болатын. Мұны Елбасы: «… Біздегі оқушылардың жүктемесі ТМД елдерінің ішінде ең жоғары болып отырғаны және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдеріне қарағанда орта есеппен үштен бір еседен көп екенін ескеріп, оны төмендету керек», – деп қатаң тапсырды.
Мен осы жерде, бұған қоса, сонау ауыл мектебінде мұғалім болып, білім саласының әр буынында (бастауыш сынып, орта және жоғары мектеп, кәсіби біліктілікті арттыру, министрлік) 45-50 жылдай қызмет еткен маман-мұғалім, әдебиетші әдіскер-ғалым ретінде көптің көкейінде жүрген, баспасөзде талайдан айта-айта жауыр болған қазіргі қазақ орта мектебінің әр сыныбындағы оқу бағдарламаларында тұтастықтың, сабақтастықтың, жүйеліліктің, ішкі өзара байланыстың жоқтығын айтқым келеді. Бізде, соңғы кезде, ортақ істің мүддесі үшін, олқылықтарды болдырмау үшін ұсыныс-пікір айтсаңыз болды, оны дәп бір ауыр сын ретінде қабылдайтын жаман әдет пайда болды.
Президент Жолдауында қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгеру, латын әліпбиіне көшу мен терминология мәселелері де назардан тыс қалған жоқ.
Мемлекет басшысы тілдер туралы баян­дағанда, терминология жөнінде де орынды ой қозғады. Расында да, термин, кірме сөздер мәселесін бірізге түсіретін кез келді. Олай етпесек, басқаны былай қойғанда, мектептегі бастауыштың 1-2-3 сынып оқушыларын қарадан-қарап шатастырып барамыз. Мәселен, жас жеткіншектердің оқулықтарында затқы (рогатка – аша немесе Байтұрсыновша айтқанда – жақ болса бір сәрі), бақия (картоп), орамжапырақ, қырыққабат (капуста – екі түрлі беріледі, қайсысына тоқтаймыз?) секілді көңілге қонымсыз сөздер кездеседі. Бір кездері қызанақты (помидор) кей аймақта қызыл домалақ, қиярды – көксобалақ, субұрқақты (фонтан) – шаптырма, тіске басарды – (закуска) шайнама деп те шатастық. Орыс тіліндегі «является», «являюсь» деген етістік сөздерді сөйлемде аударғанда «болып табылады», «болып табыламын» деп қосып қою сияқты өрескелдер жиілеп кеткені жасырын емес. Сонда, «Он является его отцом» немесе «Я являюсь студентом университета» деген сөйлемдерді оларша «Ол оның әкесі болып табылады», «Мен университеттің студенті болып табыламын» деуіміз керек болып шығады. Дені сау қазақ бұлай айтпаса керек.
Жолдауда жоғары білім беру ісіне қатысты бірқатар жаңа міндеттер қойылып отыр. Айталық, бүгінгі күн талаптарына сай жасанды интеллектпен және «үлкен деректермен» жұмыс жүргізу үшін ақпараттық технологиялар бойынша білім алатын түлектер санын арттыру, жоғары оқу орындарына білім беру бағдарламаларын жасауға көбірек құқық беріп, олардың академиялық еркіндігін заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету, оқытушылардың қайта даярлықтан өтуіне жағдай жасап, жоғары оқу орындарына шетелдік менеджерлерді тарту, әлемдік университеттердің кампустарын ашу қажеттігі нақтыланып берілді.
