Режиссер қолтаңбасы

  • 16.02.2018
  • 588 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Расул УСМАНОВ,
Қазақ Ұлттық Өнер университетінің
«Режиссура» мамандығы бойынша 2 курс
магистранты

Тарихтың талай бұралаңы мен бұлта­рыстарын бастан кешіп, бүгін өзінің 84 мау­­сымын ашып отырған Қ.Қожамияров атындағы мемлекеттік академиялық Ұйғыр театрының тарихына көз жүгіртсек, 1952-1971 жылдар аралығындағы репертуар – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, дәл жиырма жыл аталмыш театрда бас режиссер лауазымында жұмыс жүргізген әрмән ұлтының өкілі Сергей Рубенович Башоянның мүбәрәк есімімен тығыз байланыста болғанын танып білеміз. Москвадағы жоғары өнер оқу орнын тәмәмдап, режиссер мамандығын игерген Сергей Башоянның Ұйғыр театрына жолдама арқылы келуі – соғыстан кейінгі кеңес халықтары өз басынан ең зор қиыншылықтарды кешіп жатқан ауыр кезеңге тура келді. Мемлекеттегі көптеген театрлар үкімет қаржымен қамтамасыз етпегені себебінен жабылып, творчестволық ұжымдар тарқалып жатқанда, Алматыдан екі жүз шақырым алыс Ұйғыр театры ұжымы басқа театрлармен салыстырғанда, неше есе көп қиыншылыққа тап болған еді. «…Ұйғыр театры репертуарында көркемдік деңгейі жоғары шығармалардың жоқтығы, ұжымның бұл салада жетерлік жұмыс ат­қара алмай жатқаны – аталмыш театр­дың келешегіне үлкен қауіп тудыруда. Ұйғыр театры бүгінгі өмірден, ұйғыр халқының мәдениетінің дамуынан артта қалып қойды. Театрдың өз көрермені, драматург-жазушыларымен қарым-қатынасы жоқ…» [1]. Иә, астанадан ауылға көшірілген театрда қандай творчестволық даму болсын? Ұйғыр артистері ауылда күн кешсе де, үй мекенсіз, айлап-жылдап айлықсыз, транспортсыз қыс-жаз гастрольде жүрген ауыр жылдар еді ол. Ескіріп кеткен, қанша от жақса да мүлдем жылымайтын Ұйғыр театры ғимаратында көңіл-күйлері солғын артистер Москвадан хал сұрап келген жас режиссерге өздерінің бар дерттерін төгіп, одан жәрдем күткен халде үлкен үміттермен телміріп қарап қалған болатын…
Міне, бұл – Сергей Башоянның ұйғыр артистерімен алғашқы кездесуі еді. – Сол алғашқы кездесу туралы естелікті өмірбойы жадымда сақтап қалдым – деп жазыпты. Сергей Рубенович өзінің қаламынан туған «Қәлб хатириси» атты кітабында. Артистер көздеріне жас алып, театрдағы осындай бейшара ахуалдары, ешқандай бір шара табылмайтын бүгінгі және ертеңгі күн туралы айтып бергені соншама, мен оларға шын жүрегімнен өкініш білдірдім. Артист бейшараларды жұбата алатындай сөз таппай қалдым [2].
– Жолдастар – дедім өзімді сәл қолға алып. …Мен сіздерге қалай көмектесе алам, кәзірше оны айту мен үшін өте қиын. Қысқа уақыттың ішінде ахуал жақсыға қарай өзгереді деп уәде де бере алмаймын. Жоқ! Сіздерсіз мен еш амал табалмаймын. Осынша қиыншылыққа бой бермей шыдап жүрген екенсіздер, бұдан кейін де сол жақсы ниеттеріңізден қайтпаңыздар, төзімді болайық! Қысқасы, біз ең алдымен тез арада творчестволық жұмысымызды алға қарай тоқтатпай жүргізуіміз керек [3]. Ұжымның құрамы кәсіби білімі жоқ актерлар болғаны үшін олардың көпшілігі өз рөлдерінің тек сыртқы көрінісіне артықша мән береді екен. Сол үшін жас режиссер ең алдымен актерлік шеберліктің негізгі элементтері, сахна тілі, әрекеті бойынша дәрістерді өткізуді күнделікті жұмыс күн тәртібіне енгізді. Күнделік тәжірибені теориямен бірге жүргізді. Өз кезегінде артистер де кәсіби білімін көтеруге үлкен қызығушылық танытты. Осы туралы Қазақстанның қызмет көрсеткен артисі Ризвангүл Тох­­танова былай деп айтып берген: «Біздің алдымызда кең мүмкіншіліктер ашылды. Режиссердің рус театрының ұлы шеберлері, олардың творчествосы туралы бізге айтып берген қызықты әңгімелерін зор ықыласпен тыңдаушы едік. Ол бізді Станиславский системасымен таныстырды [4]. Арада көп уақыт өтпей, театр ұжымы «Анархан», «Ипәк сөзанә» спектакльдерімен Алматы, Шымкент, Ташкент, Әнжан шахарлары және аудандарына гастрольдік сапармен аттанды. С.Башоян бұл гастрольдарда халқымыздың өнерге деген шексіз махаббатын сезінді.
