45-ші президент АҚШ-тың 515 компаниясының президенті болған

  • 26.01.2018
  • 400 рет оқылды
  • 0

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі, Халықаралық Ақпараттар академиясының академигі, Мәдениет қайраткері

Саясат – қазіргі таңда адамзат зердесін, ой-санасын билеп алды. Сөйтіп, «егер адамдар саясатпен шұғылданбайтын болса, саясат онымен өзі шұғылданады» деген қатаң қағиданың растығы делелденіп отыр.
Саясат – адамдардың өмірлік қажеті және тірлігінің тұтқасы. Адамзат баласының қоғамдағы өз орны мен рөлін түсінуі, мемлекеттік ауқымдағы маңызы зор мүдделерді сезінуі, саяси мәдениеті мен тәжірибесі ең алдымен оның саяси жағынан өрісінің кеңдігіне, кемелділігіне байланысты болмақ. Адамдардың саяси мәдениеті неғұрлым жоғары болған сайын, олардың өмірдегі саяси өзгерістер жөніндегі түсінігі де кеңи түспек. Біз осыған орай журналымызда белгілі саяси тұлғалардың саяси портреттерден тұратын цикльды очерктерді беруді жоспарлап отырмыз.

АҚШ-тың 45-ші Президентін сайлау Америка тарихында бұрын-соңды болмаған тартыспен басталып, соңы үлкен дауға ұласты. Дауыс беру нәтижесінде Дональд Трамп 276 сайлаушының дауысына ие болды. Сайлау АҚШ Сенатын екіге бөліп тастады. Сенатта Трамп 51 орын, Клинтон 47 орын иеленді. Конгресте Трамп 235 дауыс жинаса, Клинтон өз жақтастарының 180 дауысын алды.
Трамп өз кандидатурасын президенттікке ұсынғанда, Республикалық партия лидерлері саясатта тәжірибесі жоқ миллиардерге сенім білдіре қоймады. Алайда, кезекті сайлау америкалықтар үшін жаңа президенттің сайлауы ғана емес, оған қоса, вице-президент пен Өкілдер палатасының 435 мүшесінің, Сенаттың 34 мүшесінің, 12 штаттың және Пуэрто-Рико мен америкалық Самоа губернаторларының, сондай-ақ, 15 үлкен қала басшыларының сайлауымен де маңызды еді. Сайлау арқылы атқарушы, заң және жергілікті билік өкілдерінің басым бөлігі бір-ақ күнде жаңарды. Осылайша, 45-ші президент өзінің дебютін жаңа форматта бастаудың жолын қалап алды.
Бұл сайлау реттік саны бойынша 45-ші АҚШ президентін таңдау болса да, ол Америка елінде өткен 58-ші сайлау. Сондықтан, президент сайлауында Дональд Трамптың жеңіске жетуі тек Америка ғана емес, бүкіл әлем үшін күтпеген тосын жағдай болды. Саясаткерлерді естен тандырған тосын соққы АҚШ-та бұрын-соңды мемлекеттік мәселелермен айналыспаған, басқару ісінде тәжірибесі жоқ, «нәсілшіл» деген айып тағылған саясаткердің билік басына келуіне жол ашты. Трампқа алғашқы күннен бастап, американдық истеблишменттің қарсы шығуы да осыдан басталды.
Трамп – кәсіби менеджер, прагматик. Сондықтан, ол алғашқы күннен бастап команда жасақтау кезінде республикалық истеблишментпен компромиске бара білді. Оның үстіне, АҚШ-та либералдық түсінік пен тепе-теңдік жүйесі қалыптасқанын оның жақсы зерттегені байқалды. Трамп американдық кеменің бағытын өз қалауынша жалғыз өзгерте алмасы анық. Ол – бұл арада республикалық истеблишменттің маңызды рөл атқаратынына арқа сүйейтін болады. Сайлаудың қорытындысы Республикалықтардың Конгресті өз бақылауында ұстайтынын көрсетіп берді. Бұл жерде Трамп конгресмендердің партиялық тізім бойынша дауыс бермеуін де ескерді. Ол өзінің ұсынысының асқан радикалдық сипатта болғанын сезсе, оны өткізе алмайтынын да назарынан шығармады.
Трамптың сайлауалды бағдар­ламасындағы «Мигранттар туралы» және өзге де халықтың қолдауына ие болмаған мәлімдемелері ең негізгі мәселе болып саналмады. Оның миграциялық саясат туралы жарлыққа қол қоюы үлкен қарсылықтарға тап болды. Бұл жарлыққа сәйкес, сириялық босқындарды қабылдауға тыйым салынып, ал, басқа елдерден келетін босқындарды АҚШ аумағына кіргізу 120 күнге дейін тоқтатылды. Дональд Трамп осылайша «радикалды мұсылман террористерін» ел аумағына кіргізбеуге ниетті екенін жариялады. АҚШ-тың босқындарға құшақ жайып отырмағаны онсыз да белгілі. Барак Обама билігінің соңғы жылында АҚШ 10 000-дай сириялық босқынды қабылдаған болатын. Алайда, халқының саны әлдеқайда аз Канада 35000 сириялықты паналатты. Трамптың бұл жарлығы сириялық босқындардың Америкаға келу үмітін біржола кесті. Жалпы, 2017 жылы АҚШ 50 мыңдай босқынды қабылдауы тиіс болатын, бірақ, Трамп бұл бағдарламаны орындау­ды төрт айға шегерді. Бұған қоса, Ақ үй діни сенім-нанымы бойынша қудаланған босқындарды қабылдайтынын ашық айтты. Бірақ, олардың мұсылман еместер екені анық. Себебі, жергілікті христиандық телеарнаға берген сұхбатында Ақ үй басшысы «сириялық христиандарға көмек қолын созу керектігін» айтқан болатын.
Трамптың мұсылмандарға қатысты әрекеті американдық зиялылардың тарапынан да сынға ұшырады. Мәселен, АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Мадлен Олбрайт «Америка кез келген дін үшін ашық ел болып қала беруі керек» деп мәлімдеді. «Мені католик етіп өсірді. Кейін мен епископ шіркеуінің мүшесі болдым. Жүре-бара кезінде отбасымның еврей болғанын білдім. Исламға деген құрметім ретінде мұсылман болуға дайынмын» деп өз ойын ашық білдірді.
