ӨҢШЕҢ ТЕМЕН ТОПТАСЫП, ЕЛГЕ ПАНА БОЛМАЙДЫ

  • 26.01.2018
  • 1261 рет оқылды
  • Пікір жоқ
Сабырбек ОЛЖАБАЙ – Ғабит Мүсірепов атындағы сыйлықтың лауреаты, Ресейдің Халықаралық психология академиясының Құрметті мүшесі

Сабырбек ОЛЖАБАЙ – Ғабит Мүсірепов атындағы сыйлықтың лауреаты, Ресейдің Халықаралық психология академиясының Құрметті мүшесі

Қазақ қарап отыра алмайтын, қашан да әлденені тындырып тастамайынша көңілі тыншымайтын, жалғыздықтан жабырқайтын, әркез бәйгеге қосқан атының бірінші болып келуін қалайтын қызуқанды, еңбекқор, намысқой халық. Иә, жоғарыдағы қасиеттердің ешқайсысына «мынауың жаман» деп кінә арта алмайсың. Қайта қуана қосыласыз. Бірінші болмақтың несі жаман? Қарап отырмай, тірлік тындырғанның несі сөкет? Бастаған ісін соңына жеткізгеннің несі айып? Бірақ, осы қазақтың «бәйгеге қосылғанның жөн-жосығы осы екен» деп керекті, керексіз алашапқындарға алаөкпе болып арсалаңдап қосыла беретіні жаман. Мәселен, мүйіздері қарағайдай, аттарынан ат үркетін бірқатар барқадарлы байшыкештеріміз «басқалар жасағанда, мен неге істемеймін?» деп берекесіз, бәтуасыз бәйгеге ат қосып жүр. Оны көбіміз білеміз. Алайда, көзіне шұқып айта алмаймыз. Әлгі әйдік азамат сол бәтуасыз бәйгеден озып келсе таласымыз болмас еді. Мәселе, сол жосықсыз, пайдасыз жарыста атының болдырып, шаң қауып қалуында болып тұр.
Жуырда бір көкеміз «елден қалмаймын» деп тоқал алды. Жап-жас, сүйкімді жас екен. Әкесіндей кісінің етегінен ұстағанда, не ұтарын өзі біледі, әлгіні жамандыққа қимадық.
– Тоқал деген жақсы екен. Бойыма ток алғандай болдым. Жасарып қалдым. Жал­ғыздықтан, жабығудан құтылдым, – деді «жас күйеу» желпініп.
Қазақ бұрын да көп әйел алған. Бірақ, жасаруға, егделікке ерте бой ал­дырмау, жалғыздықтан құтылу үшін емес. Жаугершілік замандарда ұрпақ жалғастығы керек болды. Әкесі соғыста өлген жеткіншекті жетімсіретпеу, қаңғытпау керек болды.
Тоқал алғыш көкеміздің тегеуріні мықты болмай шықты. Тоқалы тоңқылдап тайып тұрды. Сөйтсек, көкеміздің малы жеткенмен, тоқалды тырп еткізбей ұстап оты­руға қалі жетпепті. Көкеміздің көзін бақырайтып қойып қайындарымен қатты-қатты қалжыңдасыпты дейді білетіндер. Сол қалжыңның соңы шымшыласып ойнайтын оспадарлыққа жеткізген. Одан арғысы белгілі. Осындайда ғой қазақтың «кіші қатын – кісі қатыны» дейтіні.
Не айтқымыз келді? Тым әсіре­құ­марлықтан, есірік еліктеушіліктен, шамаң жетсін-жетпесін жолбикедей жарысқа қосыла кетуден, абыройсыз аттаннан, әңгүдік әпербақандықтан қырық қадам қашық жүру керек. Дана қазақ «көтере алмас қылышты беліңе байлама» деп текке айтты деймісіз. Сүйкіміңізді кетірер келеңсіз сүрлеулерден сүрінбей өтудің өзі сұлулықтың көкесі емес пе?
Ендеше, жас ұлғайғанда, бетіңнен әр, беліңнен қуат тайғанда, тоқал сенің не теңің? Көңілдестен туған көрдемшені қа­шанғы көрсетпей жүрерсің? Өңшең ноқай, көрдемше, темен топтасып, елге пана болар деймісіз?
Олай болса, ойлан қазақ!

