ӘННІҢ МӘНІ НЕГЕ КЕТТІ?

  • 19.03.2018
  • 519 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Назым САМЕТ,
студент

Қашанда да, әнің орындаушысы халыққа жеткізіліп жатқан туындының сөзіне, мағынасына, әуеніне ден қойып, сахна этикетін сақтағаны абзал. Бүгінгі зайырлы қоғамда этикет ережелерін сақтай білу жоғары мәдениеттіліктің көрінісі. Ол үшін біз этика, этикет, эстетика ұғымдарының аражігін ажырата білгеніміз абзал. Этика – бұл моральдық құбылыстарды зерттейтін философия ғылымының бір саласы, теориялық пәндердің бірі. (Аристотель: «Никомах этикасы», «Евдем этикасы», «Үлкен этика»). Тарихи үрдістер нәтижесінде қалыптасқан адамзат қоғамдастығындағы қарапайым адамгершілік нормаларын қарастыратын этнографияның бір бөлімі. Эстетика – адамның дүниені танып-білуі кезінде кез-келген туындының я заттың мәнісіне, тегіне, табиғаты мен шығу тарихына мән беруі. Сезімдік ұлпаларға әсерінен туындайтын қа­ты­настың ерекше формасы. Қайта өркендеу сатысындағы суретшілер шығармалары (Ф.Петрарка,  Л.-Б. Альберти, Леонардо да Винчи, А.Дюрер, Бруно, Монтель, т.б.) мен ағарту дәуіріндегі теориялық ілімнің негізін салушылар (У.Хогарт, Дидро, Руссо, Винкельман, Лессинг, Гердер) және т.б. Ал, этикет дегеніміз – (фр. etiquette – ярлык, этикетка) әлеуметтік сипатқа ие қоғамдық мәдениеттің құрамдас бөлігі. Тар мағынасында, көпшілікпен қарым-қатынасқа түсу кезіндегі (диалог) жүріс-тұрыс, әдеп нормаларын сақтау. Этикет ұғымының негізгі алғышарттарының бірі қоғамдық ортада өзін-өзі ұстай білу, талғамға сай киіну, эмоцияға басшылық жасау т.б. Әнші сахна төрінде, бұқараның алдында әнді орындамас бұрын, эстетика ережелеріне сүйене отырып, әннің түпкілікті мазмұнына, әуезділігіне, тегіне мән беруі қажет. Ең алдымен, «бұл ән арқылы мен халыққа не айтқым келеді?», «әннің тәрбиелік мәні неде?», «әуені құлаққа жағымды ма?» т.б. осы тақылеттес сауалдардың жауабын іздестіргені жөн. Өйткені, халық – өнімді тұтынушы. Егер, өнім сапасы арзан, денсаулыққа ешбір пайдасын тигізбейтін болса, оны тұтынудың қажеті қанша? Көп жағдайда әншілер әннің өтімділігін, таралымы мен тыңдалу дәрежесін арттыру мақсатында әннің сөзіне емес, әуеніне мән береді. Яғни, ырғақты, жылдам, қарқынды, рекреативті әндер таңдалынып, сөз мағынасы жұтаң болып, шеткері қалып жатады. Мәселен, төрт қыздан құралған Джейран тобының «Аяла мені» әнінің сөзіне зер салайық.
Тағы тағы қалшы,
Еліте еркелейін.
Құшағыңа алшы,
Денеңе өртенейін.
Небір сұлу келер,
Жігітім бері қара.
Мені сүйсең егер,
Аяла мені ғана.
Ер етігімен қан кешіп, ат ауыздықпен су ішкен қиын қыстау заманда шаңырақтың отын өшірмеген, балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен заматта білек сыбана еңбек қылған, ала дорба асынып, темір төсек жастанса да, намысын өзгеге таптатпаған, Алаштың арда ұлдарымен желтоқсанның ызғарына төтеп берген асыл апаларымыздың текті ұрпағының айтар сөзі осы ма? Әннің сөзіне мән бермей, тек бейнебаянына үңілген көрермен этикет дәрежесінің төмендігін аңғара алады. Ал, әнші Әйгерім Қалаубаеваның орындауындағы «Ойламашы» әніндегі мына бір жолдарға назар аударайық.
Жаман деп қарамашы,
Басқаша ойламашы.
Жанымды берем бақытты етем,
Тек мені тастамашы.
