ЕЛІМІЗДІҢ МАҚТАНЫШЫ – ЖАМБЫЛ

  • 19.03.2018
  • 382 рет оқылды
  • 0

Азамат Омаров,
журналист

Жамбыл Жабаев қазақ даласының киелі ақын-жыршысы, бір ғасырда бір туар ғұла­масы. Жамбыл бабамыздан өлең-жыр­лары осы күнге дейін қанатты сөздерге өз ұлты мақтан ететін патриоттық сезімі бар аза­мат­тардың мақтанышына айнал­ған.
Соның бірінде:
Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт,
Ел бірлігін сақтаған татулықты айт! – деп айтып кеткен ұлы бабамыз.
Жамбыл бабамыз – өмірдің барлық ауыр-жеңілін көрген ұлы адамдардың бірі. Елі­­міздің талай арқалы азаматтары баба­мыз­дың алдын көріп, оның батасын алып, марқая түскені шындық. Бабамыздың өз халқына қалдырған жырлары осы күнге дейін елдің аузында. «Жамбыл деген – жай атым, халық – менің шын атым» – деп өзінің ұзақ жылдық шығармашылығында ел өмірі мен халық ынтымағын жыр етіп, әр уақыт өзін халықпен бірге ұстады.
Арзан болар алтын сөз,
Елеусіз жерге тастаса,
Ер қадірін ел баққан ерлер білер,
Зер қадірін зер соққан зергер білер! – деп, «әр нәрсенің бағасын өз бапкер, маманы біледі немесе сол нәрсенің қадіріне жететін адам біледі» деген екен бабамыз.
Еліміздің өсіп-өнген заманында, «өз елімді, өз жерімді, сыйлап, құрметтеп өтем» деген азаматтарға Жамбыл бабамыздың тарихи өмірін қозғап, айтып өтсек, аз болмас.
Жамбыл бабамыз, қазір өзінің есімімен аталатын облыста өзі аттас таудың баурайында дүниеге келді. Бұл туралы ақын былай дейді: «…Шу өзенінің қырға қарай беттеген жағында Хан мен Жамбыл деген екі тау бар. Сол Жамбыл тауының баурайында мен туыппын. Сондықтан, маған қарт таудың атын қойыпты. Бұл 1846 жылдың ақпан айы екен».
Көзінің тірі кезінде-ақ жиырмасыншы ғасырдың «Гомері» атанған қазақ халқының ұлы перзенті – ақын, айтыскер, сазгер Жамбыл Жабаев халқына жүз жыл қызмет жасаса, өзін ардақтаған халқы ақын дүниеден өткен соң, есімін болашақ ұрпаққа үлгі ету мақсатында бірталай ізгі шараларды іске асырды. Қазір республикамыздың бір облысы, үш ауданы, көптеген мектептер, кітап­ханалар, қалалар мен ауылдардағы көше аттары Жамбыл атамыздың есімімен аталады. Осы игі шаралардың ішінде атамыздың өмірінің соңғы жылдары (1938-1945) тұрған үйінде Қазақстан үкіметінің шешімімен ашылған музей-үйін де айтуға болады.
Атамыздың қартайған шағында, Алма­тыға көшіріп алуды сұрағанда, ұлы ақын: «Мені көшіріп қайтесіңдер? Қаласаңдар өзім барып тұрамын, мен осы Ұзынағаш топырағынан жаралғам. Жатқан жерім де осы топыраққа бұйырсын», – деген екен. 1938 жылы Жамбыл ақынның шығар­машылық өнерінің 75 жылдығы тойланды. Осы ме­рейтойға орай, үкімет ақынға 12 бөлмелі үй сыйлады, астына машина мінгізді. Ав­токөліктің маркасы – М1 МК. Сол заманда мұндай автокөліктер бүкіл Қазақстан бойынша 6-ақ адамда болған. Соның бірі Жамбыл ақында еді. Сол машина музейдің сыртында тұр.
Атамыз қайтыс болған 1945 жылдың қыркүйек айының 15 күні шыққан үкімет қаулысының бір тармағы осы музей-үйінің ашылуы жайлы болған еді. Осы қаулы шық­қаннан кейін, бір жыл бойы дайындық жұмыстары жасалып, 1947 жылдың 8 маусымында ресми түрде Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалды музей-үйі болып ашыл­ған.
