ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДАҒЫ ӘЗІРЕТ МЕШІТІН СУРЕТТЕУ

  • 16.02.2018
  • 1167 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Мир-Салих БЕКЧУРИН,
ресейлік лингвист-ғалым, аудармашы, публицист (1820-1903 ж.)

Ұзақ, жылдар бойы жабулы көмбе сынды болып, көпшілігіміз, шын мәнін біле, түсіне бермеген тарихи оқиғалар, ғасырдан ғасырға жетерлік етіп салынған ұлы архитектуралық құрылыстар көненің уезипасы, сондықтан уақыт сарғайтып, архив шаңы тұтқан әрбір тың дерек, құжат біз үшін алтынға айырбастамас асыл қазына. Рухани жаңғырудың бір арқауы – Атамекен. Ал, бізге атамекеніміздің тарихы – мұра!
Осы орайда, 1866 жылы 19 ақпанда Орынбор қаласында жарық көрген «Әскери жинаққа» енген Мир-Салих Бекчуриннің төменде назарларыңызға ұсынылып отырған мақаласы тарихи тұрғыдан аса құнды дерек және қазақ халқының қайталанбас қасиетті ғимараты Қожа Ахмет Йассауи кесенесінің бір жарым ғасырға жуық уақыт бұрынғы кескінін дәл суреттеуімен де маңызды құжат.

Мақаланы орысшадан аударып, дайындаған Аманхан ӘЛІМҰЛЫ.

Әзірет1 мешіті 463 жыл бойы тұр. Бұл ғаламат ғимарат адам қолымен тұрғызылған және сол кездегі қас шеберлердің жетік өнерінің көрінісі екеніне сөз жоқ. Ол қазір де үлгі боларлықтай, өзі тақылеттес көркем дүниелердің үндестік заңына сай салынған, нақышы керемет кесене. Мешіт қала сыртын қоршаған жылдан тысқары, бөлек аулаға тұрғызылып, биік қыш дуалмен қоршалған. Дуалдың бұрыштары күйген кірпіштен қаланып, зеңбіректер орнатылған бекініс қорғайды. Аула екіге бөлінген. Бүгінде оның бір жақ жартысында абақты мен әскердің жабдықтау ісін басқаратын шенеуніктің жөндеуден өткізілген үйі тұр. Мұнда орыстар келгенге дейін бала-шағасымен түркістандық әкім (комендант) өмір сүрсе керек. Ал, Әзірет мешіті екінші жартысына орналасқан.
Мешіттің сыртқы көрінісі мынадай: алдыңғы бетте екі биік мұнара бар. Оның бірімен ішкі айналмалы баспалдақтар арқылы азаншы әр жұма сайын жоғары көтеріліп, діндарларды намазға шақырады. Екі мұнара бір-бі­рімен тас қабырға арқылы жалғасып, мешіттің алдыңғы бөлігін құрайды. Кіре беріс сыртқы есігі де сол тұста. Мешіттің жоғары жағында төбесі жабылмаған екі күмбез орналасқан. Қазірге дейін қабырғаның алдыңғы жарты бөлігінде бірнеше көлденең ағаш салма сол күйінде аман тұр. Оларды мешітті тұрғызарда төсеме тақта ретінде пайдаланған болса керек.
Әзірет мешітінің ішкі жағы үш бөлікке бөлінген. Біріншісі, биіктігі 16 сажен күмбез астындағы үлкен зал. Оның оң және сол жағында қабірге толы төрттен бөлме бар. Мешіттің алдыңғы бөлігінде екінші бөлімін құрайтын, аптасына бір рет жұма намазға жиналатын бөлменің сол жақ есігі шыққан. Ал, ортасында тым үлкен бөлме бар, онда Әзірет пен бала-шағасының қабірлері орналасқан. Оның оң жағын ала соңғы ұшы саңылаулы, қабірстанды ұзын дәліз жатыр. Дәліз арқылы құдық бар ұзынша үлкен бөлмеге кіруге болады.
Әзірет мешітінің ауласында оңаша жерге орналасқан онша үлкен емес дөңгелек күмбезді ғимарат бар. Ол бедерлі өрнекпен қапталған. Елдің айтуынша, онда Ақсақ Темір шөбере қызының2 денесін қоймақшы екен. Бірақ ол ойы өзінің қазасына байланысты орындалмайды.
