ТӘУЕЛСІЗДІК ПЕН ТӘУБЕСІЗДІК

  • 16.02.2018
  • 491 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Бекен Нұрахметов,
Қазақстан Журналистер одағы
С.Бердіқұлов атындағы сыйлығының лауреаты

Көп нәрсе ойламаған жерден болады деген рас-ау. Өз басым бұл тақырып төңірегінде қалам тербеймін деп мүлде ойламаппын. Себебі, еліміздің тәуелсіздігі туралы жеткілікті түрде айтылған да, жазылған да сияқты көрінетін. Шынымды айтсам, кейде тәуелсіздік мәселесі көп қозғала бастаған кезде жаза-жаза жауырыны шығып, таптаурын болған тақырып сияқты қабылдайтынмын.Сөйтсем, қатты қателесіппін. Оған себеп болған төмендегі жағдай…

ӨТКЕН КҮНДЕ БЕЛГІ КӨП…

Бірде әріптес достар жиналып, тәуел­сіздік мейрамының 25 жылдығына байланысты бас қостық. Бәріміз аталмыш мерекенің арқасында төрт күн демалыс берілгеніне де шүкіршілік жасап жатырмыз. Арамызда жасы еліміздің тәуелсіздігімен түйдей құрдас бір жігіт отырған болатын. Реті келгенде әлгі жігітке де сөз кезегін бердік. Сол кезде орнынан тұрды да, ойламаған жерден: «Сіздерді білмеймін, өз басым толық тәуелсіз мемлекетпіз деп айта алмаймын.., Ресейдің ықпалынан шыға алмай жатқан сияқтымыз…» деп қойып қалмасы бар ма. Мына сөзді естігенде біразымыз абдырап қалдық. Тіпті, арамызда жас мөлшері қырыққа таяған жігіттердің ішінде де бір-екеуі әлгі жігіттің сөзін қоштай жөнелді. Содан кейін-ақ өзара дау-дамай басталды да кетті. Сөз арасында әлгі тәуелсіздігіміздің қадірін білмей жүрген жастарға шамамыз келгенше тойтарыс беруге тырыстық. Өткен тарихты да біраз қозғап жібердік. Қалай дегенмен де, осы оқиғадан кейін қатты ой құшағына шырмалып қалдым. Ойды ой қозғайды деген осындайдан шығады екен ғой. Көз алдымнан өткен күндердегі өзіміз бастан кешкен келеңсіз оқиғалар қайтадан елес берді. Содан кейін көп ойлана-толғана келе, көзбен көріп, көңілге кірбің түсірген жайттарды қағаз бетіне түсіруді жөн көрдім. Бұл оқиғалар тәуелсіздігіміздің қадірін жете түсінбей, тәубесіздік танытып жүрген жастарға мысқалдай болса да оң әсерін тигізер деген үміттемін…

ҰЛТТЫҚ НАМЫС НЕМЕСЕ ШОВИНИСТЕРГЕ БЕРІЛГЕН  ТОЙТАРЫС

1983 жылдың қыркүйек айы болатын. Сол жылдары КазМУ-дың студенттерін Қостанай облысына картоп жинауға апаратын. Журналистика факультетінің студенттерін Федоровка ауданындағы Пешковка селосына әкелді. 130-дай студент ауылдың қақ ортасындағы бір қабатты жатақханаға орналастық. Бәрімізді басқарып келген ұстазымыз Айтқазы Байдәулетов ағайымыз. Ауыл шаруашылығы жұмысына келген студенттердің ішінде қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Әзірбайжан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Бейбіт Исабаев, белгілі ақын, профессор Бауыржан Жақып, «Дат» газетінің бас оқырманы Ермұрат Бапи, Гумилев атындағы Еуразия университетінің ақпараттық медиа орталығының жетекшісі Кенже Жұмағұлов, сол университеттің кафедра меңгерушісі Аязби Бейсенқұлов, «Салық тәртібі» газетінің бас редакторы Ғалым Қасабаев, «Алматы ақшамы» газеті редакторының орынбасары Төрехан Данияр, белгілі ақын, марқұм Қайрат Әлімбеков және басқалар бар болатын. Біз тоқтаған ауылда бес қана қазақ отбасы тұрады екен. Алайда, өз ана тілдерін дұрыс білмейді. Негізгі тұрғындар Ұлы Отан соғысы кезінде жер аударылғандар мен тың игеру жылдарында келіп, тұрақтап қалғандар болса керек. Былайша айтқанда, таза орыстанып кеткен ауыл, қазақ руханиятының исі де сезілмейді.Тіпті, өз еліңде емес, басқа мемлекетте жұмыс істеп жүрген сияқтысың.
Келген бетте көп ұзамай ауылдың бұзақы жастары біз тұратын жатақхананың маңын торуылдап, төбелес шығаруға ілік іздеп жүрді. Тіпті, «Казахи, бараны, калбиты» деген сияқты ауыр сөздерді айтып, намысқа тие бастады. Шовинизмнің не екенін және ұлт намысына тиюдің мұндай ауыр болатынын мен сол кезде түсіндім. Басқа елде жүрсең бір сәрі. Ал, енді өз еліңде тұрып, мынандай ұлттық болмысты кемсітетін ғайбат сөздер есту дегеніңізден артық қорлық болмайтын шығар, сірә. Онысымен қоймай, бірнеше мәрте жатақхананы қоршап алып, терезеге тас лақтырды. Және де арматура, таяқ сияқты қарулармен мықтап жарақтанып алған. Мынандай сорақылықтан кейін біздер ішке кіріп кетпесін деген сақтықпен жатақханада қарулы жігіттерден түнгі кезекшілік ұйымдастыратынбыз. Шынын айтқанда, біздің де шыдамымыздың шегі таусылудың аз-ақ алдында жүрді.
Біз ол кезде төртінші курсқа көшкен болатынбыз. Ауыл шаруашылығы жұмысына келгендердің ішіндегі үлкеніміз. Сондықтан да төменгі курстың жігіттері біздің ығымызға қарайды. Бір күні кешкілік өзіміз жататын жатақханада би кешін ұйымдастырдық. Сол кезде ауыл бұзақыларының шектен шыққандықтары соншалық, би болып жатқан жерге баса көктеп кіріп келді. «Смотрите, казахи зажигают…» деп қояды намысқа тиіп. Көбісі қызара бөртіп ішіп алған. Әкелерінің үйінде жүргендей қыздарымызға тиісіп, тайраңдай бастады. Ақыры, жігіттік намысымызға қамшы басуға тура келді. Біздің курстың жігіттерінің ұйымдастыруымен шектен шыққан ауыл бұзақыларына қарсы қатты тойтарыс берілді. Нәтижесінде олардың бес-алтауы соққыға жығылды. Содан кейін бізге қарсы сол ауылдың бүкіл жастары көтеріле жаздады. Милиция қызметкерлері дер уақытында келмегенде, оның арты қантөгіске ұласатыны сөзсіз еді. Алайда, мәселенің қалай ушыға жаздағанын, бұл оқиғаға кінәлі кімдер екенін жергілікті құқық қорғау органдары біле тұра, біздің жігіттерді кінәлауға шақ қалды. Содан жергілікті билік мәселенің ұлтараздыққа ұласып кететіндігінен қорыққандықтан біздің жатақханаға учаскелік милиционерді жатқызып қойды. Содан кейін ғана тыныштық орнады.
Ауыл шаруашылығы жұмыстарын бітіріп, Алматыға бет алдық. Поезд жүйткіген сайын астананы сағынып, әндетіп келеміз. Тапқан табысымыз да жаман емес болатын. Қалай дегенмен де, көңілімде біртүрлі ызғар тұрған сияқты. Әлгі шовинистердің ұлт намысына тиетін былапыт сөздері көпке дейін құлағымда жаңғырып тұрды. Сөйтсек, біздің алдымызда ұлттық болмысымызды кемсітудің бұдан да сорақы түрлері тосып тұрғанын білмеппіз ғой…

