Жұмақ.Жунго және жетесіздік

  • 19.03.2018
  • 338 рет оқылды
  • 0

Сабырбек ОЛЖАБАЙ – Ғабит Мүсірепов атындағы сыйлықтың лауреаты, Ресейдің Халықаралық психология академиясының Құрметті мүшесі

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағының  мүшесі

Ех, романтика, романтика…

Бүгінде ақпараттар тасқыны сеңдей соқтығысып, үдегені соншалық, ненің жақсы, ненің жаман екенін айырудан қалып бара жатқан сыңайлымыз. Бықпырт тигендей шашыраңқы аласапыран ақпараттар мен қаралы хабарларды оқығанда, шоқ басып алғандай шошынасыз. Әлемтапырақ, астаң-кестеңі шыққан дүние. Өзіңізді көзге түрткісіз қалың тұман арасында жүргендей сезінесіз. Интернет әлеміне кіремін деп итіңдей құлап, талмаусырап жатысымыз, мынау, енді.
Ұлдан ұят, қыздан қымсыну қалған соң, ұлт болып ұйысудың өзі қол жетпес асқарға ұмтылғанмен бірдей тәрізді. Осыларды ойлағанда, тамағыма тас тұрғандай тынысым тарыла түседі. Қолымды созып, жан-жағыма қарманамын, жағалауға алып шығар желқайық табылсайшы…
«Нұрkz» сыйтында оралдық ару Әсем Қаратаеваның «Үнді киноларындағыдай романтикалық ғұмыр кешіп жатырмын» атты хабары орналастырылыпты. Романтикалық өмірге әркімнің-ақ әуесі келеді. Ашып оқыдық.
Әсем қарындасымыз 2014 жылғы 1 ақпанда Алматы қаласындағы мейрам­ханалардың бірінде Алекспен ойда-жоқта танысып қалады. Ол осында музыкант екен. Алекс кеш бойы ән айтып, келгендердің көңілдерін көтереді. Епті жігіт Әсем аруымыздың телефон номерін сұрап алып қалуды да ұмытпайды. Содан, Алекс пен Әсемнің арасындағы достық байланыс жанданып жүре береді. Ұшқыннан өрт лаулап, осы достықтың соңы мөлдір махаббатқа ұласады. Алекс ұсыныс айтады. Әсем құрбыларының қарсылығына қарамастан, келісімін береді. Қызы сүйіп тұрған соң, ата-анасы, сірә, қарсы бола алмаса керек. Сонымен, Алматыда 120 адам шақырылып, кішігірім той өтеді. «Той тіптен тамаша өтті» деп тамсанады, Әсем қарындас.
Сүйген жарын құрметтеу, шын мәнінде қызығарлық жағдай. Әсемнің күйеуіне деген кіршіксіз көңіліне сүйсінесіз. «Оның әйелдерге деген құрметі мен сыйластығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Барлығы махаббаттан көзі байланып қалған дейтін шығар, бірақ олай емес. Кубалық жігіттердің қызға деген құрметі ерекше» деп бір тоқтайды Әсем қарындасымыз. «Кубада неке деген түсінік жоқ. Олар ұлдарының әйелдеріне ханшайым секілді қарайды. Таңертең тұрсам, енем ас әзірлеп, киімімізді жуып, үтіктеп қойғанын көріп, қатты таңғалдым. Алғашында шетелден келген соң, қонақ деп сыйлап жатқан шығар деп ойладым. Кейін байқасам, енелердің көбі үйде отырады екен. Олар жастарға жағдай жасап, осылай қолғабыс ететініне көзім жетті. Ал, балалары ақша тауып, қаржылай көмектеседі» – деп, Кубадағы келіндердің ханшайымдай өмір сүретінін айтып, сүйсінеді. Әрі қарай не дейді екен?
«Гаваналық азаматтар әйелдеріне жиі гүл сыйлап, еш себепсіз романтикалық кеш ұйымдастырады. Бұл олардың азаматтық борыштары болып саналады. Ақшасы жоқ азаматтар жарларына арнап ән салады. Бұл да құрметтің бірі» деп қазақ қыздарын одан әрі қызықтыра түседі шетелдік келін. Айта кетейік, гаваналық Искиердо Фуэнтос Александр есімді музыкант жігітпен бас қосқан Әсемнің екеуіне ортақ Каризма есімді екі жасар қыздары бар. Енді олардың отбасылық өмірі былай өріледі.