«Балалық және жастық шақ» деген экс­по­зициясында қазақ суретшілерінің кар­тиналары, жас ақынның домбырасы, бала кезінде ақын тұрған қыстаудың ма­кеті қойылған. Оның алғашқы ұстаздары жайын­дағы материалдар да осында. «Сүйін­бай» деген атпен өлеңдер мен айтыс­тар жинағы 1935 жылы жарық көргені туралы хабар да сонда. Халыққа аты мәшһүр бұл ақын Жамбылдың тұңғыш ұстазы болған еді. «Ақындық жо­лы­ның қалыптасуы» атты ке­лесі бөлме де ақынның ұстазы Сүйінбайға арналады.
Жамбыл кезінде:
Менің пірім Сүйінбай,
Сөз сөйлемен сыйынбай,
Сырлы, сұлу сөздері
Маған тартқан сыйындай, – деп жыр­лаған. «Айтыс өнерінің алтын діңгегі» санал­ған ақиық ақын Сүйінбай Жамбылға «Адал бол, шындықты жырла, халқыңа жа­қын бол!» деген өмірлік бата берген.
Жәкең бір ғана Сүйінбайдан оқымаған. Қазақта бұл өңірде сол тұста атақты ақыннан Майкөт ақын, Қабан ақын, Бақтыбай ақын, Құ­ланаян Құлмамбет секілді ақындар бар еді. Сүйінбай бастаған осы төрт-бес ақын­ның және кейін Жамбылдың да, бәрінің де қырғыздың халық поэзиясымен көп жақын­дығы болатын.
Сарыбай Айдосұлы (1821-1864) – Жәкең­нің шығармашылығына едәуір әсер еткен тұлға. Екей елінен шыққан алғашқы би. Екей елінің басын біріктірген. Жамбыл жас күнінде «Сарыбайға» өлеңін арнаған.
Сареке, салдым бір сөз сыныңызға,
Сіздің сын таразы ғой сырымызға.
Қолыма домбыра алып талап қылдым
Бересіз қандай баға ұлыңызға, – деп алдынан өтіп, ақ батасын алған.
Жамбыл атамыз қазақ даласының жыр­шысы, аңызға айналған жыр алыбы болды. Оның даналық сөздерін есту үшін мұнда ақындар, жазушылар мен колхозшылар, студенттер мен мектеп оқушылары келетін. Ұлы ақын осында отырып, халық поэзиясының інжу-маржанын жырлайтын. Жамбыл туын­дыларының классикалық үлгілері болып сана­латын ең жақсы шығар­малары советтік әдебиеттің алтын қорына қосылды.
Жамбыл ақынның көзі тірісінде үйі­нен қонақтар үзілмеген. С. Мұқанов, Б. Мо­мыш­ұлы, М. Ғабдуллин, М. Әуезов және т.б. әдебиет, өнер майталмандары болған. Бұл жердегі көк түсті шәй сервизі, академик, ботаник Келлердің ақынға арнаған сыйлығы (1938 жыл). Соғыс жылдары Мәскеудің үлкен театры Алматыда болған. Сол театрдың бір топ әртістері ішінде атақты балерина Галина Уланова бар және кинорежиссер Сергей Эйзейнштейн 1942 жылы Жәкеңе самаурын, ожау, поднос сыйға тартты. «Жамбыл колхозшылар арасында» кар­тинасының авторы – немістің Риттих деген суретшісі. Көзі тірі­сінде (1944 жылы) автордың өзі оны ақынға сыйға тартқан.
Ағытылған ән-жыр. Дала пернелеріне тіл біткен. Ақындардың өлең сөзбен өрнек салған айтысы! Бұл айтыстың ең үлкен төрешісі – халықтың өзі. Халық эпосын, қа­зақ даласындағы бүкіл өмір оқиғаларын кім жақсы білсе, бүгінгі күннің оқиғасына кім қолма-қол ақындық шеберлікпен төгіле үн қоса білсе, сол жеңімпаз аталмақ. Жамбыл шығыстың фольклорлық бай мәдениетін өз бойына таңғажайып таланттылықпен дарыта білді. Оның әуелде айтыспенен атағы шықты. Қазақ даласының халыққа қас би­леу­шілеріне қарсы айтқан уытты, отты өлеңдері ақынды халықтың ой-арманын айтушы жыршыға айналдырды. «Революцияға дейінгі шығармашылығы» деген экспозицияда 1916 жылғы көтеріліс туралы картиналар, мүсінші Х. Наурызбаевтың «Амангелді Иманов» атты мүсіні, Жамбылдың киімі және өзінің 1913 жылы ақындар арасында тұрып түскен суреті бар.