ТӘУБЕГЕ КЕЛУ НЕМЕСЕ ТӘУЕЛСІЗДІК КӨТЕРГЕН РУХ

Өз басым кекшіл адам болмасам да, осы оқиға жүрегімде мәңгілік ерімейтін тоң болып қатып қалған сияқты көрініп еді. Иә, көңілімізді тоңазытып тұрған бұл ызғардың да көп ұзамай жібитінін білдік пе сол кезде…
Кіші станицада пәтерде тұратын едім. Желтоқсан оқиғасынан кейін билік басына Г.Колбин келіп, орыс ағайындардың асығы алшысынан түсіп тұрған кез. Кешкілік жұмыстан үйге кетіп бара жатып, көшеде төбелесіп жатқан тобырға көзім түсті. Қарасам, сол маңайда пәтер жалдап тұ­ратын Нұржан есімді жігітке еңгезердей төрт орыстың жігіті жабылып жатыр екен. Қарап тұруға дәтім шыдамады. Дереу араша түсіп едім, өзіме қарсы дүрсе қоя берді әлгілер. Жасыратын несі бар, кәдімгідей біраз соққы алып қалдық. Сол кезде қайдан шыға келгенін білмеймін, сиренасын айғайлатып, милицияның машинасы да тоқтай қалғаны бар емес пе. Қарасам, қазақ жігіттері екен. Кәдімгідей қуанып қалдым. Қуанғанымды қайтейін, олар машинадан атып түсіп, бізге жабылған ана бұзақыларды емес, Нұржан екеуміздің қолымызды қайырып, машинаға бірақ тықты. Әлгі бұзақылар милициядан қор­қып тұрған жоқ. Жабылғанымен қоймай, ұлт намысына тиетін қаншама ауыр сөздер айтып жатыр. «Знайте, что пришло наша время, бараны. Мы еще вам покажем, где раки зимуют» деген сөздерді есту дегеніңізді жауыма да тілемес едім.«Ей, мыналарың не? Сендер бізді емес, ана бізге жабылған бұзақы мастарды неге ұстамайсыңдар? Қазақ деген намыстарың қайда? Әділеттілік қайда? Сендер тәртіпке жауап беретін адам емессіңдер ме?» десем де үндемейді. Бір уақытта милиционер жігіттің біреуі: «Бауырым, сабыр етші. Қазір аналардың көзінше сені өтірік алып кетейік, сосын босатып жібереміз» дейді ақырын ғана құлағыма сыбырлап.
Милиционер жігіттер айтқан уәделе­рінде тұрып, екеумізді ішкі істер бөліміне апармай, орта жолда қалдырып кетті. Ішіндегі шені үлкені машинадан түсерде маған: «Бауырым, сен ренжіме бізге. Біздің Москва аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы орыс жігіті. Өзі шовинистеу адам. Сендерді кінәлі етіп жіберуден тайын­байды. Ертең қызметіңе зияны тиіп кетіп жүрмесін» деді ағалық ақылын айтып. Міне, осындай да масқара болады екен-ау! Құқығымызды қорғайды деген жігіттеріміздің өзінің мыстары басылып қалғанын көргенде жаным түршігіп кетті.
Өз басым жастайымнан интернатта өсіп, студент кезде жатақханада тұрғандықтан, әлімжеттік пен төбелестің небір түрін бастан өткерген едім. Биік дәрежеге жетпесем де, жас кезімде күреспен де, бокспен де айналыстым. Сондықтан да, еш уақытта жігіттік намысымды аяққа таптатып көрген емеспін. Алайда, қандай қиын жағдай болса да, мынандай қорлыққа тап боламын деп еш ойламаппын. Содан үйге келген бетте тамаққа да зауқым болған жоқ. Жатып қалдым. Таң атқанша көз ілмедім десем де болады. Ішімді өртеген намыс оты көзімнен жас болып шықты. Ертесінде жігіттерді жинап келіп, жақсылап сыбағаларын берсем бе деп те ойладым. Алайда, одан опа таппайтының белгілі. Сонымен қатар, бір өзің ғана емес, басқа біреулердің де обалына қалатының сөзсіз. Сондықтан да амалдың жоқтығынан бәріне көнуге, тағы да іштен тынуға тура келді. Және де Қайрат Рысқұлбековты ату жазасына кесіп, СОКП Орталық Комитетінің «Қазақ ұлтшылдығы» туралы атақты қаулысының шығып жатқан кезінде қайдағы әділеттілік болушы еді?..
Бір күні еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін бір жылдай уақыт өткен соң, Кіші станицада әлі тұрып жатқан Ғалым досыма қонаққа баруға жиналдым. Сазановская көшесімен кетіп бара жатып, жолдың шетінен баяғыда өзіме жабылған төрт жігіттің екеуін көзім шалып қалды. Тоқтамай өтуге намысым жібермеді. Жандарына жақындап келіп, көліктің тежегішін шиқылдата басып, тоқтай қалдым. Олар қапелімде сасқандарынан шоршып кетті. Сол кезде көліктің терезесін аштым да, сұқ саусағымды көрсетіп, «Бері келіңдерші» деп меңзедім. Олар жетіп келді. Әңгімені бірден: «Мені таныдыңдар ма?» дегеннен бастадым. Олар «Жоқ» деді түкке түсінбей. Сол кезде төрт жыл бұрын осы көшеде маған төрт жігіт болып жабылғандарын естеріне түсірдім. Екеуі де қапелімде қатты сасқандарынан абдырап қалды. Және де бұл уақыт елімізде рэкет пен бопсалау әрекеттері белең алып тұрған кез болатын.
Әлгі екеуі мені кек алу мәселесімен келіп тұрған рэкет деп ойлап қалған сияқты. Иектері кемсеңдеп, қол-аяқтары дірілдеп кетті. Баяғы өр кеуделері мыстай басылып қалған. Бетіме тіке қарай алмайды. Сол кезде сөзімді нығарлап: «Сендер сол кезде маған жабылғандарыңмен қоймай, қандай ауыр сөз айтқандарың естеріңде ме?» дегенімде түрлері сұрланып, одан сайын боп-боз болып кетті. «Кешіріңіз, кешіріңіз! Біз ол кезде мас едік қой» дей берді ақталған сыңай танытып. Содан кейін көліктен түстім де, екеуіне жақындай беріп едім, қашуға ыңғайланып, қорыққандарынан шегініп барады. «Мен сендерге тиіспеймін, тоқтаңдар, – деп сабырға шақырдым да, сөзімді қайта жалғадым. – Естеріңде болсын. Мен ешкімді ұлтқа, нәсілге бөлмеймін. Орыс ағайындардың ішінде де менің қаншама керемет достарым бар. Қазақстанда тұратын жүзден аса ұлт өкілдерінің бәрі бір-бірінің ұлттық намысына тие беретін болса не болады?» – дегенімде, екеуі шынымен де ойланып қалды. Өз қателіктерін жете түсінді, әрине. Тағы да: «Кешіріңіз, өте дұрыс айтып тұрсыз» деді қосарлана сөйлеп. Содан кейін сөз соңында: «Жарайды, мен бәрін ұмыттым. Сендерді кешірдім. Бұдан былай көрген жерде сәлеміміз дұрыс болсын» деп достық қолымды создым. Менің мына сөзімді естігенде екеуі тіптен қуанып кетті. «Хорошо, хорошо! Спасибо вам. Вы очень мудро сказали..» деп қалбалақтап қалды.
Бұл, әрине, менің күштілігім емес, бізге еркін тыныстауға, өз елімізде өзімізді еркін сезінуге рух берген, ұлттық болмысымызды көтеруге мүмкіндік тудырған тәуелсіздіктің жемісі. «Шіркін-ай, бұл күнге де жеттік-ау, әйтеуір!» дедім іштей әлгілерді тәубесіне келтіргеніме риза болып.
Содан кейін көңілім көтерілген бойда Ғалым досымның үйіне келе сала жолда болған жаңағы оқиғаны майын тамыза айттым. Сол кезде дастархан басында отырған жолдастар: «Беке, бұл дегенің біздің тәуелсіздігіміздің жемісі ғой. Сондықтан да тәуелсіздігіміздің баянды болуы үшін, тәуелсіздікті алып берген Елбасымыздың амандығы үшін алып қояйықшы» деді. Осы оқиға бәрімізге қатты әсер етті. Сондықтан болар, жақсы әсермен түннің бір уағына дейін отырдық. Сол кезде Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әнін бірнеше мәрте шырқадық. Осы бір құдіретті ән кейіннен еліміздің Әнұранына айналатынын қайдан білейік…

