«ШОЛПАН» ЖУРНАЛЫ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ ӘДЕБИЕТ

  • 19.03.2018
  • 931 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Гүлсезім Теміртас,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық
университетінің магистранты

ХХ ғасырдың 20-30 жылдары ұлт зиялылары қазақ қоғамында ағарту жұмыстарын одан әрі жалғастырып, руханияттың жан-жақты дамуына айрықша үлес қосты. Ғылымның әр саласы бойынша алғашқы оқулықтар жазылды, ұлт театры қалыптасты, әдебиет пен мәдениет саласы құнды мұралармен толықты. Сонымен қатар, қазақ баспасөзі де ұлт мүддесіне қызмет етіп, жаңаша сипатта дамыды. 20-30-жылдары қазақ тілінде газет-журналдар шығару ісі күшейді. Ғалым Т.Кәкішевтің көрсетуінше, «1920 ж. қазақ тілінде 4 газет, 1921 ж. 6 газет пен 3 журнал, 1922 ж. 8 газет пен 2 журнал шықса, ал, 1925 ж. 13 газет пен 5 журналға дейін көтерілген. Атап айтсақ, аталған жылдар аралығында қазақ тілінде «Еңбекші қазақ» (Орынбор), «Лениншіл жас» (Орынбор), «Қазақ тілі» (Семей), «Ақ жол» (Ташкент), «Бостандық туы» (Петропавл), «Ауыл» (Қостанай), «Тілші» (Алматы) сияқты газеттер «Қызыл Қазақстан» (Орынбор), «Жас қазақ» (Орынбор), «Әйел теңдігі» (Орынбор), «Шолпан» (Ташкент) және басқа журналдар шығып тұрды» [1, 55]. Бұл мерзімді басылымдарда шаруашылық, саясатқа қатысты, оның ішінде партияның тыныс-тіршілігінен хабар беретін ақпаратпен қатар, білім, мәдениетке қатысты құнды мақалалар жарияланды.
Тілі жағынан болсын, көтеретін мәселелері жағынан болсын, әр басы­лымның өзіне тән ерекшеліктері болды.
Мәселен, 1922-1923 жылдар аралығында Ташкентте жарыққа шығып отырған «Шолпан» журналы шаруашылық, партия тіршілігі, білім, әдебиет, бұйрық, жарлықтар деген бөлімдерден құралып, халықты қоғамдық маңызы бар жаңалықтармен хабардар етті. «Шолпан» тарихы ту­ралы ғалым С.Смағұлованың «Қазақ мер­зімді баспасөзі: шығу тарихы мен де­ректік маңызы» еңбегінде баяндалады: «1922ж. қазан айынан бастап Түркістан Автономиялық Республикасы Орталық атқару Комитетінің білім, әдебиет, ша­руашылық, саяси журналы ретінде Ташкентте «Шолпан» журналы жарық көріп, оқу, ағарту, бала тәрбиесі, өнер-білім мәселесін жариялап тұруды мақсат тұтты» [1, 85]. Жиырмасыншы жылдары ұлт зиялылары Ташкентте шоғырланып, баспасөз, оқу-ағартушылық жұмыстармен қызу айналысады. Осы себептерге бай­ланысты, «Шолпан» Ташкентте жарыққа шығып отырды.
«Шолпанның» ғұмыры қысқа болса да, ұлт руханиятының гүлденуіне ықпал етті. Айталық, ХХ ғасырдың 20-жылдары қазақ қаламгерлері қаламынан туған қазақ әдебиетінің жауһарлары болып саналатын көптеген үздік шығармалар алғаш рет «Шолпанда» жарық көрді. Бұл турасында журналды жинақтап, баспаға әзірлеген Х. Есенқарақызы: ««Шолпан» журналы өзінің қысқа ғұмырында қазақ поэзиясының жанашыры бола білді» [2, 13], – деп лайықты бағасын береді. «Шолпанның» тұрақты авторлары ретінде танылып, журнал беттерінде әдеби мұралар, шығармалар жариялау, әдебиет туралы пікір білдірумен белсенді түрде айналысқан тұғырлы тұлғалар қатарында Ә.Диваев, Ғ.Балақадырұлы, С.Сейфуллин, М.Әуезұлы, М.Жұмабайұлы, Ш.Құдайбердіұлы, Б.Серкебаев, М.Дулатұлы, Ғ.Байтасұлы бар.
