Ұр және бақ

  • 26.01.2018
  • 510 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Берікбай Германоғлы,
мәдениеттанушы

Бәрі, тіпті, бала үшін, яғни, ұрпақ үшін деп жатамыз. Өйткені, олар біздің асыл арманымыздың жалғаушылары. Бір атадан өрбіп жалғасқан он атаға дейінгі туыстас үрім-бұтақты әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене, жүрежат, туажат, жекжат және жұрағат деп таратып жатамыз. «Жеті атасын білмеген жетесіз» – деп ұрпақтың жеті атасын білуін талап етеміз. Әке ұзаса бала, немере шөбересін ғана көруі мүмкін. Бала беру және бермеу тікелей Алланың ісі. Шура сүресінің 49-50 аяттарында «Көк пен жердің иелігі Аллаға тиесілі. Ол қалағанын жаратады, қалағанына қыз нәсіп етеді, қалағанына ұл нәсіп етеді. Немесе ұл мен қызды аралас береді. Қаласа бедеу етіп қояды…».
Ұрпақ нәсіп етпеу өте үлкен сынақ екені ақиқат. Ол адам баласын, әсіресе, нәзік жанды аналардың қабырғасын қайыстыратын мәселе деп білеміз, Раббымыз, Әнфал сүресінің 28 аятында: «Мал-мүліктерің, бала-шағаларың бір сынақ екенін біліңдер. Алланың алдында үлкен сауап бар» және Тағабун сүресінің 15 аятында: «Мал­дарың мен балаларың өздеріңе бір сынақ. Үлкен сауап Алланың құзырында» – деп бала-шағаның нақты сынақ екенін ескертіп қадап айтуда. Бермеуі бір сынақ болса, бергені мың сынақ екенін түсінгеніміз игі болар.
Әр халық өз ұрпағынан үлкен үміт артып, артына мұрагер етіп қалдырады. Әдепті, иманды, адал, шыншыл, ата-ананы сыйлап, қайырымды, мейірімді, тіл алғыш, елгезек, кішіге қамқор болса, сонымен қатар, елін, жерін қорғайтын батыр болса, өз халқы алдында қызмет етсе екен деп аңсайды.
Тіпті «жақсы бала – сүйік, жаман бала – күйік» – деп мақал арқылы көп дүниені меңзеген. Құранда шүйінші хабар Тұр сүресінің 21 аятында: «Өздері иман келтірген, ұрпақтары да иманмен оларға ерсе, ұрпақтарын өздерімен дәрежесін теңестіреміз. Істеген амалдарынан ешнәрсені кемітпейміз. Әр адам өз ісіне ғана жауапты» – деп уәде еткен. Сонымен қатар, қатын баланың қамы деп зиянға ұшырап қалмауды ескертіп:
«Ей мүминдер! Сендерді мал­дарың, балаларың Алланы еске алудан қалдырмасын. Кім осылай істесе, ол сөзсіз зиян шегушілерден болады» (Мунафиқун сүресінің 9-аяты)
«Біліп қойыңдар дүние тіршілігі – құр ойын-күлкі, алданыш, сән-салтанат, өзара мақтан, бала мен малдың көптігімен құр бақталас қана…» (Хадид сүресінің 20 аяты), – делінген екі аятпен қоса төмендегі аяттарда жақсыға басын айтса, аяғын өзі түсінер делінгендей.
«Мал мен бала – дүние тіршілігінің сәні, ал, мәңгі бақи қалатын жақсы істердің сауабы және (одан күтілетін) үміт Раббыңның құзырында (дүниенің қызығынан) әлдеқайда артық» (Кәһф – 46).
«Кәпірлердің мал-мүліктері, балалары Алланың жазасы алдында еш септігін тигізе алмайды. Олар – тозақтың отыны» (Әлү Ғимран –10).
«(Мал мен бас) мол деп (өзара) бәсекелесу сендерді қапыда қал­дырды» (Тәкәәсүр – 1).
Соңымыздан жалғасуын аңсаған асыл армандарымыздың орындалуын күткен ұрпақ «ұр» және «бақ» деген екі сөздің қосындысы-ау осы. Бала тәрбиесінде баланы ұру керек пе, жоқ мүлде ұрмау керек пе деген пікір-талас көп екені мәлім. Әр ұлттың, тіпті, әр отбасы, тіпті, әр баланың болмысы басқа екені тағы бар. Сондықтан, қатып қалған қасаң қағида тезіне барлық баланы сала беру ұрпаққа қиянат болар. Ең абзалы «балаларыңды өздерің болмайтын уақыт үшін тәрбиелеңдер. Өйткені, олар сендер болмайтын заманда өмір сүреді» – деген Әли (р.а) сахабаның ақылы қандай тамаша. «Адам мың жасамайды, ұрпақ мың жасайды», «Баласы жоқ ханым тұл, Баяны жоқ ғалым тұл» – деп те жатамыз. Оған сөз жоқ.
Қайтпек керек деуші еді қара сөз­дерінде Абай атамыз. Сол қайтпек керек тұманын мына Али Пашаның ойы толығымен сейілтерлік екен. Ол кісі ұрпақты былайша төрт топқа бөліпті:
– Өзіңнен тараған ұрпақ.
– Тәрбиелеп өсірген шәкірттер.
– Жасаған қайырымдылықтан бол­ған ұрпақ.
– Ғылыми ұрпақ.
Өзіңнен тараған ұрпақ. Өзімізден тарайтын ұрпақтың үзілместен жалғасуын қалаймыз, бірақ, бұл Жарат­қанның тағдырына байланысты, кейін үзіліп қалуы да әбден мүмкін. Иманды ізгі ұрпақ болса нұр үстіне нұр, сауабы да жалғаса береді.
Тәрбиелеп өсірген шәкірттер. Қазір рухани ұрпақ деп жүреміз. Негізі қабырға бала деп те атап жатады. Ұстаздың тәрбиелеп оқытқан шәкірттері, ал, шәкірттерінің шәкірті болып, бұл қияметке дейін үзілмей жалғасуына мүмкіндігі толық бар. Ал, сауабы да кеміместен алғашқы ұстазына барып тұрары сөзсіз.
Жасаған қайырымдылықтан болған ұрпақ. Адам баласының өмірінде мал-мүлкімен жасаған ізгі-амалдары. Бұны «садақа жәрия» деп те атайды. Яғни, салған көпір, ашқан мектеп т.б қоғамға пайдасы шаш етектен болған сауапты істер.
Ғылыми ұрпақ. Адам баласының, басқа адамдардың ақылы мен көңілін азықтандыруға себепкер болған еңбектері. Әрбір туынды, ғылыми еңбек, кесек ой-пікірдің барлығы да, ұрпақ, яғни, балаңдай ыстық екені даусыз. Ал, олардан сізге үзілместен сауап барып тұратыны қандай бақыт…
Жаратушы иеміз ізгі ұрпақтар нәсіп еткей!

Алдыңғы «
Келесі »