КӨЗБОЯУЫ ЖОҚ КӨРІНІСТЕР

  • 16.02.2018
  • 751 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Қуандық ТҮМЕНБАЙ,
жазушы

Апырмай, өмір шіркіннің бір күнде өзгеріп шыға келгенін қарашы. Құдағи да бұрынғыдай емес, әрең көз салып тұр. Бұрын мұндай емес еді, тіпті, баласының еркін тақырыпқа жазған шығармасын біздің әйелге қаратып алып, асты-үстіңе түсетін. Заман өзгеріп, құда жеке кәсіпкершілік ашып, астына мәшине мініп, үйіне қарауыл ұстағалы бәрі теріс қарап кетті. Сәлемі де сидаң. Ұзамай құдағи кеселге шалдықты. Көрсетпеген емшісі жоқ. Диагнозы – қант ауруы. Алланың жазуы шығар – о дүниелік болып, жаназасын шығарып тұрып ойлағаным – өзім жақсы көретін жапон жазушысы Муракамидің «қант ауруының емі – кедейлік» деген бір ауыз сөзі.
Кеше ғана бір нанды бөліп жеп, құдағилығын алға тартып отырған қайран замандас бір күнде бізді тастап кетті. Кәсіп деген сиқыр ғой, оның өң-жүзін өзгертіп жіберген. Жаназасында тұрып жапон Муракамидің тағы бір пәлсафасы есіме түсті. «Қант ауруы тым созылмалы ауру, бұл күйімізбен байлардан құтыла алмаймыз» деген сөзін еске алып тықырши бастағанда, Имамның жан даусы шықты. Бәріміз тіктеле қалдық. Тағы бір өлі мәйітке оң сапар тіледік.
Тіршілік деген осы.

***
«Әдебиет – ұлт жанының айнасы» деген сауалнама «Қазақ әдебиеті» газетінің (25.08.2017 ж.) оқырманмен еркін ой бөлісуіне арналыпты. Алмат Исаділ: «Бүгінде әдебиетте психологизм басым. Болмысқа үңілген, жүрек түкпірінен жүрек іздеген, келешегіне алаң, өз елін­де өгейсіген ұрпақтың жай-күйі көп шығармаға арқау болып жүр», – дейді бір жауабында. Өз басым түгел қосыламын. Бұған Серік Асылбекұлы, Қуаныш Жиенбай, Дидахмет Әшімханұлының шығармалары дәлел.
Бірақ, әдебиет теориясына бағын­байтын жазғыштар көбейіп кетті. Баспа көп болғасын әркім өз ата-бабасын зерттеп, кітап шығаратын болды. Бұған болашақта заң жүзінде тыйым болар деп ойлаймын.
Қазіргі әдебиетіміздегі осындай жағ­дайға тап болуымызға не себеп деген жал­пы сауалға жазушы Айжарық Сәдібек: «Көздеріңіз көріп отыр ғой, тәр­тіп бетімен кетті. Бұл – бір себеп. Ауыл шаруашылығының күйрегеніне ширек ғасырдан асты. Сол күйрегеннен әлі түзеле алмай келеді», – дейді де, тапсырыстан туған «халтураға» реті келгенде өзі де қалам тартатынын айтады. Бұнымен келісуге де болады. Айжарық ағам кеңестік дәуірде тапсырыспен туған біраз тұлғалар туралы шығармалардың кейіпкерлерін атай келіп, өзгерген, әлі өзгеріп үлгермеген қоғамдық ортаға деген өкінішін білдіреді. Менің ойымша, сол кезеңде, ол деректі шығарма болсын, тапсырыспен жазылсын, бір тазалық, шығармаға тән бір қасиет болатын. Қазір сол қасиеттен айырылып қалдық. Қырық екі әріп «әдебиеттің» құлына айналды. Енді, латынға қарап жалтақтап отырмыз. Ақшасы барлар кітап шығарып, «поэзия – арнау өлең» деген түсінік қалыптасты. Қайда барсаң, арнау өлең. «Журналиссің ғой, бір құдағиыма арнап өлең жазып берші» деп, кезінде министрдің деңгейінде шаруа атқарған біреу көрген жерде танауын көкке көтерді. Бұған да тыйым керек. Әдебиетті аман алып қалу үшін газеттің бір бұрышында жүрген арнау өлеңге де сақ болуымыз керек. Осындайларға: «Арнау қолымнан келмейді, оны Тәжібаев пен Молдағалиевке жаздырмайсыз ба?» десең, соларды іздеуден де кетәрі емес. Ақша не істетпейді. Олардың өзі де, ұл-қызы да «Әдебиет – ардың ісі» деген сөзді көрген жерде жыртып тастады ма дейсің?! Осыған сақ болуымыз үшін аурудың алдын алатын кез жетті.
«Қазақ әдебиеті» осының бәрін айнадан көріп тұрғандай ескертіпті.