Театрдың негізі – драматургия, ұлттық театр үшін болса, ұлттық драматургия екен­дігін жақсы түсіне білген режиссер, бірінші орында ұйғыр жазушыларымен кездесіп, олармен бірлікте жұмыс алып баруды мақсат етті. Мәшүр Розиев, Қа­дир Һасанов, Савутжан Һасанов, Асим Мәхпиров, Нәсирдин Мәңсұров қатарлы ұйғыр зиялыларымен танысып, оларға хал­қымыздың ұлттық қаһармандары туралы сахна шығармаларының өте қажеттілігін түсіндірді. Назугум, Садир Палван туралы сах­на шығармаларын жазуды өтінді. Тез арада Ұйғыр театрының афишаларын «Анархан», «Нурхан», «Ипәк сөзанә», «Униң достлири», «Төкүлгән қача», «Ғерип-Сәнәм», «Меһманхана егиси» қатарлы спектакльдер безеді.
1954 жылы Ұйғыр театрының жиырма жылдығы қарсаңында атақты ұйғыр композиторы Қ.Қожамияров, С.Башоян және бір топ артистерді Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы П.К.Пономаренко қабылдады. Бұл кездесуде Ұйғыр театрын Шелектен Алматыға көшіріп келу туралы күрделі мәселе қаралды. Мереке қарсаңында театрдың отызға жуық артистерін Москва, Ленинградқа твор­честволық командировкаға жіберу мәселесіде өз шешімін тапты. Бұл әрине, ұйғыр артистері үшін күтпеген құаныш еді. Артистер Москва, Ленинград шахарларында театрларға барып, спектакльдер көріп, көптеген тарихи орындарды тамашалады және бұл шаһарлардың бір-қатар үлкен сахналарында өнер көрсетті. 1958 жылы қазақ өнері және әдебиетінің Москвадағы он күндігіне Ұйғыр театры ұжымы қатысып, астана кәсіпорындарында, Кремль театрының және Үлкен театр сахналарында өнер көрсетті.
Кейінірек Сергей Рубенович А.Мәх­Пировтың «Садир Палван» шығар­масын сахналады. Шығарманың музыкасын Қ.Қожамияров жазды. Садир палван рөлін табысты орындағаны үшін М.Бақиев бірінші дәрежелік дипломмен марапатталды. Ендігі кезекте ауыл тақырыбына шығарма жазу мақсатында С.Рубенович Қа­дир Һасановпен ауылдарға аттанады. Олар кол­хозшы диқандармен танысу арқасында көп мағлұматтарды топтап, «Ағриқни йошур­саң – өлүм ашкарә» атты ұлттық дра­матургиямыздың бірінші музыкалық комедия­сы театр репертуарына енгізілді. Театрдағы актерлік шеберліктің және мәде­ниетінің дәрежесі классиканы сахналау арқылы одан да жарқын белгіленеді. Осы тұр­ғыдан рус классикасының рөлі жоғары. Режиссер С.Башоян енді «Гогольдің «Үйлену» комедиясы үстінде жұмыс бастады. Себебі Гогольдің юморы және қаһармандары орындаушылар және көрермендер үшін түсінікті. Р.Тохтанова, Р.Мәрүпова, А.Мусаева, Ә.Шәмиев, М.Зәйнавдинов, Ә.Сопиев, Ғ.Жәлилов, Т.Бәхтибаевтар қатысатын бұл спектакль туралы «Казахстанская правда» газеті 1956 жылғы 15 январь санында бы­лай деп жазды: «…Ұйғыр театрының орыс классикасына бет бұрудағы бірінші тә­жірибесі өте дұрыс шешім болып, клас­сикалық репертуарды одан да терең үйренуге, кәсіби актерлік шеберлік дәре­жесін көтеруде творчестволық ұжым алдында кең мүмкіндіктер ашып береді» [5]. Ұйғыр театры сахнасында «Үйлену» комедиясының премьерасы 1955 жылы март айында болып өтті. Режиссердің ше­шімімен бұл комедия әлеуметтік жағынан бағытталғаны үшін, театр жұрт­шылығында өте қызық және әр түрлі пікір­лер туғызды. Мысалы, «Советская культура» газетасы былай деп жаз­ды: «Совместно с переводчиком пьесы К.Ха­сановым, творческий коллектив театра сделал все, чтобы донести до зрителя своеобразное гоголевского репертуара. Спектакль, поставленный главным режиссером театра С.Башояном, разрешен в остром социально-психологическом плане…» [6].
