Амангелді ҚҰСАЙЫНОВ, Еуразия гуманитарлық институтының ректоры: «ҚАСИЕТ ЖҮРЕКТЕ БОЛҒАЙ!»

  • 26.01.2018
  • 373 рет оқылды
  • 0

– Әбеке, өз тәжірибеңізде адам қай жасында қартайғанын сезінеді екен?

– Кешегі жастық шақ бүгін жоқ. Ер­теңнің қандай болатынын болжау қиын. Бүгінгі шаршай бастағаның – кәріліктің алғашқы қадамы. Әр адамды заман өсіреді, қартайтады, кәрілікке мойын ұсынуға көнгің келмесе де, амалсыз көндіреді.
Уақыт қадірін білу – байлық, оны бағалай білу көбіміздің қолымыздан келмейтіндігі де рас. Уақыт келгенде, мұз да ериді, уақыт келгенде, кәрілікке бас ию, оны мойындау – біздің міндетіміз. Атар күннің батар кезеңі де болады. Менің түсінігімше, әр адам сегізінде тісі, сексенінде ісі түсетіндігін дұрыс бағалай білуі қажет. Кешке қалған адам түннен қалай қорықпаса, өз басым қартайғаннан еш қорықпаймын. Әр нәрсе өз уақытымен қызықты.
Бәріне шүкіршілік жасап, «өткен – өреуіл, қалған – салауат» деп жүріп жатқан жайымыз бар.
Өмір бәрімізге беріледі, ал, дұрыс қартаю, оған қуана білу көбіміздің қолымыздан келмейді. Егер, әр адамның бұл өмірде қайы­рымды ісі, мейірімге толы жүрегі болса, кәрі­ліктің еш қорқынышы жоқ. Қадірлі адам қартайғанда да қадірін қашырмайды.
– Сіз мінезді, қызба, бірақ, тез қайтатын адамсыз. Адамның мінезі туралы не айтасыз?
– Қазақ «ауру кетер, мінез кетпейді» деп бекер айтпаған болар. Бұрынғылардың сөзімен айтқанда, кіржие қалатын қызба мінезімнің барлығы рас. Сол қызба мінезден талай рет опық та жедім, талай сүбелі межелерден де құр қалғаным өтірік емес. Бірақ, оған еш өкінбеймін.
Өз басым «ұстаған жерімде қолымның, тістеген жерде тісімнің ізі қалуы керек» деген қағиданы басшылыққа алған адам екенімді, адамға деген аққөңіл, аңқылдақ пейілімнен ауытқып кетпесіме сенімді екенімді еш ұмытқан емеспін.
Мен – «халық жауының» баласымын. Қараңғы қазақ ауылында «халық жауының» баласы болуды әділетсіздікті, қорлықты, зорлықты басынан өткізбеген адам ешқашан көз алдына елестете алмайды. Ол мүмкін емес. Кітап, газет-журналдардың беттерінде жазылған бір басқа, өмір бір басқа.
Өмір үйретеді, мінезді ширайды, сондай-ақ, күрескерлікті үйренбесең жоқ етіп күйретеді. Егер, әлсіз, осал болсаң, баршаға сен үнемі айыптысың, жасықсың. Жіңішкені үзу, әлсізді таптау сол кезде де, қазір де түк емес.
Қанша қиындық көрсем де, өмірімде біреуге әділетсіздік көрсеткен адам емеспін. Оны бүгінгі таңда үлкен мақтанышпен айта алатын жағдайдамын.
«Мінез, күш, қасиет білекте емес – жүректе» екенін өмір үйретті. От ішінде туған­дықтан, оттан қорықпайтыным содан. Адамға тұғыр болатын қадір-қасиет азаматтарымыздың бойында жиі кездессе екен деймін.
– Замандастарыңыз кітапты көп оқыды, құрығанда газет-журналды шолып, қарап, сөзді бағалап отырды. Осыдан не ұттыңыздар? Бүгін осы қасиет неге көзден бұл-бұл ұшты?
– Рас, біздің хат танып, оңды-солды жағдайды біле бастаған кезімізде газет-журналдардан басқа ештеңе болған жоқ. Кітап оқу, керекті деректерді тек қана газет-журналдардың бетінен іздеп табу қанымызға сіңді. Әлі күнге дейін интернет, радио, теледидардан бұрын өзіме және жаныма керектіні кітаптан немесе баспасөзден табатыным шындық.