***
Тәртіп төменнен басталатыны рас. Бірақ, жоғары не істеп отыр? Кішкентайлар жоғарыға қарап, ұялып қалып жүрмейміз бе?
Төменнің тәртібі өте қиын. Әсіресе, мектепте. Әкім келетін күн – ол бір «қаралы» күн. Бұл жерде тырп еткен тіршілік болмауы тиіс. «Ешқайда шық­паңдар, кілемді баспаңдар» деген тәртіп бозторғайлар үшін бұлжымас заң.
Сол күні 15 минөттік үлкен үзілісте де оқушыларды тысқа шығармай жүйкесін жұқартыпты. Іші өтіп жүрген төменгі сынып оқушысы шыдамай, спорт залға барып, үлкен дәретке отырып келіпті. Арғы жағында жібек кілем әкімнің кірлі табанын күтіп үлпілдеп тұр.
Сол күйі әкім келмепті.
Саңғырық қай оқушыдан шыққанын анықтай алмай әлек.
Бұл – іші ауырған әр пенденің әрекеті.
Кішкентайлардың осыған ақылы жеткенін қарашы.

***
Қазіргі әншілер бір-бірін мінген мәшинесіне қарап айырады екен. «Ананікі «Тойото», мынанікі «Мерседес», мынау жаңа тіркелген топ әзір автобус жалдап жүре берсін» дейтін көрінеді.
Серкебаев, Бағланова, Төлегенова, Хасанғалиев, Нүсіпжановтар дауыс ерекшелігіне сай бағаланса, қазіргілер топталып алып, жекеше жіктеліп, музыка мен мотор бірдей ән салады екен. Мәшинелерінің маркасы төмендерге құрмет те төмен. Әннің бағасының түсіп бара жатқаны осыдан болу керек. Жарқ еткен талантты ешкім де тасаға тастамайды, оны іздеп тауып алады. Ал, мәшине мінген «талант» айналасын жаулап алады, оны тоқтата алмайсың. Сосын, үш әншінің басын қосқан «топ» дейтін сиқыр шықты. Осыларға тоқтау салып, сұрап алған қол шапалаққа тыйым болар ма екен? Сонда халықтың миы да тынығып, сергіп, серпіліс пайда болар еді.
Музыканың киесі сұмдық. Сол кие бір күні алдарынан шатынап шығып, бәрінің быт-шытын шығарып жүрсе, өкініш сонда болады.
Мәшине мінгендер сол кезде МАИ-дан қашып зымырап, музыка қай жақта қалар екен?
Музыка мен әдебиет бірігіп кетсе, бұрынғы күйімізге қайта түссек…
Өгейдің де әкесі табылар.
Іздеп жүрміз ғой…

