ИНДОССАНТ

  • 16.02.2018
  • 617 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі, Халықаралық Ақпараттар академиясының академигі, Мәдениет қайраткері

2016 жылы Өзбекстанда билік ауысты. Тәуелсіздігін жариялағаннан бері мемлекет билігінің штурвалын ширек ғасырдан астам ұстап келген Ислам Каримов өмірден өткелі бұл биліктің тұңғыш ауысуы.
Өзбекстан Конституциясының 96-бабына сай, Сенат төрағасы Ниғматулла Юлдашев уақытша президенттің міндетін атқаруы тиіс болса да, ол өз еркімен «тақ мұрагерлігінен» бас тартты. Оның орнына премьер-министр Шавкат Мирзиеев лайықты деп танылып, оған Парламенттің қос палатасының депутаттары бірауыздан қолдау білдірді. 2016 жылы 8 қыркүйекте парламенттің бірлескен палатасының отырысында Шавкат Мирзиеев өтпелі кезеңге президент қызметін уақытша атқарушы болып тағайындалды. Конституцияда кез келген күтпеген жағдайда Сенат төрағасының президент өкілдігін атқаруы туралы жазылса да, оларға көп жағдайда мемлекет басшысы болу бақыты бұйыра бермеген. Әлемдік саясатта прези­дент­тің міндетін уақытша атқару 80 пайыз премьер-министрлердің құзырына берілу тәжірибесі қалыптасқан. Сенат төрағасына мұндай мүмкіндіктер берілген жағдайда олардың бәрі электораттың үнемі қолдауына ие болмаған мысалдар бар.
Саясат – мүмкін болатынды жүзеге асыру өнері. 2016 жылғы 14 желтоқсанда өткен сайлауда Парламент қабылдаған шешім толық рәсімделіп, Шавкат Мирзиеев Өзбекстан тарихындағы жалпы дауыс беру бойынша сайланған екінші президент атанды. Оның өнер атануы осында жатыр. Сайлауда Мирзиеев – 88 пайыз дауыс жинады.
Өзбек элитасы ұзақ уақыт өз ішіндегі «мұрагерлік» мәселені қазан қақпағының астынан шығармауға тырысып бақты. Билік – мұрагер таңдау сабақтастығы емес. Ол – жаңа саяси бағытты айқындау, биліктің ауысуы кезіндегі тұрақтылықты сақтау. Оған жаңа сайланған Өзбекстан президентінің саяси ерік-жігері мен билік қақтығыстарында жинаған арсеналдары мүмкіндік береді. Өзбекстанның жаңа президенті ұзақ уақыт Ислам Каримовтың көлеңкесінде қалып келді. Өз патронының тұсында центристік бағыт ұстанып, көсемінің аузын аңдып бақты. Алайда, қылыш үстінде жүрген жоқ, өзін аса сақ ұстай білді. Каримов оны өзіне білдірмей бас июге бейім, тапсырыспен қол қоятын индоссант тұлғаға айналдырды. Осылайша, бұрынғы қызметінде таптаурын схематизмге бой алдырды. Алайда, Мирзиеев кертартпа ретоград саясаткер емес. Атқарушы билікте жүріп, мемлекеттегі барлық ақпа­раттық мәліметтер жиынтығын бір файльға жинақтап сыйдырып алған. Сондықтан, басқару механизмінде жүрі­сінен жаңылып, басқа жолды таңдауы мүмкін емес. Мемлекет билігін бір қолға шоғырландырудың репрезентативтік жолын ұстанатын болады.
Сондықтан, оның Өзбекстанды тур­баленттік тербеліс жағдайынан тұ­рақты өмір қалпына алып шығады деуге болады.
Харизматикалық іс-қимылында жи­на­қылық қалыптасқан, ұлттық дәс­түрді берік ұстанады. Мінезі жағынан қайы­рымды, филантроп. Осылардың бәріне қарап, Шавкат Мирзиеевті айрықша феномен деп қабылдауға болмайды.
