Адамзат қоғамының рухани-адамгершілік келбеті мен болашағы

  • 19.03.2018
  • 831 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Берік Аташ,
Шет тілдер және іскерлік
карьера университеті, философия ғылымдарының докторы

Қазіргі таңда жалпы адамзаттық және отандық қоғамдық санадағы қозғалып жүрген өзекті мәселелердің бірі – рухани-адамгершілік дағдарыстар мәселесі. Осыған орай, алдымен, проблемалық алаңдағы «Қазіргі адамзат қоғамында моральдік-рухани құлдырау бар ма, жоқ па: болса қандай деңгейде, болмаса оның бастапқы белгілері бар ма?» – деген сауалды рационалдық тұрғыдан саралаймыз. Мысалы, 1912 жылы «Айқап» журналына жарияланған «Менің бес сауалыма жауап беруіңізді сұраймын» деген тақырыпта жазылған мақаласындағы: «Алланың адамды жаратқандағы мақсаты не? Адамға тіршілік не үшін керек? Адамға өлген соң, мейлі не жөнмен болсын, рахат-бейнет бар ма? Ең жақсы адам не қылған кісі? Заман өткен сайын адамдардың адамшылығы түзеліп бара ма, бұзылып бара жатыр ма? Қай түрлі жауап берсеңіз де дәлеліңіз не?» – деп қойылып отырған мәселені, біз, бір ғасырдан соң қайтадан пікірталас алаңына шығарып отырмыз. Осыған орай, қазіргі таңдағы теориялық және бұқаралық санадағы үш түрлі жауапты туындатып, оларды саралап, дәйектемелер бере аламыз. Бірінші, моральдік-рухани құлдырау жоқ; екінші, жауап беру қиын, белгісіз (бейтараптылық); үшінші, моральдік-рухани құлдырау бар және оның алдын-алуымыз қажет. Ендеше, бұл үш бағытты тереңірек саралап, оны психоаналитикалық, феноменологиялық, прагматистік, т.б. тұрғыдан зерделеп, аталған көзқарастардың ішкі ой-пікірлерін туындатып, негізгі бағдарларын талдап көрсетіп, мынадай пікірталастар алаңын туғыза аламыз.
Бірінші, шындығында да, біздіңше, рухани-моральдік құлдырау жоқ деп елес­тетсек, мынандай ойларды туындатуымызға болады: а) ол – иллюзия, яғни, бізге солай сияқты болып көрінеді, керісінше, моральдік өрлеу бар. Мысалы, құл иеленушілік қоғам, оның әйгілі ойшылы Аристотельдің қуаттауы; абсолютті монархияны Г.Ф.Ге­гельдің қолдауы т.б. ескерсек, ондай қоғамдар бүгінгі күні білімсіздік қана емес, адамзаттың моральдік тұрғыдан дамымаған дәуірі болып есептелген еді. Ал, бүгінгі таңдағы адамзат үшін құл иеленушілікті жаппай қолдау тым тұрпайылық қана емес, аморальдік құбылыс болып табылады. Орта ғасыр­дағы христиандардың, мұсылман дініне дейінгі арабтардың әйелдерге деген қатынасы (өз қыздарын олардан құтылу үшін тірілей көміп тастау), тіпті, ХХ ғасырдағы фашизмдегі концлагерьлердегі әрекеттер т.б. салыстырғанда, бүгінгі адамзаттың қаншалықты рухани-мо­раль­дік тұрғыдан кемелденгендігінің куәсі бола аламыз;
б) ол консерваторлық аңсау – заманы өткендердің жаңаға бейімделе ал­маушылығынан туған бейсаналық қорғаныш тетік (өз кінасын өзгеге көшіру – проекция); Бұны қарапайым ескі мен жаңаның, консерваторлар мен либералдардың арасындағы диалектикалық қайшылық деп те түсіндіруімізге болады. Ескілер мен консерваторлар тек қана моральдік-рухани сала емес, барлық жаңаларды жаны сүйе бермейді. Моральдік құлдырау мифі сол жаңаға деген жағымсыз көзқарастардың бірі ғана. Жаңаға бейімделе алмаушылық – оны жек көрумен келіп шартталады. Ол саналы-бейсаналы түрде жүзеге асатын үдеріс. Ескіні аңсаушылар үшін моральдік құндылықтардың өзгеруі болып отырған үдерістер рухани құлдырау сияқты болып көрінеді. Сондықтан, өз заманындағы құндылықтарға қайта оралуды аңсаушылық бейсаналы түрде туындап шығады. Олай болса, ғасырлар бойғы «ұрпақтар рухани-моральдік тұрғыдан құлдырап бара жатыр» деген сарын осы артқа тартушы ескілердің көпшілікке сіңірілген тұжырымы болып шығады. Егер, бұл сарынның субьектісі неғұрлым зиялы, халық арасында беделді болса, соғұрлым оның пессимистік сарындары қоғамдық санада орныға түседі деген ой қисыны өздігінен туындап шығады.