Мұсылмандарға қысым жасап отырған Трамптың әрекетін құқық қорғаушы ұйымдардан өзге, Конгресс демократтары да сынға алды. Мәселен, сенатор-демократ Бен Кардин Трамптың Жарлығын «қатыгездік» деп бағалады. «Бұл құжат біздің негізгі құндылықтарымыз бен дәстүрімізге қайшы. Ұлттық қауіпсіздікке кері әсерін тигізеді әрі бұл әрекет біздің еліміз қолданып отырған иммиграциялық тексеру саясатынан Трамптың мүлде бейхабар екендігін дәлелдейді» деп мәлімдеді. Оған Біріккен Ұлттар Ұйымы да алаңдаушылық білдірді. Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссариат Американы ақылға шақырды. «Американы әскери ұрыстардан, қақтығыстардан қашып шыққандарды қорғау дәстүріне адалдық танытуға шақырамыз» делінген мәлімдемеде, ұлттық, діни, нәсілдік ерекшеліктеріне қарамастан босқындарға көмек көрсетілуі тиістігі талап етілді.
Трамптың жеңіс ауылына сапары «праймеризден» басталды. Ол осы сәтте сенімді жеңіске жетелеген ұрандарды сәтті іріктеп, өзін камера алдында байсалды ұстай білуі көпшіліктің назарын өзіне аударды. Трамп саяси элитаға қарсылығы күшті ақ түсті жұмысшы табының арасында өте танымал тұлға. Республикалық партия өз қатарынан одан басқа лайықты үміткер таппағасын оған жол беруге мәжбүр болды.

Трамп кім?..

Ол дәулетті отбасында, құрылыс маг­­натының шаңырағында дүниеге келген. Жастайынан ақшаның құнын білген ол әкеден қалған байлықты шашау шығармай, пайдалы орнына жұмсай білді. Оның жас кезінен-ақ көбейту кестесін шебер меңгергендігі осыдан-ақ көрінеді. Ақ үйдің төріне озған президенттердің арасында дәулеттілердің басы Трамп емес, Теодор Рузвельт, Франклин Рузвельт, Джон Кеннедилер биліктің уысын ұстамастан бұрын байлықтың дәмін татқандар болатын.
Дональд Трамп – 1946 жылы 14 маусымда Нью-Йорктің Джамейка ауданында дүниеге келген. Әкесі – Фред Крист Трамп пен анасы – Мэри Энн Маклауд. Ата-анасы XIX ғасыр аяғында неміс жерінен ауып барған иммифанттар. Анасы Мэридің арғы тегі шотландтық. Трамп төрт ағайынды. Өзінен үлкен әпкесі Мэриэнн Трамп-Бэрри федеральдық аппеляциялық соттың судьясы. Ол – АҚШ-тағы танымал нейропсихолог – жазушы Дэвид Дезмондтың анасы. 1964 жылы Нью-Йорк әскери академиясын, 1968 жылы Пенсильвания университетіндегі Уортон бизнес мектебін экономика бакалавры мамандығы бойынша бітірген. Трамп еңбек жолын әкесінің жылжымайтын мүлік бизнесімен айналысатын компаниясында бастаған.
Президент – полигимия, үш рет үй­ленген. Үш әйелінен бес баласы, сегіз немересі бар. Американың бірінші ханымы словениялық Меланья Кнавс. Ол – өз жұбайынан 24 жас кіші. Трамп жұмыстан қолы босағанда гольф ойнағанды тәуір көреді.
Дональд Трамптың негізгі бизнес көзі жылжымайтын мүлік пен БАҚ. 2015 жылы салық декларациясын тапсырған тұста Трамп 515 компанияның президенті және басқарма мүшесі болған. 300-ге жуық әртүрлі қорлар оның компаниясына инвестиция немесе дивиденд түрінде пайда түсіріп тұрған.

Трамп – панегирист

Демократиялық мемлекет пен автори­тарлы билік жүйесі орнаған елдегі бүкіл­халықтық сайлау немесе дауыс берудің нендей айырмашылығы бар? Демократиялық елдегі дауыс берудің нәтижесін анық болжап білу мүмкін емес. Америка сайлау жүйесінің басқа елдердегі президенттік сайлаулардан көп өзгешелігі бар. АҚШ-та президент сайлауында сайлаушылар тікелей үміткерлерге емес, сайлау алқасы мүшелеріне дауыс береді. АҚШ сайлау заңнамаларына сәйкес, көптеген штаттарда сайлаушылар сайлау күніне дейін алдын-ала дауыс беруге де құқылы.
Д.Трамп сайлау компаниясына дейін бизнестің әр саласында жемісті қызмет атқарды. Сауда қатынастарына саясатты араластырмаудың бір көрінісі ретінде ол сайлауалды бағдарламасында АҚШ-тың энергетикалық компанияларына еркіндік беретінін ұрандатып шықты. Кезінде жұрт «Рейганомика» деп атаған Рейган әкімшілігінің экономикалық саясаты АҚШ саясаты үшін өте өнімді әрі пайдалы болды деген біржақты пікір қалыптастырды. Саясаткерлер бүгінгі Трамп саясатына «Трампономика» деген атау беріп отыр. Оның АҚШ-тың экономикалық, ішкі және сыртқы саясатының әлемге ықпал ететінін көрсету үшін маңызы зор. Өйткені, АҚШ бүгінгі күнге дейін әлемдік экономиканың 25 пайыздық әлеуетін құрайды. Трамптың саяси көзқарасы американдықтардың мүдделерінен түзіледі, бұл АҚШ-тың кез келген президенті үшін қалыпты дүние. Егер, Трамптың бастамалары табысты болса, онда әлем түбегейлі өзгерістерге ұшырайды.
Демократияда шынайы теңдік – мем­лекеттің жаны, бірақ, оны іске асыру қиын, сондықтан, оған қатысты тым орасан дәлдік әрқашан қалаулы қасиет емес.
Қоғамдық мақұлдауды алмаған заң­дар, заң болып табылмаған. Дональд Трамп қызметке кіріскен алғашқы күні бұрынғы президент Барак Обама ұсынған, тұрғындарды медициналық сақтандыруға міндеттейтін заңның күшін жоюды бастау жөнінде жарлыққа қол қойды. «Ұлттық патриотизм күні» деп аталатын жаңа мереке енгізетінін мәлімдеді. Ол алғашқы күннен бастап, мемлекеттегі бар билікті бір қолға шоғырландыру арқылы тиран болудың жолын іздеді. Белгілі бір мәселені түбегейлі шешпейтін паллиативтік көзқарасқа әуестігін көрсетті.