***
Қой азайып барады. Қой түгілі қозының маңырауына зар боп қалдық. Жазылбек атам өсірген қара қоймен түбі қоштасып жүрмесек… Қазақтың келбеті қой емес пе? Үлкен съезд мінберінен: «Қазақстан «Ел тілегі – елу миллион» деп ұран көтерді» деген Бас хатшы Брежневтің қоңыр даусында бір жақындық бар еді. Сол дауысты да аңсаймыз. Әрине, тонға жаға болу үшін жарыққа шығып, бір-ақ минөт өмір сүрген қаракөл қозысы да болды. Бұл да қойдың пешенесіне жазған бір перзенті. Қазір сол тонға жаға болған қозыларды киноархивтен көріп, аңтарылып қалатын болдық.
Өмірде бір-ақ минөт тіршілік дәмін тататын қаракөл қозысының сорты тонға жаға болмаса да елге керек-ақ. Перзентінің дауысын бір-ақ минөт естіп, еміреніп жататын қара қой қасқыр алып кеткендей тып-типыл. Жастар «Абай жолындағы» «серек құлақ» ойынын аңсайды, қыздарды қой қып алып қашқысы келеді.
«Ескірген судан егіс те ауырады, оған үнемі таза су керек» деген диқан Ыбырайдың сөзі де көне кітабымызда жазулы қалды. Су жіберер арнаны құрақ басып кеткен. Адал мен арамның дәмін ең әуелі су арқылы ажыратпаймыз ба?
Осының бәрінің басында Адам тұр.
Қызыл тіл сөзге бар да, іске жоқ.
Өзге тілде сөйлеген адам қой өсіріп, күріш пен бидайды баптай алар ма екен?
«Жазылбекшілер маршы» мен «Сыр сұлуы» да шырқалмай қалды.
Демис Руссос пен Джо Дассен Шәмшінің ауылында жүр. Қонақжаймыз. Соларды «Сувенир»-ді айтып күтіп алып, шығарып саламыз. Салтын ұмытқан халықтың қонақжайлылығына олар мәз.
Алдарына қара қойдың басын тартамыз.
Сатып алған бастың сыйқы да бөлек. Олар үрейленіп, тісі ақсиған басқа үрке қарап, аудармашы арқылы өз тілдерінде сөйлеп, қашан бастан құтылғанша өбектеп отырады.
Біз соған мәзбіз.

***
Осы Республика сарайының ал­дындағы күн бата қыдыратын қарт­тарға таң қалам. Бәрі де тоқсаннан асып, ғасырды иектеген жасы бар, қыз­метке қамшы салдырмаған «сен тұр, мен атайындар». Бірақ, еш­қай­сысының иегінде қылтанақ жоқ, бәрінің ай­налдырғаны менің сақалым.
– Осыған бәріміз жабылып, бір сақал қырғыш алып берейікші, – дейді біреуі.
– Алғасын шетелдікін алайық, – дейді екіншісі.
– Бұл әлі бала ғой, – дейді тағы біреуі.
Ешқайсысы менің бір аттасам Пайғамбар жасына жететінімді айтпайды.
Сол жақтан ақсақалдықтың лебі еспей-ақ қойды. Тек бір-ақ кісі, ол да жазудың адамы: «Бұл да бір жылда зейнетке шығады ғой», – деп еді, ең үлкен тоқсанның бел ортасындағы кісі: «Какой ему пенсия», – деді ала көзімен атып.
Осылай уақыт өтіп жатыр.
Беткейдегі арықтан лай су ағып барады. Түбіне тас үйіріліп, шөп-шалам басып кеткен.
Бір жылды сұмдық күтулімін. Ол заңды зейнет күндері. Қуанамын, аңсаймын. Бірақ, мен де солардай болар ма екенмін…
***
Әдебиетке ақша керек. Әдебиеттің қамқоршысы қазір ақша боп тұр. «Мына дүниең тым жақсы екен, бірақ, аудару үшін мынандай қаржы керек» деп, көзіңді бақырайтып қойып сомасын айтады. Қалам мен қағаздан басқа түк көрмеген, доллардың алабажақ бейнесін теледидардан ғана көріп жүрген біз сияқтылар талып қала жаздайды. «Лондондағы кітап фестиваліне қатыс, Австрия кітабыңды ұнатып отыр, ең кемі мың доллар» дегенде, мың теңге айлығымызды әрең алып жүрген біз сияқтылар: «Австрияда мені кім оқи қойсын» деп, қолды бір сілтейміз. Құрылтайшы тапқандар шетелде аударылып, кең танылып, «көрнекті жазушы» атанып жүр. Солардың тұңғыш әңгімесін «Жұлдызға» шығарып, тұңғыш кітабына пікір жазғанымызды қазір естеріне түсіре алар ма екен?
Әдебиет қазір құрылтайшы тапқан­дардың сыйы мен сияпаты. Мемлекет маңдайдан сипаған қайран заман-ай десеңші. Сөз қадірін осылай кетіреміз ғой.
Пәленшенің кітабы ағылшынша аударылып, өзі Италияда жазушылар құрылтайында жүр екен десе, таң қалмаймыз.
Бейімбетке тартқандар «қазаққа танылсақ та жетеді» деп, белбеуді бір тартып қояды.
Бел мен белбеуге қарап жатқан ешкім жоқ…
«Бел кетсе де, белбеу кетпесін» деп біз отырмыз.
***
Осы біз неге осындаймыз? Неге уақытты қадірлемейміз? Уақыттың алдында құлмыз, уақыт бізге берерін беріп болды, енді біз оны аялауымыз керек.
Бұлай ышқынып отырғаным – рухани жаңғыру аясында Ғылым академиясында «М.О.Әуезов және ұлттық рухани жаңғыру» атты Халықаралық ғылыми симпозиум өтетін болды. Бөркімізді аспанға атып, тайлы-таяғымыз қалмай бардық. Басталуы сағат – 10. Беларус­тан, Мәскеуден, Қырғыздан, Татарс­таннан, Стамбулдан, Амстердамнан шақырылған қонақтар тап-тұйнақтай боп жиналып, бәрі біреуді күтіп отыр. Ол – мерекені ұйымдастырушы қала әкімдігі.
Біреу мінбеге шығып, «кешіріңіздер, қала әкімі кешігіп жатыр», – деді орысшалап.
Екінші рет әлгі бейне мінбеге шығып, тағы да сол сөзді қайталады.
Үшінші рет сол адам, сол сөзді қайта­лауға келе жатқанда жұрт селдіреп тарай бастады.
Биіктен жанған шам астында ұлы Әуезовтың өлі бейнесі жалт-жұлт етіп қарап тұр.
…Көзі сығырайған жапондарға барғанымда үш минөтке қарамай автобустың жүріп кеткенін талай жерде мысал ғып айттым. Оларда автобус екі минөт сайын жүреді екен. Солардан компьютер үйрендік, енді уақыттың алдындағы адалдықты үйренсек қой деп армандаймын.
Адамнан арман таусылған ба?!