в) адамзат қоғамындағы «құлдырау» деп жүрген құбылыстар табиғи эволюцияның балансы мен реттеушілігі, сондықтан, оларды «құлдырау» деп айта алмаймыз. Адамзаттық құндылықтардың өзгеруі құлдырау емес, эволюцияның өзі тағайындаған, табиғаттың өзі қалаған өзгерістермен шартталады. Мысалы, бір жыныстылардың некесі (моральдік құлдырау) – жер бетіндегі адам санының табиғи реттеушілігі (эволюциялық баланс). Ұрпақ қалдырылмаған некелер жер бетіндегі адам санын өсірмеу үшін табиғаттың өзі тағайындаған қажеттіліктер. Жетімдер мен жесірлердің көп болуы, қауіпті қылмыстардың артуы, іргелі отбасылық қатынастардың ыдырау беталысы т.б. моральдік құл­ды­рау­шылық сияқты болып көрінетін әлеуметтік құбылыстар адам санын реттеуге құрылғандығының логикасына келіп саяды.
Екінші, шындығында, бұған жауап беру қиын, белгісіз, «құлдырау бар немесе жоқ деп кесіп айту мәселені біржақты шешу болып табылады» деген түсінікті де былайша талдап көрсетуімізге болады: а) моральдік рухани құндылықтар заман өткен сайын ауысады, оның бірнеше жылдық обьективті-тарихи эволюциясы бар, бірақ, ол ауысудың дұрыс немесе бұрыс бағытта екендігін өлшейтін нақты барометрлер жоқ; М.Вебер айтқандай, қоғамда құндылықтар қашанда, салыстырмалы болып келеді. Яғни, ол қашанда өмірге бейімделу мен қоғамның талаптары мен қажеттіліктерін өтеу үшін құрылады. Моральдік құндылықтардың ауысуы дұрыс бағытта да, бұрыс бағытта да болуы ықтимал. Егер, ол жаппай сипат алып, адамдарға тиімді, пайдалы болып құрылатын болса, ол прагматистік тұрғыдан алғанда, «дұрыс» болып та шығады;
б) дәстүрлі, қалыптасқан мораль мен адамгершіліктің өзінде ненің «дұрыс», ненің «бұрыс» екендігін ажыратудың өзі қиын (релятивизмге жуықтайды); Бүгінгі дұрыс, ертеңгі теріс, арғы күні азғындық болып шығады немесе керісінше, мысалы, Кеңестік дәуірдегі коммунистік моральдің құн­дылықтарының көпшілігінің ауысуы. Ол кездегі тіпті заңмен қудаланатын алыпсатар нарықтық қоғамда дәріптеліп, коммерсантқа, жеке кәсіпкерге айналып шыға келді. Адамның дене мүшелерін ауыстыру осыдан бірнеше жыл бұрын, дін мен мораль, тіптен, биоэтика қарсы шыққан антигуманистік сипатты болса, бүгінгі таңда ол ізгіліктілікке жуықтайды. Демек, олай болса, сәйкесінше, бүгінгі гендерлік саясат сияқты үдерістер, уақыты келгенде, аморальдік құбылыс болып шығу ықтимал. Бұл үдерісті Г.Ф.Гегельдің: «Бүгінгі ақылға сыйымсыз нәрсе, ертең ақылға сыйымды болып шығады, себебі, оның бойында әуелден-ақ ақылға сыйымдылық бар, ал, ақылға сыйымды нәрсе ертең ақылға сыйымсыз болып шығады, себебі, оның бойында әуелден-ақ ақылға сыйымсыздық бар» деген диалектикалық тұжырыммен анық түсіндіруге де болады;
в) расында, моральдік құлдырау сарынының бірнеше жылдық тарихы бар, сонда, әлі күнге дейін құлдырап келе жатқан адамзаттың мүлде құрдымға кететін уақыты болған сыңайлы ғой т.б. Бұл сарынды әрісі Сократтың идеяларынан бастап (көне заман), Яссауидің қазіргі заман адамдары рухани азғындаған деген пікірімен сабақтастырып (орта ғасыр), Абайдың «Заман ақыр жастары, Қосылмас ешбір бастары. Қойнына тыққан тастары» деген толғауларымен жалғастырып, бүгінгі күнгі «моральдік футурологиялық пессимизм» деп атауға болатын көзқарастармен тұжырымдауға болады. Ендеше, «моральдік құлдырау сарыны қай қоғамның болмасын, зия­лыларының жалпы дүниетанымының атрибуты» деген қортынды жасауға да болады. Бұл тұста, керісінше, «Мүмкін, олар, сол құлдырауды болдырмаудың табиғи түрде тағайындалған қорғаныш тетіктері шығар» деп те болжамдауға болады.