Президенттікке кандидат Шав­кат Мир­зиеев өзінің сайлауалды бағдарла­ма­сында Өзбекстанның ешбір саяси-әскери одаққа қосылмайтынын және оның ешқандай мемлекеттің әскери база-нысандарының орналасуына жол бермейтінін қадап айтты. Оның бұл саяси ұстанымы көптеген жетекші елдердің көңілінен шықты.

Мирзиеев кім?

Шавкат Мироманұлы Мирзиеев – 1957 жылы 24 маусымда Өзбекстанның Жызақ облысы, Заамин ауданында дүниеге келген. 1981 жылы Ташкент ирригация және ме­лиорация институтын инженер-механик мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын осы оқу орнында кіші ғылыми қызметкер болып бастаған. Институттың комсомол және партия ұйымдарын басқарған. Ғылыми ортаға танымал. Институттың бірінші проректоры қызметін атқарған. Техника ғылымының кандидаты. 1990 жылы Өзбекстан Жоғарғы кеңесіне депутат болып сайланған. Заң шығару ісінде тәжірибесі бар. 1992 жылы Ташкент қаласының Мырза Ұлықбек ау­данының әкімі болып тағайындалып, атқарушы биліктің барлық сатысынан өткен. 1996-1999 жылдары Жызақ облысының, 2001-2003 жылдары Самарқан облысының әкімі қызметтерінде болған. 2003 жылдан Өзбекстан Республикасының премьер-министрі.
Президенттің әкесі Мироман Мирзиеев фтизиатр-дәрігер. Ол – Жызақ облысы, Заамин аудандық туберкулез диспансерін бас­қарған. Отбасында төрт ағайынды. Өзбекстанның бірінші ханымы Зироатхан Хошимова да Ташкент ирригация және мелиорация институтын бітірген. Олардың екі қызы, бір ұлы бар.
Шавкат Мирзиеев – посткеңестік Орта­лық Азиядағы ең жас президент. Жасы – 60-та. Бұл – Өзбекстан президенті үшін эвен­туальдық қолайлы жас.
Өзбекстанда өткен соңғы 27 жылдағы сайлауда тұңғыш рет Каримовтан басқа тұлға президент болып сайланды. Тәуелсіздік алғалы бері тұңғыш рет мемлекет басшысы ауысты. КСРО ыдырағалы бұл елде алғаш рет Компартияның номенклатурасынан тыс адам президент болып отыр. Мұның бәрі Өзбекстанның жаңа жолға түсетінін білдіреді.
Өзбекстан қоғамының бағдары – сан факторлы. Ол саяси платформада жүрісінен жаңылып, бір орнында ұзақ уақыт тұралап қалды. Сондықтан, Өзбекстан президенті үшін ең алдымен қолға алатын шаруасы елдің тұтастығы мен халықтың бірлігі аса маңызды болмақ. Президент билікке кіріскен алғашқы күннен бастап, елдегі өмір сүру сапасын жақсартып, қоғамды трансформациялауда тың ұсыныстармен шығуы жұртшылықтың өзіне деген сенімін арттырды.
Өзбекстандағы билік ауысуының үлгісі таяу көрші елдерге өз саясатын қайта қарауға алып келетіні айқын. Бұл – таяу арада Орта Азиядағы көрші мемлекеттердің болашақтағы даму барысын айқындауына жол ашпақ. Каримовтың тұсында АҚШ пен Ресей саясаты Өзбекстанды стратегиялық әріптес ретінде өзіне жақын ұстауға тырысып бақты. Аймақтан болашақтағы мүддесін іздеген Қытай да бір көзін Өзбекстаннан айырмай отыр. Ислам Каримовтың халық­аралық саясаттан қашқақтап, бейтарап саясат ұстануы Өзбекстанды халықаралық ұйымдардан тысқары қалдырып келді. Өткен өтпелі кезеңде халықаралық қауым­дастықтың Өзбекстанның жаңа билігінің қандай саясат ұстанатыны қызықтырады. Президенттің міндетін уақытша атқарушы қызметіне кіріскен Шавкат Мирзиеев сайлауға дейін-ақ, осыған ашық жауап беруге тырысып бақты. Ол ең алдымен таяу көршілерімен өзара ынтымақтастықты дамытудың жолын іздеді. Осы мақсатта Қазақстан, Тәжікстан, Қырғызстанмен бай­ланыс орнатып, достық қолын созуға бастамашылық танытты.