***
Осы «бай, кедей» деген ұғым социализм кезеңінде, 60-70 жылдары өршіп кетті. «Пәленшенің жүз шақты қойы бар, түгеншенің жер тепсінген жылқысы көп» деген сөздерді көп естіп жүрдік. Үлкен әкеміздің бірі: «саған нағашыңның қызын алып берем, ол запперме, Бөрекеңде мал көп қой» деген сөзін естігенде мазақтап, «махаббатқа мал жүрмейді» деп тырқ-тырқ күлетінбіз. «Абай жолын» оқығанда Тәкежанның әйелі Қаражан: «Үйде отырып же! Далаға шықсаң, ана кедейдің өңшең сүмелек баласы қолыңнан алып қояды, жалынып сұрап! Емініп артыңнан қалмайды, асыңды ішкізбейді, зәр ішкірлер! Шықпа, қасымда отырып же! –деп қақылдап отыр» деген қызғаныш сөзі ниеті жаман бай мен тілемсек кедейдің бейнесі. Бірақ, біздің ауылда да бертінге дейін феодализмнен қалған: «Ой, ол кедей ғой» деген сыңар сөздер айтылып қалатын. «Тәуір киініп жүр, кедейдің қыздары күліп жүрмесін» деген сөзді 19-ғасырда өмірге келген әкелеріміздің аузынан естісек, олар сол дәуірдің ескерткіші сияқты.
Ұлы Әуезов осының бәрін жеріне жеткізіп қалай суреттеген десеңші. «Абай жолы» бай мен кедейдің арасындағы теңсіздікті көрсеткен теңдесі жоқ туынды боп көрінеді де тұрады.