Үшінші, моральдік-рухани құлдырау «бар» деп айта аламыз: а) ол бұрын «ариф­метикалық» (шамамен бағдарланған) прогрессиямен болса, қазір «геометриялық» (шамамен бағдарланған) прогрессиямен өсу үстінде. Сондықтан да, құлдырау ішінара, аймақ бойынша, бірте-бірте өршіп келеді.
б) оның нақты өмірдегі мысалдарын көптеп келтіріп, оны кез-келген тұлғаның өмірлік уақыты бойынша да аңдауға болады: қылмыстардың санының артуынан, табулардың жойыла бастауынан, дінге сенетін мұнафықтардың көбейе түсуінен, діни экстремизм мен терроризмнің кең қанат жаюынан, жанұялық қатынастардың іргесі сөгілуінен т.б. Қазіргі кез-келген ересек адам өзінің балалық шағындағы қоғамдағы рухани құндылықтар мен есейген шағындағы құндылықтарды салыстырып қарап байқау да нақты нәтиже береді. Тіптен, оны жыл сайын құлдырап бара жатқан моральдік дағдарыстар арқылы да анықтай аламыз. Мысалы, кейінгі жылдары пайда болған шет елдерге бала сату, бір жыныстылардың некелерінің заңдастырылуы т.б.
Өз баласын саудаға салып, сатқан немесе бартер жасаған ата-ана заң алдында қылмыстық жауапкершілікке тартылады, ол тек жауыздық қана емес, қылмыс. Ал, мемлекет балалар үйіндегі сәбилер мен өркендерді саудаға салып, адам нарығын құрып, сатса, ол – игілікті іс, қоғамдық қажеттілік, белгілі бір деңгейде балаларға деген қамқорлық болып шығады. Парадокс! Сатылған балалардың тағдыры сатқан мемлекет тарапынан бақыланып отыруы тиіс делінеді, әйтсе де, оны 100 пайыз бақылау және таза ақиқатына көз жеткізу мүмкін емес нәрсе екендігі баршаға аян.