Кітап – алтын қазына. Ол дұрыс сөйлеуге, қатесіз жазуға, ой үстіне ой қосуға баулиды. Соның арқасында біздер атқанда – жыққан, ашқанда – оқыған, бой жетпеген жерге ой жеткізе білген ұрпақтың өкілдері болып өстік.
Қазіргі кезде жастар жағы кітап оқы­майды. Керек дүниелерін интернеттен шала-жансар жазылған күйінде оқып, миларын соған шынықтырады. Олардың көбі дұрыс сөйлеуден, дұрыс жазудан, ойлаудан қалуы – адамзаттық қасірет. Мұны әлем ойшылдары дабыл қағып айтып жатыр.
Ойлай алмаған адамның тереңге бойлай алмайтындығы баршаға аян.
Басқаны қойғанда, теледидар бетінен түспейтін, сөздің байыбын, ойдың арнасын түсінбейтін көп журналистің айтқанын ұғудың өзі қиын. Барлығы жаман деп көпке топырақ шашпай-ақ қояйын. Басым көпшілігі «ақылсыз бастан мақұл сөз шықпастың» кері. Маған олардың олақ сөздері – орынсыз жамау сияқты болып көрінеді. Бұл – менің жеке ойым.
– Әке-шешеден, жеті атадан адамға көп нәрсе беріледі? Осыны өзіңіз қан­шалықты сезесіз?
– Жеті атамнан маған не нәрсе берілгенін қадап айта алмаймын. Олардың есімін білгеніммен, қайсының батыр, қайсының ақын, қайсының дана екенін мардымды мағлұмат жетпегендіктен, кесіп-пішіп айту жараспас. Мен әкемді 15 жасқа толғанымда алғаш рет көрдім. Шыны керек, қуғын-сүргін көріп, азап тартқан әкемнен аталарымның кім екенін тәптештеп сұраған да емеспін. Ол кезде ешкім ата қуып, далақтап жүруге шамасы жоқ-ты.
Қазір кейбіреулер қолына шоқпар ұстауға шамасы келген атасын – батыр, домбыра тарта білген атасын – дүлділ, салдырлап сөйлей берген атасын – шешен деп бөсіп жатқанда, несін жасырайық, біраз жұрт «мен кімнен кеммін?» деп ойлап қалатыны бар…
Егер, бұл дүниеде өз орнын тапты, мынадай жетістіктерге жетті деп мойындалсам, оның барлығы қарапайым ғана еңбекқор анамның арқасында дер едім. Қайсыбір қасиет қанымнан бірілді ме, тұтас қандасымнан берілді ме, оның бәрін маздата, серпілте отырып аялаған – анам Үнзиля. Ол кісінің арғы тегі парсы жұрағатынан екенін, нағашы жұртым өздерін дін үйреткен қожа санағанын еш жерде жасырған емеспін.
Анам арабшаға өте зерек, мұсылманша хатқа жүйрік болатын. Жүрегі кең, қолы ашық, адалдық пен тазалықтың эталоны еді. Адамгершілікке, әділдікке, кішіпейілділікке, жетім-жесірге, жалғызға қол ұшын беруге, кім болса да көмек көрсетуге, біреудің ала жібін аттамауға сол жарықтық анам үйретті. Менің үлкен мектебім, тек-тәрбием – сол кісіден.
Өзі азаптың тозағында жүріп, мені ар­қалап өсірді, ешкімнен кем қылмай адам қатарына қосты, біреуден кейін, біреуден ілгері етіп тәрбие берді. Ананың алақанында, басқан ізінде пейіш барына көз жеткізген адамның біреуімін. Ол кісі «аталарыңның кегін емес, кеңшілігін ізде» деп айтудан жалықпаушы еді. Жеті атам да тексіз бол­маған болар, қазақ «тегінде бардың тегі озар» деп бекер айтпаса керек. Лап етіп лаулап, жалп етіп сөне қалатын мінезім сол өз аталарымнан-ау деймін. Осылайша атаның құны, ананың сүтінің арқасында біраз нәрсеге қол жеткізгендеймін. Соған шүкіршілік етемін.