Президенттік қызметке келместен бұрын мемлекеттік құрылымдарда кадрлық ауыс-түйіс жүргізіп, өз командасын жасақтады. Каримовтың кезінде жеке көзқараспен қызметтен шеттетілген кейбір шенеуніктерді қайтадан командасына тартты. Бұрынғы президенттің тұсында еріксіз Өзбекстаннан шетелге қоныс аударған қоғам мен мәдениет қайраткерлерін елге оралуға үндеу жариялады. Ұсыныс Ресейде, Қазақстанда, басқа да шет елдерде жүрген өзбек бизнесмендері арасында қозғалыс тудырды. Олардың өз капиталдарын туған Отанының өндірісіне салуларына қатысты да ұсыныс жасалды.
Шавкат Мирзиеевті саясаткерлер Ислам Каримовтың заңды «мұрагері» деп таниды. Кейбіреулер оған күмәнмен қарайды. Себебі, ол 2003 жылдан бері үкіметті бас­қарып келді, президенттің оң қолы болды. Оның Ислам Каримовты жерлеу комиссиясын басқаруы, Өзбекстанның ауыр қайғыдан есенгіреп, әлі есін жыймаған сәтте билікті өз қолына алуы оның президенттік штандартты ұстауға бұрыннан тастүйін дайын екенін көрсетті.
Кез келген билікті бағалаудағы өлшемді сол мемлекеттегі мемлекет құраушы халықтың санының өсіп немесе кемуінен байқауға болады. Өзбекстан Орталық Азиядағы халқы көп мемлекет. Қазірдің өзінде елдегі халықтың саны 31 миллионнан асып жығылады. Халықтың өсімі осы жолмен жалғасатын болса, Өзбекстанның халқы таяу он-он бес жылда 50 миллионға жетпек. Себеп, халықтың жартысына жуығының жасы 25-ке толмаған. Демек, Өзбекстанның болашақтағы потенциалы мықты, адами ресурсқа бай.
Өз ұстанымында Шавкат Мирзиеев реформатор, демократияшыл саясаткер. Алайда, ол Өзбекстан халқының билік жолымен жүруіне еш кепілдік бермейді. Ұзақ жылдар әбден қалыптасып, халықты титықтатқан авторитарлық жүйе қанша жерден жаңашыл болса да, енді, халықты бір тудың астына жинау аса қымбатқа түсері анық. Президент өзі шығарған жарлықтарын жариялауда промульгация шешімін ұстанады. Осыған орай, президент өзі бас болып, теледидар арқылы халықпен жиі әңгімелер өткізуді дәстүрге айналдырып алды. Үкімет сағатын өткізіп, министрлер мен әкімдерді селекторлық жиындарда сілкіп алуды да ұмытпады. Мұндай шараларды ашық, жариялы түрде өткізуді дәстүрге айналдырды. Бұл сыннан күш көрсету құрылымдары да тыс қалмады. Президент алқалы бір жиында заңдылықты қадағалайтын прокурорларға бағыштап, «еліміздегі ең бірінші ұрылар өздеріңсіңдер» деп дүрсе қоюы халықтың ертеңгі күніне алаңдамауына сенім ұялатты. Бұл нағыз – популизм, яғни халыққа жағынудың айла-тәсілі. Билік арасында девидент жинап, халықтың өзіне деген сенімін арттырудың ашық жолы.
Қолына карт бланш алған соң, жаңа президент биліктен «ескі гвардияны» аластауға, ал, олардың орнына өз адамдарын қоюға кірісті. Ең алдымен, ұзақ жылдар бойы вице-премьер және Қаржы министрі болып келген Рустам Азимовты қызметінен босатты. Оған өзі премьер-министр кезінде орынбасары болса да, тісі бата бермеген. Азимов Үкіметтің Қаржы министрі ретінде Ислам Каримовтың өзіне тікелей бағынатын.