КӨҢІЛ  ҚАЛАУЫ  ҚАЙТСЕ  ҚАНАҒАТТАНАДЫ?

Кешегінің кісілері көлеңкеге жиналып, «нан, газет, темекі болса, қалғандары рет-ретімен бүтінделе береді» деп арқаны кеңге салып отырушы еді. Бүгінгінің байшыкештері үлде мен бүлдеге орана тұрып, «шіркін, тағы бір сарай салдырсам, байлығым таудай болып үйіліп жатса» деп жарты патша болуды армандайды. Армандай тұрып, «байлығымды біреу тартып алмаса екен» деп қараптан-қарап уайым соғады.
Мұны неге айттық?
Кешегі көкелеріміз көкала түтінге көміліп отырып газет ақтаратын. Сол кезде үстінен баяғыда өліп, сүйегіне қына бітіп кеткен әкесі тіріліп келсе де селт етпейтін. Бар ықылас-ынтасы газет оқуда болатын. Оқып болған соң жан-жа­ғындағылар мен жаңалығын бөлісетін. Қазіргінің адамдары телеарна, интернет қарайды. Оны да соңына жеткізе алмай, арнадан арна ауыстырып, қызық қуып кетеді. Әр каналдың басын бір шалған соң ойлау, пайымдау жүйесі шатасады да не көріп, не тыңдағанын жинақтай алмай орнынан тез тұрады. Көгілдір экраннан көргенін, әлеуметтік желіден оқығанын біреуге айтайын десе, ол адам сол оқиғаға байланысты ойын интернет иірімдеріне одан бұрын жазып қойған болып шығады. Содан барады да теледидар тамашалауды тияды.
Қазіргі қолында байлығы бар байлардың көңілі толқымалы, уайым-қайғысы қалың сияқты. Неге? Өйткені, олар байлықтың ізіне түскен. Көздеріне байлықтан өзге ештеңе көрінбейді. Уайым-секемі де сол – тірнектеп жинаған байлығы қолдан сусып кетпесе екен деу. Олар көңілі сүйген тірлікпен түбегейлі айналыса алмайды. Оның сыры да, себебі де көп. Созбақтай беріп қайтеміз.
Сірә, қара нан жеп, темекі түтініне тұн­шыға отырып, газет оқығаннан артық рахат жоқ-ау. Маған, әйтеуір, бір ше­телдің күлдібадам, шикі, сұрықсыз фильм­сымақтарынан, интернеттің ибасыз, инабатсыз иірімдерінен жалыққан, түңілген көзі ашық адамдар газет-журналдармен айлап-жылдап көрмеген туыстарымен қайта қауышқандай түбінде бір табысады-ау деген ой келеді де тұрады. Бәлкім, сол тұста дүниеқоңыздық та сап тиылар…
Меніңше, көңіл қалауы әркім сүйікті ісімен айналысқанда ғана қанағаттанады. Көңіл қанағаты – рухани байлықпен ғана жайланбақ. Ендеше, тұщынып оқитын газетке көз сал, көңіл қой, ойлы оқырман!

