Мемлекеттік тілді практикада қолдану мәселелері

  • 19.03.2018
  • 392 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Ләззат Тұрғанбаева,
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі жанындағы «Заңнама институты» мемлекеттік мекемесі Лингвистика орталығының ғылыми қызметкері, заң ғылымдарының кандидаты

«Менің тілімнің шекарасы менің болмысымның шекарасын білдіреді».
Людвиг Витгенштейн

Мемлекеттік тіл дегеніміз – белгілі бір мемлекет халқының заңнамалық тұрғыдан айқындалған, өмірдің барлық саласында қолдануға жататын тілі. Қазақстан Республикасының Конституция­сында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады», – деп нақты жазылған. ЮНЕСКО-ның сарапшылары мемлекеттік тіл мен ресми тілдің мәнін ажырата отырып, оларға мынадай түсініктеме береді: «Мемлекеттік тіл – осы мемлекет шеңберінде саяси, әлеуметтік және мәдени салаларда интеграциялық функция атқаратын, осы мемлекеттің символын білдіретін тіл, ресми тіл – мемлекеттік басқару, заңнама, сот ісін жүргізу тілі». «Тіл туралы» ҚР Заңында «мемлекеттік тіл – мемлекет аумағындағы қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолданылатын, мемлекеттік басқару, заңнама, сот ісі, іс жүргізу тілі болып табылады» деп жазылған. Жоғарыда берілген анықтамалардан түсінетініміз, мемлекеттік тіл мен ресми тілдің атқаратын рөлдері ұқсас болғанымен, мемлекеттік тілдің ресми тілден айырмашылығы, біріншіден, оның интеграциялық функцияны атқаруында, яғни, мемлекет қызметіндегі және халық тіршілігіндегі әртүрлі салаларды бір-бірімен байланыстырып отыруында, екіншіден, мемлекеттік тіл – сол мемлекеттің түп-тамыры, тарихы, халқының символы, әдеп-ғұрпы, оны басқа мемлекеттердің мойындауына, ажырата білуіне бірден-бір себепкер болуында. Әр халықтың өзгеге ұқсамайтын өз тілі болады. И.И. Срезневскийдің ойынша, халық өзін тек ана тілінде ғана толық таныта алмақ.
Мектеп қабырғасында «Қазақ тілі» пәнін «Ана тілі» пәні деп атауы, қазақ тілі ана сүтімен берілетінін, сонымен қатар тіліміздің түп-тамырын, құндылығын, маңыздылығын, ерекшелігін, еліміздің терең тарихын жан-жақты түсіну үшін ұрпақтан-ұрпаққа мұраға беріліп отыратынын білдіреді. Елбасы Н. Назарбаев мәлімдегендей: «Қазақ елінің ұлттық идеясы – Мәңгілік ел». Қазақ елі өзін мәңгілік ел символымен ұштастырады. Кейбір қоғам қайраткерлерінің «Қазақстан» атауын «Мәңгілік ел» атауына өзгертуді ұсыну себептерінің де бірі, еліміздің тарихи тұғыры берік болуына қол жеткізу, ал, оған жету жолдарының бірі – ұлттық тіл мен ділді, салт-дәстүрді, тәуелсіздікті ға­лам­дық өзгерістердің ықпалынан қорғап оты­рып, сақтап қалу. Мысалы, Жапон, Корей мемлекеттері қаншама жаһандану про­цесіне етене араласып, экономикалық, технологиялық жағынан озық мемлекеттердің бірі бола тұрып, салт-дәстүрлерінің ұрпаққа үлгі-өнеге боларлық түрлерін сақтап, оны мемлекеттің, қоғамның, корпоративтік қыз­мет дамуы барысында тұрақты қолдануда (бас иіп сәлемдесу, үлкенге ізет-құрмет, жиындарда ұлттық киім кию дәстүрлері, ана тілінде сөйлесу). Бұл жерде Сергей Аверинцевтің «тілді ауыстыру – ойлауды