Жамбылдың ақындық өнер жолы 1862 жылдан басталады. Сол жылы ол өзінің «Шағым» деген тұңғыш өлеңін шығарған. Бірінші дүниежүзілік соғыс қазақ даласына жаңа қайғы-қасірет әкелді. Зорлық-зомбылыққа төзе алмаған халық 1916 жылы қолына қару алды. Қазақ халқы әлемдегі ең ақынжанды халықтардың бірі, қазақ жерінде өлең-өнер күн сайын туындап, көктемгі даланың гүліндей шешек атып, жайнап тұ­рады деген пікірді дүниежүзі халықтары бағзы замандардан бері аңыз ғып айтып келеді. Кез-келген үйден, тіпті, ең кедей деген үйдің өзінен көшпенді жұрттың ажырамас серігі – домбыраны кезіктіруге болады. Қос ішектің әуезді әуенімен ашу-ызасы, қайғысы мен қуанышы ән болып айтылатын, жыр болып таралатын халық бұқарасының қалың ортасында жүрген ақындар творчествосынан көтерілісшілер тағдыры сырт қала алмады. Өлең сөздің құді­ретті күшінен қорыққан жергілікті әкімдер Жетісудың көптеген бел­гілі ақын­дарын тұтқынға алды.
1916 жылы көтеріліс халықты қанға бөк­тірді. Бұл уақытша болса да, Жамбылды тұралатып кетті. Кейіннен ол «жақсы өлең айтуға күшім жетпеді, өше бастадым» – деп сол кезді еске алатын. «Октябрь революциясы және Жамбыл творчествосы» деген арнаулы экспозиция музейден үлкен орын алған. Мұнда Жетісуда Совет өкіметі жолында күрескендердің портреттері; 1919 жылғы май-июньде өткен ақындар мен күйшілердің слеті жөніндегі материалдардың фотокө­шірмелері; Верныйдағы сол слет өткізілген үйдің суреті; ақынның қайта туған творчест­восымен таныстыратын материалдар қойыл­­ған. Жаңа кезең туды. «Аврораның» дү­ниежүзін шарлаған құдіретті үні Қазақ­стан дала­сына теңдік ала келді. Ол халықтың ауыз әдебиетінің жаңадан өрлеуіне өмірлік күш берді. «Менің өмірім» деген шығармасында ақын өзінің қайта туғаны туралы әңгімелейді.
Ақын домбырасын баптап, ауыл-ауылды аралап, қайтадан қанат қақты. Оның Қазақстанда Совет үкіметінің орнауын мадақ­таған тұңғыш өлеңі 1920 жылы шық­қан болатын. 1927 жылы Жамбыл қоғам­­дық өмірге белсене қатысады, қазақ ауыл­дарындағы егістік пен шабындық жер­лерді қайта бөлу ісіне араласады. «Замана ағымы» дастаны осыған арналған. Ақын мұны Ұзынағашта, кедейлердің көпшілік жиналысында жырлаған.
Қызықты да, кең ауқымды экспозиция Жамбылдың қазақ өнерінің Москвадағы тұң­ғыш онкүндігіне қатысуына арналған. Мұнда ақынның Сәбит Мұқановпен, Кү­ләш Байсейітовамен, Тайыр Жароков­пен және колхозшылармен, мемлекет қайрат­кер­лерімен кездесулерінің фото­суреттері, картиналары қойылған. Қазақ ССР Жоғарғы Советінің бірінші шақы­рылуының депутаты, Советтердің бүкіл­қазақстандық төтенше Х сьезінің делегаты болғандығының мандаттары, ақынның ең алғашқы наградасы – Еңбек Қызыл Ту ордені, белгілі суретші М. Соловьевтің «М. И. Калинин Жамбылға орден тапсырып тұр» деген картинасы да осында. Қазақ өнері мен әдебиеті кемелдене түсті. Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, Серке Қожамқұлов сияқты тамаша таланттар саңлақтанып шыққан еді. Бұл тұста сүйікті әнші Күләш Байсейітованың жұртты бірден баурап алатын ғажайып даусы шырқап тұрған-ды.
1934 жылғы июньде қазақтың ұлттық өнері шеберлерінің тұңғыш республикалық слетінде; одан соң 1936 жылдың апрелінде ақын­дардың екінші слетінде Жамбыл зор та­бысқа жетіп, алдыңғы орындарға ие болды. Қазақ өнерінің Москвадағы тұңғыш онкүндігіне қатысу үшін ақындық өнердің өрен жүйріктерінің өзіндік іріктеу айтысына айналған екінші слетте ол сыршыл лиризмге толы «Туған елім» толғауын шығарды. Бірінші күннен кейін бұл толғау «Социалистік Қазақстан» газетінде басылды. Ал, ол 1936 жылы майдың 7-і күні Павел Кузнецов аудармасымен «Правда» газетінде жарық көрді. Москва онкүндікке қа­ты­сушылармен бірге қазақ даласының ақсақал ақынын зор қошеметпен қар­сы алды. Бұл ақынды таңдантып қана қойған жоқ, оны тамаша өлең-толғаулар шығаруға шабыттандырды.