Ары-жанының садақасы дейтін халықтың қылықты қыздары өліп-өршіп махаббаттың құрбаны болып, өзіне көз қырын да салмайтын ерге жанын бергені несі? Осы тұста қазақ ақыны, драматург Мұхтар Шахановтың: «Әннің киесін бұзып жүрген әншілер жетерлік. Телеарнадағы бүкіл уақыт қалтасы қалың сазгерсымақтар мен әншісымақтардың жекеменшігіне ай­налған. Қазіргі кезде біздегі әншілердің әні мен әрекетін бақылайтын көркемдік ке­ңес құру мәселесі өзекті болып отыр» деген («Жұлдыздар құпиясы» 08.10.2016ж.). Жүз рет жазылып, мың рет талқыланып жүрген дарынсыз әншілер мен талғамсыз тыңдармандар дауы әншілердің жұрт алдындағы сөлекет қылығына ұласуда. Өнер адамы деген атқа лайықсыз қарекеттерімен көптің көңілін қалдырған әншілерге айтылар сындар саны шаш етектен асады. Өзін жеке дара индивидпін деп санаған әр адам кемінде бір пікірдің иесі десек, өнердегі мәселелерге қарасты миллиондаған пікірлер әлеуметтік желілерде дамылсыз жариялануда. Жақтаушылар мен даттаушылар болып екіге бөлінген аудитория арасынан бейтарап ой иелері де табылады. Көршілес Ресей, Қытай, алыс-жақын ТМД елдері мен біздің еліміздің өнер ошағындағы мұндай кикілжіңдер мен келеңсіз жағдайлардың орын алуына бірнеше факторлар әсер етуде.
Бұл мәселе туралы мысалы Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің журналистика докторанты Алма Сайлауқызы:
– Сахнаның киесін ұғынбай, оның иесі атанған әншісымақтардың этикет нормаларын сақтамауы екіжүзділіктің белгісі. Көпшілік алдында оғаш қылық танытуларын шаршағандық, жүйкенің жүнжуіне жаба салады. Уақыт өте, көңілге медеу боларлық сөздерімен елден кешірім сұрайды да, баяғы жартас, сол жартас болып қала береді. От пен оқтың арасында жүрсе де, әнімен жауынгерлердің жүрегіне нұр құйған Роза Бағланова, басына қандай заман тусадағы бәз қалпынан таймаған Бибігүл Төлегенова, мәдениеті биік Нұрғали Нүсіпжанов, Ескендір Хасанғалиев, Роза Рымбаевалардан неге үлгі алмасқа? Тыңдарман талғамының төмендеуіне әлеуметтік желілердің тигізер зардабы да жетерлік. Әншілердің жеке өмірлері, киген киімдері мен күнделікті тұтынған тағамдарына дейін халық хабардар. Ал, саржағал журналистер көңіл көншітпейтін жаңалықтарды жазып жарысуда. Теледидарды қай арнаға бұрмасаңыз, әншілердің қандай киім киіп, қанша табыс табатындығын, не ішіп-жегенін білгісі келетін журналистердің жеңіл-желпі жұмыстарына тап боласыз. Кейде журналистерді тергеуші ме дерсіз. Еркінсіген әншілердің кей қылықтарын әшкерелегісі келген журналистер бос дүрбелең тудырып, сүйікті әншілерін тыңдармандарының алдында сүйкімсіз етіп көрсетеді. 31 телеарнасындағы «Айта берсін», Gakku телеарнасындағы сLIDOпыт, Hit TV-дағы «Headliner», Той Думандағы «Ұзын құлақ» т.б. бағдарламалары жоғарыда айтылғандарға мысал бола алады. The Philadelphia Inquirer басылымының бұрынғы редакторы Джин Робретс айтқандай, «Айғақтама мен журналистиканың мәні шалбарын түсіріп тұрған саясаткерді ұстап алу немесе жекелеген заң бұзушылықтың бетін ашу емес, жеті қат жер астындағы фактілерді қазып шығару, сөйтіп, оқырманға күрмеуі көп құбылмалы әлемнің сырын ашуға көмектесу» деген. Қазіргі қазақ телевизиясының кеңістігі ізденіс, дерек, дәйек, фактіге толы, тәрбиелік мәні бар ақпараттарға зәру. «Телевизия – көңіл көтеруші я насихаттаушы құрал емес, ол ең алдымен ақпарат таратушы құрал. Өйткені, насихатта пікір таңу, деректі бұр­малау жиі көрініс табатынын көріп жүрміз. Ал, рекреативтік функциясын асыра пайдаланудың салдарынан, қазір одан әбден «тойынған» көрермен әзіл-сықақ, ойын-күлкіге сүйсініп қарай алмайтын деңгейге түсті десе, әйгілі кеңес педагог-новаторы, жазушы Василий Александрович Сухомлинский: «Этикет нормаларын сақтау үшін адам ең алдымен рухани кемелденуі қажет. Ал, ол үшін сіздің жүрегіңізде ар-намыс, ұждан, жауапкершілік пен парыз сезімдері берік орнағаны жөн» деген еді. Жазушының аталмыш талаптарына кәсіби шеберлік пен біліктілікті де қосар едім.
