ЖУРНАЛИСТИКА ҚАНДАЙ ФУНКЦИЯ АТҚАРАДЫ?

  • 26.01.2018
  • 2471 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ,
ҚР мәдениет қайраткері,
халықаралық журналист

Байқаймын, әріптестер арасында, жалпы қатардағы азаматтар да белсенді араласып, журналистиканың елеулі категориясы туралы қызу пікірталастың шеті шыға бастағандай. Оны әлеуметтік желідегі Дина Елгезектің бірқатар жазбаларынан және Qazaqstan телеарнасында Дархан Əбдік жүргізетін «Парасат майданы» бағдарламасына қатысқан белгілі журналис­тер Арман Сқабылұлы, Қасым Аман­жол және өзге әріптестердің әңгіме-ауа­нынан аңғаруға болатын секілді.
Бұл айналып келгенде, журналис­ти­каның қоғамда атқаратын функциясы жайындағы іргелі мәселе. Егер, журфактың бірінші курсында «Журналистикаға кіріспе» немесе «Журналистика теориясының негіз­дері» деген пәнді мұқият танып, зерттеген болсаңыз, бәрі анық көрінер еді. Бірақ, қазір бәрі теория десе мұрын шүйіретін заман ғой. Десек те, шындығында бәрі сол теорияны алдымен дұрыс игеруден басталады.
Анық аңғарылғаны, біздің кәсіби маман­дардың өзі журналистика функция­сын білмей ме, білсе де, мән бермейтін сы­ңайлы. Соның салдарынан, әсіресе, теле­ар­наларда бағдарламалардың тепе-тең­дігі сақталмай отыр. Соның салдарынан жұрт теледидар көруден де қалып барады. Теле­өнімнің тағдыры рейтингке тіреліп тұрған бүгінгідей алмағайып кезеңде оның салдары ауыр болатындығымен санасқан абзал. Әсіресе, республикадағы ірі газеттер мен телеарналарды өзге саланың мамандары басқарып отырғанын ескерсек, теориялық кейбір маңызды мәселелерді назардан тыс қалдырмаған дұрыс деп шештік.
Сөздің тоқ етеріне келсек, журналис­тика қоғамда мынандай 6 түрлі функция атқарады:
1. ақпарат тарату;
2. танымдық;
3. ұйымдастырушылық;
4. басқару құралы (өкімет ісіне бақы­лау жасау арқылы);
5. қарым-қатынастық;
6. көңіл көтеру (эстетикалық тәрбие).
БАҚ атаулының барлық түрінде осы алты элементтің бәрінің тепе-тең­дігі сақталмаса, оның туындылары ха­лықты мезі етіп, өзінен алыстатып жі­береді.
Совет баспасөзінде Лениннің айтқан «газет – ұжымдық үгітші, насихатшы әрі ұжымдық ұйымдастырушы» дей салған бір ғана элементін басшылыққа алғандығының салдарынан оқылмайтын газет пайда болып, жұрт оны терезе сүртуге, от тамызуға, тіпті, әжетханаларда кеңінен пайдаланатын жағымсыз үрдіс қалыптасты. Ал, қазіргі күні функцияның көңіл көтеру элементін асырып жібергендіктен, телеарналар жаппай ойын-сауық пен жеңіл-желпі ән-бидің, «сабын операсының» (сериал) ошағына айналды. Сол баяғы ескі әдеттің асқынуы. Мәселе осыдан туындап жатыр.
Функция жайындағы мәселе – журналистика ғылымындағы өзекті про­блемалардың бірі. Олай болуының нақты себептері бар. Журналистика өзі аса күрделі қоғамдық көрініс. Сонымен қатар, ол ерекше қызмет ат­қа­ратын қоғамдық бірегей институт әрі ақпарат жинап қорытатын, басқару қызметінің де формасы. Сондықтан, жан-жақты ерекшелігіне сай кешенді түрде қоғамдық функциялар атқарады. БАҚ қызметтерінің осы сипаттарын, ерекшеліктерін толықтай танығанда ғана БАҚ жүйесі немесе журналистика ат­ты қоғамдық институт ісінің мазмұны мен өзіндік ерекшеліктері туралы ұғымды қалыптастыруға болады. Ол үшін ең алдымен функция деген жалпы ұғымның басын ашып алу керек.
«Функция – латынның functio, яғ­ни, «жасау, орындау, қызметтің мақ­саты, сипаты» деген мағынаны біл­діретін сөзінен шыққан. Немесе екі обьектінің бірі өзгер­генде келесісінің бірге өзгеруін де кең мағынада соған жатқызатыны тағы бар. Қарым-қатынас жүйесіндегі белгілі обьектінің орын алу заңдылығынан туындайтын талапты да функция дейміз. Қалай десек те, ол әрбір белгілі ұғымның түпкілікті сипатын ашып көрсетеді. Сондай-ақ, жүйе қызметінің тәсілін, оның ішкі сипатын анықтайтын функция – белгілі бір объектінің сапалық тұр­­ғыдан айқындалуы және оның орын алу тәсіліндегі маңызды бөлігі.
Табиғи немесе биологиялық, қоғам­дық нысандарының функциялары абстрак­циялық дүниелер емес. Сондықтан, қоғамда еш нәрсе мақсатсыз, міндетсіз жасалмайды. Журналист те өзінің шығармашылық туындысын қолға алғанда, белгілі бір нәти­жеге жетуді алға мақсат етіп қоюдан ісін бастайды. Күтілген нәтижеге жеткен іс қызметтің өзі объективтік, субъективтік көп­теген себептер арқылы олардың әлде­біріне тәуелді болады.
Субъект (адам) өз қызметінің ықпа­лын біле отырып, оның қоғамдық даму үрдісімен сәйкестік таба алуын, не алмасын дұрыс пайымдаса ғана істің нәтижесі ойдағыдай болмақ. Яғни, функция туралы танымды дұрыс түсініп, игеру, тиімді пайдалану – белгілі бір істің жемісті болуының басты факторы. Журналистика функциясын кең мағынада қарастырсақ, міндетті түрде орындалуға тиіс іс және оның мақсаты, қоғамда қызмет жүргізу, өмір сүру тәсілдерінің айқындалуы деп түсінуге болады. Адамның ісі әрдайым белгілі мақсатқа бағытталады және оған сәйкес тәсілдер мен құралдар заңды түрде қажет етіледі.
Мақсат дегеніміздің өзі алдын-ала межеленген, күтілген нәтиже. Оған арнайы құралдардың көмегімен жетуге болады. Қандай бір мақсатты көздеген қызмет жеткен нәтиже арқылы анықталады. Сон­дықтан, мақсатты жүзеге асыру үшін межеленген нәтиже туралы анық бол­жамның болуы қажет етіледі.