***
Екі ғасырға жуық тарихы бар «Литературная газетаның» Бас редакторы Юрий Поляков өзінің лауазымын «оқырман және жазушы» деп таныстырыпты. Сөйтіп, төте сауалдарға жауап беріпті. Өткен өмірінде офицер болған, мамандығы физик, техника ғылымдарының кандидаты өзінен лирик шықпайтынын жымия отырып жеткізіпті. Мейлі біз үшін ол «Голосовый трубоч»-ты жазған Поляков қой.
Біздің баспасөздің беті берекелі, тола журналист-жазушы, еңбек сіңірген қайраткер, қоғам қайраткері деген сөй­лемдер түгел жазылмаса сәні кете­тіндей. Ақын-жазушы әп-сәтте қоғам қайраткері боп қолдарына шоқпар алып шыға келеді. Ал, шын жазушы кебеженің ар жағынан сығалап тұр. Бас редактордың аты-жөнінің астына Поляков сияқты «оқырман» деп жазса, өзі де, өзге де атқа теріс мініп кетер ме еді. Сондағы барар жері де белгілі ғой.
Дегенмен, біз де үйренуіміз керек.
1830 жылы сақалды Пушкиннің, социализм тұсында Горькийдің қолтықтан демеуімен өмір сүріп келе жатқан әдеби баспасөз осылай жазса, біз де қасаң лауазымдарға қатаң қарауымыз керек.
Әдеби дүниенің авторына қарап, жиналысқа қіріп кеткендей болмайық.
Оқырман бола білсек бәрінен озамыз.
Өзім әу бастан оқырманмын.

***
Тағы да Абай, Алматыдағы Абайдың тас мүсініне қарап айтылған мұң. Болашаққа базына мен ұрпақтың үрметін сақтап қалу да ойдың қапталында тұр. «Бүгінгі түсім бұрынғыдан да сұмдық» дегендей, күн өткен сайын осы жерден бүгінгі күннің бұзылған сыйқын көріп, жүрегің шым тартады. Айтпай тағы тұра алмайсың.
…Ұлы ақынның тас мүсінінің тұғырына кішкентай белесебетімен зырғып келіп, шыр айналып «сальто» жасап түскен екі жеткіншекке «қой дер қожа жоқ». Шыдамым таусылып алдына тұрып, белесебетінің тізгінінен тастай ғып ұстап алдым.
– Қаланың баласысың ба?
– Да.
– Мынау кім?
– Кажется, космонавт.
– Бар, алдындағы жазуды оқып кел.
Ол серігін ертіп, жазуды оқып келіп, «Это Абай, поэт», – деді.
– Атың кім?
– Болашақ Олжас.
– Бұлай істеуге болмайтынын білмейсің бе?
– Мы хотели сделать сальто. Хотели фотографировать момент.
Оның жауабы осы.Тас мүсіннің арғы бетінде жарты бөтелке газдалған суы мен рюкзагін тұғырға сүйеп қойып біреу мүлгіп отыр. Ол да қазақ.
Бұған не дейсің?
Осы социализм кезеңінде заң мен «зәкүн» деген болушы еді. Жұрт Алматыда тәртіпті сыйлайтын. Адамзат тәртіпке бағынып, мынадай салтанатты жерлерді қыздың баласындай қорғаштайтын. Иненің жасуындай келеңсіздік болса, Ішкі істердің қармағына ілігетін. Қазір бәрібір. Тәуелсіздік алғалы бір еркін самал есіп тұр. Тәртіп те сол самалдың ернеуінде бұғып жатыр. Бас қала Абай ескерткішінен басталса, оның тас тұғыры «сальто» жасап, рюкзак қоятын орынға айналған.
Осыған кім жауап береді?
Әрине, Алатауға қараған Абай мен оның тілін тістеген ұрпақтары.

***
Айта-айта аузымыз жауыр болды. Бірақ, әйтеуір бір күні тілдің тас жармаса да бас жарарына кәмілміз.
Республика Сарайының алды – Абай ескерткішінің арты итпен қыдырған өзге ұлт өкілдері. Әзірше қазақты көрген жоқпын. Түбі олар да көріп тұрып көрші­сінен қалыспасы кәміл.
Социализм дәуірінде кез келген жерде «не курить, не сорить!» деген ескерту тұратын. Енді Абай ескерткішінің артына – Республика Сарайының алдына «итпен қыдыруға болмайды!» деген ескерту қоямыз ба? Оны тыңдап жатқан біреу болса.
Мас та осы жерде пырылдап ұйықтап жатыр, Абай бабаның өлі мүсініне аяғын сүйеп қойып суретке түскен өзге ұлт өкілі де осы жерде.
Төрт аяқтымен қыдырып, жанға ләззат алар жер осы ма? Танауын тұмылдырықпен қаптаған қабаған ит қазаққа алара қарайды. Қазақ болса қашқақтап кетіп, күбір-күбір сөз қылады.
Көрініс осындай.
«Қой дер қожа» керек.