Әзірет мешіті алебастрлі ерекше күйген кірпіштен тұрғызылған. Оның қа­бырғаларын бір-бірімен байланыстыратын жуан ағаш бөренелер қойылған. Есіктерінің барлығы ағаштан жасалған. Күмбездің астындағы үлкен бөлменің төбесі алебастрмен безендірілген. Мешіт сыртынан тұтастай, тіпті күмбездерінің ұшына дейін керемет бедерлі өрнектермен әспеттелген. Ал, көк түсті сыртқы жа­ғының жоғарғы ернеулерінде мешітті ай­налдыра үлкен, сұлу араб шрифтерімен құ­раннан текстер жазылған. Бірақ оның көптеген жерлері уақыт табынан бұзылған, қалған барлық жазуларынан – төмендегілерді түсініп оқуға болады.
1. «Үргеніштік қожа-Хүсейннің жұ­мысы»3.
Әзірет мешітін 806 жылы (Мұсылман жыл санауы бойынша), ал, Христостың туған жылы бойынша 1404 жылы Ақсақ Темір салдырған.
Аңыздың айтуы бойынша, оған себепкер болған төмендегі жағдай көрінеді. Қаһарлы женімпаздың ерекше жақсы көрген, көрікті шөбересі, Ұлықбек4 мыр­заның қызы Сұлтан Рабиға-Бегім жастай қайтыс болады. Сүйікті шөбересін мәңгілік есте қалдыру үшін ол Әзіреттің басына күмбез тұрғызуға әмір береді де, оның сүйегін әулиенің қасына қояды. Күмбезді тұрғызуға жан-жақтан хас шеберлер алдырылып, олар ұзақ жылдар бойы еңбектенеді. Күмбез Ақсақ Темір қайтыс болған күні дайын болады5.
Мешіттің жоғарыда аталған сегіз бөлмесінде, оның қызметкерлері мен алыстан дәріс алуға келген адамдар тұрды. Келе-келе бұл бөлмелерге өлкенің атақты адамдарын жерлей бастаған. Сондықтан, мұнда түркістандық барлық шейх-әл-исламдар6, қожа, сейттер7, Түркістан шаһарының бұрынғы барлық әкімдері мен қоңыраттың8 құрметті билері (беделді адамдары) жерленген.
Сұлтан Рабиға-Бегімнен басқа бұл жерде қырғыздың (қазақтың – А. Ә.) Орта және Кіші ордасының сұлтандарының қабірлері бар. Айтқандай-ақ, атақты Абылайхан9 мен Әбілхайырдың10 Түркістанда билік жүргізген арғы ата тегі, белгісіз елдің падишасы Баба-Самут-Жолбарыс-Атаның қабірі де осында. Бұл қабірлердің кейбіреулеріне ескерткіштер тұрғызылып, енді біреулерінің бастарына үлкенді-кішілі әр түрлі формадағы құлпытастар қойылған. Бірақ, оларда марқұмдардың өлген жылдары көрсетілмей, көрнекті араб шрифтерімен аты-жөндері жазылған.
Әзірет мешітінің бірінші бөлмесі араб және парсы тілдерінде жазылған әр түрлі жазуларға толы. Қағазға жазылған жазулар қабырғаға жапсырылған. Олар құраннан алынған текстер, ара-тұра діни ұғымдағы өлеңдер мен мұсылман әулиелерінің аттары.
2. «Құдайдан басқа Құдай жоқ. Мұ­хаммед Құдайдың елшісі. Құдайдан бас­қа Құдай (жалғыз) жоқтығын куә­ландырамын, тағы да қайталап куә­ландырамын: Мұхаммед Оның құлы және оның елшісі». «Жазған-қоқандық күнәкар құл Мұхаммед-Ғали11, 1254 жылы» (1838 ж.). Оның төменгі жағында парсы тілінде жазылған өлең.
3. Тәңірі! Пайғамбар мен Сенің әулиең­нің құрметіне. «Мұхаммед Ғалидың күнә­сін кеше гөр».