«Біз қызымызға бала күтуші жалдамаймыз. Мен күн ұзаққа жұмыстамын. Ал, Алекс мейрамханада әнші болғандықтан, кешке дейін менің келуімді күтіп отырады. Кубалықтар мынау – әйелдің тірлігі, мынау – еркектікі деп бөлмейді және барлығының құқы мен сөзі бірдей. Шындығына келсек, қазақ жігіттері баланың жөргегін ауыстырып, кір жумайды ғой. Кез келген мәселені бірігіп шешеміз, ешуақытта Алекс менімен ақылдаспай қадам жасамайды» деп ағынан жарылады айдай сұлу аруымыз.
Күбілтектемей турасына көшейікші, ағайын, бұл біздің жұмақ іздеп жанұшырып жүрген желөкпе қыздарымыздың көкейтесті арман-аңсары емес пе? Байлық пен мансап-атақты көксеген қаракөздеріміз барлығын да тәрк етіп, көрінген көк аттының етегінен ұстап кетіп жатқаны жасырын ба? Неге? Өйткені, жастарымыздың бойында ұлттық рух әл­сіз. Осыған байланысты, жастарымыздың біраз бөлігі өз ұлтына, өмірге әкелген әке-шешесіне менсінбей қарайды. Басқа ұлт­­тың алдамшы жылтырағына қызығады. Байлыққа, мансап-атаққа қызығушылық рухани қазынадан жұрдай етеді. Содан барады да, жұмақ іздеген жауқазындарымыз екі көзін тарс жұмып, белгісіз, бұлыңғыр әлемге аттанады. Басқа жұрттан бақыт табады ма, әлде құлдыққа салынып, бүгінгі өміріне зар болып қалады ма, бұл жағын елеп-екшемейді. Ақыл таразысына жүгінбейді. Мәселен, сенімді дерек көздерінің таратқан ақпараттарына сүйенсек, Біріккен Араб Әмірліктері, Франция, Түркияда бейшара күйде өмір сүріп жатқан қазақ қыздары көп. Олар, тіпті, құлдықта өмір сүріп жатыр. Біріккен Араб Әмірліктеріне жұмақ іздеп кеткен бір жауқазынымыздың жағдайынан хабардармыз. Ол шіріген бір байдың етегінен ұстап кеткен еді. Бірақ, осы қаракөздің маңдайының бағы ашылмаған. Оны күң ретінде ұстапты. Ал, зәулім сарайда шейх әйелімен, бала-шағасымен тұрған. Алдамшы сезімнің арбауына түскен қарындастың тағдыры тым аянышты.
Біздің қазақ қыздарында осы рух мықтылығы, ұлттық намыс қай дережеде? Әрине, барлығына бірдей топырақ шашудан аулақпыз, бірақ кім көрінгеннің қолындағы қуыршағы болып жүрген кімдер? Қазақтың қыздары. Дерек көздері бойынша, мына, Алматыда бір жылдың ішінде 300-ге жуық қазақ қызы қытайға тұрмысқа шыққан көрінеді. Бүгінде елімізде 30 мыңнан астам қытай азаматы тұрады екен. Өз елінде адам өсімін шектеу туралы саясатқа байланысты, отбасында бір баладан артық перзент сүйе алмайтындықтан, Қазақстанның ыстық құшағына келіп құлаған құдайы қоңсыларымыз қарындастарымызға қырғидай тиіп жатыр. Тұрақты тіркелу үшін олардың кемпір де болса, жар етіп алудан тайынбайтынын біз бүгін естіп жүргеніміз жоқ.