Құм даланың апшысын қуырған бұйра белесті қыраттары бар алып ша­һар Қытай елін өнеріне табындырған Дін­мұхаммед (Димаш) Құдайбергеновтың та­лан­тына қалай тәнті болмайсың? Қазақ, серб, итальян, француз, қытай, ағылшын, орыс тілдерінде ән шырқап, фортепиано, домбыраның құлағында ойнайтын дарын иесі әлемдік дәрежедегі байрақты бәсекелерде еліміздің даңқын асқақтатуда. Небәрі 23 жасында «Халықтың сүйіктісі», «Славян базары-2015» байқауының гран-при жеңімпазы, әлемдік «I AM A SINGER» байқауының II орын иегері атанған қазақтың контратенорі Қытайға бауыр басып, жат елге сатылып кетті деген қаңқу сөздер бұрқасын жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтардай қаптап кетті. Бірі «Димаш Қазақстанға келсе, біз аш қаламыз» дейді, бірі «бәріміз сол сияқты шиқылдай беруіміз қажет пе» деген жаңсақ пікірлер білдіруде. Отандас әрі әріптес азаматтардың кейбірі Димаш туралы осындай қамырықты ойда екендігі ұялтады. Бұл орынды ой айта білу этикеттің белгісі.
Алайда, кәсіби біліктіліктің төмендігінен шын дарынды байқай әрі бағасына жете алмай жүрміз. Миллиондаған Қытай халқының алдында тек қазақ тілінде сөйлеуі, төл тілімізде видеобайқау жариялауы, домбырада күй орындауы, жоғары мәдениетін көрсетуінің өзі ерлікпен пара-пар. Республика шеңберіндегі байқауларда бағын сынап, алайда, әділетсіздіктің құрбаны болып, сағы сынып, өнерді орта жолдан тастамаған Димаш өз қатарластары мен соңынан ерген өрімдей жастарға үлгі.
Барлығын біреуге балап, топырақ шашудан аулақпыз. Бірақ, құлақ құрышын қандырар бір әні жоқ, қадірі кетіп, құты қашқан қауқарсыз әншілер қаншама?
Арзан нәрсе жерде жатар,
Парша, жібек төрде жатар – деп, ойшыл ғалым Жүсіп Баласағұни жазғандай өздерін қолжеткізгісіз жұлдызға теңеген әншілер қауымы қолжетімділіктен, тым ашықтықтан жалығар емес. «Қазақтың тойы бітпесін» деген ұранды желеулеткен тойдың әншілері мейрамханаларды жағалап, күн көрсе, бірі шашына ақ түскен шағында ән салғысы келетін ата-анасын сахнаға шығарып, жұлдыз атандыруда. Кәсіби білімге, жасқа, дауысқа, тіпті, халықтың көңіліне де қарамайтын ән айту өнері бүгінде еріккеннің ермегіне айналды. «Сапасынан саны артық» дейтін қазақ эстрадасындағы әншілердің атын атап, түсін түстеуден аулақпыз. Жақсылықтың жаршысы, бүгін мен ертеңімізді таразылайтын әділ төреші, ақылшы серігіміз – уақыт. Уақыттың қатал сынына ұшыраған, ғұмыры қысқа әндер сағымдай ұмыт болады. Ең бастысы:
Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,
Ол – ақынның білімсіз бишарасы.
Ай­тушы мен тыңдаушы көбі надан,
Бұл жұрттың сөз танымас бір парасы – деген Абай өлеңіндегі талғамсыз тыңдаушы мен надан айтушы болудан бойымызды аулақ ұстағанымыз абзал.

Алдыңғы «
Келесі »