– «Туған жер» деген керемет ұғым бар. Ертіс өзені, Үлгілі ауылы еске түссе, не ойлайсыз? Ауылға барып, елді-жерді дамытамын деген Мәскеудің экс-мэрі Ю.Лужковтай (мысалға) ой болған жоқ па?
– «Туған жер – тұғырың, Туған ел – қыдырың» деп тегін айтпаса керек. Мен үшін Үлгілі ауылы – дүниедегі ең бір асыл жер. Былай қарасаң, қызығарлық ештеңесі жоқ секілді. Жазда өтеген желдің, қыста қақаған сары аяздың дәл ортасында. Соған қарамастан, Балқаштың қара қоғасы, Ащының тұз оранған сайы, Қара өткелдің қазотысы, Жалғыз ағаштың жидегі еш жерде жоқ дер едім. Бәрі кешегідей көз алдымда. Біздің ауыл – ырыстың кіндігі ғой.
Қарасудың жиегіндегі қарақаттың дәмі, жұпар иісті жусаны, ауылдың күйесіз түтіні, шипалы ауасы басқа жерде бар ма екен? Аққу-қаз өз көлін қалай аңсаса, мен де Үлгіліні солай аңсаймын.
Қазақ «өнерсіз елдің өрісі тар» дейді. Ол рас. Біздің ауыл – қазақтың суырып салма ақыны Исаның кіндік қаны тамған жері. Ауыл мектебінде кезінде репрессияға ұшырап, қуғындалып келген мұғалімдер еңбек етті. Олар өз ісін терең білген, талайды басынан өткізген дана адамдар еді. Соның себебі болар, мен оқыған мектептен 4 ғылым докторы, 19 ғылым кандидаты, 6 спорт шебері шықты. Бұл – үлкен мақтаныш.
Тағдырына қарай ауыл екі этнос өкілінен тұратын. Жартысы – өз қазағымыз, жартысы – Еділ бойынан жер аударылған немістер-тін. Қазақтың аңқылдаған ақ жүрегі оларды өз бауырындай көрді. Кейін қазақ жігіттерінің көпшілігі неміс қыздарына үйленді, ал қыздарымыз неміске шығып жатты. Бұдан ұлт мүддесі тұрғысынан ұтылған да шығармыз, бірақ адамдық мүддеден алшақ кеткен жоқпыз.
Совет өкіметі құлаған соң, ауылдың жартысы Германияға, жартысы Екібастұз бен Павлодарға көшті. Қазір бұрынғы 200-ден астам үйі бар ауыл жұртының орнында бар-жоғы 20-30 үй ғана қалды. Бүгінде ауылға бара қалсақ, бірде-бір адамды танымаймыз. Бір кездегі миллионер «Үлгілі» колхозы аты бар да, заты жоқ шағын ауылға айналды. Біз ауылдан өткен ғасырдың 60-жылдары кеттік де, қызмет бабымен Алматыда қалып қойдық. Басты мәселе – осында. Байланыстың үзілуінде. Сағынып, сарғайып барғанмен, қолдан келер дәрмен бар ма?.. Ю.Лужковтай болу үшін соныкіндей қаржың болу керек.
– Рас, бәріміз Отанымызды жақсы көреміз. Бірақ, түрлі жағдайда, пенде ретінде «Қазақстанның мына жері әдемі, себебі мынау…» деп айта аласыз ба?
– Әркімнің туып-өскен жері – өзіне жұмақ. Әр азамат өз елінің басы болмаса да, сайының тасы болуға міндетті. Бақа көлін, бұлдырық шөлін қалай сүйсе, адам кіндік қаны тамған елін солай сүйе білу керек дер едім. Сондықтан, Қазақстанның ана жері анадай, мына жері мынадай деп айту орынсыз. Бірақ, құдайға шүкір, еліміздің бар өңірінде көкорайлы бел де, демалатын жер де жеткілікті. Тек, соны көрсете, таныстыра білуіміз қажет.
– Ұлт дәстүрі деген керемет құндылық бар. Сіз қай дәстүрімізді ерекше баға­лайсыз? Және оның себебін қалай түсін­діресіз?