ХХ ғасырдың 20-жылдары қазақ қоға­мындағы әлеуметтік-саяси өзгерістермен қатар, қазақ әдебиетінде де тың жаңалықтар мен ізденістер пайда болды. «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті әлемдік көркемдік тәжірибені меңгерген дарынды қаламгерлер жасаған, барлық жанрларда дамыған, сұлулық жүйесі қалыптасқан, биік эстетикалық деңгейге көтерілген маманданған өнер екенін тамаша туындылармен әйгілеп берді» [3, 7]. Қазақ әдебиеті түрлі жанрдағы көркем шығармалар, мақалалар, әдеби-сын еңбектермен толықты. Дарынды қаламгерлер мен кәсіби сыншылар қатары көбейіп, көпшілікке таныла бастады. Бұның өзі рухани мәдениеттің дамуына ықпал етіп, халықтың сана-сезімінің оянуына ықпал етті. «Шолпан» беттерінде жарияланған әдеби туындыларды төрт топқа жіктеуге болады: проза (Мұхтар Әуезұлы, Мағжан Жұмабайұлы), поэзия (Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ғабидаллаһ Балақадырұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Сәкен Сейфуллин, Міржақып Дулатұлы), әдеби-сын мақалалар (Сәкен Сейфуллин, Бекмұхаммед Серкебаев, Абдолла Байтасұлы) мен халық мұрасы (Әбубәкір Диваев). Бұл кезеңде жазылған прозалық, поэзиялық туындылар мен әдеби сын мақалалар төл әдебиетіміздің жетістігін, қаламгерлердің терең білімі мен озық тәжірибесін айқындайды. Проза жанрының биік деңгейге жеткенін, еуропалық клас­сиктермен тең келетінін танытатын шығар­малардың бірі – «Шолпанның» 1923 жылы қаңтар-ақпандағы 4-5-ші санында жарық көрген Мағжан Жұмабайұлының «Шолпанның күнәсі» әңгімесі. Әлем әде­биетінде Ги де Мо­пассаннан басталып, орыс әдебиетінде Карамзинде кездесетін әйел жанының нәзік қатпарларына үңілу дәстүріне сүйенген Мағжан Жұмабайұлы ұлттық психологизмге тән элементтерді ұтымды пайдаланып, «Шолпанның күнәсін» қазақтың танымына, болмысына сай етіп ұсынады. «Шолпанда» қазақ поэзиясының баға жетпес асыл қазы­налары Шәкәрімнің «Ләйлі-Мәжнүн» (1922 жыл, қазан, 1-ші саны), Мағжан Жұмабайұлының «Қорқыт» (1922 жыл, қазан, 1-інші саны), «Батыр Баян» (1923 жыл, қаңтар-ақпан, 4-5-ші саны), Міржақып Дулатұлының «Бүркіт кегі» (1923 жыл, 30 июнь 6-7-8-ші саны) жарық көрді.
ХХ ғасырдың 20-жылдары проза мен поэзия жанрының ілгерілеуіне байланысты, қазақ әдеби сыны да қалыптаса бастады. Ұлттық баспасөз беттерінде қаламгерлердің алғашқы сын мақалалары жарыққа шықты. Қазақ әдебиетінде тұңғыш сынға ұшыраған шығармалардың бірі – Сәкен Сейфуллиннің «Қызыл сұңқарлар» пьесасы. Ол туралы сын мақаланың авторы «Қоңыр» деген бүркеншік атпен «Шолпан» журналының 1922 жылдың қазанындағы 1-ші санында сын мақала жазған Мұхтар Әуезов болды. «Шолпан» авторларының қатарында есімі көпшілікке беймәлім тұлғалар да бар. Мәселен, Шолпанның 1923 жылғы сандарында жарық көрген «Еңбек мектебі» мақаласының авторы Абдолла Байтасұлы мен Ыбырай Алтынсарин туралы көлемді мақала жазған Бекмұхаммед Серкебаев.