1936 жылғы майдың 17-нен 23-не дейінгі аралықта өткен онкүндікте Жамбыл қолма-қол төгіп шығарған толғауларын жырлаумен болды. Бұл күндері қарт ақын домбырасын қолынан тастаған жоқ. Суырып салып айтатын жыршының ақындық шабыты Ленин мавзолейінде болып қайтқаннан кейін, әсіресе, шарықтай түсті. Ол Ленин бейнесін жасау үшін ақындықтың небір айшықты әсем бояуын қолдана білді. Онкүндіктің қоры­тындылары туралы айта келіп, «Правда» газеті 1936 жылғы 27 майдағы «Жеңген халықтың өнері» атты бас мақаласында: «…қа­зақ халқы Октябрь Социалистік революциясы арқылы, азаттық алғаннан кейін, оның өнері шұғыла боп жарқырып, мың сан бояу шашқан от-ұшқынға айналды» деп жазды.
Бұл от-ұшқынның ішінде Жамбылдың саф алтындай таланты айрықша қырымен жарқ етіп көрінді. Ақын халық даналығының өлшеусіз қазынасы туралы жырлады. Бұл қазынаны өз бойына дарытқан ол былай деді:
Жұртым топ боп жиналып,
Сөйлеуге кезек бергенде.
Дауыста, Жамбыл, дауыста,
Сөйлеп бір жібер, сөйле енді.
1936 жылы 26 майда онкүндік қорытын­дысында Жамбыл Еңбек Қызыл Ту ор­де­німен наградталды. Награданы М. И. Калинин тапсырды. Астанадағы қоғамдық ұйым­дардың көптеген өкілдерімен болған кездесулер ақынға зор әсер етті. Мұның бәрі өзі шығарған өлеңдерде бейнеленді.
1937 жылы декабрьде оның Москваға екінші рет баруы және сол жақтан Тбилисиге, Шота Руставелидің бүкіл дүниежүзіне белгілі «Жолбарыс терісін жамылған батыр» поэмасының 750 жылдығын тойлауға ар­налған СССР Жазушылар одағы басқар­масы­ның пленумына барған сапары «Кав­­казға саяхат» деген кітабына кірген топ-топ өлеңдерінің жазылуына себеп болды. Ақын­ның 1938 жылы Қазақ ССР Жо­ғар­ғы Советінің депутаты болып сайлануы оның халық алдында сіңірген еңбегін баға­лағандық болып табылады. Мемлекет тарихында тұңғыш рет парламент мәжілісі ақын өлеңімен ашылып еді. Онда ақын:
Жер жүзінің адамы –
Немерем бе, балам ба,
Ашады топты мендей боп,
Оған да жоқ күмәнім, – деп қуанышты ұрпақ туралы жырлады. Бұл күндері қазақ халық поэзиясының ақсақалы өзі­нің творчестволық 75 жылдық юбилейі қар­саңында тұрған еді.
Жамбылдың творчестволық қызметінің жетпіс бес жылдық мерекесін тойлау жөніндегі экспозицияда елдің түкпір-түк­пірінен және көптеген шетелдерден «ха­лық поэзиясының ақсақалды алыбына» жіберілген телеграммалар мен хаттардың фото­репродукциялары, сондай-ақ, СССР Жо­ғарғы Советі Президиуымының оны Ле­нин орденімен наградтағаны туралы 1938 жылғы 19 майдағы Указы, мерейтой иесіне тапсырылған адресаттар, фотоальбомдар, сый-сияпаттар қойылған. Суретші Л.Островскийдің ағаштың түр-түрімен бе­зен­діріп, өрнектеп жасаған және суретші Г. Аткниннің жібек жіптен тоқып салған пор­треттері, советтің көрнекті ботаник-экологі Б. Келлердің тартуы – орыс фарфорынан жасалған шай ішуге арналған ыдыс-аяқтар да осында.
«Совет көркем әдебиетін дамытудағы аса көрнекті табыстары мен жетістіктері үшін» наградталған 52 ақын-жазушының ішінде Жамбылдың «Құрмет Белгісі» орденімен наградталғаны туралы 1939 жылғы 31 ян­варьдағы Указының фото­көшірмесі де, 1941 жылдың мартында берілген Мем­лекеттік сыйлық лауреатының дипломы да осы экспозицияда.