Трамп – пангенезис. Біреуді көпірте мақтаушы, мадақтауға бейілді тұлға. Ол көпшілікте қалыптасқан көзқарасқа парадоксты саясаткер. Бойында – партикуляризм (ішін ара меншіктік қадыр-қасиеті) басым. Өзіне берілген прерогативасын (өзіне берілген ерекше құқығын) толық пайдалануға басымдық танытады. Жұрт алдында шығып сөйлеуде паблисити (капиталистік мемлекеттегі өзін-өзі жарнамалау, танымалдылығын алға тарту) ұстанымын ұстануға тырысады, аудиторияны шебер меңгерген. Жаңа президенттің командасындағы адамдардың көпшілігінің басқару ісінде және ғаламдық геосаясаттан тәжірибесі жоқ. Президент командасындағы жиырма саясаткердің 18-і миллиардерлер мен миллионерлерден тұрады. Мұндай адамдардың бірігу аффилиациясында болуы жеңіл. Президент командасын тұтастай плутократия – қоғамның ең байыған жіктерінен жасақтауында үлкен мән бар. Ол өз командасына бұрынғы президент билігінен жауапты орындарға ешкімді шақырмады. Екінші жарлығымен отставкадағы генерал Джеймс Маттисті қорғаныс министрі етіп тағайындады. Маттистің әскердегі қызметтен кеткеніне 7 жыл. Президент осы байламы арқылы бақылау функциялары бар қауіпсіздік, әскери және Орталық барлау ведомстволарына отставкадағы бұрынғы кадрларды шақырып, триумвират жасап алды. Оған заң тыйым салады. Бұл кезінде конгрестің келісімімен Барак Обаманың тікелей атсалысуымен жасалған болатын. Осы ірі екі жобаны Дональд Трамп бір бұйрықпен-ақ, құрбандыққа шалып жіберді. АҚШ президенті жоғарыдағы екі жобаны да мемлекет үшін аса тиімсіз деп санайды. «Егер, Транс-тынық мұхит әріптестігі жүзеге асатын болса, біз қаншама жұмыс орнын жоғалтамыз. Бұл мемлекет үшін апатты жағдай. Бар қаржы, күш-қуатты сол жаққа салуға тура келеді. Ұтылатын – Америка жұмысшылары. Сауданың қызығын көретін – трансұлттық корпорациялар. Бұл бізге керек пе? Әрине, жоқ!» – дейді Трамп. Сондай-ақ, ол алдағы уақытта жүзеге асуы тиіс Транс-атланттық инвестиция және әріптестік жобасына да қарсы екенін білдірді. Мексика және Канадамен біріккен (НАФТА) еркін сауда аймақ мәселесіне де қайта оралып, көп түзетулер енгізілуі керек екенін жақтайды. Дональд Трамптың Транс-тынық мұхит және Транс-атланттық әріптестігін қырына алып, ол жобадан шығуына қарсы пікір айтып жатқандар да бар. Алайда, президенттің белгілі бір идеяны, бағытты жақтауда апологет екенін көптеген жандар ескермейді. Әйтсе де, президент өзі ойлап тапқан Үндістанның АҚШ үшін аймақтағы стратегиялық маңызын білдіру мақсатында «Үнді – Тынық мұхиты» терминін ойлап табуы тегін емес.
Дональд Трамп президенттік сайлау додасына түсе сала, әртүрлі арандатушы мәлімдемелерімен Американың тынышын алып келеді. Оның саяси ұстанымы Еуроодақтың тек қаржы секторына ғана емес, сыртқы саудасына да тиімсіз болып тұр. Билікке келе салып, Транс-тынық-мұхиттық сауда әріптестігінен шығып кеткен Дональд Трамп енді ЕО мен АҚШ арасындағы Транс-атланттық сауда ұйымының да шарттарын қайта қарады.
Трамп бұл ұйымнан да бас тартып немесе сауда келісімінің шарттарын өзінің «протекционистік» (ұлттық экономиканы күйттеу) саясатына ыңғайлауды ұсынса, алдымен ЕО елдері зардап шегеді. Өйткені, АҚШ-пен арадағыдай ірі сауда айналымын алмастыра алатын Еуроодақта басқа серіктес жоқ. Жалпы, макроэкономикалық сарапшылар 2017 жылды тұйықталу дәуірінің басы ретінде сипаттайды. Британияның одақтан бас тартуы, Трамптың сыртқы сауданы азайтып, ұлттық өндірісті күйттеуі осыған дәлел болмақ.
Қытай инвестициясының көбейе түсуін Дональд Трамп АҚШ экономикасына жасалған қастандық деп бағалайды. Жалпы, сыртқы саудада «саясатсыз экономиканы» жақтайтын республикашыл президент бір сөзінде бір елдің бір елге экономикалық санкция салуы таза экономикалық тұрғыда байламсыз екенін алға тартты. Бұл бағыт­тағы Дональд Трамптың сыртқы сауда қатынастарындағы таңдауы еркін сауда. Алайда, ол әлемнің үстінен гегемондық жасауды өзінің тұрлаусыз саясатында қорғауға ұмтылады.
АҚШ-Қытай қатынасында Трамп Обамамен салыстырғанда, АҚШ экономикасын Қытай инвестициясынсыз алға сүйрей алатынына сенімді көзқараста. Оның президенттік сай­лаудағы жеңісімен кұттықтаған Тайвань басшысы Цаф Инвеймен сөйлесуі Қытай-АҚШ қатынасына кері әсер етуге дейін алып барды. Мәселе Трамптың Қытай билігінің қолдауынсыз, Тайвань басшылығымен тікелей сөйлесуінде жатыр. Тайваньды өздеріне тәуелді аймақ санайтын Қытай Трамптың жоғарыдағы әрекетін «Біртұтас Қытай» саясатына қол сұғушылық деп санайды.