Абдолла Байтасұлы – ХХ ғасырда ғұмыр кешкен, Алаштың рухани, мәдени, әдеби өміріне белсенді атсалысқан зер­делі әдебиетші, қарымды журналист, шебер аудармашы, парасатты сыншы, ұлағатты ұстаз, зерттеуші. Ол – Халел Досмұхамедұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Қошке Кемеңгерұлы сынды алаш арыстарымен бірге ұлт мүддесін көксеген алаш қалам қайраткері. Абдолла Байтасұлы 1901 жылы ескіше Ақмола губерниясы Петропавл уезі Ортақшылдар болысында (қазіргі СҚО Ғ.Мүсірепов ауданы Шұқыркөл ауылында) дүниеге келген. «Еңбек мектебі» мақаласында Абдолла Байтасұлы үздік әдеби-эстетикалық көзқарасын білдіреді. Мақаладан қайрат­кер­дің ғылыми даярлығы, жан-жақты ізденісі, жүйелі білімі байқалады. Әсіресе, мақалада Аристотель, Ескендір Зұлқарнай, Ферғауын, Оскар Уайльд, Лермонтов сынды әлем ғұламаларын мысалға келтіруі оның сұңғыла білімін көрсетеді.
«Еңбек мектебі» мақаласының жа­зылу уақыты алаш руханиятында алғаш әдеби ой-тұжырымдардың пайда болып, ағартушылықтың басталуымен тұспа-тұс келді. Бұл шақтағы әдеби-эстетикалық пікірлер мен көзқарастар әдебиеттің дамуына, өрістеуіне ықпал еткен басты рухани құралдар. Мақала басында мәдениет деген ұғымға түсінік беріледі: «Адам баласының табиғатында, тұрмыс жүзінде пайдалануы үшін, өзіне іс арқылы икемдеп өзгеріс жасап, өң кіргізіп бағындыруын һәм іс істеп, іскер тәжірибелі болу арқасында, естің ер жетіп, жетілуін ғылым тілінде мәдениет дейді» [2, 464]. Автор биік мәдениетке жетудің құралы деп тәрбиені айрықша атап өтеді. Бұл шығармашылық адамдарға да қатысты жайт екенін ескертеді: «Жастан жанына сіңген тәрбиенің күші, әрі жазушы, ақындардың өмір бойы көксейтін бағытына әсер етеді». Ойын дәлелді жеткізу үшін Абдолла Байтасұлы Оскар Уайльд сияқты атақты ағылшын эстетін мысалға алады. «Жер жүзіне бірінші дәрежеде көрікшіл әдемілік сезімін оятқан, Англияның атақты жазушысы Оскар Уайльд өзінің тұрғыластарымен бір мәжілісте отырғанда, галстугін жаман байлаған бір адамның омырауына көзі түсіп, «Красиво завязанный галстук, первый в жизни серьезный шаг» деп, отырған мәжілісін тастап шығып жүрген» [2, 464]. Сұлулықты, әсемдікті жаны сүйетін, талғамы биік жазушы О.Уайльд қарапайым детальдарға мән беріп эстетикалық категорияларды: реттілік, көркемдік, асқақтықты адамның бойынан көргісі келгені белгілі. Абдолла да қазақ ақын-жазушылары да жоғары талғамды эстет болсын, үлгі алсын деген ниетпен О.Уайльдті мысал еткені анық. Себебі, ХХ ғасырдағы ақын-жазушыларымыз екіге бөлініп, бір бөлігі әдебиетті идеологияның құралына айналдырған солшылдардың жетегіне еріп адасса, ал, Мағжан, Жүсіпбектер бастаған екінші топ көркемдікке мән беріп, әдебиетті өнер түрі ретіндегі қызметіне көбірек көңіл бөлген. А.Байтасұлы екінші топты жақтап, әдебиеттің эстетикалық-танымдық рөлін нақтылайтын, растайтын мақала жазса керек.