Орыс классикасы шығармасы ұйғыр театрында бірінші рет осындай жоғары деңгейде сахналанды. Бұл жаңалық театр ұжымына үлкен сенім арттырды. Енді, режиссер Сергей Башоян М.Горькийдің «Зыковтар» пьесасын сахналауға кірісті. «Обращение Уйгурского театра к горьковской драматургии, крупная веха в его творческой биографии и вместе с тем еще один покозатель возросшей зрелости актерского коллектива» – деп жазды «Алма -Атин­ская правда» газетасы [7]. «Зыковтар» пьесасындағы Антип Зыков – өте күрделі, қайшыл образ болып, орындаушыдан өте жоғары актерлік шеберлікті талап ететін рөл. Бұл рөлді режиссер Ғулам Жалиловқа тапсырды. Актер бұл рөлді өте жақсы орындап, режиссердің сенімін ақтады. Жалилов зиялы актер. Сол қасиеті спектакльдің өнбойында сезіліп тұрды.
Ұлы Октябрьдің 40 жылдығына барлық театрлар дайындық жүргізіп жатқанда, Ұйғыр театры А.Поповтың «Аилә» пьесасы үстінде жұмыс бастады. Себебі ұжымда Ленин бейнесін жасайтын актер бар еді. Ол – Мәхпир Бақиев еді. Спектакльді қа­былдау үшін Мәдениет министрлігінен қонақтар келді. Олар спектакль туралы жағымды пікірлер айтты. Нәтижеде астанада республикалық театрлар көктемі фестивалінде Ұйғыр театры бірінші орын алып, актерлар М.Бақиев, М.Семәтова, Р.Илахунова және спектакль режиссері С.Башоян фестиваль лауреаттары аталып, дипломмен марапатталды. Театрдың абыройы өсті, көрермендермен қарым-қатынасы нығайды. Актриса М.Семятова Қазақстан ССР Жоғары Кеңесіне депутат болып сайланды. 1967 жылы театр Ленин тақырыбына екінші рет оралып, Н.Погодинның «Үшінші патетик қиссә» спектаклін сахналады. Бұл рет Ленин рөлін сомдаған Махпир Бақиев Қазақ ССР-ның Халық артисі деген жоғары атақпен марапатталды. Сондай қызу творчестволық ізденістермен айлар, жылдар өтіп, Сергей Рубенович ұйғыр артистерімен жақыннан танысқан сайын, енді ұйғыр тілін аудармашысыз түсінетін дәрежеге жетті. Кейбір сөздерді ұйғырша айтуға да тырысатын. Бұл таманнан оған Ғ.Жәлилов, Ә.Сопиев сияқты актерлар жәрдем берді. 1959 жылы Москвада екі жылдық жоғары режиссерлік курс ашылып С.Рубеновичты СССР Мәдениет министрлігі оқуға шақырды. Мұндай мүмкіншілікті қолдан бермей, театр дүниесінде не жаңалықтар болып жатқанын өз көзімен көруді, білімін және де тереңдетуді мақсат етіп, бас режиссерлық лауазымға М.Зайнаудиновты уақытша тағайындап, Сергей Рубенович Москваға оқуға аттанады. Ол СССР Халық артисі Николай Охлопковтың басшылығында Товстоногов, Акимов сияқты мәшһүр режиссерлардың жұмыс істеу тәсілі, тәжірибесімен жақыннан танысты. Дәл сол кезде Алматыға көшірілген Ұйғыр театрының көптеген қиындықтарға тап болғанынан хабардар болған С.Башоян, оқуын белгіленген мерзімінен бұрын бітіріп, өз ұжымының басына түскен кезектегі қиын­шылықтарын тең бөлісу, күрделі мәселелерді шешу үшін Алматыға өзінің театрына қайта оралды. Ұйғыр театрының астанадағы жағдайы туралы ұйғыр зиялы қауымы, театр басшылары бірнеше рет партия Орталық Комитеті, республика Министрлер Ке­ңесіне сұраныстары нәтижесінде арадан бір топ өкілдерді Министрлер Кеңесінде Д.