Бір жыныстылардың некелесуі де адамзат қоғамындағы азғындаудың бір көрінісі деп айта аламыз. Өйткені, ХХ ғасырдағы француз ойшылы Ж.П.Сартр айтқандай: «Адам абсолютті еркін, еркіндік жазасына кесілген, бірақ, ол адамдардың игілігі емес, бақытсыздығы» болып шығып отыр. Басқа ешқандай хайуанат өзін-өзі өлтіре алмайды, бір жыныстылардың қатынасқа түсуі табиғатта, хайуанаттар арасында жоқ және болуы да мүмкін емес құбылыс. Ал, адам оларды жасай алады және заңдастырып та қоя алады;
в) құлдырауды абсолютті діни, салт-дәстүрлік моральдік құндылықтармен салыстырып қарауға болады т.б. Әрине, таза абсолютті ақиқат болуы мүмкін емес, дегенмен, салыстырмалы абсолютті ақиқаттар (таза салыстырмалы емес) бар: діни, моральдік, дәстүрлік, ата-бабаның жалғастырған жолы, өткенге деген құрмет т.б. этикалық, эстетикалық, логикалық ақиқаттарды басшылыққа алсақ, моральдік құндылықтарды бар деп айта аламыз. Мыңдаған жылдар бойғы қалыптасқан ұлттық моральдің іргетасы болатын әдет-ғұрып пен салт-дәстүрдің құлдырауы мұны анық көрсете алады. Жалпы алғанда, дүниежүзіндегі халықтың 90 пайызынан астамы дінге сенетін болса, неліктен жер бетінде жылына миллиондаған адамдар аштан өледі, неліктен олар дәрі-дәрмекке, азық-түлікке үнемі мұқтаж жағдайда қаза табады, неліктен адамзаттың үштен екісі тойып тамақ іше алмайды т.б. Сонда, қазіргі өркениетті адамзат қоғамындағы адам құқықтарын қорғайтын: БҰҰ, Дін, адамзаттық мораль, заң, тәрбие (педагогика, этика ғылымдары) т.б. адамгершілікті реттеп отыратын әлеуметтік институттардың қызметтері туралы не айтуға болады, әлде олар өздерінің мүмкіндіктерін сарықты ма? Сарықса, олардың осы адамдар арасындағы қатынастарды реттеушілік қатынасын реставрациялайық немесе басқа әлеуметтік институттар құрайық.
Дегенмен, осы пікірталасты көзқарастардан, қазіргі адамзат қоғамында рухани-моральдік құлдыраулардың бар екендігін көре аламыз. Бүгінгі таңда адамзатты алаңдатқан бұл ахуалды қазіргі экономикалық дағдарыстармен (Грекиядағы, Қытайдағы т.б.) ұқсатуға болады. Адамзат жуық арада бұндай моральдік құлдырау беталысының әрі қарай жалғаса бермеуі тиіс емес екендігін түйсінеді және жедел арада оны тоқтату қажеттігін түсінеді. Себебі, бұл жай ғана адамгершілік сапалардың төмендігі ғана емес, түптеп келгенде, адамзат дамуының болашағын болмауға, адам баласының өздерін өздері жоюға алып келетін, экономикалық дағдарыстардан да, кедейшіліктен де қауіпті аса маңызды құбылыс.
Біздіңше, моральдік дағдарыстарды шектеуге, оны сауықтыруға бағдарланған шаралар тұтастай қоғамдық өмірдің барлық саласын қамтып, іргелі өзгерістер тудыруға алып келіп, өмір сүрудің жаңа бір, тың бағдарын қалыптастыруға жетелейтін сыңайлы деп болжамдай аламыз. Сондықтан, бұл ұлы өзгерісті АҚШ-тағы «Жыныстық төңкеріске», КСРО-дағы, Қытайдағы «Мәдени төңкеріске», Еуропадағы ХVІІІ ғасырлардағы «Буржуазиялық төңкеріске» аналогиялық түрде «Рухани-моральдік төңкеріс» деп атауды жөн көрдік.
Сондықтан, болашақта болуы ықтимал немесе іске асуы тиіс «Рухани-моральдік төңкерістің» мынадай негізгі бағдарларын ұсынамыз:
Егер де, бұндай құлдырау жалғаса беретін болса, ол да адамзатты алаңдататын аса қауіпті дертке айналып, болашақта, ол да экология, соғыс қаупі, артта қалған мемлекеттердің ахуалы сияқты «ғаламдық мәселелердің» қатарынан орын алады деп болжамдай аламыз. Себебі, оның зардаптары әзірге анық байқала қойған жоқ, себебі, моральдің обьективті негіздері тиянақты зерттелмеген. Сондықтан да, «моральдік шарттарды орындамай-ақ қойса не болады, орындамаған адамдар да гуманистермен, ізгілермен қатар, қалыпты өмір сүруде ғой» деген сияқты сауалдар шешімін тапқан жоқ. Мәселен, жемқор шенеунік бақытты, үбірлі-шүбірлі, дәулетті өмір сүруі мүмкін, ал, моральдік ізгі адам бақытсыздыққа ұшырап, тағдыр тәлкегіне түсіп, кедей тіршілік етуі ықтимал: әділеттілік қайда? Осы тұста, Омар Хайямның мына шумағы еске түседі:
«Сұм тағдыр! Сұмырайларға нан бересің,
Су мен Жер, үй салтанат, сән бересің,
Бір үзім нанға зар боп жүргендер көп,
Алмаған адал жанда бар ма еді өшің?»