Араб тілінде:
4. «Құдайдан басқа құдай жоқ. Мұ­хаммед Оның елшісі. «Оған Тәңірдің рахымы мен мейірімі жаусын» «Жазған –
бұхаралық мүсәпір кедей, дуана Мұ­хаммед-Хайрулла 1255 ж (1832).
Араб тілінде:
5. «Құдай жалғыз деп айт. Бұл Құдай. Оған барлық, мұқтажы бар жандар жүгінеді. Ол ешкімді туған жоқ, ешкімнен
туылған жоқ. Қандай жағдай болса да Ол өзіне ешкімді теңгермейді».
Парсы тілінде:
6. «Құдай. Мұхаммед. Әбубәкір. Омар-Оспан, Әли». «Жазған – мүсәпір кедей Сейд-Назар-қожа».
Осы тақылеттес жазулар басқа адамдар­дың қолымен бірнеше жерге жазылған.
Парсы тіліндегі өлең:
7. «Сенің табалдырығыңа үлкен ықы­лас­пен басымды иемін. «О… егер қабыл­дасаң. Мен үшін ол үлкен бақыт болар еді» «Жазған – Қаныбадамдық бой ұсынушы Төре-қожа».
Дәп сол жерде араб тілінде:
8. «Оның күнәсін кешіргін және кесе­лінен айықтар”.
Бұл жазулар Әзірет қабіріне тәу етіп кел­ген Құдай жолындағы адамдардың қо­лы­нан шыққан көрнекі жазудың үлгісі іспетті.
Әзірет қабірі жатқан сол бөлменің есігінде араб тілінде өлең ойылып жа­зылған:
9. «Әулиенің есігі – бақыт кеніші», «Әулиеге деген махаббат – бақыт кілті». Мешіттің бірінші бөлмесінде тұғырда қазан секілді үлкен, сиымдылығы 60 шелектей су сиятын мыс ыдыс тұр. Оның айналасында үш қатарлы араб тілінде әр түрлі шрифтермен жазылған жазу бар.
1-қатар:
10. «Мәртебесі биік және құдіретті күшті Құдай былай деді: Сіз су алып келе жатқан дуана мен дінсізге намаз оқитын қасиетті үйден орын берер ме едіңіз. Оған Тәңірдің нұры жаусын. Пайғамбар былай деді: «Кім Құдай үшін суға арнап ыдыс жасаса, оған Құдай ұжымақта сол тақылеттес суға толы ыдыс сыйлайды. Ұлы әміршінің жарлығымен, Құдайға сенушілердің әмір иесі мен Құдайдың ша­па­ғатындағы әмір жүргізушінің 12 билігін мәртебелі Құдай ұзарта берсін! Су үшін жасалынған бұл ыдыс әлемдегі бүкіл шейх-әл-исламдардың басшысы Қожа Ахмет Йассауи қабіріне арналған. Құдай оның әулие жанын тыныштыққа бөлесін. 821 жылы (1418 ж), (шаввал айында).
2-қатар:
11. «Дара билік бір Құдайда». Бұл сөз куфикалық қол жазумен жазылған.
3-қатар: .
12. «Бұл тебриздік Шарафутдин шебердің баласы шебер Абулғазиздің жұмысы». Ыдыс аңыз бойынша Түркіс­таннан 50 шақырым жерде қирап жатқан Шұрнақ қаласында құйылған.
Су құйылған бұл ыдысты мешітте тұратын діндарлар мен медреседе13 оқи­тын шәкірттер пайдаланған деп тү­сіну керек. Одан басқа Әзірет меші­тінде үлкен төрт мыс шам қойғыш шам­дал бар. Оларда да жазу болғаны көрініп тұр. Бірақ уақыт табынан өшіп қалған. Соған қарамай, араб тілінде жазылып, әзер аман қалған сөзді түсініп оқуға болады:
13. «Әмір Темір Көреген»14.
«Испағандық Тажитдиннің баласы Абдолланың жұмысы».
«Қасиетті рамазан айының 20-күні. 799 жыл» (1397 ж.). Мешітте төмендегі діни адамдар қызмет етеді:
1) Шейх-әл-ислам Нафулла-қожа-Ысқақ-қожа (Түркістандағы дін басшысы).