Төркін керек тентіреуік қызға да

Таяуда ғана қазақстандық телеарналардан Тараз қаласының тұрғыны Сәулехан Әбдіханованың жанайқайы көрсетілді. Оның қызы Ақмарал Әбдіханова өзінен 20 жас үлкен Сэнди Тайляти деген үнділік азаматқа тұрмысқа шығады. Әуелгіде Сэнди келіншегін бір фирманың директорлығы қызметіне тағайындайды. Екеуі келіп Сәулеханның алдынан өтеді. Анасының айтуынша, Ақмарал будда дінін қабылдапты. Үйде әлдебір тастарға табынып, қолдарын қусырып, іштей дұға оқып отырғанын анасы талай рет көріп, шошынған. Қызына жалынып, өз дінінде қалуын өтініпті де. Алайда, Ақмарал діттеген бетінен қайтпапты. Ақырында Ақмарал сүйгенімен қол ұстасып, Маврики аралына кетеді. Үш жыл бойы телефон арқылы хабарын беріп тұрған. Бірде шешесінен туу туралы куәлігін сұратады. Сәулехан куәлікті бермейтінін айтады. Өйткені, дінін сатқан қызы аты-жөні мен тегін де алмастырады деп күдіктенсе керек. Күдіктенгеніндей, Ақмаралдан төрт жылдан бері хабар жоқ. Содан, Сәулехан ҚР Сыртқы істер министрлігіне хат жазады.
– Оны әлемнің түкпір-түкпірінен іздестірудеміз. Соңғы мәліметтер бойынша, ол АҚШ-та болуы мүмкін. Бізге анасы осыны айтты. Консулдықтағы әріптестерге шұғыл тапсырмалар берілді. Ақмаралды АҚШ-тан іздеуге кірістік. Бізге қиындық туғызып жатқаны – қыздың өзі көмек сұрап, хабарласқан жоқ, – дейді Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі консулдық қызмет департаментінің директоры Ардақ Мәдиев.
Алланың хақ дінінен адасып, өзге дінге мойын ұсынған Ақмаралдың аппақ әлемінде қандай өзгеріс, жүрегінде қандай жұлқыныс болып жатқанын кім біледі? Ақмарал ару есімін өзгертіп, басқа дүниеге біржола сіңісіп кеткісі келе ме? Иә, талғамға таңдау жүрмейді. Әйткенмен, Күн мен Айдың аманында Ақмаралдай аруды уыстан қалай шығарып алдық деген ой келгенде, жүрек шіркін мұздап сала береді. Адастырып кеткен Ақмаралды қайтеміз, Әсемге оралайық. Оның отбасында кубалық үрдіс үзілмейді екен. Отбасы үшін «Рождество» мерекесі қымбат көрінеді. Үйде көбіне ұлттық тағам ретінде фасольға бұқ­тырылған күріш тұтынады екен. Сондай-ақ, нан орнына банан жейміз дейді ол. Әсемдейін әсем қыз «шетелдікке тұрмысқа шығатынымды бала кезімнен сездім» деп сәуегейлік жасапты.
Демек, ендігі жерде Әсемді де толық­қанды қазақ қатарынан көре алмасымыз анық. Отбасылық мереке ретінде «Рождествоны» ұстанса, ұлт тағамы күріш болса, оны ислам дінінде дей аламыз ба? Әрине, отбасында ер азамат басты тұлға. Ендеше, өмірлік жарым деп етегінен ұстаған Алекстің айтқанын жасап, айдауымен жүру Әсемнің де міндеті.
Осы жерде мына бір жәйт еске түседі. Палестина азаматы Қазақстанға кәсіп іздеп келіп, 18 жыл тұрады. Сөйтіп жүріп, Фатима деген қызға үйленіп, екі ұл, бір қыз сүйеді. Жұптары «жарасқан» интернационал отбасының жұбайлық ғұмыры осылай жалғаса берер ме еді, кім білсін, күйеу жігіт табан астында түс көргендей бұзылып сала берген.
– Анам ауырып жатыр екен. Барып, көңілін сұрап келейін, – депті Құдай қосқан қосағы.
Анасы ауырып, қиналып жатса, оның жолына кім кесе-көлденең жатып алады? «Барып кел, бізден сәлем айт!» деп Фатима ханым қала береді. Екі ұлын туыстарына көрсетіп қайтпақ болған күйеу бала сол кеткеннен мол кетеді. Палестиналық жігіттен туған қызын құшақтап, Фатима қалады. Сірә, күйеу жігіттің соңынан іздеп баруға түрлі кедергілер себеп болса керек.