Егер де, адамзаттың моральдік-рухани құлдырауы шектен шыққан жағдайда не болатындығы туралы модельдер жа­сасақ, оны елестетсек, болашақты бағам­даудың өзі қиын емес. Демек, ол аса маңызды, жалпы адамзатқа ортақ, шешімін табуы тиіс, ұлғайып кетсе, адамзаттың болу немесе болмау мәселесін туындатқандықтан, «Ғаламдық мәселелер философиясының» қатарына «Рухани ғаламдық мәселелерді» де енгізе отырып, оның негізгі орталығы ретінде рухани-моральдік сапаларды сақтап қалуды қоюды ұсынамыз.
2. Құқық пен мораль арақатынасын негізге алсақ, бұрынғы құқықтық ережелердің тым аз болып, оның қазіргі көптеген шарттары мен заңдары моральдің шеңберінде сақталғандығы туралы елестете аламыз. Нақтырақ айтқанда, қазіргі құқық моральдік ережелермен толығып, сәйкесінше, мораль өзінің арнасын құқықтың «басқыншылығы» арқылы тарылтып келеді деген сөз. Яғни, олай болса, болашақта адамзаттың мо­­ральдік құлдырауын тежейтін ша­ралардың бірі – құқық пен заң болмақ. Адамның ішкі еркіне берілген, орындауға да, орындамауға да болатын моральдік ережелер бірте-бірте азайып, ауқымы тарылып, өз орнын құқықтарға береді. Нақтырақ айтқанда, олар орындалмаған жағдайда заң бойынша жазаға тартылатын болады, моральдік кодекстер одан әрі бірнеше жылдар бойы интенсивті-экстенсивті түрде жетілдіріледі. Мысалы, коммунистік мораль кезіндегі тұрақты отбасы болу – бірте-бірте заңдық-нормативтік ережелерге айналғандай болды деуге де болады. Немесе бүгінгі күнгі де ата-анасын қарттар үйіне өткізгендерге салық салу туралы ұсыныстар айтылуда.
Моральдің құқыққа өту қағидасы бойынша, мысалы, отбасылық қатынастарда: «ерлі-зайыптылардың бір-біріне ілтипат көрсетпегендігі үшін»; «өзара кикілжіңге түсіп, балаларына психологиялық тұрғыдан жағымсыз ықпал еткендігі үшін»,«ерлер немесе әйелдер өздерінің отбасылық қызмет­терін дұрыс атқармағандығы үшін», «ерінің немесе әйелінің бір-бірінің намысына тиген­дігі үшін» т.б. баптар шығарылуы ықтимал деп болжамдаймыз.
Адамдар арасындағы қарым-қаты­нас­тарда: «біріне-бірі өтірік айтқандығы үшін», «қажет кезінде, мүмкіндігі бола тұра, қайырымдылық шараларын жасамағандығы үшін»; «менсінбеушілік немесе өзімшілдік көрсеткендігі үшін»; «жағымсыз көзқараспен қарағандығы үшін», «өзгенің уақытын ұрлағандығы үшін», «эротикалық кейіпте қоғамдық ортада жүргендігі үшін» т.б. баптар енгізіліп, жазаға тартылатын болады.
3. Бүгінгі таңда этиканың этикетке ай­налу үдерісі белең алып келеді. Бұл, әрине, бір қырынан жағымды, екінші бір қырынан алғанда, жағымсыз және алдамшы құбылыс. Сондықтан да, болашақта этика мен этикеттің қатаң ажырауы басталады деп болжамдаймыз. Мысалы, «Этикеті бар, бірақ, этикасы жоқ адам» немесе керісінше, «Этикасы бар, этикеті жоқ адамдар» қатаң ажырауы тиіс. Көп жағдайда, бастапқысы бүгінгі таңда қала адамына тән болса, соңғысының үлгісін ауыл адамдарынан көруге болады. Демек, этикет адамдар арасындағы сәлемдесуден басталатын бастапқы қарым-қатынас үшін қажетті құрал немесе «жалғандық пен жасандылыққа құштарлық» болып қабылданса, этика адамның таза шынайы адамгершілік болмысын беретін табиғи-рухани, биік-асқақ қасиетке айналады дегенді білдіреді. Сонда, бола­шақта этикетке ұмтылушылықты эти­каға ұмтылушылық алмастыратын тәрізді. Мәселен, білімді адамның этикеті жоғары болады, бірақ, оның адамгершілік қасиеті төмен болуы мүмкін. Осы орайда, көне замандағы Грек жеріндегі кинизм өкілдерінің: «Білім адамның адамгершілік қасиетін арттырмайды» деп білімді жек көргендері еске түседі. Демек, этикеті жоғары адам мен этикасы жоғары адамды шатастырмауымыз керек және болашақта оның ара жігі анық ажыратылуы тиіс.