2) Ғазизляр шәріп-қожа-Бегібұт-қожа (Шейх-әл-исламнан кейінгі екінші адам).
3) Нақиб Ғамакбер-қожа-хан-қожа (Бүгінде Қоқанда) тұрады.
4) Хатыб Сарыма-қожа-Ғидаят­ул­ла-қожа (Қазір Меккеде, жа­­­­­­қын­­да келуі керек).
Бұл екеуі құдайға құлшылық етуші­лермен бірге болады. Бірі имам, екіншісі загиз ретінде.
5) Шырақшы: Атан Ниязмұхаммедов пен Мұхаммедкерім Бабакузин.
6) Ферраш Режаб-Мухамед-Мир-Га­шимов (Үшеуі мешіт қызметкерлері, ал­ғашқы екеуі шырақшы, ал, соңғысы тазалық жағына қарайды).
7) Азаншы Хасан Сопы-Ғибадулла-қожа (Мұнарадан намазға шақырушы).
Әзірет мешіті діни жағынан өлкеде үлкен маңызы бар. Оны мұсылмандар (сунниттер) қасиетті мешіт санайды. Орыстар алғанша мұнда Азияның барлық жерінен Құдайға сыйынушылар ағылып келіп жатқан. Тіпті, әмірлер, хандар мен басқа да билеушілер келіп, мешіттегі медресе шәкірттеріне өз аттарынан көмек беріп, дін жолында құрбандықтар атап отырған.
Әзірет мешіті мен ондағы дінбасылардың тартуынан басқа түсімдер мынадай: 1) Екі қонақ, үй мен бір керуен сарайдан түсетін жиынтық ақша. Қонақ, сарайлар 40 жасында қайтыс болған Түркістан әкімі шейх-Бадам-шейх-Хожиевтің жеке меншігін құрайтын. Ол көзі тірісінде оларды Әзірет мешітінің пайдасына вакфке15 (қай­рымдылық жолындағы құрбандық) ай­налдырған болатын.
Оның туған баласы Мұтабәллі (үлес­­тіруші) Атаулла-хожа сол қонақ сарай­лардағы орналасқан барлық дү­кен­дерді жергілікті саудагерлерге жал­дамаға беріп, одан түскен қаржыларды төмендегідей пайдаланады:
Тұтас алғандағы барлық жиынтығынан өзіне 1/10 бөлігін қалдырып отырады. Қалған ақшаның 1/3 бөлігін Түркістан қаласындағы училищелердегі мударри­самдарды (мұ­ғалімдерді) ұстауға жұм­сайды. Одан қал­ғанын әр дүйсенбі сайын 10 теңгеден16 Әзірет мешітінің пайдасына жаратады.
2) Керуен сарайда (керуендерге ар­налған ерекше сарай) барлығы 80 дүкен бар, соларды Түркістанға келген кө­пес­терге уақытша жалға береді. Одан жыл сайын 100 қола түседі17. Бұл ақшалардың Түркістан шейх-әл-исламның пайдасына түсетін 1/10 бөлігінен басқасы Әзірет мешітінің жөндеу жұмысына жұмсалады.
3) Ортақ арығының ағысында жат­қан барлық жер көлемі оброк ұстау­ға беріледі, ол үшін әр жыл сайын
алы­­­натыны:
а) Бітік тары, бидай, арпа өнімінің бе­сеуі­­нен бір-бір батманнан.
б) Бақша және жеміс бағының әр тана­бына20 10 теңгеден.
Күллі бұл түсімге бір қортынды жаса­лып, Әзірет мешітіндегі шейх-әл-ислам, газиз­ляр және накиб секілді үш адамның ара­сында бөліске түседі. 4. Сүйрі арығының ағысында жатқан барлық жер көлемі Әзірет мешітіндегі дін басы адамдар мен олардың ағайын-туғандарына пайдалануға берілген. Олар еншісіндегі жерге егін, жоңышқа21 сияқты тағы да басқа дақылдар егеді, болмаған жағдайда өзгелерге келісім бағасымен пайдалануға береді. 5. Қоқан ханы Түркістанды алғанша онда өз атынан 500 тілла жіберіп тұрса, басқа да көптеген қайырымды жандар
ақшалай заттай бұйымдар беріп отырды. Бұның барлығы әдеттегідей заң бойынша Әзірет мешітіндегі дін басылардың өкілдері ретінде жоғарыда аталған үш адамның пайдасына түседі. 6.Көптеген Құдайға табынушылар аптасына бір рет жұма сайын құр­бандыққа қой шалып, оны Түркістанның ең
кедей тұрғындары мен тәу етуге келген дуаналарға үлестіріп береді.