Ақынның творчестволық қызметінің 75 жылдығын тойлау – Жамбыл өлеңдерінің үлкен мереке-мейрамына айналды. 1938 жы­лы майда Алматыда, Қазақтың мем­ле­кеттік филормониясы үйінде өнер шебер­лерінің республикалық слеті болды. Оны Мұхтар Әуезов ашып, халық ақындарының ақсақалы Жамбыл творчествосы туралы әңгімелеп берді.
«Қазақстанның даңқты ақынының тіл жетпейтін лиризмге, ұмытылмас образ­дар­ға толы тамаша өлеңдерінен, – деп жазды 20 майда «Правда» газеті, – совет халқы өмір тынысын анық сезеді, біздің дәуі­ріміздің қозғалысын сезеді, өз тебіреніс – тол­ғаныстарының жүзеге асқанын көреді, өздерінің ең абзал ойлары мен көңіл-күй­лерінің ақындық тіл тапқанын көреді». Елдің түкпір-түкпірінен және шетелдерден ақынның атына құттықтау хаттар мен телеграммалар келіп жатты.
Ешқашан да және еш жерде де бірде бір ақынның творчестволық қызметінің 75 жылдық мерекесі мұншалық кең, әрі мұншама салтанатты түрде тойланған жоқ. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Жамбыл твор­чествосына арналған экспозиция­да қор­шау­дағы Ленинградта басылған «Ле­нинградтық өренім!» деген плакат бас­ты орын­дардың бірін алады. Отан қорғау жо­лындағы ұрыс далаларынан келген Совет Армиясы солдаттары мен офицерлерінің ақынның арнау өлеңіне қайтарған жауап хаттары қойылған. Ақынға деген сый-құрметтің белгісі ретінде Ленинградтың 250 жылдығына арналған медальда осында. Бұл медаль 1959 жылдың мартында жіберілген. Отан қорғаудағы ерлік іс әрқашан да ерлік сөзді тілейді. Ақындардың ақсақалы жауға соққы бер деп өлеңмен ұран тастады. Барша жұртқа кең тараған өлеңдерді үсті-үстіне толғаумен болды.
Жамбылдың 1941 жылы 5 сентябрьде ре­во­люция бесігінің ержүрек қорғаушы­ла­рына жіберген ақындық толғауын ленин­градтықтар ешқашан да ұмытпақ емес.
Ленинградтық өренім,
Мақтанышым сен едің!
Жетсін дейді сендерге
Жыл құсындай өлеңім…
Бұл жыр ленинградтықтарға радио ар­қылы берілді, плакат боп басылды. Олар бұл гимн-өлеңді бүкіл совет халқының ой-сезімінің белгісіндей қабылдады. Жамбыл жырлары майдан жауынгерлеріне кең тарады. Бұл жырлар солдаттар ұрысқа аттанғанда, өздерімен бірге қаһарлы қаруға айналды. Ақын Ленинград тақырыбына сан рет оралып отырды. 1942 жылы майда ол «Ленин қаласы», ал, ноябрьде – «Ленинград жеңеді», 1943 жылы февральда «Ленинград жастарына» өлеңдерін шығарды. Батыр қалалар – Москва, Ленинград, Сталинград туралы өлеңдері бұл қалаларды қорғаушылардың ұранына айналды. Жамбылдың өлеңіне жауап ретінде барлық майдандардан хаттар келіп жатты. Бұл хаттарды алғы шептердегі окоптардан солдаттар мен офицерлер жазатын. Ақын өлеңдерін орысшаға аударушы Павел Кузнецов та хат жазған еді: «Біздің Жауынгер Қызыл армиямыздың «Отан үшін» газеті жорықтарда, ормандарда және окоп­тарда шығады. Қымбатты Жәке, біздің газе­тімізге өзіңіздің жаңа өлеңдеріңізді жібе­руіңізді сұраймын… Өлеңдеріңіз бізбен бірге жорықтар мен ұрыстарға барады…».
1942 жылы 1 июньде «Правда» газеті бы­лай деп жазды. «Сіздің өлеңдеріңіз бізге жаңа күш қосты, отанымыздың жауларына деген өшпенділікті күшейтіп, біздің ша­буыл­ға деген жігерімізді арттыра түсті. Рахмет, қымбатты ақын, бізді қуантқаныңыз үшін сізге жауынгерлік қызылармиялық рақ­ме­тімізді айтамыз. Бәріміз де сіздің жыр­лары­ңызды жатқа білеміз. Жаумен шайқаста жеңіс символы тәрізді өлеңдеріңізді оқ-дәрінің түтіні мен артиллерия гүрсілі арасымен алып өтеміз».