«Болашақ» бағдарламасы бойынша, Австралиядағы Гриффит университетінің бірінші курсында оқып жүрген Сағынай Батырханова тайландтық жігітпен танысып, азаматтық некеге тұрады. Содан, арада қандай кикілжің болғанын білмедік, Сағынайдың өлі денесі Австралияның Брис­тен қаласынан табылды. Сөйтсек, оның азаматтық некедегі күйеуі бұған дейін де зорлық-зомбылық көрсетіп, істі болған екен. Сағынайдың соңында үш айлық нәрестесі қалды. Америкаға оқу іздеп барған бір қызымыз азаматтық некедегі күйеуіне болысамын деп адам өлтіруге қатысып, ақыры түрмеге түсті. Оның азаматтық некедегі күйеуі көңілдесін өлтірген. Біздің қыз соны көмуге күрек әкеліп берген.
Таяуда бір танысымыз қызын Ташкент жаққа ұзатты. «Қазақ ортасында тәрбиеленген отбасы екен» десті. «Қызымды сүйіп қалыпты. Ол да жігітті жақсы көреді» десті. «Махаббатта шек болмайды» – деп, мұны да аса шеткері көрмедік. Бірақ, арада шамалы уақыт өткенде, көршімізге ұзатылған келіншек көздері көгеріп, қайтып келді. «Америка аспай, Палестина аспай, Куба аспай, қоңсыларымызға кеткені қандай жақсы болған» деп қуандық.
Міне, «қандас», «туыс» деп барған жеріміздің өзі осындай. Басқалар бойжеткендерімізді қаншалықты ба­қытты ете алады? Басқа жұрттың бо­са­ғасына барған бойжеткен қандай күйге түседі? Жігітті жақсы көріп, жар болғанымен, түптің түбінде ұлтына деген сағыныш оянып, ғұмыр бойы жүзін мұң кіреукелеп өтерін неге ойламайды?
Ана бір жылы «Айғақ» телеарнасының түсірілім тобы Шешенстанға іссапармен барды. Сонда, шешен жігітіне тұрмысқа шыққан бір апамыз қазақтарды көргенде, жүрегі жарылардай қуанғанын облыстық мәслихаттың депутаты Дулат Әбіш жыр қылып айтып келді.
– Төркіндерім келді, – деп сол апатайымыз күйеуі мен бала-шағасын, келіндерін табандарынан тік тұрғызып, барын салып күткен ғой.
Содан, қазақтар кеткенде, жайраңдап жүрген апамыз бүк түсіп жатып қалыпты. Туған жерге, Атамекенге, бауырларына деген сағыныш қой, бұл. Бірақ, қыз­дарымыз барған жерінде барлығына сөзін өткізетіндей осы кісі сияқты сыйлы бола алар ма?
Төркін дегеннен шығады, қазақта «төркіндеу» деген әдемі салт-дәстүр бар. Ұзатылған қыз төркініне барып тұруы тиіс. Нағашылары жиендеріне бәсіре атайды. Екі ру ел туысқан болады. Шалғайда, өз ортасынан жырақта жүрген мұңлық жан сырын кімге барып айтады? Мұңын кімге барып шағады? Шалқыған дәулет пен жайлы төсек үшін арланбас­тан шетелдіктердің жетегінде кететін күлімкөздеріміз осыны неге ойламайды? Әлде жүректері мұздан жаралған ба?
Иә, өз ұлтыңдай қайдан болсын? Жат жұрттың тілі де, түрі де, діні де, әдеп-ғұрып, салт-дәстүрі де бөлек. Оларды толық меңгеріп алғанша, шыдам да шағылады. Екіншіден, олар сені қалай қабылдайды? Келімсек күйеу құсты қолына қондырғанша, діттегеніне жеткенше, уәдені үйіп-төгіп берер. Қазақстаннан қақпайлап алып кеткен соң, қалыңдығына қалай қарайтынын кім біліпті? Араб шейхы сияқты күң орнына пайдаланады ма, әлде құлдыққа салады ма?