Бұқаралық ақпарат сипатын өн бойына сіңірген журналистика қызметінің негізгі мақсаты – қоғамдық институттарды және халықты ақпаратпен қамтамасыз ету екендігі белгілі. Журналистика ақпаратты қабылдаушыларға жетпеген жағдайда басты мақсатты орындау жайындағы міндеттер де туындамайды.
Журналистиканың қоғамда атқаратын функциялары әрқилы екендігіне зерттеу­шілер ерекше назар аударған. Қоршаған ортаны тануға, өмірлік бағытты айқындауға, тәлім-тәрбие алуға, білім-таным игеруге, мәдениет пен руханиятты көтеруге, қоғамдық үрдісті басқаруға, бақылауға, үйлестіруге қатысу, тұрғындарды әлеу­меттік жағынан қорғауға ықпал жасау, қажетті ақпаратпен қамтамасыз ету, көңіл көтерулеріне, демалуларына қолғабыс жасау, психологиялық тұрғыдан игі әсер ету т.с.с. Алайда, бұлайша жүйесіз, ретсіз баяндап шығудың өзі инерцияға жол беруі мүмкін. Сондықтан, бұқаралық ақпараттың тұтынушылары – халыққа, қоғамдық инсти­туттарға дәл не қажет, қандай сұра­ныстар бар дегенді мұқият зерттеп, анық­тауға тиіспіз.
Журналистиканың бейнелейтін объек­тісі өзгерген жағдайда онымен бірге субъектінің функциясы мен мақсаты да өзгереді дегенді жоғарыда айтқан едік. Сондай-ақ, қандай бір обьектінің басты сипатының күрт өзгеруі функцияның әсерінен болатын көрініс екендігіне көз жет­кізуге болады. Функцияны талдау үшін құрылымның әрбір элементіне назар аударылады. Ондағы функциялық маңызы бар ахуалды бүкіл құрылымымен талдап, қоғамдық көрініс пен процестерді жүйелі зерттеудің өзі маңызды принциптердің бірі.
Аталған мәселелерге байланысты БАҚ-тың ішкі жалпы сабақтастықтарын келесі тұрғыдан қарастыруға болады. Ол негізінен БАҚ-тың «бағыты-мақсаты-міндеті-функциясы» өзара бай­ланысты қызметтің бағдаршамы іс­петті элементтерден тұрады.
1) Бағыты жағынан келгенде, БАҚ – қоғамдық бір институт, саяси жүйенің бір элементі. Бағыт мақсатты, ал, мақсат бағыттың даму жолдарын анықтайды.
2) Мақсат – белгілі бір елдің қоғамдық даму белесінде туындайтын проблемалармен заңды түрде сабақтасады. Айталық, қоғамдық, экономикалық, саяси аренада белгілі мерзім ішінде не жасалуы қажет дегенді мақсат айқындайды.
3) Мақсат міндетті тудырады. Міндет дегеніміз мақсатқа жетуге қажетті нақ­ты бағдарлама.
4) Аталмыш бағыт, мақсат, міндетке сай БАҚ белгілі бір функция атқаруға тиіс. Сол функция жоғарыдағы элементтердің жүзеге асырылу қызметтері арқылы көрініс табады.
Барлық постсоциалистік елдерде­гідей кеңестік қазақ журналистикасы да өз функциясын анықтағанда марксист баспасөздің мақсатын айқындаған В. И. Лениннің «газет – ұжымдық насихатшы, ұжымдық үгітші болумен қатар ұжымдық ұйымдастырушы» деген қағи­дасын ұстанып келді. Қазақ газет-журналдары айлық жұмыс жоспарын 150 пайыздан асырып орындаған зауыт жұмысшылары немесе 100 енеліктен 150 қозы алған озат шопандары жайында тебіреніске толы, «суы сорғалаған» очерк­терге толды.
Редакция қызметкерлері сол озат шопандар мен үздік жұмысшылардың атынан мақала ұйымдастырып, бес­жылдық еңбек жарысына міндеттеме қабылдатып әуре-сарсаңға түсті. Жалпы оқырманды қызықтырмайтын, ресми қасаң материалдар көп жарияланды. Ол үшін әрине, жалғыз Ленинді кінәлау орынсыз болар еді.
1901 жылы мамыр айында «Искра» газетінің 4-санында жарияланған «Неден бастаймыз?» атты мақаласында В. И. Ленин марксистік партия мен оның баспасөзінің таяу мерзімдегі міндеттерін айқындаған. Партия баспасөзінің қандай болуға тиіс екендігі жайында пікір білдірген. Со­циалистік жүйедегі масс-медиа саласын зерттеушілер БАҚ өзара сабақтасатын көп­­теген функциялардан тұратындығын мойындағандарымен, оның бәрін үгіт, насихат, ұйымдастырушылық деген негізгі функ­циядан туындауға тиіс деген бір ғана қағиданы қатаң ұстанып келді.
Мұнда екі мәселеге назар аударылуы керек. Біріншіден, В. И. Ленин жоғарыда аталған үш ұғымды баспасөз функциясы деп атаған да емес. Сондықтан, оның үш түрлі функцияға жатқызылатыны немесе біртұтас бір ғана ұғым екендігі көмескілеу. Екіншіден, Ленин жаңа үлгідегі партия баспасөзін ұйымдастыру және оның таяу мерзімдегі, тіпті, анығын айтқанда, уақытша міндеті мен мақсатын айқындағаны болмаса, жалпы масс-медиа жүйесінің функцияларын анықтаған жоқ. Ол кезде газет-жур­налдан өзге ақпарат құралдарының түрі болмағандықтан, оның функцияларын анықтау мүмкін емес екендігі де түсінікті. Сондай-ақ, бір партияның билік құрған заманында идеология, саяси, тәрбие құралының миссиясын тек партия баспасөзі ғана атқарғандықтан, партиялық басылымның функциясын өзге ақпарат құралдарына да күшпен таңуға мәжбүр болған. В. И. Лениннің аталмыш нұсқауын қатаң ұстанудың салдарынан журналис­тика функцияларын бір жақты анықтау, оны тар шеңбер аясында қарастыру, басты миссияларын ескермеу секілді олқылықтар зерттеушілер арасында болғаны рас. Алайда, қалай десек те, журналистика функция­ларын ғылыми тұрғыдан қарастыру сол кездің өзінде назардан тыс қалмаған екен.