Біз жоғарыда атағандай, Президент Н.Ә.Назарбаев Жолдауда педагогтардың білі­мі мен біліктілігін арттыру, педагогикалық кафедралар мен факультеттерді дамыту, университеттерге академиялық еркіндік беру жайлы өте жақсы ой айтты. Бұған біз қол соғып, қуануымыз керек. Өйткені, бұларсыз ешбір маңызды құжат, ешбір міндет толыққанды жүзеге аспайды. Сондықтан, мұндай мүмкіндікті пайдаланып қалуымыз қажет. Осы ретте күнделікті өмірде кездесіп жүрген келеңсіздіктерді атамасқа тағы болмайды. Мысалы, білім ведомствосында отырғандар педагогикалық практиканы қысқартуға бейім тұрады. Педпрактиканың сағаттары жылдан-жылға қысқарып барады. Бұл мүлде дұрыс емес. Сонда, болар-болмас сағат бөлінген педпрактикадан толар-толмас тәжірибе үйренген бітіруші түлектен болашақта қандай мұғалім шығады? Егер, әдіскер-мұғалімнің оқу-әдістемелік көмегін көрмесе, оны тұшынып ұғынбаса, ондай практикантта қандай кәсіби шеберлік өнегесі қалыптасады? Біз, сонда, болашаққа қандай мұғалімдер даярлаймыз, қандай педагогтар әзірлеп шығарамыз деген сауалдар еріксіз ойға оралады. Мұны, біздіңше, 1-курстан бастап орта мектеп пен университеттің бірлескен дуальді білім беру жүйесіне айналдырған мақұл. Бұл – бір деп қойыңыз.
Екіншіден, жоғары педагогикалық кәсіби білім беруде мамандыққа тікелей қатысы жоқ, басы артық қосалқы пәндер әлі де кездесіп отыр. Айталық, «Тіршілік қауіпсіздігі негіздері», «Оқушылардың физиологиялық дамуы» , «Білім берудегі менеджмент», «Инклюзивті білім беру» сияқты пәндердің қазақ тілі мен әдебиеті, филология мамандықтарына қажеттігі де шамалы. Бұларды болашақ мамандар алдағы ұстаздық ғұмырында өздері-ақ меңгеріп алады. Оның үстіне, олар шәкірттерге оқытылып жатқан негізгі педагогикалық, психологиялық, оқу-әдістемелік пәндердегі сабақтарында онсыз да айтылып кетеді. Олардың орнына қазақ тілі мен әдебиеті мамандықтарында әлі күнге оқытылмай келе жатқан тиісті мамандыққа қажетті «Көркем шығарманы талдау әдістемесі», «Көркем шығарманың мәтінін талдау» секілді басқа да практикалық мәні бар қолданбалы әдістемелік пәндерді неге оқытпасқа? Алаштың ардақты азаматы, көрнекті тілші-ғалым, профессор Құдайберген Жұбановтың: «…Жүйелі білім беру үшін мұғалімнің өзінде де жүйеге салынған білім болуы керек»,– дегені бар еді. Сол айтпақшы, келешек пән мұғалімінің тікелей мамандығы бойынша өзекті пәндерден «жүйеге салынған» білім бергеніміз абзал болар.
Елбасы өзінің биылғы Жолдауына қатысты жасаған Мәлімдемесінде: «Білім беру жүйесінің барлық деңгейі заман шындығы мен экономика сұраныстарына жауап беруі тиіс. Бұл арада мұғалім мамандығының беделін арттыру керек», – деп қадап айтты. Бұл, әрине, мұғалімдердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына, оларды материалдық тұрғыда ынталандыруға тікелей байланысты болмақ. Ұлт Көшбасшысы Жолдауда мұғалімдердің мәртебесін арттыру мақсатында білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысы 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 30-50 пайызға көбейтілетінін, өткен жылдан бері жалпы білім беру саласы қызметкерлерінің жалақысы 29 пайызға өскенін тілге тиек етті.
Қазақ елінің білімі мен ғылымына байланысты айтылған міндеттердің барлығы ұлтымыздың рухани жаңғыруына, халықтың болашағына пәрменді қызмет етеді. Бұл орайда сөз етіліп отырған стратегиялық мәні бар құжатта Президент Н.Ә.Назарбаев халықтың әлеуетін арттыру үшін мәдениетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамыту керектігін, төл тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сонымен бірге, заман талабына сай шет тілдерін меңгерген әрі жаһандық озық көзқарасы бар Қазақстан азаматтары қоғамымыздың идеалына айналуы қажеттігін еске салды.
Түйіндей айтқанда, Елбасы ел біліміне үнемі назар аударып, білім беру саласын өскелең өмір өзгерістеріне сәйкес өркендетуге айрықша көңіл бөліп келеді. Биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауы жоғарыдағы айтылған ойларымыздың тағы бір жарқын дәлелі. Енді, ел болып жұмылып, осы міндеттерді жүзеге асыруға атсалысу баршамыздың ортақ міндетіміз.

Алдыңғы «
Келесі »