АҚШ-Қытай қатынасын экономистер мен сарапшылар өзара тәуелді әріптестік ретінде бағалайды. Трамп өзінің әрекетіне түсіністікпен қарау жөнінде ақталса да, Қытай алдағы уақытта АҚШ-қа жауап ретінде Тайваньдағы ықпалын күшейте түседі. Дональд Трамп өзінің сайлауалды бағдарламасында айтқан «АҚШ-тың бұрынғы өнеркәсіптік қуатын қайтарамын» деген желеумен Қытай және Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі АҚШ компанияларының зауыттарын елге көшіруге бейімдік танытуы оппоненттері тарапынан сынға ұшырады. Оның алдын-ала жасаған асығыс шешімі үнемі паллитативті, яғни, жартылай шешімді болып шықты. Президенттің пікірінше, АррІе компаниясы бастаған Силикон аңғарындағы алпауыт трансұлттық корпорациялар шет елдерде зауыт ашу арқылы АҚШ экономикасына түсуі тиіс миллиардтаған доллар қаражатты далаға шашып отыр-мыс. Бұл тұрғыда Дональд Трамп АҚШ-тың сыртқы саудадағы қалыптасқан бағытына өзгеріс енгізуге дайын.
Обаманың кезінде АҚШ бастамасымен бір жүйеге келтірілген Транс-Тынық мұхиты сауда әріптестігі Трамптың сайлауалды бағдарламасында әбден сыналды. Жапония, Сингапур, Жаңа Зеландия, Вьетнам, Мексика, Канада секілді ірі мемлекеттер кіретін ұйымда Америка Құрама Штаттары есесін жіберіп алғаны рас. Осыған орай, Дональд Трамптың бірқатар беделді басылымдарға берген сұхбаты көптеген мемлекеттің лидерлерін ұйқысынан айырды. Трамп «НАТО-ның уақыты өтті», «Үлкен Қытай» саясатын қайта талқылау керек» және «Германияның босқындарды қабылдауы апатпен бірдей» деген пікір­лер білдірген болатын. Президенттің осы айтқандары бірқатар елдердің президенттерінің наразылығын тудырды. «НАТО-ның уақыты әлдеқашан өтіп кетті. Меніңше, оның екі түрлі негізі бар. НАТО Еуропа мен АҚШ арасында көпір болып тұрған маңызды халықаралық ұйым екенін жоққа шығара алмаймыз» – деп ашық кетті. Трамптың пікіріне алғашқы болып Литва президенті Далия Грибаускайте жауап үн қатып, оған өз қарсылығын білдірді. «Литва 1991 жылы Кеңес Одағынан бөлініп, 2004 жылы НАТО-ға мүше болды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Ұйым Еу­ропада бейбітшілікті қорғау мен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің ал­ғы­шарты болып келеді. Трампты АҚШ-тың НАТО-дағы міндеттерін дұрыс ат­қаруына шақырамын. Ол НАТО-дағы көш­басшылық қызметін мойнына алып, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауы тиіс» – деді. Трамптың Қытайға байланысты «Үлкен Қытай» саясаты оңбай сынға ұшырады. Ресми Бейжің оның байламсыз сөзіне дереу ескерту жасады. Қытай СІМ-і «Бір Қытай» саясаты қайта талқыға салынбайтынын, Трамптың бұл пікірі 40 жылдан бергі АҚШ – Қытай қатынасына сызат салу болып табылатынын мәлімдеді. Қытай мәселесінде Трамп өзінің білімінің таяздығын танытып алды.
Дональд Трамп президенттік қызметіне кіріскен алғашқы екі аптада жиырмаға жуық жарлық пен өкім шығарды. Соның бірі – мұсылмандар басым тұратын мемлекеттер азаматтарының АҚШ-қа келуіне уақытша тыйым салатын құжат. Ол – Сирия, Йемен, Иран, Ирак, Судан, Ливия және Сомали мемлекеттері.
Трамп сөзінен аңғарылған тағы бір желі «Бейбітшілікті қаласаң – соғысқа дайындал» деген қағида. Бұл Ақ үй әкімшілігінің алдағы төрт жылдағы басты ұстанымы болары анық. Себебі, президент «біз бейбітшілікті қалаймыз» десе де, артынша «егер, біз соғыса қалсақ, тек жеңуіміз керек» дегенді ту етіп көтеріп отыр. Ал жеңу үшін күшті болу керек. Оған Дональд Трамп бір-ақ ауыз сөзбен жауап береді: «Америка енді ешқашан соғыстан жеңілмеуі тиіс. Біз жеңуіміз керек! Біз жеңуіміз керек!». Осы сөзі арқылы президент қорғаныс саласына қаржы бөлуді қайта қарастыруды қолға алып отыр. Ақ үй басшысы АҚШ-тың шет елдердегі соғыстарға бөлетін қаражат шығынын да қолға алды. 2001 жылдан бері Таяу Шығыстағы соғыс қимылдарына 6 триллион америкалық доллар жұмсалыпты. Оның саясаты – аз ақшаға көп нәрсе жасау. Бір жағынан, соғыс шығындарын азайтуға ұмтылған, екінші жағынан, қорғаныс саласына қосымша қаржы құюды көздеген және «соғыстарда жеңіске жетуге» үндеген Трамптың кей сөздерінде бір-біріне қайшылық бар. АҚШ – Ормуз бұғазы мен Оңтүстік-Қытай теңізі сияқты аймақтардағы әскери қуатын арттыруды және ДАИШ сияқты террористік ұйымдармен ымырасыз соғыс жүргізуді де қолға алып отыр.
«Жұмсақ та», «қатаң» саяси көзқарас

Трамп қорғаныс саласына қажетті қаржы бөлдіріп, АҚШ-тың президенті болуға дәмелі болашақ президенттікке түсетін кандидаттар үшін өз имиджін қалыптастырып, позицияларын күшейту үшін де зор мүмкіндік тудырып отыр. Трамптың Ресейге қатысты «жұмсақтығына» өзінің «қатаң» сая­си көзқарасын қатар қою арқылы америкалық саясаткерлер келесі сайлауға дейін сайлаушылардың көз алдында сыртқы саясат бойынша өз позициясын қалыптастыруға тырысады. Әрине, оны қолдаушылармен қатар, сынаушылар да бар. Мәселен, Ұлыбритания мен Германияда Дональд Трампты өз елдеріне кіргізбеуді талап еткен наразы топтар пайда болды. Трамптың мұсылмандарды АҚШ аумағына кіруіне тыйым салу керектігін айтып, оны президенттік сайлауалды науқанындағы әлеуметтік-саяси пікірталасқа айналдыруы әлем мұсылмандары тарапынан қарғысқа ұшырады. Ұлыбритания парламенті өз азаматтарының талап-тілегін ескеріп, Дональд Трамптың мәлімдемесі мен оны ел аумағына кіргізбеу туралы ұсынысты талқылады. Осыған орай, Ұлыбритания парламенті 2017 жылғы 18 қаңтар күні 575 000 азамат дауыс берген петиция бойынша талқылау өткізді. «Дональд Трамптың мұсылмандарға қарсы жасалған мәлімдемесі үшін оған Біріккен Корольдік аумағына кіруге тыйым салу керек пе, жоқ па?» деген мәселе бойынша ортақ пікірге келу оңайға соқпады. Талқылау барысында Трамптың жеке басына қатысты «нәсілшіл демагог», «сайқымазақ» деген айыптар тағылды, депутаттардың бірі оны ағылшын тілінде сленг саналатын, ресми тілде қолданылмайтын «wazzock» («идиот») деген сөзбен сыбап салды. Мұндай шара Америкада да өтті.