Екінші күшті адам кім саналады?

Өзбек билігіндегі екінші «күшті адам» Рустам Иноятов. Оған Шавкат Мирзиеевтің бірден тісі батпады. Қауіпсіздік саласын өз уысының астына жұмылдырып отырған Р. Иноятовтың негізгі қанаты саналатын Ұлттық гвардияны Ішкі істер министрлігінің қарамағына өткізіп, оның бір қанатын әлсіретті. Бұрынғы басшы кадрларын ал­шақтату науқанынан бірқатар министр мен аймақ әкімдері де тыс қалмады. Ислам Каримовтың көмекшілері мен кеңесшілері жеке күзетшілері, ұшақ ұшқыштары мен жүргізушілері алмастырылды. Өзбек президенті Шавкат Мирзиеев «Қылмыс әлемінің серкесі» аталып кеткен Салим Абдувалиевты Өзбекстанның Ұлттық Олимпиада комитеті төрағасының орынбасары етіп тағайындады.
Билікке келгендегі алғаш күндерінен-ақ жаңа президент Ислам Каримовтың бастаған ісінен таймайтынын мәлімдеді. Бұл – уақыттың аңысын аңду еді. Сонымен қатар, тығырықтан шығуда реформаларға мүдделі екенін танытты.
Ішкі саясатта биліктің халыққа ашық болуын талап етуі халықты қуантып отыр, бірақ оның қаншалықты жариялы болатыны анық емес. Осы мақсатта пилоттық жоба ретінде үкіметте азаматтардың шағымы үшін арнайы жәшіктер орнатылды. Министр мен аймақ әкімдеріне аптасына бір күн азаматтарды жеке мәселелермен қабылдауға нұсқау берілді.
Өзбекстан әлі де патриархалдық қалып­тан айықпаған ел. Мемлекеттік қызмет саласын әбден жемқорлық жайлап алған. Ұлттық валютаның заңды бағамы мен көлеңкелі нарықтағы құны әр алуан. Осыған орай, президент нарықтық және шаруашылық ахуалының қалыптасуы үшін айналымда жүрген ақша тасқынына монетаризм жүргізуді тапсырды. Нарықтық талаптарға сәйкес, жетілдіру және жаңарту істерінде модернизация жүргізу қолға алынуда. Президент бүгінгі қалыптасқан жағдайды зерттей келе, жергілікті атқарушы билік құрылымдарына жер ресурстарын пайдалануға беру туралы концессияға келудің шарттарын жасауға да пәрмен берді. Осы мақсатта барлық шаруашылық субьектілерін мобилизациялау қолға алынды. Демографиялық өсімі экономикалық дамуынан басым түскен елге бұл ауадай қажет.
Бүгінде еңбекке қабілетті 3 миллионға жуық Өзбекстан азаматтары шетелде жүр. Олардың басым көпшілігі негізінен Ресей мен Қазақстаннан жұмыс іздеуге мәжбүр. Өзбекстан билігі үшін бас аурудың бірі күнкөріс қамы ғана емес, идеологиялық келіспеушіліктен шетелге ауып кеткен азаматтар болып тұр. Олардың біршамасы бүгінде Сирия, Ирак, Ауғанстан және бас­­қа да шиеленіскен аймақтарда терроршыл ұйымдардың қатарында жүр. Кезінде ДАЙШ ұйымының қатарында қолына қару ұс­тануға 1500-ден аса адам аттаныпты. Бұл – Өзбекстанның су жаңа президентіне ескіден қалған «мұра». Бұл проблемалар тұрғанда, мемлекетті алаңсыз басқарып, дамудың даңғыл жолына түсу мүмкін емес. Екіншіден, бұрынғы билік тұсында шалт кеткен қимылы үшін жазаға тартылған жандардың да жан жарасы жазылмасы анық. Олардың сәті туған сәтте ашуын алаңға алып шығуы мүмкін. Бүгінгі таңда Өзбекстанның өз ішінде діни экстремизмге қатысы бар деген айыппен 10 мыңға жуық азамат түрмеде отырғанын ескерсек, таяу жылдары бұл мәселе Өзбекстан президенті үшін үлкен емтиханға айналары хақ.