Ойлан, қалқам!

Ала-құла халықтың ертеңі бұлыңғыр

Бүгінде аралас неке деген әлем жұрт­шылығын алаңдатып тұр. Неге? Өйткені, оның зардаптары тұтас бір ұлтты жойып жіберуі бек мүмкін. Мәселен, испан отарынан азат болған Перу елінде әртүрлі этникалық-әлеуметтік топтар пайда болған. Біріншісі – Перудің титулды халқы – кечуялар. Бұлар барлық халықтың көп пайызын құрайды. Екіншісі – отарлаушы испандық креондар. Барлық билік осыларда болып келді. Үшіншісі – перуліктер мен испандық аралас некеден туған – метистер. Осындай ала-құла халықтың ертеңі бұлыңғыр, келешегі күмәнді.
Мәскеу діни академиясының профессоры, дьякон Андрей Кураев ұлтаралық некенің көбейіп бара жатқанына байланысты алаңдаушылық білдіріп отыр. Ол «Комсомольская правда» газетіне берген сұхбатында: «Ұлтаралық некелер дегеніміз – шын мәнінде орыс халқын геноцидке ұшыратудың бір түрі. Біздің әйелдер кавказдықтарға тұрмысқа шығып, оларды өз тегімен байытып жатыр. Ал, орыс халқы әлсіреп барады» деп дабыл қақты. Оның айтуынша, мәселен, орыс қызы мен дағыстандық жігіттің құрған отбасында дүниеге келген балалар міндетті түрде дағыстандық әрі мұсылман болады. Бұған енді талас жоқ. Жоғарыда біз айтқан Әсем мен Алекстің некесінен туған қыз кім болады?
Ұлтты ұлт ретінде жойып жіберудің ежел­ден қолданылып келе жатқан тәсіл­дерінің бірі – ассимиляциялау. Осы геноцид біздің халыққа да қолданылды. Ұлы Қазан төңкерісінен соң, өзге ұлт өкілдерінің сұлуларына үйленген аталарымыздың тағдырын көпшілігіміз білеміз. Ал, соғыстан соң, орыс қыздарына үйленуден Латвия азаматтарынан соң, қазақ жігіттері екінші орын алыпты. Бұдан кейінгі тың игеру жылдары еліміз «достық лабораториясына» айналып, азаматтық неке көрсеткіші 1940 жылы 15 пайыздан 33 пайызға көтерілген. Кеңестік дәуірде аз халық ана тілінен, дінінен, салт-дәстүрінен, ұлттық болмысынан айрылып, орыс халқына сіңісіп кетті. Біз де жұтылып кетудің аз-ақ алдында едік. Атқа мінгендердің көпшілігінің дерлік балалары орыс тілінде оқыды. Күнделікті тыныс-тіршілік, аралас-құраластығы да солай болса, есейгенде, ұлтқа тұтқа бола ала ма? Өз халқын менсінбейтін, сана-сезімі өзгеше дүбәралар қаптады. Ұлттық ерекшеліктерінен айрылып, тіпті, есімдері де орысшаланып, толық ассимиляцияға ұшырады. Осылайша қазақтың бір буын ұрпағы аралас некенің салдарынан азып-тозып жоғалды.
Біздің алақандай ауылда славян халқынан келіншек әкелген екі көкеміз болды. Апырмай, не құдіреті бар екенін кім білсін, әлгі жеңгейлерден дүниеге келген бауырларымыз әйтеуір бір жағынан ерекшеленіп тұратын. Сол ерекшеліктерінен де шығар, біразы қалаға кетіп, басқа ұлттың қыздарына үйленді. Бүгінде ауылдағы ағайындармен араласпайды. Оқта-текте оларға қонаққа барғандар «кәпір болып кетіпті» деп айтып жүрді.