– Өз басым әдет-ғұрып, дәстүрдің озығын мойындайтын, тозығын қабылдамайтын адаммын. Кейде «бұрынғының жолы» деп неше түрлі жүйесіздікті сақтауды қалай­тындар бар. Өзің айтып отырған ұлт дәстүрі деген керемет құндылық тек қана қазақтың қанында бар, басқа халықта жоқ деп 100 пайыз айта аласың ба? Ол дәстүр басқа ұлтта басқа формада, басқа мазмұнда көрінеді. Әр халықтың өзіне тән өзгешелігі болуы мүмкін. Дәстүр, салт, әдет жер бетіндегі этностардың бәрінде бар.
Өткен дәуір – бізге сабақ. Оның жақсысын алып, жаманынан құтылуға тиістіміз. Қазір біздің қоғам тозаң басқан құдықтың да, тозығы жеткен салт-дәстүрдің бар екенін мойындауы керек.
Мен ұлттың еңбекқорлығы мен әділет­тілігін, кәсібилігі мен тәртіптілігін қолдай­тын, арттыратын барша салт-дәстүрді қол­даймын.
Әр дәстүр, салт, әдет-ғұрып адамгер­шілік­тің шеңберінде болуға тиіс. Дәстүр осылай екен деп босқа шашылудың қажеттілігі бар ма? Ас көп болғандықтан, дәстүр де, салт та, кәде де өзгерді. Әдет әдет емес – жөн әдет екенін естен шығармайық.
– «Дәстүр, салт жаңарып отыру керек» деседі… Абай хакім де қазақтың біраз салтын сынайды. Сіз не дейсіз?
– Бүгінгі күнде дәстүр, салт, әдет деген ұғымдардың мазмұны мен сарыны заман талабына сай, соның өрісіне қарай жетілуі тиіс. Ертеде бізде анау да болды, мынау да болды деп, бүгінгі өмірімізге тықпалай берудің жөні де, жосығы да жоқ. Қазір заман да, заң да өзгерді.
Өкінішке қарай, қазіргі қазақ тойларында беттің арын белбеуге түйіп, саны бар, сапасы жоқ, ойдан құрастырылған салт-дәстүрден аяқ алып жүре алмайсыз. «Тобылғы ұялғаннан қызыл болыпты» дегендей, ұяттан жерге кірер тесік те таба алмай қаласыз.
– Қайырымдылық, мейірімділік, түсінушілік… бұл ұғымдарды сізге тәптіштеу артық шығар. Жұбайыңыз екеуіңіз жастай осының бәрінен, яғни, тағдыр сынынан өтіп, бүгінде ғажап суреттеріне «ГаБо» деп қол қоятын қазақтың қос талантты қызын тәрбиелеп өсірдіңіздер. Осы жолда не түйдіңіз? Неге қам жедіңіз? Неден сабақ алдыңыз?
– Жетімдіктің, жесірліктің, қорлықтың, зомбылықтың, әділетсіздіктің неше түрін бастан өткізген жанбыз. Өзің айтып отырған қайырымдылықтың, мейірімділіктің, түсінушіліктің қадырын, мәнін өмір үйретті. Өз басымнан өткен бір жағдайды айтайын. Кеңес өкіметі кезінде мектептегі әр оқушыға «октябренок», «пионер», «комсомол» деген сатылардан өту міндеттелінетін. Октябренокке өткен-өтпегенім есімде жоқ. Пионер қатарына өтуге қатты дайындалдым. Тиынды тірнектеп жиып, қызыл галстук, оны өткізетін темір шеңбер сатып алдым. Сол күндері «Сені өткізсе жақсы болар еді. Бұл күнде бақ біреудің маңдайына, біреудің таңдайына қонып тұр ғой. Жүнің жығыла ма деп қорқамын» деп анамның күйзелгені әлі есімде.
Біздің класс жетекшіміз Хасен Тәңір­бергенов деген ағай болатын. Оның жұбайы Халима мектепте «пионер-вожатый» болып қызмет атқаратын.