Бүгінде ел ішінде елдің бұрынғы басшы­сының отбасының мәселесі мемлекет мәселесінен де маңызды болып отыр. Экс-президенттің отбасы мүшелері мен туыстарының жағдайы бұрын да аса жағымды бола бермеген. Ислам Каримовтың үлкен қызы Гүлнара әкесінің бар кезінде-ақ, бас бостандығынан айырылды. Оның шетелдердегі миллиардтаған қаржысы мен активтері тәркіленіп, Өзбекстанға қайтару жөнінде өтініш жасалып, Ресейге және бірқатар Еуропа мемлекеттеріне жолданды. Каримовтың әйелі мен кіші қызы Лола бейресми түрде үйқамаққа алынды. Біреулері қамалып, енді біреулері бостандыққа шығарылды. 2006 жылы есінен ауысқандар ауруханасына мәжбүрлі түрде қамалған Каримовтың немере інісі, журналист Шамшид Каримов он жыл өткізіп, бостандыққа шығарылды. Ол 2006 жылдары Жизах облысындағы атқарушы биліктің жөнсіздігі туралы шетел ақпарат құралдарында материалдар жариялаған болатын. Шетелде қашып жүрген оппозиция серкесі Мұхамед Салықтың 17 жылдан бері қамауда отырған бауыры да бостандыққа шығарылды. Жалпы, бұл шаралар Мирзиеевтің билікке келуімен Өзбекстанда «әділеттік орнап, каримовтық қуғын-сүргін жылдары артта қалды» деген түсінікті қалыптастыру үшін де жасалып жатыр. Негізі мұндай шара әлемдік тәжірибеде бар.
Мирзиеевтің уақытша лауазымына кірісе сала қолға алған келесі ісі – азаматтықтан шығуға арналған негіздемелерді айқын­дайтын заңға түзетулер енгізуі. Бұрынғы заңда Өзбекстанның азаматтығынан шығу мүмкіндігінен айыратын мұндай негіздеме болмаған еді. Ал, ендігі уақытта басқа мемлекеттің азаматтығын алған жағдайда, өзбек азаматының өз елінің азаматтығынан шығуына тура келеді. Ресей құжатын алға­нымен, өзбек азаматтығынан шыға алмай сарылған көптеген мигранттар үшін бұл таптырмас мүмкіндік болып тұр.

Мейірімділік пен рахымшылдық

Мейірімділік – билеушілердің ерекшелік қасиеті. Принципі – рақымшылық болып табылатын мұндай шара өте қажет. Мейірімділік жасау арқылы президенттер көп нәрсені ұтады. Бұл арқылы оларға халықтың сүйіспеншілігі мен сенімі оянады. Осындай мейірімділікті Өзбекстан президенті мәдениет өкілдеріне де жасады. Бұрын билік тарапынан қысым көрген Юлдуз Османова, Шерали Жураев, Обид Асомов сынды танымал әншілер өзбек сахнасына қайта оралды. Бұл әншілерге соңғы бірнеше жылдың жүзінде концерт беріп, сахнаға шығуларына жасырын түрде тыйым салынып, тіпті телеарналар мен радиоларда әндерінің таралуына қатаң тыйым салынып келген болатын.
Сыртқы саясатта Шавкат Мирзиеев бұрын қалыптасқан тар өрісті қағиданың шеңберін ұлғайтуды көздейді. Халықаралық қауымдастықпен Өзбекстан мүддесіне қайшы келмейтін саясатты ашық жүргізуге баратын болады. Ол үшін алғашқы кезекте аймақтағы көршілерімен татулық жолын іздейтін болады. Өзбекстан лидеріне фундаменттің негізі берік болғаны қажет. Президенттің шетелге тұңғыш сапарлары Орталық Азиядағы Түркіменстан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстанға жасалғаны соны білдіреді. Каримов билігінің ауыр мұрасы саналған Түркиямен арадағы салқындық жылымыққа айналары хақ. Бүгінгі күннің өзінде соңғы 20 жылда екі мемлекет арасында сақталған визалық қатынас тәртібі алынып тасталды.
