Мен неден қорқам?

  • 16.02.2018
  • 489 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Мың екі жүзінші жылдарда араб халқы ғылым-мәдениетте жоғары дәрежеге жетіп, осы күнгі Испания билеп тұрған жердегі Қаратөбе, Энделіс, Ғарафат деген қалалар дүниеге ғылым таратқан екен. Исламның атақты ибн Рашид, ибн Баже, Ғазали сияқты ғалымдары пәлсафада, ахлақға және басқа пәндерде көп кітаптар тәстих қылған екен. Ислам дүниесінің бақытсыздығына қарай ғылымға, пфәлсафаға қарсы бірсыпыра діншіл ишандар әр нәрсеге дін көзілдірігі арқылы қарап, хәкім етіп, қара халықты ертіп, баяғы ұстаздарға қарсы шыққан екен. Ол замандағы Альсор деген Энделіс халифасына шағым жасап, ибн Рашидтерді абақтыға жаптырып, жазған кітаптарын түгел өртеген. Бір жанған кітапханада сексен мың кітап болғандығын айтысады. Сөйтіп, дүииеге жайылған ғылым нұры сөнерлік хәлге келіп, бірнеше жүз жылдар басылып, тоқталып қалған екен. Бұл сөздерді француздың атақты жүйрік философы Ринан «Аваризм» деген кітабында айтып отыр.
Кешегі XIX ғасыр аяғында шыққан Мысыр мүфтиі Мұхаммедғабде өлер шағында айтқан екен: «Бір-ақ нәрсе турасында арманда кетіп барамын. Қолыма алармын, түзу жолға салармын деген дін тентек шалаларға қалып бара жатыр» деп. Осы Ринан жазған моллалар, осы Мұхаммедғабде зарлап кеткен моллалар секілді әр нәрсеге дін деп түрегелетін моллалар біздің казақтың да бір облысында недәуір көбейіп қалғанын мен кеше Орынбор сиезінде көрдім. Бұлар саясатқа да, шаруаға да дін көзілдірігін киіп қарайтын көрінеді. Бұлар сол діншілдіктің сылтауымен сиездің шығарған бір қаулысын қайтарып алғызды. Бұ қалай? Біз XII ғасырда емес, XX ғасырда отырғанымыз жоқ па?
Тарихымыз жаңа жолға басатын шекарада тұрғанда бұл шалмалыларға бір билігімізді берсек, біздің міндетіміз кейін кетпесе, ілгері жылжымас. Бұлардың бетіне қарай беретін ардақты зиялыларымыз тарих алдында жауапты екенін естеріне ала ма екен? Құдай тілекті беріп, ертең автономиямыз аяққа басып, қазақ жұртының оқу істері, соты жобаланып түзелгенде осы моллалар тірі тұрса, шариғатшыл, діншіл болып тағы шығар. Арабша жазылған сөздің бәрін дін деп ұғынатын, дін аяғын алған нәрседе қате болады деп үйіне кіргізбейтін, бетіне қарсы қараған кісіні тамұққа салатын молладан мен қорқам – тіршілігімізге, ел қатары күн көруімізге, ілгерілеп, мәдениет жолына түсуімізге кесір болмаса жарар еді.

Көруші
«Қазақ» газеті (1913-1918)

Алдыңғы «
Келесі »