Қонаев қабылдады. Бұл кездесуде театр ғимараты, тұрғын үй мәселесі, театр штатын және дотациясын көбейту, театрды облыстық категориядан республикалыққа өткізу, симфониялық оркестр құру, театрды кәсіби білім алған артистермен толықтыру үшін театр жанында екі жылдық актерлік студия ашу, авторлық қаламақы көлемін көбейту мәселелері қаралды. Бұл проблемаларды дереу шешу оңай емес еді. Сонда да, театр ұжымы өздерінің негізгі творчестволық жұмысын жүргізді және көп өтпей, репертуарға «Алжир – мениң вәтиним» атты спектакль қосылды. 60 жыл­­дардан тартып Һезмәт Абдуллин, Зия Сә­мәди, Жамалдин Босақов, Жалал Асимов, Малик Кебиров, Мәсимжан Зулпиқаров, Йүсүпбәг Мухлисов сияқты жазушылар драматургия саласында бірқатар шығармалар жазып, театр репертуары «Лутпулла», «Яр­кәнт наваси», «Ана тәғдири», «Нәсирдин Әпәнди», «Лашман», «Қайнам», «Назугум», «Дохтур керәкму?» сияқты әртүрлі жанр­дағы спектакльдермен толықтырылды. Бұл болса – ұйғыр әдебиетінде тағы бір жанр – ұлттық драматургияның жанды дамуын білдіреді.1967 жылы ұйғыр театры «Республикалық Мемлекеттік Ұйғыр музы­калық комедия театры» деп аталды.
Өз творчествомда мен артистердің актерлік шеберлігін дамыту амалдарын бірнеше жыл бұрын ойластырып, келешекте кім қай рөлді сомдайтынын жоспарлап қоятын едім – деп өзінің «Қәлб хатириси» кітабінде жазады Сергей Башоян. – Мысалы, Әхмәт Шәмиев туралы сондай болған. Оны бір кездерде Шекспирдің «Отеллосындағы» Отелло, М.Зәйнавдиновни Яго ролінде көру арманы мені әр қашан мазалайтын. Ғуламхан Жәлиловты Горькийдің «Зыковлар» шығармасындағы орыс буржуйы Антипа Зыковтың рөлінде көргім келетін. Менің жұмыс істеу тәсілім солай еді…[8].
Осы тұрғыдан, 1956 жылы Шынжаң артистерінің үлкен группасы Қазақстанға гастроль сапарымен келді. Олардың концертін сахналау Сергей Башоянға жүктеледі. Бірін­ші репетиция басталғанда, бірден режиссер әнші Абдрим Әхмәдийдің ғажайып сиқырлы дауысына ғашық болып қалады және оны «Ғерип Сәнәмдағы» Ғерип рөлінде көз алдына келтіреді. Арада бірнеше жылдар өтіп А.Әхмәдий отбасымен Қазақстанды паналап, Алматыға көшіп келеді, Ұйғыр театрына қабылданады. С.Башоян «Ғерип Сәнәмді» қайта сахналауды қолға алады, Ғерип рөлін әрине, Әхмәдийге береді. Кейінгі «Ташпалта ашиқ», «Аршин мал алан», «Малиновкидики той» қатарлы му­зыкалық комедияларда да бас кейіпкер образдарын Абдрим Әхмәдиймен Зенәтгүл Әкбәрова жоғары шеберлікпен бейнелеген. Сондай-ақ өзінің ғажайып дауысымен көрермендердің жоғары алғысына бөленген әнші Нурбүви Мәмәтоваға Сергей Рубенович алғаш рет «Аршин мал аландағы» Теллиның рөлін тапсырады. Бұрын-соңды ешқашан рөл атқармаған әнші Теллинің рөлін өте керемет сомдағаннан кейін, Н.Мә­мәтова үшін режиссер «Майсәриниң иши» музыкалық комедиясын сахналады. Режиссерларда кездесетін осындай сипат – Сергей Башоянның табиғатында бар еді. Сол үшін репертуардағы спектакльдардің әрбірінде белгілі бір актердың қайта­лан­­бас шеберлігі дәлелденетін. Репер­туардағы спектакльдердің барлығы бұл күндерде Қазақстан және Өзбекстан респуб­ликаларының телевидение және радио комитеттерінің «Алтын қорында» сақталуда.
