КІТАПХАНА – РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ОШАҒЫ

  • 16.02.2018
  • 2151 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Ғазиза Құдайберген,
Алматы қаласы «Орталықтандырылған кітапхана жүйесі» Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасының бөлім меңгерушісі

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында:«Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу», – деп мақсат қойды. Әлемнің ең дамыған отыз елінің санатына қосылу шартының бірі – «Жаһандағы заманауи мәдениет» жобасын» іске асыру болып табылады. Мәдени өнімдеріміз рухани құрал – алдымен кітап түрінде өркендеуі тиіс деп есептеймін. Біз бұл сала бойынша қазіргі таңда алға озудамыз. Өткен жылы Мәжіліс депутаттарының: республикамыздағы кітап сөрелерінде қазақ әдебиеті туындылары не себепті аз деген сауалына Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы: «Кемшілік себебін табу оңайдың оңайы − авторларға қаламақы жарытып төленбейді. Баспалар авторға кітап шығаруға жұмсалатын соманың он пайызын бөледі, бұл − шамасы 300-400 мың теңге. Кітап жазуға 5-6 жыл уақыт кететінін ескерсек, ондай азын-аулақ қаламақы қаламгерге жұқ та болмайды. Жастар қазір кітап жазуды қойған», − деп жауап қайтарды. Ақын-жазушылардың қаламынан туған туындылар рухани жаңғыруға ықпал ететіні мәлім. Бүгінгі таңда ақын-жазушылардың  шығармашылығына, жаңа кітабының тұсаукесеріне кітапхана көңіл бөліп, Елбасы тапсырмасын басшылыққа алып отыр. 

Қазір Қазақстанда көп­шілікке қызмет ететін 11423 кітапхана жұмыс істейді. Кітапхана – үлкен тәрбие мектебі. Елдікті бекемдеу, ширек ғасырлық шежірені түгендеу, жалпы, рухани жаңғыру тұсында кітапханаға ерекше ілтипат көрсету – маңызды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Дәстүрлі мәдениетті жаңғырту, өз халқының тарихи тәжірибесіне жү­г­і­ну тәуелсіздікке ие болған ел­дің өмірінен алатын заңды құбы­лыс. Мұның ар жағында қоғамдық сананың қалыптасуы, ұрпақ тәр­биесі сияқты үлкен міндеттер жа­тыр» деген болатын. Шынында, жа­­һандану заманында халқымыз­дың ғасырлар бойы жинақтаған бай тәжірибесін, рухани құнды­лықта­рын өскелең ұрпақтың сана­сына сіңіріп, бойына дарыту, бұл ұлт­тық патриотизмді өрістете ке­ліп, хал­қы­мыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын сақтап, танып білуге сеп­тігін тигі­зері анық. Ал, осы құн­ды­лықтардың жинақталатын орны кі­тап­хана екені белгілі. Сондай ру­хани ошақтың бірі – Алматы қаласындағы «Орталықтандырылған кі­тапхана жүйесі» Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасы. Бұл кітап­хана еліміздің өркендеуіне зор үлес қосып келеді. Әсіресе, кітапханада рухани тәрбие беру мәселесі бірінші ке­зекте тұр. Ғасырлар бойы сара­ланып, екшеліп дамыған халық даналығы, тарихи қазыналар – ұлтымыздың алтын қоры, рухани мол мұрасы. «Басында бұлағы бар өзен сарқылмайды», – демекші, атадан балаға мирас болар осындай құн­дылықтарымызды ұлттық тәрбие беру ісіне тиімді пайдалануымыз керек. Ұлттық салт-сана, әдет-ғұрпымызды, философиялық мәні жоғары жауһарларымызды жар­қыратып, бүгінгі заманмен ұш­тастыра отырып, жастардың ойы­на сіңіруді әр күн сайын жүйелі ат­қару кітапхананың басты мақсаты.
Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы мәң­гілік елдің жарқын болашағының жоспары іспеттес. Кітапханалар білім мен ақпарат таратудың ошағы болғандықтан, мемлекетіміздегі бар­лық маңызды дү­ниелерін қолдауға, іске асыруға белсене араласады. Кі­тапханалар көбіне мектеп пен оқу орындарымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Осы орайда жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында жос­парлы түрде іс-шаралар өткізіліп тұрады.