Ресми Ташкенттің «Өзбекстан мен Ауғанстан қатынастарын дамыту және жаңа деңгейге көтеру туралы» үкімет қаулысын жариялауы аса маңызды оқиғалардың бірі болды. Ауғанстанға электр қуаты, астық, азық-түлік, тағы басқа тауарларды экспорттаудың мүмкіндіктері Орталық Азияның оңтүстігінде үлкен нарықтың барын және сол нарықтың аймаққа ашыла бастағанын көрсетеді. Ауғанстанның солтүстігінде Өзбекстанның үлкен мүддесі бар. Себебі, Мазари Шариф аумағында өзбек ұлтының үлкен бір тобы өмір сүруде.
Өзбекстан президентінің Орталық Азиядағы көршілерімен қарым-қатынасты барынша нығайтуға басымдық беруінде Ташкенттің бұрынғы даңқын қайтаруын көрсетеді. Саяси-экономикалық және халық саны жағынан Қазақстан мен Өзбекстан Орталық Азиядағы қуатты мемлекеттер. Қазақ пен өзбектің діні мен тарихы ортақ, тілі, мәдениеті жақын бауырлас халықтар. Орталық Азиядағы тұрақтылық осы екі мемлекеттің арасындағы қарым-қатынасқа байланысты. Мұны Мирзиеев жақсы түсінеді. Каримовтың билігі кезінде Өзбекстанның көршілес Қырғызстанмен және Тәжікстанмен қарым-қатынасында шекара, су қорлары, көші-қон, сауда-саттық салаларында едәуір салқындық орнады. Ш. Мирзиеев жіберілген осы қателіктерді түзетуге тырысады.
Ш.Мирзиеевтің Бішкекке сапары екі мемлекет арасындағы ынтымақтастыққа қазірдің өзінде тың серпін беріп отыр. Қырғыз бен өзбек халқы осы сапарды 20 жылдан астам уақыт күткен болатын. Қырғыз еліне Өзбекстан басшысы соңғы рет 2000 жылы сапармен барған екен. Қырғыз-өзбек қатынастарында күн тәртібінде тұрған проблемалық сипаттағы мәселелер қордаланып қалған.
Тәуелсіздігін жариялаған аймақтағы өзге республикалар сияқты Қырғызстан мен Өзбекстан арасында саяси-дипломатиялық, сауда-экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері талданып, оларды үкіметаралық комиссия жан-жақты қарастыруда. Сауда экономикалық қатынастарды дамытуда негізгі айқындаушы рөлді шекара маңындағы сауда атқаратыны белгілі. Орта Азия мемлекеттері арасындағы өзекті мәселелер ретінде энергетика, шекара және көші-қон мәселесі өткір тұр. Өйткені, мемлекеттер үшін азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, шекаралардағы сауда қатынасын реттеу ерекше маңызды. Қырғызстанның Өзбекстанмен шекаралас аудандарында 1 миллионға жуық адам тұрады. Ал Қырғызстан халқының 14 пайызы этностық өзбектерді құрайды. Ферғана атырабындағы ұлтаралық кикілжің сәт сайын тұтанып кетуі мүмкін. Бұл кикілжің енді тұтанатын болса, онда аймақтағы өртті сөндіру өте қымбатқа түседі. Ал, оның тұтануына өзбек билігі кінәлі болып қалады. Сондықтан, Өзбекстан президенті оны болдырмаудың жолын іздейді. Адамдарды өзгерте алатын екі тұтқа бар. Ол – үрей мен ықылас. Осының екеуі де Шавкат Мирзиеевтің бойынан табылады. «Бөліс те билік ет» – дана ереже, бірақ «біріктір де бағытта» – одан да жақсы (Иоганн Гет). Өзбекстан президенті осы ережені басшылыққа алып отыр.