Ресейлік академик В.Г.Афанасьев қо­ғамды басқару үрдісті анықтағанда: «БАҚ-тың басты функциясы – саяси-тәр­биелік, насихаттық, басқарушылық және ұйымдастырушылық қызмет» – десе, украиналық ғалым, профессор В.И.Здоровега «публицистика да журналистика секілді насихаттау, үгіттеу, ұйымдастыру қызметтерін атқарады. …БАҚ-тың басқарушылық функциясы – үгіт, насихат, ағартушылық қызметтің нәтижесінде орындалады. …БАҚ-тың хабарлау, көңіл көтеру функциялары оның түпкілікті мақсаты емес» – деп тұжырымдаған. Ғалым Г.И.Хмара «журналистика – ақпарат тарату, ағартушылық, тәрбиелік, басқарушылық, көңіл көтеру (гедонизм) функцияларын атқарады» – деп анықтайды. Ал, болгарлық ғалым Вл. Симеонов «БАҚ – хабарлау, жарнамалық, ағартушылық, ұстаздық, эстетикалық, басқарушылық, қарым-қатынастық, бұқаралық пікір қалыптастыру т.с.с. функ­циялар атқарады» – десе, неміс ғалымдары БАҚ әртүрлі функциялар атқаратындығын мәлімдей келе, негізгісі ретінде ақпарат таратуды, қоғамдық пікір қалыптастыруды, танымдық миссиясын атаған. Ал, Вашингтондағы Американ уни­верситетінің журнализм профессоры, доктор Лэйрд Андерсон АҚШ БАҚ-ның функцияларын бес бағыт бойынша атап көрсетеді: «Біріншіден, елді ақпаратпен қамтамасыз ету, екіншіден, талдау-сараптау жасап түсіндіру, үшіншіден, көңіл көтеру, төртіншіден, философиялық ой тас­тап, эстетикалық тәрбие беру, бесіншіден, экономикалық миссия, яғни, жарнама ар­қылы халыққа қызмет көрсету».
Журналистика функцияларын қоғам өмірінің ерекшелігіне, оған араласу мүмкіндіктерге сай қарастырудың мәні оны әртүрлі деңгейде талдауға жағдай жасайды. Масс-медиа функцияларының ішкі элементтерін, құрылымдарын толық ашып көрсету үшін оның төменде аталған ерекшеліктеріне назар аударылуға тиіс:
1) қоғамдық институт;
2) саяси жүйенің элементі;
3) ақпарат құралы.
Олай болса, БАҚ ақпарат таратумен қатар, белгілі бір деңгейде басқару, бақылау және социологиялық, тәрбиелік, танымдық, ағартушылық қызметтерін атқарады. Бұл жерде журналистиканың атқаратын функцияларының санын есептеу басты міндет емес. Керісінше, оның функцияларының нәтижесін, си­патын, ерекшеліктерін қарастыру маңызды болмақ. Оны журналистика қызметінің обьектісін құрайтын дүниенің аясында іздестіру мәселенің мәнін ашуға мүмкіндік береді. Мұның өзі айналып келгенде, обьективтік жағдайдың саяси аспектісі болып шығады да, дәл осы тұстан әртүрлі сипаттағы, маңыздылықтары да сан алуан өзекті про­блемалар туындайды. Қоғам өмірінің әрбір саласында туындаған кез келген мәселе адамдардың күнделікті іс-әрекетімен тығыз байланыс­ты болатыны белгілі.
Журналистика қоғамдық-саяси өмірде өзінің алға қойған мақсаттарын тек функциялар жүйесінің негізінде ғана орындай алатындығымен ерекшеленеді. Ал, сол журналистика функцияларының жүйесіне келсек, ол – адам үшін, оның игілігіне, жан-жақты дамуына, материалдық бай­лықты еселеуіне, тіршілік деңгейін арттыруына бағытталады, сол үшін қызмет көрсетеді. Сондықтан, функциялар өмір­де негізінен «адам факторы» арқылы жүзеге асырылады. Олай болса, БАҚ жүйе­сіндегі функциялардың өзара байланыста­рын, әрекеттерін, ықпалдастықтарын анық­тау­дың маңызы зор. Журналистика функцияларын теориялық тұрғыдан бірнеше түрге бөлуге болады. Алайда, тәжірибеде бәрі бірлесе отырып, тұтасымен жүзеге асырылады. Яғни, функциялардың өмірде жүзеге асырылу үрдісі кешенді сипатта көрініс табады.
Газеттердің кезекті сандары, радио, телехабарлар функция түрлерінің барлығын да белгілі деңгейде атқарып жүзеге асырады. Кейбір мақалалар мен бағдарламаларда бірнеше функция түрлері қатар атқарылуы да әбден ықтимал. Әдетте, осындай бірнеше функция түрлерін қатар атқаратын жарияланымдар ел назарын көбірек аударады. Мұндай туындылардың ерекшелігі, шынайы өмір көріністерін кең арнада бейнелей алатындығында және көптің рухани сұранысына жауап беріп, мазмұн мен форманың бірлігін жоғары деңгейде қамтамасыз ететіндігінде. Мұндай қызықты да тартымды туындылар журналистің көп ізденісінің, қажырлы еңбегінің жемісі болатындығы мәлім.
Қазіргі БАҚ жүйесінің айқын мақ­саттарының бірі азаматтардың қоғам­дық позицияларын анықтау, саяси өмір­дің әр түрлі көріністері аясында өзара түсіністік пен игі қарым-қатынастарын қалыптастыру болса керек. Бұл сайып келгенде, мейірбанды да игілікті шара. Себебі, журналистиканың ақ­парат таратудағы жалпы сипатынан оның функциясы туралы мәселе туын­дайды және әрбір субъект, аспект, іс-әрекеттің қоғам өміріндегі орнын, рөлін функ­цияның ерекшелігі, сипаты және тенденциясы анықтайды.
Қандай бір объектінің маңыздылығы туралы айту немесе жазу үшін оның қоғамдық қажет­тілігі, сұранысқа қаншалықты ие екендігі, оның жалпы ситуациясы, атқаратын миссиясы жайында білу парыз. Онсыз оны пайымдаудың өзі мүмкін емес.
Қоғамдағы, табиғат аясындағы әрбір дүние әртүрлі қызмет атқарады. Ең қара­пайым бір мысал ретінде үстелді алайық. Оның өзін кеңсенің, ас үйдің, операцияның, қасапхананың, дәрісхананың, сыныптың т.с.с. сан алуан түрлі мақсаттармен пай­далануға болады. Сол сияқты, журналистика да қисапсыз көп қызмет түрлерін атқарады. Біз мұнда оның ең бастысы болып табылатын қоғамдық-саяси функцияларын қарастырып отырғанымызды ерекше атап айтуды жөн деп білеміз.
