ЖАСТАРҒА ДІНИ САУАТТЫЛЫҚ ҚАЖЕТ

  • 19.03.2018
  • 372 рет оқылды
  • 1

Әлем Әбділдаұлы,
І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік
университетінің 2 курс білімгері

Діннің тұтастығы – елдің тұтастығы: діни алауыздық
ұлттық алауыздыққа апарып соқтырады.
Нұрсұлтан Назарбаев

Адам әр уақытта да болмасын, өзін қоршаған әлемді тануға, өз болмысын тануға ұмтылады. Ерте замандардан бастап, қарапайым табиғат күштеріне табынып, уақыт өте келе, мифтік кейіп­керлерге деген сенімі кең тарады.Біздің жыл санауымызға дейінгі уақытта да діни сенімдер мен бірлестіктер болғаны белгілі. Адам өз болмысын тану барысында өзінің шығу тегін жануарлармен байланыстырса, кей жерлерде жоғарғы күш – Құдайлардан пайда болды деп есептеген. Әрине, бұның барлығы адам баласының ойының ұшқырлығы мен дүниені танып білуге, бұл жаратылыста өз орнын табуға деген құштарлығы туындайды.
Біздің ата-бабаларымыз өзінің рухани дамуына көп көңіл бөлген. Архео­логиялық қазба деректерге қарап, біз баба­лар рухына табыну, киелі күштер мен табиғат құбылыстарына деген сенімдері бол­ғандығын нақты айта аламыз.Қола дәуі­ріндегі андрондықтардың қоныстары, Сақ пен Ғұн тайпаларының обалары, Сарматтар мен Түрік қағанатының бал-бал тастары, Қарахан хандығының жазба деректері мен Қыпшақ хандығының мұрасы, Ақ Орда мен Алтын Орда және Қазақ хандығынан бері жалғасып келе жатқан аңыз-әңгімелер, тарихи құжаттар мен естеліктер біздің халқымыздың бай рухани мәдениеті, кемелденген салт-дәстүрі мен халық арасында кең та­раған діни наным-сенімі туралы мол мағлұмат береді. Тарихи қалыптасқан жағдайларға байланысты, біздің жерімізде әлемдік және басқа да діни бағыттар болды, соның ішінде қазақ халқының қанына сіңіп дәстүрлеріміз бен ұлттық құндылықтарымызға сабақтасқан Ислам діні. Мұсылмандықты қабылдағаннан бері біз араб-парсы мәдениетімен, көлемді ғылыми жетістіктермен танысып, күллі мұсылман әлеміне өз үлесімізді қостық.Дін халқымызды бірлікке, гуманистік принциптер мен адами құндылықтарды сақ­тауға шақырып, қоғамға тек жақсылық әкелді.
Алайда, дін адамның рухани азығы болып, жақсылыққа жетелейтін ізгі мақсаттардан бөлек бұрмалап, өзінің арам пиғылдарына пайдаланғандар тобы да болды. Қазіргі таңда олар бізге радикал-экстремистер деген атпен белгілі. Өкінішке орай, бұндай теріс ағымдарға көбінесе жастар алданып, радикалдық топтардың әсеріне түседі.Бұл жөнінде Елбасымыз 2017 жылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында «Қазіргі заманда адамзат терроризмнің белең алуымен бетпе-бет келіп отыр. Бұл ретте деструктивті күштерді қаржыландыратындарға, шетелдік террористік ұйымдармен байланыс жасайтындарға қарсы күрес жүргізу ісі негізгі мәселе болып саналады», – деп жазады. Сондықтан, қоғам арасында іріткі салып, бейбіт халыққа қауіп төндіретін және біздің еліміздің болашағы, біздің негізгі құндылығымыз – жастардың өміріне балта шабуда. Сондықтан, біздің бола­шағымызды және салт-дәстүрімізді сақ­тау барлығымызды ойландыратын ортақ мәселе болып отыр.
Өз заманында гректің ұлы ойшылы Сократ «Ешкім де жамандықты саналы түрде жасамайды, ал, жамандық жасайтындар оны білмегендіктен жасайды» деген екен. Әрине, санасы ашық, халқының ұлттық және адами құндылықтарын бойына дарыта өскен ешбір адам өз еліне қасақана жамандық жасамайды деп сенемін. Сондықтан, қо­ғамды дүрліктірген экстремизмнің дамуы жастардың жеткілікті мөлшерде діни білім алмауынан болуы мүмкін деген ойға келеміз. Бұл орайда да мектептерде діни сауаттылықты қалыптастыруға арналған шараларды айтпай кетуге болмайды. Оқушылардың жас ерекшеліктері ескеріле отырып, 2009-2010 оқу жылынан бастап, жалпы білім беретін мектептердің 9-сыныптарына «Дінтану негіздері» атты факультативтік сабақ енгізілді. Курстың көлемі оқу жылына 34 сағат «Дінтану негіздері» факультативінің мақсаты – дін және діни нанымдар туралы жалпы білім беру, оқушылардың жалпы рухани-адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру. Мұнда қандай да бір дін туралы немесе оны насихаттау туралы мақсат көзделмеген, яғни, сабақ зайырлы сипатта оқытылады. 2017 жылдан бастап, бұл пәнге толықтырулар енгізіліп «Зайырлылық және дінтану негіздері» деген жаңа пән оқытылатыны туралы ақпарат көздерінде жазылып жүр. Бұл бастама біздің болашақ азаматтарды бала кезінен ұлтжандылыққа тәрбиелеп, қазіргі қоғамның негізгі заңдылықтарын түсіндіруге, кейбір діндердің негізгі принциптерімен таныстыруда зор қызмет атқарады деп үміттенемін. Егер, біздің жастарымыз жеткілікті деңгейде діни сауатты болса, теріс діни ағымдарды бірден танып, олардан аулақ болар ма еді деген ой келеді. Бірақ, қазақ халқы еш уақытта дін немесе басқа да себептерді сылтау етіп, еш уақытта бейбіт халыққа қару сілтемегенін және өз елінің қоғамын араздастырмағанын білемін. Экстремизм біздің ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарға қарсы келетіндіктен, бола­шақ ұрпаққа өз кесірін тигізбеуі керек.Он­дай идеяларға біздің жаңғырып жатқан жаңа қоғамдық санамызда орын жоқ. Қазақ баласы, болашақ ұстаз ретінде барша азаматтарды жасөспірімдер мен балаларға ұлтжандылық, ұлттық тәрбие сияқты ізгі қасиеттерді дарытып, тәрбиелеуге және бірлігімізге нұқсан келтіретін теріс ағымдардан аулақ болуға шақырамын.

Алдыңғы «
Келесі »

1 Пікір бар

  1. Автордың айтқаны өте орынды. Түрлі діни ағымдардың кесірі тиіп жатыр. Жастарды адасудан сақтасын

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.