ТІЛ БІЛМЕЙ, ТЕНТІРЕГЕН  ТАЛАЙ ЖАСТАР…

Кеңес өкіметі кезінде еліміздің педаго­гикалық институттарынан басқа жоғарғы оқу орындарында қазақ факультеттері болмайтын еді. Ал техникалық жоғарғы оқу орындарындағы сабақтың бәрі орысша. Тіпті, еліміз аграрлы мемлекет бола тұрса да, ауыл шаруашылығы институтының өзінде бірде-бір қазақ факультеттері жоқ болатын. Бұдан өткен шеткерілеу, бұдан өткен кемсітушілік болмайтын шығар, сірә. Сол жылдары ауыл шаруашылығы институтының механика факультетінде Әнуар есімді (аты-жөнін белгілі себептермен өзгертіп алып отырмын) танысым оқитын еді. Мектепте жақсы оқыған екен. Алайда, таза қазақ ауылында өскендіктен, орысша тым шорқақ сөйлейтін. Содан өзі қатты қысылатын. Екеуміз кездескен сайын орысша түсінбегендіктен, сабақ үлгерімі нашар болып жүргенін қинала айтатын еді. Сол жігіт ақыры оқудан шығуға мәжбүр болды. Оқудан шыққанын әке-шешесіне айтқан жоқ. Көп ұзамай әскер қатарына алынды. Әскерге өзім шығарып салдым. Қинала-қинала кетті. Содан екеуміздің жолымыз қиылыспады. Және де өзі өте ұяңдау жігіт болатын.
Кейде өткен күндерге көз сала отырып, «Әнуар досым қайда жүр екен?» деп арагідік ойлап қоятын едім. Бірде арада отыз жылдай уақыт өткенде көшеден кездестіріп қалдым оны. Ол да мені шырамытып барып таныды. Екеуміз құшақтаса кеттік. Алайда, өңі тым жүдеу көрінді. Шаштары түгелдей ағарған. Бет-әлпетіне уақыт өз бедерін мықтап салғанын аңғару қиын емес. «Газеттен мақалаларыңды оқып, теледидардан өзіңді жиі көріп тұрдым» деп қояды сөз арасында. Құрылыс саласында жұмыс істейді екен. Жанында еңгезердей баласы бар. Байқасам, орысша сөйлейді. «Мына бала неге ана тілінде сөйлемей тұр?» дедім таңданысымды жасыра алмай. Сол кезде ол талай жылдар өзегін өртеп жүрген күйігін сыртқа шығарды: «Орысша білмегендіктен мен далада қала жаздадым емес пе. Оны өзің жақсы білесің. Енді осы балаларым менің күйімді кешпесінші деп орысша оқыттым» демесі бар ма. Мен оның өткен өміріне қанық болғандықтан, қапелімде үндей алмадым. Және де ескі жараның орнын тырнап не қылайын деп те ойладым. Сол кезде сөзін одан ары жалғап: «Бұл бала тәуелсіздікке дейін туды ғой,- деді ақталған сыңай танытып. – Алайда, қазіргі уақытта немерелерім қазақша оқиды. Шіркін, біз неге еліміз егемендік алған кезде тумадық екен?» деді өз өкінішін білдіріп…
Бұл әрине, бір ғана Әнуардың басындағы тағдырдың тәлкегі емес. Ұлттық болмысымызды төмендеткен бұндай сұрқия саясаттың зардабын тоқырау дәуірінде талай қазақтың ұлдары мен қыздары бас­тан өткерді. Ол да бір қаралы көш сияқты қаншама қандастарымыздың арманын іске асырмай, болашақ тағдырына кері әсер етті.
Екеуміз жылы қоштастық. Көз алдымнан оның жабыққан келбеті кетер емес. Мен оның әскерге шығарып салып тұрғандағы мұң басқан көңіл-күйін көпке дейін ұмыта алмай жүрген едім. Ал, енді тәуелсіздік кезінде тумағанына өкініп тұрған кейпін көргенде тағы да жүрегім сыздап қоя берді…

ӨЗ ҰЛТЫҢДЫ ӨЗЕККЕ ТЕПТІРГЕН САЯСАТ

Ол кезде Алматы облыстық «Жетісу» газетінің ауыл шаруашылығы бөлімінде қызмет істейтінмін. 1986 жылдың 16 желтоқсаны күні белгілі журналист, марқұм Басқар Битанов екеуміз кезекшілікке қатар түстік. Ол кезекші редактор да, мен қырағыкөзбін. Кешкілік телетайп арқылы КазТАГ-тан Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып Г.В.Колбиннің сайланғаны жөнінде ресми материал түсті. Өз көзімізге өзіміз сенбейміз. Кезекшілікте отырған корректорлар бәріміз үрпиісіп қалдық. Еңсеміз түсіп кетті. Тіпті, сағымыз сынып қалды десе де болады. Шынымен де, бұл оқиға бәрімізге соғыс кезінде келетін қаралы хабар сияқты әсер етті десем, артық айтқандық емес.
Ертесі күні, яғни, 17 желтоқсанда алаң­ға жастар жиналып, атақты Желтоқсан оқиғасы орын алып, оның арты қанды қырғынға ұласты. Мен ол кезде «Горный гигант» мөлтек ауданында пәтерде тұратын едім. Кешкілік жұмыстан қайтып бара жатқанымда біз мінген автобус Абай мен Фурманов (қазіргі Н.Назарбаев даңғылы) көшелерінің қиылысына келгенде тоқтап қалды. Көше толған көтерілісші жастар. Автобус ары өте алмайды. Сәтбаев пен Фурманов көшелерінің қиылысындағы қара-құрым адамнан көз шалынысады. Содан автобустан түскен бетте жаяу өтуге бола ма деген оймен алаңға келдім. Ары өту мүмкін емес. Бір кезде қолдарында дубинкамен және қалқанмен мұздай қаруланған арнайы жасақ біздерге қарсы тап берді де, біздерді Абай мен Фурманов көшелерінің қиылысына дейін қуып әкелді. Талайлары таяққа жығылып, жолда сүрініп, құлап жатты. Күн қақаған аяз. Содан қазіргі Достық көшесінің бойымен «Горный гигантқа» дейін жаяу келдім. Келсем, жолдасым екі көзі шарасынан шығып кете жаздап, мені тосып отыр екен. Сол түні таңатқанша көз ілмедім десе де болады.