Өзбекстанда соңғы кездері кәсіпкерлік саласы жақсы дамып келеді. Мирзиеев ауыл шаруашылығына да көп көңіл бөлуде. Ауыл тұрғындарына жеке шаруашылықпен айналысуына мүмкіндіктер жасалуда. Бұрын диқандар өз тауарларын шетелге сату үшін сатып алушы алдын ала 100 пайыз төлемақы жасауы тиіс болатын. Мирзиеев мұны 30 пайызға дейін қысқартты. 2017 жылдан бастап, Өзбекстан-Ресей нарығына арзан бау-бақша, көкөніс өнімдерін жөнелте бастайды. Бұл туралы Ресей Федерациясы мен Өзбекстан ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері Ташкентте уағдаластыққа қол жеткізген.
Қырғызстан мен Өзбекстанның ара­сын­дағы шекараның жалпы ұзындығы 1400 шақырымды құрайды. Оның 230 шақырымға жуығы даулы саналады. Дәлірек айтқанда, осы 230 шақырымдық шекара сызығы өтетін жер әлі күнге дейін құқықтық негізде реттелмеген. Осыған орай, Қырғызстан мен Өзбекстан үкіметтерінің басшылары кездесіп, екі ел арасындағы шекараның 80 пайызынан астамына қатысты уағдаластыққа қол жеткізді. Екі ел президенттерінің кездесуі барысында қырғыз-өзбек мемлекеттік шекараларының 80 пайыздан асатын бөлігін демаркациялау туралы пактіге қол қойылды.
Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы келіспеушілік мұнай-газ кен орындарына меншік ету мәселесінде де өзекті болып келді. 2011 жылы Қырғызстан парламенті «Солтүстік Сох» және «Чонгар-Галча» газ қоймаларын бақылауды Қырғызстанға беруді талап ететін қаулы жобасын мақұлдады. Бұған өзбекстандық тарап келісе қоймады. Мемлекеттер арасында даулы мәселелер Қамбарата су электр стансасы төңірегінде де кездеседі. Нарын-Сырдария өзені бассейнінің су-энергетикалық қорларын пайдаланудың реттелмеуі, Қырғызстан аумағында орналасқан және Өзбекстанның шаруашылық жүргізушісі субъектілерімен пайдаланылатын су шаруашылығы нысандары да болды. Осы проблемалар ортақ келісімге келе алмаудың әсеріне байланыс­ты кезінде шешілмей қалды.
Өзбекстанның қазіргі әлеуметтік-эко­но­микалық жағдайында көршілерімен салыстырғанда, алға басушылық бар. Соңғы бірнеше жылда Өзбекстанның өзіндік ішкі өнімі 5-6 пайызға өскен. Ірі өндірістік, аграрлық, инфрақұрылымдық жобалар қолға алынған. Ел астанасы Ташкентте заманауи ықшамаудандар, жолайрықтар қарқынды бой көтеріп келеді. Мирзиеевтің өзі бұған дейінгі экономикалық тұйықталу саясатынан бас тартуға пәрмен берген. Қаржылық-дағдарыс, шикізаттық ресурстарға бағаның төмендеуі Өзбекстанға ғана тән жағдай емес. Өзбекстан экспортқа мақта, алтын, газ шығарады. Соңғы жылдары осы тауарларға бағаның түсуіне байланысты экономиканы әртараптандыру жүріп жатыр. Бұл биліктің ауысуымен басталған жоқ, Мирзиеев премьер-министр болып тұрған кезде басталған.
Ш.Мирзиеевтің қысқа уақытта мемлекет ауқымында жүзеге асырған шараларына келсек, әлеуметтік, экономикалық және мәдени салаларда қабылданған шешімдер халықтың оң бағасын алып, іс жүзінде орындала бастағаны байқалады. Әсіресе, банк және несие жүйесін дамытуға қатысты үкімет қарарларының қоғамға түсіндіріліп, несие пайызының төмендетілуі, жаңа жұмыс орындарының ашылуы, жалақылардың өсуі, кәсіпкерлер үшін несиелердің берілуі, студенттерге шәкіртақы тағайындалып, зейнеткерлер үшін жеңілдіктердің ойластырылуы аталған өзгерістердің айқын көрінісі.