Әзірет мешіті бұхаралық әмір Абдулла-ханның кезінде бір рет жөндеуден өткен. Ол да Түркістанның Бұхараға кіріптар болып тұратын кезінде болатын22.
Әмір Абдулла-хан мешіттің сырт­қы есігінің жоғарғы жағындағы қабыр­ғасының үстіне ешқандай міндет атқармайтын үйшік секілді шағын бас­пана тұрғызуды бұйырды. Мешіттің сыртқы жөндеу жұмысын нашар жасады. Ауаның әсерінен оның сыртқы қабырғалары жарылып, өрнектері түсіп қалған жерлерді бүгінде алебастрмен жай ғана сылай салады. Соның салдарынан мешіттің сыртқы көрінісі көзге жағымсыз ала шұбарланып көрінеді.
Түркістан қаласына шабуыл ке­зінде Әзірет мешіті көп зақымданды. Өйткені, оның зеңбіректі бекіністері біздің әскерлерге қамалға жақындауға кедергі болды, сондықтан, қаланы тез алу үшін орыс отрядының командирі алдымен атқылауға қолайлы ашық та биік жерде тұрған Әзірет мешітін қиратуды көздеді. Оны бірнеше күйреткіш снарядтармен атқылай бастады. Көптеген жағдайда олар биік түсіп жатқанымен, күмбездердің он бір жерінен із қалдырып, жоғарғы жақтарын тесіп өткендері де бар. Егер, шейх-әл-ислам өзіне төнген қатердің алдын алып, мұнараның басына шығып каланың берілгендігін білдіретін ақ жалау көтермесе мешіт сөзсіз қирайтын еді. Болмаған жағдайда одан да көп зақым шегетін.
Зақымданған жерлер әлі де жөндел­меген. Бұл қалыпта қала берсе, ежелгі қа­сиетті орынның одан әрі жылдам күй­рей беруі бек мүмкін. Қазірдің өзінде ылғал­дың әсерінен күмбездердің астыңғы жа­ғындағы сылақтар түсіп жатыр.

19 ақпан 1866 жыл.
Орынбор қаласы.

1Әзірет, дұрысы Әзірет-Қожа-Ахмет Йассауи. Мұсылманның ұлы әулиесі және секта басы, күллі Орта Азия, Ресейдің қол астына қарайтын бүкіл түркілер мен мұсылмандардың тәу етушісі. 514 жылы (Мұсылман жыл санауы бойынша), ал, Христостың туған жылы бойынша 1120 жылы қайтыс болған. Мешіт оның қазасынан кейін қабірінің басына араға 284 жыл салып барып тұрғызылған.
2Ол туралы төменде әңгіме болады.
3Қосымшасы соңында.
4Ұлықбек мырза (Шах-Рух-мырзаның баласы) Ақсақ Темірдің немересі. Астроно­мияны керемет сүйген, Самарқанда 828 жылы (1425 ж). Бұхардағыдай ме­дресе ашқан. Ол осы күнге дейін белгілі. Ұлық­бектің атымен аталады.
5Ақсақ Темір 736 жылы (1335 ж) туы­лып, 807 жылы (1405 ж) қайтыс болды. Ақ­сақ Темір­дің парсы тілінде жа­зылған өмір­бая­нынан келтіріліп отырған шежіре мына­дай:
Қарашар – Әмірші – Әмірші – Әмірші – Әмірші – Әмірші;
Ноян – Елжар – Еленгіз – Біркел – Тұрағай – Темір.
6Дін басы.
7Өмірбаяндық шежіресін пайғам­бардың өзінен тарататын ежелгі адам­дар тегі. Олар халық құрметіне бөленген, Шығыста қасиетті текті құрайтын топ.