***
Осы жерден қашық емес, 25-қабатты «Қазақстан» қонақ үйінің тұсындағы зәулім үйде Әлкей Марғұлан, Асқар Тоқпанов, Ғали Орманов, Нәйла Базанова, Қалижан Бекхожин, тағы басқа қазақтың ірілері тұрыпты. Аты-жөндері мәрмәр тасқа жазылып, ескерткіш тақта ілініпті. Екі жыл болды, сол мәрмәр тақталардың астына сояудай-сояудай әріптермен «Люба, я люблю тебя!» деген леп белгісімен аяқталған сөз пайда болды. Тіпті, Марғұланның бет-бейнесінің жартысын осы сөз жауып, ғұламамен толық таныса да алмайсың.
Осыны үй басқармасы көрмей ме?
Өшіріп тастайтын ешкім жоқ па?
Ішкі істер қайда қарап отыр?
Егер, мен өшірсем, Марғұланның емес, Любаның сөзін сөйлейтіндер көбейіп кететіні кәміл. Бұрылған жұрт әуелі Любаның махаббатына бойұсынып, сонан кейін ғана әйгілілерге тағзым ететіндей.
Осыны көргенде өмір сүргің келмей кетеді.
***
Арнау өлең және ақша. Баспасөзді ашып қалсаң, «Құттықтаймыз?» деген айдармен шыққан арнау өлеңді көреміз. Ұйқасы келмесе де, газеттің бір түкпіріне сыйғанына мәз болып, кейіпкердің жансыз бейнесі ыржиып қарап тұрады. Осыған қарап өмірдің кеңдігіне, өзімізге-өзіміздің келгендігімізге біз де мәз боп: «Әй, мынау да келіп қалыпты-ау» деп, танысақ төрт шумақ арнауға шұқшиямыз. Бірақ, баспасөздің этикасы, өлең сөздің обалы деген болмай ма? Бүгінгі баспасөз де мемлекетке өгей бала боп қалды, «өз күніңді өзің көр, әйтпесе есігіңді тарс жап» деген қатқыл қабаққа қараймын деп, ол да жалтақ баланың күйін кешіп, қолынан келгеннің бәрін жасап жүр. Бірақ, арнаудың жөні осы екен деп, өмірден өткен сүйген жары мен мүшелге толған баласына өлең арнап, қалталылардың бәрі ақын боп бара жатқан секілді. Ұйқасқа қарап тұрып ұялуымыз да керек шығар.
Бір білетінім – өткен ғасырда Әбділда Тәжібаев деген ақын өтті. Сол өзі арнау өлең жазбайтын ақын. Ағасы Ыбырай Жақаевқа арнап, «Ағатай!» деп жазған бір өлеңі арнау өлеңнің символы. Жұрттың бәрі Әбділда емес қой, бірақ арғы-бергіні білетіндер өткен-кеткенді оқып, әдебиеттің өшпес өміршеңдігін ойласа дейміз ғой. Әдебиет компьютерге бағынбайды, саиттың алдына түсе алмайды. Өлеңді жазып тастай салмайсың. Арнау өлеңнің де аржағында поэзияның ар-ұяты тұр. Біреуге ақша беріп ектірген егін де бітік болғанмен ұлттық ережеге бағынбай ма?
Сол өлеңді Әбділда ақын Ыбырай ағасы 80-ге толғанда арнаған екен. «Сегіз күн ойланып-толғанып, ақсақ аяғыммен арлы-берлі жүріп, өліп қала жаздадым ғой» деген ақынның қоңыр үні құлақтан кетпейді. Мінбедегі өр үні былайша саңқылдайды:
Ағатай!
Сексенге жеттің, қартайдың.
Сонда да келген жоқ әлі жантайғың.
Бауырым!
Сымбатың неткен сом еді,
Сұңқылдап тұрған секілді жыры Нартайдың.
Асса да жүзден Жақаев болмай өткен көп,
Қазақта бір шал өзіңдей еңбек еткен жоқ.
Күріш ғана емес, ақындарын да өлеңнің,
Өсірдің, аға, көгертіп мейірін от пен леп…
Інілік пен ағалықтың әдемі көрінісі. Диқан мен ақынның, топырақ пен поэзияның таза көрінісі. Аяғына дейін оқысаң арнау өлең осының бәрін алып шығып тұрғандай.

Алдыңғы «
Келесі »