Осы оқиғадан кейін біздерге газетке алаңға шыққан жастарымызды жамандап, мақалалар жазуды талап етті. Бұл істе облыстық партия комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы М.Меңдібаев ерекше көзге түсті. Қылышын қанға бояды десем, артық айтқандық емес шығар. Өз халқын ұлтшыл деп қаралап, өз бойындағы ұлтсыздықтың пәрменін көрсетті. Ең қиыны, желтоқсан оқиғасына қатысқан жастардың өз атынан «Жаздым, жаңылдым. Байқамай, бұзақылардың жетегіне еріп кеттім. Бізді арандатқан анау еді…» деген сияқты мазмұндағы сатқындық материалдар ұйымдастыру тапсырылды. Осы орайда, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, сол кездегі облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы болған Ш.К.Беркімбаеваның саяси ұстамдылығын айта кеткеніміз орынды шығар. Сондықтан болар, көп ұзамай Шәмшә Көпбайқызы да қызметінен босатылып, мектеп директорлығына дейін төмендетілді. Қызметінен кетсе де, абыройына дақ түсірген жоқ, халық алдындағы мерейі үстем болды.
Репрессиялық науқанның тым қатты болғаны соншалық, барлық оқу орындары мен завод-фабрикаларда және құрылыс орындарында желтоқсан оқиғасына қатысқан жастарды оқудан және партия, комсомол қатарынан шығарып, қатаң жазалау науқаны қызу қарқын алып кетті. Сонымен қатар, талайлары қамауға алынып, қылмыстық істер бірінен соң бірі қозғалып жатты. Сол кездегі деректерге көз жүгіртсек, 8500-ден астам адам ұсталып, 99 адам соттың сыңаржақ үкімімен әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды. 52 адам партия қатарынан, 800-ге жуық жастар комсомол қатарынан, 264 студент оқудан шығарылды. Желтоқсаншыларға қарсы бағытталған жазалау мен қаралау туралы материалдарды ұйымдастыруды негізінен партия тұрмысы және насихат бөлімінде істейтін қызметкерлерге жасатуға тырысты. Бұл әрине, өз халқыңа қарсы оқ атумен пара-пар қасірет екені түсінікті.
Осындай бір ел басына күн туған сынаулы сәтте белгілі журналист және үлкен жүректі азамат Мамадияр Жақып ағамыз газет редакторы ретінде азаматтық позиция­ны берік ұстады. Ұлт намысына тиетін материалдарды бергізбеді. Алайда, көршілес «Огни Алатау» газетінде газеттің сол кездегі редакторы Н.Гарифуллинаның «Чужие на площади» деген сорақы мақаласы жарияланды. Қазақ жерінде нанын тауып жеп жүріп, қазақты кеудесінен итерді. Өкінішке орай, ешкім ештеңе айта алмады. Керісінше, газетке сотталушы декабристердің суретін басқаны және желтоқсан оқиғасына қатысқандарды жамандап жаздыртпағаны үшін «Жетісу» газетінің редакторы Мамадияр Жақыпов ағамыз қызметтен босап, партия қатарынан шығарылды. Тағы да іштен тындық. Қызмет барысында өзім ерекше сыйлайтын Мамадияр ағаның тұнжыраған бейнесі көз алдымнан кетер емес. Облыстық газеттің бас редакторынан аудандық газеттің корректоры қызметіне дейін төмендетілді. Дегенмен, өте сабырлы адам болғандықтан, еш сыр бермеді. Ақырына дейін шыдады. Ол кісінің орнында жүйкесі жұқа басқа біреу болғанда морт сынатын еді.
Сондай күңіренген күндердің бірінде өзімнің нағашым, белгілі жазушы-журналист, мемлекет және қоғам қайраткері Кәкімжан Қазыбаев ағамның үйіне барған едім. Ол кезде «Қазақстан коммунисі» журналының бас редакторы қызметінде болатын. Әңгіме арасында редакцияда орын алып жатқан келеңсіз жағдайларды айттым. Сол кезде: «Қарағым, газетке шыққан дүние тасқа қашалған жазудан да мықты болады. Ешқашан өшпейді. Сондықтан да, желтоқсан оқиғасына байланысты теріс мақала жазып қойып жүрме. Ол өзіңнің халқыңа атқан оқпен бірдей. Бүгін болмаса да, ертең алдыңнан шығады» деді ағалық ақылын айтып. Асыл ағаның бұл сөзі маған үлкен сабақ болды. Осылайша, желтоқсан оқиғасына байланысты сол сынақтан да абыройыма дақ түсірмей өткеніме шүкіршілік етемін.