«Шолпан» беттерінде жарық көр­ген қазақтың тұңғыш ағартушысы, пе­дагог, ақын, ғалым, этнограф Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен қызметі жайлы танымдық мақаланың авторы – Бек­мұ­хаммед Серкебаев. Автордың өміріне қатысты қысқаша деректер: «Бекмұхаммед Құсайынұлы Серкебаев 1892 жылы Омбы облысында дүниеге келген. Ол – Алаш қайраткері, жазушы-драматург, журналист, ұстаз. Бала кезінде М.Жұмабаевпен бірге Уфа каласындағы «Ғалия» медресесінде оқыған» [4, 366]. Бекмұхаммед Серкебаев мақалада Ыбырай Алтынсариннің шыққан тегі, туған жері, өскен ортасы, білім алуы, қызметке орналасуы, ағартушылық жолы туралы терең талдау жүргізіп баяндайды. «Қазақ-қырғыздың мәдениеті Ыбырай сияқты адамдарды сөз қылмай, ескерусіз тастай алмайды. Бұл күнге шейін, сөз болмай келген болса да, мұнан былай, келешекте оның жайын майданға салады. Бұл тарихтың заңы» [2, 405]. Автор ағартушы Ыбырай Алтынсариннің еңбегіне жоғары баға беріп, өнегелі қызметін, ұлт үшін атқарған ұлы істерін келешек жас ұрпаққа үлгі етеді.
Қорытындылай келгенде, Ұлт баспа­сөзінің қалыптасу тарихында «Шолпанның» алатын рөлі зор. «Шолпан» халықты қоғамдық-саяси хабарлармен қамтамасыз етіп қана қоймай, әрі ағартушылық, әрі әдебиет пен мәдениетті насихаттау қызметін атқарды. Әдебиет халықтың сана-сезімін оятатын, эстетикалық талғамын қалыптастыратын, білім көкжиегін кеңейтетін құрал болғандықтан, халықтың рухани қажеттілігін өтеу мақсатында «Шолпан» авторлары журналға арнайы әдебиет бөлімін арнады. Осының нәти­жесінде қазақ әдебиетінің жауһар туындылары көпшілікке насихатталды. Проза, поэзия, әдеби сын мен халық мұрасы бойынша авторлар белсенді түрде шығармаларын журнал беттерінде жариялап тұрды. Кезінде түрлі жанрда «Шолпанда» басылған бұл шығармалар ұлттық әдебиеттің әрі жетістігін көрсетіп, әрі оның даму бағытын анықтады. Бүгінде маңызын жоймаған қазақ әдебиетінің асыл қазыналарын тәуелсіздік идеясы тұрғысынан сабақтастыра зерделеп, баға беру міндеті алда тұр.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Смағұлова С. Қазақ мерзімді баспасөзі: шығу тарихы мен деректік маңызы (ХХ ғ. 20-30 ж.ж). – Алматы: Елтаным, 2011. – 428 б.
2. «Шолпан». Құраст., Х. Есенқарақызы. – Алматы: ҚАЗақпарат, 2015. – 475 б.
3. Нұрғали Р. Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры. Зерттеу. – Астана: Күлтегін, 2002. – 528 б.
4. Алаш қозғалысы. Энциклопедиялық анықтамалық. Құраст.: Е.Тілешов, Д.Қам­забекұлы. – Алматы: Сардар, 2014. – 528 б.

Алдыңғы «
Келесі »