Ең сорақысы сол, бір апамыз келін болып келгелі, қазақ туып келсе де, ислам дінін қабылдамапты. Апамыз қайтыс болғанда, осыны білетін бір жәкеміз «оны қалай мұсылмандар зиратына қоямыз?» деп бүлік шығарған деседі. Иә, жат жаттығын жасамай тұра алар ма? Тіпті, мұсылман, өзіміз деген бір қырғыз апайымыз болды. Ғұмыр бойы бізді «маңқа қазақ» деп менсінбей жүрді. Онымен қоймай, жасы сексенге келгенше, қырғызша сөйлеп кетті. Бұған енді не дерсіз?
Қазір Қазақстанға келіп, кәсіп іздеушілер көбейді. Инвестиция әкеледі деп, қытайды да, шүршітті де қаптаттық. Соның салдары шығар, 2011-2015 жылдары әр жылда 5000-нан астам қазақ жігіті басқа ұлттан қыз алған. Бес мыңға жуық қыз басқа ұлт өкілдеріне күйеуге тиген.
Астананың өзінде отбасылық неке агенттігі деген пайда болғаны белгілі. Осы агенттіктің директоры Татьяна Логвиненко қазақ қыздарын қытай жігіттерімен таныстыруда алдына жан салмайды деседі. Татьянаны тыңдап отырсақ, ол былай дейді. «Бұл азаматтардың барлығы қытай, ағылшын, орыс тілдерін меңгерген. Екі-үш дипломы бар Қытай, Жаңа Зеландия азаматтары». Осы ретте Қытайдан көшіп келген бауырымыз, ақын Дәулетбек Байтұрсынның алаңдаушылығы орынды. Ол «қытай жігіттерінен туған бала да қытай болады, қазаққа тұрмысқа шыққан қызынан да қытай туады» дейді. Бүгінде қытайлар қазақтарға қыздарын беріп, қыз алып, «құда» бола бастапты. Осы «құдалықтың» астарында құрық бойламас қулық жатыр. Олар осы құдалық арқылы қытай санын көбейтуді, қазақты жұтып жіберуді ойластырып жатпасына кім кепіл?
Ал, енді Қазақстанға келген кейбір қытайлардың әрекеттерінен, тіпті, сескенесіз. Айталық, Ақмарал есімді келіншек Хау Ин дейтін қытаймен бірге тұрады. Жұбайы саудагер екен. Қытайдан вагондап жүк әкеледі. Осылай байыған ол сәулетті сарай салдырып алыпты. Ақмаралдан туған ұлына ол Жунго деген есім берген. Мағынасынан ат үркеді. «Мағынасы не?» дейсіз ғой. «Қытай елі». Демек, Хау Иннің нені көксейтіні белгілі. Осы Жунго қазақ халқының қамын жейтін азамат болып ер жетеді ме? Бәлкім, тағы біреуі келіп «Тайланд елі», «Шүршіт елі» деп ұлдарына ат қояр. Білетіндердің айтуынша, онсыз да Астанада түріктерден туған жиендеріміз аз емес көрінеді.
«Замана» газетінің 2017 жылғы 18 желтоқсандағы №50 номерінен «Өзі қытаймен көңіл қосып, туған сіңлісін де қытайға көндіріп жүр» деген мақаланы оқып, тіптен түңілдім. Райхан деген келіншек күйеуінен ажырасып, Фу деген қытайдың етегінен ұстапты. Ол Райханға екі бөлмелі пәтер сатып әперген. Енді, ұлды болса, автокөлік сыйлайды екен. Райхан «қайыршы қазақтан, қалталы қытай артық» дегенді ұстанып отыр. Осы ұстанымымен ол 19 жасар сұлу сіңлісін 50 жастағы қытайға көндіріп те қойыпты. «Қазір баяғы заман емес, қазаққа ғана тұрмысқа шығамын дейтін. Заман өзгерген. Ақшаның заманы. Так что, болашағыңды ойласаң, осы азаматтан айрылма. Жұрттың сөзін неғыласың» депті Райхан сіңлісіне.