ШЫҒЫСТА ЖАНҒАН ШЫРАҚ НЕМЕСЕ ДҮНИЕНІҢ КЕҢДІГІНЕН  НЕ ПАЙДА?…

2003 жылы Шығыс Қазақстан облыстық кедендік бақылау департаментіне кедендік бақылауды басқару басқармасының басшысы қызметіне тағайындалдым. Департамент бастығы Ерікжан Абдрахманов деген ұлтжанды азамат болатын. Өзі әскери борышын Ауғанстан елінде өтеген. Сонымен қатар, қызмет барысында көп нәрседен қаймықпайтын және қолына алған шаруаны діттеген жеріне жеткізбей қоймайтын. Қатал болса да, қағидатшылдығымен және ұйым­дастырушылық қабілетімен облыс көлемінде де, өзі басқаратын ұжымда да үлкен беделге ие болды.
Ол кезде департаменттегі ең осал да түйткілді мәселе – іс қағаздарының мем­лекеттік тілден алшақ болуында еді. Мемлекеттік тіліміздің мәртебесі Қазақстан Рес­публикасының Конституциясының 7-бабы арқылы және «Тіл туралы» Заң­мен бекітілсе де, оған жете мән беріп жатқандарды байқамадық. Себебі, департамент бастығының орынбасарларынан бас­тап, басқарма және бөлім басшыларының барлығы орыс ұлтынан және орыс тілді қазақтар болатын. Сондықтан да Ерікжан Мырзамұханұлының басшылығымен бұл мәселені шындап қолға алуға тура келді. Бастығым тіл мәселесіндегі түйткілдерді дұрыс жолға қоюды маған және ұйымдастыру бөлімінің бас инспекторы, филология ғылымының кандидаты Гүлназ Байқадамова екеумізге тапсырды.
Бұл іске Гүлназ әріптесім білек сыбана кірісті. Оның өз тілінің кереметтей жанашыры әрі патриоты екендігін сол кезде байқадым. Сабақ жоспары жасалып, сабақ беруге Шынар Құрманбаева есімді тәжірибелі мұғалім де табыла кетті (қазіргі уақытта Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы). Шынар қарындасымыз өз ісіне өте жақсы берілген, сабақ беру әдістемесі жеткілікті екенін байқатты. Алғашында кейбір қызметкерлеріміз (оның ішінде өзіміздің қазақ азаматтары) сабаққа дұрыс қатыспай, селқостық танытып жүрді. Мен Гүлназ бен Шынар екеуіне сабаққа дұрыс қатыспайтындар мен дайындалмай келетіндердің тізімін күнделікті беріп тұруын тапсырдым. Біразын тұқыртып алуға тура келді. Сөйтіп, мемлекеттік тілді менсінбей, кеудесіне нан пысып жүргендердің талайының мысы басылды. Кейіннен филология ғылымдарының докторлары Ф.Ш.Оразбаева, Ш.Құрманбаева және Гүлназ Байқадамова үшеуі қосылып, «Қазақ тілі. Кеден органдарында мемлекеттік тілді тереңдетіп оқыту құралын» жазып, кітап етіп шығарды.Бұл оқулық құралы әлі күнге дейін мемлекеттік тілді жетік меңгере алмаған кеденшілердің үлкен көмекшісі болып отыр.
Мемлекеттік тілді жандандыру барысында біздер сабақ ұйымдастыру ғана емес, қазақ тілінде шығатын мерзімдік басылымдарға жазылу барысына талдау жасап қарағанда жағамызды ұстадық. Департамент бойынша бір дана ғана «Егемен Қазақстан», бір дана облыстық «Дидар» газетін ғана жаздырып алады екен. Жазылды деген аты болмаса, ол газеттердің ешкім бетін ашпайтын көрінеді. Басқа басылымдардың барлығы орыс тілінде. Бұл олқылықтың да орнын толтыру оңайға түскен жоқ. «Егемен Қазақстан» ғана емес, «Айқын», «Жас алаш», «Ана тілі» газеттерінің де таралымына да жақсылап ат салыстық. Кей жерлерде әкімшілік ресурс­тарды қолдануға да тура келді. Сол кезде кейбір қызметкерлердің «Ана тілі» деген газет бар ма еді?» деген сөздерін естігенде жағамды ұстадым. Жарық көргеніне 13 жылдан асып кетсе де, сол газетті білмейтіндер де аз кездескен жоқ. Кедендер мен кеден бекеттерінің барлығына қазақ баспасөзіне жазылу қатаң түрде міндеттелді. Сол кезде Өскемендегі қазақ тілінде оқытатын жалғыз мектеп-интернатты бітірген жігіттер бізге үлкен қолдау көрсетті. Әңгіме арасында өз бастарынан өткізген мынандай бір сорақы оқиғаларды айтқанда жағамды ұстадым.