4.Бұл келесі кезекте, «рухани-адам­гершілікті» және «адамгершіліксіз» адамдардың ара жігін толық ашып беріп, қоғамдағы бай-кедей, үстем тап пен жұ­мысшы сияқты әлеуметтік қабаттарға аналогиялық түрде, қоғамдағы рухани қабаттар құрылымын түзуі тиіс екендігі туралы болжамдаймыз. Мысалы, Кеңес дәуірінде «бай-кедей-орташа» деген сияқты әлеуметтік қабаттар түсінігі болған жоқ, олар қоғамда шынайы өмір сүргендігіне қарамастан жарияланбады.
Болашақта, қазір де ондай рухани жіктердің анық еместігіне қарамастан, «моральді адам» мен «аморальді адамның» дихотомиясы ажырап, ол әйгіленуі тиіс. Бүгін де оның нышандары жоқ емес. Бірақ, көптеген діндер бұндай дихотомияға қарсы: бүгінгі моральдік азғын адамның, бірте-бірте имандылық жолына түсуіне мүмкіндігі бар деп есептеледі. Моральді-аморальділіктің – материалдық тұрғыдан жікке бөлінуі­нен және әлеуметтік вертикальді мобиль­діліктен басты айырмашылығы оның ген арқылы берілетіндігінде болып отыр. Біздіңше, бұл жік қоғамдық өмір­дің әр саласында да әйгіленіп, анық ажырап, сәйкесінше, әрбір тұлға өз орнын айқындауға ықпалдасатын бас­ты факторлардың біріне айналады. Мысалы, аморальді мен моральді тұлғалар бір-бірімен отбасын құра алмайтындай, құруы да мүмкін емес жағдайлар туындайды; жұмысқа қабылданған, орналасқан сәттерде де амо­ральді адамның мүмкіндіктері шектеледі т.б. Моральді-аморальді адамды қазіргі таңда қоғамдық орта, қоғамдық пікір­лер анықтап бере алады, болашақта оны арнайы құрылғы детекторлар арқылы оңай ажырататын боламыз. Мәселен, ер мен әйел некелесер сәтте, ерікті түрде «моральдік детектордан» өтіп, әрі қарайғы шешімдерін өздері қабылдайтындай болуы ықтимал. Немесе жұмыс беруші де болашақ өзінің мекемесіне қажетті мамандарын таңдар алдында осы детекторды қолдануы ықтимал. Сондықтан, аморальді адам «екінші сортты», «төменгі деңгейге» түсетін тәрізді және ол көпшілікке жарияланып, ашық түрде қалыптасатындығы туралы пайымдай аламыз. Бұндай дихотомиялық бастамалар немесе олардың нышандары бұрын да көптеген халықтарда ресми емес түрде болса да сақталған сыңайлы. Мысалы, қазақ халқында «жақсы» мен «жаман», «жақсы әйел» мен «жаман әйел», «тектілік» пен «тексіздік» хақындағы дихотомиялар оларды рухани жік ретінде бөліп көрсетудің бастамалары деп айта аламыз. Өйткені, оларда «аздап жақсы», «аздап жаман», «аздап текті», «аздап тексіз», «орташа әйел» деген ұғымдар мен түсініктер жоқ екендігін ескерсек, біздің қатаң дихотомиялану туралы түсінігіміздің қисыны арта түседі.