Қоғамдағы баспасөздің рөлі, алар орны жайында толық мағлұмат алудың мәні журналистика қызметінің жан-жақтылығын, ортақ сипатын, алға қойған мақсаттарын танумен, оны мойындаумен тікелей байланысты болатындығында. Сондықтан, журналистика саласын зерттеушілер оның қызметтерін БАҚ жүйесінің аясында қарастыруын ұсынар едік. Сонымен бірге, қызметтердің өзара қатынастары мен ықпалдастық механизмдерін де одан бөле қарамаудың өзі баспасөздің функциялары жайындағы теориялық, тәжірибелік ұғымдарды тереңдетуге аса маңызды рөл атқармақ. Оның журналистиканың тарихи ерекшелігін анықтауға да пайдасы бар. Себебі, журналистика үнемі қоғам өмірімен біте қайнасады. Журналистиканы өзгертіп, жаңартып отыратын да қоғамның өзі. Функциялар жүйесінің сипаты қоғам­дық өзгерістің ерекшелігімен, себеп-салдарларымен тікелей байланысады. Жалпы, баспасөздің функциясын анықтағанда, оған жүйе тұрғысынан қарайтыны кез­дейсоқтық емес. Себебі, әрбір жүйенің өзіндік бітім-болмысы бар. Оның қоғам дамуы барысында бір­тұтастыққа айналатыны әдістемелік жағынан басы ашық әңгіме. Сондықтан, журналистика функциясы қоғамдық өмірдің ерекшелігімен, оған араласу мүмкіндігімен сабақтастырудың өзі оны жан-жақты қарастыруға қолайлы етеді. Яғни, жоғарыда аталып өткендей оның қоғамдық институт, саяси жүйенің элементі, ақпарат құралы ретіндегі ерек­шеліктерімен санасу арқылы баспасөз функ­циясының да ішкі элементтерін, құры­лымдарын толықтай ашып көрсетуге көмектеседі.
БАҚ – ақпарат таратушы ғана емес. Сонымен қатар, ол басқарушының, бақылаушының, әлеуметтанушының, тәрбие құралының, танымдық мағ­лұмат берушінің, ағартушының функ­цияларын да белгілі деңгейде атқа­ра­тындығын жоғарыда айтқан едік. Бұл жерде де тәуелсіз журналистика жүйесінің атқаратын қызмет түрлерін тізіп шығу күн тәртібіне қойылмайды. Ең бастысы, оның функцияларының орындалуын, жалпы сипатын, ерекшеліктерін негізге алу маңызды.
Қоғам өмірінің әрбір саласында туындайтын барлық мәселе адамдардың күнделікті іс-қызметтеріне байланысты көрініс табады. Барлық өзекті мәселе «тек адамға байланысты пайда болады және оны қорыту, шешу мүмкіндігі тек адамда ғана бар». Десек те, адамдардың қызметі журналистиканың зерттеу объектісі болумен қатар, оның орын алатын қоғамдық ортасын қалыптастыратындығымен ерек­шеленеді. Мұның өзі журналистика қыз­метінің қоғамдық ахуалмен тығыз бай­ланысатындығын көрсетеді. Және осы арқылы журналистика функцияларының қоғамдық сипаты анықталады.
БАҚ-тың атқаратын функциялары «оның өмір сүретін қоғамының мәдени деңгейімен байланысты көрініс табады» деген пікірлер де бар. Олар көзқарас пен баспасөз бостандығын демократиялық мемлекеттің ажырамас бөлігі деп санайды. Жалпы, кез-келген демократиялық мемлекеттің қызметін ырғақты ету үшін БАҚ міндетті түрде қажет екендігі ешкімге күдік тудырмаса керек. Осы­ның негізінде демократияның қан тамыры болып табылатын «бұқаралық көзқарас» деген ұғым туады.
Неміс ғалымдарының анық­тауын­ша, БАҚ-тың өзара тығыз сабақтасатын негізгі үш функциясы бар екен. Олар төмендегідей:
а) азаматтарды ақпаратпен қамта­масыз ету;
ә) бұқаралық көзқарастың қалып­та­суына ықпал ету;
б) сын, пікір айту, бақылау жасау.
«Сондай-ақ, БАҚ – бүкіл халық арасында сыйластықты қалыптастырады, оларға ағартушылық қызмет көрсе­тумен қатар, тәрбиелейді. БАҚ-тың ықпалы мен күші, маңызы өте басым болатындықтан, кейде «төртінші билікке» дейін көтерілетін тұстары бар. Сондықтан, оны теріс пайдалануға жол бермеу үшін қызметін заңның шең­берінде үйлестіріп, бақылау жасау керек».
Егер, мұндағы «бұқаралық пікір» қалыптастыруға ықпал ету функцияны бізде айтылатын ұйымдастырушылық қыз­метпен, ағартушылық функцияны таныммен, бақылау жасау, «төртінші билік» функциясын басқарушылық қызметпен бір деңгейде қарастыратын болсақ, жалпы журналистика функциялары жайындағы тұжырымдамалардың айырмашылықтары аз екендігін көруге болады.
АҚШ-тың Вандербилт универ­си­те­тінің профессоры Честер Финнің зерттеуіне зер салсақ, демократиялық қо­ғамдағы БАҚ төмендегі функцияларды атқарады екен:
1) ақпарат тарату;
2) ағартушылық, үйрету;
3) үкімет орны және ірі мекемелер қыз­метін бақылау;
4) қоғамдық пікір қалыптастыруға ықпал ету».
Атаулардың өзгешелігі болмаса, мазмұны жағынан Қазақстанда айты­латын функциялардан көп айыр­машылықты көріп отырғамыз жоқ. Айта кетер бір жайт – демократиялық зайырлы қоғам жолындағы қай елдің БАҚ-ы қарым-қатынастық және көңіл көтеру функциясын міндетті түрде атқаруға тиіс.
БАҚ жарнамалық материалдарсыз өзі­нің экономикалық негізін қалыптастыра алмайды. Адамдар жарнама және өзге ақпараттар арқылы БАҚ-пен қатынас жасайды. Сондықтан, қарым-қатынастық функция атқаруы заңдылыққа айналады. Алайда, әрбір адам БАҚ-пен тек қана ақпарат үшін қарым-қатынас жасайды десек ағаттық болар еді. Радио, телевизияның әдеби-көркем, ойын-сауық бағдарламаларына ғана назар аударатын адамдар да кездеседі. Олай болса, БАҚ адамдардың көңіл көтерулеріне, бос уақытын қызықты өткізулеріне, эстетикалық тағылым алуларына да қызмет көрсетуге тиіс.