Нақтысын айтқанда, сексенінші жылдары Өскемендегі жергілікті ұлт өкілдерінің үлесі 7 пайыз ғана болыпты. Институтта, интернатта оқитын қазақ балалары қоғамдық көліктерде өз тілінде сөйлегендері үшін орыс ағайындардан талай мәрте таяқ та жепті. «Қоғамдық орындарда неге өз тілдеріңде сөйлейсіңдер?» деп ашықтан-ашық дөкейлік танытқандар аз болмапты. «Дүниенің кеңдігінен не пайда, аяғыңда аяқкиім тар болса» деген қанатты сөз бар. Сол сияқты, өз еліңде тұрып, өз тіліңде сөйлей алмаудан асқан қиямет жоқ шығар, сірә. Осы орайда, «Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпес» деген емес пе. Сондықтан да, ана тілімізді кемсітудің азабын тартқан адамдар ғана біздің патриоттық әрекетімізге түсіністікпен қарады.
Тіл мәселесіне келгенде қатты қызып кеткендігімнен шығар, бірде менің үстімнен прокуратураға арыз да түсті. Арызды тексеріп келген прокуратура қызметкері жазған анықтамасында мені кінәлі етіп шығарды. Тіпті, анықтамаға: «Осындай әрекеттері арқылы Б.Т.Нұрахметов ұлт араздығын қоздыруы мүмкін» деген сөздерді жазып қойыпты. Мына сөздерді оқығанда қаным басыма шапшыды. Содан кейін прокуратура қызметкеріне: «Өзің қазақ бола тұра, өз тіліңе жаның ашымаса, онда ертең Отаныңды сатасың. Қолыңнан келгеніңді жасап ал» деп кабинеттен қуып шықтым. Бұл мәселе ушығып барып, департаменттің тіртіптік кеңесіне түсті. Сәтін салғанда, комиссия мүшелері менің әрекетіме түсіністікпен қарап, тәртіптік жазаға тартпады.
1997 жылы Семей облысы таратылып, Шығыс Қазақстан облысына қосылған кезде кей адамдардың бұған түсініксіздікпен қарағаны жасырын емес. «Ұлы Абай туған өлке неге облыс орталығы мәртебесінен айырылды?» деп дабыл қаққандары да болды. Алғашында өз басым да осындай пікірде болған едім. Кейіннен Шығыс Қазақстан облысына қызмет бабымен келген кезде ғана мәселенің мән-жайына толықтай көзім жетті. Сонда ғана Елбасымыздың еліміз бен жеріміздің ертеңіне және ұлт болашағына ерекше маңыз берген көрегендік саясатына тәнті болдым.
Қазіргі уақытта 1990 жылдарғы Өске­мен мен қазіргі Өскеменді мүлде салыс­тыруға келмейді. Шығыста бір кездері сығырайып тұрған мемлекеттік тілдің шырағы жыл өткен сайын маздап жанып келеді. Қаншама қазақ мектептері мен бала-бақшалары, жоғарғы оқу орындарында қазақ факультеттері ашылды. Қазақ театрларындағы қойылымдарға баратын адамдардың да қарасы көбейе бастады. Ұлт зиялыларымен қаншама кездесулер ұйымдастырылды. Сол арқылы ұлттың рухы көтеріліп, еліміздің ертеңіне деген сенім қалыптасты. Осы орайда, Шығыс Қазақстан облысына әкім болып келген азаматтардың ішінде ұлтқа қызмет етуде және ұлттық болмысты көтеруде Бердібек Сапарбаев ағамыздың сіңірген еңбегін ерекше айта кеткен орынды. Бердібек Мәшбекұлы ұлттық руханиятқа, әдебиет пен мәдениетке және мемлекеттік тіл мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Орыстанып кеткен аудандардың өзінде аудандық газеттің қазақша нұсқасын шығартты. Жергілікті кейбір шовинистік пиғылдағы ұлт өкілдерінің қарсылығына қарамастан, тура орталыққа ұлы Абайдың ескерткішін орнатып, әлемдік архитектуралық мәтінмен мешіт салдыруының өзі талайымыздың ұлттық рухымызды көтеріп тастады.