Ақынның ұлы Алғадай майданда жауға қарсы шайқасты. Алғадай 1943 жылы 22 февральда Синельникова қаласы түбінде ер­лікпен қаза тапты. Жамбыл бұл қазаға қатты қайғырды. «Алғадай туралы ой» деген жоқтау жырын толғады. Ақынның Ұлы Отан соғысы кезінде шығарған жырлары оның патриотизмінің тамаша ескерткіштері. Олардың өзі «Соғыс жырлары» деген тұтас бір жинаққа айналды.
1945 жылдың 22 июнінде сағат 7-ден 55 минут өткенде, халық поэзиясы алыбының жүрегі тоқтады. Ол қазақ хал­қының ғасырлар бойғы арманын асылдай сақтап келген еді. Арнаулы экспозиция Жамбылмен қоштасу сәтін әңгімелейді. Ақынның елімізде және шетелдерде басылған шығармалары мен көп-көп фотосуреттері осында қойылған. Халық поэзиясы алыбының өліміне дүниежүзіндегі көптеген елдердің өкілдері қайғырып көңіл айтты. Оны жерлеу халықтық сипат алды. Ол ғажайып өлең-жырлармен, дастан-толғау­лармен өзіне тамаша ескерткіш орнат­қан еді. Ол қазақтың ерлік эпосын алға апарушы лайықты мұрагер бола білді. Ақынның бүкіл өмірі ақиқат және аңыз сияқты. Өлең сөздің алыбы бұл өмірге өзінің адуын айтыстарымен келген-ді.
Қазір өлең, жыр айтыстарына қазақ дала­сының жүздеген жыршылары қаты­сады. Экспозицияда Жамбылдың ізбасар­ларынан Кенен Әзірбаевтың, Нұрпейіс Байғаниннің, Иса Байзақовтың Нартай Беке­­жановтың, Жам­былдың немересі ақын Әлімқұл Жамбы­ловтың және басқа да көптеген белгілі сөз шеберлерінің портреттері берілген.
Жамбыл бүкіл еліміз болып, оның жүз жылдық мерекесін тойлауға әзірленіп жатқан кезде дүниеден қайтты. Ол той 1946 жылдың июнінде кеңінен аталып өтті. Еліміздің мәдени өміріндегі бұл оқиғаға арнаулы стенд жасалынып, онда елдің түрлі түкпірінен музейге жіберілген тарту-таралғылар қойылған. Экспозицияның дәл ортасында 1946 жылы 3 июльде Алматыда болған мерекелік концерт­тің жарнамасы көрінеді. Соның қабатында Алматы керамикалық заводының мерекелік вазалары қойылған.
Әдеби-ескерткіш музейге саяхатымыз аяқ­талып қалды. Үйдің ортасында ас іше­тін бөлме бар. Ақынның тірі кезінде мұнда көп адамдар болған. Жазушылар да, жыршылар мен музыканттар да, ғалымдар мен суретшілер де, жұмысшылар мен колхозшылар да, студенттер мен мектеп оқушылары да келіп қайтқан. А. Толстой, Л. Соболев, М. Әуезов, П. Тычина, К. Байсейітова, Б. Келлер, С. Эйзейнштейн, Ә. Қастеев және ақын талантына бас июші өзге де көп-көп кісілер осында болып, ұлы ақынмен тіл­десіп, әңгімелескен. Үйдің сол жақ қа­на­тында, бұрыштағы бөлмеде ақынның жұ­мыс кабинеті тұр. Бұл жұпыны ғана бөлме, стол, кресло, радиоқабылдағыш, орыс, қазақ тілдеріндегі кітаптар жиналған шағын кітап­хана, 7 сағат 55 минутты көрсетіп, тоқтап қалған қабырға сағаты. Жамбыл атаның жү­регі дәл осы сәтте тоқтап еді. Кабинетпен жап­сарлас терезесі теріскейге қараған бөлме ақынның ұйықтайтын бөлмесі.
Бұл бөлме Жамбыл дүниеден қайтқан сәттен ешбір өзгермеген. Есіктің оң жағында киім ілінген шкаф тұр. Оның қатарында Амангелді Имановтың шабуылға шығар кезі бейнеленген кілем ілінген. Бұл кілемді ақынға 1938 жылы Қазақ ССР Министрлер Советі тарту еткен. Бұрышта түрлі қымбат ағаштан қиып жасалынған шифонер. Терезе алдында күнделікті тұрмысқа керекті заттар қойылған айна тұр. Ол заттар – қымыз құятын құмыра, қолға ұстайтын таяғы, шылым салғыш және оның өмір серігі болған кәрі домбыра.