Журналистердің арасында «еркін ойлы баспасөз оппозицияның міндетін ат­қарады» деген ұғым қалыптасқан. Иә, расында солай. Оны демократиялық елдердің зерттеушілері де толықтай мойындайды. АҚШ журналисі, белгілі публицист Ален Кристонша айтсақ: «тәуелсіз баспасөз дегеніміз үкіметтік емес, экономикалық жағынан толықтай дербес, плюрализмнің нағыз мінбесіне ай­налған және оппозициялық күштердің функциясын атқара алатын басылым».
Енді, журналистиканың сөз басында аталған функциялар түрлеріне қысқаша тоқталайық.
Ақпарат тарату. Бұл жалпы жур­­на­листиканың басты функциясы. Жур­налис­тиканың өзі алғаш пайда бол­ғанда, ақпарат тарату арқылы ха­лықтың сұранысын қамтамасыз етуді негізгі мақсаты етіп белгілеген. ХV ғасырдың орта тұсында Ита­лияның Венеция қаласында алғаш «Газетта» атты әртүрлі ақпараттарды хабарлаған қолжазба парақшалардың болғаны, оны тұрғындар ерекше құп көріп, әдейі іздеп жүріп сатып алатын болғаны тарихтан мәлім.
Қашан, қайда, ненің қалай өтіп жатқаны туралы оқиғалар мен жаңалықтарды әр­кімнің білгісі келері хақ. Олай болса, БАҚ-тың хабарлары адамдардың назарларын аударатын, жалпы қоғамдық мүддені білдіретін оқиғаларды, деректерді жедел, дұрыс, түсінікті, қысқа әрі анық жеткізуге тиіс. Адамдардың жаңалық хабарларға құштарлығы олардың қоғамдық өмірде дұрыс жол табуы, оң қадам жасауы үшін айналада не болып жатқанын үнемі біліп отыруды тұрмыстың өзі талап ететіндігінде.
ХV-ХVІ ғасырларда өндіріс дамып, мәдениет қайта дәуірлеген тұста алғашқы газеттер ақпарат таратушы құрал формасымен пайда болды. Кейін өмірге келген радио мен телевизия да осы бағытта туып қалыптасты. Сондықтан, ақпарат тарату қызметі БАҚ-тың ежелгі сипатын анықтаушы негізгі функциясы болып табылады. Оның ерекшелігі – функ­цияның өзге түрлерімен тығыз сабақ­тасатындығында. Себебі, қандай бір оқиға, көрініс, дерек жайында алдымен ақпарат алмайынша, толық мағлұматтарға қанық болмайынша, өзге функцияларды атқару мүмкін емес. Олай болса, БАҚ функциялары негізінен ақпараттық қызметтен туындайтындығына және оған тәуелді екендігіне көз жеткізуге болады. Қазіргі таңда ақпа­раттың маңыз­дылығы күрт өсіп отыр. Жаһан­дануды ақпараттық майдандағы соғысқа балаушылар бар. Мемлекет басшылары ақпараттық қауіпсіздікті жиі ауызға алатын болды. Мұның бәрі ақпарат тарату функциясы жайындағы дәстүрлі ұғымға басқаша тұр­ғыдан қарауды талап етуде. Ресейлік социолог Г. И. Хмараның «БАҚ-тың ең не­гізгі атқаратын функциясы – ақпарат тарату» – деген тұжырымымен келіспеске лажың жоқ.
Бүгінде қазақ ақпарат құралдары мен мерзімді басылымдары жаңалықтарға, ха­барларға кең орын беретін болды. Газеттер арнайы айдарлар бойынша хабарлар жарияласа, «Қазақстан» ұлттық арнасы – «Апта», «Еуразия 1» арнасы – «Басты жаңалықтар», «31 канал» арнасы – «Информбюро», «Астана ТВ» телеарнасы – күн жаңалықтарымен қатар, апталық «Біздің уақыт», «Хабар» агенттігі – «Жеті күн» ақпараттық-сараптама бағдарламаларын күн­­делікті жаңалықтардың сыртында шолу ретінде апта сайын көрермендерге ұсы­нып келеді. Газеттер мен электрондық ақпарат құралдарындағы барлық жария­ланымдардың 40-қа жуық пайызын ақ­параттық туындылар алады.
Француз ғалымы Б.Вуайеннің «Қоғам­дағы топтар материалдық байлықты өзара айырбастамай тұра алмайды. Сол сияқты көзқарастар, көңіл-күй ауаны, ақпараттар да өзара алмастырылмаса қоғамдағы байланыс үзіледі, топтардың және қоғам мүшелерінің ортақ мүдделері жойылады» – деген сөзі ақпарат таратудың қаншалықты маңызды екендігін айғақтай түседі.
Танымдық функция. Таным – қор­шаған орта мен әлемді қабылдауға бағыт­талған сананың қызметі екендігі аян. Ал, сана – обьективтік әлемнің субьективтік бейнесі. БАҚ-тың туындыларында негізгі тақырыптың дұрыс көрініс табуы сана қызметіне байланысты болатындықтан, БАҚ-тың танымдық функциясының не­гізі дәл осы тұстан қарастырылуға тиіс. Журналистің әрбір туындысы өз қабыл­даушысын танымдық дұрыс бағытқа же­телеуі қажет. Әлдебір мәселенің себеп-салдарын білгісі келген адамның қажет­тілігін өтеуге өз деңгейінде үлес қосу БАҚ-тың абыройлы борышы. Жа­рия­ланымдағы танымдық элементінің мөлшерімен журналист материалының құндылығы өлшенбек.
БАҚ-тың аталмыш функциясы өмір­дің өзінен бастау алады. Себебі, әрненің шынайы болмысының өзі салыс­тырмалы дүние. Әр объектінің күрделі құрылымы, ішкі-сыртқы байланыстары, бітім-болмысы бар. Айталық, елдегі қоғамдық құрылымдағы, өндірістегі, экономикадағы менеджментті белгілі деңгейде, салыстырмалы түрде танып, білмейінше ол туралы мақала жазу, бағдарлама әзірлеу мүмкін емес. Әсіресе, плюрализм кезеңінде БАҚ-тың танымдық функциясының маңызы өте зор. Бір мәселені әртүрлі көз­қарас­тардың талқысына салу арқылы шын­дыққа жақындаумен қатар, таным аясын кеңейтуге мүмкіндік табылады. Алайда, сол алуан түрлі пікірлер мен көзқарастардың ішінен нақты шындықты табуға БАҚ-тың танымдық функциясы бағытталуға тиіс. Ақпарат дегеніміздің өзі – қоғамдық мазмұны тұрғысынан келгенде жаңа мағлұмат, яғни, білім. Тың ой, жаңа мағлұмат пен деректі ұсынған ақпараттың таным­дық мәні терең болмақ. Олай болса, БАҚ өнімі халыққа қаншалықты пайда тигізсе, танымдық функциясын да соншалықты деңгейде атқарады деуге болады.