БОЛАШАҚҚА ЖОЛ АШҚАН «БОЛАШАҚ»

Қазіргі уақытта мемлекеттік тілдің қолданылу аясы жөнінде көптеген сын-пікірлер аз айтылып жатқан жоқ. Оның ішінде келісетін де, келіспейтін де пікірлер көп, әрине. Ал өз басым мемлекеттік тіл жөнінде әңгіме қозғалғанда барлық нәрсеге тәубешілікпен қараймын. Оның да өзіндік себебі бар. Осы орайда, өзім куә болған мына бір оқиғаны тілге тиек ете кетуді жөн көрдім.
2010 жылы өзімнің қызым Гүлнұр, жиен інім Бекзат пен жиен қарындасым Әсел үшеуі бір мезгілде құжаттарын ха­лықаралық «Болашақ» бағдарламасы бойынша тапсырған еді. Гүлнұр мен Бек­зат мектепті қазақша, ал, Әсел болса орысша бітірген болатын. Сәтін салғанда Гүлнұр мен Бекзат «Болашаққа» түсіп кетті. Ал, Әсел қарындасым болса «Казтест» бағдарламасынан бір бал ғана жетпей, түсе алмай қалды. Сол кезде Әселдің ма­масына: «Балада кінә жоқ, орысша оқытқан кінә өзіңде» дедім. Алайда, Әсел қарындасым бір жыл бойы табандылықпен ана тілін оқып, келесі жылы «Болашаққа» қайтадан түсіп кетті. Сол кезде қуанғаным соншалықты, тізерлеп отырдым да, екі қолымды аспанға қарата жайып: «О, жаратушы Алла тағала! Көрге кірудің аз-ақ алдында қалған тіліміздің төрге де шығатын кезі келіпті ғой. Бәріне шүкір. Еліміз бен тіліміздің өрісін кеңейтіп, өркенін жайдыра бергейсің» деп тіледім.
Жуырда 2018 жылғы халықаралық «Болашақ» стипендиясын жеңіп алған 309 стипендиаттардың тізімі жарияланды. Тізімді тапжылмай отырып, бас-аяғына дейін қарап шықтым. Тағы да «тәубе» дедім қуанғанымды жасыра алмай. Стипендиаттардың ішінде мөлшермен 95 пайыздан астамы жергілікті ұлт өкілдері екен. Бұл да тәуелсіздіктің және үлкен күшпен енгізілген «Казтест» бағдарламасының нәтижесі екені даусыз. Сондықтан да, халықаралық «Болашақ» бағдарламасының түлектері болашақта еліміздің экономикалық қана емес, рухани жаңғыруының да діңгегі болатынына еш күмән жоқ.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Қазақтың болашағы – қазақ тілінде» деп ашығын айтты. Мемлекет басшысының бұл сөзі талай жүректерге үміт отын ұялатып, ертеңгі күнге деген ерекше сенімімізді қалыптастырды. Иә, көп тілеуінің қабыл болғаны шығар, қазіргі уақытта орта есеппен еліміз бойынша қазақ мектептерінде оқитын оқушылардың саны тәуелсіздікке дейін 25 пайызға да жетпесе, қазіргі уақытта 70 пайызға, ал, жоғарғы оқу орындарында оқитын студенттердің үлесі 63 пайызға жетіп отыр. Ал, 2000 жылы жоғарғы оқу орындарында қазақ тілінде оқитын студенттердің үлесі 32 пайызды ғана құраса, орыс тілінде оқитындардың саны 68 пайызды құраған еді. Бұл жаман көрсеткіш емес, әрине. Осы орайда біздер тоқырау жылдары, яғни 1990 жылға дейін 700-ге жуық қазақ мектептерінің жабылып қалғанын естен шығармауымыз керек. Бұл әрине, біздің талай жыл деформацияға, экспансияға ұшырап келген ана тіліміздің мерейі көтеріліп, мәртебесі өсіп келе жатқанының жарқын белгісі.