АҚШ-та жаңа президент қызметке кіріскенде, сайлау кезіндегі барлық айтыс-тартыс тоқтап, жеңгендер де, жеңілгендер де бір ортақ шешімге келетін. Бұл жолы сол тәртіп бұзылды. Инаугурация бес жүз мың адам қатысқан әйелдердің наразылық акциясына ұласты. 70 конгресмен мен сенатор Трамптың инаугурациясына қатысудан бас тартты. Кино, сахна жұлдыздарының қатысуымен қарсылық акциясына жалғасты. Салтанатты рәсім алдында Трамптың рейтингі рекордтық деңгейге төмендеді.
Дональд Трамптың сайлануына қарсы наразылық акцияларына оның әйелдер, мұсылмандар және мексикандардың ар-намысына тиетін сөздері де себеп болды. Сайлауалды бағдарламасында Обаманың сыртқы саясаттағы ұстанымдарын ашық сынаған Дональд Трамп демократтар билігі кезінде Ақ үй қабырғасында қабыл­данған заңдардың 70 пайызын өзгертемін деуі де қарсылықтарға тап болды. Оның дені халықаралық саясат пен әлемдік экономикаға қатысты. Соның ішінде бір сөзінде Трамп Ресейге қарсы салынған санкцияларды жеңілдету керектігін де айтқан болатын.
АҚШ президенті Дональд Трамп Құрама Штаттардың климат жөніндегі Париж келісімінен шығатынын мәлімдеуі халықаралық қауымдастық тарапынан да сынға ұшырады. Оның мәлімдемесі күллі әлемге бұлтсыз күнгі найзағайдай соққы болып тиді. Ол алдымен Германияның канцлері Ангела Меркельдің тарапынан жасалды. Франция президенті Эммануэль Макрон да телефон соғып, АҚШ-тың Париж келісімінен шығуы онымен бұл келісімнің аясында бұдан әрі келіссөз жүргізу мүмкіндігін жоққа шығаратынын баяндады. Бұл келісімнен Вашингтонның «есікті тарс жауып шығып кетуіне» Канада премьер-министрі Джастин Трюдо мен Австрия президенті Александр Ван дер Беллен де алаңдаушылық білдірді. Осындай өкініш білдірген мәлімдемелермен Ұлыбритания, Мексика, Жапония және басқа елдердің басшылары да үн қатты. Боливия президенті Эво Моралес АҚШ билігін күтпеген жерден климат жөніндегі келісімнен шығуы арқылы «Жер-Ананы сатып кетті» деп айыптады.
Америка президентінің ақылға сыймайтын қауіпті шешімі халықаралық қауым­дастықты ғана емес, ең біріншіден, сол Аме­риканың өзін есеңгіретіп отыр. Америка штаттарының бірінен соң бірін күйзеліске ұшыратып, топан судың астында қалдырған «Харби», «Ирма», «Катия» дауылдары АҚШ билігіне ескерту жасап отырғандай.
Париж келісімі БҰҰ-ның климат өз­геруі жөніндегі конвенция аясында 2015 жылы қабылданып, оған бір жылдан кейін қол қойылған болатын. Құжат 2020 жылдан бастап әлем елдерін ауаға бөлінетін көмірқышқыл газы мөлшерін азайтуға міндеттейді. Бұл келісімге әлемде ауаға таралатын бүкіл зиянды парниктік газдардың 38 пайызы екі-ақ мемлекетке – АҚШ пен Қытайға тиесілі. Оған әлемнің 195 елі қол қойып, 153-і бекіткен. Келісімнің басты мақсаты – жаһандық жылынуды 2 градус цельсийден төмен деңгейде ұстап қалу.
АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейге қарсы жаңа санкцияларды көздейтін заңға да қол қойды. Ресми түрде ол заң «АҚШ-тың жауларына санкциялар арқылы жауап» деп аталады. Мұндай заң аясында Иран мен Корей Халық Демократиялық Республикасына қарсы экономикалық, саяси және дипломатиялық санкцияларды енгізуді де қарастырады. Трамптың әкімшілігі Ақ үйдің ресми сайтында заңға қатысты «АҚШ конституциясына қайшы әрі президенттің билігін шектеуте бағытталған заң», бірақ, «ел бірлігін сақтау үшін» президент Трамп оған қол қойды деген түсініктеме берілді. Конгресс пен Ақ үйдің АҚШ-тың сыртқы саясатын анықтауда өзара бақталастығы бар саясаттағы жобаларға қажетті қаржылық шығындарды бекіту құқығы Конгрестің еншісінде.
Ресми түрде АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы елдің сыртқы саясатын жүргізгенімен, сыртқы саяси бағыт пен стратегияны айқындауда Ақ үй мен Пентагонның саяси салмағы басым. Конгрестің занды екі палатада да көпшілік дауыспен қабылдауы президент Трампқа саяси қысым көрсету тетігіне ұмтылысын көрсетеді. Конгресс Трампты вето құқығын қолдану мүмкіндігінен алдын ала айырып тастаған. Ресей үкіметімен ауыз жаласқан деген айыпты бастан кешіп жатқан Трамп әкімшілігі үшін Ресейге қарсы «жұмсақтық» танытуға мүмкіндік бермейді. Заң бойынша АҚШ халқы алдында Конгресс президенттің шешімдеріне қарсы тұруға шарасыз деген көзқарасты жоққа шығаруға болмайды. Жоғарыдағы заң Конгресті толықтай өз бақылауында ұстап отырған республикашыл партия үшін америкалық сайлау­шылар алдында өздерін президент Трамптан ерекшелеп көрсетудің бір ғана жолы. Америкадағы сайлаушылар сыртқы саясатқа қарағанда, ішкі саясатқа көп мән береді. Ресейге қарсы мәлімдемелер жасау, Конгрестегі қос партия үшін БАҚ-тың назарына ілігіп, жергілікті электорат алдында саяси ұпай жинаудың саяси жолы ғана. Оған соңғы онжылдықта ортақ шешімге келе алмай жүрген демократтар мен республикашылардың аталған заңды бірауыздан қабылдауы дәлел.