Кластағы оқушылар пионер қатарына өтушілерге жамырай қол көтеріп, бірінен соң бірін пионер қатарына қабылданып жатты. Кезек маған да жетті. Халима апай менен әкемнің қайда екенін сұрады. Мен жауап қатпадым. Сол кезде ол кластағы оқушыларға қаратып: «Совет өкіметіне қарсы шыққан «халық жауының» баласын пионер қатарына қабылдауға бола ма? «Болады» дегендерің қол көтеріңдер!» демесі бар ма? Барлығы да «жоқ» деп жамырады. Сол кездегі жағдайымды, жан-күйімді осы күні еске алсам да көзіме жас үйіріледі. Бүкіл кластан мен және Мусин Мажай екеуміз ғана пионер қатарына қабылданбадық. Ол марқұмның да әкесі «халық жауы» болып сотталған екен. Ол кез – жөн білмеген ұрда-жықтардың бүлінсең қуанып, сүрінсең табалайтын уақыты. Ол аз болғандай, біраз уақыт кластастарым менен бойын аулақ салып, тіпті ойнамай да қойды. Өмір-шіркін жан төзуі үшін уақыт салар жараға, адам жасар әділетсіздікке бой ұсынып көнуге үйретеді.
Шешем марқұм өле-өлгенше маған «ешкімге жамандық істеме, қолыңнан келсе жақсылық істеуге тырыс» деуден шаршамайтын. «Істеген жақсылығың да, жамандығың да жеті ұрпағыңа дейін алдыңа келеді, осыны ұмытпа» деп отырушы еді.
Құдайға шүкір, егіз екі қызым – қазір ел таныған суретшілер. 17 шет елде көрме ұйымдастырды.
Рим папасы әр 10 жылда дүниежүзілік мүгедек суретшілердің көрмесін өткізеді. Сол көрмеге қатысқан балаларымның екі суреті Ватикан галереясында тұр.
Олар жыл сайын рак ауруына шалдыққан жас балаларды емдеуге арнап сурет аукционын ұйымдастырады. Біздің қыздарымыздың немесе қазақтың екі қызының суреті сондай қайырымдылық шарасына тұрақты қызмет етіп тұр. Барлығына шүкіршілік етемін.
Меніңше, ұша білген қанатқа дүние кең. Ең басты байлық – қайырымдылықта. Руы жақын емес, рухы жақындармен дұрыс қарым-қатынас жасау, адамгершілікті дұрыс бағалау – кісілік өлшемі. Суалмайтын суат, таусылмайтын бұлақ жоқ. Өмір сабағы бәрімізден айналаға, ортаға бейжай қарамауды, сүрінгенді демеп, құлағанды тұрғызуды аманаттайды.
– Жалпы, «тағдыр» және «өмір үшін күрес» деген әрі философиялық, әрі адами ұғымдарды қалай түсіндіресіз?
– Осы сұраққа орай анамның ертеректегі бір сөзі есіме түсті.
Бірде біздің үйге келген бір ағайымыз «тағдырдың жазғаны ғой» деп, сөзін бірнеше рет қайталады. Сонда анам: «Әр нәресте жарық дүниеге келгенде, бір адам оны ала­қанына салып, жаялыққа жауырынын тигізіп жатқызады. Сол адамның алақанына Құдайдың өзі сол нәрестеге тиісті тағдырды сыйғанынша салып береді. Ол – Құдайдың саған берген тағдыры, еншісі. Ал, қалған өміріңдегі басқа жыртық-жамауды бүтіндеу – әр адамның қолында. Оны қалай атқарасың – өз ісің. Егер, Құдай бәрімізге өміріміздің соңына дейін тағдырымызды сый етсе, өмірдің қызығы да шыжығы да болмас еді» деген еді. Осы дұрыс па деймін…
Өмір үшін күресу – әр адамның міндеті. Өмір – арман. Арманы жоқ адам – пәрменсіз, қанатсыз құс. Биікке шыққысы келген, өзеуреген адам әрқашан да өзіне баспалдақ табады. Өмір сені қандай жағдайға тұрғызса да, сен түзу тұра білуің қажет, ол – міндет. Бүгін тізем бүгілді деп қамықпа, тұруың оңай болады.
Өмірде жапырақ қана өз бетімен суда ағады. Асыл тас – су түбінде, оны алу үшін тереңге сүңгуің керек. Өмір – сабақ. Одан ешкім бас тарта алмайды. Өміріңде бас иіп, ешкімге жетімсіреме, сәтсіздік үшін ешкімді кінәлама, ешкімнің алдында жарамсақтанып ақталма. Өмірде өзін-өзі жеңген адам ғана жеңіске жететіндігі баршаға аян.