Қазақ БАҚ-дағы ғылыми-танымдық материалдар, ғалымдар мен әртүрлі саланың білікті мамандарымен жүргізілетін сұх­баттар, шет елдерде болып қайтқан жур­­налистердің эсселері, жолжазбалары, очерктері секілді жарияланымдарда та­нымдық мәліметтердің көп кездесетіні белгілі. Мерзімді басылымдар мен телеарналар да аталмыш функцияны басты назарда ұстайды. Мысалы, республикалық «Ақиқат» журналында ғылыми жаңалық­тармен қатар, дүниенің тылсым сырларына шейін терең үңілген ондаған материалдар жарияланып тұрады.
Танымдық материалдар әзірлеп ұсыну жағынан келгенде, мемлекеттік БАҚ-тарда қалыптасқан игі дәстүрлер баршылық. Айталық, белгілі журналист Жанболат Аупбаев бас редакторлық еткен тұста «Егемен Қазақстан» газеті ай сайын сәрсенбіде 16 беттік «Етжеңді» деп аталатын арнайы санында «Елдік мінбері», «Зерде», «Ашылмаған аралдар», «Өмір-өзен» атты айдарлары бойынша ондаған танымдық мақалалар жариялап, оқырмандар ықыласына бөленіп келгенін ерекше атап айтуға болады.
«Қазақстан» ұлттық телеарнасы да Ғалым Доскен басқарған тұсында өзінің тартымды бағдарламаларымен көп­тің көңілінен шығып келді. Ақын Бақыт Беделханұлы, журналист Мұрат Қо­жам­құловтар жүргізетін «Атамекен» интел­лектуалдық телеойын арқылы ұлттық арна кең байтақ Қазақстанның жер, су, таулары, тарихи ерекшеліктері жайында көрермендерге мол танымдық мағлұматтар берсе, Санжар Керімбайдың «Алтын сақасы» – жастарды халық жырларынан, ұлтымыздың классикалық әдеби туындыларынан молынан хабардар етуге, Назира Бердалының «Алтын сандығы» – ұмыт болған көне сөздерді жаңғыртуға қомақты үлес қосты.
Журналист Жұмабай Шаштайұлының «Үзеңгі жолдас» телесұхбаты да тарихи танымдық тұрақты бағдарлама ретінде қалыптасқан болатын.
Танымдық бағдарламаларда «Хабар» агенттігі мен «Каспионет» (бұрынғы атауы бойынша) арнасының алар орны ерекше болды. Онда белгілі журналист Қайнар Олжайдың жасаған көптеген жобалары ел назарын аударды. Мысалы, «Солай болған», «Бір сәт және бүкіл ғұмыр», «Бірінші», «Қазақтар» секілді бағдарламалар тың деректерді тартымды әрі қызықты етіп жеткізетіндігімен ерекшеленді.
Басқарушылық функциясы. Заң шы­ғарушы, атқарушы және сот билігінен кейін журналистиканы «төртінші билік» деп жұрттың ауызға алатыны онымен санасатындықтарын білдірсе керек. Дегенмен, «төртінші билік» сөзін қай мағынада түсінетіндігімізге ой жүгіртіп көруіміз керек. Бұл сөзді тура мағынасы бойынша қабылдайтындар бар. Қандай бір ақпарат құралының төртінші билік жүргізіп отырғандығын жоққа шығаруға болмайды. Алайда, мұндай мүмкіндік өмірде өте сирек. Логикалық заңдылық тұрғысынан келсек, журналистика тура мағынасы бойынша ешқашан билік функциясын атқара алмайды. Керісінше, өзінің белсенді қызметінің нәтижесінде мемлекеттің, үкіметтің ісіне ықпал етуіне әбден болады. Сондықтан, Батыс елдерінде журналистика – «төртінші билік» деген атауды жанама түрде қолданады.
Кең арнада қарастырар болсақ, билік дегеніміз субьектінің өз құқығын жүзеге асыруы және әртүрлі қоғамдық объектілерді өзінің қарауына алу мүм­кіндігін иелену тәсіл. Билікті жү­зеге асыратын әртүрлі формалар мен тәсілдер бар. Әміршілдік, бас­қарушылық, үйлестірушілік, ұйым­дас­тырушылық, бақылау жасау т.с.с. Бұлар ең анайы тоталитарлық жүйе­дегі елден бастап, өркениетті зайырлы демократиялық қоғамға дейінгі аралықта белгілі деңгейде көрініс тауып отыратындығымен ерекшеленеді.
Түсіндірме сөздіктерде «билік» ұғымы көбінесе үш мағынада түсін­діріледі. «Пирамида», яғни, мемлекет ісін басқару жүйесі (заң шығару, атқару, сот билігі), басқару, бақылау, құқықтарын жүзеге асыру мүмкіндігі (партиялардың ішкі биліктері, отбасы билігі т.б.) және күш, ықпал билігі («ақша билігі», «қоғамдық пікір», «бұ­қаралық ой, көзқарас») т.с.с.
«Журналистика – төртінші билік» дегенге келсек, оны дербес қоғамдық институт тұрғысынан қарастыруымыз орынды болады. Журналистика қоғам­дық ерекше институт бола отырып, қоғам өмірінің барлық аясында «билік құқын» жүргізуге кең мүмкіндік алады. Себебі, ақпарат болған жерде басқару, үйлестіру қызметтері белгілі дәрежеде жүзеге асырылады және барлық салаға ықпал ете алады. Сонымен қатар, билік БАҚ-тың нысанына, саясатына сай көрініс табады. Айталық, төмендегідей:
Біріншіден, егер, БАҚ мемлекеттің немесе әлде бір мекеменің органы болса, солардың саясатына белгілі деңгейде бағынады және оның билігі де құрылтайшы әмірінің жалғасы іспетті айқындалады.
Екіншіден, мемлекеттік емес инсти­туттардың БАҚ-тары өз саясаттарын жеткізумен қатар, халыққа және мем­­­лекеттік ұйымдарға ықпал етуге қыз­меттерін бағыттайды.
Үшіншіден, дербес БАҚ-тардың қыз­меті негізінен екіншіде айтылғандармен ұқсас болып келеді. Дегенмен де, дербес тәуелсіз қай баспасөздің болсын, артында әртүрлі қоғамдық институттардың, белгілі топтардың немесе ақпаратты тұты­нушылардың пікірлері, көзқарастары мін­­детті түрде тұрады. Сол ақпарат құралының шексіз еркіндігіне тұсау салатын да осылар. Кейбір тұстары ғана болмаса, бұлардан орасан зор айырмашылықты көріп отырған жоқпыз.