АҚШ президенті сыртқы саясатта бірқатар маңызды тағайындаулар жасады. Енді, Трамп әкімшілігінің сыртқы саясатын Рекс Тиллерсон, Илон Маск президенттің экономикалық мәселелер жөніндегі кеңесшісі, Рональд Витиелло АҚШ шекара қызметінің басшысы қызметіне, Нейла Горсич жоғарғы сот федералды судьясы лауазымына тағайындалды. Сондай-ақ, президент берілген тапсырманы орындамағаны үшін бас прокурордың міндетін уақытша атқарушы Салли Йейсті қызметінен босатты.
Дональд Трамп тұңғыш сапарын Таяу Шығыстан бастап, ұзақ жылдар бойы АҚШ билігінде қалыптасқан дәстүрді бұзды. Ақ үйдің бұрынғы басшылары алғашқы ресми сапарларын Канада немесе Мексикадан бастайтын. Президенттің бұл қадамы АҚШ-тың осы аймақта саяси мүддесінің барын білдірсе, екіншіден, сүннит арабтарға оң көзқарасын таныта қоймаған Барак Обама саясатына жасаған соққысына саяды. Осы сапары арқылы Обаманың Ирак пен Сириядағы солқылдақ саясатын сынауын көрсетеді. Президент сапары халықаралық қауіпсіздікті ұжымдық деңгейде қамтамасыз етумен қатар, экономикалық, қаржылық, инвестициялық бағытта ілгерілеу және алға басуды көздейді. Трамп сапарында АҚШ пен Сауд Арабиясы арасында 350 миллиард доллар шамасында келісімдерге қол қойылды. Трамп алғашқы сапары арқылы гедонизмге қол жеткізді. Сауд Арабиясы арасындағы дилеммасы ғана сәтті аяқталды. Халықаралық брокер ретінде өзін контрагент ретінде көрсете білді. Олардың ішінде 125 миллиард долларға қару-жарақ сату мен сатып алу шарты бекітілді.
Бизнесмен Трамптың бір елге жасаған сапарынан осындай зор олжамен оралғаны АҚШ экономикасы үшін үлкен күш. Алайда, бұл сапардың саяси маңызы одан да зор. Себеп, АҚШ-тың әлемдегі, оның ішінде, Араб мемлекеттеріндегі саяси салмағында жатыр, Саудияның АҚШ-қа орасан зор сомада ақша құюының астарында тек қаржылық немесе қауіпсіздік мүдделері ғана емес, ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестік жатқанын көрсетеді.
Трамп өзінің саяси жүрісінде шығыс елдерімен өзара тиімді келісім жасауды көздейді. Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ 2016 жылдың қараша айында АҚШ-қа сапар шегіп, жаңадан сайланған президент Дональд Трамппен кездесті. Бұл ресми емес жүздесу Трамптың сайлаудан кейінгі шетелдік лауазымды тұлғамен алғашқы кездесуі болды. Жапония премьер-министрі АҚШ-тың жаңа президентімен нақты қандай мәселелерді талқылағанын көпшілікке жария етпесе де, кездесу ашық форматта өтті. Жапон премьері Трампты «сенім артуға болатын лидер» деп бағалап, Токио мен Вашингтон «сенімді қатынас» жасайтынынан үміттенетінін білдірді. Ол сенім аванспен айтылды. Транс-Тынық мұхиты әріптестігі аймағындағы келісім ашық айтылмады. Кезінде Барак Обама әкімшілігі күрделі жапон мәселесін Дональд Трампқа қалдыруды жөн көрген. Транс-Тынық мұхиты әріптестігі келісіміне Жапония, Малайзия, Жаңа Зеландия, Австралия, Бруней, Вьетнам, Канада, Мексика, Чили, Сингапур, Перу, АҚШ тәрізді мемлекеттер қол қойған болатын.
АҚШ пен Жапония арасындағы өзара ынтымақтастық пен қауіпсіздік жөніндегі келісім 1960 жылы күшіне енген. Сенкаку аралына қатысты Қытай мен Жапония арасындағы жағдай 2012 жылы қыркүйек айында Токио жекеменшік иелерінен аталған аралды сатып алатынын хабарлағанда, ушыға түскен еді. Сол кезде Қытайда Жа­понияға қарсы ереуілдер орын алды. Содан бастап, ресми Бейжің өзінің арнайы кемелерімен архипелагпен шендесетін теңіз аймағына тұрақты қарулы әскер аттандырып тұрды. «АҚШ теңіз жаяу әскерінің әуе базасы корпусына пайдаланып келген Жапония территориясының бір бөлігін қайтарып берді. Ол Окинаваның оңтүстік префектурасындағы жер теліміне жатады.
Қосымша қаражатты шығару үшін қоршаған ортаны қорғау және әлеуметтік бағдарламаларға бөлінетін шығындарды қысқартатынын мәлімдеді. Үнемделген қаржы жаңа әскери кемелер мен ұшақтар кұрастыруға және армия қатарын тағы жарты миллион әскерге көбейтуге арналмақ. Бұл шешімінің себебін Трамп «Американың шатқаяқтаған мүмкіндіктерін қалпына келтіру» талпынысы деп түсіндірді. Шекара күзетін нығайтып, шығыс аймағындағы өз мүддесіне назар аударуды мақсат еткен жаңа әкімшілік осылайша «Американы қайтадан ұлы етпек».