– Біздің білуімізде сіз әсіре шектеушілігі жоқ адамсыз. Басқа ұлтпен тез тіл табысасыз, айтатын жерде айтып жүре бересіз. Адам санасындағы комплекс неден туындайды?
– Мен сөйлер сөзімді, айтар ойымды, «кірмей тұрып шығар есігімді» ойлайтын адаммын. Тәуекел деп тас жұтқан жанмын.
Рас, кейде бет-жүзіне қарамай, ақиқатты айта салатыным да бар. Бүгін әділін айтсаң – ағайынға, әзілін айтсаң – маңайыңа жақ­пайсың. Кейде мені кінәлайтындардың көбі «ақиқат айту адамға жақпағанымен, құдайға жағатынын, есекке мінудің де ебі бар екендігін» ескермейді.
Бірақ, «менің айтқанымның бәрі дұрыс» деп бет бақтырмаудан аулақпын. Бұл өмірде менен де асқан білгіштердің, даналардың барын мойындаймын. Асау атты таға қалай тоқтатса, кейде шектен шыға бастасам, мені тоқтататындар бар, оны несіне жасырайын. Әлі есімде, бала кезімде мен шектен шыға бастасам, анам жарықтық «Әй, балам, дүниені бүтіндейтін де, бүлдіретін де – сөз, от көрінген жаққа жүрме, ит үрген жаққа жүр» деп отырушы еді. Бұл сөздің даналығын кеш те болса қазір ұққан жағдайымыз бар.
Шектелушілікке бару – «ұлтым», «дінім», «дәстүрім» деп өзін, пендешілігін, карьерасын, құлқынын ойлайтын адамдардың ісі. Білім адамы, ғылым адамы, әрине, одан аулақ жүруі тиіс. Әр ұлттың жақсысы да, жаманы да бар. Сондықтан, қай этностан шықса да, адамшылығы, қайырымы, достығы болса, сол адам – тамырымыз.
Санадағы комплекс қараңғылықтан, жетесіздіктен туындайды. «Ұлтым!» деп жалындап мінберден түспей, өз ұлтын қорлап жүргендер аз емес.
– Қазақ қоғамы үшін діннің мәні неде? Атеисті аңладық, вахабисті бар­ладық, дүмшені дүрілдеттік, діндарды діңкілдеттік – не ұттық?
– Кеше құдайсыздарға тапталдық, бүгін әсіре құдайшылдықтың шырмауындамыз. Өз басым әсіре діншілдіктен қазақ қоғамының ұтқан жерін көріп тұрған жоқпын. Қазір діни уағыздан құлақ тұнады, бірақ, айтушының сөзі жеңіл ме, өзі жеңіл ме – халық жанын баурай алмай тұр. «Ананы бүлдірді, мынаны бүлдірді» деп байбалам саламыз. Кім кінәлі? Бұзықтықты тиятын – дін болса, ширек ғасырдағы мың-миллион уағыз, екінің бірінің «иншаллах-машаллах» дейтіні тоқтатар еді ғой. Жоқ, қазір аузына құдай атын алып, шімірікпей алаяқтық жасайтындар көбейді.
Жалпы, жастарды жүйелі тәрбиелеуді мүлдем доғардық. Оларды шоуда, той-думанда мойындарына лента байлап, қолдарына ту ұстатып, айғайлатқаннан отаншыл жасай алмаймыз. Жеке үлгімен, нақты іспен, уәдені орындаумен отаншыл жасаймыз.
Қазіргі діни берекесіздіктің көбі – жұмыс­сыздықтан, масылдықтан. Адасқан ауыл жастарын діни топтар өз «қамқорлығына» алып, тоқтаусыз тәрбиелеп жатыр. Сақалың анау, қап-қара хиджапқа оранған тоқалың анау… Саунада көлбеңдеуің анау, көз сүрінетін көбелектерің анау… Бірі – үңгір мен қараңғылық, екіншісі – шыңырау мен батпақ…
Мен «дінді мойындама, оның керегі жоқ» деуден аулақпын, бірақ діни уағыз да, діни жүріс-тұрыс та – барлығы Қазақстан Республикасының заң шеңберінде болуға тиіс.