Құрылтайшылардың ішкі ережелеріне бағыну, солардың тапсырыстары бойынша материалдар әзірлеп, жариялау секілді азын-аулақ өзгешеліктері ғана бар. Басқа жағынан негізінен бірдей деуге болады. Әрқайсысы өзінің беделімен, ықпал­дылығымен қоғамдық құрылымның эле­мент­теріне елеулі әсер ете алады. Айталық, сайлау алдындағы кампанияларда, бүкілхалықтық референдумдарда, қоғамдық-саяси аса маңызды құжаттардың жобаларын талқылауда белгілі бір топтарды қолдау немесе сынау арқылы көрінеді.
Кей жағдайда Конституцияның нормаларына сай әлдебір құқықтық актілерді өзгертуге де ықпал етуі ғажап емес. Мұ­ның бәрі журналистика биліктерінің көрінісі деуге болады. Дегенмен, оны тура мағынадағы төртінші билік деп есептеу­ге келіңкіремейді. Себебі, мемлекеттік би­ліктің жалпы сипаты – заңның аясында міндетті түрде орындалуға тиіс шешімдер қабылдайды. Оны орындамаған немесе бұзған жағдайда жауапкершілік жүктеуге, тіпті, қылмыстық іс қозғатуға дейін шара қолдана алатын мүмкіндікпен қамтамасыз етіледі. Ал, журналистикада ондай мәж­бүрлеу мүмкіндігінің жоқтығы мәлім. Сон­дықтан, БАҚ белгілі бір проблема жө­нінде қоғамға ықпал ете алғанымен, өз шешімін міндетті түрде орындатуға ешкімді мәжбүрлей алмайды. Бірақ, жур­налистиканың ықпалымен үкіметтің өзі тақтан тайып кететін кездердің болатынын тағы ерекше атап өтуіміз керек.
Қазіргі таңда журналистика менедж­ментін үш деңгейден көруге болады:
– Конституция және өзге құқықтық актілердің аясында мемлекет тарапынан БАҚ-тардың қызметтері үйлестіріліп отыр;
– редакцияларда өз басқарушылары, құ­рыл­тайшылары бар;
– баспасөз орындарының бағыттары, бағдарламалары бойынша ынтымақтасқан журналистердің, олардың ұжымдарының саяси көзқарастары.
Осылардан журналистика дегені­міздің өзі басқару құралы болуымен қатар, қоғамдық ақпараттың ірі арнасы екенін айқын аңғаруға болады.
БАҚ – жоғары билік тарапынан қа­был­данған басқаруға, ұйымдастыруға бағыт­талған жалпыға ортақ шешімдерді халыққа жеткізеді. Сол шешімдерді жұрт­шылықтың қалай қарсы алып жатқанын және кері хабарлайды. Осындай кері байланыстың нәтижесінде жоғары билік иелері өз шешімдерінің жүзеге асырылуын қалай ұйымдастыруды немесе оны жөндеп жетілдіруді, нәтижеге жеткен күннің өзінде алдағы жоспарларын, стратегияларын анықтауды қолға алады. Басқарудың обьектісі мен субьектісінен алған ақпа­раттарын пайдалана отырып, БАҚ тиімді жолдарды, іскерлік бас­тамаларды ұсынуы да әбден мүмкін. Осы мағынасына сай журналистика басқарушылық функциясын атқарады.
Ұйымдастырушылық функция. Аталмыш функция баспасөздің өзге функцияларымен тығыз сабақтаса отырып, БАҚ таратқан хабарлар мен мақалалардың тиім­ділігін арттыруға бағытталады. Журналистика өзінің ұйымдастырушылық функциясын негізгі үш бағыт бойынша жүзеге асырады:
– мемлекет, үкімет және жоғары басқару орындарының маңызды құ­жат­тарын жариялау, насихаттау немесе оған комментарий жасау арқылы. Қандай бір аса маңызды шешім БАҚ арқылы жарияланса ғана тұр­ғындарға толық жетіп, елді жаппай жұмылдыра алады. Қазақстанның БАҚ жүйесінде маңызды шешімдерді, қаулы-қарарларды жариялаудан бастап, оларды журналистиканың барлық жанрларымен түсіндіріп, насихаттау, халықтың ұсыныс-пікірлері арқылы талдап, талқылау секілді ұйымдастыру істері бұрыннан қалыптасқан;
– баспасөз қоғамдағы белгілі бір тә­жірибелік істің қызметін насихаттауы, жетістігін көрсетуі немесе олқылығын сынауы мүмкін. Сол арқылы тың ұсыныс жасалып, кеңес берілуін де жоққа шы­ғаруға болмайды. Алайда, мұның бәрі бір ғана журналистің субьективтік пікірінен тумаса керек. Редакция тарапынан «жақсыдан үйренуге, жаманнан жиренуге» бағытталған пікірлесулер, талқылаулар, дөңгелек үстел әңгімелері ұйымдастырылады. Ұйымдастыру жұ­мыс­тарының өзге де формалары бар. Мысалы, редакцияға келіп түскен хаттар, шағымдар бойынша мақала жазу, бағдарлама әзірлеу немесе олардың ұсыныс, өтініштерін жауапты ұйым, мекемелерге жолдап, мәселелерін шештіру т.с.с;
– шешімнің орындалуына бақылау жасау. Демократиялық ашық қоғамда тәуелсіз баспасөздің атқаратын функ­циясының бір формасы осы. Маңызды қаулы-қарарлардың, заң-актілердің орындалу барысы туралы нақты істі оның нәтижесін немесе салдарын үнемі қада­ғалып, жазып көрсетіп отыру БАҚ-тың міндеті.
Яғни, халық журналистика арқылы жоғары биліктен бастап, жалпы барлық қоғамдық институттардың қызметіне бақылау жасайды, тұрақты ақпарат жинайды, таратады, осындай жолмен жариялылықты қамтамасыз етеді. Осы тұрғыдан келгенде, баспасөздің ұйымдастырушылық функциясы құры­лымындағы маңызды бір элемент – бақылаушы ретінде қызмет атқаруы. Баспасөздің бақылаушылық қызметі – ақпараттық және ұйымдастырушылық ісінің арқасында жандана түседі, өзге функ­циялармен ықпалдаса отырып нақты нәтижеге жететіндігімен ерек­шеленеді.