Әдеби-ескерткіш музейдің экспозиция­сы ақынның бір ғасырлық өмірі мен твор­чествосының тамаша ескерткіштеріне ай­налды. Ақын өмірі қазақ даласының, ха­лық­тың тағдырымен біте қайнасқан еді. Жыр­шы ғасырлар бойы халық жүрегінде жинақталған даналықпен сусындап, оны өз жырларына өзек ете білген-ді. Мұнда жыр саңлағы болған дана қарттың зиратына тәжім ету үшін музейге келген меймандардың небір тебірене жазған ыстық лебізді сөздерін оқуға болады.
Сондай-ақ, біз жыр алыбы – Жамбыл өміріне қатысты материалды даярлау барысында, атақты ақынның жерлестері – ел басқарып отырған азаматтардың ой-толғаныстары мен пікірлерін де білгенді жөн көрдік. Төменде сол пікірлерді назарға ұсынып отырмыз.
Жандарбек Далабаев, Алматы облысы Жамбыл ауданының әкімі:
– Қоқандықтарға қарсы күрескен Саурық, Сұраншының ерліктерін Жамбыл баба да жырлаған. Одан бөлек «Өтеген батырды», «Қарасай батырды» жырлаған. Сәбит Мұқанов Бауыржан Момышұлын ертіп, Жамбыл ақынға батасын алу үшін барады. Сол кезде С. Мұқанов:
– Баяғы, Ғазіретті Ғали сияқты, майданда жауды жайпап жүрген Бауыржан деген батыр балаңыз осы, – дейді. «Талай немісті қырып салған, нағыз ердің ері. Соғыстан келіп еді, енді, соғысына қайта кеткелі жатыр. Сізге сәлем беріп, батаңызды алып кетемін, деп отыр», – деді.
Жәкең: «Түсі тым суық екен, батыр болса болар!» – деп Бауыржанға бұрылып: «Батыр болсаң, сен Өтеген мен Сұраншыдан күштімісің, соны айтшы» – дейді. Батыр еш саспастан: «Өтеген қаптап келе жатқан өрт сияқты, Сұраншы сарқырап аққан су сияқты батыр болатын. Дүниеде от пен судан күшті жоқ. Мен ол екеуінің ешқайсысына пара-пар емеспін. Мен – оттың ұшқыны, судың тамшысы ғанамын, Жәке!» – деген екен.
Жамбыл ақынның кесенесі музейдің артында орналасқан. Ақынның кесенесі туралы мына бір жайды айтпай кетуге болмайды. Жәкең өмірден өтерде, өзі өсиет етіп, сүйегін ата-бабалар жатқан қабірстанға емес, өзі тұрған үйінің іргесіндегі алма бағына жерлеуді аманат етеді. Ақынның осы өтініші орындалып, сүйегі жалпы қорымнан бөлек, өзі өсиет еткен алма бағының ортасына жерленді. Мүрдесінің басына, 1946 жылы ақынның 100 жылдық мерейтойының қарсаңында, үлкен, биіктігі 18 метрлік ерекше шығыстық архитектура үлгісімен (кесененің жобасын жасаған Қазақстанның халық суретшісі Ә.Қастеев, архитекторы сол кездегі Алматы қаласының бас архитекторы болып істеген Белоцерковский болған) кесене (мавзолей) салынды. Кесенеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп тұрады. 1971 жылы ақ мәрмәрмен қапталса, 1983 жылы күмбезі тағы да 4 метрге биіктетіліп, сән салтанаты арта түсті. Ақынның 150 жылдық мерейтойы қарсаңында Иран елінен арнайы алдырылған ою-өрнекті плиткалармен көмкеріліп, кесене алдына, өмірде өзіне желеп-жебеуші болған қызыл жолбарыстың мүсіні орнатылды. Жәкеңнің жанында атақты композитор Нұрғиса Тілендиев жер­ленген. Жәкеңнің басына келіп, тағзым ет­кендер, бұл кісіге де «пісіммілләсін» арнап кетеді.