Халыққа жеңілдік жасау мақсатымен жаңа үкімет Ташкент қаласы мен орта­лық қалаларда, облыс және аудан орталықтарында, ауылдарда арзан әрі шағын тұрғын үйлер салу туралы қаулыға қол қоюы Өзбекстан қоғамы үшін көптен күткен ірі жаңалық болып отыр. Мемлекеттік тұрғын үйге зәру отбасылардың, жаңадан отау тіккен жастардың жеке шаңыраққа ие болуына басымдық беріле бастауы өзбекстандықтардың өз президенттеріне қолдау білдіруіне әкеліп соғуда. Мұның өзі Өзбекстанда әлеуметтік және мәдени салаларда жүзеге асырылып жатқан шаралар алдағы кезеңдерде үлкен өзгерістердің болатындығынан хабар береді.
Ресей президенті В.Путиннің И.Кари­мовты еске алу үшін шұғыл түрде Өзбек­станға сапармен келуі Шавкат Мир­зиеевке көрсетілген құрмет болатын. Билік дәлізінде Шавкат Мирзиеевтің Мәскеуге бүйрегі бұратын саясаткер екені айтылып қалады. Ресей билігі де оның осы қатардан табылуына қарсы емес. Бірақ, Ислам Кари­мовтың тобы болуын қаламасы анық. Путин өз сапарының барысында Өзбек­станның жаңа басшысының саяси салмағы мен оның материалының сапасын байқап көріп, кезінде Ислам Каримов салып кеткен стратегиялық саясатты одан әрі жалғастыра беру қажеттілігін бекемдеп кетті. Таяу ара­лықта Ресей тарапынан Өзбекстан билігіне тың ұсыныстар айтылып қалуы мүмкін.
Президент Ш.Мирзиеев 2016 жылғы желтоқсан айының соңында Өзбекстан Ғылым академиясының жетекші ғалым академиктерімен кездесіп, олардың білім мен ғылым саласына қатысты сауал­дарын тыңдап, алдағы кезеңде атқа­ры­латын шаралар туралы ойлары және ұсыныстарымен танысуы Үкіметтік тұр­ғыда тиісті шаралар қабылдауға алып келді.
Бұл жерде ғалымдардың өз ұсыныс­тарына жауапкершілікпен қарауы да ұмытылмады. Осыған орай, алдағы уақытта Өзбекстан ғалымдары мен шенеуніктері жауапсыз атқарылған жұмыстары үшін тиісті жалақыдан айырылуы мәселесі де құпталды. Мемлекет басшысы Шавкат Мирзиеев осындай пәрмен берді. Бұл шара Өзбекстан Президентінің 2017 жылғы 1 шілдеде атқарушы билік өкілдерінің жұмысын ынталандыруға байланысты қаулысына орай жүзеге асып отыр. Онда мемлекеттік қызметкерлер өзінің жұмысын жауапсыз және сапасыз орындайтын болса, материалдық жауапкершілікке тартылады және барлық деңгейдегі шенеуніктердің жалақысына 15-пайыз көлемінде айыппұл салынады делінген.
Бұл қаулы Өзбекстанның аудан, облыс басшыларына да қатысты қарастырылған. Мемлекеттік қызметкерлерді ынталандыру мәселесі де назардан тыс қалмаған. Бас­шылықтың бар өнері әділ болу өне­рінде. Атқарушы билік басшыларының орынбасарлары алдағы уақытта тиімді, сапалы атқарған қызметтері үшін 20 пайыз көлемінде қаржылай сыйлықпен ынталандырылатын болады. Ол үшін барлық атқару құрылымдарында арнайы бақылаушы мекемелер құрылып отыр.
Қоғамдық мақұлдауды алмаған заңдар заң болып табылмайды. Әзірге Өзбекстан президентінің қабылдаған заңдары қоғам тарапынан қолдау тауып отыр.

Алдыңғы «
Келесі »