Жиырма бірінші ғасыр – білім ғасыры. Қарыштап дамыған елдердің қатарына ілігіп, тас тұғырдан әлем­ге құлаш сермеген барыс іспетті Қа­зақстанның аты бүгінде бүкіл елге мәш­һүр. Мемлекетіміздің осы деңгейін одан әрі дамыту болашақтың еншісінде. Ал, болашақ жастардың қолында. Сон­дықтан, әрбір жастың көзін ашып, кө­кірегін ояту бүгінгі біздің басты борышымыз болып табылады.
Қазақстан азаматы деген атқа лайық ұрпақ тәрбиелеуге Жаһандық бәсекеге қабі­летті елдің болашағын жасап отырған барлық мемлекеттік бағдарламалар әр­қашан өз үлестерін қосады. Осы стра­тегиялық мақала жаңа міндеттер жүк­тейді. Осыған орай, Алматы қаласы «Орталықтандырылған кітапхана жүйесі» Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітап­ханасының ұйымдастыруымен бірқатар шаралар іске асты. Атап өтер болсақ, Ма­шина жасау және телекоммуникация колледжінде журналист, ҚР Журна­листер Ода­ғының мүшесі, «Айқын» Рес­пуб­ликалық қоғамдық-саяси газетінің бас ре­дакторы Нұртөре Жүсіппен кездесу өтті. Әңгіме барысында аталмыш мақаланың бағыт-бағдары туралы толықтай айтылып, түсініктеме берілді. Білім алушылар өз та­рап­тарынан сұрақ қойып, пікір алмасты.
«Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру де­геніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай» деп көрсетілген бағдарламада. Бағдарламаның ең негізгі бағыты да осы. Жамбыл атындағы кітапхананың ұйым­дастыруымен қаламыздағы бес кол­ледждің арасында салт-дәстүрімізді дәріптеу мақсатында «Ой-Көкпар» сайысы өтті. Үш кезеңнен тұратын сайыстың бірін­ші кезеңінде салт-дәстүрге байланысты сұрақтарға жауап берсе, екінші кезеңде театрланған көріністер көрсетті. Үшінші, қортынды кезеңде қазақ әдебиетінің шығар­маларындағы дәстүрімізді дәріп­тейтін тұстарынан монолог оқылды.
Бізге жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлету маңызды. Рухани жаңғырудың түп-тамыры да осы ұлттық кодымыз – салт-дәстүрімізде жатыр. Мәңгілік елдің мәңгілік болмағы да осы тілін, ділін, дінін, дәстүрін сақтау, ұрпақтан ұрпаққа жеткізу. «Ой-Көкпар» сайысы жастарымызға дәстүрімізді насихаттау, кеңінен тарату, танысуға үлкен мүмкіндік туғызды. Кітап оқылу да кеңінен насихатталды.
Стратегиялық мақалада тағы бір бағыт – туған жер, Қазақстанның қасиетті жерлерін насихаттау. Осы орайда кітапханада бірне­ше шаралар өтті. Түрлі әдеби кештер, аза­­маттық сабақ, ақпараттық сағаттар та­қы­рыпты айқындай түсті. «Қазақстанның қа­сиетті жерлері» атты библиографиялық ұсыныс дайындалуда. «Отандық туризм» атты жоба қолға алынып отыр. Жалпы, кітапханада «Мамандық таңдау және жақсы маман болу жолдары», «Қазақстандағы Логотерапия», «Мен және ересек әлем», «Кино+Кітапхана», «Ағылшын тілі», «Апа, кітап оқып берші», «Атырау-Алтай арасы» атты жобалар және «Шабыт» жас қаламгерлер клубы жүйелі түрде жұмыс істеп келеді. «Мамандық таңдау және жақсы маман болудың жолдары» атты жо­баның мақсаты: жастардың таңдайтын мамандық туралы ойын бір жүйеге келтіріп, дұрыс таңдау жасауына көмектесу, дербес шешім қабылдап, өзіндік мақсатын айқындай білу, қабілеттілігін арттыру, жауап­кершілік, міндеттілік, зерттеушілік әрекетін іске асыру мүмкіндіктерін ке­ңейту, тұлғалық және өмірлік өзін-өзі тануын қамтамасыз ететін болашақ кәсіби бағдарына сәйкес дербес дамуына