5. Қазіргі таңда моральді реттеуші қызметін атқарып келе жатқан: дін, моральдің өзі, этика ғылымы, салт-дәстүр т.б. әлеуметтік институттар осы салада өз күшін бәсеңдеткен сыңайлы. Әсіресе, дін мен дәстүрдің адамды мәжбүрлеуге, қорқытуға, үнемі есіне салып отыруға арналған этикалық императивтері де моральдік құлдырауға тежеу болатындай өзінің ықпалды күшінен айрылды немесе адамдар оны өз еріктерімен айырды. Осы тұста, Ф.Ницшенің «Құдай өлді» деген сөзіне, М.Хайдеггердің: «Құдай өлген жоқ, ол адамдардан тығылып қалды, адамдар оған баратын жолды таба алмай жүр» деген пікірі еске түседі. Сондықтан да, философтар, психологтар, әлеуметтанушылар т.б. қоғамдық пәндер саласындағы қызметкерлер мен ғалымдар болашақта лажсыздан орындайтын жалпы адамзатқа ортақ жаңа императивтер түзілімін ұсынуы тиіс. Ол біздіңше, екі арнада өрбиді: 1) діни және ұлттық моральдің, философияның негізгі сакральді, эзотериялық, тылсым, байыпты ұстындарын рационалдандыруды негізге алады; 2) еріксіз түрде орындауға тиісті (И.Кантқа аналогиялық түрде) жаңа императивтер тасқынын тудыруға же­телейді. Бұл – жоғарыда айтқандай, рухани ғаламдық мәселе ретінде ХХІ ғасырдың гу­манистерін, мораль мәселесіне алаңдамай қоймайтындарды «жалпыадамзатқа ортақ моральдік тұжырымдама» жа­сауға жетелейді. Мәселен, «Жасаған жамандығың да, жақсылығың да алдың­нан қайтады. Бірақ жақсылықты алдымнан қайтсын деп жасауымыз керек. Жамандығың алдыңнан қайтпаса, ұрпақтарыңа дариды», – деген сияқты қатаң императивтердің тұтас кешенін құруымыз керек; 3) моральдік ережелердің классикалық үлгілері (өтірік айтпа, адамды өлтірме, ұрлық жасама т.б.) дүниежүзі халықтарының діндерінде, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлерінде сақталған императивтер екендігі белгілі, бірақ, заман ағымы мен өркениетке сәйкес, қазіргі таңда ненің дұрыс, ненің теріс екендігі беймәлім өмір салттары бар. Соларды верификациялап, ара жігін толық ажыратып, дихотомиялауымыз қажет. Мәселен, бір жыныстылардың некесі, адамның дене мүшелерін сату т.б. Мысалы, Нор­вегия бір жыныстылардың некесін заңдастырды, ұрлықты заңдастырған жоқ, заңдастырмайды да. Демек, олар үшін бір жыныстылар некесі аморальдік құ­былыс емес, қалыпты жағдай немесе бейтараптылық, әркімнің жеке басының өз ісі. Норвегияда мектеп оқушыларын таситын бір автобустың кіреберісінде: «Автобустың артқы орындарында жыныстық қатынаспен айналысуға бол­майды» деген жазу бар екен. Міне, біз үлгі тұтып жүрген Еуропаның кейбір мемлекеттерінің моральдік келбеті. Ендеше, халқымызға «Батыстық өркениет, техника, ілім-білім т.б. құндылықтарға еліктесек те, мораль мен этикасының көп жақтарына еліктемей-ақ қояйық» деген ұран тасталуы тиіс.