Дональд Трамп – медиамагнат

Дональд Трамп – медиамагнат. Ол саясаттан тыс БАҚ саласындағы медиа бизнесті жете меңгерген. Тұрақсыз баю үшін осы салада бетінің арын беліне байлаған – гешефтмахер, яғни, аса пысық адамға айналған. Ол, сонымен бірге, жеке меншікті қорғауда виндикация тәсілін зайырлы меңгерген брокер. Халықтық санаға қалай әсер етуді жақсы білетін бизнесмен саясатты да шоу-бизнестегідей шулатып үлгерді. Дональд Трампқа уақыт пен кеңістіктің өзі қолдау көрсетті. Ол әлемде теңсіздіктер орын ала бастаған кезеңде саясат сахнасына шықты. Мұндай «қолайлы» жағдай Трамптың ұпайының артуына қызмет етті.
АҚШ президенті Дональд Трамптың халықаралық саясаттағы дипломатиялық қарымын сынайтын сын сағаты енді туды. Оның президенттік сайлауда жеңіске жетуі саясаткерлер мен бұқара халықтың ойын шашып тастауы көптеген саясаткерлерді жүрісінен жаңылдырды. Кезінде фашистік Германия көсемін халық жаппай қолдаса, ал, Дональд Трамп мемлекет басына келгеннен бері Америка халқының салмақты бөлігінің қарсылығына тап болды. Сайлаудан соң, екі жарым миллионға жуық адам наразылық білдіріп, Бостон, Сиэтл, Нью-Йорк, Лос-Анджелес, Вашингтон қала­ларында қарсылық демонстрациясына шықты. Америка тарихында мұндай қарсылықтар бұрын-соңды болмаған.
Вашингтондық құқық қорғаушылар тобы Дональд Трампты Конституцияны өзгертті деп айыптайды. Конституция бойынша, Америка президентіне өзге елдің үкіметінен ақша не материалдық құндылықтар алуына тыйым салынған. Бірақ, жаңа президент «Trump Оrgаnіzаtiоn» арқылы өзіне мүмкіндіктер есігін ашып алды.
АҚШ президентінің жылдық жала­қысы 400 000 доллар. Дональд Трамп алдағы төрт жыл бойы жылына бір ғана доллар алып, «тегін» жұмыс іс­тейтінін мәлім етті. Президент 132 бөл­месі бар Ақ үйде тұрады. Оған №1 саналатын әуе кемесі мен тікұшақ, оқ өтпейтін президенттік лимузин қызметтік пайдалануға берілген. Президентке оның отбасына жүз адамнан тұратын Ақ үй қызметкерлері қалтқысыз қызмет көрсетеді.
АҚШ президентінің байлығы – 3,7 миллиард АҚШ долларына тең. Президент өзінің салық декларациясын жариялаған жоқ. Оның шетелде түрлі бизнес-активтері бар.
Ақ үй басшысы Израиль билігін қол­дайтынын ашық білдірді, онысын осы елдің премьер-министрімен болған кездесуінде сөзімен дәлелдеп берді. 1970 жылдары Кеңес Одағын Араб түбегінен қуып шыққанда Египет президенті Әнуар Садат «Таяу Шығыс түйткілін реттеуде қажетті кілттің 99 пайызы АҚШ-тың қолында» деген болатын. Одан бері, әрине, саясат та, көзқарас та өзгерді. Аймақта соғыс өрті бірнеше мәрте тұтанып, төңкерістер көбейді, экстремисшіл және терроршыл қозғалыстар күшейе түсті. Алайда АҚШ-тың аймақтағы елдерге ықпалы өзгеріссіз қалды. Таяу Шығыс мемлекеттері арасында өршіген алауыздық пен өшпенділікті еңсеру Ақ үйдің араласуынсыз іске аспайтыны анық. Израиль-Палестина дауы, Сирия мен Йемендегі азаматтық соғыс, Ирак, Либия, Судан, Сомали сияқты елдердің бөлшектеніп, лаңкестердің ошағына айналғаны, Солтүстік Африка мен Таяу Шығыстан безген босқындардың Еуропаны миграциялық тасқынның астына алуы АҚШ-тың жүргізген саясатына байланысты болып отыр.
«Трамп билік басына келсе, Вашингтон мен Мәскеу арасында жылымық пайда болады, санкциялар алынып тасталады» деген сыңайдағы ресейлік сарапшылардың үміттері негізсіз. Қайта АҚШ-тағы сайлауға Ресейдің араласқаны туралы күдіктер екіжақты байланысты одан әрі шиеленістіріп жіберді. Трамптың өзі ресейшіл көзқарасы үшін Америкада қатқыл сынның астында қалды. Осыдан соң, Трамп өзінің жігерлі саясаткер екенін дәлелдеу үшін бастапқы көзқарасынан айнып, Ресейге шүйлігуін бастады. Трамп пен Ресей президенті В. Путиннің кездесуі өзара танысудан әрі аспады.
Таптық мүдделер қайшылығында Трамп конфронтацияға жол беріп қояды. АҚШ араға 20 жыл салып, мұхит асырып, әскер мен техникаларын қайтадан Еуропаға жібере бастады. Дерек көзіне зер салсақ, 250 «Абрамс» танкісін, жүздеген «Брэдли» бронды көлігін, «Паладин» артиллериялық қондырғылары мен оған қажетті оқ-дәрілерін және 7 мыңнан астам сарбазын Шығыс Еуропаға орналастырып отыр. АҚШ-тың әскери техникалары мен сарбаздары Польша, Румыния, Болгария және Балтық жағалауына орналастырылған. НАТО әскери-альянсына мүше Эстония, Латвия және Литваға да әскери техникалар жеткізілген. Шығыс Еуропаға жеткізілген АҚШ әскері мен техникалары осы аймақта өтетін «Атланттық шешім» деп аталатын әскери оқу-жаттығуларына қатыстырылды. Әскери күш Еуропаны Ресей тарапынан болатын қауіптен қорғайтын стратегиялық нысан болмақ. Әскер 1997 жылғы НАТО мен Ресей арасындағы келісімге байланысты ротациялық бағытты ұстанады. Келісім бойынша, әр тоғыз ай сайын әскер мен техника алмасып отырады. Соңғы жылдары НАТО әскерінің Ресейді қоршай орналасуының соңы үлкен соғысқа алып баруы мүмкін. Ресей мен АҚШ ешуақытта ашық майданда кездеспеген. Ақ үй осы саясаты арқылы соңғы кезде әскери салада күшейе бастаған Ресейді қалай да тежеуді көздейді. НАТО сарбаздарының Балтық жағалауы елдеріне орналасуы бұл жерде майдан ашуды білдірмейді. Бұл бағытта Ресейдің соңғы үлгідегі қарумен жарақтанған бірнеше дивизиясы тұр. Қазір танктердің заманы өткен. Бүгінгі күні соғыстың жағдайын шешетін АҚШ-тың «Томагавкасы», Ресейдің «Калибр» зымырандары. Қалай айтсақ та, НАТО мен Ресей текетіресі Еуропаның Шығысында текетіресіп тұр.