жағдай жасау және мамандық таңдағандарға жақсы маман болудың жолдарын көрсету. «Отандық туризм» – Қазақстан табиғатымен таныстыру, отандық туризмді насихаттау, туристік агенттіктермен байланыс орнату. Қазақстанның туристер қабылдай алатын аймақтарының тізімін жасау, ақпарат беру, қоршаған орта туралы түсінігін молайту арқылы дүниетанымының жан-жақты дамуын қамтамасыз ету. «Атырау-Алтай арасы» Адамның бойындағы рухани байлықтың көзі – кітап. Кітапхана – автор мен оқырман арасындағы алтын көпір. Осы орайда әдеби жобаның алға қойған мақсаты да кітап оқылуын насихаттау, қазақ қаламгерлерінің кітаптарының таралуына ықпал ету, оқырмандар тарту, тәрбиелеу, қалыптастыру, республиканың өзге өңірлеріндегі қаламгерлердің Ал­матыда шығармашылық кештерін өткізу, кітаптарының тұсаукесерін жасау, т.б. «Қазақстандағы Логотерапия» – мақсатты бағдарлама. Логотерапия – мәнге бағыт­талған психотерапия. Психотерапия практикасында Логотерапия өте құнды «инструмент». Күнделікті өмірде кездесіп жататын адам өміріне әсер ететін сан қилы жағдайларды дұрыс қабылдай білуге ма­шық­тандырады. Өмірдің мәнін түсінуге жетелейді. Суицидке қарсы иммунитетті күшейтеді. Бағдарлама аясында ғылыми-зерттеу жұмыстары, лекция, семинар, шеберлік сағаттары, көрме, т.б. шаралар ұйымдастырылады. «Мен және ересек әлем» – студенттерге өзін тұлға ретінде қалыптастыруға және маман ретінде дамуына көмектесу. Ақпаратты қабылдап, қорытып үйрену, кітап оқуға мотивация беру, тез оқып үйрену жолдарын көрсету, өзін-өзі қалыптастыруға көмек беру үшін түрлі тренингтер өтеді. Мемлекетіміздің дамуында қоғамдағы адамдардың қабілеттілігі – негізгі мәселе. Осы орайда, қоғамның басым көпшілігін құрайтын жастардың қабілетті, қарымды, білікті, білімді, жан-жақты дамуына осындай жобалардың берері көп. Осы мақсатта қолға алынған жобалар ары қарай да жұмысын жалғастыра бермек.
«Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» бағдарламасы – жарқын бо­лашақтың кепілі. Ұлтымыздың барлық асыл мұрасын сақтаушы, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші кітапханалар болғандықтан, ары қарай да өткі­зі­летін іс-шаралардың мақсаты: Елба­сының ұсынған бағдарламасын қол­дап, жасөспірімдердің қоғамдық көз­қарасының қалыптасуына ықпал ету, туған еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру, патриоттық сезімдерін ояту, елінің мұрасын жалғастырушы азамат болып өсулеріне бағыт-бағдар беру.
«Әлем қарқынды дамып келеді. Бұл жаһандық болмыс, оны біз қабылдауға тиіспіз» – деді Елбасы. Әлемдік аренаға шығып, дербес, айтары бар, ұлты мен ұлысы жарасқан, толерантты, ішкі, сыртқы саясаты қалыптасқан, көзі ашық, көкірегі ояу мемлекет екенімізді өз білімімізбен, жаңа технологияларды игеру қабілетімізбен таныта аламыз.
Ел экономикасының жүйелі дамуына, мәдениеті мен білімінің сапасының артуына, технологиялық жедел дамуының басты айқындаушы құжаты – осы аталмыш бағдарлама. Ал, біз, кітап оқу, кітап оқылуын насихаттау – рухани жетілудің басты көзі дей отырып, бағдарламаның жүзеге асып, еліміздің ертеңіне қызмет ету мақсатында жұмысымызды жалғастыра береміз! Парасат ордасы, кітапханалар – рухани мекен! Ал, рухани жаңғыру дәл осы жерден, кеудеңді рухани байлыққа толтырудан бастау алуы керек!

Алдыңғы «
Келесі »