Есен Үстелбаев, Алматы облысы Жамбыл аудандық сотының төрағасы:
– Дина Жамбылға кешеуілдеп келеді. Бір жас бала оны жетектеп алыпты. Сырттан біреулер «Дина келе жатыр» дегенде, Жәкең орнынан ұмтыла тұрып:
– Ойбай, ол кемпірдің алдынан өзім шығайын, – деп есікке қарай беттеді. Бір шал, бір кемпір тағы да шұрқырасып қалды. Бірін-бірі құшақтап, арқасынан қағады. Бірі: «Шалым-ау, орденің құтты болсын!» – десе, екіншісі: «Мен сені алаңдап көп іздедім, неге жатып алдың, а?» – деп наз айтып жатыр. Айнала қоршаған жұрт кемпір мен шалдың бұлайша сәлемдескеніне, қалжың сөзіне мәз-мейрам болып күлісіп алды. Дастарқан басына отыра бергенде, Жәкең домбырасын шертіп:
Көп болды, Дина, сені көрмегелі
Орден ап, өрге шауып өрнегелі
Сен дегенде, көңілдің ілгіші бар
Келдің бе, сол ілгішті жөндегелі? – деп бір өлеңді бастай берді. Жәкең қолқа салған соң, сол кезде Дина Құрманғазының «Серперін» шертіп береді. Тәтті күйдің әсерінен соң, «Динажан-ай, қолың не деген шебер еді!» – деді. Сол кезде күйші Дина: «Сіздің мына сөзіңіз менің ұстазым Құраекеңнің сөзімен төркіндес болды-ау». Ол кісі кезінде: «Менің оң қолым мен Ди­наның сол қолын бір кісіге берсе, дүниеде одан асқан домбырашы болмас еді», – деген еді.
***
Жамбыл Шашубаймен кездескен кезде өлеңді көп айта қоймай, тоқталып жүрген кезі екен. Осы кезде ел ішінде болған бір оқиғадан ағайынға өкпелеп, Балқаш көлінен қайтқанда Арқадан бергі жаға өткен Шашубай Шу, Іле бойын әнімен ажарландырып, Алматыға келеді. Арқаның әсем әнін аспандата шырқаған Шашубай Жетісу елін аузына қаратады.
Әркімге сөйлеп-сөйлеп беріп жүрмін деп әнін тоқсан толқытып, Алатау шоқты­ғынан асырады. Ол Ұлы жүз жиындарында өз елін, Арқаны көтере мақтайды. Арқа­дан келіп, Ұлы жүздің ішінде кісілікке ілінген, саудамен байыған адамдарын жер-көкке сыйғызбай, мақтан етеді. Шашубай мақтанының негізгі арқауы Байбұлан, Бақия, барлыбек, Тұрлыбек болады.
Байбұлан Алматы атырабына аты шық­қан Шапыраштының белді болысы Мәң­кеге хабар айтып, сол арқылы Жамбылды Алматыға алдырады. Ондағы ойлары Жамбыл мен Шашубайды айтыстырмақ болады. Жамбылдың Алматыға келген хабарын естіген соң, Байбұлан: «Тамаша менің үйімде болсын», – деп, үйіне шақырады.
Баласы Қошқарбайдың мен Шашубай,
Пәндесін артықты, кем қылған құдай.
Саңлағын Алматының, жиып алып,
Сыйлады қонақ қылып Байбұлан бай.
Шаһарым Троискі, Қарқаралы,
Барады кешкі базар тарқағалы.
Бірқатар тосын адам кіріп келді.
Уа, шіркін, ішінде бұл адамның
Жамбыл бар ма,
Сол шіркін кеп отыр ма бағаналы, – деп, гармонымен төңкеріліп, әнін қосады. Осыны бір айтып, әнін төңкерілте бір қайтарып тастап, Жамбылға бір соқтығып, түрткі салып, бір өтеді де, сөзбен Жамбылмен бірге келген кісілерге соқтығысады.
Айтыс ұзаққа созылады. Шашубай Жам­былдың құдіретті де, қуатты сөздеріне мойын ұсынады.
Ақын жазушылардың ішінде Қазақстан Жазушылар одағынан мүшесі жамбылтанушы еліміздің белгілі жазушыларының бірі осы Ұзынағаш ауылының тумасы На­ғашыбек Қапалбекұлын айтпай кетуге бол­майды. Біздің ағамыз өзінің 40-қа жуық кітап­тарында әнгіме, повесть және романдарында Жамбыл бабамыз туралы көптеген қызықты деректер келтіреді.
Аллаға шүкір, осы сапарымда Қасиетті бабамыздың немере қызы Салтанат Жамбылова апамызды көріп, батасын алып, көңілім толып, марқайып, Жамбыл бабамнан бата алғандай болдым. «Балам, қайда жүрсең де Жамбыл атамның әруағы қолдап-қорғап жүрсін!» – деп жылы шыраймен шығарып салды Салтанат апамыз. Осы еңбекті жазу барысында Салтанат апамыз тарихи деректерді тауып беруге көп көмектесті.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.