АҚШ президенті Дональд Трамп «НАТО-ға мүше өзге елдер одаққа бөлетін қаржысын көбейтуі керек» дегенін күн тәртібінен түсірген емес. Конгрестің қос палатасының өкілдері алдында сөйлеген АҚШ президенті НАТО саясатын қолдайтынын өз сөзімен қуаттап, өзінің саясаттағы «хамелеондығын» тағы бір дәлелдеді. Трамп сайлауалды компаниясында альянстың бір мемлекетіне шабуыл жасалса, ол оған мүше елдердің барлығына жасалған шабуыл деп қабылдау жөніндегі НАТО-ның ұстанымына бұған дейін күмән келтірген болатын.
2017 жылғы қаңтар айының 20-сынан қызметіне кіріскеннен кейінгі алғашқы сөзінде Трамп АҚШ-ты қайтадан ұлы ел жасау, денсаулық сақтау, медициналық сақтандыру, көпірлер мен жолдар, инфрақұрылым нысандарын жаңалау сияқты АҚШ-тың ішкі проблемалары туралы айтуы аморфты болды. Ақ үй басшысының дәл осы сөзі әлі күнге дейін америкалықтардың талқылауынан түскен емес. Дональд Трамп билік басына келгелі біраз уақыт өткенімен, «Оbаmасаrе»-дің тағдыры қалай болатындығы әлі белгісіз. Сенат «Оbаmасаrе»-дің кейбір тармақтарын тоқтату туралы Трамптың бастамасын қолдамай тастады.
«Оbаmасаrе» жобасы демократтар мен республикашылдар арасында тартыс туғызды. Ақ үйге Барак Обама басшылық етіп отырғанда да, жағдай дәл осындай болған. Обама жаңа жобаны алғаш ұсынғанда республикашылдар «Оbаmасаrе»-ді қабылдаудан бас тартқан. Соған қарамастан, демократтардың басымдығымен Обаманың денсаулық сақтау жобасы іске қосылған еді. Ендігі тартыс «Оbаmасаrе»-ге өзгеріс енгізу мәселесімен байланысты туындап отыр. Демократтардың қолдауымен жұмысын бастаған «Оbаmасаrе» Трамптың көңілінен шықпады.
Ақ үй басшысы демократтардың қарсы дауыс бергеніне карамастан, өз жақтастарын оңайлықпен берілмеуге шақырудан тайынбауда.
Трамп сайлауалды бағдарламасында Иранмен ядролық келісімді күшейту туралы бірнеше рет айтқан болатын. Халықаралық саясаткерлердің пікірі бойынша, Трамп Иранның ядролық бағдарламаны қайта бастағанын қалайды. Осылайша Орта-Таяу Шығыс елдеріне тағы бір үстемдік орнатуға сылтау іздеуде. Қалай десек те, қос тараптың да өз дәйегі бар. Әзірге ядролық бағдарламаны жалғастыру мәселесі ресми жарияланған жоқ. Әліптің артын баққан тараптар өз позициясынан таңбай отыр.
КХДР-дің баллистикалық ракета ұшыруы Ақ үй басшысы Дональд Трамптың сынға түсетін кезі келгенін көрсетеді. Иран Ислам Республикасының президенті Хасан Роухани ядролық зымыран бағдарламасын қайта қарастыратынын жария етті. Бұған себеп АҚШ-тың біржақты келісімшартты бұзып, жаңа санкциялар жариялауы себеп болды. Тараптар арасындағы уағдаластық бұзылып, Иран ядролық бағдарламаны дереу қайта қолға алуда.
АҚШ президенті Ресей, КХДР және Иранға қарсы санкцияны күшейтуге қатысты заңға қол қойды. Заң бойынша, Ресей экономикасына қарсы санкциялар аясы кеңейтілді. Сонымен қатар, ресейлік банктерді қаржыландыру уақытын шегеру бұрын 14 күнге белгіленсе, енді ол 60 күнге ұзартылып отыр. АҚШ президенті Дональд Трамп елдің Мексикамен шекарасында қорған тұрғызу жарлығына да қол қойды. Осылайша, Трамп өзінің сайлауалды уәделерінің бәрін орындауға кірісті. Президенттік креслоға отырған 5 күннің ішінде АҚШ-тың жаңа президенті өзінің саяси бағдарламасының екі тармағын іске асырып үлгерді.
Трамп ғаламдық саясатқа бизнестің көзімен қарайтынын алға тартады. Оған дейінгі Республикашылдар да «қара алтын», әскери өнеркәсіп, инфрақұрылым сияқты американ компанияларына мейлінше тиімді жобаларды іске асыруда Парсы шығанағы елдеріне басымдық беріп келді. 1973 жылғы мұнай дағдарысынан соң, араб елдері Американың алдын кескен емес. Керісінше, әлемдегі геосаяси текетіресте Вашингтонның мүддесіне сай мойнын бұрды. Өткен ғасырдың 1985 жылдары шығанақ елдері өндіріс көлемін күрт өсіргенде, мұнай бағасы құлдырап кетті. Бұл өз кезегінде Американың бақталасы Кеңес Одағының қирауына әкеліп соқтырды. Сауд Арабиясы бертінгі дағдарыс басталған кезде де әлемдік базарға жөнелтілетін шикі қара май мөлшерін кеміткен емес. Мамандар Ресеймен өндірісті азайту жөнінде мәмілеге баруы Американың құбылмалы саясатынан көңілі қалғандықтан болатын.
Саясаткер – бұл, ең алдымен, келесі жұмаға дейін аман қалу амалы. Ал, дипломатия – бұл келешек жүзжылдықта да аман сақталудың ғаламат өнері. Қалай десек те, АҚШ президенті Дональд Трамптың халықаралық саясаттағы алғашқы дипломатиялық қадамы сәтсіз басталды. Оны алда сын сағаты күтіп тұр.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.