«Нас адам кіршіл, надан адам діншіл болады» деуші еді баяғылар. Бұл жерде, әрине, әсіредіншілдікті айтып отыр.
Жастар ісі жөніндегі мемлекеттік жұ­мыстарды дұрыс жолға қою керек. Тәрбие мәселесімен айналысатын біздің шенеуніктердің теледидардан сөйлеген сөзінен қара қазандағы қара су оттықсыз да қайнайды. Құр сөз, құрғақ үгіт, жалаң ақыл, жайдақ тәжірибе… Ұқтыра алмасаң, айтудың, тойдыра алмасаң, берудің керексізін өздері де жете түсінбейді. Мәселе – осында.
– Қазір шекара ашылды. Әлем аралау, ел-жер көру дегенге қалай қарайсыз? Ел шет жұрттан нені үлгі алуы тиіс?
– Мен үшін Қазақстаннан басқа жердің қажеттігі шамалы. Шет елге барып келіп, сол жақтың әдет-ғұрпын бізге тықпалау қисынсыз. Батыстың балағына жармасып, Шығыстың етегіне ұласып, өз алдымызға баянды ел бола алмаспыз. Жатқа жастанып жастық, төсеніп төсеніш боламыз деп, өзіміз­дегі біраз дүниелерден қазірдің өзінде айырылдық. Талай құндылықты жоғалтып алғанымызды мойындайтын кез келген сияқты. Өзгенің іс-тәжірибесінен үйренген жөн, бірақ оны толықтай көшіріп алу – ақылды адамның ісі емес. Өкінішке қарай, еліктеу мен солықтау ұзаққа созылып кете ме деп қорқамын.
Бұған қарап, ауылдан және қалаңнан шықпай жүре бер деп айтпаймын. Білім-ғылым болса, жолы мен амал-тәсілін үйрен, оның қайсысы бізге келеді, қайсысы келмейді – осы жағын есептеп барып меңгер. Бұрынғы тәжірибені тып-типыл ету, одан жеріну – барып тұрған қасиетсіздік.
– Бүгінде шоу көбейді, шу молайды. Классикалық өнердің насихатына, оған деген халықтың пейіліне көңіліңіз тола ма?
– Жоқ, толмайды. Қазіргі қазақтың тойындағы ырду-дырду теледидардың бетінен толық орын алды десем, өтірік емес шығар. Мағынасыз, мәнсіз әндерді шырқағандардың күні туды. Талғамсыздық пен дарақылық көбейді. Тәуір деген әнші, күйшілеріміз де кейде өзге тұрпатта шыға келгенде, «е, бейшаралық деген осы екен-ау!» деп ойланып қаламыз…
Бүгін классикалық өнер өлместің күнін кешіп жатыр. Шынында өткенге тек қана өкініш жүретіндігіне, өтініштің жүрмейтіндігіне өнер саласындағы бүгінгі күндегі жағдай толық дәлел.
– Қиналғанда, жабыққанда, өз-өзіңізді немен жұбатасыз? Өлең оқисыз ба, музыка тыңдайсыз ба, дұға оқисыз ба, жоқ, табиғат аясына кетесіз бе?
– Не қалды – қартайғанда намыс қалды,
Дос-жаран, туған-туыс алыс қалды.
Сырласуға кей кезде пенде таппай,
Жан-жаққа жалтаңдаумен көзім талды, – деуден басқа не айтамыз?.. Өз басым тыныштықты ұнатамын. Газет-журналдардан жиған әңгіме, мақалаларды қайта оқығанды әдетке айналдырғанмын. Ой-ойды қозғап, кейде бірдеңелерді түртіп жазып та қоямын. Кімге керегін өзім де білмеймін. Жаным соны қалайды, көңілім содан жай табады.
Мені қатыгездігі сүзген, қайғысы езген бүгінгі аласапыран заманның әділетсіздігі алаңдатады.
– Саламатты өмір салты – сіздің өмір­лік приципіңіз. Қазір жас ұлғайды, қан­шалықты спортпен айналысасыз? Жет­пістен асқандарға не істеу керек деп кеңес бересіз?