Япырай, Райхан секілділердің қаншасы қазақ қыздарын азғырып жүр десеңізші. Осындайлар көбейсе, түбі қазақ қыздары қалталы шетелдік іздеп, сарсылып кете ме деп зәреміз ұшады. Туған сіңлісін аямаған, өзгені аяй ма? Байлыққа қызыққан қыз-келіншектер түбі қазақты аздырып бітпесе деңіз. «Әйел бүлінсе, әлем бүлінеді» деген тәмсіл неге естен шығады? Тегі, бағзы бабаларымыздың «Әйелдің екі иығында екі шайтан отырады. Аптасына иығын қағып отыру керек» дегенін ұмытпағанымыз жөн сияқты. Қанша жерден әйел құқығы, әйел теңдігі, нәзік жандыларға қарсы зорлық-зомбылық көбейіп бара жатыр дегенімізбен, қара қамшыны төрге іліп қоятын күн келген тәрізді.
Қанша жерден кеңқолтық, қонақжай халық болғанымызбен, ендігі жерде қызымызға қырық үйден тию қоймай болмайды. Онсыз түбінде жаһандану деген жалмауыздың жебір жұтқыншағына жем боламыз. Не істемек керек? Мына Түркіменстанда жергілікті қызды алу үшін сол елдің азаматтығын қабылдап, Үкіметке 50 мың АҚШ долларын төлеу керек. Түркияда шетел азаматтарына түрік қыздарымен танысуға рұқсат бермейді. Ал, Израиль үкіметі еврей ұлты өкілдерінің өзге ұлттардың азаматтарымен некелесуіне қарсы мемлекеттік саясат ұстанып отыр. Осындай заң бізге де керек және ол солқылдақ болмауы тиіс.
Әне бір жылы Оңтүстік Қазақстан облысының бір қызы шетелдікке ұзатылды. Күйеу бала Шымкентке ке­ліп, қалыңдығымен бірге пәтер жалдап тұрды. Екі ғашық «егер, үйлене алмасақ, ғұмыр бойы жалғыз өтеміз» деп біріне-бірі серт берген. Содан болар, қыздың жолын бөгей алмады. «Некелеспей тұрып, бірге тұрғандары қалай?» деген сыпсың да жүргенін қалай ұмытамыз? Жалпы, бүгінде азаматтық неке деген бір пәле шықты. Бұл туралы әңгіме бөлек.
Қазір шетелдік жігітке күйеуге шығуға құмар қыздар көбейді. Мұны өркениеттің өктемді өрісі деп қарастырып отырғанымыз жоқ. Басты гәп – қыздарымыздың байлық пен атақ үшін бәрін тастап, жүре беретіндігінде. Сонда, ұлттық намыс, бабалар салт-дәстүрі қайда қалады? Бұл не деген жетесіздік. Қазақта ең ауыр қарғыс та осы «жетесіз» деген сөз емес пе? Ендеше, неге осы жетесіздік деген жанды алқымға келтіргендей зілмауыр айыптаудан құтылмаймыз?
Бүгінгінің жастары ата-анасын тыңдаудан қалып барады. Хадис­те «Алланың разылығы – ата-ананың разылығында. Алланың ашуы – ата-ананың ашуында» делінеді. Ата-ананың разылығын алмағандар түбінде Алланың қарғысына ұшырайды. Жаратқан Иеміз ашуланбасын деңіз. Біз – мұсылмандар Нұқ пайғамбар туралы аңызды жақсы білеміз. Қарғыс атқан жерден пайғамбарымыздың не үшін қашқанын да ұмытқанымыз жоқ. Пампей қаласын Жаратқанның от-қаруы атқылағанын да естен шығармауымыз керек. Қаланы неге қиратқаны белгілі.
Ендеше, бұл неге бізге сабақ болмайды?
Қазақстан Республикасының Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «біз жат идеологиялардың әсері туралы айтқанда, олардың артында басқа халықтардың белгілі бір құндылықтары мен мәдени символдары тұрғанын есте ұстауымыз керек. Тиісінше, оларға өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз» деп атап көрсетті. Жастарымыздың бойындағы жат қылықтарды сылып тастаудың бірден-бір жолы – ұлттық құндылықтарымыз екені айдан-анық. Ендеше, ұлт мүддесі, ұлт болашағы, ұлт тазалығы үшін барлығымыз жұмылып күресетін күн келді. Осы күрестен ешқайсымыз шеткері қалмауымыз керек-ақ.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.