ауыстыру» деген пікірі еске түседі. Яғни, басқа тілде сөйлесетін болсақ, онда біздің ойлау ұстанымымыз да, көп жағдайларға көзқарасымыз, сол тілдің мәдениетіне қарай бейімделіп, өзгереді деген сөз. Ұлттық тіл, сонымен қатар, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды факторларының бірі болып табылады. Бүгінгі таңда Ресейде де қазіргі заманға сай пайда болған ағылшын тіліндегі сөздердің орыс тілінде аудармасы жоқ болғандықтан, не ағылшын тілінде сөйлесуді сәнге айналдырғандықтан, «сары» газет-журналдарда сленг қолдануда мәтіннің жартысы ағылшын тілінде жазылып кетуіне байланысты, бірте-бірте орыс тілі жоғалып кете ме деген қауіп төнуде. Орыстың атақшы сыншысы В. Белинскийдің пікірінше, «шет тіліндегі сөзді, оған тең орыс тіліндегі сөз тұрғанда қолдану, – ол дұрыс мағынаны да, дұрыс талғамды да қорлау болып табылады».
Қолданылып жатқан заңдар бірінші орыс тілінде жазылып, кейіннен қазақ тіліне аударылуда. Тәуелсіздік жылдарында қазақ тілінде үш заң ғана жазылған, ал, қалған заңнамалық актілер Ресей заңнамасынан, не шетелдік үлгілік заңдардан көшіріліп, қазақшаға аударылуда. Егер, сол заңдар қазақ тілінде жазыла бастаса, жоғарыда атап өткеніміздей, «тілді ауыстыру – ойлау қабілетін ауыстыру» дегендей, заң жобаларын жазу барысына ұлттық менталитетіміз қамтылатындай болып жазылар еді. Заң актілерінен басқа, мемлекеттік мекемелерде іс қағаздарын жүргізу тілінде де көптеген шешілмеген мәселелер бар. Олардың бірі, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазының айтуынша, «іс қағазын қазақ тілінде жазып, министрлікке жолдасаңыз, ондағылар орыс тіліндегі нұсқасын сұрайды, өйткені, көп қызметкерлер қазақ тіліндегі жазылған құжатты оқи да, түсіне де алмайды». Сондай-ақ, заң актілерінің не құжаттардың орыс тіліндегі мәтінімен қатар, қазақ тіліндегі мәтіні болғанымен, оны оқитындар өте аз (сондықтан, нормативтік қаулылардың қазақ тіліндегі мәтінінде өрескел қателер өріп жүр). Егер, заң актілерін, не қызметтік хаттарды қазақ тілінде ешкімнің жазуға құлшынысы жоқ болса, онда «орыс тілінде жазылған мәтіндерді аударудың қажеті қанша?» деген сұрақ туындайды.
Тағы бір айта кететін жәйт, мемлекеттік органдарда, әсіресе, Ішкі істер министрлігіне қарасты органдарда қызметкерлердің іс-қағаздарын толтыруда қазақ тілінде ғана емес, сонымен қатар, орыс тілінде де грамматикалық, орфографиялық қателер жіберетіні аңғарылуда. Мұндай өрескел қателерге жол берілуінің басты себептері – мемлекеттік органдар қызметкерлерінің, әсіресе, жас мамандардың арасында жиі кездесетіні,бұрынғыдай кітап, журнал оқымай, тек интернетте ауызша сөйлеу тілінде тілдесіп, бос уақытын өткізетінінде, мектеп мұғалімдерінің сол оқушылардың білімсіздігіне көз жұмып қарайтынында деп ойлаймыз. Сол оқушылар мектеп қабырғасында алған білімімен озат студент болып, одан кейін ұстаз атанып, келешек ұрпаққа терең білім бере алмауда. Елімізде мұн­дай келеңсіз жағдайлар орын алмас үшін мұғалімдерді, оқытушыларды жұмысқа қабылдағанда, конкурстан, емтиханнан өткізіп алған жөн деп есептейміз.

Алдыңғы «
Келесі »