– Жастық шақ болашақты аңсауымен бақытты, сондықтан уақыт қадірін білмейді. Жігіт кезімізде спортпен айналысып жүріп, бас ауырып, балтыр сыздайтын шақ­тың келетінін білмеппіз. Жас жетпістен асқаннан кейін барлығы басқаша болады екен. Спортпен жасалынған нәрсенің бәрі – уақыт пен төзімнің жемісі екенін енді біліп жатқан жай бар. Жасыңда спортпен айналысып жалықпасаң, қартайғанда тарықпайтыңдықтың куәгерімін.
Өмір мәні – қозғалыс. Сондықтан да, жетпістен асқандарға қолдарыңнан кел­генінше қимылдауды ұмытпаңдар дегім келеді.
– Әр толқын ұрпағына, әсіресе, немереге баға беріп жатады. Әбеке, немере деген қандай екен?
– Қазақ «балам – балым, баламның баласы – жаным», деп бекер айтпаса керек. Немерең – бауыр етің, көзіңнің нұры, орны ерекше. «Немерең етін жеп, сүйегін беріп» жатса да, бірауыз «ата» деген сөзі төбеңді көкке жеткізеді.
Бірде осы мақалды немереме түсіндіріп жатсам, ол «Немене, өзіңіз етін жеп, маған сүйегін бересіз бе? Сіз сүйекті мүжуді жақсы көресіз, бірақ сүйекті жей алмайсыз ғой» деп күлкіге қарық қылғаны бар…
– Сіз зейнеттесіз, әрі қызметтесіз. Құ­дайға шүкір! Ал, зейнет жасына келіп, қызметтен амалсыз кеткен заман­дастарыңыз не істеу керек? Оларға не ақыл бересіз? Алла берген ғұмырын қалай мағыналы, мәнді-сәнді ете алады?
– Құдайға шүкір, жұмысым бар, қызметтемін. Рас, құрдастарымның біразы үйінде отырып қалды. Ақылы да, жігері де орнында, реті келсе, орайлы жұмыс та істегісі келеді.
Ортасында бал-бұл жайнап жүрген оларға «зейнеткерсіз, орныңызға жастар келуі керек» деп ымдағанда, қиналғанын жақсы түсінемін. Өкінішке қарай, көптеген ЖОО-ларда «жасың келді» деп оқытушы-профессорларды демалысқа жіберіп жат­қаны шындық. Ал, олардың орнына алын­ғандардың барлығы – тәжірибесі аз жастар. Ау, бұрынды-соңды институт, университет тәжірибесінде ғалымдар «шаршадым» дегенше жүретіні – «адасқандық» па еді?
Анау, Мәскеу мемлекеттік универ­сите­тінде сексендегі азамат – басшы, жет­піс­тегілер – қосшы және әжептәуір оқыту­шылар. Осыдан олардың беделі түсті ме? Несін айтайық, бүгінгі қоғам аға ұр­пақтың алдында ұятсыз, мәдениетсіз және жа­дағай… Ертең өздері қартайғанда, не күй кешеді – ойламайды. Қартайғаны «дарамын» деп тайраңдайды.
Тауық бір рет қана желінеді, ал адамды қан шығармай, бірнеше рет жеу үйреншікті іс болып кетті. Сол ЖОО басшылары өзіне қарамай, басқаларды сынайды, ақсақалдардың әр ісінен мүмкіндік іздемей, сылтау іздеудің шеберіне айналды. Теңге жүрген жерде теңдік жүрмейтініне көзіміз жетті. Қазір көп жерде төрде жастар отырады және батаны да солар береді. Бұл қисынды түсінбек түгіл, түсіндіре алатын емеспін.
Қамкөңіл замандастарыма өртіңді де, дертіңді де ешкімге сездірмегейсің деймін.
Дейтұрғанмен, бабалар «бұл дүниенің қиянаты ақиретке кетпес» деп жұбатқан. Жақсылықтан үміт еткейсіңдер.
Ғұмырды мәнді де, сәнді ету – отбасына, ұрпаққа қамқор болу деп ойлаймын. Анау алдыңа сиіп қойған, бұзықтығы балалық шағыңды елестететін жаман немереңді күн сайын жақсылап тәрбиелеші, ертең қоғамның түзелуіне – сол себепкер. Құрығанда одан ақсақалды, кәріні сыйлай білетін адам шығады.
– Адами ой-пікіріңізге рахмет!

Әңгімелескен
Д. Мықтыбек

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.