8Бұхар, Қаршы және Күсіж қала­ларының арасында, Амудария бойлап көшіп жүретін қоңырат атанған қыр­ғыздар (Қазақтар – А. Ә.). Олар мал ша­руа­шылығымен, оның ішінде қой шаруа­шылығымен ерекше айналысады. Бұхар, Самарқан секілді халық көп тұра­тын қалалар қойды солардан алады.
9Абылай императордың шешімімен 1778 жылы 22 қазанда Орта жүзге хан болып бекітілген. 1781 жылы қайтыс болған.
10Әбілқайыр 1731 жылы Ресейдің билі­гіне бас ұрған Кіші орданың ханы. Оны 1748 жылы Барақ сұлтан өл­тіріп, ол Каспий теңі­зіне жақын қара­қалпақтардың қонысында жерленген. Әбілқайыр Түркістан қаласында тұрып, одан 1723 жылы жоңғар билеушісі Қалден Цереннің күшімен қуылған.
11Тексті жазған Қоқанның бұрынғы ханы Мұхаммед-Ғали тамаша каллиграф болған дейді. X ғ. бүкіл үй-ішімен (Ағасы мен оның екі баласы) Қоқан қаласын жаулап алған Бұхар әмірі Нәсірұлла-Баһадүр-ханның қолынан 1842 жылы өлтірілген.
12 Ақсақ Темірдің лауазымы.
13Медресе-жоғарғы оқу орыны, тө­менгі оқу орны мектеп деп аталады.
14Көреген қыстағы Шагри-Сябзь қа­ласына таяу, Самарқаннан алыс емес, Ор­та Азия­да орналас­қан. Ақсақ Темірдің туылып,
жер­­­лен­­ген жері.
15Вакф – иесі үкіметтің басты ада­мының қатысуымен қандай болмасын үкі­меттің немесе жеке қоғамның алдында жазбаша түрде бас тарта алатын мүлік. Егер, сыйға тартылғаны жөнінде жазу медресенің болмаса мешіттің пайдасына жазылса, онда бастартушы вакф беретін түсімді діни адамдардың алдында бөліп беруі керек.
16Теңге, басқаша айтқанда қоқан. Қоқанда соғылып жасалатын күміс ақша, біздің жиырма тиындыққа тең. Бақыр ақша, шақа – 1/2 күміс тиын. Он шақа 5 күміс тиынды құрайды.
17Тілла, алтын ақша, сондағыдай соғы­лып жасалады, 3 сом 80 күміс тиынның орнына жүреді.
18Арық, яғни, ор, Сырдария мен тағы да басқа өзендерден су жіберу үшін қазылады. Түркістан облысында арықтар ирригациялау кезінде өте қажет. Сондықтан барлық алаңдар мен плантацияларға су арықтар арқылы жүргізілген.
19Түркістан батманында 8 пұт, Ташкент батманында 10 1/2 пұт, ал бұхар батманында 7 пұт, 32 қадақ 48 алтынның салмағы болса, Қытайдың қол астына қарайтын Шығыс Түркістан батманында 21 пұт 12 қадақ бар.
20Танап – 40 шаршы сажен десятина.
21Түркістан облысындағы иррига­цияның көмегімен өңделген шөптердің қатарына жоңышқа жатады. Мұнда оны баптауға ерекше көңіл бөлінген, өйткені, ол қолдағы малға құнарлылығымен тиімді. Көктемде егілген жоңышқаны жазда үш, кей кезде төрт, тіпті жақсы күтілген уақытта бес рет орып алуға болады.
22Түркістан қаласы XVI ғасырда қырғыз-қайсақтардың (қазақтардың – А. Ә.) билігінде болды. Онда 1630 жылы Шығай-ханның баласы Есім хандық құрды. Оның әулеті қаланы жоңғарлар жаулап алғанша, 1723 жылға дейін билік жүргізді. Содан кейін біраз уақыт Түркістан Бұхар хандығы иелігінің құрамына кірді. 1814-1863 жылдар аралығында орыстар алғанша Қоқан хандары билік жүргізген еді.

Алдыңғы «
Келесі »