1964 жылы бірқатар мемлекеттерде ұлы инглиз драматургы Уильям Шекспирдың туылғанының 400 жылдығы мерекеленіп жатыр еді. Сергей Рубенович он жылдан бері мақсат еткен тағы бір үлкен творчестволық жұмысқа кірісті. Ол Әхмәт Шәмиев бойын­дағы актерлік шеберліктің және бір қырын ашу үшін «Отелло» трагедиясы үстінде жұмыс бастаған еді. Ұжымда ең қызығарлық және қиын жұмыс, іздену басталды. Бұл туралы театртанушы А.Қадиров былай деп жазады: «…уйгурский театр включив в свой репертуар трагедию «Отелло», ставил задачу не только познакомить уйгурских зрителей с произведением мировой классики, но и еще раз проверить творческие силы театра» [9]. Сергей Башоян Кеңес Одағы және шетелдік даңқты театр ұжымдарының қойылымдарын көрді, оқыды, көп тәжірибе арттырды. Режиссер қазақ, өзбек, қырғыз, әзірбәйжан театрларының қойылымдарымен қызықты. Ол Шәкен Айманов, Идрис Ноғайбаевтар сомдаған бас кейіпкерлердің бейнелерін талай тамашалап, ұйғыр театрында өзгеше, өзінің жаңаша интерпретациясын көрерменге жеткізу жолында актер Ахмет Шәмиевпен Отелло образы үстінде өте көп жұмыс істеді. «…Шамиев показывал не трагедию исключительной личности, а страдания простой, честной души. …А.Шамиев «лепил» образ Мавра, обращая наше внимание на тончайшие нюансы его настроения, состояние его души.» [10]. Театртанушы А.Қадыров айтқандай, режиссер С.Башоянмен актер А.Шәмиев Отелло арқылы ұйғыр театры ұжымын тағы да бір биік шыңға көтерді. Шамиев тек дарынды актер ғана емес, ол ақын, халық әндерін бабына жеткізіп орындайтын лирик әнші ретінде Отелло бейнесіне ғажайып поэзия мен лириканы енгізе білді. Режиссер Отеллодан басқа Яго /М.Зайнавдинов/, Дездемона /Р.Разиева/, Эмилия /Р.Тохтанова/ рөлдерін сомдаған актерлердің мүмкіндіктерін толық ашып берді. Нәтижеде Отелло рөлін сомдаған мәшһүр актерлер арасынан ұйғыр актеры орын алып, театрымыз тарихына тағы бір жарқын бет қосылды. 1969-жылы Ә.Шәмиев Қазақ ССР-ның Халық артисті деген жоғары атақпен марапатталды.
«Театр организміне жас таланттарды қосып тұрмаса, ұжымда творчестволық өсу, даму, өркениет болуы мүмкін емес!» -деп 1964-жылы Ұйғыр театры жанында актерлерді дайындайтын студияны барлыққа келтіргенде, Сергей Рубенович болатын. Арадан бірнеше жыл өтіп Алматы эстрада-цирк студиясына бір топ ұйғыр жастары қабылданды. Алматы эстрада-цирк студиясының негізін қалаушы Сергей Башоян ұстазынан тәлім алған Султан Исрайилов, Қурван Мәңсүров, Гүлтекин Шәмсутдиновадан басқа, Турдибүви Аблизова, Алимжан Әйсаев, Маһмут Дәраев, Маһигүл Тохтахунова, Мирзәхмәт Һошуровтар бүгінгі күнде ұйғыр театрының алдыңғы қатардағы актерлері болып жетілді. 1973 жылы ол өзінің 20 жылдық творчествосын арнаған Ұйғыр театры ұжымымен қоштасып, Елебеков атындағы Алматы эстрада-цирк студиясына жұмыс бабымен кетті. Сергей Рубенович 87 жыл өмір сүрді. Ұлы ұстаз, даңқты режиссердың ұйғыр кәсіби театр өнерінің дамуы үшін сіңірген еңбектері ешқашан ұмытылмайды, әрине.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. М.Хамраев. Расцвет культуры уйгурского народа. Алма-Ата, 1967 ж. 7-б.
2. С.Башоян. Қәлб хатириси. Алматы «Рауан» 1996ж. 15-б.
3. Сол кітап. 16-б.
4. «Казахстанская правда»,1958-ж. 29-ноябрь.
5. «Казахстанская правда»,1956-ж. 15-январь.
6. «Пьеса Н.В.Гоголя на уйгурской сцене». «Советская культура» газетасы. 1955ж. 3 декабрь.
7. Л.Варшавской. лицом к современности. «Алма-Атинская правда», 1959 ж.17 июль.
8. С.Башоян. Қәлб хатириси. Алматы «Рауан» 1996 ж. 231-б.
9. А.Кадыров. Уйгурский советский театр. Алматы. «Өнер» 1984 ж.134-б.
10. А.Кадыров. Уйгурский советский театр. Алматы. «Өнер» 1984 ж.135-б.

Алдыңғы «
Келесі »