6. Еуропоцентризмнің билік сахнасынан ығыстырылуы, сәйкесінше, шығыс пен түркі халықтарына деген кемсітушілік көзқарастарды бәсеңдетіп, олардың шынайы тарихына адамзаттың қайта оралатындығын ескерсек, түркі халықтарының әлемдік өркениетке қосқан үлестерінің айғақталып келе жатқандығын негізге алсақ, түркілік руханияттың адамзат эволюциясында айшықты орын алғандығына адамзат баса назар аударып, олардың моральдік-рухани құндылықтарының асқақ тұрғандығын амалсыздан мойындауына жетелейді деп айта аламыз. Оның адамзат тарихында өзге де шығыстық-батыстық моральдің өркендеуіне кезін­де айрықша үлес қосқандығының қай­тадан жаңғыртылуына бүгін де мол мүмкіндіктер ашылып отыр. Олай болса, қазіргі кездегі жалпыадамзаттық моральдік құлдырауды тежеп, жаңаша, игілікті, ізгілікті құндылықтар үлгісін түркілік моральдік құндылықтардан іздеу қажеттігін түйсінетін заман келіп жеткендігінің маңызы болашақта да арта беруі ықтимал деп пайымдай аламыз. Мысалы, бүгінгі таңдағы гендерлік саясат пен әйелге деген құрметтеушілік қағидалары көне түркілік тұрмыстық таным-түсінікте әуел бастан-ақ орныққандығын мына оқиғадан көруімізге болады. «Башпай» күйінің шығу тарихына қатысты Қорқыт Ата хақындағы аңыздардың бірінде өлімнен қашып жүрген баба­мызға қарындасы Ақтамақ үнемі тағам әкеліп беріп жүрген сәттердің бірінде Қорқыттың башпайы аңдамай қарындасына тиіп кеткен екен. Қорқыт оған назаланып, өкініп, «Мен өлгеннен кейін, бұл арам башпайымды көмбей сыртқа шығарып қойыңдар» деп өсиет еткен деседі. Ал, Грек аңыздарындағы Зевстің әйелі мен қызының, айналып келгенде, бір нұсқаларында бір болып шығуы туралы мифологияны еске түсірсек, түркілік пен батыстық мораль құндылықтарының ара жігін анық байқаймыз. Немесе, түркі дәуіріндегі «Қағанның жеке басының қасиеттері мен міндеттері» деп аталған құқықтық ережелерде ел билеушісі, алдымен, мынадай адамгершілік сапаларды иеленуі тиіс екендігі айтылады: «7. Ізгілікті болуға тиіс; 8. Уәдеде тұруға және берген сөзінен айнымауға тиіс; 9. Сараң болмай, қолы ашық болуы тиіс; 9. Мәйін мінезді, кішіпейіл қамқор және арлы болуы тиіс;…16. Мейірімді, нәзік жанды болуы тиіс;..20. Таза болуға тиіс т.б.». Міне, осындай ережелер ешқандай халықта кездеспейді деп те айтуымызға болады және бүгінгі таңда да ел билеушілеріне қойылатын талаптар болып дүниежүзілік сипат алуы керек. Қазіргі заманда сайлауға түсетін шенеунік немесе ел басшыларының ешқайсысына, ешқандай елде бұндай талаптар қойылмайтындығы баршамызға аян. Дегенмен, халқымыздың мінез бейнелерінде де жағымсыз жақтары жоқ емес. Мәселен, көре алмаушылық пен күндестік психология. Ендеше, оның пайда болу себептері мен шығу көзін тауып, жоюдың тетіктерін ұсынатын заман келіп жетті. Олай болса, адамзатқа моральдік-рухани құлдыраудың алдын-алатын әдіснамалық жаңа бағдар ұсынатын, үлгі болатын нұсқа, әрине, тек түркілік моральден құралады деп те кесіп айтуға болмас, дегенмен, әрбір халықтың игілікті және озық гуманистік үлгілерінің жиынтық бейнесінде, түркі-қазақтық этика маңызды орын алатын сыңайлы деп болжамдай аламыз. Бұл моральдік-рухани төңкеріс келесі кезекте өздігінен, саяси-экономикалық салаға да бірте-бірте ықпал ете алады. Дегенмен, бұл болжамдар тактикалық-стратегиялық немесе жақын болашақ бағдарлар болып табылады.
Орта немесе алыс болашақта моральдік құлдырауды реттеп, оны жүйелеп, дидак­тикалық тұрғыдан қайталап, санаға сіңіріп отыратын психологиялық-идеологиялық құралдар өзінің маңыз­дылығын жоятын тәрізді. Себебі, оны да қоғамның барлық саласын қамтуға бет алып келе жатқан материалданған құрылғылар мен электрондық инструменттер алмастыруы ықтимал. Алдағы уақытта оның бірнеше үлгілерін ұсынатын боламыз.
Қорыта айтқанда, адамзаттың моральдік-рухани құлдырауының алдын алатын шаралар тізбегін құру, оны жан-жақты жетілдіру кезек күттірмейтін мәселелер. Бұл салада философия ғылымының қосар үлесі зор екендігін ескеруіміз керек.

Алдыңғы «
Келесі »