ТАСҚЫНДЫ ТОЛҚУЛАРДАН ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ДЕЙІН

Мызғымас, мәңгілік деп дәріптейтін кеңестік кезеңде де ұлтаралық дүр­да­раздар мен өкіметке қарсы шыққан көтерілістер, митингілер, шерулер, тер­рорлық актілер сирек те болса қылаң беретін. Бірақ, алып империяның идео­логиялық машинасы өте қырағы еді. Артық-ауыз сөз сыртқа шықпайтын. Тіптен, «Бөспе, мылжың, мемлекеттің жауы» деген плакаттың да шыққаны есімізде қалыпты. Мұнысы енді «артық сөйлеме» деген ашық ескерту еді. Дегенмен, кейбіреулер «Америка дауысы», «Азаттық» деген радио хабарларын ұрланып тыңдайтын. «Оны тыңдағандар қамалып жатыр» деген сыбыс та жиі тарайтын. Алпысыншы жылдары Созақ ауданына Қытайдан оралмандар көп келді. Бала да болсақ білетінбіз, соның әрқайсының соңында «үш әріп» өкілдері жүрді-ау, шамасы. Әсіресе, бір журналист, ақын ағамызды көбірек тергеді.
Мына іргеміздегі Ташкент қаласында 1969 жылы (сол жылы қыс қатты болып еді-ау) ұлтаралық келеңсіздік орын алғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмейді.
Оқиға былай өрбіді. Қыркүйек айында Ташкенттің орталық стадионында «Пахтакор» (Ташкент) мен Куйбышевтің (бүгінгі Самара) «Крылья советов» футбол командалары кездеседі. Алаңда алпыс мыңға жуық жанкүйер отырады. Әрине, жергілікті тұрғындар басым еді. Бір кезде «Пахтакордың» соққан добын судья есептемей тастайды. Онсыз да күйіп-жанып отырған өзбек жастары алаңға лап қояды. Жанкүйерлер тым-тырақай қашады. Осы жолы алаңға шыққандар славьян өкілдерін түгелдей таяқтың астына алады. Алаңнан шыққан жастар төбелесті көшеде де жалғастырып, славьян тектес адамдарды қуып жүріп сабайды. Бұл оқиға бірнеше күнге созылғаны соншалық, славьяндар үйлерінен шығуға қорқатын болған.
Кейіннен жүздеген жас ұсталып, түрмеге жабылады. Өзбек басшылары осы оқиғаны барынша бүркемелеп бағыпты.
1972 жылдың 14 мамырында Литваның Каунас қаласының 18 жасар тұрғыны Ромас Каланта «Мен Литваны өзгелердің оккупациялауына қарсымын. Литваға бостандық берілсін!» деп өзіне-өзі өрт қояды. Ал, оны жерлеу рәсімін КГБ қызметкерлері тездетсе керек. Өйткені, жұрттың жаппай алаңға шығуынан қорқады. Сонда да, алаңға бес мыңнан астам адам жиналған. Оларды милиция мен халық жасақшылары әрең дегенде тоқтатады. Сол жолы 402 адам тұтқындалып, 40 шақтысы сотталған.
Осы Ромас Каланта литвалықтардың ұлттық батырына айналды. Ол туралы бірнеше кітап жазылып, деректі фильм түсірілді.
1973 жылы ингуштер мен осетиндер арасында да үлкен қақтығыс өтті. Олар Солтүстік Осетия автономиясының құрамында қалып кеткен жер үшін қырқысты.
1977 жылы Мәскеу тұрғындары түрлі жарылыстардан шошынып оянатын болған. Сол жарылыстардан 44 адам жараланып, 7 адам қаза болды. Мұны қасақана жасап жүрген армян адамдары еді. Олар сотта өздерін еркін ұстап, судьяға «сендердің өздеріңді айыптау керек» деп доңайбат көрсеткен. Тіпті, біреуі армян тілінде сөйлеп, «кеңестік жүйеге қарсы көтеріліске шығыңдар» деп отандастарына ұран тастапты.
1977 жылы Литва жастары КСРО-ның жаңа конституциясына наразылық білдіріп шерулетті. Октябрьдің 60 жылдығына орай ілінген плакаттар мен ұрандар сыпырылып алынып тасталған. Десек те, бұл жолы «үш әріп» жұмсақтық танытыпты. Себебі белгілі. Бүкіл еуропалықтардың қолдауынан үрейленді.