КӨРІНГЕН ТАУДЫҢ  АЛЫСТЫҒЫ ЖОҚ

Қорыта айтқанда, болғанымыз бен болмағанымызды байыптап, кеткен есеміз бен қайтқан берекемізді таразыға салар болсақ, тарих қойнауы бізге талай ақтаңдақтарды алдымызға тартары сөзсіз. Осы орайда, Елбасымыз: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Өткен ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке толы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды. Біріншіден, ұлттық дамудың ықылым заманнан жалғасып келе жатқан өзімізге ғана тән жолы біржола күйретіліп, қоғамдық құрылымның бізге жат үлгісі еріксіз таңылды. Екіншіден, ұлтымызға адам айтқысыз демографиялық соққы жасалды. Оның жарасы бір ғасырдан бері жазылмай келеді. Үшіншіден, қазақтың тілі мен мәдениеті құрдымға кете жаздады. Төртіншіден, еліміздің көптеген өңірлері экологиялық апат аймақтарына айналды. Әрине, тарих тек ақтаңдақтардан тұрмайды. ХХ ғасыр Қазақстанға бірқатар игіліктерін де берді…» деп атап өтті. Шынымен де солай. Мысалы, 1920 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін елімізді басқарған 17 басшының ішінде үшеуі ғана қазақ ұлтынан екен. Бұл дегеніңіз ешбір мемлекеттің тарихында болмаған ұлттық болмысты кемсіту десе де болады. Қазіргі уақытта біз бұл проблемаға түбегейлі тоқтау салып, қазақ елін қазақ басқару туралы мәселені Конституциямен бекітіп алдық. Бұл аз дегендей, 1932 жылы 2 миллион 100 мың қандастарымыз аштықтан қырылып, аман қалғандары туған топырағынан безіп, шетел асып кетті. 1937 жылы 135 мың қазақ интеллигенциясы саяси репрессия зобалаңының құрбаны болып атылды.Ұлттық интеллигенция жойылудың аз-ақ алдында қалды. 1954-1956 жылдары тың жерлерді игерумен қатар орыс экспансиясы басталды. Ұлы Абай туған өлке полигонға айналып, жергілікті ұлт өкілдері атом сынақтарының экспериментіне негіз болды. 1979-1989 жылдар аралығында қаншама мыңдаған боздақтарымыз «интернационалдық борыш» деген жалған, мақсатсыз ұранның шыр­мауы­мен Ауған еліндегі басқыншылық соғыста қыршын кетті. 1986 жылы атақты желтоқсан оқиғасы орын алды. Айта берсе, сан да, сөз де жетпейді.
Осы орайда, тың игеру мәселесіне ерекше тоқтала кеткенді жөн деп ойлаймын. Себебі, оның астарында үлкен жымысқы саясаттың жатқанын біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Олай дейтініміз, Ресейдің 300 жыл жүргізген патшалық-отаршылдық саясаты кезінде жүзеге асыра алмаған жымысқы әрекетін Н.С.Хрущев тың жерлерді игеру кезіндегі екі-ақ жылдың ішінде жүзеге асырды. Оған Қазақстан Компартиясы Орталық Ко­митетінің бірінші хатшысы болған И.Д.Яковлевтың қабылдауына бір топ жа­зушы­лар барған кезде ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезовтың оған айтқан мына сөзі дәлел: «Менің бір жаныма бататыны – тың игеруге екі жылда келген 3 миллион келуші 70 пайыз қазақты 7 пайызға түсіріп тастады. Бұл бір жағынан жақсы, бір жағынан халқымызға қиын болды ғой. Ал, біздің халқымыздың үштен бір бөлігі шетте жүр. Әр жылдары қуғын-сүргін көріп кеткен осы қазақты туған Отанына қайтару тек қана Хрущевтың қолынан келеді (әрине, көпшік қойып айтып отыр). Сол қазақты туған Отанына қайтарып, біздің бір елдігімізді ойласа қайтеді» депті ұлы данышпан (Ә.Әуелбек. «Қабдолов айтқан хикая»). Міне, арада 60 жылдай уақыт өткенде барып ұлы жазушымыздың көксеген арманы орындалды. Тәуелсіздіктің лебі ескен ширек ғасырдың ішінде шартарапта шашырап жүрген бір миллионға жуық қандастарымыз тарихи Отанына оралуға мүмкіндік алды. Соның нәтижесінде сексенінші жылдардың аяғында қазақ халқының саны өз отанында 39 пайызды құраса, қазіргі уақытта 70 пайызға жетіп отыр. Түсіне білген адамға бұл дегеніңіз өте үлкен демографиялық жетістік.
Өкінішке орай, Әлихан Бөкейханов бастаған алаш арыстарының арманы жүзеге аспады. Егер де біз о баста тәуелсіз мемлекет болғанда, бұндай ақтаңдақтар мен қазақ ұлтына қарсы бағытталған басқыншылық және геноцидтік процестер орын алмайтыны сөзсіз еді. Мысалы, біз тәуелсіз мемлекет болмасақ, ядролық қарудан бас тартып, ядролық полигон ошағын өз бетімізбен жаба алар ма едік? Бұған қоса, Арқаның төрінде бүкіл әлемдік деңгейдегі архитектуралық ансамбльдермен безбенделген Астанамыз бой көтерді. Бодандалы ел болсақ, Астананы сала алар ма едік? Әуелі, тоқырау кезінде «Арасан» сауықтыру кешенін салғызғаны үшін Д.А.Қонаев ағамыздың артынан қаншама сөз ергені баршаға аян. Сонымен қатар, тілдік мүддемізді сақтау және ұлт ретінде халықаралық кеңістікке шығу үшін латын әрпіне көшу жөнінде тарихи шешім қабылданды. ЭКСПО көрмесін өткізу және Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болу арқылы әлемге кеңінен танылдық. Дербес мемлекет ретінде талай мәрте Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінен көрінуіміздің өзі неге тұрады? Былайша айтқанда, саяси және экономикалық еркіндікке қол жеткіздік. Соның нәтижесінде егеменді еліміз үшін кеңестік тоталитарлық жүйенің есігі тарс жабылып, әлемдік өркениетке бет алатын жаңа кеңістік ашылды. Айта берсек, негіз көп.
Иә, талай ақтаңдақтар мен небір зұл­матты артта қалдырып, ол заман да келмеске кетті. Қазіргі уақытта кең байтақ Отанымызда егемендік қанатын кеңге жайып, тәуелсіздіктің таңы атты.Елімізді және ұлттық болмысымызды бүкіл әлем таны­ды. Әлемдік ареналарда еліміздің Ән­ұраны шырқалып, еншімізді алып берген Егемендігімізді паш ете білдік. Қаншама қазақ азаматтары (ғылым, спорт, медицина, ақпараттық технология, кәсіпкерлік, т.б. сала бойынша) әлемдік деңгейдегі дәрежеге көтерілді. Еліміздің ертеңіне және балаларымыздың болашағына деген нық сеніміміз қалыптасты. Оларға ешкім «мемлекеттік тілде неге сөйлейсің?» деп доқ көрсете алмайды, «қазақсың» деп ұлттық болмысымызды кемсітуге рухы жетпейді. Мемлекеттік шекарамызға ешкім қолын сұға алмайды.Тіпті, тәуелсіздік болмаса, бұл мақаланы да жазуға құдіретіміз жетпей, ішімізден тынып жүрсек қайтер едік?..
«Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу» деп атап өтті Елбасымыз өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында. Иә, осыдан 26 жыл бұрын біздер дамыған 30 елдің қатарына кіруге талпынамыз деп армандаған да емеспіз. «Көрінген таудың алыстығы жоқ».Ол күндерге де жетерміз әлі. Сондықтан да, қолда бардың қадірін кетіріп алмай, Тәуел­сіздігіміздің тұғыры биік болуына тірек болып, тәубешілік жасағанымыз абзал.

Алдыңғы «
Келесі »