Жалпы, БАҚ қай кезде болсын, қо­ғамдық пікір қалыптастыру, пікір алуан­дылығының мінбе­ріне айналу арқылы өзінің функцияларын жүзеге асырады және қоғамдық қызметке, жеке адамдардың тұрмыс-тір­шілігіне ықпал етеді. Кейде заң шы­ға­рушы органдардың шешіміне ықпал ететін тұстары да бар.
Қарым-қатынас функциясы. Журна­лис­тиканың басты функциясының бір негізі ақпарат жеткізе отырып, өз «тұ­тыну­шыларымен» қарым-қатынас орнатуда жатыр. Журналистиканы «mass media», яғни, «бұқаралық қарым-қатынас құралы» деп атайтыны да кездейсоқтық болмаса керек. (communicatio – қарым-қатынас формасы, хабарлау жол деген мағыналы латын сөзі). Мұның өзі сырттай қарағанда таза «техникалық» сипатта көрінгенімен, қарым-қатынас функциясы белгілі маз­мұны арқылы ғана тиімділікпен жүзеге асырылады.
Журналистикамен арадағы байланыс халықтың БАҚ-қа деген шынайы сенімі және оны іс жүзінде мойындауы арқылы көрініс табады. Қоғамдық институт БАҚ-тың беделін сезініп біле отырып, бұқараның қолдауымен, заңдық қызмет барысында нақты іс -әрекетке жасалып отырған ықпалды аңғара алуы тиіс. Сонда ғана қарым-қатынас аясы кеңейіп, байланыс нығая түспек. Осындай қарым-қатынас арқылы түсетін ақпаратты қабылдаушылар БАҚ-тың басты назарында болатын санқилы проблемалармен танысатын болады.
Жалпы журналистика жүйесіндегі газет-журнал, электрондық ақпарат құрал­­­дарындағы әр туынды өз тұтыну­шы­ларының ақпараттық қажеттіліктерін өтеу жолымен әрқайсысы өзіндік бет-бей­несін, ерекшелігін, негізгі сипатын табатын болады. БАҚ-тың қарым-қаты­настық функциясы қоғамдағы барлық сабақ­тастықтарды бейнелей отырып, мемлекеттің өз халқына, халықтың мемлекетке бағытталған қатынастарынан бастап, ұжымаралық және жеке тұлғалардың өзара жасалатын іскерлік байланыстарына мұрындық болатындығымен ерекшеленеді. Мұның өзі өте кең арнадағы ұғым. Айталық, өндірістік үдеріс адамды таби­ғатпен және өзара, еңбек құрал-сайман­дарымен қатынасты міндетті түрде қалып­тастырады. Осы мағынасына сай өндіріс қашан да қоғамдық сипатта болады. Өндірістік технология мүліктік және өзге де қатынастардың бәрі экономикалық сипатта болып келеді.
Қоғамдық қарым-қатынас ішін­ара экономикалық, саяси, құқықтық, әлеу­меттік-психологиялық, ұйымдас­тырушылық, этикалық секілді көптеген фор­малардан тұрады. Олар негізгі және қолданбалы деп екіге бөлінеді.
Біріншісі, материалдық қарым-қатынас. Екіншісі, алғашқысынан туындайды және оған саяси, құқықтық, моральдық секілді қарым-қатынастар жатқызылады. Ондағы топтардың өзін үш түрге жіктеуге болады екен:
а) қоғамдық көзқарас, мінез-құлық, са­на-сезім;
ә) мемлекет, сот, мешіт ғибадатхана сынды мекемелер;
б) топтардың өзара қарым-қа­ты­нас­тары.
Олай болса, дәл қазір біз үшін қо­ғамдық көзқарастың не екендігі анық­талған жоқ. Бүгінгі таңда біз қоғамдық формациялардың алмасу өтпелі кезе­ңінде өмір сүріп отырмыз. Қоғамда дағдарыс та көрініс тапты. Ол – қоғам өміріндегі экономикалық, саяси, рухани қайшылықтар арқылы анықталды.
БАҚ қоғамдық қатынастардың бәріне ортақ болуымен ерекшеленеді. Осы артық­шылығына сүйене отырып, журналистика өзінің қарым-қатынастық функциясын атқаруға тиіс. БАҚ-тың ықпалы, қоғамдық маңызы қазіргі таңда үнемі арта түсіп отыр. Ең бергісін айтқанда, жеке адамдар газет жарнамалары арқылы өз сұраныстары мен қажеттіліктерін өтеп отыр. Мысалы, пәтер сату, жалдау, сатып алу, қызмет көрсету т.б. Мұның бәрі қарым-қатынастың қарапайым мысалдары ғана.
Көңіл көтеру функциясы. Соңғы кезде журналистика саласын ғылыми-зерттеуде БАҚ-тың гедонистік, яғни, көңіл көтеру функциясы туралы жиі әңгіме қозғалып жүр. Айталық, Югославия ғалымы П. Матюшевич оны журналистиканың бас­ты функцияларының бірі десе Ресей ғалымдары Г.И. Хмара мен Е.Ф. Губский, украиналық белгілі зерттеуші В.И. Здоровега БАҚ-тың көңіл көтеру функциясын атқаратынын мойындаған екен.
Гедонизм – рахаттанып, көңіл кө­теру дегенді білдіретін ұғым екендігі белгілі. Оны кең мағынада қарастырар болсақ, адамдардың демалысын, бос уақыттарын тиімді әрі мәнді өткізулеріне, эстетикалық танымдық-тағылымдық мағлұмат алуларына, рухани-мәдени көк­жиектерін кеңейтулеріне журналис­тика көмектеседі.
Телевизия және радио арқылы күн­делікті берілетін әдеби-көркем бағдар­ламалар, кинолар, концерттер және мер­зімді баспасөзде жарияланатын әдеби-көркем шығармалар, танымдық материалдарды тыңдаушы, көрермен, оқырман қауым ерекше ықыласпен қабылдайтыны зерттеулердің нәтижесінде мәлім болып отыр.
Сауалнамаға қатысушылардың 46,9 пайызы жас айырмашылықтарына қара­мастан, көңіл көтеретін материалдарға құш­тарлығын білдірген. Олардың қызық­тайтын тақырыптарының ішінде ел өмірінің жаңалықтары, ақпараттық жарияланымдар екінші орынға ығыстырылған. Сондай-ақ, адамдар жарнамалық материалдарға, әртүрлі хабарландыруға аса зейін қоя­тыны белгілі болып отыр. Мұның өзі жұрт­шылықтың бос уақыттарында кейбір тұрмыстық дүниелерге мән беретіндігін, оның жалпы БАҚ үшін маңыздылығы зор екендігін аңғартады.

Алдыңғы «
Келесі »