Грузия халқы 1978 жылы үдере көтерілді. Өйткені, республика жаңа конституция қабылдайды да, мемлекеттік тіл – орыс тілі болып белгіленіп кетеді. Грузин тілі мүлде аталмаса керек. Мұнан соң, қызуқанды грузиндер қарап жата ала ма? Соңында демонстранттардың талабы орындалады. Артынша армян халқы да көтерілген. Олар да мемлекеттік тіл – армян тілі дегізіп, конституцияға түзету енгізді.
1979 жылы Мәскеу қазақ жерінен немістерге автономия береміз деген бәлекет ойлап тапты. Қасиетті қазақ жерін бөлшектеп, пайдалануға атамзаманнан әрекет етуші әзәзілдер көп. Алайда, олар қазақ халқының тұтастығын жоя алмады. Жерін де бөлшектей алған жоқ. Мәскеуліктердің шалағай шешімдеріне қарсы Ақмола қаласының студенттері дүр көтерілді. Оларға барлық облыстың жас­тары қолдау білдірді. Ақырында Мәскеу шешім шығарудан бас тартты. Тіпті, түк болмағандай жайбарақат жатып алды. Оқиға жалпақ жұртқа жарияланғанымен, кеңестік өзімбілерлік қитұрқы әрекеттерге қарсылық пісіп-жетіліп келе жатты.
Эстония астанасында да дүмпу орын алды. 1980 жылы «Пропеллер» атты ансамбльдің концертінен тіміскілеушілер «ұлтшылдық мақам» тапты. Мыңдаған жас­тар көшеге шығып, наразылық акциясын ұйымдастырады. Тарту, Пярну қалаларының жастары да митинг жасап, бірнеше күн көшелерде жүрді. Мұнда да жастар жазаланды.
Ал, Алматыдағы Желтоқсан көтерілісі ұлттық сана-сезімнің ашық оянғанын көрсетті. Халық өзін қорлауға, кемсітуге жол бере алмады. Бұл онсыз да тұтанғалы тұрған өртті өршітті. Әзербайжан, армян, грузин, Балтық бойы елдері, месхет түріктері дүмпуді жалғастырып жатты.
Жер шарының қай түкпірінде де бір ұлттың екінші ұлтты жоғары қоюы жақсылыққа жеткізбеген. Тіпті, демократия үшін күрес Ресейдің өз ішінде де болды. Мәселен, Ресейдің Туапсе деген қаласында «Демократия үшін күрес клубы» астыртын ұйымы болғанын «Егемен Қазақстан» газетінің қызметкері Жақсыбай Самрат мақаласында жазды. Осы клубты 15-16 жастағы жасөспірімдер ұйымдастырған. Олар, тіпті, қолжазба түріндегі газет пен журнал да шығарып отырған. Свердловск қаласында да астыртын ұйым жұмыс істепті. «Партия свободной России» атты бұл ұйымның жарғысы мен бағдарламасы да болған деседі. Сірә, саяси режим ресейліктердің өзін сансыратса керек.
Кері шегініп айтайық, 1931 жылғы Созақ көтерілісі де кеңестік әпербақан саясатқа қарсы наразылық болатын. Көтерілісшілердің аямай жазаланғанын көбіміз білеміз. Әйтсе де, созақтықтардың әділдік іздеп бастарын қатерге тіккенін беріге дейін бүркемелеп келді. Тіпті, Созақ жерінен бірде-бір адамды басшылық қызметке көтермеді. Екінші дүниежүзілік соғыста қаншама адам асқан ерлік үлгісін көрсетті. Мәселен, ұшқыш Құрал Рүстемов Николай Гастеллоның ерлігін қайталаса да, оған батыр атағы берілген жоқ. Сонда да, созақтықтар кеңестік жүйенің кесір-кесапатына көніп келді.
Иә, заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаев «Алабөтен өзімшілдіктің аржағында алабөтен әлсіздік жатады» дей келіп, «Өзіне сенбейтін кісі төңірегіндегілердің бойынан ешқандай жақсы сипат, жақсы қасиет көрмейді» деді. Осы екі тұжырым-ой да кеңестік жүйеге тән еді. Қызыл империяның алабөтен өзімшілдігі мен өзіне сенбейтін секемшілігі жоғарыдағы жазғандарымыздан анық көрініп тұрған жоқ па? Сондықтан да, олар өз қол астындағы одақтас республикалардан жақсы сипат, жақсы қасиет көре алмады. Ал, мұнысы өзінің түбіне жетті. Иә, тәуелсіздікке оңайлықпен жетпегеніміз және белгілі. Ендеше, Тәуелсіздігімізді баянды етелік. Тағы да Әбіш-абызға жүгінелік. «Азаттыққа үйрену – ең алдымен ынтымаққа үйрену» дейді ол. Ынтымақ-бірлігіміз бекем болсын, ағайын!

Алдыңғы «
Келесі »